дәріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дәріс. Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы – 2 академ.сағ



бет14/16
Дата10.05.2023
өлшемі328,71 Kb.
#91531
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
13-дәріс. Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы – 2 академ.сағ.
Жоспары:
1.Тәуелсіздікті жариялау қарсаңындағы Қазақтандағы қоғамдық-саяси жағдай
2.«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы.
3.Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы
4.«Қазақстан-2030» Стратегиясы.Қазақстан астанасының көшірілуі. «Қазақстан-2050» Стратегиясы.
5.Экономикалық дамудың қазақстандық үлгісі.

1. Кеңес елінің басшылары коммунистік утопияны іске асыруда бір-бірімен жарысып, сынақ алаңындағы сияқты шетсіз-шексіз эксперименттер жүргізді. Әрбip жаңа басшысы билікке келе сала өзіне дейінгі қателіктер мен асыра сілтеушілікті еңсеру үшін белсенді «жаңашылдықпен» жұмысқа кірісті. Бірақ, осы бастамалардың бәрінің өзекті желісі «социализмді жетілдіру» болатын. 80-ж.ж. аяғына дейін идеологиялық касаң қағида мен саяси төзімсіздік «кеңестік үлгінің» қандай да болмасын орынды баламасын жоққа шығарды.


М. Горбачев бастаған Мәскеудің жаңа командасының «қайта құру» деген кезекті жобасы да «социализмді жетілдіру» тұғырында жасалды.
Жариялылық саясаты кезінде көптеген цензуралық тыйымдар жойылды, жаңа газеттер мен журналдар шығарыла бастады, бұрын жариялануға жатпайтын ақпарат тізімі қайта қаралды. Әуелi бүкілодақтық журналдар мен газеттер, онан соң қазақстандық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ленинская смена», «Простор», «Горизонт», «Арай-Зерде» басылымдар КСРО-дағы 1930 ж.ж. қуғын-сүргін, басқаша ойлайтындар мен саяси оппозицияны басып-жаншу, ұлтаралық проблемалар сияқты бұрын мүлде жабық болған көптеген тақырыптар жариялап, Қазан революциясына, Азамат соғысы мен Отан соғысына, большевиктер-В. Лениннің, И. Сталиннің, Ф.И. Голощекиннің т.б. істеріне жаңаша берілген бағалар пайда болды.
1988 ж. халықтың қысымымен Қазақстан Компартиясы ОК-і жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиевті саяси, азаматтық тұрғыда ақтады. Қалың ел қазақ әдебиетінің жарқын өкілдерінің шығармаларымен танысуға мүмкіндік алды. 1989 ж. ақпанда О. Сүлейменовтың бастамасымен «Невада-Семей» қозғалысы дүниеге келіп, Семей полигонында ядролық қаруды сынауды тоқтатуды талап етті. «Невада-Семей» Қазақстандағы ең ауқымды, бұқаралық қозғалыс болды және оны өкімет орындары қолдады. Осы кезде Қазақстанда «Әділет», «Мемориал» т.б. қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар пайда болды. 1991 ж. қыркуйекте Қазақстан Коммунистік партиясының кезектен тыс XVIII съезінде, ҚКП-сын Қазақстан Социалистік партиясы деп атау туралы шешім қабылданды. 1991 ж. қазанда Қазақстан Халық Конгpeci партиясы, «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Мұның бәрі қоғамды демократияландыру және әлеуметтік тұрғыдан өзгертуге карай эволюциялық кадам еді. 1990 ж. көктемде сайланған Жоғарғы Кеңес, өзін-өзі таратқан 1993 ж. желтоқсанға дейін жұмыс істеді. Оның жасақталуында кеңестік жүйенің «таңбасы» болғанымен, бұл Қазақстанда парламентаризмнің дамуы жолында ілгepi жылжу болды.
1990 ж. cәуірдe Президент қызметі құрылды. Жоғарғы Кеңестің сессиясында H.Назарбаев Президент болып сайланды. 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР-ің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының қабылдануы және президенттік институттың енгізілyi, республика басшылығының тәуелсіздікті орнату, егемендікті корғау және мемлекетті саяси-экономикалық дағдарыстан алып шығу үшін уақытында жасаған қадамы болды. Президент Н. Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы, Ұлы Отан соғысына катысушылар және оларға теңестірілгендерді әлеуметтік қорғау туралы жарлықтары, 1986 ж. Желтоқсанға байланысты комиссияның құрылуы Қазақстандағы демократиялық өзгерістердің көрсеткіштеріне айналды. Сонымен, 1990-91 ж.ж. оқиғалар Қазақстанның шынайы егеменді мемлекет құруға ерекше құлшыныспен жақындай түскенін көрсетті.
