Ыспалы-шертпелі аспаптар.
Дәстүрлі музыкалық аспаптардың ішінде ыспалы-шертпелі аспаптардың сипаты, заты және жасалу әдіс-тәсілдері жалпы түркі тектес халықтардың көпшілігіне ортақ. Уақыт керуеніне сай олардың бүгінге дейін жетіген, қылқобыз, нарқобыз, егек, бозаншы секілді бірнеше үлгі-нұсқалары бар.
Ыспалы аспаптарға тағылатын ішектер жылқының жал-құйрығынан алынады. Таулы аудандарда бағылатын жылқылардың жал-құйрығы қайратты, әрі ұзын болып келеді. Ертедегі шеберлер мен қобызшылар қылды жылқылар табында жүрген жерінен көктемнің соңына қарай күзеп алатын болған. Себебі, тірі жылқы қылының тартылыс күші көп, энергиясы мол болып келеді. Сол үшін де қылдан шыққан дыбыс магиялық әсерге толы болып, дыбысы ашық, зарлы, күшті болып келеді. Ұзақ сақталған, суда, ылғалда жатып қалған қылдың энергиялық тартылыс күші жойылады. Сондықтан да қобызшылар ыспалы аспаптарға өлген жылқының қылын пайдаланбайды.
Қобыз. Қазақ тілінде бір ғана қобыз атауынан туындаған қобыздың 5 түрі бар. Бұл аспаптардың жалпы атауы (қобыз сөзі) ортақ бола тұрса да, олардың өздері бір тектес емес, әр текті болып келеді. Қазақ тіліндегі қобыздың түрлерін білдіріп тұрған – қыл, жел, шаң, жез, нар анықтауыштары қобыз атауына тікелей қатысы жоқ, тек олардың материалдық негізі мен сырт тұлғасын ғана білдіріп тұрған сөздер. Қобыз атауының төркінін анықтауға байланысты академик Ахмет Жұбановтың екі пікірі бар. Біріншісі: «Бірқатар халықтарда қобызға аты ұқсас, қомуз, коус, кобза, ағаш комус деген аспаптар бар. Қобыз негізінде ұзақ замандар бойы бақсының қолында болған. Сондықтан қазақ тілінде кездесетін кейбір сөздерге қарағанда қобыз бақсының өзін білдіретін сөз болуы да мүмкін. Мысалы, қобыз қ- дыбысы түсіп қалып, обыз, келе-келе об, аб-қа айналып, абыз болып кетуі мүмкін. Қазақта бұрын сәуегейді, бақсыны абыз деген. Ру құрылысында ру басы да абыз аталуы мүмкін. Қобыздың бақсы қолында негізгі қару болғаны жөнінде орыс этнографтары көп жазып кеткен. Олар қобызды өгіз мініп, ел кезіп жүрген диуаналардың қолынан да көрдік» дейді.
Осы айтылған пікірдің екінші нұсқасы төмендегіше баяндалады: «Қазақтың қобызы скрипка сияқты смычокпен тартылатын инструментке жатады. Ол татарда, башқұртта қобыз деп аталады. Бірақ олардың қобыз дейтіні – темірден жасалған, атқамыт сияқты, бір жағын ауызға салып қойып, үнін ауызбен ретке келтіріп отыратын бір нәрсе. Қырғыздарда қомыс деп біздің домбыра тәрізді, бұдан айырмашылығы тек пернесі жоқ инструментті атайды. Қобыз дейтін инструмент Украина елінде де бар. Олар мұны кобза дейді. Украина кобзасын ескі оқымыстылар шығыстан келген, түрік, монғол елінен үйреніп алған, содан жұққан нәрсе».
Жетіген.1) Жетіген – жеті қыл ішегі бар, байырғы музыкалық аспап [ҚТТС, 4, 113 б.]; 2) Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан шертпелі музыка аспабы. Жеті – ішектің санын көрсетсе, аған – арабша «ән» деген сөз, яғни жеті әндететін ішек мағынасында болуы керек деседі. Түркі халықтарында жетіген сияқты шертпелі музыкалық аспаптың бар екендігін чадаган (тува), чатхан (хакас), етіган (татар) атауы дәлелдей түседі. Ерте кезде жетігенді тұтас ағаштан астау тәрізді ойып жасаған» [ҚМТС., 51-52 бб.]; 3) Қазақтың байырғы шертпелі аспабы, ертедегі нұсқасы тұтас ағаштан астау тәрізді ойып жасалған. Ойылған жағы ашық тегіс бетінде жеті қыл ішегі бар. Содан жетіген аталған. Тиек орнына асық қойылған. Орындаушы сазына қарай тиектерін (асықтарын) әрлі-берлі жылжытып, күйдің орындаушылық қасиетіне келтіретін болған...» [ҚСЭ., 428 б.];
Жетіген аспабының шығу тарихы туралы халық арасында тамаша бір аңыз болғанын этнограф-зерттеуші А. Сейдімбек былай дәйектейді: «Ерте заманда бір көпті көрген қарттың жеті ұлы болыпты. Жетеуі де елге қорған, жұртқа пана болған аптал азаматтар еді дейді. Ол бір жаугершілігі көп, тынышсыз заман болса керек. Күндердің бір күнінде ала өкпе болып, жаушы жетіп, ел шетіне дұшпан әскерінің тұяқ іліктіргенін хабарлайды. Содан көне көз қарттың жеті ұлы мұздай сауыт құрсанып, жаудың алдын алуға ұмтылады. Қанды шайқаста жаудың бетін қайтарып асқан ерлікпен жеті жігіт қаза табады. Қаралы хабар әкеге жетеді. Жеті боздағынан бірдей айырылған қарттың қайғысында шек болмайды. Еш жұбаныш таппай, жаны мүжіле береді. Арада айлар күндер өтсе де, жеті ұлының бейнесі көз алдынан кетпей, жанын жегідей жеумен болады. Содан жеті ұлының рухына арнап бір аспап жасайды, оған жеті ішек тағады. Бұл аспаппен жеті баласының қылық қасиетін елестете отырып жеті түрлі күй шығарады. Сол жеті күйді перзентіндей тербетіп, қалған өміріне жұбаныш етеді. Жетіген аспабы осылайша дүниеге келсе керек. Ал қарттың жеті ұлына арнап шығарған жеті күйі ел ішінде «Қарағым», «Қанат сынар», «От сөнер», «Бақыт көші», «Күн тұтылды», «Құса», «Төралым» деген атпен тараған [А. Сейдімбек,191 б.].
Бозаншы -төрт қыл ішекті, мойны ұзын, шанағы шөміш тәрізді, пернесі жоқ ыспалы аспап. Ертеде түрік халықтарының көпшілігінде қолданыста болған бұл аспап атымен «Кіші жүз Әлім ішіндегі Кете руынан тарайтын ру аты – Бозаншы аталады (ҮІІІ)». әл-Фарабидің еңбектерінде осыған ұқсас аспап суреті сақталған және бұл асапапты ғұламаның өзі жасағаны туралы айтылады. Зерттеуші Ә.Дәулетхан осыған ұқсас келетін аспап туралы: «Мойны түзу, іші қуыс дөңгелек, жарты кеспекке ұқсайды, төрт ішекті, түбі бір ғана тіреуге тірелген» - деп, қытай тарихшылары қалдырған деректерден мәлімет береді [Ә. Дәулетхан, 67-70 бб.].
Достарыңызбен бөлісу: |