дәріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дәріс. 20 ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы кеңестік реформалардың қайшылықтары мен салдары – 2 академ.сағ



бет12/16
Дата10.05.2023
өлшемі328,71 Kb.
#91531
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Дәрістер, 2023 (копия)

11-дәріс. 20 ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы кеңестік реформалардың қайшылықтары мен салдары – 2 академ.сағ.
Жоспары:

  1. Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақстан.

  2. Н.С. Хрущевтің «жылымық» жылдарындағы Қазақстан

  3. Л.И. Брежневтің «тоқырау» жылдарындағы Қазақстан

  4. Қазақтардың ұлттық санасының қайта өрлеуі: «Жас тұлпар» және басқа да бейресми ұйымдар, алғашқы қазақ диссиденттері.

  5. Экологиялық дағдарыс.

1. Соғыстан кейін, қираған экономиканы, халық шаруашылығын қалпына келтіру басты міндет болды. Ең бастысы жұмыс күшінің жетіспеуі болды. Себебі КСРО соғыста 27 млн адамнан айырылды. Соғыс жағдайына бейімделген ел экономикасын бейбіт жағдайға бейімдеу көп қиыншылықтар тудырды. Соғыс жылдары Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар азат етілген аудандарға қайта көшірілді. Сонымен қатар, Қазақстан соғыстан зардап шеккен өңірлерге материалдық көмек көрсетті. Жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында кәсіпорындар біртіндеп аяғынан тұра бастады. Теміртау металлургия зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сияқты алыптардың қуаты артты. Екібастұз көмір кендері мен Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктерінде жаңа кұрылыстар салынды. Ауыр өнеркәсіппен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің куаты артты.
Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда біраз шаралар қолданылса да, жұмысшылардың жалақысы азық-түлік сатып алуға жетпеді. Сол кездегі орташа жалақының көлемі 64 сом болды. 1946 ж. Кеңестер Одағының біраз өңірін аштық жайлады. Бұл туралы еш жерде айтылмады.
Партия мен үкiметтiң орталық және жергiлiктi орындары бұл ауыр халден шығу үшiн бiрнеше шара қолданды. Бірақ, ұсақ колхоздарды iрiлендiріп, оларды совхоздарға айналдыру күткен нәтиже бермедi. А/ш-дағы ауыр жағдайдан шығудың жолы, өндiрiс құрал жабдығын-жер, мал, техника т.б. жеке меншiкке беру едi. Бұл жолға ешкiм тәуекел ете алмады. Өйткені бұл 1940-50 жж. Сталиннің жеке басына табыну кезеңі еді.
Жеке басқа табынудың пайда болуының басты себебі-қоғамдағы билік тармақтарының түгелімен бір адамның қолына шоғырлануы. Жеке басқа табыну дегеніміз- жоғары лауазымды адамды асыра діріптеу, оның ролі мен міндетті қызметін шектен тыс жоғары бағалау. Оған тәңірдей табыну. Жек басқа табыну әр түрлі ауыр зардаптар әкелді. Жетекші күш-коммунистік партия болып, қоғамның барлық басқа буындары: кеңес мемлекетінің, кәсіподақтардың, кооперативтердің және т.б. ұйымдардың жұмысы коммунистік партияға бағындырылды. Қол жеткен табыстар Сталиннің кемеңгер басшылығына телініп, кемшіліктер мен сәтсіздіктер айтылмады.Осының бәрі Қазақстанның қоғамдық-саясси дамуын ауыр зардаптарға ұшыратты. Үкімет басшылары түрлі желеулермен мемлекеттік билікті теріс қолданып, өзгеше ойлайтын адамдарды қудалаудың жаңа науқанын ашты. Москвада “Дәрігерлер ісі” мен Ленинградта “Лениград ісі” жүргізіліп жатқанда Қазақстанда талантты тарихшы “Бекмахановтың ісі” ұйымдастырылды. 