2. Кеңес Одағының ыдырауын тездеткен «тамыз бүлігі» 1991 ж. күзінде КСРО құрамында болған одақтас республикалардың тәуелсіздігін жариялауына себеп болды. 1991 ж. желтоқсанынан жартылай президенттік республиканың алғашқы қадамдары басталды. Президенттік басқару формасының қалыптасу кезңі 1990 ж. сәуірінен 1991 ж. желтоқсаны аралығын қамтиды. 1991 ж. 1 желтоқсанда, бүкілхалықтық сайлауда Қазақстанның Президенті болып Н. Назарбаев сайланды. «Социалистік» кезеңнің аяқталуы, мемлекет атауын өзгертуд1 талап етіп, 10 желтоқсан күні Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы заң қабылданды. 1991 ж. 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Тәуелсіздік туралы Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық жэне құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз аумағында өкімет билігін толық иемденуге, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды.
Бастауын мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудан алатын Конституциялық Заң республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Онда ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық, билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық, қағидаттар көрініс тапты. Қазақ халкының ғасырлар бойы аңсаган арманы орындалды. Бұл тарихи оқиға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдарға созылған күресінің заңды қорытындысы болды.
Заңның екінші тарауында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатысына, шыққан тегі, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, тұрған жеріне қарамастан құқығы мен міндеткерліктерін бірдей пайдаланатындығы көрсетілген. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары үшінші тарауда анықталғандай, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып жүзеге асырылады.
Төртінші тарауда Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздеріне анықтама берілген. Тәуелсіздік жағдайында меншіктің барлық түрлеріне негізделген дербес экономикалық жүйенің болатындығы атап көрсетілген.Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, табиғи байлықтары, экономикалық және ғылыми-техникалық, мүмкіндіктер Республиканың меншігі болып табылады.
Бесіншіі тарауда Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың мүшесі болып жарияланғаны айқындалады. Ол халықаралық құқықтың субъектісі болып табылады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіре алады және олардың қызметіне қатысады. Сыртқы экономикалық мәселелерді өз бетінше шешеді.
Алтыншы тарауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік кауіпсіздігін қорғау мәселесі қозғалады. Өз тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын сақтау мақсатында, республика өзінің Қарулы Күштерін құру құқығына ие болды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның қабылдануы жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігін бекітті. Сонымен бірге, сыртқы әлемнің елімізді тануына қол жеткізді. Қазақстан Республикасын алғашқылардың бірі болып Түркия, онан соң АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Венгрия және т.б. мемлекеттер мойындады. 1992 ж. аяғында оны 108 мемлекет тәуелсіз ел ретінде қабылдады.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алдында үлкен міндеттер тұрды. Олар - ең алдымен, елдің ішкі жағдайында мемлекеттің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, көп ұлтты елдің бірлігін сақтайтын мүмкіншіліктердің бәрін пайдалану еді. Ал сыртқы саясаттағы басты міндеттер - бүкіл дүниежүзі елдерімен байланыстарды одан әрі дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық соғысты болғызбау. Республика басшылығы халықты осындай аса маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағыттады.
3. Қазақстанның егемендігінің қалыптасуын бірнеше кезеңдерге бөлуге
болады. Ол - 1989-1990 жж., бір жағынан, әлеуметтік-экономикалық
дағдарыстың тереңдеуімен, екінші жағынан, саяси қайшылықтарды шешуде одақтық басшылықтың дәрменсіздігімен ерекшеленді. Осы уақытта Қазақ КСР-ның «Тіл туралы» Заңы қабылданды, Қазақ елінде президенттік басқару институты енгізілді. Келесі кезең - ол Қазақ КСР-ның 1990 ж. 25 қазанда егемендік туралы Декларация қабылданған күнінен 1991 ж. желтоқсанда Кеңестер Одағының ыдырауына дейінгі уақыт. Бұл кезеңге ел басшылығының экономикалық еркін даму жолында белсенділік көрсетуі, әр түрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың, ұлттық-мәдени орталықтардың құрылуы тән болды. Одан кейінгі кезең 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Заңның қабылдануынан 1992 ж. соңына дейін созылды. Бұл кезеңде Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады, Қазақ елінің ортақ азаматтығы белгіленді, тәуелсіз нарықтық экономикалық жүйе, қаржы-несие, салық және кеден қызметі енгізілді.
1992 ж. 4 маусымда мемлекеттік Ту, Елтаңба, Қазақстан Республикасының Әнұраны бекітілді. Мемлекеттік рәміздер - мәдениет пен тарихтың айнасы, ол азаматтардың ұлттық санасын оятуға қызмет етеді. ҚазақстанРеспубликасының мемлекеттік Туының авторы - Ш. Ниязбеков. Елтаңбаның авторлары - Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Мемлекеттік Әнұранның әнін жазғандар М. Телебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди; сөзін жазғандар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева болды. 2006 ж. қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны қабылданды. Ол бұрыннан қазақстандықтардың ресми емес әнұранына айналып кеткен «Менің, Қазақстаным» әні еді. Сол себепті де оны Қазақстан парламенті бірауыздан ресми Әнұран ретінде бекітті. Әнұранның сөзін жазғандар Ж. Нәжімеденов пен Н. Назарбаев, әнін жазған Ш. Қалдаяқов. Осындай тарихи өзгерістердің ішінде егеменді мемлекетіміздің маңызды оқиғаларының бірі - Президент Н.Ә. Назарбаевтың 1993 ж. 12 қарашада «Ұлттық валютаны енгізу» туралы жарлығы шығып, соған байланысты еліміздің аумағында заңды төлемақы түрі ретінде ұлттық валютамыз - теңге енгізілді.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдары басты көңіл аударған мәселелердің бірі - елдің шекаралық қауіпсіздігі. Шекара-мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырым. Соның ішінде Қырғыз Республикасымен шекарасы шамамен 1050, Ресеймен 7,5 мыңнан астам, Түркменстанмен 400, Өзбекстанмен 1660 шақырымға созылып жатыр. 2005 ж. 18 қаңтарда 7591 шақырымды құрайтын әлемдегі ең ұзын, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы сызықтары белгіленді және мойындалды. Бұл жылдары 1718 шақырымдық Қытаймен арадағы шекара мәселелері реттелді. Тарихта тұңғыш рет біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді.
1991 ж. Беловеждегі Ресей, Украина, Беларусия басшыларының кездесуі, Кеңес Одағы мен біртұтас қарулы күштерінің бөлінуін жылдамдатқан тұста, Н.Ә.Назарбаев республиканың тәуелсіздігін, аймақтық тұтастығын, қорғаныстық және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен 1991 ж. 25 қазанында «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлық жариялады. 1992 ж. 7 мамырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Осы күні ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес Қазақстан Армиясы құрылды. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кірді.
Қазақстан Республикасының 1993 ж. Конституциясы мемлекеттің тәуелсіздігін заңды түрде рәсімдеді, халықаралық қауымдастыққа Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде танытты, қоғамға жаңадан енген кейбір институттарды қоғамдық, саяси және құқықтық салаларда бекітті, сөйтіп сол кезеңдегі үш негізгі міндетті шешті. Бірақ, 1993 ж. Конституцияның Қазақстандағы шынайы әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерден алшақтығы халықтың тіл мәселесі, меншік нысандары, жерге, азаматтыққа, қатысты сәйкессіздіктер туғызды. Бұл заңда атқарушы және заң шығарушы биліктердің арасындағы келіспеушіліктерді шешетін тетіктер болмады. Әсіресе, мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы қайшылық күшейе түсті. 1993 ж. Конституция бойынша Қазақстан парламенттік республика еді. Өкілеттілігі аса мол Жоғарғы Кеңес (яғни парламент) президентке мемлекет басшысы ретінде тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Жоғарғы Кеңес президент Назарбаевтың саясатына қарсы тұрды. Осындай саяси дағдарыс 1995 ж. парламенттің тарауына алып келді.
Осыған байланысты Н.Ә. Назарбаевтың саясатын жүзеге асыруға қолдау көрсетететін құқықтық негіз қажет болды. Сөйтіп, 1 наурызда Президент жарлығымен Қазақстан халқының ассамблеясы құрылып, ол Президент Н. Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту үшін 1995 ж. 29 сәуірде референдум өткізуді ұсынды. Алайда, ел президенті билігін Конституциялык негізде күшейту керек еді. Ал бұл жаңа Конституцияны кабылдауды кажет етті.
Сонымен, 1995 ж. 30 тамызда қабылданған ҚР Конституциясы бойынша Қазақстан Республикасы демократиялық, унитарлық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет. Басқару нысаны бойынша Казақстан мемлекеті президенттік республика болып анықталды. Қазақстанның негізгі демократиялық қағидалары-адам құндылығы, адам құқығы мен бостандықтары, идеологиялық және саяси әр алуандылық (плюрализм) заң алдындағы теңдікке негізделді.
Конституциядағы Президенттік басқару нысаны мынадай мүмкіншіліктер алумен ерекшеленді:
- Президент - мемлекет басшысы.
-Үкімет өзінің бүкіл кызметінде Президент алдында жауап береді.
- Президент үкімет мүшелерін тағайындайды.
- Президент Парламентті тарата алады.
- Президент Карулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы.
Осындай билік тұтқасына ие болған Қазақстан Президенті, республика моделін тандап алу арқылы дағдарысқа тірелген елді посткеңестік экономикалық және саяси бейберекетсіздіктер мен шырғалаңдардан құтқарып, өтпелі дәуірдің алғашқы, аса қауіпті сатыларынан аман алып шықты.
1995 ж. Конституция мемлекеттік басқару жүйесі, меншік, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты міндеттерді жаңаша шешті. Жоғары өкілді, заң шығарушы орган-екі палаталы Парламент құрылды. Парламенттің жоғары палатасы төменгі палатаның «бұқара халық талаптарына аса көңіл бөлуін кадағалау» мақсатында құрылды. Сенат Президент пен Мәжіліс арасындағы жалғастырушы құрылым міндетін атқарады. Сенат өкілеттілігі-6 жыл, Мәжіліс өкілеттілігі-5 жыл. Осы Сенатқа әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасынан екі өкілден сайланады. Сенатқа 7 депутатты қоғамның ұлттық-мәдени және басқа мүдделерін ескере отырып, Президент өзі тағайындайтын болды. Мәжіліс-77 депутаттан тұрады. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің тұңғыш төрағасы-Марат Оспанов. Үкімет атқару билігінің жоғарғы органы болып табылады. Үкімет басында Премьер-министр тұрады.Оны республика Парламентінің келісімімен Президент тағайындайды. Үкімет мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын белгілейді, оның қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін қамтамасыз етеді. Үкімет өз қызметі үшін Президент алдында жауап береді және өз өкілдігін жаңадан сайланған Президент алдында тоқтатады.
Сот жүйесі қызметін Жоғарғы сот және жергілікті сот органдары жүзеге асырады. Қазақстанда әділет органдарын реформалау жөніндегі негізгі жетістіктер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және соттардың мәртебесі» Конституциялық заңында көрсетілген. Бұл заң 2000 жылдың 25 желтоқсанында қабылданды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі Жоғарғы сот органы болып табылады. Конституциялық заңдардың орындалу бақылауын Конституциялық Кеңес жүргізеді. Ол алты жылға сайланатын жеті мүшеден тұрады. Бұның сыртында Республика экс-президенттері Конституциялық Кеңестің өмірлік мүшелері болып табылады.
Жергілікті жерлерде мемлекеттік басқару жергілікті өкілетті және атқаратын органдарының еншісінде. Жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттар – сол әкімшілік-аумақтық бірлік жұртшылығының қалауын білдіреді. Жергілікті атқару билігін облыстық әкімшіліктер – облыс әкімдері басқарған әкімдіктері жүргізеді. Облыс әкімдерін Премьер-министрдің ұсынуы бойынша Президент тағайындайды.
