Өзін-өзі тәрбиелеу – адамның өз тұлғасын қалыптастыруға, өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне, өзін-өзі дамытуға, өз қабілеттерін өзі іске асыруға бағытталған мақсатты, саналы, жүйелі түрде өздігінен жүргізілетін іс-әрекеті. Өзін-өзі тәрбиелеу тәрбие процесінің құрамды бөлігі және тұлғаның өзін-өзі дамытуындағы ең маңызды күш болып саналады.
Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу – бір педагогикалық өрісте орналасып, тұлғаны қалыптастыру деген тұтас процестің екі жағы болып саналады. Әрбір педагог тек тәрбиенің заңдылықтарын біліп қана қоймай, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеудің әлеуметтік-психологиялық механизмдерін жақсы түсінуі керек.
Өзін-өзі тәрбиелеу адамның жеке «Мендігін» жүйелі түрде зерттеуін, қажымас қайраттылықты, үлкен ерік-жігерлік күшті қажет етеді. Өзін-өзі тәрбиелеу мектебі адамнан көптеген күш-қайратты, жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылықты, өзіне деген сын көзбен қарауды талап етеді.
Өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі бағалаудан басталады. Өзін-өзі бағалаудың негізін жеке адамның өзі қабылдаған құндылықтар жүйесі, тұлғаның жеке маңыздылықтар жүйесі құрайды..
Өзіне-өзі бұйыру дегеніміз – адамның өзіне-өзі берген қысқа, үздік-үздік үкімі.
Өзіне-өзі бұйыру адам өзінің нақты бір іс-әрекет жасау керектігіне сендіріп, енді басқаша әрекет жасауға болмайды деп сезгенде ғана қолданылады.
Адамның өзін-өзі тәрбиелеуде өзін-өзі құптаудың маңызы зор. Әр адамның есінде өздерінің үлкен жетістіктерге жеткен кездері жақсы сақталып қалады.
Өзін-өзі бақылау – адамның өз іс-әрекеттерін, психикалық процесстер мен көңіл күйлерін түсінуі, бағалауы және реттеуі. Бұл тәсіл адамға айналадағылармен сабырлы қарым-қатынаста болу іскерліктерін, басқа адамдардың кемшіліктеріне, әлсіздіктеріне, қателіктеріне шыдамды болуды үйретеді.
Өзін-өзі түзетуадамға өз мінез-құлқын, кемшіліктерін, қателіктерін және басқа адамдарға деген қарым-қатынасын өзгертуге мүмкіндік береді. Өзін-өзі түзету адамның өзіне сын тұрғысынан қарауына байланысты болады.