1940 жж. басында «Қазақ КСР-ның тарихын» Мәскеудің, коммунистердің идеологиясына сәйкес жазу басталып, оның «XIX ғ. 20-40 жж. Қазақстан» тарауын жазу Ермұқан Бекмахановқа тапсырылды. 1952 ж. Е Бекмахановтыың 25 ж. сотталуына себеп осы тараудағы «К.Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі» деген тұжырым еді. Оның еңбегінде К.Қасымұлы бастаған қозғалыстың «феодалдық-монархиялық қозғалыс» деп аталмай, «қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі» деп аталуы қазақ ғалымдарын қуғын-сүргінге ұшыратты. Республика басшылығы «ұлтшыл» Бекмахановты қатаң айыптай отырып, «ұлтшылдықты жөргегінде тұншықтырмаған», Қ.Сәтбаев басқарған Қазақ КСР Ғылым академиясыын аяусыз сынады. Нәтижесінде Бекмаханов қана емес, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілер Е.Ысмайылов, Қ Жұмалиев т.б. да «ұлтшылдар» ретінде сотталды. Ғылым Академиясының президенті Қ.Сәтбаев “Едіге батырға” алғысөз жазғаны үшін “ұлтшыл” атанса, М.Әуэзов Абайды “феодалдық ақындар Шортанбай, М Ж Көпеев ортасында суреттегені үшін” қудаланды. Екі зиялы осындай орынсыз кінәлардан кейін, Москваға қоныс аударуға мәжбүр болды.
Білім беру ісі тоталитарлық тәртіптің ықпалында болды. Партия, комсомол, пионер ұйымдары мен коммунист мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстады. 1950-1970 жж. қазақ мектептері 3891 ден 2577 ге дейін азайып, орыс мектептері бір жарым мыңға көбейді. Орыс тілі мемлекеттік тілге айналды. Кітаптардың 95% орыс тілінде басылып, теледидар 70% орысша сөйледі. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің аясы жылдан жылға тарылды. Сталиннің тұсында 2 млн. 700 мың қазақ қырылды, 130 мыңнан астам қазақ абақтыға жабылып, 25 мыңы атылды. 1953 ж. Сталиннің өлімімен ширек ғасырға созылған тоталитарлық дәуір аяқталды.
2. Н.С.Хрущевтің Кеңес Одағын басқарған 1953-1964 жж. тарихта “жылымық” деп аталып, басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі босаңси бастады. Қоғамдағы кеңес және қоғамдық ұйымдардың рөлі біршама өсті. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін туғызды. Кінәсіз сотталған адамдар лагерлерден босатылып, 1954 ж. Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов еліне оралды. К.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Кенебаев қайтадан партия қатарына алынды.
1957 ж. Н.Хрущев шаруашылық реформа енгiздi. Реформаның басты мақсаты бiр орталықтан басқарылатын жоспарлы экономикалық жүйенi өзгертiп экономиканы басқаруды жергiлiктi органдардың қолына беру болды. Ол үшін экономиканың салалары бойынша құрылған министрлiктердi, мемлекеттiк жоспарлау комиссиясын таратып жергiлiктi жерлерде әкімшілік-экономикалық аудандар құрылды. Оларда экономиканы басқаратын халық шаруашылық кеңестерi /совнархоз/ құрылды.
Қазақстанда облыстардың орнына 9 экономикалық-әкiмшiлiк аудан орнады. Бұл шараның нәтижесiнде шаруашлықты басқару жергiлiктi жердiң қолына өттi. Бұл әрбiр кәсiпорынның, әрбiр районның экономикалық ынтықтығын арттыруға, сөйтiп ел экономикасын дамытуға мол мүмкiндiк ашты. Осы реформаның нәтижесiнде 5-6 бесжылдық жоспар орындалды.