4. Қазақстандық экономиканың жаңа кезеңі «Қазақстан - 2030» даму Стратегиясы (1997ж. 1 қазан, 7 бағыт). қабылданғаннан кейін Қазақстан дамыған нарықтық, экономикалық деңгейге жетуге ұмтылды. Ол үшін:
1.Ұлттық қауіпсіздік;
2.Ішкі саясаттың орнықтылығы және қоғамның шоғырлануы;
3.Шетелдік инвестициялар мен ішкі жинақ қаражаттың деңгейі жоғары болатын ашық нарықтық экономика негізінде экономикалық өрлеу; 4.Қазақстандықтардың денсаулығы, білім алуы және игілігі;
5.Энергетикалық қорлар;
6.Инфрақұрылым;
7.Кәсіпқой мемлекет сияқты 7 басым бағыт айқындалды.
Онда, бірте-бірте және кезең-кезеңмен әлеуметтік-экономикалық дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру жоспарланды. Алғашқы 1998-2001 жылдары мемлекет аса маңызды шараларды: зейнетақы реформасын жүргізді, мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендіру үрдістерін жетілдірді, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді, қаржы саласында реформаларды тереңдетті. Келесі 2001-2010 жылдарда бәсекелесуге қабілетті экономиканың негізі құрылды. Республиканың негізгі жетістігі-әлеуметтік-нарықтық экономиканың отандық үлгісінің негізінде, Президенттің басшылығымен әзірлеген «дамудың қазақстандық жолы». Әлемдік экономиканың бәсекелесуге қабілеттілік рейтингі бойынша Казақстан 2010 ж. қарай 72-орыннан 51-орынға жылжыды. «2030 стратегиясында» экономикалық өсімге басымдық берілдi. Оны қабылдағаннан кейін ұлттық экономиканың көлемі 1997 ж. 1,7 триллион теңгеден 2011 ж. 28 триллион теңгеге дейін өстí. Елдің ЖІӨ 16 есе артты. Осы кезеңде астанамыз Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1998 ж. 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. (2019 ж.-Нұрсұлтан, 2022 ж.-Астана)
Қазақстан экономикасының одан әрі дамуы «Қазақстан -2050» Стратегиясында (2012ж. желтоқсан, 7 бағыт) белгіленді. Оның басты мақсаты-мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болу. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады:
1.Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм;
2.Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау;
3.Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік;
4.Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары;
5.Мемлекеттілікті одан әрі нығайту, қазақстандық демократияны дамыту
6.Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;
7.Жаңа Қазақстандық патриотизм – біздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыз табысының негізі.
Осы Стратегияның шеңберінде Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының негізгі векторын жаңа прагматикалық экономикалық саясат құрады. Онда макроэкономикалық, салық-бюджеттік және ақша-несие саясатына, инфрақұрылымдарды индустрияландыру мен дамытуға баса көңіл бөлінді. Ерекше назар енді кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға, шағын және орта бизнесті ынталандыруға, мемлекеттік-жеке серіктестік механизмдерін кеңейтуге және шаруашылық қызметтегі мемлекеттің ролін нақтылауға аударылды. «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы-Қазақ елінің ұлттық идеясы-Мәңгілік Ел.  Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек.
5.Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы республикалар арасындағы өндірістік- шаруашылық байланыстардың үзілуіне ғана әкеліп соққан жоқ, сонымен қатар мемлекеттің бірыңғай қаржы жүйесінеің қирап қалуын тудырды. Сондықтан 90-жж. басында нарықтық қатынастарға ауысу ғана жағдайды құтқаратыны айқындалды. Қоғамның нарыққа ауысуының бастапқы кезеңінде Н. Назарбаевтың «бірінші - экономика, содан кейін - саясат» деген ұстанымы басшылыққа алынды. Бұл қағида адамның негізгі қажеттіктерін қамтамасыз ету үшін саясат, идеологиямен айналысудан бұрын, бірінші кезекте адамның тыныс-тіршілігіне, тұрмысына қажетті игіліктерді игеру керек деген тұжырымға негізделді. Ел азаматтарына экономикалық еркіндік беріп, кәсіпкерлерді, бизнесмендерді, жеке меншік иелерін қалыптастыру қажет болды. Осындай жағдайда экономикалық құлдыраудың алдын-алу мақсатында жоспарлы экономикадан бас тартылып, жекешелендіру және бағаны ырықтандыру сияқты шаралар атқарылды.
Нарықтық қатынастардың дамуында жеке меншік қатынасы басты рөл атқарады. Жекешелендірудің өзі аты айтып тұрғандай қандай да бір мүлікті мемлекет меншігінен алып, жеке тұлғаның меншігіне беру. Қазақстанда жекешелендіру төрт кезеңге бөлініп жүргізілді. 1991-1992 жылдары жекешелендірудің бірінші кезеңі ынталандыру сипатында өтті. 1993-1995 жылдары жекешелендірудің екінші кезеңі «ҚР мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру жөніндегі ұлттық бағдарламаның қабылдануымен» басталды. Жекешелендірудің үшінші кезеңі 1996-1998 жылдары секторлық бағдарламаларға көшу болды. 1999 жылдан басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып отырған төртінше кезең мемлекеттік меншікті реттеу мен жүйелеуге қатысты мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттілікті бөлудің жаңа әдістерімен сипатталады.
Келесі жүргізілген шара бағаны босату, бағаны ырықтандыру. Яғни әркім өзі өндірген өнімінің бағасын өзі белгілейді, мысалы нан бағасы. Бұрын бүкіл Кеңестер Одағының барлық аумағында нан бағасы 24 тиын болатын. Енді көтерме ұн алып түрлі нан өнімдерін пісірсе оның бағасын іскер азамат немесе азаматша өзі белгілейді. Кім не өндірсе немесе өзі тігіп сата ма, жоқ шетелден сатып әкеліп қайта сата ма бағасын өзі белгілейді, бағаны босату деген осы екен.
Әлемдік тәжірибе жеткілікті бола тұрса да, Қазақстан өзінің тарихи дамуына, элеуметтік-экономикалық, этномәдени жэне басқа да ерекшеліктеріне қарай, өзіне қолайлы экономикалық жолды ұстануы тиіс болды. Мемлекеттің жеке меншікке бағытталған саясатын түсінбегендер, оған қарсылар аз болған жоқ. Осы бағыт бойынша, жекешелендіру нәтижесінде халық өздері тұрып жатқан мемлекеттік тұрғын үйді меншіктенді. Жекешелендіру сауда және тұрмыстық қызмет көрсету саласында, өнеркәсіпте, ауылшаруашылығында жүзеге асты. Жекешелендірудің бірнеше кезеңдерін (шағын, жаппай, дербестік) жүзеге асыру нәтижесінде, шаруа кожалығы мен фермер шаруашылығын құру үшін, совхоздардың мүліктеpi сатылды. Жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорындар акционерлік коғамдарға, серіктестіктерге және өндірістік кооперативтерге айналды. Осылайша, нарыққа негізделген жаңа өмip басталды.
Алайда жекешелелендіруде үлкен қиыншылықтар болды. Нақты инвесторлар болмай орта және ірі кәсіпорындарды купондық жекешелендіру идеясы сәтсіздікке ұшырады. Нарыққа көшу және экономикалык дағдарыс жағдайында зейнеткерлер, студенттер, мүгедектер, көп балалы және толық емес отбасылар, жұмыссыздар сияқты неғұрлым әлжуаз топтар аса ауыр жағдайда қалды. Соның нәтижесінде 1991-1998 ж. аралығында кедейлер көбейіп, 1996 ж. 34,6 %-ды, 1998 ж. 43,4 %-ға жетті. Жұмыссыздық деңгейі 1996 ж. 4,2 %-ды құрады.Жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақы мөлшері өте төмен деңгейде қалды. Жоғарыда аталғандардың салдарынан қоғамда әлеуметтік жіктелу пайда болды. Жылдам қарқын алып келе жатқан әлеуметтік теңсіздік қоғамдағы әділеттілік ұғымымен қайшылыққа түсті. Зиялы қауым (дәрігерлер, оқытушылар, инженерлік-техникалық қызметкерлер, ҒЗИ жұмыскерлері және т.б.) «жаңа кедейлерге» айналды. Білім деңгейі жоғары халықтың басым бөлігі табысы төмен топта қалып қойды. 1991 ж. жер реформасы басталды. Колхоздар мен совхоздардағы мемлекеттік меншіктегі жерлер ауыл фермалары, жеке қожалықтар мен коорпоративтерге қайта бөлінді. Нәтижесінде ауылшаруашылық экономикасына капитал құю тоқтады, өндіріс көлемі азайды, ауылды жерлерде өмір сүру деңгейі күрт төмендеді, халықтың әлеуметтік жағдайы қиындады. Жер өндеу техникасының ескіруі, егін және мал шаруашылығы өнімдерінің азаюы, өндірістің төмендеуі және өнімдердің бәсекеге қабілетсіздігі байқалды.
1993 ж. дағдарысқа қарсы әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бағдарламасы қабылданды. Салық салу, бюджеттік және банк салаларында, сыртқы экономикалық іс-әрекетте, нарықтық инфракұрылымдардың дамуын реттейтін нормативті-құқықтық жүйе құрылып, әкімшіл-әміршіл экономикадан нарықтық экономикаға ауысу жүзеге асты. Ауылшаруашылығында көпсалалы экономика қалыптасты.
Қалыптасқан жағдай аграрлық секторды дамыту стратегиясын айқындауды қажет етіп, оның негізгі бағыттары 1997 ж. «Қазақстан - 2030» стратегиясында анықталды. Стратегияны кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланды.
Бірінші кезеңде 2003-2005 жж. заңнамаға, дамудың салалық бағдарламаларына өзгерістер енгізілді, ғылым, білім беру, кажетті мамандарды даярлау көлемі белгіленді.
Екінші кезең, 2006-2010 жж. жеке сектордың бастамаларын зерделеуді, негізгі жэне қосымша нысандардың құрылысы мен қайта құрылуын жүзеге асыратын инвестор іздестіруді жобалады.
Үшінші кезеңде, 2011-2015 жж. ұйымдастыру шараларының барлық кешені жүйеленіп, бір қалыпқа түсулері, өңдеуші өнеркәсіптің бәсекелесуге кабілетті өнімдерін дамыту жұмыстары жылдамдатылуы тиіс болды.
Осындай индустриялық-инновациялық міндеттерді іске асыру, 2000 жж. басында Қазақстан өнеркәсібінің құрылымын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді.
Нарықтық экономикаға көшкеннен бастап Қазақстанда жемқорлық құлашын кеңге жайды. Қазақстанда ТМД-да алғашқы болып жемқорлыққа қарсы заңнамалық жүйе жасалды. Қоғамдағы әлеуметтік зұлымдықпен күресу және мемлекеттік қызметкерлердің моральдық-өнегелік келбеті мен іскерлік сапаларына талапты күшейту, әкімшілік қызметкерлердің тәртібі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында ҚР-ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2001-2005 ж.ж. арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» және 2006-2010 ж.ж. арналған заңдары, ҚР Президентінің 2005 ж. 3 мамырдағы «ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс Кодексі туралы» жарлығы т.б. құжаттар қабылданды.
Нарықтық экономикаға көшудің құқықтық негізін құру мақсатында Республика Парламенті көптеген заңдар мен нормативтік актілер қабылдады. Олар: «ҚР-ндағы меншік туралы», «ҚР-ндағы шетел инвесторлары», «ҚР-ндағы кәсіпкершілікті дамыту және шаруашылықтағы қызмет бостандығы» және «ҚР-ндағы банктер мен банктік қызметтер туралы» т.б. маңызды заңдар.
Дүниежүзілік банктің 2000/2001 жж. әлемдік даму туралы «Кедейшілікпен күрес» баяндамасында күніне $1-дан кем табысқа өмір сүретін халықты «шектен шыққан кедейшілік» деп атайды. (олар планетамызда 1,2 млрд адамды кұрайды) Қазіргi әлемде өмip сүру сапасы: өмip сүру ұзақтығы, әл-ауқат, білім және қоршаған ортаның ахуалы сияқты негізгі көрсеткіштермен анықталады. 2006 ж. деректер бойынша өмip сүру сапасы индексінде Қазақстан 78 орынды иеленді. Соңғы жылдары биліктің барлық күш-жігері өмip сүрудің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған. Өмip сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жасты, 2009 жылы 68,4 жасты құрады. (2020ж-73 жас, әйелдер 77, еркектер 69, әлемде 110 орын. Алғашқылар Жапония, Швейцария, Гонконг-84 жас,)
1990 ж. бастап жыл сайын БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы Адамның дамуы туралы баяндама жарияланады. Адамның даму индексі (АДИ) ЖІӨ индексіне халықаралық тұрғыдан танылған балама болып табылады. АДИ адамдардың дамуы бойынша мемлекеттерді салыстыратын индекс. КөбінесеАДИ индексіне қарап мемлекеттерді дамыған, дамушы, дамымаған деп бөледі. АДИ үш басты қағидалардан тұрады: 1.Өмір ұзақтығы - халық денсаулығы мен ұзақтығын өлшейді. 2.Білім деңгейі мен білім бері жүйесі. 3.Өмір сүру стандарты, адам басына шаққандағы жалпы ішкі өніммен өлшенеді. АДИ бойынша елдердің рейтингісінде 2018 жылы Қазақстан 189-елдің ішінен, дамушы ел ретінде 50-орынға ие болды.
Адамның әл-ауқатын және қоршаған ортаға қатысты оның жай-күйін анықтау үшін арнайы көрсеткіш те енгізілді. Ол халықаралық бақыт индексі (ХБИ) деп аталады. Бұл көрсеткіш әр мемлекеттің тұрғындары қаншалықты өздерін бақытты сезінетінін көрсетеді. Биылғы World Happiness Report рейтингінде әлемдегі ең бақытты елдердің көшін Финляндия бастады. Қазақстан бұл рейтингте 40-орынға тұрақтады. Алғашқы ондыққа Дания, Исландия, Швейцария, Нидерланд, Люксембург, Швеция, Норвегия, Израиль және Жаңа Зеландия кірген.
Елдің тәуелсіздігі, оны басқа елдердің қолдауына тығыз байланысты. Сондықтан Қазақстан өзіндік сыртқы экономикалық саясат принциптерін қалыптастыра бастады. Республика Еуроқауымдастықтың, Канада, АҚШ, Жапония, Скандинавия мемлекеттері нарықтарында қолдауға ие болды. Сыртқы экономикалык кызметті реформалау Қазақстан Республикасына әлемдік экономикалық үрдістердің мүшесі болуға мүмкіндік берді. Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және әлемдік экономикаға интеграция ҚР ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторына айналды. Ресей Федерациясымен ынтымақтастықта Қазақстан ғарыштық зерттеуді дамытуда. 1992 жылы Ресей Федерациясы мен Казақстан арасында Байқоңыр ғарыш айлағын қолдану тәртібі туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан Белоруссия, Ресей арасындағы Кедендік Одақты құрудың көшбасшысы болды. Кедендік Одақ мемлекеттері 2012 жылы Бірыңғай экономикалық кеңістікті іске қосты. Нәтижесінде 170 млн халқы бар ортақ нарық қалыптасты.
Маңызды сыртқы экономикалық серіктес - Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындагы сауда-экономикалық қатынастар үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылуда.
Орталық Азия мемлекеттерінің одағы - екі жақты қарым- қатынастың жаңа үлгісі. Ортаазиялық ортақ нарықты қалыптастыру тауарлардың, капиталдың, еңбек күшінің еркін жылжуына жағдай жасады. Республикалардың кейбір жеке мүдделерін бірінші орынға қоятын әрекеттерінің кедергілеріне қарамастан, бұл бағытта да біраз шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргi таңда Қазақстанның сыртқы экономикалық қатынастарындағы маңызды кезең - Еуропалық Қауымдастықпен ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
2014 жылы Президенттің «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы жарияланды. Жолдауда қазақстандықтардың өмірінің барлық салаларына қатысты, жол инфрақұрылымын дамыту (автомобиль, теміржол салу, әуе жэне су жолы), индустриалды-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау, әлеуметтік бағдарламалар тәрізді стратегиялық жоспарлар баяндалған. ҚР Президенті ел ішіндегі көлік қатынасы проблемасына және шекаралык аймақтармен байланыстыратын жаңа жолдар салу қажеттігіне ерекше назар аударды.Астанадан Казақстанның барлық қалаларына тартылган бұл жолдар желісі «Нұрлы Жол» деген атқа ие болды. 5 жылға есептелген «Нұрлы Жол» - Жаңа Экономикалық Саясаты» «Казақстан - 2050» стратегиясын жүзеге асырудың тиімді| механизмі ретінде бағаланды. 2018 ж. ақпанда «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыру үшін, 2025 жылға дейінгі арналған орта мерзімді даму Стратегиялық даму жоспары қабылданды. Ол жаңа жаһандық сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет