Сақтандыру шаралары. Орталық нерв жүйесінің зақымдануымен ұштасатын жұқпалы аурулардан сақтандырады, сол сияқты мал омыртқаларының жарақаттануына жол берілмейді.
Қуықтың түйілуі
Қуық түйілу дегеніміз – қуық аузының бұлшық еттерінің кенеттен сіресіп қалуы.
Себебі. Қуық түйілуі орталық нерв жүйесінің ауруға шалдығуынан қуықтың өлі еттенуі, қуық пен жыныс органдарының кілегей қабықтарының тітіркенуі салдарынан орын алады.
Белгілері. Ауру мал несеп шығаруға тырысады, бірақ несеп шықпайды, не болмашы аз шығады. Осы шақта мал ауырсынады. Тік ішек арқылы зерттегенде қуықтың несепке толы екені байқалады, оны қысқанда мал ауырсынады, бірақ одан несеп шықпайды. Қуыққа түтік енгізу қиын, ол көбіне мүмкін де емес.
Емі. Жылы клизма жасалады және қуық мойнын натрий хлоридінің изотонды ерітіндісімен жуады, кейін түтік енгізеді. Бұдан еш жеңілдік болмаса, хлоралгидрат не морфин жібергеннен кейін қуықты несептен босатады.
Қуыққа тас байлану ауруы
Бұл ауру малдың барлық түлігінде кездеседі. Ауру несеп органдары қуысында тығыз тас-құм және тас тәрізді заттар пайда болуынан болады. Мұның салдарынан несеп органдарының қызметі, сонымен бүкіл организм қызметі бұзылады. Кейде жылқыда, итте, мысықта кездеседі, ал қой, ірі қара, шошқа арасында жиі тараған.
Аурудың себептері. Тас байлану ауруы әр түрлі жергілікті және жалпылама сипатты себептер салдарынан пайда болады. Тас түзілуі — күрделі биохимиялық процесс, мұнда жалпылама сыртқы себептер-организмдегі зат алмасу процесін бұзады, ал несеп органдарындағы өзгерістерден мұнда тас түзіледі. Несеп органдарының түрлі ауруларын (ол адамда да болады) туғызатын себептердің ішінде мал ең қауіптісі-азықтандырудың талапқа сай болмауы. Бұл ауру қоректенудің, зат алмасудың бұзылуы , қуықтағы қабыну процестері , А, Е, Д, С витаминдерінің жетіспеуі, протейні, углеводтары, майы, микро және макроэлементтері жөнінен теңестірілмеген азықтандыру, сол сияқты ауыз суында тұздың өте көп болуы салдарынан пайда болады. Жемді үстеп беріп, судың тапшылығы, малға минералды заттары көп беруі, негізгі азық ретінде мақта күнжарасының, қоспа азықтың, бидай жармасының, жемнің, беденің пайдалануы, мал азығы мен организмде каротиннің, көп молекулалы қанықпаған май қышқылдары жетіспеуі, фосфор мен кальцийдің қажетті мөлшерінің арақатынасының бұзылуы , кобальттің, марганецтің, йодтың тапшылығы, магнийдің, калийдің, натрийдің, молибденнің, барийдің, стронцийдің қажетті мөлшерден көп болуы осы ауруға ұшыратады. Бүйрек — несеп жолының қабынуы, өзгеріске ұшырауы, семуі, сол сияқты несептің тоқтауы бұл ауруды күшейте түседі. Несеп тастары химиялық құрамы жағынан фосфат, оксалат, урат, аралас карбонаттар және белокты тастар болып бірнеше түрге бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |