Есепкеалу тәсілі Есепке алу тәсілі бақылау тәсілімен қатар жүргізіледі. Мәселен, біз етістіктерді зерттемек болсақ, ең алдымен етістік дегеніміз не, оны қай ғалымдар зерттеді, оның сөз табы ретіндегі қызметі қандай, олардың басқа сөз таптарынан жасалу жолдары т.с.с. деректерді жинап, есепке аламыз, содан кейін барып талдап, саралап, қажетті қорытынды шығарамыз.
Салғастыру тәсілі Салғастыру тәсілі бойынша жиналған материалдар бір-бірімен салғастырыла зерттеледі. Бұл тәсіл әсіресе тіл білімінде екі немесе одан да көп тілдерді салғастыра зерттегенде қолданылады. Соның нәтижесінде екі немесе одан да көп тілдердегі тілдік бірліктердің бір-бірінен ұқсастықтары мен айырмашылықтары, өзгешеліктері мен ерекшеліктері айқындалады. Осы арқылы жинақталған материал дұрыс сұрыпталып, сараланады.
Картотекалық тәсіл Картотекалық тәсіл тіл біліміндегі лексикология, фразеология салаларын зерттегенде жиі қолданылатын тәсіл. Бұл тәсіл бойынша зерттеуге қажетті материалды (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с), авторын, дереккөзді және басылымның бетін көрсетіп жеке карточка жазып алу ұсынылады. Карточканың төменгі оң жағында бұл мысалдар зерттеу жұмысының қай тарауында немесе бөлімінде қолданылатыны көрсетіледі. Карточканың көмегімен жинақталған материал топталынады, сараланады, бір жүйеге келтіріледі және есептелінеді. Нәтижесінде қанша бірлік (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с) қай топқа жататыны, қанша топ бар екендігі, олардың бір-бірінен айырмашылығы, ұқсастығы, саны т.с.с. зерттеуге қажетті деректер анықталады. Бұл тәсіл кез келген зерттеу жұмысында өте қолайлы және зерттеу жұмысын жеңілдетіп, бір жүйеге түсіруге көмектеседі.
Сұрақтар: Тіл біліміндегі әдіснама?
Тіл білімі зерттеулерінің ұстанымдары?
Тіл біліміндегі зерттеудің әдістері?
Тілді зерттеу тәсілдері?
Әдебиеттер: 1. Т.Қордабаев. Жалпы тіл білімі. Алматы: Ғылым, 1983.
2. Ш.Ш.Жалмаханов. Тіл білімінің тарихы. Қарағанды: ҚарМУ, 1999. 203 б.
3. Т.Қордабаев, Ғ.Қалиев. Жалпы тіл білімі. Алматы: «Дәуір» баспасы, 2004. 236 б.
4. Ш.Шарапатұлы. Жалпы тіл білімі. Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2006. 158 б.
Б.Қалиев. Жалпы тіл білімі. Алматы: Қазақ университеті, 2005. 118 б.
А.Әмірбекова. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар. Алматы: Елтаным баспасы, 2011. -204 б.
Ж.Қоңыратбаева. Тіл білімі ғылымының теориясы мен тарихы. Астана: Л.Н.Гумилев ЕҰУ. 2013.-308 б.