6.М.Жұмабаев. Ақын өзінің шығармашылығын демократтық әдебиет дәстүрінде жалғастырды. Алғашқы өлеңдері «Шолпан»(1912) деген атпен басылды. Мағжан ғасыр басындағы қазақ халқының отаршылдық пен езгіге қарсы күресіне үн қосты. Халықты оқу-білім іздеуге шақырды. 1922 жылы «Педагогика» оқулығын жазған ағартушылардың бірі. Педагогика ғылымын халық педагогикасымен ұштастыра отырып, Мағжан ұлттық тәрбиенің ғылыми негіздерін жасады. Мағжан бала тәрбиесінде қиялдың алатын орны зор екенін дәлелдеп: “Фантазия - өмірдің гүлі, көрікті болуының түпкі діңгегі, фантазиясыз (қиялсыз) адам – тұсаулы есек. Фантазия ақылды кеңейтеді” дейді.“Бала санасы қиялмен оянады, бала ертегінің бәрі шын деп ұғады, баланың қиялы әсіресе, ойында жарыққа шығады” деп ұстаз бала қиялын ұшқырлайтын қызықты ертегілерді, ойындарды, ойыншықтарды тәрбие ісіне пайдаланудың жолдарын көрсетеді. 1920 жылдар ішінде М.Жұмабаев балалар әдебиетін жасауға ерекше көңіл бөлді. Балаларға арнап сындарлы, жүйелі жұмыс істеп, алуан түрлі кітап шығарған. «Шолпан» жинағында ақынның «Балалық шақ», «Қарағым», «Мен сорлы»(«Шәкірт зары») атты өлеңдері жарияланды. Бұлар Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңімен орайлас.
Мәскеуде шыққан «Жаңа мектеп» журналына қосымша «Тегін қосымша», «Балаларға тарту» жинақтарына Мағжан белсене қатысады. Бұл өлеңдер жасөспірімдердің ұғымына лайық жеңіл тілмен жазылған. «Аққала» өлеңі ойынға құрылған. Балалар ауылдағы омбы қардан аққала соғады. Қардан төрт бұрыш жасап, терезе жасайды, мәре-сәре болады. Беттері бүлдіргендей қызарады. 1924 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Әже» өлеңінде ақын ертегіге елтіген Кенжебай деген баланы суреттейді. Бұл - әжесі мен немересі арасындағы нәзік, қымбат сезімді мадақтайтын өлең. Ақынның «Бөбектің тілегі» өлеңі балаларды ата кәсіп – мал бағуға баулиды. Әр төл үшін мейірлі сөз табады. Өлеңнің әр жолы өзінен өзі жатталады. «Ақ жол» газетінде 1924 жылы жазылған «Немере мен әжесі», «Қойшы бала мен күшік» өлеңдерінде мектеп беретін білімді насихаттайды, байдың мейірімсіздігін әжуа етеді.Балаларға да, үлкендерге де бірдей арналған «Өтірік ертек» поэма-ертегісі 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланды. Мысыққа қарсы тышқандар көтерілісі автордың негізгі ойын жеткізу үшін схемалық түрде алынады. Шираз қаласындағы бір тышқан жүзім шарабына тойып алады. Күш біткесін ойндағы құсасын сездіріп қояды. Мысық мешітке барып сәжде киеді. Тышқандармен бітісемін деп алдайды. Тарту-таралғысымен келген тышқандарды қан-жоса етеді. Тамам тышқан мысықты көптігін істеп байлап тастайды. Мысық босап кетеді. Тышқандар өз хандарын да, мысықты да елден аластайды. Осының бәрі Ресейдегі тарихи оқиғалардың елесін береді. Ертегінің соңында автор сол кезең рухында образдың шешімін береді.
Бір дегенім – білеу ғой,
Екі десем – егеу ғой,
Үш дегенім – үскі ғой.
Мысық – талаушы екені,
Ханның – қанаушы екені
Ертегі-поэма балалардың жаттауына жеңіл, әрі сан үйретудегі қызметі де бар.