Өлекседегі өзгерістер. Жүрек қабының қуысында біраз (ірі қарада 10, ұсақ малдарда 1 литрге дейін) түссіз, көбінесе сарғыштау не қызғылт түсті сарысу бары байқалады. Ауру созылмалы түрде дамығанда жүрек етінің семіп, түрі өзгеріп азғындағаны білінеді.
Белгілері. Басты аурудың белгілерінен басқа жабыққандық байқалады, денесінің қызуы көп өзгермейді, мойын көк тамыры (яремная вена) білеуденеді, жақ сүйектерінің арасы ісінеді, жүрек түрткісінің күші әлсіреп, жайылып кетеді, жүрек дүңкілінің көлемі бәсеңдейді. Ерекшелеу шығатын шолпыл шуылы естілуі мүмкін. Артериядағы қысым төмендеп, венадағы қысым көтеріледі, қан айналысы баяулайды. ЭКГ-да кертештердің биіктігі кішірейеді, кішірею, әсіресе, бірінші тармақ алынатын аяқтарынан жақсы көрінеді.
Барысы. Ауру көбінесе созылмалы түрде өтеді.
Анықтау – жоғарыдағы келтірілген тән белгілерге негізделінеді. Гидроперикардиттің перикардиттен айырмашылығы дененің қызуы көтерілмейді және жүрек тұсын тексергенде мал ауырсынбайды. Күдікті жағдайларда перикард қуысын теседі. Алынған сарысудың жалқықтан айырмашылығы оның сыбағалы салмағы төмендеу (1,016) және құрамында белок аз болады (1-3%).
Болжамы– шүбәлі, ауыр өткен жағдайда жақсы нәтиже бермейді.
Емі. Алдымен көңіл басты ауруға бөлінеді. Малға белгілі мерзімде берілетін азық құрамындағы тұз бен судың мөлшерін азайтады. Жүрек қабының қуысындағы жиналған сарысудың көлемін азайту үшін және ары қарай жиналуына жол бермеу мақсатымен ауруға жүректің жұмысын жақсартатын, несеп шығаруды үдететін, терлететін дәрілерді қолданады. Қанға кальций хлориді мен гдюкозаны енгізуге болады. Несепті шығаратын дәрі ретінде аузы арқылы күніне 2-3 рет теобромин немесе темисал береді, мөлшері: ірі қаралар мен жылқыларға 5-10 г., ұсақ мал мен шошқаларға 0,5-2 г., иттерге 0,1-0,2 г. Тері астына ірі қаралар мен жылқыларға 0,5-2 г., ұсақ мал мен шошқаларға 0,2-0,3 г., иттерге 0,5-0,1 г. ауфиллин ерітіндісін енгізеді.
Қанға жаймен 10% кальций хлоридтің ерітіндісін мынадай мөлшерде құяды: ірі қараларға 15-40 г., жылқыларға 10-30 г., ұсақ малға 1-3 г., иттерге 0,5-2 г. Кальций хлоридті аузы арқылы да беруге болады, ірі малға 20-60 г., ұсақ малға 1-6 г., кальций хлоридтің орнына аузы арқылы не қанға кальций глюконатын да, сол мөлшерде, сондай ерітіндісін қолдануға болады. Глюкозаны перикардитте қалай қолданса, бұл ауруда да сол мөлшерде және сондай жолдармен қолданады.