Қайта Өрлеу дәуірінің эстетикасы өзінің антропоцентристік, гуманистік сипатына орай антикалық мәдениеттегі сұлулық идеаларын жаңғыртып, оны Платонның мәңгі идеялар әлеміндегі сұлулық идеалы тұғырынан алып, жердегі табиғат, тіршіліктің асқақ шыңы санаған шынайы өмір сүретін адам бойындағы сұлулық, әсемдікпен теңгерді. Олай дейтініміз көне гректер, сондай-ақ Платон эстетикасына сәйкес, сұлулық дене сымбаты мен күш-қуатта болатын. Көне мүсіндердің арасынан алып денелі адамдар бейнесінің көптеп кездесуі де сондықтан. Сонымен қатар Платон эстетикасы өзінің иделар концепциясына сәйкес, сұлулықты көзге көрінетін заттар әлемінде емес, ақыл-ой арқылы ғана танылатын идеялар әлемінде деп білді. Дене сымбатын киім қалай жауып тұрса, дүниедегі шынайы сұлулықты да заттар әлемі солай жауып, көлегейлеп тұрады деп санады.
Жаңа заман
Егер XV-XVI ғасырлардағы асқақтаған қоғамдық сана адамды еркін деп жариялап, оның шығармашылық болмысы мен жасампаздығын Құдаймен теңестірсе, XVII ғасырда ол, адамды табиғат деген ұлы механизмнің шағын буыны, кішкене ғана бөлшегі, және де сол табиғаттың заңдарымен өмір сүреді деп санады. Осыдан келіп, Жаңа дәуірдегі философия мен ғылымның жаңа міндеті келіп шығады. Бұл өнер, көркем эстетикалық танымға да қатысты болатын. Ол «ғылым ғылым үшін» емес, ғылым адамның Табиғатқа үстемдігін арттыруға көмектесуі тиіс деген ұстаныммен байланысты болды.
Ағартушылар мен материалистер
Франсуа Вольтер, Жан Жак Руссо, Дени Дидро, Гольбах сынды ағартушылар адамның еркіндігі мен ақыл-ойының күшіне сенім артып, ақыл-ойды негізгі культке айналдырды. Феодалдық қоғамның қалдықтарын, дінді сынға алып, ғылыми-философиялық ойлаудың, көркем шығармашылықтың, адамдардың пікір айту қабілетінің еркіндігін жақтады. Олар классицизм идеяларын дамыта отырып, жоғары мүдделерді қолдап, жеке адамның ғана емес, сол уақытта қалыптасып келе жатқан орта буржуазияның, қарапайым халықтың талап-тілектерімен санаспаған саяси билік, олардың ұстанымдарын қолдаған классицистерге қарсы, үшінші сословие саналған орта буржуазияны жақтаушы, жалпыадамзаттық құндылықтарды ту еткен позицияны ұстанды.