Әйтсе де, Н.С.Хрушев пен оның төңірегіндегілердің Сталиндік тәртіпті сынға алуы үлкен ерлік болғанымен, олар әбден орныққан әміршіл-әкімшілдік жүйені толық жойған жоқ. Әлі де кінәсіз соталған адамдар түрмелерде қалды. Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтандақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылды, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелерді Мәскеу шешті. Осы жылдары орыс тілінің рөлін ұлтаралық тіл ретінде көтеру мәселесі өте маңызды болды. Коммунистік идеологияны басшылыққа алған Н.С.Хрущев республиканың барлық өміріне тікелей араласты. Шымкент облысының Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары Өзбекстанға берілді. Тың өлкесінде 6 облыстың өлкелік партия комитеті біріктіріліп, тікелей Мәскеуге бағындырылды.
Соғыстан кейiнгi жылдары Кеңес Одағының, соның iшiнде Қазақстанның ауыл шаруашылығының артта қалуы 50-жж. басында, әсiресе, егiншiлiк саласында ерекше сезiле бастады. Кеңес Одағы өз астығымен халықты қамтамасыз ете алмады. Жетпегенiн шет елден сатып алды. 1954 ж. көктемде КОКП Орталық Комитетi нан тапшылығын жою үшін, Қазақстан, Сiбiр, Едiл бойы, Солтүстiк Кавказда тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешiм қабылдады. Астық мәселесін шешудің теориялық тұрғыда екі бағыты болды:
1.Интенсивтік бағыт – экономиканы реттеудің нарықтық қатынасына көшу. Бірақ та бұл социализм идеологиясына қайшы келетін еді.
2. Экстенсивтік бағыт – астық өнімін жаңа жерлерді жырту, тың жерлерді игеру арқылы арттыру жолы. Азық-түлік мәселесін шешуде Кеңес үкіметі осы екінші жолды таңдады. Қазақстан басшылығы бұл бастаманы қолдай қоймады. Осыған байланысты, 1954 ж. Қазақстан КП ОК 1-хатшысы Ж.Шаяхметов пен 2-хатшысы Л.Афоновтың орындарына Мәскеуден Р.Пономаренко мен Л. Брежнев келді. Үш айдың ішінде тың өлкесіндегі 6 облыстың қазақ басшыларының орнына орыстар келді. Ал үкімет басындағы Н.Оңдасыновтың орнына Д.А.Қонаев келді. 1955-57 жж. Л.И.Брежнев бірінші басшы болды.
Тың игеру барысында тағайындалған басшылар қазақ тарихын, ұлттық табиғи ерекшеліктерін білмейтін. Сондықтан науқан нәтижесі экологиялық, демографиялық, рухани зардаптар алып келді. Тек бір жыл ішінде (1954-1955) Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа 337 совхоз құрылды. 1954-1955 жж. Кеңес Одағы бойынша 29,7 млн га, оның ішінде Қазақстан бойынша 18 млн га, жер жыртылды. Тың игерудің қорытындысы-сол уақытта Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз етудің шешілуі.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің зардаптары да болды. 1960 жж. қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 млн жер жел эрозиясына ұшырады. 1954-1962 жж. аралығында тың игеру үшін Қазақстанға КСРО-ның тек еуропалық бөлігінен 2 млн адам әкелінді Республикада қазақ халқының үлесі 30%-ға дейін төмендеп, ұлттық тіл, салт-дәстүрдің жойылып кетуі қаупі туды.Тың игеру кезiнде Қазақстанннан тыс жерде өмiр сүрiп отырған қазақтарды шақыру туралы қазақ зиялыларының пiкiрі ескерiлмедi. Тың игеруге 1,3 млн басқа ұлттың адамдары келдi. Орталықтан келген 25 мың басшы қызметкер, 1,5 мың мұғалiм жергiлiктi кадрларды ығыстырды. Жергiлiктi қазақ мектептер жабылды, мектептер жаппай орыс тiлiнде оқытты. Қазақ тiлiндегi газеттер жабылды. Мұндай көрiнiстерге интернационализм мен ұлттар достығының белгiсi, Қазақстан ұлттар достығының лабораториясына айналды деген лепiрме баға берiлдi. Осылардың салдарынан қазақ халқы өз республикасында азшылыққа айналды. 1959 ж. санақта республика халқындағы қазақтардың үлес салмағы /табиғи өсуi жоғары болса да/ 30 пайызға түсiп қалды. 1962 ж. Н.Хрущевтың бастамасымен солтүстік облыстар тың өлкесіне біріктіріліп, Ақмола қаласы Целиноград деп өзгертілді.
Сонымен «Хрущев онжылдығы» (1953-1964 ) бір жағынан, ХХ съездегі «Жеке басқа табыну мен оның зардаптарын жою туралы» қаулы қабылдап, саяси өмірді демократияландыру саясатымен ерекшеленсе, екінші жағынан, валюнтаристік және субъективтік шешімдер арқылы экономиканы экстенсивті жолмен дамыту әрекетімен тарихта қалды. Н.Хрущев қалыптасқан жүйені, яғни социализм жүйесін өзгерте алмады.
3. Н.Хрущевтың асығыс шешімдер қабылдауға бейім тұруы және тоталитарлық жүйені демократияландыруға мүлде мән бермей, өз пікірін шұғыл түрде қабылдаттыруға бейімділігі партиялық басшылықтың өзін де мезі етті. Нәтижесінде 1964 ж. КОКП ОК қазан айында откен Пленумында 11 жыл (1953-1964) КСРО-ның бірінші тағын иеленген Н.С. Хрущевты партияның ОК-ң бірінші хатшылығынан босатып, орнына Л.И. Брежнев, ал Министрлер Кеңесінің төрағасы болып А.Н. Косыгин тағайындалды. Жаңа басшылар созылмалы кеселге ұшыраған әлеуметтік экономиканы сауықтыруға кірістi.
Шаруашылық салаларында реформалар жүргізіліп, кәсіпорындардың өз еркімен дамуына, шаруашылық eceптi дамытуға, экономиканы дамыту үшін материалдық жағынан ынталандыруға көңіл бөлінді. Ауылшаруашылығының берік негізін жасау, жоспарлауды жақсарту, колхоздар мен совхоздарда шаруашылық есепті енгізу, еңбекшілердің материалдық және моральдық қызығушылығын ұштастыру міндеттері қойылды.
Бұл реформаның нәтижесі жоғары болды. 8- бесжылдыкта (1966-1970) халық шаруашылығы жоспарлы экономикаға көшкен кезден бері алғаш рет ең жоғарғы көрсеткішке жетті. 8- бесжылдықта өндіріс күші жоғары қарқынмен дамыды. Қазақстан Одақ бойынша көмір өндіруден, қорғасын қорытудан алға шықты. Мұнай өндіру, химия өнеркәсібінің маңызы артты. Кен орындары, жаңа өнеркәсіп аудандары ашылды. Бесжылдықтың соңына қарай 445 ірі өнеркәсіп орындары мен цехтар ашылып, зауыттар мен фабрикалар қайта жабдықталды. Қазақстанда минералды тұз, синтетикалық каучук, химия өндірістері кеңейді. Қарағанды металл зауыты сапалы шойын, мыс өндірді. Қазақстан фосфордың бүкілодақтық өнімінің 90 %-ын, фосфаттың 40 %-ын, мыс, мырыш, қорғасынның 70 %-ын берді, хром өндіруден КСРО бойынша 1- орын, ал көмір, шойын және марганец өндіруден 3- орынды иемденді.
Алайда, жетістіктерге қарамастан 60-ж.ж. 2-жартысындағы экономикалық реформалар сәтсіз аяқталды. КОКП ОК-ң 1- хатшысы Л.И. Брежнев басқарған басшылық өткеннен сабақ алмады. Партиялық басшылықтың сөзі нақты ісіне қайшы келіп жатты. Билік бәрін жоғарыдан отырып шешуге әуестене тусті. Осының салдарынан ауылшаруашылығына, өндіріске қатысты қаулы-қарарлар бұрынғысынша әкімшіл-әміршіл сипатта қала берді. Жұмыстың барлық саласында жасандылық, козбояушылық, артық жазу тән бола бастады. Кеңестердің ролі күрт төмендеп кетті.
Халықтың ынтасы сарпылды, жалаң уәделерден әбден жалықты. Жеке адамның басына табынушылықты енді оның қызмет орнына табынушылық алмастырды. Осылайша 60-ж.ж. ортасында басталған экономикалық реформаның, қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған бастапқы идеялары, 70-ж.ж. басында бұрмаланып, тоқтатылды да, тарихымыздағы тоқырау кезеңі басталды.
«Тоқырау» кезеңі дейтін, 1965-1985 ж.ж. аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогресске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен алға басты. Мемлекеттің және кәсіпорындардың бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуі, ақы төлеудегі теңгермешілік халықтың тұрмыс жағдайын төмендетіп жіберді. Әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға қаржы бөлудің «қалдықтық» принциптері қалыптасты, бұл салаға өндірістік мақсаттардан артылған қаржы ғана бөлінді. Әлеуметтік мәселелерге «кереңдік» пайда болды. Халыққа тегін медициналық, көмек пен жоғары білім беріліп отыр деп айтылды. «Тегін» деген сөз кеңестік насихатта белсенді қолданыста болды. Ал шын мәнінде «тегін» көмек мемлекетте еңбекақыны толық төлемеу есебінен іске асырылып отырды.
Ұлттардың өзін-өзі билеуі өмірлік тәжірибеде ұмыт болды. Бұл жылдары интернационализм түсінігі жаттанды идеологиялық құрсауда болды. Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы шешіге болдады деп пайымдалды. 20-ғ. 70-80 жж ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көп дәріптелді. Орыс мәдениетінің ролі асыра бағаланды. Интернационализмді дұрыс түсінбеу Қазақстанда тіл саясатында тек ұлтаралық қатынас тілін ғана қолдап, ұлт тілі туралы үндемей қалуға әкеп соқты. Республикадағы қос тілділік жүзеге аспады. Қазақтардың 60%-ы орыс тілін меңгерсе, орыстардың 1-ақ % -ы қазақ тілін үйренуге тырысты.
Сонымен, «тоқырау» өмірдің барлық салаларында: экономикада, идеологияда, адамдар арасындағы қарым-қатынаста орын алды.
4. 1970 ж.ж. биліктің нақты тұтқалары партиялық-мемлекеттік аппарат шеңберіне шоғырланды, ол басқарудың барлық мәселелерін шешіп, кеңес пен шаруашылық органдарын өз құрсауына алды. Демократияны шектеу, енбекшілерді меншіктен және биліктен айыру (шеттету), жеке адамға қысым жасау-кеңес қоғамының саяси жүйесіне тән еді. Сөз бен істің, қабылданған шешімдер мен олардың орындалуындағы алшақтықтар кеңес адамдарын селсоқтық пен керенаулыққа душар eттi. Күшейе түскен әлеуметтік масылдық пен маскүнемдіктің негізінде халықтың едәуір бөлігі азып-тоза бастады.
Азаматтық құқықтарды жаппай бұзу, билік басындағылардың жауап- сыздығы, халықты мемлекетті басқарудан шеттету төзімсіз болды. Кеңестік басқарудың сипатына саясаттанушы, диссидент Абдурахман Авторханов катаң баға берді, ол КСРО-да кеңес билігінің болмағанын, ал өзін «Кеңес билігі» деп атаған: КОКП, МҚК (КГБ) және Қарулы Күштердің диктату расына негізделген, жұртшылықтың бақылауынан тыс, халыққа есеп бермейтін режимнің қолданылғанын айтты.
Интернационализмді ресми жариялаған партия комитеттері ұлттық қадір-касиеттің, бұрынғы тарихқа, тілге қызығушылықтың кез келген көрінісін ұлтшылдық ретінде қарады. Тың және тыңайған жерлерді игеруде Қазақстанда орыс тілді халықтың басымдылығын орнықтырды, қазақтардың арасынан шыққан жігерлі бас- шылар түрлі себептермен басшы қызметтерден ығыстырылды. Осы кезеңде биліктің қудалау мен қуғын-сүргін саясатында Сталиннің кезіндегі жеке адамдарды тікелей жою емес, оларды интеллигенция, студент жастар, жұмысшылардың үлкен жиналыстарына салып, КОКП қатарынан шығару, жұмыстан босату, айдарлар тағу сияқты жазалар қолданылды. Атап айтканда, Қ. Сәтбаев пен М. Әуезов осындай жоспарлы қудалауға ұшырады.
Ұлт саясатындағы бұрмалаушылықтар халық арасында, әсіресе, зиялылар мен жастар арасында түрлі наразылықтар туғызды. Кеңестік жүйе оларды барынша жасырып, бүркемеледі. Осылайша, Теміртаудағы толқу, тәртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды. 1963 ж. Мәскеуде оқитын қазақ жастарының бір тобы А. Қадыржанов, Б.Тайжанов, С.Ақатаев, М.Тәтімов, М.Ауэзов бас болып 1966 жылға дейін жұмыс істеген “Жас тұлпар” атты ұйым құрды. Мақсаты-қазақ жастарының ұлттық санасын ояту. «Жас тұлпар» тобының мүшелері ұлттық автономияның (дербестіктің) ауқымын кеңейту, республикалардың мәртебесін арттыру идеяларын ұсынды. Мәдени-ағарту жүмысын жүргізу мақсатымен «Жас тұлпардың» жақтастары ауылдарды аралап, саяси тақырыптарға сұхбаттар өткізді. Дербес бейресми топтарды ұлттық республикада құру фактісі, партия комитеттері мен арнайы қызметтерді қатты алаңдатты. Қазақстанның жоғары партиялық басшылығы оны тарату жөнінде «жан-жақты» шаралар кабылдады. Саяси райдың жылынуына байланысты билік бұл жолы жұмсақ шаралармен ғана шектелді, оларды сынға алып, ақсақалдар тарапынан (С. Мұқанов) cөгic берді. Студенттер тікелей қуғын-сүргінге ұшыраған жоқ, бірақ олардың аты-жөндері арнайы қызметтердің есебіне тіркелді.
Қарағандыда жасырын «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы»), Павлодарда-«Жас ұлан» партиялары құрылды. Бұл ұйымдардың мақсаты қазақ тілі мен мәдениетін қорғау, республиканың аумақтық тұтастығын талап ету болды. Көп ұзамай олар әшкереленіп, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті арқылы қудаланып, таратылды. 1973-1974 ж.ж. КазМУ-дің студенттері арасында «Сарыарқа» тобы құрылды, олар Қазақстанның мәртебесін көтеруді, тілді және ұлттық мәдениетті қайта өркендетуді көздеді, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, жасырын үндеухаттар таратты. МҚК (КГБ) оларды таратып, басшыларын жазалады. Кейбір мәліметтер бойынша, 70-ж.ж. жастардың 20-ға жуық осындай ұйымдары Ленинградта, Киевте, Одессада, Ақмолада, Семейде, Шымкентте болған.
Кеңес қоғамының дамудың даңғыл жолына түcyi мен КСРО-да ұлттық мәселенің шешілгені туралы тезис әcipece 1979 ж. өткip сынға ұшырады. Ұлттық саясаттағы өрескел олқылықтар, кеңес халықтарын интернационализмнің әcipe ұрандарымен ассимиляциялау және орыстандыру көптеген азаматтардың ашу-ызаларын туындатты. Бірақ, санаулы адамдар ғана наразылықтарын ашық айтты. КОКП-ің ұлттық және әлеуметтік саясатын ашық сынға алған жоғары оқу орынының оқытушысы, философ Махмет Құлмағамбетов болды. Оған КСРО-дағы мемлекеттік және коғамдық құрылымды ғайбаттайтын антисоветтік (кеңеске карсы) пікірлер айтқан, КОКП-ға, оның басшыларына және КСРО-дағы мемлекеттік саясатқа қарсы өсек-аяң таратқан, зиянды ұлттық пікірлер айтып, буржуазиялық елдердегi өмірді, олардың демократиясын, мемлекеттік құрылымын, АҚШ-тың капиталистік өндipici мен экономикасын мадақтғган деген айыптар тағылып, 10 жылға сотталды.
Пікірлepi мен көзқарастары үшін айыпқа тартылған келeci диссидент Хасен Қожахметов болды. 1977 ж. қараша айында X.Қожахметов Кеңестік мемлекеттік және коғамдық құрылысты ғайбаттайтын, әдейі жалған пікірлердi таратканы үшін eкi жыл бас бостандығынан айырылды. X.Қожахметов 1987 ж. 22 сәуірде 1986 ж. желтоқсан окиғаларына белсенді қатысканы үшін екінші қайтара сотталды.
Қазақ халқының оппозипиялық көңіл күйі 1979 ж. Целиноградта (Акмола) және 1986 ж. желтоқсан күндерінде барынша өткір көрінic тапты. Осы окиғалардың өрбуіне қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық, және әcipece ұлттық арман-мүдделерін көп жылдар бойы елемеу, проблемаларды күш қолдану әдісімен шешу түрткі болды. Ақмоладағы окиғаларға КОКП ОК Саяси бюросының 1979 ж. 31 мамырдағы «Неміс автономиялы облысын құру туралы» қаулысы себеп болды. Мәскеу Қазақстанның пікірін керек те қылған жоқ. Автономия құру туралы шешім жергіліктi халықтың наразылығын туғызды. 1979 ж. 16 жэне 19 маусымда қалада қолмен жазылған үндеухаттар таратылды. Сол күндерде негізінен қазақ жастары митинглер мен демонстрапиялар өткізе бастады. Олар «Қазақстан біртұтас және бөлінбейтін ел» деген ұран тастады. Неміс халқының намысына тиетін үндеулер де болды: «Ата-бабаларымыздың жерін фашистерге бермейміз», «Барлық немістер Ciбіргe айдалсын» деген ұрандар бірқатар жастардың саяси мәдениетінің төмен деңгейін көрсетті. Көп ұзамай толқулар саябыр тартып, тыйым салынды, ал неміс автономиясын құру туралы шешім кейінге қалдырылды. Шеруге қатысушылардың кeйбipeyi әкімшілік жолмен жазаланды.
Сонымен, қазақстандық қоғам Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезден бастап, 80-ж.ж. аяғына дейін шиеленісті және тартыстарға (дау-жанжалдарға) толы жағдайда болды. Н. Хрущев пен онын жақтастары қолға ағган сталиншіліктен арылу және саяси режимді біршама ырықтандыру жүйені өзгерте алмады. Кеңес eлi таптық үлгілердің және «жарқын болашақ» орнатудың тар ауқымында өмір сүрді, тоталитарлық жүйе азаматтардың ажырамас құқықтарын таптады: адамдардың сенім, ар-ождан, дін тұтыну, митинглер, шерулер, демонстрациялар өткізу еркіндіктері мақұрым қалды.
5. Кеңестер Одағында 1950-80 ж.ж. индустриялық дамудың, кәсіпорындардың көптеп салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орны толмас зиян келтірілді. 1950 жылдардан бастап Қазақстан нақыз экологиялық апат аймағына айналды. Семей облысында орналасқан атом палигоны әлемдегі өзі тұрпаттас әскери объектілердің ішіндегі ең ірілерінің бірі еді.
Семей полигонында 1949-1963 ж.ж. аралығында ауада қуатты әр түрлі 113 ашық жарылыс жасалған. 1964 жылдан 1989 жылдың 19 қазанына дейінгі аралықта қуаты 150 килотоннаға дейін 343 жерастылық жарылыс жасалған. Кеңес еліндегі ядролық қару сынақтарының 70%- ға жуығы Семей полигонында өткізілді, қазақ жерінде ядролық қалдықтарды көметін орындардың саны 300-ге жетті.
Сынақ жарыстары Қазақстан жері мен халқына ауыр зардаптар тигізді. Полигондар ең алдымен өздері орналасқан жерді тоздырды. Ол жердің ауа райы өзгеріп кетті. Аң мен құс басқа жаққа тауып кетті. Адамдар жан түршігерлік жағдайда болды.
Семей өңірінің және онымен іргелес жатқан Қарағанды, Павлодар, Өскемен облыстарының тұрғындары арасында қатерлі ісік, қан аурулары, жүйке дертіне ұшырау, өзіне-өзі қол салу, тері аурулары жиіледі. Балалар өлімі, бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі, іштен мүгедек болып туу, өлі туу құбылыстары да көбейіп кетті.
1989 ж. құрылған «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы бойынша 1990 ж. мамырда Алматыда әлемдегі барлық антиядролық қозғалыстардың барлық ядролық державаларда қаруды сынауды толық тоқтату мақсатымен «Дүниежүзінің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген халықаралық конгресс өткізілді.
Қазақстанда атом қаруын сынауды тоқтату үшін республиканың тәуелсіздік алуының шешуші маңызы болды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясында республика территориясында ядролық және жаппай қырып – жоятын қару түрлерін жасау және сынау толық тотатылатыны туралы мәлімделді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 ж. 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы өкімге қол қойды. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ-тың, Францияның полигондарына мораторийлар жарияланды.
Айрықша экологиялық жағдай Арал теңізі бойындағы аудандарды да қамтыды. Арал теңізіндегі Сырдария мен Әмудария суларын мақталы алқаптарға пайдаланды. Осының салдарынан теңіз суы 15 метрге төмендеп, көлемі 54%-ке азайды. Жағалаулы оңтүстік пен шығысқа қарай 60-120 км кейін шегінді. Теңіз түбі 25 мың кв километрге тартылды.
Мұның бәрі аймақтағы экологиялық және санитарлық-эпидемиялық жағдайын біршама нашарлатты. Бірден жұқпалы аурулар көбейді, әсіресе іш сүзегі, сары ауру, туберкулез бен онкологиялық аурулардың саны көбейді.
1970-1990 ж.ж. Арал жағалауында жалпы өлім саны көбейді. Туылған 1000 баланың 40-60-ы өлімге ұшырады. Ал, аналар өлімі жалпы одақтық көрсеткіштен 46 есе артық болды. Бұрын балық шаруашылығымен айналысып келген мыңдаған адамдар жұмыстан айрылды. Елді мекендер қаңыран бос жатты. Халық тұрмысы мейлінше нашарлады.
Экологиялық дағдарыстың қатты шиеленісуі ірі кәспорындар шоғырланған Алматы, Қарағанды, Шымкент, Жамбыл, Өскемен, Теміртау тәрізді қалаларда да көрініс берді. Оның себебі, зауыттарда, фабрикаларда, кен орындарында көп жылдар бойы технологиялық үрдістер жаңартылмады, табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалану ескерілмеді. Өндірістік зиянды қалдықтарды суға, ауаға, топыраққа араластыруға тосқауыл қойылмады, қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын мекемелер мен қоғамдық ұйымдарға көмектесу, оларға қаржы бөлу істері тыңғылықты жүргізілмеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет