Апиын дауының шиеленісуі
Цинь билігінің анық түрдегі әлсіреуі апиын мәселесінің ушығуына алып келді. Боғдыханның бұйрығымен Гуандунның күзет кемелері ағылшындардың апиын сатумен айналысатын контрагенттері – джонкалармен күрес жүргізді. Көп ұзамай теңіз күзеті қызметіндегі шенеуніктер апиын контрабандасымен күресті табысты іске айналдырып алды, олар контрабандистерден құпия жолмен пара алып, тауарларын елге өткізіп жіберіп отырды.
Бюрократияның парақорлығының кесірінен 30-шы жж-ға қарай апиын саудасы елдің барлық аудандарын толық қамтыды. Деректердің мәліметтері бойынша астаналық шенеуніктердің 10-нан 20 пайызына дейін, провинция шенеуніктерінің 20-дан 30 пайызына дейін нашақорға айналған. Цин әулеті үшін нашақорлықтың жауынгерлер мен офицерлер арасында тарауы әсіресе қауіпті болды. Осылайша, мемлекеттік аппараттың халық көтерілістерінің өрістеп отырған жағдайында жазалаушы күші, сондай-ақ Еуропа елдерімен қарулы қақтығыстың дәл алдында Цин империясының қорғаныстық қабілеті күрт төмендеп кетті.
Қымбат апиынды пайдаланудың кесірінен әр түрлі отандық тауарларды рынокта өткізу қиындап кетті. 1840-1842 жж. «Апиын соғысына» дейінгі 20-30 жыл ішінде бірқатар тауарларға сұраныс екі есеге қысқарған екен.
Цин үкіметі қалыптасқан жағдайдың Қытай үшін өте ауыр екеніне көзі жете отырып, апиын ісін түбегейлі шешу қажет екенін түсінді. 1839 ж. осы істі жолға қою қатаң тапсырылған шенеунік Линь Цзэсюй Гуанчжоуға келіп, апиын шегу мен оның саудасына қатаң тиым салу бағытындағы батыл әрекеттерге кірісті. Осыдан кейінгі оқиғалар Қытай мен Англия арасында орын алған «апиын соғысына» алып келді.
Сонымен, 1840-1842 жж. аралығында орын алған 1-ші апиын соғысының алғышарты Қытай үкіметінің елді шетел ықпалынан қорғауға тырысуы, соның ішінде апиын саудасына тиым салынуы болды. 1839 ж. желтоқсанда император ел рыногын Англия мен Үндістанның барлық саудагерлері мен контрабандистеріне жапты. 1839 ж. 4 қыркүйегінде Қытай және ағылшын теңізшілері арасында Ковлунда теңіз шайқасы болып, мұның өзі 1840 ж. сәуірде Англияның Цин империясына соғыс жариялауына алып келді.
Ағылшындар тарапынан соғысқа 40 кеме мен 4000 солдат тартылды. Қытай жағында 880-мыңдық армия болды, бірақ оның жауынгерлік қабілеті төмен еді.
Соғыс барысында ағылшын флоты мен артиллериясының айтарлықтай басымдығы айқын байқалды. Қытай әскері айта қоярлықтай маңызды қарсылық көрсетуге дәрменсіз болды. 1840 ж. жазының ақырында ағылшын кемелері Пекинге таяп келді. Зәресі ұщқан император Даогун келіссөздер жүргізуге, ағылшындардың шарттарын қабылдауға асықты.
Алайда, 1840 жылдың күзінде император өз шешімін өзгертіп, ағылшындарға қарсы жаңа күштер аттандырды. Англияның әскері қытай әскеріне ауыр соққы бергеннен кейін жергілікті наместник, император әміріне бағынбай, ағылшындардың талаптарын орындауға мәжбүр болды. Соғыс қимылдары 1841 жылдың мамырына дейін жалғасты, осы уақытта Қытай флоты талқандалып, уақытша бітімге қол қойылды.
1841 ж. тамызында Англия Қытайға жаңа жазалаушы күштер жіберді, олар жаңа шабулдарға кірісті. Өздері басып алған Қытай қалалары - Чжэньхай мен Нинбода қыстап шыққан ағылшын әскері Қытай әскерінің қарсы шабуылын тойтарып, 1842 ж. наурызда шабуылдарын ары қарай жалғастырды. Осы кезде Қытай суларына АҚШ пен Франция әскери күштері келіп түсті. 1842 ж. 29 тамызда, шешуші жеңістерден кейін Англия Қытайға өзі үшін аса тиімді болған Нанкин бітімін мәжбүрлеп таңды.
Келісім шарты бойынша Цин империясы Англияға ірі контрибуция төледі, Гонконг аралын берді, Қытай порттарын ағылшын саудасы үшін ашуға мәжбүр болды. Ағылшын үкіметі апиын саудасынан қыруар пайда тапты. Ал Цин империясында ұзаққа созылған дағдарыс дәуірі басталды. Мұның өзі елдің Еуропа державаларына тәуелділікке түсуіне және нашақорлықтың барынша қанат жайып, таралуына, халықтың тоқырауға ұшырап, жаппай қырылуына алып келді.
Екінші апиын соғысы
Батыс державалары бірінші апиын соғысының нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерін місе тұтпай, Қытай рыногын өз елдері үшін толық ашу жолында күресін жалғасырды. 1850 жылы Қытайда кезекті шаруалар соғысы басталып, оның барысында Манчжур үкіметіне дұшпандық көзқарастағы Тайпин мемлекеті құрылды, оны шетел саудагерлері мен миссионерлері империяға қарсы күресте пайдалануға тырысты.
1854 ж. Ұлыбритания, Франция мен АҚШ 1841-1842 жж. келісімді қайта қарауды, өздеріне Қытайда ешқандай шектеулерсіз сауда жүргізу құқықтарын беруді, апиын саудасына Қытай үкіметінің ресми рұқсат беруін талап етті, алайда өз араларындағы саяси дау-дамайлардың салдарынан бұл талаптардың орындалуына қолжеткізе алмады. Сондықтан да Қырым соғысы аяқталғаннан кейін, 1856 ж. қазанында Англия Қытайға жаңа соғыс ашты. Көп ұзамай Англияға Франция да қосылды. Ресей Қытайдың бірқатар жерлерін иеленетін болып шешіліп, орнына Қытайға әскери көмек көрсетуге уәде берді. 1857 ж. желтоқсанында ағылшын-француз әскері Кантон қаласын қоршауға алып, Қытай үшін ауыр келісімге қол қоюды талап етті. Қытай үкіметі бұл шарттарды қабыл алмағандықтан батыс әскерлері Кантонды басып алып, талқандады. 1860 ж. ағылшын-француз біріккен әскері Қытай әскеріне ауыр соққы беріп, Пекиннің өзіне төніп келді.
24−25 қазанда 1860 жылы Пекин келіміс-шартына қол қойылды, онда Цинь империясы державаларға аса үлкен көлемде контрибуция төледі, шетел саудасы үшін Тяньцзиньді ашты, қытайлықтарды Азиядағы өз отарларында іс жүзінде құлдар ретінде пайдалану құқығына ие болды, Англияға Цзюлун түбегінің оңтүстік бөлігі өтті, ал Ресей Уссурий өлкесіне ие болды.
Достарыңызбен бөлісу: |