2. Ұлт-азаттық бағыт өкілдері. А. Байтұрсынұлы. Әдеби шығармашылығындағы ерекшелігі - Ұлы Абай соқпағына, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойысұнады. Хайуанатар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен И.А.Крылов туындыларын аударады. «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарады. Бұларда қызықты форма, ұтымды идея, қазақ тұрмысына жақын суреттер бар. Әр түрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасайды. Патша отаршыларының зорлық-зомбылығы, жуандардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. «Қайырымды түлкі», «Ала түлкі», «Үлес», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Қайыршы мен қыдыр», «Ат пен есек» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейді. А.Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанымен еркіндік басым.
Заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтады.«Маса»(Орынбор, 1911) кітабында астар, емеурінмен берілген ойлар ашық, анық айтылады. Ахметтін өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер бірталай өлеңге арқау болады. Ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын. «Қазақ салты», «Жиған-терген» өлеңдерінде қазақ халқының мүшкіл халін, патша үкіметінің отаршылдық саясатын шенейді. «Маса» кітабына енген өлеңдерде әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. «Анама хат», «Жауға түскен жан сөзі» - қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндейді. «Қырық мысал», «Маса» жинақтары – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен байытты. Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты. Байтұрсынов дәуірінен бері талай уақыт өтті. Сонда да оның мысалдары өз мәнін жоймақ емес. Тарихи оқиғаларды танып-білуге ықпалы бар. Реніш пен ашу-ыза да, торығу мен наразылық та байқалады. Дегенмен А.Байтұрсынов поэзиясында оптимистік рух басым. Шығармалары арқылы ағалық ақыл айтады.
Балалар тәрбиесіне қосар үлесі айтарлықтый. «Қазақ этнопедагогикасының негізі – халық педагогикасы. Халық педагогикасының арқауы – ауыз әдебиеті мен халықтың салт-дәстүрлері. Ауыз әдебиеті мен халықтың салт-дәстүрлері – ұлттық тәрбиенің негізі. Міне, осы тұғырлы тұжырымды ірі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын, аудармашы, қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін жасаған талантты көсемсөз иесі, туған халқының рухани дүниесін жандандырған ғұлама – Ахаң жан-жақты зерттеп, олардың тәрбиелік мәнін ашып берді. Яғни, ол қазақ этнопедагогикасының негізгі нұсқаларын зерлей зерттеп, талғай тауып, олардың ғылыми-теориялық негіздерін жасады.[…]Ұлттық педагогиканың(этнопедагогиканың) ғылым ретінде дамып, қалыптасуы сол ұлтқа білім берумен, яғни оқумен, оқытумен, тәрбиелеумен байланысты деп пайымдаған данышпан Ахаң ең әуелі халыққа білім беру ісін қолға алып, жетілдіруді алдына мақсат етіп қойды.
А.Байтұрсынов – «араб» алфавиті негізінде жасалған қазақ әліппесін жетілдірді. «Ғалымның 1912 жылы Орынборда басылған «Қазақша әліппе»(Оқу құралы) халықты сауаттандырудың басты құралы болды. Бұл оқу құралында әрі сауат ашу, әрі ұлттық(этнопедагогикалық) дүниетанымды іске асыру мақсаттары көзделді. Мысалы: туысқан-туған, іліктес, киімдер, ойын-ойыншықтар, тамақтар-сусындар, дене мүшелері, үй саймандары, ыдыс-аяқ, малдар аты, малдан басқа төрт аяқтылар, құстар, жер түгінің аттары(ағаштар, шөптер), жер жүзінің аттары, сан, жаңылтпаш, жұмбақ, мақалдар түзіліп берілді. 1926 жылы бұл әліппенің жете өңделген жаңа түрі жарияланып, қазақ халқының сауат ашу мектебінің басты құралы болды. «Ғұламаның «Тіл жұмсар»(1928 ж.), «Ана тілінің әдісі», «Зерттеу мен сүгіреттілік әдісі туралы», «Жалқылауды жалпылау әдісі»(1927 ж.) деген еңбектері қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасы болды. Оның жазу таңбаларын түсіндіретін «Баяншы» атты кітапшасы 1912 жылы, үлкендерге арналған «Сауат ашқыш» оқу құралы 1926 жылы жарық көріп, бүкіл ұлттық сауат ашу құралы болды. Ахмет оқулықтары негізінде талай қазақ балалары сауаттарын ашты. «Оқу құралы» туралы әдебиетші ғалым Қ.Мұхаметханов былай дейді: «Кітап оқуға жеңіл, тілі ұғымды, баланы қызықтырып, ынталандырып, баурап әкетеді. Туысқан-туған қалай аталады, киім-кешек, ойын, ойыншықтар, тамақ, сусын, дене мүшелері, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал аттары, малдан басқа төрт аяқтылар, құстар, бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жер аттары, сан... – осының бәріне үйретеді».(Қ.Мұхаметханов. «Сан қырлы саңлақ дарын». «Социалистік Қазақстан» газеті, 1989 ж. 4 қаңтар). А.Байтұрсынов – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын. Өз бетін танытқан қаламгер. Ол Абай үлгісімен өлеңнің аясын, әлеуметтік тынысын кеңейтті.