Өлекседегі өзгерістер. Кеңею жедел түрде өтсе жүректің көлемі ұлғайып, формасы дөңгеленіп кетеді, қуыстары қанға толып, қабырғалары жұқарады, көп жағдайда жүректің бұлшық еттері босап, божырап кетеді. Басқа ағзалар мен тіндерде веноздық қан іркілісі білінеді. Созылмалы түрде өтетін жүрек кеңеюінің сипаты жіті түрдегісіне ұқсас болады, айырмашылығы, тек өлекседегі өзгерістер айқын көрінбейді.
Белгілері. Жүрек кеңеюі, көп жағдайда миокардтың басқа ауруларының асқынуынан болатындығынан оның белгілері негізгі аурулардың өту ерекшеліктеріне көп байланысты болады. Бірақ әрдайым малдардың күй-жайы ауыр жағдайда өтеді. Жүрек түрткісі жайылады, күшейеді (кейде бәсеңдейді), қысқарады. Тамыр жәй соғады, толуы азаяды, кейде ырғақсызданады. Жүректің ішкі қабының қызметтерінің бұзылғандығынан, жиырылған кезінде, желдің өсуіне ұқсас шуылдар құлақшалар мен қарыншалардың аралығындағы қақпақшалардың орналасу нүктелерінде айқын естіледі. Шоқырақ ырғағы, эмбриокардия пайда болуы мүмкін. Жүрек кеңеюі жүйке жүйелерінің қызметтерін бұзып, бұлшық еттердің қалыпты жұмысын өзгертеді (атаксия), рефлекстерді бәсеңдетеді, кейде өкпелердің ісінуіне әкеледі. Көп жағдайда дененің кей жерлері шектелініп терлейді.
Жүректің кеңеюі жіті өткен жағдайда тез арада ентігу, көгеру, тахикардия, ісіну пайда болады. Жүрек кеңеюі созылмалы түрде өтсе, жүрек-қантамыр кемістіктері баяу дамиды. Ылғи да артқы аяқтар, ұма, желін тұстарында, ал ірі қара малдарда жақ сүйектерінің аралықтарында қанның іркілісінен ісіктер байқалынады. Тахикардия, жіті өтуіне қарағанда, айқын білінбейді. Жүрек дыбыстарының бірінші үні, ылғи да екіге бөлініп естіледі. Эндокардтың қызметтік шуылдары бар болған жағдайда олар бәсең естіледі. Жүректің ырғақтығының бұзылуы , көбінесе мал қимылынан кейін пайда болады.
Барысы. Жүректің жіті кеңеюі бірнеше тәуліктерден екі аптаға дейін созылады да, созылмалы өтетін түріне қарағанда ауырлау өтеді.
Анықтау. Аурудың мынадай тән белгілеріне негізделінеді – жүрек түрткісі күшейген, жайылған, бірақ жүрек етінің гипертрофиясынан (шымырлануынан) айырмашылығы қысқарған, тамыр соғуы жәй, әлсіреген, жүрек дыбыстарының бірінші үні күшейген, екіншісі бәсеңдеген, эндокардтың қызметтік шуылдары естіледі.