Гулыганың ойынша, Канттың ілімі ақиқат, ізгілік және сұлулықтың өнерде тоғысатынын көрсетеді. «Өнер табиғат емес, ол еркіндік арқылы жүзеге асатын жасампаздық. Өнер ғылым емес. Ең бір жетілген білімнің өзі өнер табиғатын, өнер туындысының жасалу жолын түсіндіріп бере алмайды. Өнер қолөнер кәсібі де емес. Бірақ кез келген өнерге болсын, кәсіптің түріне де шынайы өнердегі тапқырлық, жасампаздық, идеалдылық артықтық етпес еді» деген тұжырым жасайды.
МЕХАНИСТІК ЖӘНЕ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ӨНЕР
Кант өнерді механистік (егер ол танымды жүзеге асырса) және эстетикалық деп бөлуге де болатынын айтады. Соңғысын өз кезегінде ұнамды және әсем өнер деп бөледі. Ұнамды өнер – уақыт өткізуге, көңіл көтеруге, рахаттануға арналған. Әсем өнер болса жанның мәдени жағынан жетілуіне жағдай жасап, эстетикалықтың танымға ұласуына мүмкіндік жасайды.
ӘСЕМ ӨНЕРДІҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ
Бұл бөліністің негізіне эстетикалық идеяның, басқаша айтқанда сұлулықтың көрініс беру тәсілін алады. Өнердің алуан түрлері дегеніміз – тиісінше сұлулықтың да алуан түрлері болатынын түсіндіреді. Сонымен қатар ойдың сұлулығы мен пайымдаудың сұлулығы да болуы мүмкін. Екінші жағдайда, суретші үшін не мазмұн, не форманың өзі материал болуы ықтимал. Нәтижесінде әсем өнердің үш түрін – сөз өнері, бейнелеу және сезімге әсер ететін деп бөледі. Сөз өнеріне – шешендік өнер мен поэзияны жатқызады. Кант үшін поэзия көркем өнердің ең жоғары түрі.