Сақтандырушараларының мағынасы басты ауруларды дер кезінде емдеп жазуға бағытталған. Ірі қараларда жарақаттан пайда болатын перикардитті сақтандырудың маңызы өте зор, ол үшін төмендегідей әрекеттер жасалуы керек: а) малмен жұмыс істейтін адамдардың арасында түсінік-насихат жұмыстарын жүргізу; б) сусымалы жемдерді магнитті қондырғылардан өткізу; в) сыммен байланған тең шөптерді арнайы құралдармен мал қораларда емес, арнаулы жерде шешіп, сымдарды шашпау; г) малды байлайтын шынжырлар үзілген жағдайда оларды жалғау үшін сымды қолданбау; д) темір-терсектермен былғанған жерлерге малды шығармау және жаймау; е) жемірліктің себебінен түрлі бөтен өткір темір-терсек заттарды жалатып жұтқызбас үшін малдарды минералды-витаминді азықтармен толық қамтамасыз етуді ұйымдастыру; ж) қала маңындағы және басқа да жарақатты перикардит жиі кездесіп тұратын шаруашылықтарда барлық сиырлардың тақия қарнына сопақша магнитті енгізіп, оларды Меликсетянның магнитті зондымен немесе оқтын-оқтын Коробов пен Телятниковтың магнитті зондтарымен қайтадан шығарып тазалап тұру.
Жүрек қабының шемені (Hydropericardium) – гидроперикард жүрек қабының қуысына транссудат (сарысу) жиналуымен сипатталатын ауру.
Себептері. Гидроперикард, ылғи да қосымша ауру ретінде пайда болады да кеуде (гидроторакс) және іш (асцит) шеменімен қатар өтеді. Гидроперикард – созылмалы түрде өтетін жүрек пен қан тамырлар қызметтерінің нашарлауының, жүрек ақауларының, бүйрек ауруларының және біраз індетті және инвазиялық аурулардың салдарынан болатын дерт.
Дамуы. Көп мезгіл бойы жүрек пен қан тамырларының қызметтері нашар істегендіктен вена жүйесінде қан іркіледі де вена мен капиллярда қан қысымы көтеріледі. Іркіліс қан мен лимфа тамырларының қоректенуін нашарлатып, тамырлар керілгендіктен олардың түтікшелерінің өткізу қабілеттері күшейіп қан сарысуы (транссудат) ұлпаларға және сірі қуыстарға, соның ішінде перикард қуысына жиналады. Жиналған сарысу, жүректі, әсіресе, жүрек құлақшаларын жан-жағынан қысып (тампонада) жүрек параличіне (салдану) әкеліп соқтыруы мүмкін.