дәріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дәріс. Мемлекеттік құрылыстың кеңестік үлгісінің іске асырылуы – 2 академ.сағ



бет11/16
Дата10.05.2023
өлшемі328,71 Kb.
#91531
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Дәрістер, 2023 (копия)

10-дәріс. Мемлекеттік құрылыстың кеңестік үлгісінің іске асырылуы – 2 академ.сағ.
Жоспары:

  1. Ф.И. Голощекиннің «Кіші қазан» идеясы: мәні мен салдары.

Қазақстандағы индустрияландырудың ерекшеліктері.

  1. Ұжымдастырудың әдістері мен қарқыны.

  2. Кеңестік білім беру жүйесін құру. 1920-30 ж.ж. мәдениет, білім мен ғылым.

  3. Сталиндік қуғын-сүргін, оның ауқымы және ауыр зардаптары.

  4. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан

1.1920 жылдардың бірінші жартысында елде Кеңес өкіметі толық орнатылды. Оның мемлекеттік органдары мен әкімшілік жүйесі қалыптасты.


Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құрылып, оның негізгі заңы -кеңестік Конституция қабылданды. Азамат соғысының нәтижесінде қираған
халық шаруашылығы қалпына келтірілді. Кеңестік тоталитарлык билік ел экономикасы мен мәдениетін жоспарлы негізге көшірді. 1928 ж. 1-ші бесжылдық жоспар енді, 1933 ж. 2-ші бесжылдық жоспарды орындау басталды. 3-ші бесжылдық жоспар 1941 ж. соғыстың басталуымен толық аяқталмады. Қазақстанда 1 және 2 бесжылдықтың алға қойған басты міндеті халық шаруашылығын индустрияландыру мен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру еді. Сондықтан да 1920 ж.ж. ортасынан Кеңестер Одағында социализм орнатудың доктринасы іске асырыла бастады. Ол үш үлкен міндетті: индустриаландыруды (аграрлық елден дамыған индустриялы елге); ұжымдастыруды (социалистік ұжымдық ауыл шаруашылығын құру); мәдени революцияны (сауатсыздықпен күресу, кеңестік білім жүйесін құру, ғылым мен мәдениетті, кеңестік идеологияға қызмет ететін зиялы қауымды және жаңа өмір салтын қалыптастыру) қамтыды.
1925-1933 жылдары Қазақ өлкесін басқарған Ф.И. Голощекин сталиндік бағытты жүргізіп, «Кіші Қазан» идеясын жүзеге асырды. 1925 ж. желтоқсанда БКП(б) XIV съезінде елді индустриаландыру туралы шешім қабылданды. Бұл шешім бойынша үкіметтің алдына жедел қарқынмен аграрлы елден дамыған өнеркәсіпті елге айналдыру мақсаты қойылды. 1926 ж. басталған индустрияландыру саясаты үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ, көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды, елді индустрияландыру оның ұлттық ерекшелігін жояды деп есептеді. Мұндайларды большевиктер партиялық жолдан ауытқушылар, яғни «уклонистер» деп айыптады. С. Садуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев сияқты келесі топ өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы құлдырайды деп есептеді. Олар өлкеден шикізаттарды Ресейге тасып, ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды. Оларды «ұлтшыл» деп айыптады. Қазақстанға өнеркәсіпті күштеп ендіру мүмкін емес деп есептегендер, артта қалған көшпелі халық индустрияландырудың жоғарғы қарқынына ілесе алмайды. Өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін көптеп тарту, өндірісті қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды деді. Бұларды большевиктер «ұлыдержавалық шовинистер» деп айыптады. Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары жөнінде пікір айтушыларға әртүрлі айдар тақты.
Қазақстан 20-жж. аяғы мен 30 жж. өте қысқа мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Большевиктер өлкені индустрияландыруды өте жоғарғы қарқынмен жүргізді. Мысалы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926-1940 жж. 3 есе көбейсе, Қазақстанда — 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ бойынша 5,7 есе артса, Қазақстанда ол 77,4 есеге артқан; электр қуатын өндіру Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда — 486 есе артқан; темір жолдар салу Одақ бойынша 1,4 есеге, ал Қазақстанда — 3,1 есеге артқан. Индустрияландыру нәтижесінде 1445 шақырымдық, Түркістан-Сібір темір жолы пайдалануға берілді (1930), Балқаш мыс қорыту зауыты, Қарағанды көмір бассейні, Шымкент қорғасын зауыты, Семей ет-консерві комбинаты, Ақмола-Қарталы темір жол желісі (1940) республиканың экономикалық әлеуетін түбегейлі өзгертті. К. Сәтбаевтың ізденісімен Жезқазған кен орны ашылды.
Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде және жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. Ол үшін қысқа мерзімді курстар, фабрика-зауыт мектептері, техникалық үйірмелері ашылды. Алайда, Кеңес үкіметі инженер-техникалық маман кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарын ашпады. Бұл мәселеде республика орталыққа тәуелді болды. Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары салынбады. Индустрияландыру барысында машина жасау бағытының жетекші салалары: станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мүлде қамтылмады. Елді индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.
Осындай сипаттағы индустрияландыру саясатының қазақ халқы үшін салдары да болды. 1-ден, өлкенің экономикалық дәстүрі толық өзгерді, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарағанда өнеркәсіп өнімдері үлесі көбейді. 2-ден, келімсектер есебінен қала халқы санының артты. 3-ден, көші-қонымның нәтижесінде демографиялық өзгерістер болып, жергілікті ұлт өкілдерінің саны азайды. Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды. Кеңес үкіметі әртүрлі қылмысы үшін сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. 4-ден, индустрияландыру саясаты нәтижесінде өлкедегі ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісті.
Қорыта айтқанда, бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, әсіресе, көшпелі мал шаруашылығы және оның өнімдері әрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды. Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан отарлау саясатын одан әрі жалғастырды. 
2. 1927 жылы желтоқсанда БКП(б) XV съезі ұжымдастыруға бағыт алған съезд ретінде тарихқа енді. Съезд 1932 ж дейін қысқа мерзімде жеке шаруа қожалықтарынан ұжымдық шаруашылық (колхоз) жүйесіне көшу туралы шешім қабылдады. Ауыл шаруашылығын социалистік негізде қайта кұру асығыс әрі күш қолданумен жүзеге асырылғандықтан халықты үлкен қасіретке ұшыратты. Большевиктер қазақ ауылында әлеуметтік теңсіздікті жоямыз деп, шабындық пен жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин: «Жайылымдық жерді бөлу деген не?» дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру үшін «Бұл кіші Қазан» — деді. Күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру саясатына қазақ қайраткерлері қарсы шықты. Ә. Бекейханов қазақтарды отырықшылыққа
эволюциялық жолмен біртіндеп көшіру қажеттігін дәлелдеді. Ал М. Дулатов: «Қазақ халқы көшкілері келгеннен кейін көшіп-қонып жүрген жоқ, табиғат жағдайына байланысты көшіп жүр», - деп ашына білдірді. С. Садуақасов: «өркениет ешқашан мал шаруашылығымен айналысуға тыйым салмайды, керісінше, оның өркендеуіне жол ашады»,-деді.
Шаруаға қарсы күш қолданудың алғашқы ірі науқаны 1928 ж. байлар мен жартылай феодалдардың малы мен мүлкін тәркілеумен, өздерін жер аударумен жүзеге асырылды. 1929 ж. ол барлық жеке шаруа қожалықтарын ұжымшарларға біріктіруге ұласты. Қазақстанда 1928 ж. шаруа қожалықтарының тек 2%-і ғана ұжымдастырылса, 1930 ж. 50%, 1931 ж. қазанында 65%-і ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. 1929 ж. Қазақстанда 40 млн. бас мал болса, содан 1933 ж. 4 млн. ғана мал қалды.
Осы жағдайлардың барлығы жинақталып, 1931-1933 ж.ж. аштыққа әкелді. 2 млн-дай қазақ, 250 мыңдай басқа ұлт өкілдері аштан өлді.Бұл аштық мемлекеттік саясаттың нәтижесінде қолдан жасалды. Қазақ зиялылары осы мәселе жөнінде үлкен дабыл көтерді. Т. Рысқұлов И. Сталинге 1932 ж. 29 қыркүйекте және 1933 ж. 9 наурызда жазған хаттарында өлкедегі қалыптасқан жағдай туралы шындықты жеткізді. Зорлық пен әділетсіздікке шыдамаған шаруалар жер-жерлерде кеңес өкіметіне қарсы шықты. Ұжымдастыру жылдарында еліміздің барлық аймағын қамтыған 372 көтеріліс болған. Аштық пен қуғын-сүргіннен бас сауғалап, 1,3 млн адам Қазақстаннан тыс жерлерге кетуге мәжбүр болды. 1933 ж. басында Т.И. Голощекин кызметтен алынып, орнына Л.И. Мирзоян келгеннен соң да, бұрынғыдай күш қолдану болмаса да ұжымдастыру жалғаса берді.
3. Дегенмен, соғысқа дейінгі бесжылдықтардың мәдени қорытындысы білім мен ғылым саласында, әдебиет пен өнерде, кітапхана мен клуб ісінде, бұқаралық аппарат құралдарында анық көрінді. Сауатсыздықты жою сәтімен аяқталды, баршаға бірдей бастауыш білім беру міндеті шешілді. 1919 ж. 26 желтоқсанда Халық Комиссарлар Кеңесі сауатсыздықты жою жөніндегі декретке қол қойды. Бұл мәселемен айналысатын төтенше комиссия құрылды.1920-1921 оқу жылында ауылға жаппай мәдени-ағарту жорығы ұйымдастырылды. Сауатсыздықты жоюдың 2412 жылжымалы бөлімшелері жұмыс істей бастады, әйелдерді оқыту үшін «Қызыл отаулар» құрылды. Білім беру жүйесінің бастауыш, толық емес орта білім, орта білім беретін мектептері қалыптаса бастады. Өндіріс орындары жанынан жұмысшы факультеттері (рабфак) құрылды. Ауылдарда кішігірім мектептер ашылып, онда қарапайым әріп таныту, санау, жазу, оқуға үйрету сабақтары жүргізілді. 1930 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР-ның OAK мен ХКК жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы өте маңызды қаулы қаулы қабылдады. Оқу құралдары қазақ тілінде шығарыла бастады. Қазақ тіліндегі оқулықтарды жазуға А. Байтұрсынов, Ж. Күдерин, Т. Шонанов, Ж. Аймауытов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Қ. Сәтбаев, С. Сейфуллин және т.б. қоғам қайраткерлері мен педагогтар белсене ат салысты. Алғашқы қазақ тіліндегі алгебраны Қ. Сәтбаев, география оқулығын Ә. Бөкейханов құрастырды. 1928 жылы қазақ әліпбиі араб графикасынан латын әліпбиіне ауысып, ұлттық дәстүріміз бен мәдениеттің дамуына үлкен кедергілер туғызды. Әліпбидің ауысуы қазақ тілі ғылымының дамуына да зардабын тигізген еді. Зиялы қауымды, әсіресе педагог мамандарды, дайындау мәселесінің ерекше маңызы болды. Мысалы, 1924 жылы мұғалімдердің 5,8%-ы ғана жоғары білімді болды. Мұғалімдерді дайындау үшін тұрақты және қысқа мерзімді курстар, педагогикалық техникумдар ашылды. Жоғары оқу орындарының мамандары негізінен Мәскеу, Ленинград, Ташкент қалаларында дайындалды. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны-Қазақ педагогикалық институты 1928 ж. ашылды,1935 ж. Абай есімі берілді. 1929 ж. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институты, 1930 ж. Қазақ ауыл шаруашылық институты, 1931 ж. Алматы медицина институты, 1934 ж. Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. 1932 ж. Алматыда КСРО Ғылым Академиясының тұрақты базасы құрылды. 1935 жылы профессор С. Асфендияровтың «Көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. Қазақ өлкесінің мәдени өмірінде де айтулы жаңалықтар болып жатты. 1926 жылы Қызылордада тұңғыш қазақ ұлттық драма театры, 1934 жылы Алматыда қазіргі Абай атындағы опера және балет театры ашылды. (Айман-Шолпан) Алғашқы қазақ операсы да өмірге келді (Қыз Жібек). 1934 ж. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі құрылып, 1936 ж. Жамбыл атындағы филармония ашылды. 1936 ж. мамырда Мәскеуде қазақ мәдениеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өтіп, онда қазақ өнерінің Күләш Байсейітова, Әміре Қашаубаев, Әбілхан Қастеев сынды майталмандары өнер көрсетті. 1938 ж. «Ленфильм» киностудиясында қазақтың тұңғыш дыбысты «Амангелді» көркем фильмі түсірілді. Этнограф, сазгер А.В. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 ж), «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» (1931 ж.) атты еңбектерінде қазақтың әндері мен күйлерін нотаға түсірді.
4. 1920-1930 жылдардағы күрделі кезеңде Қазақстанда мәдениет, білім мен ғылым саласындағы, әдебиет пен өнердегі жетістіктермен қатар, келеңсіз құбылыстар орын алды. Өйткені бұл кезең ұлттық мәдениеттің тарихи тамырынан, әлемдік өркениеттің жетістіктерінен ажыраған жылдары болып табылады. Сонымен бірге бұл кезең зиялы қауым өкілдерінің саяси қуғынға түсіп, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған кезі болды.
Социализм идеясы қазақ қоғамына жат еді. Большевиктердің жүргізіп отырған саясатын ашық айыптаған М. Шоқай болды. Мұсылмандар бюросының төрағасы Т.Рысқұлов Түркістан республикасында Ресейден түбірлі айырмашылығы бар ұлт саясатын жүргізуді қолдады. С.Сәдуақасов және оның пікірлестері «Кіші Қазан» төңкерісіне қарсы шықты. 1925-1933 жж. Қазақстанды басқарған Ф.И. Голощекин: «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан революциясын жасау керек»-деп, республикада репрессиялык шаралар жүргізді. Сталиндік репрессиялардың астарында, индустрияландыру үшін бүкіл мемлекет аумағында еңбек лагерлерін құрып, өндіріс орталықтарына мыңдаған әртүрлі халық өкілдерін депортациялап, тегін жұмыс күшін пайдалану, коммунистік партияның билік үшін күресі, Сталинның жеке билігін күшейту барысында қарсыластарын жою мақсаты жатты.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 ж. ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Алаш Орда партиясының барлық мүшелері- 4297 адам репрессияланды. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, А. Ермеков, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, М. Жұмабай, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Ж. Шанин, К. Кемеңгеров және т.б. көптеген ұлт жанашырларына «халық жауы», ауыл шаруашылығының құлдырауына кінәлі, жапон тыңшыларымен байланыс жасап, Қазақстанды бөліп алмақшы болды дегендей айыптар тағылды. 1937-1938 жж. Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, О. Исаев, О. Жандосов, Ә. Досов, А. Асылбеков, Ж. Сәдуәқасов, Т. Жүргенов және т.б. «ұлтшыл-фашист» және тыңшы деген кінә тағылды. Сталиндік қанды жүйе интеллигенцияны толық жоюды көздеді. Жалпы Қазақстан бойынша 105 мың адам қамауға алынып, оның 22 мыңы ату жазасына ұшырады.
Тоталитарлық билікті күшейту мен Москва бұйрықтарын іске асыру үшін 1939 ж. аяғына қарай КСРО аумағында 600-ден аса түрмелер салынды, оның ішінде, Қазақстан аумағында 23 жалпы және 11 ішкі түрме болды. 1930 ж. Қазақстанда еңбекпен түзету лагері (ҚазЕТЛАГ) құрылып, ГУЛАГ жобасы бойынша Қарлагта 75 мың адам қамауда болды. 30-жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңінде Отанға опасыздық жасағандардың отбасы мүшелерін қоғамнан аластауға арналған лагерь (ЧСИР) құрылды. 1940 ж. Жезқазған құрылысына арналған Степлагта (Далалық лагерь) 4 мыңнан астам тұтқын болды. Алжир (Отанына опасыздықжасағандар әйелдерінің Ақмола лагері) тұтқындарыішінде С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Шанин, Х.Баяубаев, Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, М.Тәтімов, Ж.Садуақасов, С.Есқараев, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов, К.Сар­молдаев, т.б. белгілі адамдардың әйелдері 5-8 жылға лагерьлерге айдалса, 4 жастан асқан балалары еңбекпен түзеу лагерьлері мен балалар үйлеріне жіберілді.
1920-1950 ж.ж. тұрғындарды күштеп көшіру-сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. 1928-1936 ж.ж. Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссиядан 360 мыңдай адам жер аударылды.1937 ж. жапон шпиондары деген сылтаумен 100 мың корей халқын Қазақстанға әкелді. 1940-1941 ж.ж. 105 мың поляктар қоныс аударылды. 1941 ж. 420 мың неміс Еділ бойынан көшіріліп, Қазақстанға орналастырылды. 1943 ж. 12 қазанда Қарашай автономиясы жойылды да, 46 мың қарашай Қазақстанға қоныс тепті. 1944 ж. 7 наурызда Шешен-Ингуш АКСР-і жойылып, 410 мың шешендер мен ингуштар, осындай қаулы, жарғылардың салдарынан 22 мың балқарлар, 14 мың түріктер Қазақстаннан бірақ шықты. 1946 ж. басында Қазақстанға тек Солтүстік Кавказдан, Грузиядан, Қырым автономиялық республикасынан қоныс аударылғандардың жалпы саны 412 мың адам болды. Жалпы КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 ж. 1949 ж. дейін 3,2 млн адамға, 1954 ж. есеп бойынша, Қазақстанға қоныс аударғандардың саны 2 млн. адамға жетті. Жергілікті қазақ халқының үлес салмағы 1939 жылмен салыстырғанда 38%-дан 30%-ға дейін кеміп кетті.
Қорыта айтқанда, 20-жж. аяғы мен 30-жж. әкімшіл-әміршіл большевиктік тәртіп қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында үстем болды. Әсіресе, Қазақстанда бұл тәртіптің өте ұсқынсыз, қатыгез формалары- ұжымдастыру мен 1937-1938 жж. саяси репрессия кезеңдерінде күш алды. Кеңес үкіметі, яғни халықтың үкіметі, сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын қолданды. Елде большевиктер басшылығымен халыққа қарсы жаппай «үлкен террор» ұйымдастырылды.
Сол кездегі маңызды тарихи оқиғалардың бірі - Қазақ АКСР-ның астанасы 1929 ж. Қызылордадан Алматыға көшірілді. Ал 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Конституциясына сәйкес Қазақ АКСР автономиядан одақтық республикаға айналды, яғни Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Бұл қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы маңызды саяси қадам болды.
5. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде фашистік Германия Польшаға шабуыл жасады. Кейін Англия жəне Франция бұл мемлекетке қарсы соғыс жариялаған соң, екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ал 1941 жылдың 22 маусымында фашист әскерлері Кеңес Одағына соғыс ашты. Оған әлемнің 72 мемлекеті қатысып, 62 миллион адам ажал құшты. 1941 жылы 22 маусымда Отан соғысы басталды. Фашистік Германия жетекшілерінің ойы бойынша Қазақстан территориясы «Барборосса» жоспарына сәйкес «Үлкен Түркістан» құрамына кіруі керек болатын. Бірақ кеңес халқы фашист басқыншыларына ерлікпен қарсы тұрып, «қауырт шабуыл» әскери операциясын іске асырмай тастады.
КСРО-да жүргізілген 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрған. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ.
Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақ жерінде Отанды қорғау үшін әскери бөлімдер жасақтала бастады. Барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полктар және батальондар жасақталды. Оның ішінде үш кавалериялық дивизия мен екі атқыштар бригадасы қазақ ұлттық әскери бөлімдері болды. Өнеркәсіпте жұмыс істеу үшін 670 мың адам еңбек армиясына мобилизацияланды.
Фашистердің алғашқы соққысын қабылдаған Брест қамалын қорғаушылар арасында қазақстандық В. Фурсов және Қ. Тұрдиев болды. Мәскеуді қорғауда Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы ерекше кезге түсіп, кейіннен 8-гвардиялық И. Панфилов дивизиясы болып аталды. Дивизия жауынгерлерінің Мәскеу қорғанысындағы ерлігі Отан соғысында шешуші рөл атқарды. Аға лейтенант Б. Момышұлы басқарған батальонның қаһармандығы халық арасына тез тарап кетті. 28 панфиловшы жауынгердің күші әлденеше есе басым жау танкілеріне қарсы шайқасы әлемдік соғыс тарихының өшпес парақтары болып қалды. Мәскеу түбінде Кеңес Одағының Батырлары Т. Тоқтаров, М. Ғабдуллин ерлік көрсетті. Ленинградты қорғау мен қоршауды бұзуға қазақстандық 310, 314-дивизиялар қатысып, қала үшін шайқаста Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов өз кеудесімен дзоттың аузын жауып, жанын пида етті. 1942 ж. күзінде Сталинград шайқасында ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Н. Әбдіров, минометші Қ. Сыпатаев, лейтенант Г. Рамаев өз өмірлерін қиып, ерлік жасады. Сталинград майданы ашылған кезде фашистік авиация Батыс Қазақстан аумағындағы Сайхан, Шұңғай, Жәнібек бекеттерін бомбалады. Мыңдаған қазақстандық жауынгерлер Курск тубінде, Украина, Белоруссия, Прибалтика, Молдавия жерлерін азат етуде ерлікпен шайқасты. Олар Польшаны, Венгрияны, Чехославакияны, Венаны фашистерден азат етуде батырлық пен қаһармандық көрсетті. Берлин операциясы кезінде Рейхстаг төбесіне бірінші болып Кеңес армиясының Туын қадағандардың ішінде Рақымжан Қошқарбаев болды. Қиыр Шығыста Жапонияға қарсы соғыста Квантун армиясын талқандағанда көрсеткен ерліктері үшін 2 мыңнан астам қазақстандық орден-медальдарға ие болды.
Жалпы, Қазақстаннан барған 100-мыңнан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес одағының батыры, 100-ден астам адам "Даңқ" орденінің иегері атанды. Ал қазақстандық 4 ұшқыш: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский "Кеңес Одағының батыры" деген құрметті атаққа 2 мәрте иеленді. Қазақстандықтар арасында алғаш болып бұл атақты танк әскерінің генерал-майоры, павлодарлық Кузьма Семенченко (1941 жылдың 22-маусымында) алды. Панфиловшы, полковник Бауыржан Момышұлынан (11 желтоқсан 1991) соң бұл атақ ешкімге берілген жоқ. Днепр үшін болған шайқаста 18 жастағы Жәнібек Елеусізов қазақтар арасындағы ең жас "Кеңес Одағының батыры" атанды. Кеңес Одағы батырларының қатарында қазақтың екі батыр қызы: мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова да бар. Отан соғысында ұшқыш ретінде ерлік көрсеткені үшін Хиуаз Доспановаға 2005 жылы Халық Қаһарманы атағы берілді. Ал Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені үшін "Жауынгерлік Қызыл ту" орденінің иегері болды. 2001 жылы "Халық қаһарманы" атанды.
Қазақстандық сарбаздар жау тылында, партизандық күреске араласқан. Ұлы Отан соғысы жылдары 3 500 қазақстандық партизан отрядтары қатарында болды. Олардың ішінде Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин, Әди Шәріпов, Сәтімбек Төлешов, Нұрым Сыдықов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров сынды батыр партизандармен қатар Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова есімді қазақ қыздары да жау әскерлеріне қарсы күрескен. 
Соғыстың алғашқы кезеңі Кеңес халқы мен әскері үшін өте күрделі жағдайда өрбіді. 1941 жылдың соңына қарай Кеңес Одағы стратегиялық ресурстар мен өндіріс орындары шоғырланған аумағының үлкен бөлігінен, яғни Украина, Белоруссия, Мәскеуге дейінгі еуропалық Ресейден айырылды. Осындай жағдайда Қазақ Республикасының рөлі күшейді. Соғыс жылдарында Қазақ жеріне 1,5 млн.эвакуацияланған және депортацияға ұшыраған халықтар келді.1941-1945 жылдарда Қазақстанда эвакуацияланған өндіріс орындарын қосып есептегенде 460 кәсіпорын пайда болды. Республика Одақ бойынша қорғасынның 85%-ын; мыстың 35%-ын; молибденнің 60%-ын; висмуттың 65%-ын; полиметалл кенінің 79%-ын берді. Қарағандышахтерлері соғыс жылдарында 34 млн. тонна көмір өндірді, ал мұнай өндіру 39%-ға өсті. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі қазақ жерінде өндірілді. Сондықтан жауға атылған 10 оқтың тоғызы Қазақстандағы Шымкент қорғасын зауытында құйылды.
Соғыс кезінде Қазақстан 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 млн 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 млн дана жылы киім және басқа да өнімдерді майдан даласына жіберді. Елімізде танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы ұйымдастырылды. Бір жылдың ішінде қазақстандық комсомолдар кеңес әскеріне 45 жаңа танк жіберді. Кейін халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды. 1941-1945 жылдары Қазақстан халқы соғыс техникаларын жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді. Соғыс жылдарында қазақстандықтар жауынгерлерге 160 вагон сыйлық жіберді. Ер азаматтардың басым бөлігі әскер қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі күшейтілді, жұмыс уақыты ұзартылды. Қазақстан халқы "Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен жеңіс үшін тер төкті. Ақтөбелік Шығанақ Берсиев тары өндіруде гектарынан 202 центнер өнім жинап, Қызылордалық Ыбырай Жақаев күріш өндіруде гектарынан 172 центнер өнім жинап, әлемдік рекорд жасады. Ерен еңбегімен көзге түскен шопан Ж. Мұқашев, қызылша өсіруші М. Мүхамедиева, жылқышы Ш. Шұғайыпов және т.б. көптеген азаматтар Кеңес Одағындағы ең жоғарғы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.
Сонымен қатар Қазақстанның ақын-жазушылары өз шығармалары арқылы халықты фашистік басқыншыларға қарсы күресуге шақырды. 50-ден астам қазақстандық жазушы соғысқа аттанды. Ақын Жамбыл Жабаевтың "Мәскеу", "Ленинградтық өрендерім", "Отан бұйрығы» атты өлеңдері кеңес халқын рухтандырды.
Отан соғысы жылдарында фашистер Кеңес Одағына қарсы ресейлік
эмигранттар мен әскери тұтқындардан арнайы ұйымдар мен әскери бөлімдер
құруды көздеді. Қазан төңкерісі мен сталиндік қуғын- сүргіннің салдарынан Кеңес Одағынан Еуропаға 2 млн. адам эмиграцияға кетуге мәжбүр болған еді. Міне, осындай мақсатпен фашистік билік 1942 жылы Түркістан ұлттық бірлігі комитетін құрады. Фашистер Кеңестер Одағының түркі тілдес мұсылман халықтарын жаулап алып, «Үлкен Түркістан» мемлекетін құруды жоспарлады. Оның құрамына Түркімения, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз
жерлері кіру керек еді. Сонымен бірге Башқұртстан, Татарстан, Чуваш, Мари,
Мордова, Удмурд және т.б. аудандар кіретін «Еділ-Орал» бірлестігін құру
кезделді. Олардың жоспары бойынша, Қазақ өлкесінің оңтүстік және Жетісу
аймағы «Үлкен Түркістанға», басқа аймақтары «Еділ-Орал» бірлестігінің
құрамына енетін болды. Фашистер кеңестік соғыс тұтқындарының түркі-мұсылман халықтарынан 250 мың солдаты бар «Шығыс легионын» жасақтады. Ондағы әскери бөлімдер ұлттарына қарай құрылды. Мысалы,
Түркістан батальоны құрамына 1-ші қырғыз жаяу ротасы, 2-ші өзбек ротасы
(тәжіктермен бірге), 3-ші қазақ ротасы, 4-ші түрікмен ротасы (шығыс татар-
ларын қосқанда) кірген. Аралас пулеметшілер ротасы қырғыз, өзбек, қазақ
взводтарынан құралды. «Шығыс легионының» офицерлері мен кіші офицерлерін Варшава түбінде арнайы мектепте дайындаған. Бірақ легионерлер фашистерге қарсы көтеріліске шығып, Кеңес Армиясы жағына өтіп кетті. «Еділ-Орал» легионында Мұса Жәлел фашистерге қарсы жасырын күресіп, оған кейіннен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Фашистік Германия М. Шоқайдың беделін «Түркістан легионын» құру үшін пайдалануды көздейді. «Түркістан легионы» 1942 ж. сәуірде құрылды. Көрнекті қоғам қайраткері, заңгер Мұстафа Шоқай (1886-1941) Түркістан халықтары арасында тұңғыш рет Еуропада түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы болды. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген М. Шоқай 1917 ж. Ақпан революциясынан кейін Ә. Бөкейхановпен бірігіп, ұлттық қозғалыс жетекшілерінің біріне айналды, «Алаш» партиясына мүше болды. М. Шоқай 1917 ж. қарашада Түркістан (Қоқан) автономиясын құрды. Кеңес үкіметі Түркістан автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырған, Қоқандағы болшевиктер қуғынынан М. ІІІоқай шетелге, әуелі Түркияға, кейін Францияға кетуге мәжбүр болды. Шетелде кеңес өкіметінің қуғын-сүргін саясаты мен тоталитарлық жүйені әшкерелеп, бұл жүйеге қарсы идеологиялық күрес жүргізді. Ол 1941 жылы тамыз-қараша аралығында Германиядағы бірқатар тұтқындар лагерін аралап, ондағы мыңдаған түркістандықтармен кездеседі. Оларды өлім тұзағынан құтқарып қалуды өзінің бірден-бір борышы деп санаған. Лагерьдегі адамдардың жағдайын көріп, жаны күйзелген М. Шоқай Германияның билік орнына жолдаған хатында: «Сіздер, немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ», - деп жазған. М. Шоқай 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпия жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылман бейітінде жерленген. Соңғы жылдарға дейін «Түркістан легионының» қызметі М. Шоқайдың атымен байланыстырылып баяндалатын еді. Алайда біз бұл легионның 1942 жылы сәуірде құрылғанын және М. Шоқайдың жоғарыда фашистер туралы айтқан пікірін ескеретін болсақ, онда оның тарихи шындыққа сәйкес келмейтініне көз жеткіземіз. М.Шоқай елінің патриоты, ұлтының мақтанышы.
Ұлы отан соғысы 1945 жылы 8 мамырда Берлин түбіндегі Карлсхорстта Кеңес Одағы, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция алдында фашистік Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде актіге қол қойымен аяқталды. 9 мамыр жеңіс күні ретінде тойланады. Ал екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Кеңес Одағының жапониялық Квантун армиясын жеңуімен аяқталды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет