Дәріс 23. Курстық жұмысты орындау әдістемесі. Зерттеуге дайындық кезеңін өткізу.
Библиографиялық ізденіс
1. 1 кезең – зерттеуге дайындық. Курстық жұмыстың тақырыбын таңдау. Курстық жұмыстың тақырыбын таңдамас бұрын зерттеудің «объектілі саласын», «объектісін», «пәнін» анықтау қажет, себебі әрбір тақырып белгілі бір жүйе аймағында орналасады.
Педагогикалық зерттеудің объектілі саласы – зерттеу объектісі орналасқан ғылым мен практиканың аймағы, саласы. «Бастауышта оқыту педагогикасы және әдістемесі» мамандығы бойынша оқитын студенттердің объектілі саласы – «бастауыш мектеп педагогикасы», «кіщі мектеп жасындағы балалардың ерекшеліктері», «математиканы бастауышта оқыту әдістемесі» және т.б. болып табылса, «Педагогика және психология» мамандығы бойынша объектілі сала – бұл «жалпы білім беретін мектеп педагогикасы», «пәндерді оқыту әдістемесі», «мектеп оқушыларының психологиясы» болып табылады.
Зерттеу объектісі – объектілі саланың ірі, дербес бөлігі. Онда зерттеудің пәні орналасқан. Мысалы, егер объектілі сала – кіші мектеп жасындағы балаларды экологиялық тәрбиелеу әдістемесі болса, объект бұнда экологиялық тәрбие берудің әдістері, формалары, басқа тәрбие түрлерімен байланысы, тәрбиелеу ерекшеліктері болып табылады.
Зерттеу пәні – объектінің бақылау бөлігі. Егер объект «Балаларға экологиялық тәрбие беру әдістері» болса, онда зерттеу ретінде кез-келген әдісті алуға болады. Мысалы, зерттеу пәні ретінде «Экскурсия экологиялық тәрбие берудің әдісі ретінде» деп анықталады.
Зерттеу пәні аясында алдын-ала тақырып белгіленеді. Тақырып – «Бастауыш мектепте экологиялық тәрбие берудің негізгі әдісі - экскурсия».
Осылайша, объектілі саласы, объекті, пән арасындағы қатынас – жоғарыдан төменге қарай бағыныңқылықты белгілейді. Басқаша айтқанда, объект объектілі саладан тарлау, пән объектіден тарлау.