Архитектура Архитектура әрқашан да пластикалық өнерлердің ішінде ең бастысы болып келді. Ол дәуір идеясын мейлінше күшті білдірді және өз заманының басқа бейнелеу өнерлерінің – скульптура мен живописьтің стилін анықтап отырды. Мұның өзі әрі ұзақ жасайтын өнер: египеттік пирамидалар немесе американ үндістерінің ежелгі храмдары сан мыңдаған жылдар тұрып, бізге дейін жетті.
Сонымен бірге бізге архитектураны өнер ретінде қабылдай көбіне қиын. Біріншіден, оның скульптуралар мен картиналардан айырмашылығы өте көп – ол ештеңені бейнелемейді және ештеңені суреттемейді. Екіншіден, архитектурамен біз күн сайын және сағат сайын ұшырасамыз – архитектуралық ғимараттарда өмір сүреміз, оқимыз және жұмыс істейміз, барлық уақытта архитектура арасында жүреміз де оны біздің өміріміз өтетін үйреншікті, табиғи дерлік орта ретінде қабылдаймыз. Музыканы біз қалаған уақытта тыңдаймыз: киноға немесе музейге керегінде барамыз. Ал архитектура онымен өнер ретінде қарым-қатынас жасауға бізде қажеттілік бар ма немесе жоқ па – оған қарамастан бізді үнемі қоршап тұрады. Архитектура – бұл адам қызметінің ерекше түрі, мұнда техника мен өнер, пайда мен әсемдік бірге өрілген.
Және де архитектура тікелей ештеңені бейнелемегенімен және суреттемегенімен, ол, бәлкім, бейнелеу өнерінің барлық түлерінің ішінде мейлінше әсерлі, біздің сезімімізге әсер етуге мейлінше қабілетті өнер болып табылады.
Дарынды архитектор жасаған әрбір құрылыста, әрбір ғимаратта өзіндік бет-бейне бар, оған ерекше көңіл күй берілген.
Скульптура Мүсін өнері – бұл еш толқымастан бейнелеу өнері деп атауға болатын өнер: ол шынында да адамдарды, хайуандарды, түрлі заттарды бейнелейді. Оның архитектурамен ортақ жайты бар: оның басты әсерлілік құралы – аумақты форма және ол да қатты әрі ұзақ сақталатын материалдардан – ағаштан, тастан, металдан жасалады. Бюст, статуя немесе бейнелер тобын жасау үшін көп уақыт және көп еңбек, әсіресе скульптураны тастан шапқан кезе, тіпті жай дене күшінің өзі көп қажет. Оның есесіне ол, архитектура сияқты, ұзақ сақталады, сондықтан көптеген скульптуралық туындылар ғасырды емес, мыңдаған жылдарды басып өтіп, мысалға, ежелгі Мысырдың патша әйелі Неферититидің басы сияқты, күні бүгінге дейін біздерді толғандырып, тамсандырып келеді.
Скульптураның әсерлілік құралдары графикамен және әсіресе живописьпен салыстырғанда өте шектеулі: мүсінші композицияға қоршаған ортаны кіргізе алмайды, кеңістік тереңдігін бере алмайды, бәрі де фигуралардың өзімен – олардың формаларының жинақталуымен немесе өңделуімен, қимылымен, материалмен, фактурамен білдірілуі тиіс.