дәріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дәріс. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты және халықаралық қатынастары – 2 академ.сағ



бет16/16
Дата10.05.2023
өлшемі328,71 Kb.
#91531
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Дәрістер, 2023 (копия)

15-дәріс. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты және халықаралық қатынастары – 2 академ.сағ.
Жоспары:

  1. ҚР сыртқы саясаты қалыптасуының негізгі факторлары.

  2. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының негізгі бағыттары.

  3. Қазақстаның халықаралық және аймақтық ұйымдармен ынтымақтастығы.

  4. Қазақстан Республикасы және интеграциялық үдерістер.

  5. Қауіпсіздіктің жаңа геосаяси мәселелері.

(3-слайд) 1. Қазақстанның дербес сыртқы саясатын жүргізу алғышарттары егемендіктің қалыптасуымен қатар жүрді. 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда»: «Қазақ КСР-нің халықаралық қатынастардың дербес субьектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар»,-деп жарияланды. Қазақстан тәуелсіздігін жарияласымен әлем елдері тарапынан мойындала бастады. Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып АҚШ мойындады, екінші Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Ал «Тәуелсіздігіміздің ең алғаш болып бауырлас Түркия мойындады» деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары болған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі Вячеслав Ғиззатов келтірген.
Қазақстанға әлемдік қауымдастық үлкен қызығушылық танытады. Себебі: біріншіден, құрылықтағы геосаяси орналасу ерекшелігі; екіншіден, ұлттық бірігу, толерантты этносаралық диалогтың үлгісі жүзеге асқан ел; үшіншіден, бай минералды ресурстарға ие мемлекет, мұнай, газ, көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы елдің бірі, ірі астық экспорттаушы.
(4-слайд) Қазақстан өзінің сыртқы саясатында үш мәселеге ерекше назар аударды. 1: шет елдермен, соның ішінде бұрынғы Одақтас республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету. 2: шет елдермен дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылу. 3: Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, ядролық қаруды қолдануды болдырмау.
(5-слайд) Еліміздің геосаяси орналасуына байланысты сыртқы саясаттың негізгі-көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Қазақстан Республикасын дүниежүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды, 130 елмен дипломатиялық қатынас орнаттық. Қазақстан Шығыспен де, Батыспен де қатынасты дамытуға мүдделі. Елдің болашағы Азиямен де, Еуропамен де тікелей байланысты. Жақын көршілерімізбен және ТМД елдерімен ғана емес, Ислам әлемінің мемлекеттерімен тығыз іс-қимыл таныта отырып, барлық бағыттар бойынша теңдестірілген сыртқы саясат жүргіземіз. Бүгінде халықаралық ахуал өзгерді. Бүкіл дүниежүзі жахандану деген жаңа дәуір туғанын мойындады. Сондықтан да, Қазақстан әлемде болып жатқан өзгерістерді мұқият қадағалап, өзінің сыртқы саяси тұжырымдамасын осы өзгерістерге бейімдеп, ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірмеуге әрекеттенуде.
(6-слайд) 2. Шетелдерде ұлттық мүдделерді қорғау, бітімгерлік бастамаларды, өңірлік, жахандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау, шетелден инвестициялар тарту, шетелдіктерге Қазақстан туралы объективті ақпаратты жеткізу сыртқы саясаттың басты басымдылықтары. Бүгінгі күні қазақстандық сыртқы саясат басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен, ислам әлемімен тең құқылы қарым-қатынас құруга бағытталып отыр.
(7-слайд) Ресеймен достық және тату көршілік-біздің сыртқы саясаттың басты басымдылығы. Бұл қағидат 1998 ж. 6 шілдесінде Мәскеуде қол қойылған «Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы» декларацияда бекітілген. 2005 ж. қаңтарда Ресей мен Қазақстан арасындағы 7591 шақырымды құрайтын мемлекеттік шекара белгіленген тарихи маңызды құжатқа қол қойылды. Ресей ең ірі сауда әріптесіміз. Біз атом, ғарыш, отын-энергетикалық кешен, көлік және коммуникация, әскери-техникалық және қорғаныс өнеркәсібі агроөнеркәсіп кешені және басқа да көптеген салаларда ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асырудамыз.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынас жемісті дамып келеді. Қазақстан – Қытай қатынастары нәтижесінде қол жеткізілген келісімдер жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуын «Тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шарт» (2002 ж. 23 желтоқсан), Қауіптің алдын алу туралы келісім (2002), 2003-2008 жж. арналған «Ынтымақтастық бағдарламасы» (2003 ж. маусым), Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2005) жан-жақты қамтамасыз етуде. Қытай Халық Республикасымен барлық бағытты қамтитын стратегиялық ынтымақтастық қатынастарды нығайту-Қазақстанның сындарлы сыртқы саясаты. Жахандық ықпалы арта түсіп отырған осы елмен екіжақты сауда-экономикалық байланысты тереңдету арқылы еліміз әріптестік әлеуетін өз мүддесіне пайдалануда.
Америкалық бағыт сыртқы саясаттың басты басымдықтарының бірі.Тәуелсіздік жылдарында біз АҚШ-пен стратегиялық әріптестіктің барлық бағыттары бойынша өзара түсініктестікке жол жеткіздік.Ол өңірлік және жахандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету,ядролық қаруды таратпау,терроризм мен экстремизмге қарсы тұру,энергетикалық тепе-теңдікті сақтау жөніндегі тең құқылы ынтымақтастыққа негізделген. 1991 ж. 25 желтоқсанда АҚШ еліміздің тәуелсіздігін мойындады. Екі мемлекет арасында «Демократиялық әріптестік туралы хартияға» қол қойылды. Хартия әлемнің жетекші державасымен әріптестік қатынастың орнағандығын бекітті. Елдің табиғи байлықтарын игеру үдерісіне американдық компаниялар тартылды. Мысалы, «Шеврон» мұнай компаниясы Қазақстан нарығына бірінші болып енді. 2000 жылы екіжақты қатынастарда аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық лаңкестікке, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес іс-қимылы бойынша екіжақты келіссөздер жүргізілді. АҚШ Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі болып табылады.
Қазақстанның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы байланыс та көп қырлы сипатқа ие. Орталық Азия бес мемлекетін біріктіретін фактор олардың ортақ тарихы мен мәдениеті болып табылады. 1994 ж. Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды. Біздің мемлекетіміздің қарқынды дамуы аталмыш республикалармен қалыптасатын қарым-қатынаспен де тығыз байланысты. Сол себепті Қазақстан Орта Азиялық Одақ құру идеясын алға тартып отыр. Бұл бірлестікке Қазақстаннан басқа аймақтың Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты мемлекеттері де кipyi мүмкін.Орталық Азия мемлекеттері интеграцияланудың кең әлеуетіне және біріктіруші табиғи байлықтар мен адам ресурстарына, үлкен тұтыну нарығына ие. Бұл факторлар экономикалық және саяси өзара қатынастың тереңдеуі мен жандануына мүмкіндік туғызады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Орталық Азиядағы өз ұстанымдарын нығайтты.Отанымыз өңірлік экономиканы инвестициялау мен қазіргі кездегі сынақтар мен қатерлерге бірге қарсы тұруда Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру саясатын жүргізуде.Қауіпсіздік,су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану,еңбек миграциясы проблемалары мен басқа да өзекті мәселелер нарзымыздан тыс қалмады.
Аумағынан халықаралық терроризм,есірткі трафигі,діни экстремизм қатерлері шығатын Ауғанстанның тұрақты дамуына еліміз ерекше мүдделі.Біз Ауғанстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тұрақтылығын сақтау ісінде халықаралық коалацияның сенімді әріптесіміз.
(8-слайд) Ынтымақтастық векторларының бірі-еуропалық бағыт.Осы бағытқа жасалған маңызды қадам-2008 ж. тамызда қабылданған "Еуропаға жол" атты Мемлекеттік бағдарлама.ҚР мен ЕО арасындағы ресми дипломатиялық қатынастар 1993 ж. 2 ақпанда орнатылды.Еуропалық Одаққа қатысты саясатымыз,оның әлемдік экономикадағы рөлімен,15 дамыған ел кіретін жемісті интеграциялық саясатымен айқындалды. ЕО біздің еліміздің ең ірі сауда-экономикалық әріптесі. Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негізі 1999 ж. Әріптестік пен ынтымақтастық келісімі болып табылады. Осы кезеңнен бастап елімізде, ЕО -да маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді өткерді, тараптар осы өзгерістерді көрсететін жаңа базалық келісімге келісті. Энергетикалық ресурстарды ірі тұтынушы ретінде Еуропалық Одақтың Қазақстанға мүдделілігі үлкен. ЕО энергия көздерін өндіруге,мұнай және газ құбырлары желілерін құруға байланысты инвестициялық жобаларға зор көңіл бөлуде. ЕО елдерімен көп тарапты ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз және бұл бағытта практикалық қадамдар жасап жатырмыз.
(9-слайд) Тәуелсіз Қазақстанның өзара қатынас жүйесінде Түркиямен екіжақты қарым-қатынас ерекше орын алады. 1994 ж. Қазақстан мен Түркия арасында Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Екіжақты Қазақстан Түрік қатынастарының маңызы зор. Сондай-ақ, Қазақстан Азия және еуропалық және американдық бағыттағы мемлекеттер мен екіжақты саяси, экономикалық, мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, экономикалық, ынтымақтастық және Қазақстан экономикасына шетелдік инвестиция үшін алғышарттар тудырды.
(10-слайд) 3. Қазақстанның сыртқы саясатында халықаралық ұйымдармен,әсіресе БҰҰ-мен ынтымақтастық өте маңызды. БҰҰ-дүниежүзіндегі мемлекеттердің басым көпшілігін біріктіретін,ең ықпалды,әмбебап ұйым.Басты мақсаты-бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтып,мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты, ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту адам құқығын құрметтеу. БҰҰ-ның басты органдары - Бас Ассамблея, Қауіпсіздік Кеңесі , Халықаралық сот пен Хатшылық (секретариат). Ұйымның штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында. 1992 ж. 2 наурызда Қазақстан бірауыздан БҰҰ-ның мүшелігіне қабылданды, сол жылдың 15 маусымында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты Өкілдігі құрылды.
Халықаралық қауіпсіздік құрылымдарымен байланыс орнату және ынтымақтастықты дамытуда Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық жөніндегі Ұйымның рөлі зор. ЕҚЫҰ-ы 1975 ж. Хельсинкиде рәсімделді. ЕҚЫҰ -қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ең ірі өңірлік ұйым. Оған Солтүстік, Еуропада ,Орталық Азияда миллиардтан астам адамы бар 56 мемлекет кіреді. ЕҚЫҰ-ның басты органы - Саммит. 1992 ж. қаңтарда Қазақстан ЕҚЫҰ -на қабылданды. 1994 ж. желтоқсандағы Будапешт саммитінде Ресей , АҚШ юәне Ұлыбритания Қазақстанның қауіпсіздігіне кепіл болды. Демек, Қазақстан ядролық қарулы шабуылға ұшыраса немесе шабуыл қаупінің объектісіне айналса , Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Қазақстанға көмек көрсету үшін шұғыл іс-шаралар қолданады.
2010 ж. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы болып сайланды. Қазақстан -ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен бірінші ТМД елі, ол бірінші азиялық ел. Төралығы барысында Қазақстан өз жұмысын “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси “ (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) ұраны аясында ұйымдастырып, теңдестірілген көзқарас танытты. ЕҚЫҰ-на төрағалық ету Қазақ еліне шындап танылуға мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды жеделдетті.
Қазақстан 1995 ж. Ислам Конференциясы Ұйымының мүшелігіне қабылданды. Ислам әлемімен белсенді ықпалдастық - Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі, Ислам әлемі де Қазақстанды мұсылман қоғамдастығының ажырамас мүшесі ретінде қарастырады, ИКҰ 1969 ж. Қыркүйек айында Мароккода (Рабат ) өткен I-Ислам мәслихатында құрылды. Ұйымға 57 мемлекет мүше, ауқымдылығы жағынан БҰҰ -дан кейін екінші орында тұр. Ұйымның басты мақсаты- ынтымагтастығы нығайтып , мұсылман әлемінің өзара байланыстарын жақсарту арқылы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды дамыту. Штаб-пәтері Сауд Арабиясында (Жидда) . 1995 жылғы желтоқсанда Конакриде (Гвинея) Қазақстан Ұйымға мүше болып қабылданды. Біздің ИКҰ-на қатысуымыздың негізінде экономикалық мүдде жатыр. 2011 ж. 28-30 маусымда Астанада Қазақстан төрағалық жасаған сессияда Ислам конференциясы ұйымы атауын Ислам Ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгертілді. Қазақстанның ИЫҰ-на төрағалығы «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» ұраны аясында өтіп, біздің еліміз ИЫҰ – ның беделін арттырды.Қазақстан ұсынған ұрандар, бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтау кейбір ислам елдерінде орындалмай келеді. Бұған, әрине, Қазақстан кінәлі емес.
(11-слайд) 4. Посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерде де Қазақстан көшбасшылық рөл атқарып келеді. Еуразиялық Одақ құру идеясын Н.Назарбаев 1994 ж. 28 наурызда көтеріп, 1995 ж. 28 қаңтарда Қазақстан, Ресей, Беларусь үкіметтері Кедендік одақ құру жөнінде келісті. Бұл Одаққа 1996 ж Қырғыстан, 1999 ж Тәжікістан қосылды. Одақтың мақсаты : 1) біртұтас сауда режимі мен бірдей кедендік тариф қалыптастыру; 2) мүше-мемлекеттердің кедендік територияларын біріктіріп, біртұтас кедендік территория жүйесіне көшу, ішкі шекараларды сыртқы шекараларға көшіру.
1999 ж 26 ақпанда 5 мүше мемлекет Кедендік Одақ және біртұтас экономикалық кеңестік жөнінде келісім жасасты. Бұл ЕурАзЭҚ-ның құрылуына алып келді. Еуразия Экономикалық Қоғамдастығы (ЕурАзЭҚ) 2000 ж. 10 қазанда Астанада құрылды. Бұл -Беларусь, Қазақстан, Қырғыстан , Ресей, Тәжікістан мемлекеттері құрған саяси-экономикалық, интеграциялық ұйым. Ұйымның басты міндеті-тауар өндіру, қаржы жүйесі, сауда және қызымет көрсету, т.б. салалар бойынша бірінғай экономикалық кеңестік қалыптастыру. ЕурАзЭҚ шеңберінде тәуелсіз Қазақстан экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысын күшейтті. 2009 ж. маусымда Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметінің басшылары ДСҰ-ға бірыңғай кеден кеңістігі ретінде кіру үшін келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылдады. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден Одағы өз қызметін бастады. 2011 жылдың 1 шілдесінен Ресей, Қазақстан және Беларусьтің ішкі шекараларынан кедендік бақылау алынып, кедендік бақылау мен тіркеудің барлық түрі кедендік белдеудің сыртына шығарылды. Осылайша, Кеден одағы әлемдік өлшемдерге сай: ортақ кедендік территория, ортақ кедендік тариф және Кеден кодексімен іске кірісіп, онда посткеңестік аумақтағы тұңғыш ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясы (КТС) жұмысын бастады. 2012 жылдан бастап интеграцияның келесі кезеңі - Біріңғай экономикалық кеңестік (БЭК) іске қосылды.
(12-слайд) Мемлекетке төнген үлкен қауіптің алдын алатын ұйым да құрылды. Ол-1992 ж. мамырда құрылған Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы. Бiртiндеп бұл өңірлік әскери-саяси ұйымға 6 мемлекет - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыстан, Ресей және Тәжікстан мүше болды. ҰҚШҰ-ның негізгі міндеті - ұйымға мүше елдердi сыртқы агрессиядан қорғау. 2022 ж. «Қаңтар оқиғасы» кезінде Президентіміз Қ.К.Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрап, жедел жеткен 2 мыңнан астам жауынгері бар бітімгершілік тобы Қазақстанға төнген террористік қауіпті еңсерді.
(13-слайд) 5. Азияның әлемдегі орны оның орасан зор адами және табиғи ресурстарымен, қарқынды экономикалық дамуымен айқындалады. Ежелгi өркениеттер, мәдениеттер мен дiндер бесiгi болған Азия бүгiнде жалпыәлемдік дамудың қозғаушы күштерінің бірі ретіндегі маңызын қалпына келтіруде. Алайда, Азия бірнеше рет қарулы қақтығыстар мен шиеленістерге әкелiп соққан түрлi жанжалдардың түйіні қалыптасқан құрлыққа айналды.Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, осы заманғы проблемаларды шешу мемлекеттердiң ұжымдық өзара ықпалдастығы жағдайында ғана мүмкін.
(14-слайд) Азияда қауiпсiздікті қамтамасыз ету үшін Азиядағы Өзара iс-қимыл және Сенім Шаралары Кеңесін (АӨСШК) шақыруды Н. Назарбаев 1992 ж. 5 қазанда көтерді. Бұл бастама Азия құрлығында сенімді, үздіксіздипломатияның тиiмдi тетiгiн құру және болашақта еуразияда біртұтасқауіпсіздік белдеуін құруды көздейдi. Форумның тұңғыш саммиті 2002 жылғы 4 маусымда Қазақстан,Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Монғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан басшыларының, Әзербайжан мен Үндістанның премьер-министрлерінің, Иран, Египет, Палестина және Израйльдің өкілдерінің қатысуымен өтті. Бүгінде АӨСШК - толық құқықты халықаралық ұйым мәртебесін иеленген қауiпсiздiк құрылымы. Оныңі жұмысына Азияның 27 мемлекетi қатысады. Бұл елдерде 2,8 млрд адам өмір сүреді, олар жер шары халықтарынын 45 %-ын құрайды.
(15слайд) 2001 ж. маусымда Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы құрылды. Ұйымға алғашында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей кіріп, «Шанхай бестігі» деп аталып, Өзбекстан ұйымға қосылған соң ШЫҰ атауына не болды. ШЫҰ - біреулерге қарсы бағытталған әскери блок емес, ол кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған ашық ұйым.
(16-слайд) Қазақстанның НАТО-ға толық құқықты мүше болу ниеті жоқ. Бірақ, Қазақстан, Батыс және Шығыс Еуропа елдерінің сондай-ақ кеңестен кейінгі республикалардың әскери-саяси ынтымақтастықтығын жандандыру, бүкіл Еуразия кеңестігінде сенім ахуалын нығайту үшін пайдалы болады деп есептейді. Сонымен бірге НАТО-мен бірлескен жобаларға қатыса отырып, Қазақстан жеке қарулы күштерінің әзірлік деңгейін көтеруді көздейді.
Қазақстан терроризм және экстремизмге қарсы күрес саласында ТМД, АТО, ШЫҰ, ААТҚ, ҰҚШҰ сияқты аймақтық антитеррористік құрылымдардың мүшесі болып табылады. 2003 ж. Желтоқсанда терроризм мен діни экстремизммен күресте барлық күштік құрылымдардың жұмысын үйлестіру үшін Антитеррористік Орталық құрылды АТО. АТО-ға барлық арнайы, құқық қорғау және басқа да мекемелердің терроризммен күрес жұмысын үйлестіру міндеті жүктеліп отыр.
(17-слайд) 2022 ж. маусымда Астанада «Жаңа геосаяси жағдайдағы Орталық Азия ынты­мақтастығы: сын-қатерлер мен келешегі» атты халықаралық конференцияда Орта­лық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Қазірде әлемде геосаяси жағдай қарқынды өзгеріп, бұл Орталық Азия елдерінің сыртқы экономикалық байланыстарына тікелей әсер етуде. Осы орайда ол жаһандық проблемаларды шешу үшін бірлесіп шешім қабылдаудың маңызы артты. «Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдеріндегі орташа температура 1,5 C өсті. Бұл жаһан­дық өсімнен 0,7 C екі есе жоғары. Температураның жоғарылауы құрғақшылық қау­пін арттырып, осыған байланысты су проблемасы Орталық Азия мемлекеттері сая­сатының айқындаушы қағидаты болуы мүмкін.
«Ауғанстандағы жағдай өте тұрақсыз болып тұр. Ел гуманитарлық апат пен экономикалық коллапс шегінде өмір сүріп жатыр. Шамамен 19,7 миллион адам, халықтың жартысына жуығы аштықтан зардап шегуде.
(18-слайд) Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы, әсіресе Ресей-Украина әскери қақтығысы Орталық Азия елдеріне зиянын тигізуі мүмкін. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің ортақ күн тәртібінде бірінші кезекте өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тұр. Сондай-ақ Орталық Азияның барлық елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері өте өзекті. Оны біз тек бірлескен күш-жігермен ғана ше­ше аламыз. Транзиттік бағыттарды әрта­раптандыру мәселесі де өте өткір. «Санкциялық соғыстың» барысында Орталық Азия елдеріне қарсы қайталама санкцияларды енгізу ықтималдылығы экономикалық дағдарысқа әкелуі мү­мкін.
Бүгінде әлем барған сайын поляризацияланып келеді және бұл үрдіс Орталық Азия өңірін де айналып өтпеді. Террористік және экстремистік әрекеттің геосаяси мүдделерінен бастап, климаттың өзгеруіне дейінгі сыртқы факторлар әсер етуде. Мұндай жағдайда Орталық Азия алдында тұрған сын-қатерлерді жеңілдету үшін аймақтық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың маңызы зор.(19-слайд)



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет