АРАБ-ПАРСЫ ТІЛДЕРІНЕН ЕНГЕН СӨЗДЕРДІҢ ОРФОГРАФИЯСЫ
Қазіргі қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамында шығыс халықтары тілдерінен ауысқан болып есептелетін (араб және иран тілдерінен енген және түркі, монғол тілдеріне ортақ сөздер51) бір топ қабат бар. Бұл топтағы сөздер ішінде қазақ тіл білімінде әсіресе араб-парсы тілдерінен енген сөздер көбірек зерттеліп келеді; соңғы жылдардың өзінде бірнеше түсіндірме сөздіктер52 және ғылыми еңбек53 жарық көрді.
Басқа түркі тілдерімен салыстыра қарағанда, қазақ тілінің сөздік құрамында араб-парсы элементтері онша көп емес. Зерттеуші Л.З. Рүстемов қазіргі қазақ әдеби тілінде әдеби нормаға түсіп қалыптасқан және активті қолданылатын араб-парсы сөздерінің саны небәрі 15 процентке жуық екенін айтады54.
Түркі тілдерінде араб-парсы тілдерінің мейлінше ықпал еткен кезеңі – өткен ғасырлар. Ал өткен ғасырларда түркі халықтарында қарым-қатынас жасауда тілідің ауызша сөйлеу формасының ролі жоғары болғандығы белгілі. Сондықтан да түркі тілдерінің көпшілігінде араб-парсы тілдеріне тән сөздер фонетикалық та, графикалық та түрін өзгертіп, қабылдаушы тілдердің дыбыстық-фонетикалық заңдылықтарына бейімделіп қалыптасқан. Бұл сипат қазақ тіліне де тән; көне жазба ескерткіштерінде, қисса-дастандарында, өзге де жазба тіл нұсқаларында кездесетін араб-парсы сөздерінің өзі «қазақ тіліне онша сіңісе қоймағанымен»55, түпнұсқа қалпын, араб-парсылық графикасын толық дәрежедесақтамай, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес, айтылу-естілу ерекшеліктеріне қарай қалыптасқан.
Түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да араб-парсы елдерімен тікелей немесе жанама қоғамдық-мәдени байланыстары өткен кезеңдерде ғана болып, қазір тоқталғандықтан, сөз ауысу процесі де бәсеңдеп, саябырлады.
Ал қазақ әдеби тілінің сөздік құрамындағы байырғы араб-парсылық сөздер – тілдің қарым-қатынас жасау қызметіндегі аса активті элементтердің бірі. Әсіресе, оқу-ағарту. Білім, мәдениет, салаларында қатысты терминдік атаулардың жасалуында немесе төл сөздердің айрықша стильдік реңкті синонимдік қатары болып жұмсалуда да бұл қабаттың мүмкіншілігі мол. Араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздердің қазақ тілінде ір түрлі дыбысталуы нәтижесінде пайда болған вариант қатарлардың кейбір үлгілері семантикалық дифференциафиялану процесіне ұшырап, жеке-жеке ұғымдардың, түсініктердің, қоғамдық-саяси атаулардың баламасы ретінде қалыптасып орнықта, мысалы, өкімет (власть) – үкімет (правительство), өкіл (представитель) – уәкіл (уполномоченный), ілім (учение) – ғылым (наука), қазір – әзір, хал – әл, ауа – әуе т.б. Осы ізбен уәде – уағда (алғашқысы бейтарап мағынада, ал екінші сыңары уағдаластық, уағдаласу сияқты қоғамдық-саяси мәндегі терминдердің жасалуына негіз болып отыр), мәлімет – мағлұмат, оқиға – уақиға варианттары да дара мағыналарымен сараланып келеді. Сондай-ақ араб-парсы тілдеріндегі бір сөздің жекеше-көпше тұлғаларының қазақ тіліндегі қатар қолданыстарының бір тобы ір түрлі мағыналармен ажыратылса (мысалы, хал – ахуал (қоғамдық-саяси термин), хабар – ақпар, ғалым – ғұлама, лұғат – ұлағат, тарап – атырап, рай – арай), енді бір тобы төл сөздермен синонимдік қатар түзеп, сөз байлығын толықтыруға қатысады; мысалы, ишара, ишарат, нышан, нышана т.б. Араб-парсылық –нама, -паз, -хана, сөз-жұрнақтары қазақ тілінде жаға сөз, термин жасау процесіне өнімді араласады.
Ауызекі сөйлеу тілі арқылы енгендіктен, араб-парсы сөздері графикалық та, дыбыстық түрлерін өзгертіп, ауызекі тілде айтылуы бойынша жазылады. Жалпы, қазақ тіліндегі бұл қабатқа топтастырылатын сөздер емлесінде басқа түркі тілдерімен салыстыра қарағанда, қиындықтар мен ала-құлалықтар жоқ56.
Дегенмен, қазіргі жазу практикасында бірнеше түрде жазылып жүрген фонетикалық варианттардың негізгі дені араб-парсы тіледрінен ауысқан сөздер екенін көруге болады. Арнайы сөздік-құралдардың өзенде де екі не үш түрлі жазылған сөздер саны едәуір (мысалы, «Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері» атты кітапта фонетикалық варианттар 130-дан асады, ал «Парсыша-қазақша түсіндерме сөздікте» олардың саны – шамамен 75-ке жуық.
Мейлінше дамыған, әдеби нормалары айқындалған, орфографиясы кемелденген тілдің өзінде де варианттылық құбылысы кездеспей қоймайтындығы белгілі. Варианттылық – жеке бір тілдің тарихына және оның даму ерекшеліктерін байланысты құбылыс, сондықтан оларды нормалауда, реттеуде осы жайт ескеріледі.
Жарыспалылық, әсіресе фонетикалық варианттар – тілдің әдеби нормасына, орныққан, қалыпты емлесіне нұқсан келтіретін, кедергі тудыратын фактілердің бірі. Бұл құбылысты реттеуде статистикалық әдіс ұсынылып жүр, бұл әріптің балуан-палуан тәрізді дыбыстық варианттармен бірге, лексикалық, морфологиялық дублет қатарларды саралауда үлкен көмегі бар. Жазба тілде қолданылу жиілігі жоғары варианттарды есепке алу арқылы, сонымен қатар, белгілі бір стильдік реңкі байқалатын, сондықтан да әдеби тіл кәдесіне асатын сөздерді де айқын ажыратуға мүмкіндік туады. Тіл тәжірибесінде жиірек жұмсалып жүрген сыңарларын тіркеп, ескерудің нәтижесінде, мәселен, «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» алғашқы басылымында (1963) берілген түп төркіні араб-парсылық дублет сөздердің емлесі сөздіктің кейінгі басылымында (1978) бірқатар түзетілді: алғашқы басылымында гіл, ғибадат, ғадет түрінде жазылған сөздер кейінгі басылымда кіл, әділет, әдет (ғадет емес) болып жазылып, дұрыс ұсынылған. Егер фонетикалық варианттардың бір сыңарын қолданыс жиілігіне қарай нормаға айналдыру мүмкін болса, онда аталған сөздіктің екінші басылымында норма ретінде берілген ажуа, аумесер, әзезіл, бәдеуи, жадыгөй сияқты араб-парсы сөздерінің қазіргі жазба тіл үлгілерінде әжуа, әумесер, әзәзіл, бәдәуи, жәдігөй сияқты варианттарының жиі қолданылатыны да ескерілуі тиіс.
Жазу практикасында және арнаулы нормативті құралдарда әлі де болса қатар жұмсалып жүрген сөздер бар. Олардың ішінде абжад – әбжад, парапар – барабар, батсайы – патсайы, пейіш – бейіш, бейсауат – бейсеубет – бейсауыт (және бей – префиксі арқылы жасалған өзге де элементтер), зәрезап – заразап – зәрезеп, жады – жәді, дихан – диқан, сұхбат – сұқбат, пайым – байым, қадім – қадым, кібісе – кәбиса, қазірет – әзірет, қасірет – қасырет, тақсірет – тақсырет, қаріп – кәріп – қарып – ғаріп, нәсіп – несіп, фәни – пәни, кәусар – кәусер тәрізді варианттар легінің алдыңғы сыңарларының жұмсалу жиілігі жоғары екендігі байқалады. Ал мақсат – мақсұт, заман – замана, дәрі – дару қатарлары стильдік өрістерге қарай (бірі – бейтарап стильде, екіншісі – көтеріңкі стильде) топтасып, сараланса, қадам – адым, ынсап – нысап, разы – ырза – риза, ризық – ырзық – рызық, лағынет – нәлет, зирек – зерек параллельдері синонимдік қатарлар құрап, тең дәрежеде қолданылып келеді.
Қазақ тіліндегі араб – парсы тілдерінен енген сөздердің емлесін қалыптастыру, әдеби тілге қажетті, ұтымды сыңарларын талғау немесе мағыналық айырыммен, белгілі бір стильдік бояумен жұмсалуға икемділерін саралау ұзақ мерзімді және мұқияттылықты талап етеді.
Қазақ тіліндегі негізгі төркіні араб-парсылық сөздерді жинақтап көрсететін жоғарыда аталған сөздіктерде вариант сөздерді нормаландыру принципі көзделмейді. Соның нәтижесінде, мысалы, «Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері» сөздігінде екі сыңары да әдеби норма ретінде танылатын фонетикалық варианттармен қатар (тозақ-дозақ, балуан – палуан), әдеби тілде толық орныққан сөздің бейәдеби екінші сыңары (олар көбінесе жергілікті жерде немесе ауызекі сөйлеу тілінде жұмсалады) да берілген. Мысалы, айла – ила, ақық – ахық, араб – гараб, еш – һеш, нөкер – көгер, раушан – рәушан, рақым – рахим, тайпа – тайфа, жақұт – якут, ізет – іззет, сүре – суре, қасірет – ғасірет, ділда – ділдә, әділет – ғадалат – ғаділет, пенде – бенде – бәнде, әмісе – һәмиша т.б. Бұл қатарлардың соңғы сыңары қазіргі әдеби тіл қолданысында жоқ екендігі, ал алдыңғы сыңарларының тұрақты әдеби норма екендігі ешбір дау туғызбайды.
«Парсыша-қазақша сөздікте» де осындай жайттар бар. Бұнда батсайы – патсайы, аждаһа – айдаһар, апырай – япырай тәрізді екі сыңары да тұрақталған жарыспалы сөздер дұрыс көрсетіле отырып, орфографиясы жағынан сұрыпталған, жазылуы толық орныққан дублеттердің бейәдеби түрі де беріледі: патша – патса, парша – барша (мата), пұшайман – пышайман, палау – балау, болат – полат, пешене – пышана – бешене, бесін – песін, дұшпан – дұсман, биқасап – биқасам, дегдар – текдар, қожа – хожа, талшын – даршын т.б. Бұл параллельдердің екіншілері жырлар мен эпостарда, өткен дәуірлердегі жазба тіл нұсқаларында кездеседі, кейбірі диалектизм ретінде қазір де қолданылуы мүмкін. Бұндай жағдайда арнаулы сөздіктерде жарыспалы элементтердің стильдік белгілермен ажыратылып көрсетілуі орынды.
Қазақ тіліндегі фонетикалық дублеттердің жасалу себептері шығыс тілдерінен ауысқан сөздердің ауызекі тіл арқылы енгендігімен байланысты. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес араб-парсылық ﺝ (дж), ﻩ, (аһ) ﺰ (ф), ﺀ (хамза), ﺡ (х), ﻉ (әйн) дыбыстарының қазақша айтылуда өзгеруі және қабылдаушы тілдің төл дыбыстарымен берілуі – заңды құбылыс. Араб-парсы тілінде фонемалық ролі күшті дауысты дыбыстардың (қысқа және созылыңқы дауыстылар) ерекшеліктері де қазақ тіліне енген сөздердің бірнеше вариантта айтылуын туғызды.
Ауызекі сөйлеу тілі арқылы еніп, бірнеше тұлғада айтылып және жазылып жүрген варианттардың жасалу себептерін былайша топтауға болады:
Араб-парсылық дыбыстар қазақ тілінің айтылу заңдарына қарай бейімделгенінде, төл тілдегі сол дыбыстарға жуық бірнеше фонемалармен алмасады, олардың ішінде б – п, қ – х дыбыстарының алмасуы арқылы пайда болған варианттар жиі кездеседі.
«Қазақ және қырғыз тілдерінде п дыбысынан бастлатын сөздер өте аз, - деп көрсетеді Н.К. Дмитриев, – олар негізінен шет тілдерден енген және дыбыстық еліктеуден пайда болған сөздер. Сондықтан осы топқа түркі тілдерінің көпшілігіне тән емес ﺰ (фа) дыбысынан басталатын араб-парсылық сөздер де енеді»57. Бұған пешене, пітір, пияз, пейіл, пенде, пақыр, пәтуа, пұл және басқа да әдеби лексикалық единицалардың б дыбысынан басталатын, жергілікті тіл ерекшеліктерінде және ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын жарыспалы тұлғалары, сондай-ақ екі сыңары да әдеби нормаға айналған балуан – палуан, парапар – барабар, патсайы – батсайы сөздері дәлел бола алады.
Араб-парсылық ﺡ (ха) дыбысының қазақ тілінде өзгеріске ұшырауынан жасалған фонетикалық варианттардың бір тобы (диқан – дихан, рақмет – рахмет, әрекет – қарекет, сұқбат – сұхбат, әкім – хакім) жазуда әле де болса нормалан қойған жоқ.
ﺡ (ха) дыбысының орыс тіліндегі х дыбысынан айырмасы бар және бұған сәйкес келетін дыбыс қазақ тілінде жоқ. Сондықтан да бұл дыбыс тіл арты спиранты қ дауыссызы арқылы беріледі58. Қате, құлық қапа, қызмет, қасиет, қаржы, құпия, қасірет, қаражат тәрізді сөздер осылай жасалған. Бұл сөздердің қазіргі қазақ емлесінде х дыбысымен жазылған түрлері кездеспейді. Ал х дыбысы хат, хабар, хал (осы түбірден ахуал) сияқты сөздер мен бірқатар кісі аттарында сақталады. Дегенмен «... х әрпінің қазақ сөздерінде жазылуына ұқыпты қарау керек. Не морфологиялық, не фонетикалық принципке сай келмесе де бірсыпыра сөздерде х әрпі жазылып кетті... Ерекше есте болатын жағдай – кез келген сөзде х әрпін жазудан сақ болу керек. Бақыт, құрмет, ақымақ, қатер тәрізді сөздерді бахыт, хұрмет, ахмақ, хатер түрінде жазу – қате59.
Қазақ тілінде жоқ араб-парсылық дыбыс қазақша дыбысталуда бірде мүлдем түсіп қалады, енді бірде притикулияциялық орны жағынан ұқсас қазақ тілінде бар дыбыспен ауыстырылады. Мысалы, ﻉ (әйн) – қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне жат дыбыстардың бірі. «Қазақтар бұл дыбысты сөз басында да, сөз ортасында да, сөз соңында да айтпайды, оны ретіне қарай қазақ тіліндегі басқа фонемалармен алмастырып отырады»60. Осының нәтижесінде фонетикалық варианттар пайда болады: тәлім – тағлым, мәлім – мағлұм, мәлімет – мағлұмат, тәжім – тағзым, ілім – ғылым, әлем – ғалам немесе лағынет – нәлет – лағнет, қадір – кәдір – қадыр, қаріп – ғаріп – кәріп т.б.
Д – т дыбыстарының алмасуы да жарыспалы сөздердің қатарын жасайды: балуан – палуан, дозақ – тозақ т.б.
Араб-парсылық сөздің ауызекі тіл бойынша қалыптасқан сыңары мен көне жазба тіл нұсқаларында кездесетін (оларда араб-парсы сөздері түпнұсқа тілдің орфографиясына сәйкес немесе жақындатып жазылады) екінші сыңары да варианттылық құбылысын туғызады: әзиз – ғазиз – әзіз, зәр – зәһар, үкім – хүкім, құрмет – құрмет, әділет – ғаділет т.б.
Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздерінің бірнеше тұлғаларда жұмсалады көрші түркі халықтарының да әсері бар. Өзге түркі тілдеріне енген сөз сол тілдің дыбыстау заңдылықтарымен емлелік қағидаларына бейімделіп барып қазақ тіліне ауысқанда, қазақ тілінде бұрыннан бар баламасымен жарыспалы түрде жұмсалады61.
Қазіргі жазу практикасында кездесетін варианттардың бір тобы қазіргі жазба тілде емлесі толық айқындалған араб-парсы сөзін қате жазудан дат пайда болады: хикая – һікая, еш – һеш, лай – ылай, лаж – ылаж, лайық – ылайық т.б. Бұл қатарлардың соңғылары емлелік ағаттықтар болып табылады.
Араб-парсылық сөздердің жазылуынада кездесетін ауытқушылықтардың бірі кісі аттарының емлесіне байланысты. Осыған орай «Қазақ тіл орфографиялық ережелерінің» өзгертулаер мен толықтырулар енгізілген жаңа нұсқасында арнайы қағида берілді; онда «қазақтың төл сөздері мен араб-парсы тілдерінен енген сөздерден жасалған кісі аттары қатарынан екі дауыссыз дыбыстан басталмайды, олардың алдынан не ортасынан ы, і әріптерінің бірі жазылады» деп көрсетілген. Осы ережеде қазіргі жазу тәжірибесінде Смайыл, Сқақ, Рзы, Слан, Смадияр тәрізді қате жазылып жүрген есімдердің Ысмайыл немесе Сымайыл, Сылан, Ысқақ, Ырза, Ысмадияр немесе Сымадияр түрінде жазылуы берілген. Бұл арада заңдылық – қазақ тілі төл сөздерінің өзі екі дауыссыз дыбыстан басталмайды, сондықтан да ауызекі тіл арқылы енген араб-парсылық сөздер эпентеза, протеза құбылыстарына міндетті түрде ұшырайды. Және бір жағдай – Смат, Сқақ, Смайыл, Смағұл түрінде жазылып жүрген кісі аттары араб-парсы тілдерінің өзінде с дыбысынан басталмайды. Ал жергеілікті аймақтардың тілдік ерекшетеріне орай бұндай кісі аттарының әр түрлі айтылып және Сымайыл – Ысмайыл, Сымағұл – Ысмағұл, Сымадияр – Ысмадияр болып екі түрлі жазылуы емлелік қате болып есептелмейді.
***
Қазіргі қазақ әдеби тілі сөздік құрамындағы орыс тілінен жіне араб-парсы тілінен ауысқан сөздер – көлемді қабаттардың бірі. Бұл қабаттар төл тілдің сөздік қорын байытуға, стильдік м.мкіншіліктердің көзін ашуға синонимдік қатарлардың қызметін кеңейтуге елеулі үлес қосты. Әсіресе совет дәуірінде енген орыс тілі сөздері қазақ әдеби тілінің терминологиялық жүйесін қалыптастырып, дамытуға, стильдік тармақтарының саралануына үлкен әсер етіп отыр.
Бүгінгі қазақ жазу практикасы пайдаланып отырған орыс тілі сөздерінің емлесіне қатысты ережелер – белгілі бір ғылыми негіздерге, тіл дамуының көп жылдық тәжірибесіне қазақ тілінің ішкі фонетикалық-грамматикалық заңдылықтарына, сондай-ақ әдеби тілдің қоғамдық-әлеуметтік функциясына, оның ауызша және жазбаша формаларының рөліне, екітілділік құбылысына сүйеніліп жасалған қағидалар. Орыс тілі сөздерін түпнұсқа тілдегі орфографиясы бойынша жазу – бір ғана қазақ тілі емес, түркі тілдерінің барлығына да ортақ сипат. Бұл ережеге бағынатын сөздер – қазақ әдеби тіліне жазба тілдің көмегі арқылы енген, қоғамдық-саяси және ғылыми-техникалық мазмұндағы термин сөздер мен терминдік сөз тіркестері. Бұл қабатты орыс орфографиясына сәйкес жазу ұлттық терминологиның жасалу жолдары мен әдістерін қалыптастыруға, орфографиялық нормаларды бір қалыпқа түсіруге жәрдемдеседі. Сонымен қатар СССР халықтарының көпшілігіне ортақ интернационалдық сипаттағы терминдерді бірыңғай жазу мәселесіне де айрықша мән беріліп келеде, бұл мектептерде, оқу орындарында оырс тілін оқып-үйрену, меңгеру және екітілділікті дамыту сияқты қоғамдық-саяси маңызды мақсаттарға да байланысты.
Ауызша айтылуы бойынша жазылатын орыс тілінен енген сөздердің емлесі де – айқындалған тұстардың бірі. Бірнеше вариантта жұмсалатын сөздердің әдеби үлгісі арнайы сөздіктерде ұсынылған. Сөздіктер, бұл ретте, үлкен көмек көрсете алатын құралдардың бірі. Сөйтіп, орыс тіліндегі орфографиясы сақталып жазылуға тиісті сөздер тобын қазақ тілінде айтылуы бойынша жазу қандай қате болса, ауызекі тіл арқылы еніп, дағды-дәстүр принципімен жазылуға тиісті лексикалық единицалардың, атаулардың түпнұсқа тілдегі фонетикалық-графикалық тұлғасын сақтап жазу да емле нормаларына кедергі келтіретін қате болып есептеледі. Белгілі бір стильдік қызмет үшін көркем әдебиет тілінде орыс тілі сөздері (терминдер, терминдік мәндегі атаулар) өзгертіліп, айтылуы бойынша жазылуы мүмкін, бірақ әдеби тілдің ресми іс қағаздары, ғылыми және қоғамдық-публицистикалық стильдерінде түпнұсқа тілдегі тұлғасын өзгертпей жазу қатаң сақталуға тиіс.
Араб-парсы тілдерінен енген сөздердің ішінде емлесі тұрақтала қоймаған тұстардың бірі – вариант сөздердің жазылуы. Түп төркіні араб-парсылық жарыспалы тұлғалардың әдеби нұсқасын, стильдік реңкі мен қызметін дәл ажырату үшін практикалық құралдардың мәні зор. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» пайдаланып отырған әдістер – әдеби норма деп танылатын екі сыңарын да «және» деген белгімен беру немесе алфавит ретімен ұсыну, бір ғана сыңарының әдеби норма екендігін «емес» сөзімен нақты көрсету (мысалы, хикая (һікая емес), зәрлі (заһарлы емес), кәне (кәні, қані емес), - тілдегі басы артық жарыспалылықты тежеудегі тиімді жолдардың бірі. Қазақ тіліндегі фонетикалық, лексикалық, әдеби-диалектілік сипаттардағы дублет сөздерді толық түзіп, оның ішінде міндетті түрде әдеби нормаға сай келетін түрлерін ажыратып көрсететін «Вариант сөздердің сөздігін» жасау да – қажетті жұмыс. Варианттылықты реттеуде статистикалық тәсілдің де көмегі зор. Бір сыңарының екінші сыңарынан не стильдік, не синонимдік артық-кемі жоқ фонетикалық варианттарды реттеуде олардың қолданылу жиілігін есептеу әдісі тиімді нәтиже бере алады. Бұнда жарыспалы сөздердің қолданылу изоглсы, әдеби тілдің стильдік өрістеріне таралу жиіліктері есепке алынады, бұның өзі әсіресе бірін әдеби, екіншісін бейәдеби деп бағалау қийынға түсетін ыждағат – іждағат, жәбір – зәбір, рақмет – рахмет, диқан – дихан, қаріп – ғаріп – кәріп, балуан – палуан тәрізді параллель сөздерді нақтылауға жәрдемдеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |