дәріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дәріс. «Алаш» қозғалысы және ұлттық мемлекет идеясы – 2 академ.сағ



бет8/16
Дата10.05.2023
өлшемі328,71 Kb.
#91531
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16
Байланысты:
Дәрістер, 2023 (копия)

8-дәріс. «Алаш» қозғалысы және ұлттық мемлекет идеясы – 2 академ.сағ.
Жоспары:

  1. Ұлттық зиялылардың қалыптасуы

2. Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға әсері.
3. «Алаш» қозғалысы және ұлттық идея. «Алаш» партиясының құрылуы

1. XIX ғ. екінші жартысы-XX ғ. басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болған өзгерістер қазақ халқының рухани өмipiнe терең әсер eттi. Саяси, экономикалық экспансиямен қоса, құлдыққа салушылардың мәдениеті күштеп таңылды. Ұлттық зиялылардың қалыптасу жолы бірдей болған жоқ, күрделі және ұзаққа созылған үрдіс болды. Бұл жағдайдың халық шаруашылығында да, мәдениетте де мамандар санының өсуінен көрінгені күмәнсіз. Оның барысын отаршылдық режим жағдайлары, патша өкіметінің бағындырылған халық жөніндегі кемсітушілік саясаты тежеп отырды. Дегенмен XIX ғ. аяғы XX ғ. басы халықтық интеллектуалдық күштері дамуындағы жаңа кезең болып табылады.


Революцияға дейін Қазақстанда мұсылман мектептері мен медреселер- де, не «орыс-қазақ», «бұратаналық», ауылдық мектептерде оқып, бастауыш білім алуға болатын еді, бұл мектептер мен медреселер мешіттің ғана емес, сонымен қатар орыс мемлекетінің де мүдделеріне қызмет eттi. 1874 ж. Қазақстанның мұсылман мектептері халық ағарту министрлігіне тікелей бағындырылды. Империялық үкімет мұнымен тоқталмай, 1876 ж. мұсылман мектептеріне орыс сыныптарын енгізу арқылы орыстандыру жөнінде тағы бip ipi қадам жасады.
Дәстүрлі мектептерден оқуды бітіргеннен кейін қазақтар өз балаларын жаңа әдіспен оқытатын Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусаиния», Троицкдегі «Расулия», «Уазифа» сияқты ipi медреселерге оқуын жалғастыруға жіберетін. «Ғалия» медресесінде 300-ден астам қазақ баласы білім алды. Олардың арасында қазақтың белгілі зиялылары, жазушылар Б. Майлин, М. Жұмабаев, педагог-ақын Т. Жомартбаев, М. Оразаев, Н. Манаев, Ж. Тілепбергенов, М. Тұрғанбаев, және басқалар бар. Медресенің тәрбиеленушілері озық демократиялық идеялардың ықпалына түсіп, ескі оқыту әдістеріне, артта қалушылық пен надандыққа карсы шықты. Шәкірттер арасында ұлтты түлету, өз елінің тарихын, әдебиеті мен тілін оқып-үйрену, зерттеу идеялары кең таралды. «Ғалия» медресесінің шәкірттері жастарды әдебиетке тарту мақсатымен 1916 ж. қолжазба «Садақ» журналын шығарып тұрды.
«Хусаиния» медресесінің шәкірттері «Қазақ тілін үйрену жөніндегі қоғам» құрды, оның мақсаты қазақ әдебиеті мұраларын басып шығару, қазақ тілінде мектептерге арналған оқулықтар мен кітаптар құрастыру, болашақта қазақ тілінде газеттер шығаруға жәрдемдесу болатын. Патша өкіметі қазақ халқы арасында оқу-ағарту iciн бастауыш білім берумен, яғни орыс тілін және арифметиканың жай амалдарын үйретумен шектеу жеткілікті деп санады, ал орта білім беруге, оның үстіне жоғары білім беруге мүдделі болмады. Отаршыл өкімет орындары бастауыш мектептерді қазақтардын толық және жан-жақты білім алуы үшін емес, болыс басқарушылары жанында тілмаш, сұлтандардың ic жүргізушілері және т.б. болып жұмыс істеуге жарарлықтай аздаған білім беру үшін ғана ашты.Бұратаналардың балалары кipe алатын алғашқы орта оқу орны Орынбор кадет корпусы деп аталды. 1825-1866 ж.ж. Орынбор кадет корпу- сын 35 қазақ бітірді. Оның алғашқы түлектері-сұлтан М. Тәукин, С. Жантөрин, Ш. Уәлиханов М.-С. Бабажанов болды. Қазақтар окыған оқу орындарының бipi Орынбор гимназиясы болды, 1868-1892 ж.ж. гимназияда 52 қазақ оқыды.
Осы кезеңде жоғары медициналық білімі бар алғашқы қазақ дәрігерлері шықты. Олар Қазан, Саратов, Томск, Мәскеу университеттерінде, сондай-ақ С.-Петербургтің әскери-медицина академиясы мен университетінде білім алды. Ә. Бөкейханов С.-Петербург Императорлық орман институтын 1894 ж. үздік бітіріп шықты. Ж. Ақбаев, Б. Қаратаев, С. Лапин, М. Шоқаевтар С.-Петербург университетінің заң факультетін бітірді, С. Жантөрин, Б. жэне О. Ниязовтар, С. Нұралыханов және басқалар С.-Петербург, Қазан, Томск, Мәскеу уни- верситеттерінің зан факультетінде жоғары білім алды.
1906 ж. С.-Петербург Жол қатынасы институтын М. Тынышбаев бітіріп шықты. X. Досмұхамедов С.-Петербург Императорлық әскери медицина академиясын 1909 ж. бітірді. Ә. Ермеков Семей гимназиясын, содан соң Томск технологиялық институтын, X. Ғаббасов Мәскеу университетінің физика-математика факультетін бітірген. Сонымен Ресей оқу орындары революцияға дейінгі кездің өзінде білімді адамдардың көбеюіне, әpбip халықтың ұлттық зиялыларының қалыптасуына жәрдемдесті.
Қазақ зиялыларының ең басты сіңірген еңбегі мынада: олар бүкілресейлік даму кезеңінің басталуын дер кезінде аңғарды, қазақ қоғамын ілгepi бастырудың амалдарын іздестірумен айналысып, бұл үшін бірінші орыс революциясы берген әлеуметтік және саяси бостандықтарды пайдаланды, халықты патриархаттық-рулық мешеуліктен арылтуға, патшалық езгіден азат етуге, оған білім мен прогрестің, мемлекеттік тәуелсіздік алудың жолдарын көрсетуге ұмтылды. Қазақ зиялыларының көшбасшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Ұлттық «Қазақ», «Қазақстан» газеттерінің, «Айқап», «Сарыарқа», «Абай» журналдары арқылы олар тек білім ғана өркениетті дүниеге жол ашады, қазақтардың ұлт ретінде сақталуына көмектеседі деп, қазақ халқын білім алуға шақырды.
Алаш зиялыларының ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұстанған бағыты ғылым мен білімнің көзі исламға бет бұру және оны жаңаша серпілту (жәдитшілдік) жолы еді. Қазақ даласына бұл жол қырым татарларының көрнекті ғалымы Ысмайыл Ғаспыралының (Исмаил Гаспринский) «Тәржімасы» арқылы таратылды деуге болады. Жәдитшiлдiк бағыт негiзiн салушы Шаһабуддин Маржани болғанымен, қазақ оқығандары И.Гаспринский еңбектерi мен оқулықтарын пайдалану арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет