Дәріс 2. ХVIII-ХIХ ғғ. отарлау үдерісі
Еуропа елдерінің Шығыстағы отаршылдық экспансиясын 5 дәуірге бөліп қарастыруға болады: 1. ХҮІ ғ басынан ХҮІІ ғ. ортасына дейінгі кезең – теңіздің арғы бетіндегі отарлар мен отарлық форпостардың құрылуы; 2. ХҮІІ ғ. ортасы – ХҮІІІ ғ. ортасы – негізгі империялардың қалыптасуы мен эволюциясының бастапқы кезеңі 3. середина ХVIII — середина ХIХ в - отарлаудың шектері мен шекараларының одан әрі кеңеюі; 4. ХІХ ғ. ортасы – ХХ ғ. басы – белсенді отарлық басып алулар кезеңі. 5. Бірінші д ж соғыстан кейінгі отарлық тәуелділіктен азат етілудің басталуы, екі дүние жүзілік соғыс аралығындағы отаршылдыққа қайта оралу тенденциялары және ХХ ғ. екінші жартысында деколонизация процесінің аяқталуы.
Сонымен, Батыстың Шығыстағы отарлық сауда экспансиясы ХҮ-ХҮІ ғғ. межесінде басталды. Испандықтар мен португалдықтардың, кейінірек голландықтар, ағылшындар мен француздардың Латын Америкасындағы, Үндістан мен Индонезиядағы, Африканың жағалаулық аймақтарындағы отарлық экспансиясы ғасыр өткен сайын біртіндеп кеңейе түсті. Ол Шығыстың басқа елдеріне тарап, бірте-бірте бүкіл еуропалық емес әлемді толық қамтыды. Отарлаудың ерте кезеңін, яғни сауда отарлауын ХҮІ ғасырдан баста. Ол дәуірде отарлау дәстүрлі Шығыс елдерінің құрылымын бұза алмады және бұл елдерде капитализмнің қалыптасуына ықпал ете алмады, (бұл кезде капиталистік қатынастар Батыс Еуропаның өзінде де толық жеңіске жетпеген болатын), алайда ол Шығысқа айтарлықтай жаңа нәрсе де әкелді. Сауда экспансиясының ерте кезеңінде белгілі бір басып алулар, территориялық аннексиялар, форпостардың құрылуы, жекелеген елдерде (Үндістан, Индонезия) шаруашылықтың бағынуы және деформацияға ұшырауы, сондай-ақ адамдарды жаппай құлдыққа түсіру (Африка, ішінара Индонезия) орын алғанына қарамастан, алайда белсенді түрдегі отарлауға Шығыстың тек бірқатар елдері ғана түсті. Оның үстіне, отарлық сауда экспансиясы дәуірі дәстүрлі Шығыс қоғамдарының түбегейлі өзгеруіне және экономикасының айтарлықтай деформациясына алып келген жоқ. Отарлаушылардың мақсаты бастапқыда тек Шығыстың таңсық заттары, ең алдымен дәмдеуіштеріне ие болу болды, содан кейін ғана құлдарды түсіру болды. Бір айта кететін жағдай, бұл тауарлар үшін еуропалықтар аз төледі, бірақ бәрібір төледі, күштеп тартып алу болған жоқ. Күміс теңге Шығыстан Батысқа емес, Батыстан Шығысқа судай ақты. Басқаша сөзбен айтқанда Батыс пен Шығыс арасында сауда орын алды, әрине, кейде күштеулермен жүруі, эквивалентті емес, тең емес сауда болуы да мүмкін еді, бірақ бұл екі жақ үшін де тиімді сауда болғаны даусыз. Мұндай сауда айырбасы Шығыс үшін бұрыннан үйреншікті болатын. Шығыс үшін әділетсіздіктер де, адамдарды жаппай құлдарға айналдыру да, шетжерліктердің басып кіруі де әдеттен тыс жағдай болмаған еді. Бұл тұста моңғол жаулаушылықтарын, Әмір Темір жорықтарын еске түсірсек те жеткілікті. Айта кететін жағдай, еуропалықтардың сауда отаршылдығы бұрын Шығысқа белгісіз болған жалғыз ғана нәрсені әкелді, бұл тұрақты түрдегі күнделікті ауыр еңбекпен айналысу, әсіресе, африкалық құлдар үшін еңбек нағыз каторгаға айналды.
Отарлаудың бастапқы кезеңі ең алдымен португалдықтардың қызметімен байланысты болды (испандықтар Филиппиннен басқа Шығыс елдерінде болған жоқ), сандық жағынан бұл қызмет ең алдымен африкалық құл саудасымен байланысты болды, алайда, португалдықтар сонымен бірге шығыс дәмдеуіштерімен және басқа да таңсық тауарлары саудасымен айналысты, және Үндістандағы, Индонезия мен Цейлондағы, Қытай жағалауларындағы алғашқы сауда факторияларын солар негіздеді. Африка мен Азиядағы португал отаршылдығы сипаты бойынша саудагерлік болды, мұның өзі уақыт өте келе еуропалық отарлауының афроазиялық нұсқасының қалыптасуына өз ықпалын тигізді. Алайда, Шығыспен сауда, тіпті Африкамен болсын, қаражатты қажет етті (эквивалент ретінде көбіне шыны моншақтар, арзан маталар, спирт жүрді). Дәмдеуіштер аса қымбат болды, ал оларды тасуға одан да көп қаражат жұмсалды. Осындай жағдайда асыл металды қайдан табуға болады деген мәселе туындады. Алтын мен күміс Америкадағы испан-португал конкистодорларының ашкөздігін туғызуы осыдан еді, мұның өзі Американың ежелгі өркениет орталықтарының толықтай қиратылуына түрткі болды. Колумбтың ашылымынан кейін Еуропаға ағылып келген қымбат металл ағыны бір жағынан баға революциясына ықпал етсе, екінші жағынан, европалықтардың Шығыспен саудасын қамтамасыз етті.
Алайда, отарлық афроазиялық саудадағы португалдықтардың үстемдік етуі ұзаққа созылған жоқ. Еуропалық отаршылдардың Африкадағы және әсіресе Азиядағы үнемі кеңейіп жатқан территориялық сауда экспансиясындағы португалдықтардың үлесі қарқынды түрде төмендеп, ХҮІ ғасырдан кейін тіпті түкке тұрғысыз болып қалды. Енді бірінші орынға голландықтар шықты. ХҮІІ ғасыр, әсіресе оның бірінші жартысы – Шығыстағы Нидерланды ғасыры болды. XVII ғ. екінші жартысынан бастап, ағылшындар үшін табысты болған бірқатар ағылшын-голланд соғыстарынан кейін Голландиямен бір қатарға, кейде оны тіпті ығыстыра отырып, Англия шықты.
Голландықтар капиталистік даму жолымен жүрген Еуропа державаларының алдыңғы қатарында тұрғаны және Солтүстік Американы отарлауда белсенді кәсіпкерлікпен айналысқаны белгілі. Алайда, Шығыста олар португалдықтарды тек ауыстырып қана қойған тәрізді, немесе солармен бірге отарлық саудагерлер функциясын атқарды. Олардың әдіс-тәсілдері де португалдықтардан ерекшеленбеді – сол африкалық және индонезиялық құлдардың саудасы, дәмдеуіштерді сатып алу, оларды өндіру үшін плантациялар ұйымдастыру болды. Сонымен бірге, голландтықтар1602 жылы метрополияның саяси қамқорлығында болған әкімшілік-экономикалық қуатты ұйымды, яғни біріккен Ост-Индия компаниясының негізін қалай отырып, отаршылдықтың жаңаруына ықпал етті. Компанияның мақсаты Шығыстағы барлық голландтық отарларды табысты түрде қанау үшін тиімді жағдай қалыптастыру болды. (1621 ж. Батыстағы, негізінен Америкадағы голланд отарлары үшін Вест-Индия компаниясы құрылды). Осыған ұқсас ұйымды (Ост-Индская компания) ағылшындар да құрды, ол бұдан сәл ертерек, 1600 ж. құрылған болатын, бірақ тек XVII ғ. екінші жартысында ғана, ағылшындар Үндістанның Шығыс және Батыс жағалауындағы бірқатар маңызды пункттерде бекініп алғаннан кейін ғана бұл компания белгілі бір экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізеді, және ең бастысы бірқатар әкімшілік құқықтарға – өз қарулы күштері болуына, соғыс қимылдарын жүргізуге, тіпті өз монетасын соғу құқығына ие болады. Кейінірек, ағылшындық Ост-Индия компанясы Үндістандағы ағылшын отаршылдығының әкімшілік тірегіне айналды, XVIII ғ. бастап оны үкімет пен парламент қырағы түрде бақылауында ұстайтын болды, ал 1858 ж. оның қызметі мүлде тоқтатылды, ресми түрде оны вице-король бастаған Ағылшын өкілеттілігі алмастырды.
Голландтық және ағылшындық Ост-Индия компанияларының мысалында ХҮІІ ғасырда бұл капиталистік сипаттағы сауда компаниялары болғандығы, олардың әкімшілік құқықтары шектеулі болғандығын көреміз. Алайда, бұл құқықтардың өзі ағылшындар Үндістанда, ал голландтықтар Индонезияда өздерін іс жүзінде қожайын сезінуі үшін жеткілікті болғандығын практика көрсететі. Франция бұл қатынаста біраз артта қалып қойды, ол отарлық зкспансияға сәл кешірек, ХҮІІ ғасырда ғана кірісті, оның үстіне 1789 ж. революция оның белсенді жүруіне кедергісін келтірді. Жалпы алғанда, XVII және XVIII ғасырлар еуропалық отарлық сауданың белсенді болған дәуірі болды, бұл саудадан Еуропа көп пайда тапты.
Бұл саудада қымбат металл Батыстан Шығысқа ағылғандығы жөнінде айтқан болатынбыз, осындай жағдайда Батыс қалайша пайда тапты деген сұрақ туындайды. Ол тауар бағаларындағы айырмашылықпен байланысты болды. Еуропада Шығыстың дәмдеуіштері, олардың өндірілетін және көтерме саудамен сатып алынатын жерлеріндегі бағамен салыстырған аса қымбат болды. Үндістаннан жоғары сапалы жүн және мақта маталары, Кашмир орамалдары, индиго, қант, тіпті апиын әкетілді, ал Африкадан құлдар. Оның орнына Батыстан не келді? Бұл ең алдымен қару-жарақ, аз көлемде бірқатар басқа да тауарлар, алайда бұл тауарлар дамыған Шығыс елдерінде еш сұранысқа ие болмады. ХҮІІІ ғ. басында Еуропаның Шығыспен саудасында батыс тауарларының үлесі бестен бірін ғана құрады, ал бестен төртін металл құрады.
Бұл жағдай отаршылдардың құрған компаниялары мен жалпы отарлық сауда тек шығынға батып отырды дегенді білдірмейді, олар шығындарын еселеп пайдамен жауып отырды, олардың саудасы ерекше табысты болды. Бірақ бұл шынында да сауда болған еді, испан-португал конкистодорлары Америкада іске асырғандай тонау болған жоқ. Отарлық сауда барысында қатыгездіктер, адамдарға күш көрсетулер болғандығы рас, әсіресе құл саудасы кезінде. Еуропалық саудагерлердің жергілікті көпестерден ерекшелігі, олар метрополияның белсенді қолдауының арқасында әкімшілік жағынан ұйымдасуға, және Шығыста бекініп алуға тырысты, өзінің ықпал ету аймағын және іс-әрекет еркіндігін үнемі кеңейтуге тырысып отырды.
Дәл осы динамика отарлық сауданың саяси-экономикалық сипаттағы отарлық экспансияға трансформациясына маңызды негіз қалады, ол кейбір жерлерде (әсіресе Үндістанда) XVIII ғ- ақ байқалды, ал негізінен, Шығыста ХІХ ғасырда ерекше күшпен көрініс тапты.
Сонымен, дәстүрлі Шығыста, соның ішінде Африкада да отаршылдық отарлық саудадан басталды, сауда экспансиясының бұл дәуірі айтарлықтай ұзаққа созылды, дәуірдің аяғына қарай ғана бірқатар аудандарда территорияларды басып алулар орын алды. Осы XVI – XVIII ғғ. әлемде көп өзгерістертер орын алды. Ең алдымен Еуропаның өзі өзгерді. Американы отарлық тонау Еуропаның айтарлықтай баюына ықпал етті, ол капиталдық алғашқы қорлануына негіз қалады. Капитал кең көлемде транзиттік отарлық сауда айналымына салынды, оның өзі әлемдік рыноктың қалыптасуына және оған барлық елдердің тартылуына ықпал етті. Айналым мен рыноктың қалыптасуынан түскен табыс Еуропаның капиталистік дамуы қарқынының өсуінде маңызды роль атқарды. Ал, ең алдымен және бәрінен белсендірек Англияда дамыған капиталистік өндіріс, өз кезегінде рыноктың және тауар айналымының одан әрі кеңеюін, соның ішінде отарлық сауданың кеңеюін талап етті. Саудада тиімді жағдайларды қамтамасыз ету үшін ағылшындар басқалардан бұрын, соның ішінде, бәсекелесі – голландықтардан табыстырақ әрекет етіп, Шығыста бекініп алуға тырысты, ең алдымен Үндістанда олар ХҮІІІ ғ-ақ саяси үстемдікті өз қолдарына ала бастады. Сондықтан капитализм мен отаршылдық арасындағы өзара байланыстың болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, осындай байланыс отарлық экспансия объектісі болған елдерге, яғни Шығысқа да тән болды ма? Бұл сұрақ Шығыстағы капитализм генезисі мәселесін қарастыруға итермелейді. Шығыс елдерінің ішінде тек Жапонияда ғана капиталистік қатынастар қарқынды дамығаны белгілі. Алайда осы жағдайдың өзі-ақ басқа Шығыс елдерінде де капиталистік қатынастар дамуы үшін жағдай болды деген қорытындыға келуге нұсқайды. Шығыс дамыған өркениетті қоғамдар мен мемлекеттер ретінде ХҮІ-ХҮІІІ ғғ-да Еуропадан бай болды. Шығысқа Америкадан тоналған қымбат металдар ағылып келді. Шығыста ғасырлар бойы қазыналар жиналды, мұның өзі отаршылдарды өзіне тартқан болатын. Шығыста өзінің дәстүрге бай саудасы да болды, соның ішінде Шығыстың транзиттік саудасы Еуропаның шығыстық саудасын отаршылдық дәуіріне дейін өз қолында ұстап келді және одан орасан зор пайда тауып отырды. Көптеген зерттеулердің мәліметтері бойынша, Шығыс, Еуропаның құнарсыз топырағына қарағанда азық-түліктің үлкен көлемін бере алды, ал Шығыс халқының тұрмысы еуропалықтардан жаман болған жоқ.
Алайда, шынында да барлығы дәл осылай болған болса, онда капитализм Шығыста неге белсенді түрде дамымады. Және егер Шығыстағы капитализм белгілі бір себептермен қарқынды дами алмай жатқан болса, онда оған отарлық дәуірдегі сауда, Еуропамен басқа бүкіл әлемді, соның ішінде Шығысты байланыстырған әлемдік рыноктың қалыптасуы көмектеспеді деген сұрақ туындайды. Әрине, сауда еуропалықтардың қолында болғандығы, айналымнан түсетін табыс негізінен солардың қалтасына түсіп отырғаны шындық. Алайда, бұл сауда Шығысқа да аз табыс әкелмеді, оның үстіне Шығыс елдері батысқа қарағанда бұл кезеңде бай болды. Оның үстіне, отарлық сауда тек табыс түсіруі жағынан ғана маңызды болған жоқ, ең бастысы, ол әлемдік байланыстарды қамтамасыз етуімен, байланысқа түскен елдерден озық нәрселерді үйренуімен және сол арқылы өз елінің дамуын күшейтуге мүмкіндік туғызуымен маңызды болды. Бұл мүмкіндіктерді Шығыста тек бір ғана ел, яғни Жапония ғана пайдаланды?
Бұл сұраққа жауап беру үшін ең алдымен капитализмге өзіндік бір қоғамдық құрылыс ретінде сипаттама беруіп алуымыз керек. Капиталистік қатынастар еркін түрде даму үшін, қоғамда жеке меншік қатынастардың дамуы, еркін рынок болуы тиіс, ал дәстүрлі Шығыс елдерінде мемлекеттің ерекше үстемдігі жеке меншіктің де, еркін рыноктың да дамуына жол бермеді. Тек Жапонияның ерекше даму жағдайларында ғана мұндай мүмкіндік туды, оның өзінде де бірден дамып кеткен жоқ, бірте-бірте, үлкен күш-жігердің арқасында ғана. Капиталистік қатынастардың дамуы үшін тарихи тұрғыда қолайлы жағдайлар, яғни жапондық феодализмнің ерекшеліктері, конфуцийшілдік мәдениетінің ерекшеліктерімен дайындалған аса қолайлы жағдайлардың болғанына қарамастан, еуропалық отаршылдармен, соның ішінде әсіресе голландықтармен 2-3 ғасырға созылған тығыз байланыстың арқасында ғана Жапонияда капиталистік қатынастар жеңіске жетті. Осылайша, Жапония жағдайында капитализм мен отаршылдықтың өзара байланысын көре аламыз. Алайда, Шығыстың басқа елдерінде бұл байланыс көрініс таппады. Еуропалықтардың отарлық экспансиясы Шығыста еуропалық типтегі капитализмнің дамуына, оның тиісті қарқынмен жүруіне жол ашпады. Керісінше, ол Шығыстың дәстүрлі құрылымдарының капитализмге бар болмысымен қарсы тұруын туындатты.
Отарлық экспансияға және Шығыс елдері мен халықтарының әдеттегі өмір салтының қирауына қарсы қуатты қарсылық толқыны бірден пайда болған жоқ. ХҮІ-ХҮІІІ ғғ., отаршылдықтың алғашқы кезеңінде Шығыс әлі де еуропалық капиталдың ауыр салмағын әлі сезе қоймаған болатын. Жағдай ХІХ ғасырда, әсіресе оның екінші жартысында өзгерді. Бұл батыстық индустралды капиталдың отарлық экспансиясы дәуірі болатын. Метрополиядан ағылып келе бастаған фабрика тауарлары ағыны Шығыстағы отарлар тәуелді елдерді тез-ақ еуропалықтар үшін қажетті азық-түлік пен шикізат көзіне ғана емес, еуропалық капитализм үшін құнды әрі маңызды тауар өткізу рыногына айналдырды. Рыноктық байланыстар енді бұрынғыдан айтарлықтай тығыз бола түсті, және оның бойымен тауарлар мен қаражаттар, екі бағытта бірдей ағылды. Кейде бұл дәстүрлі Шығыс қолөнері мен саудасының құлдырауы, әдеттегі өмір салтының қирауы және онымен қатар жүрген саяси дағдарыстар, мемлекеттік биліктің әлсіреуі, және басқа да дағдарысты жағдайлармен қатар жүрді. Оның есесіне, Батыстан басқа әлем де, өнеркәсіп тауарларын өткізу рыногы, темір жолдардың және басқа да жолдардың құрылысы, телеграф желіліреі, батыстық-буржуазиялық типтегі ірі қалалар қалалар құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтарға айнала отырып, түбегейлі түрде өзгере бастады.
Дәріс 3. ХҮІІІ-ХІХ ғғ. Қиыр Шығыс елдері
1.Қытайдың ХҮІІІ-ХІХ ғғ. әлейметтік-экономикалық жағдайы
2.Апиын соғыстары
Жаңа дәуірді Қытай жаулаушы манчжурлар құрған Цинь империясының қоластында қарсы алды. Империяның құрамына Қытай мен Манчжуриядан бөлек Монғолия, Жоңғария, Қашғария және Тибет елдері кірді. Цинь империясы әлеуметтік жағынан бірнеше сословиеге бөлінді – ең жоғарғы сословие «байрақтылар» (цижень) – Қытайды жаулап алушы манчжурлар мен монғолдар кірді, одан төмен қытайлықтардың төрт сословиесі тұрды, «оқымыстылар» (ши, шэнъши), егіншілер (нун), қолөнершілер (гун), саудагерлер (шан). Цинь империясы боғдаған басқаратын шығыстық деспотия типіндегі мемлекет болды. Үстем тап феодалдық бюракратиядан тұрды. Ірі және орта жеке меншік иелерінің қолында саяси билік болмады. Шаруалардың жартысына жуығында жер меншігі болды және олар қазынаға салық төлеп отырды. Қалған жартысы жерсіз болды немесе жер иелерінен жалға жер ұстады. Қолөнершілер мен саудагерлер тұратын қалалар бюрократиялық биліктің қатаң бақылауында болды.
ХҮІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басы Цинь империясында экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдай барынша шиеленісті болып тұрды. Оның басты факторы – халық санының тез өсуі мен егістік алқаптардың өсу қарқынының баяу жүруі арасындағы қайшылық болды. ХҮІІ ғ. аяғынан ХҮІІІ ғ. басына дейін халық саны үш есе (100 млннан 300 млнға) өссе, егістік алқаптар үштің екісіне ғана өскен. Сөйтіп, өңделетін жерлер жан басына шаққанда 30 пайызға қысқарып кетті, халықтың тұрмыс жағдайы күрт нашарлады. Осы негізде жалпы жағдай кезекті экономикалық-демографиялық дағдарыстың әлеуметтік-саяси және әулеттік дағдарысқа ұласуына қарай дамып жатты. Дағдарыстың әр түрлі аймақтарда қарқыны әр түрлі болды, ол дамыған, жері құнарлы аймақтарда, яғни Орталық және Оңтүстік Қытайда емес, Солтүстік Қытайдың суғармалы, жері құнарсыз жерлерінде күрт жағдайды қиындатып жіберген екен. Дәл осы аймақта халықтың жаппай бас көтерулері, бұрынғысынша «Ақ Лотос» ұйымының басқаруымен жүрді. Бұл наразылықтар тарихқа 1796-1804 жж. шаруалар соғысы деген атпен енген, бүкіл Қытайды қамтыған кезекті шаруалар соғысына ұласты.
Көтерілісті басуға қазынадан 200 млн. лян күміс ақша жұмсалды. Әскери жағынан жеңіске жеткенімен, Цин үкіметі 1796-1804 жж. қанды оқиғалардан әлсіреп қалды. Әлеуметтік шиеленіс одан әрі күшейіп, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және әулеттік дағдарыс жалғаса берді. «Байляньцзяо», яғни «Ақ лотос» армияларының үкіметке берген соққысы ХІХ ғ. 40-50-ші жж. Батыс державаларымен қақтығысуының қарсаңында Цинь империясының ішкі әлсіздігін көрсетіп берді.
Айта кететін жағдай, ХҮІІ ғ. 20-40 жж. Қытай жағалауларында отарлаушылар арасында қақтығыстар орын алды. Ағылшын Ост-Индия компаниясы 1801 жылдан бастап Португалиядан Макаоны тартып алуға тырысты. Алайда бұл әрекеттерден түк шықпады, өйткені Цинь үкіметі ағылшындардың әрекеттеріне қарсы шықты.
Алайда, ағылшын үкіметі Қытай рыногын бейбіт жолмен ашудан үмітін үзбеді. Қытайдағы Англияның жаңа елшілігін басқарған У. Амхерстің басты мақсаты Пекинде түрақты ағылшын өкілеттілігін құру болды. 1816 жылы Пекинге келген ағылшын елшісін Қытай үкіметі әдеттегі «варварлық елден» келген елші, боғдыханның алым төлеушісі ретінде қабылдады. Елшіден дәстүрлі коутоу ғұрпын, яғни император алдындағы үш рет тізесіне отырып тағзым ету ғұрпын орындауды талап етті. Елшінің бұл ғұрыпты орындауды бас тартуы император Юнъянның ашуын туғызды. Император ағылшын елшілігін Қытайдан қуып шығуды және ағылшын үкіметінің Қытайға бұдан бұлай елшілік жібермеуін талап етті.
АНТИЦИНдік халық қозғалыстары
1796-1804 ж. Шаруалар соғысы жеңілгеннен кейін де империяда ішкі бейбітшілік басталмады. Шиеленіскен дағдарыс жағдайында түрлі провинцияларда қарулы антициндік күрес өсе түсті. 1801 ж. Хунань мен Гуйчжоуда басталған Мяо көтерілісі 1806 ж. ғана түбегейлі басылды. 1802-1803 ж. Хуэйчжоу аймағының (Гуандунның шығысында) кедейлері көтеріліске шықты. Цин билігіне қарсы барлық топтардың өсе түскен наразылығын Оңтүстік Қытай және Шығыс Қытай теңіздерінің қарақшылары жалғастырды.
Антициндік күрес жетекшілігі рөлі "Ақ Лотостың" шығыс қанаты - "Багуа" секторына көшті. Жасырын жасақтар құрылып, қаруланып жатты. 1813ж. 30 қыркүйекте жақсы қаруланған үш мың сектант мерзімін күтпестен, Хуасянь қаласын басып алды. Осыдан кейін Хэнаннің солтүстік-шығысындағы бірнеше уездік орталықтарды иеленді. 1813/14 ж. Шэньсидің оңтүстігінде, Циньлин тауларында Вань У. Цзянсу мен Аньхуэйде "Юаньцзяо" сектасының көтерілісі басталып, ол тек1816 ж. басылды.
XIX ғ. басынан бастап елдегі дағдарыс одан әрі өрші түсті. Халық саны егістік алқаптардың кеңею қарқынынан одан әрі оза түсті. Шаруа үлестері күрт ұсақталып кетті. Мұның өзі қазынаға салықтың түсуін қысқартып жіберді.
Мемлекеттік жер меншігінің ішінде де айтарлықтай өзгерістер болып жатты. Байрақтылар жері қысқарды, байрақты корпустарының офицерлері мен қатардағы жауынгерлері кедейшілікке ұшырап жатты, өз жерлерін сатып, немесе кепілге беру арқылы қарыздарынан құтылуға тырысты. Бұрынғы қуатты әскери күштің жауынгерлік қабылеті төмендеп кетті.
Ауыл шаруашылығындағы жағдай осылайша қиындап кеткен болса, ал қала экономиакасы бұл кезде ерекше гүлденіп тұрды, қолөнер, сауда, жер қойнауынан шығатын шикізаттарды өндіру өнеркәсібі (добывающая промышленность), транспорт, несие рыногы қарқынды дамыды. Ішкі сауданың көлемі артты, көтерме және делдалдық сауда жүйесі дамыды, мамандандырылған рыноктордың рөлі күшейді. Несие берумен айналысатын мекемелер үлкен маңызға ие болды. Бірте-бірте Цинь империясының сыртқы саудасы дами бастады. Ресеймен ол Кяхта, ішінара Шәуешек (Тарбағатай), Құлжа арқылы (Іле) арқылы жүргізілді. Қытайға шығарылатын орыс экспортында өнеркәсіп тауарлары, әсіресе мата бірінші орында тұрды, ол бұрын басым болған аң терісін ығыстырып шығарды.
Ал Ресейге шығаратын қытай экспортында шай бірінші орында тұрды. Қытайдың Еуропа елдері және АҚШ-пен саудасы Гуанчжоу және «Гунхон» мемлекеттік-жеке меншік монополиялық корпорациясы арқылы жүргізілді. 40 жыл ішінде (1795-1833) бұл жердегі жалпы тауар айналымы 63 пайызға өсті. Қытайға экспорт пен Қытайдан импорттың төрттен бір бөлігі Ұлыбританияға тиесілі болды. 1834 ж. дейін Англияның Қытаймен саудасында Ост-Индия компаниясының монополиялық құқықтары сақталды. Компанияда үлесі жоқ британ және үнді коммерсанттары Гуанчжоуда компанияның рұқсатымен ғана сауда жасай алды. Ағылшындар мұнда метрополиядан жүн мата мен металл, ал Үндістаннан мақта әкелді. XIX ғ. басында Қытайдың Еуропа елдерімен және Азиядағы еуропалық отарлармен ашық саудасында бұрынғысынша импорттан қарағанда экспорт басым болды, яғни Қытай бұрынғысынша шетелдік күміс ақшаны сіңіріп отырды.
ХІХ ғ. 20-жж. Англияда, бұдан сәл кейінірек АҚШ-та және Францияда өнеркәсіп төңкерісінің аяқталуымен сауда еркіндігі, яғни мемлекеттің жеке кәсіпкерлік қызметке араласпауы ұраны басты маңызға ие болды. Жаңа жағдайда Ост-Индия компаниясы мен Гунханның монополиясы Қытайдың «жабық» саясатымен бірге келмеске кетті.
XIX ғ. 30-шы жж. аяғына дейін Британиялық және әлемдік сауда үшін Қытайды ашудың негізгі құралдары дипломатиялық келіссөздер жүргізу және Үндістаннан контрабандалық жолмен апиын кіргізу болды. Апиын «қытай қамалын» ашық (жария) сауданың шамасы жетпеген жерден ашып берді. 1800 жылдан 1819 жылға дейін жыл сайын мұнда салмағы 60 кг 4 мың жәшік апиын әкелінген екен. Барлығы 1795-1838 жж. аралығында елге 27 мың т наша жеткізілді.
Егер XIX ғ. басына дейін күміс теңге Қытайға тұрақты түрде түсіп тұрған болса, апиынның жаппай контрабандалық жолмен тасылуы жағдайды күрт өзгертіп жіберді — күміс барған сайын көп мөлшерде Еуропаға кете бастады. Күміс ляптың қазына бекіткен 1000 вэнге тең мыс теңгедегі құны бұзылды. Ляптың вэндегі айырбас курсы шарықтап ұшып кетті. Ақша жүйесінің бұзылуы және апиын қолданушылардың өсуі император Юнъянның 1796 ж. апиынның ішкі саудасына ғана емес, оны сырттан әкелуге тиым салған жарлық шығаруына алып келді.
Алайда, Ост-Индия компаниясы әр түрлі жолдармен апиынның контрабандалық саудасын жалғастыра берді. Қытайлықтардың апиынды қолдануы барған сайын өсе түсті.
1820 ж., 25 жыл билік құрған император Юнъян қайтыс болып, таққа оның екінші ұлы Мянънин (1821-1850) отырды, алайда іс жүзіндегі билік бұған дейінгі император тұсында-ақ үлкен беделге ие бола бастаған Мучжан атты манчжурдың қолында болды. Бұл кезде байрақтылар сословиесінің ыдырау процесі қарқынды жүрді, және оларды қытайлықтардың ассимиляциясы белең алды. Байрақтылардың кедейленуі, жерін кепілге беруі, шаруашылықтарының дағдарысқа түсуі жағдайында олардың қоластындағы құлдары мен тәуелді шаруаларының еркіндікке жіберілуі жаппай орын алып жатты. Байрақтылар жерінің жартысынан артығы ХІХ ғ. 40-шы жж-на қарай қытайлықтарға өтті. Жауынгерлер мен төменгі офицерлердің кедейшілікке ұшырауы жаппай сипат алды. Жағдай помещиктер мен шаруалардан қазынаға түсетін салықтың қысқаруымен қиындай түсті. Елде кедейлер мен қайыршылар бұқарасы көбейе берді. Олар құпия ұйымдарға бірігіп, әлеуметтік наразылықтар өрши түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |