Јділет Ќабылов



Pdf көрінісі
бет8/21
Дата22.12.2023
өлшемі1,4 Mb.
#142807
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21
 
 
 
 
 
 
 
 
 


60 
 
ИРОНИЯ ИІРІМДЕРІ 
 
Я не могу понять,
где оканчивается ирония
и начинается небо! 
Г.Гейне 
Өмір құбылыстары мен адам болмысына идеялық-эмоциялық баға 
беруде суреткер түрлі эстетикалық категорияларға жүгініп, көркем 
шындыққа айналдырған «өмір суреттерін» оқырман назарына ұсынады. 
Авторлық бағалаудың түрі де сан қилы – жазушының қолында әдеби әдіс-
тәсілдердің орасан әлеуеті бар – кейіпкерді қаһармандық дәрежеге көтеруге 
де, болмыстың комизмді қайшылықтарын ашуға да, романтикалық немесе 
трагикалық өңмен айшықтауға да, сентиментальдық сезіммен өрнектеп 
немесе драматизммен шиеленістіруге де баруы мүмкін. Суреттеу құралдары 
арқылы жүзеге асырылатын әдеби амал-тәсілдер ашық түрде де, астарлы-
тұспалды мағынада да діттеген межені көздеп отырады. Мұның бәрі 
суреткерлік мақсаттан туатындығымен қатар, жазушының жалпы 
шығармашылығында бой алдырып отыратын, өзіндік жазу мәнеріндегі 
стильдік шеберлік қырына да байланысты. Стиль – «шығарманың мазмұндық 
түрінің барлық элементтерінің бірлігі мен тұтастығының жиынтығы ретінде 
(образдар жүйесінің ішкі байланысы, көркем тіл, жанр, композиция, фабула, 
ырғақ, интонация) суреткердің шығармашылық даралығы мен оның көркем 
ойлау формасының көрінісі» [41,10], – десек, шығарманың жалпы 
мазмұнынан да, оның жекелеген компоненттерінен де, әсіресе тілдік-стильдік 
даралығынан көрініп отыратын өнімді стильдік-көркемдік тәсілдердің бірі – 
ирония.
Қазақ әдебиеттанушыларының ирония туралы пікірлері бір арнаға 
тоғысып отырады. А.Байтұрсынов атақты «Әдебиет танытқыш» еңбегінде: 
«Сөздің тысқы лебіз мағынасына ішкі астыртын мағынасы қайшы келсе, 
кекесін болып шығады. Кекесінмен сөйлеуді кекесіндеу дейміз», – дейді 
[10,68]. Қ.Жұмалиев: «Сөйлем құрылысының түріне қарағанда, адамға, 
нәрсеге сырттай жақсы баға берсе де, ішкі мағынасы оған қарсы шығып, 
жақсы бағаны жоққа шығарса, және сол нәрсені келекеге айналдырса, ирония 
дейді», – деп жазады [42,129]. «Ирония – «кемшілікті, мін-мүлікті астармен 
перделеп сынау, сықақтау, мысқылдау, кекету. ...жоқ жақсылықты өп-өтірік 
бар ету арқылы әдейі сол жоқ нәрсенің орнын ойсырата көрсету, мазақ қылу, 
оның өзін астарлап, объектіні тәлкек ету», – дейді З.Қабдолов [24]. 
«Әдебиеттану. Терминдер сөздігінде» (З.Ахметовтің мақаласы) иронияға 
мынадай анықтама берілген: «Кекесін (ирония) – сөзді тура мағынасында 
айтылғандай қолдана отырып, бірақ оған қарама-қарсы мағына беру, сөйтіп 


61 
ойды жеңіл әзіл-қалжыңмен, зілсіз кекесінмен керісінше айту тәсілі. Қай 
сөздердің осылай астарлы мағынада, керісінше қолданылып отырғаны 
олардың айтылу қалпынан, ой желісінен, сөйлеу интонациясынан сезіліп 
отырады. Кекесін тәсілін қолданудың әсерлілігі жағымды, жылы сөздермен 
айта отырып, жағымсыз мінез, іс-әрекеттерді көрсететін тапқырлықты, 
қарама-қайшы жайларды тартыстыру арқылы ойды жасырын түрде жеткізе 
білетін көркемдік шеберлікте» [43,25]. 
Ирония – сан-салалы қоғамдық құбылыстар мен мың құбылған өмір-
тіршіліктегі түрлі келеңсіздіктерге, тоғышарлық пен рухани қысымның 
барлық көріністеріне қарсылық әрекеті ретінде қалыптасып, сыни ойлар мен 
әлеуметтік талдаушылық көзқарасты өткізудің астарлы көркем амалы ретінде 
орнықты. Иронияның негізінде дүниеге сыни көзқарас жатады, қоғамдағы 
әділетсіздікке, әлеуметтік қысымның жойқын күшіне қарсылықты ерекше 
эстетикалық әдіспен берудің шығармашылық әдісі болып табылады. 
Ирония – ауыз әдебиетінен бастау алатын көркемдік құбылыс. Жазба 
әдебиетіміздің арғы бастауларында ауыз әдебиеті тұр десек, қай елдің де 
фольклоры мен ел аузындағы аңыз-әңгімелерде иронияның көркем 
мысалдары көптеп кездеседі. Н.А.Добролюбовтың: «біздің сөз өнеріміздегі 
ең тәуір нәрсені – бірде аңғырт да ашық, бірде қулықты де сабырлы, енді 
бірде ашулы да ұстамды ирониядан табамыз», – дейтіні бар [44,187]. 
Н.В.Гоголь халық поэзиясындағы ирония реңктері туралы айта келіп, 
иронияға бейімділікті орыстың ұлттық мінез сипаттарына байланысты деп 
санайды: «У нас у всех много иронии. Она видна в наших пословицах и 
песнях, часто там, где, видимо, страждет душа и не расположена во все к 
веселости», – деп жазады [45,168]. 
Қазақ халқының мінез-құлық пен дүниетаным, сыни талдау мен баға 
беру дағдысы да иронияға өте бейім келеді. Ирония мақал-мәтелдердің 
өзінен молынан ұшырасады. «Өзің білме, білгеннің тілін алма», «Апама 
жездем сай, ағама жеңгем сай», «Бай үйінің мұржасы қисық болса да, түтіні 
түзу», «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «Әкімің соқыр болса, 
бір көзіңді қысып өт» секілді мақал-мәтелдерде жеке адамға бағытталған әрі 
әлеуметтік мәндегі кекесін, парадокстық тұрғыдан, ирониялық сарынмен 
астарлап мұқату, тұспал-ишарамен мазақ етушілік бар. 
Абайдың қара сөздерінде [40,126-127] сыналатын («Жиырма 
тоғызыншы сөзі») мақалдардың дені осындай ирониялық астармен 
айтылатын сөз мәйектері екенін ескеруіміз керек. Мысалы, «Жарлы болсаң, 
арлы болма», «Қалауын тапсаң, қар жанады», «Атың шықпаса, жер өрте», 
«Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол», «Алтын көрсе, періште жолдан 
таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дегендердің қай-
қайсысы да – өткір кекесінді нақылдар. 
«Қандай мақалды алсақ та, оның шығуына үлкен уақиға, мәнді әңгіме 
себеп болған. Мақал соларға берілген баға, жасалған қорытынды, яғни 
«тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» есебінде жүреді» [46,78]. Тегінде, 
жоғарыда келтірілген мақалдар да жеке бір оқиғаға байланысты айтылған. 
Тұрмыс-тіршіліктегі кездескен нақты бір жөнсіз жәйт, орынсыз оқиға, 


62 
кешірілмес күнә, құптауға болмайтын көріністерге орай туындаған кекесін 
түрінде айтылған нақыл сөз уақыт өте келе ғибратты мақал-мәтелге айналған. 
Ал мұндай нақыл сөздер барлық уақытта тура мағынадағы өсиет түрінде ғана 
емес, кейде осылай астарлы-тұспалды кекесін, мұқату, мошқау түрінде 
айтылып, ел есінде жатталатыны бар. 
Әдеби мұраға таптық көзқарас тұрғысынан қараған кешегі кеңестік 
кезеңде кейбір мақалдардың «үстем тап шығарып, оған таптық идеясын 
қосқан, идеологиялық құрал еткен» деп түсіндірілгені мәлім. Алайда, сол 
«Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «Құм жиылып тас болмас, құл 
жиылып бас болмас», «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деген 
секілді мақалдар сол кешегі «байы менен кедейі жоқ, теңдікті» заманда да, 
бүгінгі күні де ұмытылмай келеді. Асылы, осы мақалдардың да өзегінде ащы 
әжуа, кекті кекесін жатқаны анық. 
Халық – қашан да сыншы, қапысыз тәлімгер, ал мақал-мәтел –жекенің 
мұрасы емес, халықтың ғасырлар бойы сүзгіден өтіп, өмір-тұрмыс 
тәжірибесімен дәлелденген, еленіп-екшелген ақыл-ойының тұнбасы. Ендеше, 
«Малым – жанымның садақасы, Жаным – арымның садақасы», – деп мал-
мүлік, тапқан-таянғанын жаны үшін қиятын, ал сол жанын арының жолында 
құрбандыққа шалып, ар-намысты жоғары ұстаған қазақтың «Ата-анадан мал 
тәтті, алтын үйден жан тәтті» деп (тура мағынасында ұғынсақ), ата-анасынан 
гөрі малды ардақтайтындай не жөні бар!? Олай десек, мұндай гәп халықтың 
ой-тұжырымы емес, бірлі-жарым түйсіксіздің ғана «пәлсапасы» болып шығар 
еді. Демек, соңғы мақалды алдыңғысының нақты бір кезеңге икемделген 
метаморфозасы емес, керісінше, белгілі бір жағдайға сәйкес ирониялық 
тұрғыда тәмсілденген парадокстік нұсқасы деп түсінбек лазым. 
Алайда, әуелгідегі шығу тегі мен қолданысы осындай болғанмен, өз 
ісінің жөнділігіне «уәждеме» қылу үшін кейбіреулер сөз төркініне үңілмей, 
мақалды тура күйінде қабылдауға бейім тұрса ше!? Абайдың өзі айтпақшы, 
«жұбанышы: жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген 
ұлы той, көппен бірге болсақ, болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылатын» 
(«Жиырма үшінші сөз») қазекеңнің осы мінезін, қарапайым халық 
өкілдерінің балаң ой-өресін ескерді ме екен, ұлы ақын осы мақалдардың тура 
мағынасынан сақтандырып, әрқайсысын жеке-жеке талдап көрсетеді ғой. 
Дана ақынның мұндай «профилактикалық алдын-алу уәжіне» дәлел бола 
алатын мына бір жайды айта кеткен артық болмас дейміз. 
Баршаға таныс, орыс әдебиетіндегі психологиялық романның басы боп 
есептелетін М.В.Лермонтовтың «Біздің заманның геройының» алғысөзінде 
автор: «...Біздің халқымыз сондай жас, сондай ақкөңіл ғой, мысалдың 
аяғынан ақыл айтатын сәуегейлікті таппаса, оны ұға алмайды. Олар 
қалжыңды түсінбейді, мысқылды сезбейді: олар асылында қисық 
тәрбиеленген. Олар осы күнгі білімпаздық бұрынғыдан гөрі өткір және көзге 
түсе қоймайтын, мақтау пердесін жамылып отырып, қарсыласуға мұршасын 
келтірмей, тура соғатын құрал тапқанын, сондықтан тәуір орта мен тәуір 
кітапта балағатқа орын болмайтынын әлі білмейді...» [47,7], – деп жазды емес 
пе?! М.В.Лермонтов романының атауының өзі иронияға құрылған ғой. Бас 


63 
кейіпкер Печориннің адамдық табиғатын, «қаһармандық» іс-әрекеттерін 
жинақтап, өз кезеңі адамының, «ғасыр қаһарманы» феноменінің бейнесін 
береді. Автордың кейіпкер іс-әрекетіне көзқарасы ашық көрінбейді, негізгі 
идея шығарма атауы мен оның идеялық-мазмұндық болмысынан байқалатын 
ирониядан танылады. М.В.Лермонтов иронияны «бұрынғыдан гөрі өткір 
және көзге түсе қоймайтын, мақтау пердесін жамылып отырып, қарсыласуға 
мұршасын келтірмей, тура соғатын құрал» ретінде атап көрсетіп: «...Жұртты 
тәттімен сыйлау жеткілікті болды, одан бұлардың іштері бұзылды: енді ащы 
дәрі мен удай шындық керек», – деп кесіп айтады емес пе!? 
Ирония белгілі бір құбылыстарға эстетикалық баға берудің амалы 
ретінде көрінеді. Адамдық тұлғаның эгоцентризмін сыни тұқырту мен 
әшкерелеу ежелгі заманнан бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Ежелгі грек 
философы Сократтың пікірталас жүргізу құралының маңызды ерекшелігі 
оның ирониясы болғаны мәлім. Сократтың ирониясы – өзін көп білемін деп 
санайтын даңғойларды астарлы келекемен «отырғызып тастау» құралы 
болды. Қарапайым аңғалдықпен сұрап отырағандай көрініп, ұдайы сауал қоя 
отырып, Сократ өз сұхбаттасын тұйыққа тіреп тастайтын, сөйтіп олардың 
білімсіздігін дәлелдеп беретін болған. Сократ ирониясының ерекшелігі де 
сонда, оның мақсаты – біреуді жер қылу емес, адамның өзін-өзі тануына, 
сұхбатта еркін болуына, шығармашылық мүмкіндіктерін ашуына көмектесу 
болды. Ф.Шлегельдің пікірі бойынша, иронияға бейімділік адамды 
тұрмыстың қайшылықтарынан, әсіресе күнделікті күйкі тірліктен жоғары 
қояды. Сол Ф.Шлегель Сократқа қатысты «ирония бүкіл дүниені әжуалайды» 
дегенді айтады [48,286-287,360]. 
Ирония – қоғам мен адам кемшіліктерін қабылдамаудың бір көрінісі. 
Автор қолдап, қостап отырғандай болып, оны бекіте түскендей көрінгенімен, 
шын мәнінде, оны күлкі етіп, теріске шығарып отырады. Басқаша айтқанда, 
ирония – өзінің сипаты жағынан дүниедегі ұсқынсыздық пен қауіпті 
саналатын көріністерге қарсы бағытталған субъективті, эстетикалық өзгеше 
қатынас болып табылады. Ирония – кемшілікке кемелділік тұрғысынан 
қараудың этикалық-адамгершілік көрінісі.
Ирония құбылысын бір сөзбен «сырттай қоштап отырғандай 
көрінгенмен, ішкі мағынасымен кемітіп, кекетіп отыру» деп түйгенімізбен, 
оның көркемдік-поэтикалық өрнегі де, ішкі мағына-мәнері де сан алуан, 
иірімдері мол. Ол туралы А.Байтұрсыновтың: «Кекесіннің түрі толып жатыр. 
Бірақ толып жатқан түрін екі топқа бөлуге болады: 1) Зілсіз кекесін (ойын, 
қулық, қалжың, әзіл), 2) Зілді кекесін (мазақ, сықақ, мысқыл, келемеж, 
келеке, әжуа), – деп көрсетеді, сөйтіп иронияның ішкі мағыналық реңктерінің 
сан алуандығына көңіл аударады [10]. Қазақ тілінде де иронияның келеке, 
кекесін, мазақ, әжуа, мысқыл секілді нұсқалары бар және олар халық 
шығармашылығында да, қазіргі прозада да түрлі өрнекпен кеңінен 
ұшырасып отырады.
Иронияның ұлғайған түрі – сарказм. Яғни мысқылдың ызаға айналған 
түрі, зілді де ащы кекесін. Сатира зерттеуші орыс ғалымы Л.И.Тимофеев 
ирония мен сарказмды юмордан сатираға өтудегі аралық форма дейді. Демек, 


64 
ғылым тілінде, күлкі реңктерінің жаймашуақ әзілден бірте-бірте қаһарлы, 
мансұқтаушы күлкіге өтуі юмор – ирония – сарказм – сатира баспалдағымен 
көтеріледі. Ғалым Т.Қожакеевтің сөзімен айтсақ, «нысанаға қайырымды 
түрде, симпатиямен, әзіл-оспақты араластыра күлу жеткіліксіз болып, оны 
кекете, келемеждей сынау керек болғанда, иронияға ауысамыз, ал кекетіп 
қою жеткіліксіз деп табылып, объектінің шаңын қағып әшкерелеу қажет 
болғанда, кектен, ызадан, тепсінуден туатын сарказмға ойысамыз. Осыдан 
барып юморлық дүние сатираға айналады» [49,61]. 
Иронияны ділмәрлық-стильдік әдіс ретінде де, эстетикалық категория 
ретінде де қарастыруға болады. Немістің ұлы ақыны И.В.Гете ирониядан 
үлкен әдебиеттің әмбебап қасиетін таныған. Гетенің: «Ирония – онсыз кез-
келген астың дәмі кірмейтін бір салым тұз секілді», – дегенін Томас Манн 
қайталап айтып отырады екен [50]. 
«Дүниеге 
ирониялық 
көзқарас 
адамды 
ойлаудың 
догмалық 
қасаңдығынан, біржақтылықтан, шыдамсыздықтан, фанатизмнен арылтады. 
Сонымен бірге, «иронияға шектен тыс құмарлық» нигилизмнің тұйығына, 
арсыздыққа, жауапкерсіздікке соқтыруы да мүмкін» [51,78]. А.Блок 
«Ирония» деген мақаласында (1908 ж.) өз кезіндегі (ХІХ ғасырдың 
соңындағы декеденттік көңіл-күйдегі, сондай-ақ кейбір символистерде орын 
алған) орыс әдебиетіндегі иронияның талғамсыздығына қынжылыс білдіріп, 
оны «әзәзіл, арандатушы күлкіден басталып, сотқарлық пен қорлыққа 
апаратын қалжыратушы күлкінің көрінісі» деп бағалайды [52,209-213]. Қай 
нәрсені де шамадан тыс талғаусыз қолданса қадірі кететіні, тіпті қауіпті 
тенденцияға айналары рас. Иронияға шектен тыс құмарлық та адамның 
мінезін бұзып, ешкімді көзге ілмейтін, барлық жерден кемшілік іздеп, 
тепсініп кекеткісі келіп тұратын өзімшілдікке ұрындыруы, Ф.Ницще 
айтқандай, «тістеп тұрып та күлуге үйренген қабаған итке ұқсатып жіберуі»
әбден ықтимал [53,411].
Әлем әдебиетінде Гомердің әйгілі «Иллиадасы» мен «Одессеясынан» 
бастап, ирониялық баяндау Шекспирде де (ХҮІ ғасыр), Гоголь мен Бальзакта 
(ХІХ ғасыр) да кездеседі, түрлі ағымдардағы арғы-бергі көптеген 
қаламгерлердің қай-қайсысының шығармашылығында ұшырасып отырады. 
А.Уайлд пен 
И.П.Смирновалардың 
пікірінше, қазіргі 
әдебиеттегі 
постмодернистік ағым да өмірдің барлық көріністеріне өзгеше ирониямен 
қарауға ден қоюда. 
Абайдың: 
...Кісімсі қайда жүрсең, олжаға тоқ, 
Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ! 
Жұрт – жас бала, жылатып тартып алма, 
Білдіртпей ептеп алсаң, залалы жоқ. 
Жат елге жадағайда сөйле шәргез, 
Тар жерде тайпалудан танба әр кез. 
Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап, 
Жауға жабдық деп жиып пайда қыл тез, – 


65 
дейтін өлең жолдары да ақынның ирониялық түрдегі сыншылдық көзқарасын 
көрсететін поэтикалық өрнектер екені хақ. Немесе Қашаған ақынның 
«Оразалы байға айтқанындағы»: 
...Бет терісін түлетіп, 
Төбесінен күн өтіп, 
Шыбын жанын пида етіп, 
Шаруаға жанды жүдетіп 
Жүргенде кетпесе игі еді 
Біздің аршыланға тіл өтіп, – 
деген жолдарында бір қарағанда жанашырлық танытып отырғандай 
көрінгенмен, қайырсыз байдың дүниеқоңыз, сараңдығын тілдеген өткір 
кекесін жатыр. 
Ирония біздің қазіргі өмірімізде, күнделікті тірлігімізде де жиі 
ұшарасады. Кейде оңынан оралмаған ісімізге «Жетіскен екенбіз!» деп 
кекесінмен қарайтынымыз бар емес пе, тап осы лебізімізде өзімізге-өзіміздің 
көңіліміздің бітпеуі, алайда соны тікелей емес, іске көңіл толғандай ғып 
күмпитіп айтатынымыздың өзі нағыз иронияның ең қарапайым, сайқымазақ, 
өзін-өзі кекету (самоирония) түрі болып табылады. 
Ирония негізінен шығармадағы пафостың түрі, идеялық-эмоциялық 
баға берудің амалы, авторлық эмоциялық көзқарас секілді көркем мазмұнның 
субъективтік ұйымдасуынан көрінеді. Бұл жағынан ол комизм, трагизм, 
қаһармандық секілді «эстетикалық сана модальдылығына» жақын келеді. 
Көркем шығармадағы ирониялық көзқарас пен көңіл-күй, негізінен авторлық 
баяндаудан көрінеді, кейде ол кейіпкер сөзімен, ішкі монологымен астасып 
жатады. «Баяндаудың жаңа типі ондағы «жартылай кейіпкер, жартылай 
автор» баяндаушылардың ирониялық, сарказмдық бейнеленуімен Жаңа 
дәуірдің сатиралық әдебиеті жағдайында пайда болды», – деп жазады 
В.Мысляков [54,27]. 
Модернистік және постмодернистік әдебиетте түрлі сипатта көрінетін 
ирониялық бейнелеу (баяндау) социалистік реализм әдебиетінде де өзіндік 
үйлесімімен көрінді. Әдебиет пен өнерде, әсіресе, адамдар мен олардың 
тұрмысындағы, 
тарихи 
тәжірибелеріндегі 
қайшылықтарды 
өзінше 
қабылдаудан туындап, нақты әрі терең пайымдайтын көркем ирония 
сатиралық және юморлық шығармалардағы (немесе бейнелеу түріндегі) 
өнімді тәсіл ретінде кеңінен қанат жайды. Көркем әдебиеттегі ирония өзінің 
жылы сөзді алдына салып, ащы сөзбен ептілікпен әдіптеп кемітушілік 
қасиетімен, астарлы-тұспалды сыншылдық сипатымен қазіргі прозамыздағы 
сыншылдық көзқарастың, әшкерелеуші-бағалаушылықтың әмбебап құралына 
айналды. 
Әдебиет әлеміне 1960-жылдардағы жылымық кезінде келген орыс 
ақын-жазушылары – қазіргі орыс әдебиетінің мойындалған классиктері 
А.Вознесенский, В.Аксенов, В.Войнович, Ф.Искандер, Б.Окуджава, 
Е.Евтушенко, В.Астафьев, А.Синявский, т.б. шығармашылығы ирониялық
сарындарымен ерекшеленсе, бұл буын туралы сыншы М.Ремизова: 
«Характерными чертами этого поколения служат известная угрюмость и, как 


66 
ни странно, какая-то вялая расслабленность, располагающая больше к 
созерцательности, нежели к активному действию и даже незначительному 
поступку. Их ритм – moderato.Их мысль – рефлексия. Их дух – ирония. Их 
крик – но они не кричат...», – деп жазады [55]. 
Қазақ сатирасын зерттеуші ғалым А.Мұсаев кешегі кеңестік 
кеңістіктегі ұлт әдебиеттерінде де ирониялық-философиялық прозаның 
дамығанын, әсіресе эстон прозасы мектебінің өкілдері Э.Ветемда, Э.Бээкман, 
А.Вальтон, П.Куусберг, грузин әдебиетінде Н.Думбадзе, Ч.Амирэджиби, 
А.Сулакаури шығармаларында иронияның сан қырлы қасиеті жарқырап 
көрінгенін айтады [31]. 
Сыншыл реализм әдебиетінде өзіндік өрнекпен көрінген ирония 
қазақтың көркем прозасында Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, 
Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы сатира мен юмордың қатарында бой 
көрсетіп, ХХ ғасырдың 60-80 жылдарынан бері көркемдік әдіс ретінде өнімді 
қолданылып 
келеді. 
А.Сүлейменов, 
Т.Нұрмағамбетов, 
Ә.Кекілбаев, 
М.Мағауин, Т.Әлімқұлов, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, О.Сәрсенбаев, т.б. 
шығармаларында ирониялық өрнектер жан-жақты қырымен ұшырасып 
отырады. Ирония, әсіресе, М.Мағауинның суреткерлік стилінің көрнекті бір 
қыры ретінде ерекше танылды. Жазушының алғашқы әңгімелерінен бастап, 
иронияның иірімдері түрлі көркемдік қуатымен тұрақты орын алып келеді. 
Жазушының «Тұлымханның бақыты» әңгімесінде ирония шығарманың тұтас 
идеялық-көркемдік болмысының өзегін құраса, көптеген шығармаларында 
ирониялық баяндау түрлі аспектіде көрініп отырады. Бұл туралы ғалым 
Б.Майтанов былай деп жазады: «Кейіпкерлерінің өзіне-өзі немесе өзгеге 
қатысты кейде ызалы, кейде бейтарап әжуалай тіл қатуы М.Мағауиннің 1970 
жылдарғы әңгіме, повесть, романдарында кездесетін. «Көк мұнардағы» Едіге, 
«Қара қыздағы» Бексейіттің сұхбаттасу сәттерінде әдебиеттегі юмор 
ауқымынан тыс психологиялық мезеттер салмақты жағдайды басқа саналар 
аясымен сабақтас күлкіге жақын әсер арқылы толықтыратын. Бұл көркемдік-
эстетикалық бағыт жазушының кейінгі туындыларында сайқымазақ-пародия 
тәрізді стильдік сипатқа жақын бедер тапты» [56].
Иронияның көркем мәтіннің ауқымы мен астарындағы мағыналық 
өресі мен ішкі иірімдерінің молдығы соншалық, оны кейде бірден байқай 
алу, мынау ирония ғой деп дөп басып көрсете қою да оңай емес. Өйткені, 
ирония үнемі сатира мен юмор аясында ғана емес, кейде мәтіннің 
эстетикалық 
өрнегінде, 
концептуальдық 
мәйегінде 
орын 
алып, 
эмоционалдық-психологиялық инерциямен күтпеген жерден бой көтере 
келіп, күлдірмейтін – қайта тіксінтетін, шенемейтін – бірақ секем алдыратын, 
комедиялық күлкінің орнына трагедиялық халді аңғартатын ерекше стильдік 
құбылыс болып та танылады. Қазіргі ирониялық-философиялық прозадағы 
ирониялық баяндау – жүзге үйірілген күлкі мен көзге ұялаған мұңды, қабаққа 
түйілген ашу мен жүрекке түскен қасіретті қатар қамтып, қапсыра орайтын 
күрделі құбылыс. Мұндай ирония езу тартар жымиыс тудырғанмен, шын 
күлкі, ашық әзіл-сықаққа жете бермейді, ашу-кек туғызбағанмен, ойлылыққа 
жетелеп, пайымдылыққа үндейді, парасатқа шақырады. 


67 
Халық жазушысы Ә.Кекілбаев шығармаларында да иронияның 
стильдық-көркемдік өрнегі жан-жақты, бағалаушы-талдаушылық қарымы да 
әр қилы болып келеді. Жазушы өмір құбылыстарын, әлеуметтік тіршіліктің 
кейбір көріністерін бейнелеу мен бағалауда түрлі ауқымдағы мысқыл, келеке, 
әжуа, кекесін элементтері мен ирониялық баяндауды өте шебер пайдаланады. 
Жазушы шығармаларында ирония сатира мен юмор қатарында да, кейде 
сатира мен юмор ауқымынан да тыс қалып алып, бейнеленуші объектіге 
авторлық қатынастың (көзқарастың) ерекше бір көрінісі болып келеді. Мұнда 
автор иронияның көрініс-құбылысты қоштағандай болып отырып, оның 
бойындағы жағымсыздықты іліп-шалып өтетін, бірақ оны тура мінемей
мысқылмен шолып өтетін қасиетін тиімді пайдаланып, суреткерлік 
сыншылдық нысанасы ретінде қамтып отырады. Бұл жағдай жеке 
кейіпкердің іс-әрекетін баға беруде ғана емес, сонымен қатар, жалпы 
көпшіліктің сипатын, адам мінез-құлқы мен пендешілікті, ұлттық характер 
мен халықтық қасиеттегі кейбір түйткілдерді дөп басып, оқырманға ой салып 
отыруда маңызды роль атқарады. 
Мұндай баға берудің сыншылдық қуаты, әлеуметтік уыты мен 
интонациялық екпіні де сан алуан болып келеді. Жазушы шығармаларында 
бір кейіпкердің басқа кейіпкерге қатысты сырттай айтатын кекесінді ой-
пікірінің берілуі хабарлаушылық сипатымен бірге, оған жеке біреудің немесе 
көпшілік атынан сыншылдықпен баға беру, көзқарасын білдіру амалы болып 
келеді: «...Имек мұрын агенттің жоғалып кетті деп жүрген інісі табылыпты. 
Ту Сібір асып кеткен екен. Бұрынғы күйеуінен кішкентай қызы бар бір 
маржаның етегінен ұстапты. Құр тақым қысып жүргенде құлынды биеге 
қолы бір-ақ жетіп әбден қарқ болып қалыпты...» («Бір шоқ жиде»).Ал «Бір 
шөкім бұлт» хикаятындағы «кебіс ауыз шабдар қатынның» Күлдәрінің 
қылығына орай айтатын: «Айналайын кеңес үкіметі талай сары тоқалды 
талтаңдатты ғой!» – дегенінде сөйлеуші субъектінің тарапынан қоштау, 
ризашылық рәуіште болса, концептуальдық тұрғыдан қарағанда, бүкіл қоғам 
сипатын ашып әжуалайтын өткір ирония жатқаны анық. 
Кейіпкердің өзіне қатысты айтылатын, өз болмысына үңіліп, тұрмыс-
тіршілігін, тағдыр-талайын толғайтын ішкі ой-толғамдарында налалы 
кекесін, сайқымазақ күлкі (самоирония) жатады: «...Қара пышақ манағыдай 
сусылдамай кібіртіктейін деді. Мынау жауырын. Жауырын қарап, бал 
ашатындай мұның қай бір алыс жолда жүрген жолаушысы бар... Қақшиған 
кәрі жілік... Мұны босағаға іліп, мал-басы аман болсын деп тілейтіндей, қай 
әулетіне дәулет жимақ... Шаққанда майына алақаның толатын ортан жілік... 
Мұны тесіп түбекке шүмек қылатындай, қай келінің жүкті болып отыр...» 
(«Бір шоқ жиде») 
«Елең-алаң» романындағы Әбілқайыр мен орыс елшісінің арасындағы 
мына диалогтегі хан сөзінде саясаттың салқынын салмақты ойдың орайына 
алып, сыпайы сөздің астарымен мәселенің мәніне, тақырыптың төркініне 
меңзейтін сыр алдырмас салиқалы әжуа, зілді кекесін болса, оны автор 
қаламы да орынды ескертіп, салмақ түсіріп отырады: 
«Елші тайсалмаған қалып танытты. 


68 
– Орыс императрицасы өз тұтымындағы халықтарды ұстап тұра алар 
ақыл мен күш таба алатынына сенетін шығарсыз. 
Хан күліп жіберді. 
– Әрине. Оған менің күмәнім жоқ. Әсіресе, ақыл жағына кенде емес 
деп білем. Бірақ, күш... Күш те әрине жетеді. Бірақ орыс ғаскері әр сайдың 
басында, әр бұтаның тасасында, әр қойдың артында қаңғырып жүрген
қаймана қазақтың соңында бір-бір зеңбірегін сүйретіп тоз-тоз боп тозып кете 
қояды деп және айта алмаймын. 
Сып-сыпайы, бып-биязы айтылған мына сөзде қанша әжуа, қанша зіл 
жатыр?!» [14,169]. 
Ирониялық баяндау әдісі – автор қолтаңбасындағы эпикалық кең 
қарымдылықтың әлеуметтік-психологиялық талдау мен сыни баға беру 
сатысына тұрақты қатысып отыратын ерекше стильдік қолданым. Мұндай 
қолданымдар, әсіресе қазақы ұлттық мінез-құлықты, бітім-болмысты 
суреттеуде, күлкілі қылық, мін-мүлтікті әжуа, кекесінмен шалып өтуде 
кеңінен қолданылады. Автор кейде көпшілікке ортақ осындай кілтипандарға 
арнайы «ат басын бұрып», тура тоқталып, терең талдау жасап жатпаса да, 
нақты оқиға, көрініс, характер сипатын беру тұсында жол-жөнекей, сөз 
арасында сипай өтеді, сыналай қағады. Мысалы, кейде авторлық 
баяндаудағы сөз арасында «Қазекеңнің ең аяғы белін босатып алу үшін де 
биік жер іздейтін әдеті ғой» [12,9], – деп бір ауыз сөзбен зілсіз шалып өтсе, 
енді бірде «...Қотанындағы малды құдай айдап келе қалған кезбе қонақтың 
аузына ұстауға жиятын, кейінгі ұрпаққа сол қонақтың ел арасына жайып 
кеткен әңгімесін мирасқа қалдыратын қазекемде ат шығарғаннан артық 
мұрат болушы ма еді!» [12,56], – деп қонақжайлылық пен мақтанғойлық 
секілді халықтық қасиеттерді шендестіре отырып әжуалайды. Кейде: «Бір 
нәрсені әуелі жақтары жыртылғанша кергілесіп, дауласып алып барып 
мақұлдамаса, қазақтың ішіне ас жаққан ба?» [14,264], – деп ашық түрде 
кекетуге ұластырады. Енді бірде: «Құдайға шүкір, дақпырта сөйлемесе басы 
ауыратын даңғойларға, түймедейді түйедей қып көкитін желбуаздарға қазақ 
арасы қашан да кенде болып көрген емес» [14,288], – деген ащы әжуасын 
көреміз. 
Жазушы белгілі бір көріністі бейнелегенде оның шынайы суретін бере 
отырып, әлеуметтік болмысын байыптап отыруға шебер. Мұндайда көбінесе 
құбылыстың астарын пайымдауда ирониямен тәпсірлеуге жүгініп отырады: 
«Шыжыған шілдеде қызылсырап, тісі қышып жүрген қазақтарға мынандай 
қанқасап күнде тап бола бермейді. Жұрт жазда жиын мен той болмаса, 
алыстан бір аса қадірлі қонақ келмесе, бостан-босқа қан шығармайды. Сонда 
ащы іркітке арам шеміршектерімен керелеген еркектер жағы: «Шіркін, 
осындайда тіс шұқитын қажаң-құжаң табылмайды-ау», – деп таңдайларын 
қақса, әйелдер жағының: «Терлеп-тепшіп ішетін бір тостаған жас сорпа-ай», 
– деп ауыздарынан суы құриды. Дәу де болса, осы жер басып жүрген 
қазақтардың көпшілігін шешелері бір тостаған жас сорпа мен аяқ қаптың 
түбінде қыстан қалған қақпыш боршаға толғаған шығар...» [12,17]. 


69 
Суреткер кейде зілді кекесінді сарказмға ұластыра суреттеп өмірдің 
ащы шындығын алдымызға жайып салады: «Қазақтан шапағат көргің келсе, 
мүсәпір бол! Сәл дәулет, сәл қасиет, сәл абырой, сәл бағыңды көре алмай 
қыржыңдап қалғыш жұрт, мүсәпірлерге дегенде қандай кешірімпаз, қандай 
кеңпейіл, қандай шапағатшыл!» [12,548]. 
Жазушының ирониясы кейде мысқылдан тура сыншылдық назарға 
көшіп, қоғамдық-әлеуметтік келеңсіздікті, мінез-құлық дағдыларын ашық 
айыптайтын сыншылдық ұстаным түрінде көрінеді: «Он қазақты бір 
дастарқанға жинасаң, бәрі де бір-бір бас, бір-бір жамбас ұстайтындай он 
басты, он жамбасты, қырық аяқты, жиырма көз, жиырма құлақты қой тауып 
союың керек. Ондай қой қандай таптырмайтын болса, қазақтың бабы да 
сондай таптырмайды. Бас-басына шалқаюды, бостандық, бет-бетіне шіренуді 
еркіндік көреді» [12,76]. 
«Күй» повесінде: «Түрікмендердің бәрі түнерген қалпы: үйге тастаса, 
біреу ұрлап әкететіндей, бәрі де қылышы мен қанжарын салақтатып асынып 
келіпті», – деген бір-ақ сөйлеммен ұлттық болмыс көрінісін жеңіл 
мысқылмен шолып өтеді. Жазушы мұндай шеберлік қыры туралы 
Б.Нұржекеев: «Оның кекесіні кісіні қорламайды. Мысқылы мен мүсіркеуінің 
өзі езу тартқызып отырады» [57,58], – деп атап көрсетеді.
Кейде ирониялық байлам мәтін ішіндегі кейіпкер сөздерінде келіп, 
оның ой-танымының өзегін құрайды. «Күйші» повесіндегі Көкбөрінің інісі 
Дәулетке қарата айтылатын: «...Күйші, өлеңші дегендерің де күлімсіреген 
еркекке емешегі құрып, есі кетіп қалатын жел қуық ұрғашы сияқты ғой. 
Солардан не пәтуа табылады. Әй, намыстың найзадан басқа қорғаушысы бар 
ма, тәйірі! Күн кеше бір жиынның үстінде бұл не қып жүргенің деп бопса 
айтып еді, інісі миығынан күлді. Жайына қарап отырмай: «Аға-ау, күпсініп 
көкірегіңізбен жер айырып барғанда көп болса бес-алты қазақты өлтірерсіз, 
бір үйір жылқыны үркітерсіз. Сол бес-алты бейкүнә пенденің жайбарақат өз 
тіршілігімен жүргенінен, сол бір үйір жылқының өз өрісінде жайылғанынан 
сіздің намысыңызға шоқ түсетіндей не бар?» – деп кейуаналық айтады. Бұл 
атаның аруағын айтса, ол: «Қапысы кетіп құрыған ата-баба жоқ, тұстарында 
алысқанмен олар да алысып, жұлысқанмен олар да жұлысқан шығар; қазір 
қолыңыз қышыса, кешегі ата-бабаны көрден қозғаған да сауап па екен?» – 
деп кекетеді» [28,228], – деген жолдарда кейіпкер танымы арқылы 
шығарманың 
концептуалдық-мазмұндық 
арқауына 
тартатын 
терең 
философиялық байлам жатыр. 
* * * 
Ә.Кекілбаевтың «Бәсеке» повесінің баяндалу машығында шуақты да 
сәулелі күлкі мен байыпты ирония жатады. «Қыз өссе қырсық көбейеді деген 
рас екен. Әйтпесе тап бүгінде Балпан байдың мұрты қисаятын жөні бар ма!» 
деп басталатын алғашқы сөйлемдерінің өзімен-ақ оқырманын қызғылықты 
оқиғаға негізделген, ойнақы әзілмен өрнектелетін байыпты пайымдауға 
бейімдей бастайды. 


70 
Жазушы шығармашылығы туралы азды-көпті пікір айтқан кейбір 
зерттеушілер (Г.Бельгер, С.Әшімбаев) бұл шығарманы аңыз желісімен 
жазылған десе, енді бірінің пікірі (Ә.Спан) повестің негізінде болған 
оқиғаның ізі жатыр дегенге саяды. Ғалым А.Ісмақова шығарма сюжетінде 
халық ертегісінің фабуласы өзіндік өңмен өзгертіле дамытылған деген 
қызғылықты пайымдауын әдебиеттанушылық тұрғыдан дәлелдейді: «Сюжет 
сказки, возможно, и не имеющий конкретного аналога в фольклоре, стал 
развернутым сюжетом реалистической повести. Интерес представляет 
именно трансформация фольклорной фабулы в сюжет, внутренне
развивающийся в пронстранстве повести. Из фабулы казахской бытовой
сказки о том, как один бай выдавал замуж свою единственную дочь, писатель 
строит сюжет художественного произведения, который с фольклорным 
аналогом ничего общего не имеет» [58,306]. 
Шығарманың фабулалық негізі туралы айтылғандардың қай-қайсысын 
да бекерге шығаруға болмайды. Повестің ертегілік-аңыздық негізі оның «бір 
бай өзінің жалғыз қызын күйеуге бермек болады» дейтін ертегілік 
бастауында ғана емес, басқа да қырларынан танылады. Мәселен, Балпанның 
«қызымды өнері асқан, жүйрігі озған, күші басым жігіт алсын» деген үш 
шарты да дәстүрлі фольклорлық эпизодты еске түсіреді. Тек бәсекенің 
мазмұны мен жүрісі бірдей болғанмен, талапкерлердің ішінен озып шығатын 
«таңдаулының» сиқы бөлек, жеңіске жету жолы да бөтен. Ол елді 
таңқалдырған тапқырлығымен танылатын ертегілік Тазша бала немесе терең 
ақылымен тамсантатын Жаман («Аяз би»), болмаса асқан өнерімен, күшінің 
басымдығымен ерекшеленетін Адақ (Сәкеннің «Көкшетауы») секілді батыр 
емес, кездейсоқтықтан жан қинамай жеңіске жететін, «жолы болғыш» есірік 
Есен. Повестің сюжеттік ширатылымының, сол арқылы көрінетін әлеуметтік 
уыты мен ирониялық тұспалының негізі осындай әлеуметтік-тұрмыстық 
парадоксте жатыр.
Повестің фабуласы қарапайым, қазақы өмір-дағдымызға таныс, бәлкім 
өмірде болған, болмаса да өзінің шыншылдығына күмән қалдырмайтын 
қызғылықты оқиға алынған. Мыңды айдаған, мыңғырған бай Балпанның 
ұлдан кейінгі жалғыз қызы Ажарды ұзату жолындағы шырғалаңдары, талай 
құда түсуге келген сәлемшілерді кері қайтарам деп ел ішінде сөзге қалып, 
жағымсыз жағдайға тап болуы, сөйтіп жүргенде «қызымды өнері асқан, 
жүйрігі озған, күші басым жігітке берем» деген ақыл тауып бәсеке 
ұйымдастыруы, ақырында қызының кездейсоқтықпен жолы болып, бағы 
жанған Есен деген есірік біреуге кете баруы шығарманың фабулалық сүйегін 
құрайды. Ал осы оқиғаның көркем сюжетке айналу қисыны, композициялық 
жүйесі, тартыс табиғаты мен көркемдік-логикалық уәждемелер асқан 
шеберлікпен қиюласып, бас-аяғы жұп-жұмыр реалистік шығарма тудырған. 
Шығармадағы ахуалды «таңдаған тазға жолығады» деген мақалдың нақты 
жағдаятқа сай көркем тәпсірленуі десек те, мұндағы жағдай мен оқиғаның 
орын алуының өзіндік себептері мен дәлелдемелері жеткілікті.
Рас, Балпан бай артын ойламаған парықсыздықтың, даңққұмар 
дарақылықтың құрбаны болды. Әйтсе де, Балпан – бай болғанымен, сол 


71 
байлығына мастанған, кердеңдікке салынған көп малдының бірі емес. Өзіндік 
кісілік ұстанымы бар, ішкі есебі түгел, бас пайдасын бір кісідей білетін, 
ұлыққа да жұғымды, ел ішінде де беделге кенде емес жан. Шығармадағы 
Балпанның мінездемесін автор жылы юмормен әдіптей отырып жеткізеді. 
Қызы бой жеткесін, салған жерден бәсекеге салам деген Балпан жоқ. Бәсеке 
ұйымдастырудың көркем мотивировкасы қисындылықпен беріледі. «Кеше 
ғана еркелеп, мойнына асылып жүретін» қызының бой жетіп қалғанын 
білмей қалу, құдалар келгенде ғана аңғару кімнің басынан өтпеген? Ең 
бірінші құда түсе келген Можанға беріп жібермегені үшін оны кіналай 
алмайсың. Ал... «енді құда түсе келген біреуіне беріп жіберсе, бұған дейін 
құда түскендер одан сайын өшікпей ме...»? Бәсеке ұйымдастыру Балпанның 
тығырықтан шығар жолы, қысылғанда ойлап тапқан жалғыз-ақ амалы ретінде 
уәжделеді. Повесте дарақылық, шашпалық, әсіре мақтанқұмарлық секілді 
пендешілік қасиеттер айыпталса да, Балпан әрекетінің шығарма 
экспозициясындағы логикалық дәлелдемесі мығым. Балпанды құда түсіп, 
жолы болмаған Можан, Даржан, Шүрендер табалағанмен, оқырманның таба 
қылуы екіталай, қайта аяушылықпен, жанашырлықпен қарары хақ. 
Есен – малмен бірге өріп, бірге түнеп жүретін Сапақ деген сасық 
байдың есірік баласы. «Бір құлағы шұнақ, бір көзі әпірейіп аспандап біткен. 
Малдан басқа қара көрмей әбден милау боп кеткен неме пәлендей бәсеке 
болып жатыр деген соң, далақтап шаба жөнелген ғой. Жасы қырыққа таяп 
қалса да, әлі үйленбеген. Сапақ байғұс ана ауыл, мына ауылға шапқылап-
шапқылап ешкім қызын бермеген соң, күдер үзіп қойды деп еді. Әкесі күдер 
үзгенмен, бұл неме күдерін әлі үзбепті. Мынадай жойқын топта жол тиіп, 
бәйге қолыма түседі деп жүрген дәмесін қара шіркіннің. Не қырар дейсің, 
түссе түссін». 
В.Г.Белинский: «Күлкіліліктің қайнар көзі өмірлік құбылыстар мен 
парасатты болмыс заңдылықтары арасындағы қайшылықтарда жатады», – 
дейді [59,480]. Есеннің бәсекеде озып шығып, Ажар сұлуға қолы жетуінің 
сыры да кездейсоқтықта, күтпеген қайшылықта жатыр: әуелгіде «Мен ән 
сала алмаймын, ән-күйге берсе, Балпан бай қызын жын-сайтанға берсін», – 
деп өнер сайысынан бас тартқанда, оған бәсекеден күдерін үзіп тұрған 
Даржан: «О, халайық, өңшең жігіт ортасындағы бір қырма сақал қырқылжың 
ғой, дегені ақ болсын. Осынша жігіт тұрып, қызды қырма сақалға беріп қоя 
берсе, обалдары өздеріне», – деп сөзге жел беріп, Есенекең бәсекеге түскен 
ауылдың ақсақалдарының рұқсатымен ән салудан құтылып кетеді. Екінші 
сайыс – күресте қарсыласының мұның «иегіне біткен бес тал қылды шап 
беріп ұстай алғанын» қайтерсіз. Іздегенге – сұраған, сыныққа – сылтау, 
«мынау көргенсіз немең сасқанынан менің сақалымнан тартып, аруағымды 
қашырды. Бұл жеңілді, мен жеңдім», – деп сартабайды салмай ма! Асанбай 
қазірет бастаған қазылар алқасы мұсылманның сақалына жармасқан 
әумесерді қалай жақтасын – жеңісті бұған алып береді. Бәсекенің үшінші 
күні аламан бәйгеге түскен жиырма аттың ішінде Есеннің бурыл аты да 
кетеді. Тасадан тап берген қарақшылардың сойылы көлденең килігіп, 
бәйгенің алында келе жатқан Байсалдың ақ бозы да, онымен құйрық тістесе 


72 
кеткен құла қасқа да көрінбей, тіпті бәйгенің басында келе жатқан Шүреннің 
күрең қасқасынан да Есеннің сүмең бурылы құрық бойы озық келеді. Ел аң-
таң, не болып, не қойғанын біліп болмайды. Жөнімен басталып, айқын 
анықталып келе жатқан бәсеке көрінісі әп-сәтте «абсурд театрына» айналып 
кеткендей.
Балпан бай аң-таң, ешнәрсеге түсіне қоймайды. Ажар отырған ақ үйден 
әйелдердің жылаған даусы шығады. «Сол екі ортада жаңа бәйгеден озып 
келген буырыл атты жетелеп қазылар шықты, соңдарынан есірік Есен еріпті, 
жапырық бөркімен маңдайын оңды-солды сүйкей береді. Буырыл аттың 
тізгіні қазыларда, есірік Есен қыл құйрықтың ұшынан уыстап ұстап, шөпітіп-
шөпітіп сүйіп қояды. ...Жұрт азан-қазан, естіртпейді. Біреулер аттарына 
мініп, сонау көз ұшындағы нар қоспақ жалдарға қарай шауып ала жөнелді. 
Асанбай хазірет қасына жақындап, тізгінінен ұстады, қолынан құран 
шығарып көрсетті. Балпан бай әлденеге жүрегі суылдап, көз алдына қан 
шауып, жан-дәрмен көк жорғаның жалына еңкейді. Сосын қайтіп төңіректе 
не болып, не қойып жатқанын білген жоқ». Неше күннен бергі арманы адыра 
қалып, «Әйтеуір мықтың озады ғой!» деген сенімінің күл-талқаны шықты! 
Сөйтіп, есірік Есеннің бәсекеде жолы болып, бас бәйге – жасауымен Ажар 
сұлуға қолы жетеді. 
Бәсеке де – өмірдің бір заңдылығы. Өмірдегі күрестің, соған сәйкес, 
өнердегі тартыстың бір парасы осы бәсекеден туындап жатады. Өмірдің өзі – 
бәсеке. Өз қатарыңнан қалып қоймауға тырысуың, шамаң келсе, алда болуға 
ұмтылуың да – бәсекенің алғашқы баспалдақтары. Демек, бәсеке – адам 
тіршілігінің алға ұмтылдырар қозғаушы күші. «Шамаң келсе, өз заманыңның 
алдында жүр, оған шамаң келмесе ортасында бол, бірақ артта қалып қойып 
жүрме» дейтін дүниауи даналықтың да мегзеп отырғаны – осы бәсекелестік. 
Бүгінгі қоғамның талабы, жаһандық өркениеттің көшінен қалмау үшін өз 
орныңды, қажеттілігіңді, өнімділігіңді мойындатудың кепілі – бәсекеге 
қабілеттілік екені күн тәртібіне қойылып отырғаны белгілі. 
Алайда, ісіңмен, талантыңмен, өнеріңмен, кәсібіңмен «жұрттан 
қалмайыннан» «өзгеден озық тұрайынға» дейінгі күнделікті қарапайым 
(табиғи) бәсекелестік бар да, «басқаны жер қаптырып, атымды шығарсам» 
дейтін дақпыртшылдық, даңққұмарлық, бақталастық қай кезде болмаған. 
Адам баласы «қойдағы қошқар мен қорадағы итті таластырып қызықтаудан» 
бастап, мешкей жарыстырып, аламан бәйге ұйымдастыруға дейін атақ 
шығарудың нешеме түрін ойлап тапты. Мұндай бәсекеқұмарлықтың ақыры 
кейде пендені бақталастыққа, мансапқорлыққа, тіпті таққұмарлыққа апармаса 
неғылсын! 
Ал бүгінгі өмір-тұрмысымыздағы неше түрлі даңғаза-мақтанның да түп 
негізі осы бәсеке-байрақта жатқан жоқ па! Ұлы Абайдың: «Біздің қазақтың 
қосқан аты алдында келсе, күреске түскен балуаны жықса, салған құсы алса, 
қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, 
содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар!» – деп қапаланатыны 
қайда? Сол Абайдың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, 
мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой 


73 
демектік – ақымақтық» («Он сегізінші сөз»), – дегенін бүгінде баршамыз 
бірдей ескеріп, өмірлік мұрат қылып отырмыз ба!?
Жазушы шығармаларындағы бәсекелестік мәселесі тек «Бәсекемен» 
ғана шектелмейді. «Үркер» мен «Елең-алаңдағы» хан-сұлтандардың 
бақталастығы, «Шыңыраудағы» Қалпақ құдықшыдан өнерін асырып, ол 
қазғаннан да терең құдық қазып, атын қалдыруға бел буатын Еңсептің 
жанкештілігі, «Күй» повесіндегі Дәулет пен адай күйшісінің өнер 
жарыстыруы мен Шопан атаның Темірбабамен құдірет таластыруы туралы 
аңыз, «Міне, керемет!» әңгімесіндегі он жеті жылдан соң кездесіп қалған 
курстас екі жігіттің өз дәрежелерін бір-бірімен іштей салыстыруы секілді 
жайттардың қай-қайсысы да түрлі деңгейдегі бәсекелестіктің көріністері. 
Атақ асырып, даңқ шығармақ болған бәсеке «Шыңырауда» Еңсепті мерт 
етсе, «Бәсекеде» Балпан байдың қызы Ажар сұлудың тағдырын тәлкекке 
ұшыратты.
Бәсекенің салдары тек осылар ғана ма? «Осынау түнерген түннің 
астында көкірегін ит жыртқандай боп, беті ауған жаққа тентіреп келе жатқан 
жаңғыз ол емес еді» деп суреттелетін күресте жеңіліс тауып, иіні түсіп, 
тауаны шағылғандарды, «Өзінің обалына осынша қалып, адамдарға не 
көрінгенін түсіне алмай өлім құшқан жануарға» қатысты айтылатын «мынау 
аламан-асыр айғай-сүреңнің соңы немен тынарын, бұл өлген соң екі рулы 
елдің ішіне қан қатып, бірін-бірі оқты көздерімен атысып өтерін» қайда 
қоямыз! 
Сөйтіп, жазушы жеке бір тұрмыстық драмадан туындайтын әлеуметтік 
мәні зор трагедияға әкелер халді көркем тәмсілдейді. Феодальдық заманда 
өткен бір оқиға ретінде баяндалатын осы шығармадағы тұрмыстық коллизия 
әлеуметтік парадокске ұштасады, орынсыз мақтан, көзсіз әрекеттің адам 
болжап білмес салдарынан сақтандырады. Ертелеу заманның оқиғасын 
суреттесе де, суреткер бүгінгі күннің де көкейтесті әлеуметтік-тұрмыстық 
проблемасын көтеріп отыр. Ертегілік фабуланың финалдық жаңаша 
трансформациялануы 
әлеуметтік-тұрмыстық 
парадокстік 
сипатымен 
кесапатты метаморфозаға ұштасады. Тақсіретті тағдырдың тағылық сабағын 
толғайтын тағылымды тәмсіл бұл! 
Г.Бельгер: «Шыңырау», «Бәсеке» повесінде кейін суреткердің біздің 
заманымызға арналған шығармаларында айқынырақ көрінген қолтаңбасы бар 
еді, ол ерекшеліктер: композициялық шымырлық, тұрмыстық және 
этнографиялық детальдардың дәлдігі, терең психологизм, кейіпкерлердің 
әрекет-қимылдарын жан-жақты талдап көрсету, кейде сатиралық, кейде 
жеңіл күлкі шақыратын сыпайы, сұлу баяндау тәсілі деп білеміз», – деп, 
шығарманың стильдік ерекшелік белгілерінің ішіндегі сатира мен юмордың 
орнын орынды атап өтеді [60].
Шығарманың оқиғасы ойнақы леппен баяндалады. Автордың байыпты 
баяндауының тінінде өтіп жатқан оқиғаны оқырманның көз алдына 
әкелетіндей келісті жанды сурет те, ретроспективтік эпизодтық шегіністер де, 
кейіпкердің кейде жан күйзелісіне, енді бірде бір сәттік романтикалық 
шалқуларға тап болатын ішкі толқыныс-толғаныстары да, автор мен 


74 
кейіпкердің қосүнді пайымдаулары да өзара жымдасып, ара-жігін 
білдірмейтін бірқалыпты арқау тартып отырады. Авторлық баяндау көбінесе 
орталық кейіпкер Балпанның ой ағысымен сабақтасып жатады. Негізінен, 
мәтіннің юморлық-ирониялық баяндау ырғағы сақталып отырады, кейде 
жеңіл әзіл мен наласыз күлкі, енді бірде мүсіркеуші-жанашыр ирониялық 
интонация басымдық алып жатады. Оқиғаның даму кезеңдеріндегі 
жағдаяттардың сипатына орай, тартыс пен характер болмысына көзқарас, 
негізінен, езу тартқызар ирониямен әдіптелген астарлы әуеземен әрленіп, 
бірде авторлық тура, бірде субъектілік пайымдау түрінде келетін 
психологиялық талдау әдісімен зерделенеді.
«Юмористический стиль требует такого живого движения автора к 
языку и от него, такого непрестанного изменения дистанции между ними и 
последовательного перехода из света в тень то одних, то других моментов 
языка», – дейді М.Бахтин. [61]. Жазушының юмористік стилінің бір сипаты 
– көркем тілдің оралымы арқылы суреттелетін мінез бен құбылыстың 
бойындағы елеулі-елеусіз алогизмді нәзік өрнекпен іліп әкетіп, авторлық 
баяндауға юморлық, ирониялық ойнақылық дарытып отырады. Мұндай 
гәптің өзі контекстегі ой ағымы мен сөйлеу өрнектерінде түрліше сипатта 
өрістейді. Мысалы, солардың кейбірін талдап көрелік: 
– Балпан байдың байлығын суреттеуде, бірнеше субъектінің көзімен 
(әрекетімен) бағалай отырып, молшылықтың шамасын қашықтық, мөлшер 
ұғымдарының аясында ассоциациялық қатынаста алып, оны Көшен ақынның 
көтеріңкі поэтикалық суреттеуімен астастыра әсірелеп бейнелейді: «Құла 
сағым көп жылқының алды суды Шіліктіден ішкенде, арты сонау алты 
көштік Тасқайнарға жаңа құлап, аспан астын ақ шаң қылып жатысы анау. 
Қойдың саны қазір қаншаға жеткенінен өзі де бейхабар. Әйтеуір жабағы жүн 
қырыққанда саудагер Шүрен күніне он арбадан қалаға жөнелтіп тұрып, 
жарты ай дегенде зорға тауысты. Көшен ақын Балпан байдың көшкен 
жұртында әр бұтаның төбінде бір-бір түйе ұмыт қалады деп жырлап жүр»; 
– патша ұлығына қатысты эпизодтарда түрлі кезеңдердегі адам көңіл-күйі 
мен мінез-құлықтарын салыстыра суреттеу арқылы, олардың қайшылықты 
мәнін ашып, коллизиялық қатынастарға негіздей отырып, пендешілік 
болмыстың қалтарыстарын күлкілілікпен сипаттайды: «Осы анада жаз 
басында ғана соғып кеткен ақ патшаның ұлығы астындағы көк арбаның 
тертесін жерге кіргізіп жіберетіндей маңғазданып келіп еді, қоңыр 
марқалардың зауза айындағы туырылған уыз еті мен жарықтық қымыздың 
жібітпейтін пейілі бар ма! Әлгі сабазың кетерінде бұны қалыңдығынан бетер 
аймалап, қайта-қайта құшып зорға қоштасты».
«Сосын ол көкесінің атын ұмытса ұмытар, тап Балпанды ұмыта алмас. 
Бұдан былай о бәлемнің қарыны шұрқыраса да, Балпан деп шұрқырайтын 
шығар». 
«Балпан бай бұ патшағар жаңағы қызды тауып әкел деп бақырып-шақыра 
ма деп жаман қорқып еді, айналайын, олар біздің мына өз атқа 
мінерлеріміздей қыз көрсе, құлқыны құрып, босағаңды мойнына іліп 


75 
жүрмейді екен, етке тойып ап, қымызға қанып алып, торсиып жатты да 
қойды». 
– өмірдің нақты сабақтарын кейде мақал-мәтелдердегі дегдар ой-
пайымдар арқылы парықтағанда, танымдық талдауды лирикалық юмордың 
аясында өрістетеді: «Асылы әйел алсаң анасына қара, жолдас ертсең әкесіне 
қара» дегенде баяғы шалдар қымыз ішіп, қызара бөртіп, шалықтап отырып 
емес, бастарына бірдеңе мықтап тиген соң айтқан болды ғой. Әй, аруағыңнан 
айналайын ата-баба, мал бағып, мақал шығарудан басқаны білмеген 
сендердің айтқандарыңды түгел орындап жүрсек те, басымыз бүйтіп 
айналмас еді-ау. Ести тұра ұқпай, ойымызда сайрап тұрса да ұмытып кетіп, 
құдай атады ғой бізді»; 
– диалогтік орамдарда кейіпкер сөздеріне авторлық ремарка қолдана 
отырып, бірі мен екіншісіне мағыналық жағынан қисындық сәйкестік 
дарытып, ұлттық мінез бен даралық психологияны аша бейнелейді: «Әкесі 
байғұс өзі әйел алғанда да тап бүйтіп қуанбаған шығар. Есіктің алдында 
жападан-жалғыз асық иіріп ойнап отырған бұны шақырды. «Әй, жаман, 
жасық, доңыз неме, қатын аласың ба?» – деп сұрады. Бұл да әкесінің сөзінің 
ыңғайына қарап, «жасық, доңыз» атанғанша, қатын алып, құлағымды 
тыншытайын деген болу керек: «Алам!» – деді»; 
– Балпанның әйелі Маржанға мінездеме беруде оның осы шаңыраққа 
ырзық әкелген жайын көрсету үшін, жай долбарлай салмай, нақты 
дәлелдемелерге жүгінеді, сөйтіп бір-жар шығынды да (қызыл маяның өлуі 
мен ыдыс-аяқтың шетінеуі сияқты) айтып өтіп, бұрынғы мен бүгінгіні 
салыстыра отырып, анық суретті көз алдымызға әкеледі: «Ол осы үйдің 
есігінен аттағалы бұл ауыл бір жұтап көрген емес. Ана жылы соңғы 
баласының үстінде қиналғанда арғы түбі түркменнен келген сауса бұлақ 
қызыл мая ғана табан астынан іші тасырайып жарылып өлді. Содан басқа 
Маржан ұстаған ыдыс-аяқ сынса сынғаны бар шығар, оған біткен мал мен 
баста шығын жоқ. Бұрындары ырғалып-жырғалып жұрттың ең соңында 
қалатын бұл ауылдың көші ол келгелі елдің алдымен аттанатын боды»; 
– Балпанның отбасылық тірліктегі орнықтылығын көрсету үшін өзі 
тұрғылас Сайып, Зейнел, Сеңгірлердің «теріс» жүрістерін Балпанның ойымен 
әзілдік қалыпта талқылай отырып, субъективтік байламға иек артады: «Осы 
жұрттың қайтіп қақпаны шапқыр, тазысы алғыр болатынына бұл түсінбейді. 
Анау жылтыр көз, тәмпіш мұрын Сайыптар өзінің қара орманы 
бұйырмағандай, өзге үйлердің көрпесін тоздырып жүр. Сырт қарасаң сып-
сыпайы, пайғамбардың аузына жап-жаңа түскен періштедей Зейнелдің өзінің 
төсек жорғасы мықты деседі. Бұның бұрын, о да етегіне намаз оқып жүрмесе 
де, тап үйіне уақтылы қонып тұратындай тәртібі бар шығар деп ойлайтын 
бір адамы – Сеңгір. Сөйтсе, ішіне саудыратып арықтан өлген малдың сүйегін 
салған қара қапшық арқалатып қойғандай жілігі сылдырап жүріп, о неменің 
де біраз бұлтарысы бар екен», т.б. 
«Бәсеке» повесінде ирония, сатира, юмордың мәтіндегі көрінісі, 
негізінен, мынадай үш арнада өрістеп отырады. Біріншіден, көркем мәтіндегі 
оқиғаның авторлық, авторлық-персонаждық баяндау арнасындағы оқтын-


76 
оқтын көрініп отыратын юморлық-ирониялық көңіл-күйлік әуен. Дара 
авторлық баяндау мен оның Балпан байдың көзқарасы, ой ағымымен 
астасып, жымдасып келуіндегі күлкі реңктері, әсіресе олардағы иронияның 
қатынасы әр түрлі болады. Бұл туралы Н.А.Кожевникова: «Контекстің түрлі 
типтерінде – персонаж туралы баяндау мен оның көзқарасы тұрғысынан 
ұйымдастырылатын баяндауда – кейіпкердің тұрмыстық қолданысындағы 
стильдік бояулы құралдар әр түрлі роль атқарады: персонаж туралы 
баяндауда олар персонажға қатысты кекесін түрінде қолданылуы мүмкін, ал 
персонаждың көзқарасы тұрғысынан баяндауда кекесін болмайды», – деп 
жазады. [62,90]. 
Балпанға қатысты «Балпан бай сонау бала күнінен әй-шәйсіз отасып 
келе жатқан бәйбішесіне сол күні қатты ренжіді, қыздың қырсық екеніне де 
сонда көзі жетті. Бақса, сұлу қызы бар кісі де астына ұрлықтан түскен ат 
мінген адамдай боп шықты», «Иекке сақал шығып, бетке иман жүгірген 
кезде Балпан байды енді ештеңе иектей қоймас», «Қайта дер кезінде 
Қыдырбайға тұзақ салып үлгерген марқұм қара шалға рахмет айтуы керек 
қой, әйтпесе өзіне салса, мына жүрісімен қатын қайда...» деген секілді зілсіз 
әзіл, мысқыл аралас сөйлемдер орайында дара авторлық баяндау ғана емес, 
сонымен қатар персонаждың ой ағымының ыңғайы да тоғысып жатыр. Бұл 
тоғысулар автордың кейіпкердің жан әлемін барлауды, айналадағы 
құбылыстарға кейіпкер көзқарасы тұрғысынан психологиялық талдауды 
жүзеге асырады. Мұндай «тоғыспалы стильдегі» баяндау мәнері Балпан 
байдың көзқарасы тұрғысынан оның шын ойы, көңілі тасуы, өзіне риза 
болуы секілді нақты көңіл-күйдің сыртқа шыққан тілдік көрінісі болса, ал 
оқиғаны бастан-аяқ қадағалап отырған авторлық интенция мен оқырманның 
қабылдауында ирониялық реңк алып жатады, яғни «...баяндаушы 
қызығушылықпен, ирониямен, кейін тіпті ашумен оқиғаны бақылап 
отырады» (А.Ісмакова). 
Екіншіден, шығармадағы Можан, Даржан, Есен секілді жекелеген 
персонаждарға қатысты бейнелеу, суреттеу, мінездеу құралдарындағы 
сатиралық, юморлық колорит. Құда түсуге келгендердің ішінде Можан мен 
Даржанның мінез-құлқы мен ниет-пиғылын сипаттауда жазушы сатиралық-
юморлық штрих-детальдарды оңтайлы пайдаланады. Можан туралы 
«баяғыда асықты бірге ойнап, молланың алдын бір көрген қалқан құлақ, 
сығырық неме», «үйіне барсаң шұлғауын мойнына іліп жүретін», «енді-енді 
бозғыл енген сұйқылт сақалын қайта-қайта сипап, мұртын шалғылайтын», 
«әншейінде аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, көмейіне сөз іркіп 
отырмайтын», «кеңсірігіне керги біткен келте танауы таңырайып, басы 
қосылмай бет-бетіне қашып тұрған күл өңдес мұрты», «жалпы лепіріп 
сөйлеп, леки күліп жүргенмен, сараң кемпірдің түйген шүберегіндей 
шамалыға ішін алдырта қоймайтын тымырсық» деген секілді стильдік 
айшықты құралдармен сипаттай отырып, оның сөзі мен ісі арқылы соның 
шындығына көзімізді жеткізеді. Можанның құдалықтан қалай қайтқаны 
туралы ел ішіне жайған әңгімесінің өзі оның қандай адам екенін әйгілеп 
береді: «...Мына сөз насырын қасыса да, Балпан бай жаман неменің бұл 


77 
айтқанының жаны бар шығар деп бір мырс етіп күлген де қойған. Бірақ одан 
арғы сөздері шымбайына тіпті батыңқырады. Қыдырбайдың сары қызын жер 
астынан тауып алған сары алтындай көреді, қашан көрші ауылдың есегі 
ақырғанша өз басымен ақыруды да білмейтін мәңгі есектей қатынының 
айтқанын қайталағанына мәз депті. Жаман Можан қой бағып жүрмей, сөз 
бағып жүрген пәле боп шықты».
Тымырсық Можанның адамдық болмысы осындай болса, «өзінен 
аумаған көк шұнақ тентек, көбік ауыз даукес, әулекі баласына» Ажарды 
айттырмақшы боп келген Даржан әйгілі даукестігімен танылады. Оның 
«қоңқақ мұрны күлбірей қызарып, көк жылтыр көзі шытынап ызғармен 
кірген» сыртқы түрі, қасындағыларға түс бермеуге тырысқан қалпы қандай 
қатқыл болса, сызданып сөйлеген сөзі де адамның өңменінен өтетіндей. 
Қыздан гөрі шатақ іздеп келгені, соңына ерткен айғыр топ адамның «ор 
марқаның етін жеу үшін емес, Даржанның дауын қызықтауға келгені, оларды 
Даржан сөзімді естісін деп әдейі ертіп келгені» қызғылықты ситуацияда 
баяндалады.
Ақымақтық пен аярлық қашан да, қай ортада кездеседі, олардың 
сыртқы көрінісі де, ішкі мән-мағынасы да баршаға таныс. Сондықтан, 
жазушы оқырманның өзіне таныс, адамдардың бойында жиі кездесетін 
(қазақтың табиғатына етене тән) осындай күлкілі жағдайларды алдыңғы 
планда көрсетуге тырысады.
Үшіншіден, тақырып аясындағы оқиғаның барысына баға берушілік 
көзқарасты айғақтайтын, шығарманың жалпы мазмұндық-концептуальдық 
өзегінде жатқан ирониялық астар. Шығарманың сатиралық-юморлық 
бастауы бірте-бірте бәсеңсігендей көрінгенмен, ара-тұра жеке сөйлемдер, ой 
ағыны, сурет, болмыс-әрекет жылы юмор, езу тартқызар ирониямен алмасып 
отырады. Ирониялық стиль автордың өзі суреттеп отырған құбылысына 
тұрақты сыни баға беру дағдысы мен тілдік оралымдарды орайымен 
қолданып отыруды талап етеді.Повестің бәсекеге дайындық кезеңі, өнер 
сайысы мен ат бәйгесі бейнеленетін беттеріндегі көркем суреттер, 
поэтикалық өрнектер, философиялық-писхологиялық иірімдер ерекше 
қуатпен көңілге ұялайды. Осы суреттердің өзіндегі тереңіне тартар 
философиялық пайымның астарында ата-тұра оқырманға ой түсірер байыпты 
әжуа мен жүректі шымыр еткізер мысқыл жатады. Мысалы, өнер 
сайысындағы қошаметтен дәмелі жастың көңіл-күйіне қатысты автор 
былайша толғайды: «Жас көңілге алғашында бал татыған тәтті қиялдай 
көрінетін жұрттың бәрінен мен озсам, мен биік болсам деген есірік дәме де 
сонда бітеді. Жұрттың бәрі қан жұтып, қабағы салбырап тұрғанда өзінің 
айдыны асып, елден ала-бөтен мәз-мейрам болғанда барып, бақыт тілеген 
нәпсінің ындыны зорға қанатынына, онсыз көңілге қанағат, жанға тыныштық 
жоғына сонда түйсінеді. Бірақ ол тап сол бойда осы сәттен бастап өмір деген 
жүлде дара, жүйрік көп, мәңгі бақи қарақшыға жеткізбей жүйке құртып, 
жүрек деміктіріп ұзақ бәйгеге түсіп кеткенін, ол бәйгеде қарақшыдан оралып, 
қарқ болған ешкім жоғын, жұттың көбі қан құсып, орта жолда зорығып 
қалғанын біле қоймайды». 


78 
Немесе, желмен жарысып келе жатқан аттардың шабысын 
суреттегенде, жел мен аттарды жанды адамша ойланта отырып, әдемі сурет 
жасап алып: «Ал анау аттың үстіндегі тістеніп, екі көзін оқша қадап емініп 
шапқан екі аяқты мен сонау артта, көгілдір белдердің астында, ту-ту алыстан 
жыртынып жатқан көп айқайға не керек екенінен кең әлемде бетімен лағып 
жүрген жел түгілі аузында ауыздық, басында жүгені бар жылқының өзі 
бейхабар», – деп мысқылмен шалып өтеді. 
Жазушының суреттеуінде тіпті жер бетіндегі келте ғұмырдың 
жалғандығын мойындап, сан өмірдің сыры мен мұңын, талайсыз тағдырдың 
жұмбағын жер қойнына алып, мәңгі тылсым тыныштыққа бөккен оқшау 
молалар да жер бетіндегі желіккен пенделердің әрекетіне көңіл бөліп, үнсіз 
тұнжырайды. «Қоңыр жалдардың басында әр жер-әр жерден қылтиған оқшау 
молалар жер мен көк түгел дүсірлеп кеткен соң, мойындарын соза қарап, жау 
қуып бара жатқан қалың қол деуге қаруларын көрмей аңырап-аңырап тұрады 
да, біраздан соң баланың ойыны сияқты әншейін тасырлақ бірдеңе ғой 
дегендей күрт шөгіп, қара жолдардың қалтарысына тығылып бүк түсіп 
жатып алады», – деген жолдар әшейін жазылып тұрған жоқ, ата-баба 
аруағының да адамдардың фәнилік әрекетінің дұрыс-бұрыстығына мән беріп, 
қажет жерінде қолдау көрсетіп, жаудан, пәле-жаладан қорғап, желеп-жебеп 
жататынын мегзеп тұрғандай! 
Жазушы қазақ аңыз-ертегісіне тән фабуланы реалистік көркем 
шығарма сюжетіне негіз етіп ала отырып, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне тән, 
нақты жағдайдағы оқиғаны көркем бейнелейді, сөйтіп, өз заманының әуеніне 
етене жақын, бүгінгі күннің әлеуметтік проблемасын алға тартады. Мұны 
жазушының стильдік қолтаңбасының бір қырын дөп басып зерделеген ғалым 
А.Ісмакованың мына пікірі бекіте түседі: «А.Кекилбаев обладает 
собственным стильем и отразил в повести «Состизание» то, что важно было 
для духовной ситуации эпохи 60-х годов. Сказочная фабула о том, как бай 
Балпан выдал свою дочь замуж, для писателя лишь изобразительный 
материал, который он подчиняет логике волнующих его социально-
нравственных проблем современности» [58,312]. 
Суреткер шұғыл әсірелеуге, ашық карикатураға сирек барады. Оның 
шығармаларындағы оқиға мен кейіпкерлер шындыққа сәйкес келіп отырады. 
Жазушы комикалық ситуацияларды даладан іздеп, ойдан шығарып әуре 
болмайды, ол сырттай қарағанда байыпты, салмақты көрінетін қарапайым 
нәрселердің өзінен күлкілі, әзіл-әжуаға лайық жайттарды таба біледі.
Жазушының сатирасы мен юморы әсте ұлғайтулар мен әсірелеулерге 
жүгінбейді, көбінесе салыстырулар, ұқсатуларға негізделеді, өмірдің өз 
ортасынан алынатын комизм белгілері мәтіннің астарында жатады. Автор 
күнібұрын өзінің алдына оқырманды күлдіру мақсатын қоймайды, мәтіннің 
өткірлік интонациясы табиғи түрде, суреткердің өмір құбылыстарын 
суреттеу шеберлігінен туындап жатады. 
Жазушының «қазып айтатын баяндау тәсілі» суреттеп отырған 
құбылыстың ұңғыл-шұңғылын қамтып өтуге шебер. Ішкі ой-сезімнің 
шарпысын бейнелегенде, сөз бен әрекеттің арбасуын суреттегенде қуатты 


79 
күлкінің салмақты болмысы мен салиқалы уәжіне де жүгініп отырады. 
Қарапайым құбылыстың күлкілі көрінісі қаламгер назарынан тыс қалмайды. 
Ә.Кекілбаевтың қуатты әзіл сөздері мен шуақты күлкісі жекелеген әдемі 
сөйлемдерімен де адамдық болмыс сырларына бойлатып немесе қызықты 
суреттерге кенелтіп отырады: «Бақса, сұлу қызы бар кісі де астына ұрлықтан 
түскен ат мінген адамдай боп шықты. Өз-өзіңнен қуыстанып, жұрттың 
жүзіне телміріп, екі көзің тостағандай болған бұ не дәурен!», «Жұрты құрғыр 
сайтанмен табақтас болып қалғандай, осындай ылдым-жылдым ұры қулықты 
қайдан үйреніп ала қояды», «Кеңсірігіне керги біткен келте танауы 
таңырайып, басы қосылмай бет-бетіне қашып тұрған күл өңдес мұртына 
күлкі үйірілді», «Май тиіп жылт-жылт еткен қияқ мұрттар шай құйған шыны 
аяқтың біресе о жағынан, біресе бұ жағына жылт-жылт ұрлана сығалап 
қояды», т.б.
Ирония мен юмор – тек күлкі ғана емес, оның әлеуметтік-эстетикалық 
сыр-сипаты сан-салалы, олар кейде шындық болмыстағы комизмді стильдік 
құралдармен бетке шығарып, күлкі объектісі етуімен қатар, көбінесе мәтіннің 
астарында ой-пайымға шақырып, өзіндік сыншыл көзқарас түйіп тұрады. Бұл 
жағдай, әсіресе, адам болмысының қалтарыс-қатпарлары мен қоғамдық 
шындықтан қат-қабаттарынан сыр тартып, оған философиялық, әлеуметтік, 
психологиялық тұрғыдан талдау жасайтын ирония мен юмордың 
адамсүйгіштік, жанашырлық, тілеулестік ниеттегі пайымдаушылық 
пафосында тән. Интеллектуальдық күлкінің, өміршең юмордың әлеуметтік-
эстетикалық маңызы да осында. Жазушы стиліне тән дара өрнектердің 
қатарына көркем мәтіндегі ой-толғамдардың астарындағы зерек зерде, 
парасатты пайым, ұлттық ұстаныммен түйінделетін хаткерлік қасиеттің де 
сырлы-күйлі юмор мен уытты ирониямен жымдасып жататынын айта кету 
лазым. 
«Бәсеке» повесіндегі: «Ежелден жүйрік көрсе аяғын сындырғанша, ару 
көрсе абыройы төгілгенше ішкендері ас болмайтын әдет бар емес пе, енді 
жұрт бұның жылқысынан гөрі қызына көбірек тиісетінді шығарды» немесе 
«Әуелі қай-қайсысы да: «Әй, тамаша! Әй, тамаша! – деп келе жатып, кенет 
жаңа бәсекеге түскен жігіттердің біреуін көреді де, дереу шаужайына 
жабысып: «Айналайын, бәрекелде, сен мықтадың, сен ұнадың», – деп 
өзектері үзіліп, ет бауыры елжірей қалады. Албырт жас не дерін білмей 
абдыраса: «Мына пақырың есін жия алмады ғой» – деп күліп, ал енді рахмет 
айтып басын изесе: «Дарақы неме білем, әлгі айтқанымды шын көріп қалды», 
– деп, таң атқалы дүйім жұртты аузына қаратқан өрен жігіттің бойынан 
өзінше бір мін тауып, күйкі көңіліне жел бітіп, желпініп, жер-көкке 
сыймайды», – деген жолдарда «беті күлсе де іші жылап тұратын» шарасыз 
юмор мен мазасыз иронияның жатқаны айқын. Мұндай стильдік құралдар 
адам мінез-құлқындағы кереғар құбылыстарды күлкі ету үшін емес, ой 
салып, парасатқа шақыру үшін жұмсалады. Рухани өмірдің катаклизмдері 
мен тіршіліктің қарапайым коллизияларын психологиялық талдаудағы 
мұндай зерделеулер интеллектуальдық прозаның ойшылдық, көркемдік 
әлеуетін танытады. Мұндай күлкіде өзіндік бағалаушылықпен бірге 


80 
суреткерлік сыншылдық, күрескерлік рух жатады. Ғалым Б.Майтановтың 
Ғ.Мүсірепов юморы туралы айтқанда: «Юмор – сезгірліктің, ақылдылық, 
тапқырлықтың ғана емес, төстабан күрескерліктің, қайсарлық пен жігердің, 
төзімділіктің символы», – дейтіні де сондықтан [63]. 
* * * 
Ә.Кекілбаевтың «Ауыз» әңгімесі – ирониялық баяндау мәнерімен
ерекшеленетін, бас-аяғы бес-ақ беттен тұратын шағын ғана новелла тектес 
шығарма. Былай қарағанда қарапайым, сюжеттік желісі кейбір адам 
сенбестей жағдаятпен дамытылатын, тосын тәсілмен өрнектелген көркем 
мәтін секілді көрінгенмен, шығарманың көтеріп тұрған әлеуметтік астары 
терең, тәрбиелік мәні зор. Бұл шығармасында автор қоғамдағы, жеке адам 
өміріндегі, жалпы ұрпақ тәрбиесіндегі аса маңызды мәселелерді тұспалдап, 
астарлы түрде әлеуметтік көкейтесті ойларға жетелейді. «Ауыз» – адамдар 
арасындағы «тілсіздік» дертінің тамыр жая бастау жағдайын айта отырып, 
жеке адамның қоғамдағы орнының олқылығын, қоғамның қарапайым 
мүшесінің «ой», «пікірінің» есепке алынбауын – соның салдарынан жеке 
адамның қоғамнан оқшаулана бастауын және, ең жаманы, мұндай дерттің 
кейінгі ұрпаққа жайылып, тереңдеп бара жатқанын меңзейтін шын мәніндегі 
ирониялық әңгіме. 
Әңгімеде кейіпкердің есімі де аталмайды, шынында да, оның нақты кім 
екенін бізге біліп керегі қанша – қазіргі жер басып жүрген көбіміз осы 
әңгіменің кейіпкері болуымыз мүмкін. Өйткені ол (Ол!) – біреу емес, 
жалпылама жинақтық бейне, шартты ұғым. Әңгіменің сюжеттік-
композициялақ арқауы мен концептуальдық өзегінің өзі тұтас шарттылыққа 
құрылған. Мұнда көркемдік нақтылықтан гөрі қоғамдық-әлеуметтік орта мен 
адамның ішкі болмысының сырын, сана қатпарларындағы ой иірімдерін 
қамтудағы шарттылық басым жатады. Шығарманың орталық кейіпкері Ол 
болса, оның басқалармен қарым-қатынасының «ұсқыны» көрінетін 
субьектілер де шағын ғана: өзіне ең жақын адамдары – баласы мен әйелі. Ал 
қоғамдық орта, жалпы әлеумет мүшелері мәтінде «бұл үйдің сыртында көше 
бойында сенделіп жүргендердің «жұрт» екені, қызмет бабында өзінен жоғары
тұрғандардың «мырзалар мен тақсырлар», ал өзінен төмен тұрғандардың 
өңшең «қырт» екені» кейіпкер ойымен шолынып өтіледі. 
Әңгімеде адамдар қоғамындағы «тілсіздік», «мылқаулық» мәселесі 
көтеріледі дедік. Бас кейіпкердің бірте-бірте үндемейтін халге бой үйретіп 
алуы, оның сөзін керек қылмайтын ортаға тап болуы, сөйтіп өзін адам 
ретінде сезінуден қалуы (адам дегеннің не екенін ұмытып қалуы!) секілді 
мәңгүрттік синдромы астарланып бейнеленеді. «Оның» өмірге келу, қоғамға 
араласу жолдарын шола келгенде, автор осы «тілсіздікке» қалай тап 
болатынына, бұл жайдың неліктен орын алатынына қысқаша экскурс жасап, 
көзімізді жеткізгендей болады. Адам туғанда оның осынау тіршілігіне 
қажетті барлық алғышарттар қоса «жаратылады», бірте-бірте табиғи 
қажеттілігіне сай түрлі рефлекстер орнығып, дами береді. Жаратылыс 
туындыларының ішінде тек қана адамға тән сөйлеу мүмкіндігі жетіле түседі, 


81 
оны дамытып, кемелдендіре түсу, орынды пайдаланып, басқалармен, 
айналаңдағы ортамен тіл табысу, қарым-қатынас жасау құралына айналдыру 
– адамның өз қолында. Жазушы сөйлеу тілінің, адам ой-пікірінің қоғамда 
толыққанды 
өз 
орнын 
таппауының, 
оның 
қоғамдық 
өмірден 
ығыстырылуының себептерін дәлелдеп жатпай-ақ, тосын баяндаумен 
ишаралап қана жеткізеді. 
Жазушы әуелі кейіпкердің о баста шыр етіп жерге түскен сәтінен 
бастап, оның «жаңа туған», «бөбек», «оқушы» деген атақтарға қалай ие 
болғанын шолып өтеді. Басқалар секілді оның да жаңа сөздер үйренуі, әсіресе 
мектепте нағыз білімге бас қойып, көп сөйлеуге дағды қалыптастыруы – 
табиғи жағдай: «Ол мектептен «оқушы» дегеннен басқа да талай-талай сөз 
үйренді. Ол мектепте жүргенде сөзді өте көп білуші еді. Қазір көбін ұмытып 
қалыпты. Өйткені ол мектепте жүргенде өте көп сөйлейтін. Өзі тектес екі 
аяқтыны көрсе болды, қайдағы жоқты сапырып, қауқылдаса жөнелетін...» 
[29,102-103]. 
Бәрі де фабрикаға келіп, жұмысқа тұрған кезінен басталады. Өйткені, 
мұнда келгенде естіген ең алғашқы сөзі: «Жә, сөйлеме, көзіңе қара!», –
болатын. «Қасындағы серіктеріне бірдеңе айтайын десе, ала көздерімен 
қарап, әлгідей дейді. Оқта-текте бір соғып кететін бастықтарына бірдеңе 
дейін деп, ернін қимылдата беруі-ақ мұң, олар да төрт сөзді айтып зекіп 
тастайды. Бұл бірте-бірте сөйлеу дейтін шаруаға әбден зауқы соқпайтын 
болып алды». Бұдан әрі авторлық баяндау ирония түрінде кейіпкердің ішкі 
монологына ұласады: «Шынында да, сөйлеудің не қажеті бар? Алдыңдағы 
станокты көріп тұрсың. Бар жұмысты тындыратын екі қолың бар. 
Бастықтардың не бұйырып, не тапсырғанын естіп алатын екі құлағың бар. Ол 
аз десең, таңертең жұмысқа алып келетін, кешке жұмыстан үйге алып 
қайтатын екі аяғың бар. Бір басыңа бұдан артық не қажет!». 
Қызметтегі адамның (маманның) сөйлеуінің қажет болмайтыны былай 
тұрсын, жеке тұрмысында, үй-ішінде де мұның сөйлеуін ешкімнің 
қажетсінбейтіні – әңгіменің мазмұндық нысанасын сарказммен өткірлей 
түсіп, кульминациялық шиеленісуі мен шешімдік тұжырымдамаға бағдар 
береді. Үйдегі әйелің де сөйлегеніңді көтермейді. Олар да бастықтарың 
секілді, «дымың ішіңде болғанын жақсы көреді»: «Үйде де үндейтіндей не 
қалып тұр. Тарелкадағы көже мен қасыңдағы қасықты көріп отырсың. Ал, 
анда-санда әйеліңнің пейілі түсіп, дастарханға рюмка мен бөтелке қойып 
жатса, оны қайтіп қадеге асыру қажет екенін айтпай-ақ біліп отырсың». 
Оларға да жақсаң, сол сөйлемейтін үнсіздігіңмен жағасың. «Олар да 
кит етсең: «басымды ауыртпашы», – дейді, тіпті «Жә, үніңді өшір!» – деп 
аузыңа да ұрады. Сол үнің өшсе өше қойғаны-ақ дұрыс. Ондайда кірпідей 
жиырылып жүретін әйелің де аяқ астынан мейірім біте қап, арқаңнан қағып, о 
жер, бұ жеріңді түрткілей бастайды». 
Кейіпкеріміз сол үндемейтінінің арқасында қызметі өсіп, кеңсеге 
ауысқан. Тіл «кесілген», бұрынғы таныстарына енді «Сәлем!» деуді де 
ұмытып, тек басын изейтін болды. Оның бар білетіні сансыз көп кнопканы 
басып, өзінің қызметтік міндетін атқару ғана. Адам-машина іспетті, өзіңе 


82 
тапсырылған жұмысты мүлтіксіз орындасаң болды, басқаны біліп, ештеңеге 
араласудың, біреуге өз ойыңды айтып, пікір қосудың ешқандай қажеті жоқ. 
Жұмысында мұның барлығын, қызметші ретінде тізімге тізіліп, арада 
жүргендігін дәлелдейтін «үш цифр мен бес әріп» қана. «Сол бес әріптің нені 
білдіретініне, қандай мағынасы бар екеніне назар аударып жатқан бұл жоқ. 
Оны білудің де қажеті шамалы. Ол бес әріп мұның паспортына да, осы 
кәсіпорынға кіретін куәлігіне де жазылған». Және сенің маман екендігің тек 
осы қызметте жүргеніңде ғана мойындалады. «Ол бес әріпті ауызбен айтып 
жатудың ешқандай қажеті жоқ. Ол бес әріп не қалтаңдағы қаусырма қағаздың 
ішінде, не мынадай қызмет істейтін бөлмеңнің маңдайшасында жазулы 
тұрғанда ғана мағынаға ие болады. Әйтпесе ішіңдегі барлық тынысты 
алқымыңа жиып, бар даусыңмен қанша бақырсаң да, бәрібір бос ызың, бос 
айқай». 
Өзіңнің барлығыңды ой-пікірің арқылы білдірудің мүмкіндігінің 
шектеулігі, іштегі сырың мен мұңыңды басқалармен бөлісіп, ауызбен айтып 
жеткізе алмауың, Адам екендігіңді сөзіңмен танытуға қауқарсыздығың 
қандай өкінішті!? Ондай жанның айдағанға жүріп, айтқанға тұратын 
хайуаннан не айырмашылығы бар! Жеке адамның тұлға ретінде 
мойындалмауы, оның тек нақты тапсырмаларды орындап, қандай да бір 
техникалық операцияларды атқарудың құралы ғана болуы қарапайым әңгіме 
арқылы оқырман санасына ой түсіреді. Әңгімеде тек «тілсіздік» қана емес, 
сол арқылы адамның адамдығын айқындайтын келелі мәселе – қоғамның 
демократиялық сипатының қайнар көзі ой-пікір еркіндігі, плюрализм, 
парасат-пайым арналары меңзелінеді деп түсінеміз. Жазушының көптеген 
шығармаларындағы адамдық ой-таным, кісілік келбет, философиялық пайым, 
тұлғалық сана мәселелері осыдан тамыр тартып жататыны сөзсіз. Олар түрлі 
ракурста көрінеді: сан алуан кейіпкерлері болмысынан (Қарабала, Есболай, 
т.б.), авторлық кесек ойлардан, шығарманың концептуальдық болмысынан 
бой көрсетіп отырады. Осылардың бәрі, сайып келгенде, рухани 
соқырлықтың, «мәңгүрттіктің» салдарынан сақтандырудың көркем амалы 
болып табылмақ. 
Сөйтіп, біздің шартты кейіпкеріміз осы бес әріптің арқасында аузына 
салмақ салмай жүріп, «тіпті ондай мүшесі бар екенін» де ұмытып кетеді. 
Бәрін «бүлдірген» (яғни білдірген) үш жасар баласы болды. Бір күні әйелі 
машинасымен кір жуып жатып, қасына жүгіріп барған баласының сұрағына 
жауап беруге «қолы тимей», әкесінен сұрап алуға жұмсайды. Әкесі 
амалсыздан баласы көрсеткен суретке үңіледі. Оның көрсеткен сұрақтарына 
білгенінше жауап беріп тұр: суреттегі «уда-дуда көп сызықты» – шаш, «есік 
алдында тұратын домалақ түкіргіш құтыдай бірдеңені» – бас, «сол 
дөңгелектің бетіндегі бірінен бірі аударып алғысыз екі үлкен ноқатты» – көз, 
«оның астындағы әлгіден гөрі кішкенелеу екі ноқатты» – мұрын деп көрсете 
келе, «оның астындағы әбден піскен помидордың жарылып кеткен 
жыртығындай ырсиған бірдеңенің» атын таба алмай шақшадай басы шарадай 
болғаны!


83 
Оны түсіндірме сөздіктің «Дене мүшелері» деген тарауынан тауып, 
«ауыз» деп жауап береді. Ал баласының «Ол неге қажет?» дегеніне енді 
жауап бере алсайшы! Оны да түсіндірме сөздіктен табады, алайда «ауыз – 
жан-жануарлардың ең жетілген түрі адамдар үшін бір-біріне ойын, пікірін 
жеткізетін қатынас құралы болып табылады» деген түсініктеме тіпті миына 
кірмей қояды. «Адам деген мұның еш жерде көрмеген мақұлығы сияқты. ...аз 
ғана ғұмырында ұшырасып жүрген екі аяқты, төрт аяқты жан иелерінің 
арасынан ондай пәлені ешқашан көрген де, естіген де емес. ...Мына алдында 
қылқылдап тұрған боқмұрынның «бала» деген балшыққа батқыр екенін 
біледі, анау ванна бөлмесінде қазір кір жуып жатқанда төрт аяқтап 
тұрғанмен, енді сәлден кейін екі аяғына мініп, мықынына таянып, зіркілдеп 
жетіп келетін қызылкөз пәленің сыпайылағанда «әйел», ал, шын мәнінде 
«қатын» екенін біледі; ал бұл үйдің сыртында көше бойында сенделіп 
жүргендердің «жұрт» екенін біледі, қызмет бабында өзінен жоғары
тұрғандардың «мырзалар мен тақсырлар», ал өзінен төмен тұрғандардың 
өңшең «қырт» екенін біледі. ...Ал адам деген сөз құлағына тиген емес. 
Шамасы, қолданылса да, баяғыдағы динозавр, ихтинозавр тұстарындағы мұз 
дәуірі екі аяқтыларына байланысты ешқандай қолданылмайтын архаизм 
болса керек». 
Кейіпкер ойымен тұжырымдалатын әңгіменің финалы да осыған саяды: 
«Ендеше мұндай күмәнді түсініктемені әлі ақыл-есін түгел жинап болмаған 
жас балаға несіне үйретем, ауыздың тамақ жеуге, тыныс алуға, екі қолынан 
қайран кетіп бара жатқанда, басынған дұшпанның мұрны, құлағы сияқты 
бөлек-салақ тұрған жерлері болса, қыршып алуға қажеті барын білсе біле 
берсін, ал осы жасқа жеткенде өзі де түсінбеген, тіпті қашан «кісі жерлейтін 
бюро» дейтін мекеменің журналына тіркеліп, қабірінің номері жазылған 
темір талон мен «марқұм» деген атақ алатын мынау жер үстіндегі ақтық 
күніне дейін еш түсінгісі де келмейтін «адам», «ой», «пікір» деген пәлелерді 
бейшара бала білмесе білмей-ақ қойсын деп ойлады».
Қоғамдағы ықпалды тенденциялар мен жеке адамның рухани 
тәжірибесінің арасындағы алшақтық пен оған қарсы тұруға қауқарсыздық, 
адамның қоршаған ортадан, қоғамнан алшақтана түсуі – модернистік 
әдебиеттің негізгі сипаттарының бірі болып келеді. Социалистік реализм 
әдебиетінде бұқаралық, ұжымшылдық, әлеуметтік секілді принциптерге жат 
мұндай жайлардың бейнеленуіне қатаң тыйым салынып келгені белгілі. 
Алайда, шындықтың көрінісі, қоғамдық болмыс пен әлеуметтік санадағы 
орын алған, пісуі жеткен қандай жағдайларды болмасын, шыншыл 
суреткердің ар-ожданы, тұспалдап болса да, көрсетпей тұра алмайды. Кеңес 
әдебиетінде де ондай қатерлі дерттің симптомдары арагідік түрлі формада 
көрініс тауып отырды. Арнайы тақырып етіліп, тура айтылмағанымен, 
көркем мәтіннің түрлі деңгейлерінде астарлы-тұспалды түрде бейнеленді. 
Мұндай ишаралау, тұспалдау амалдарының бірі – әзіл-әжуа, мысқыл-
кекесінге жыға бейнелеу, ирониямен орап айту болды десек қателеспейміз. 
Мұның бір мысалы жазушының «Ауыз» әңгімесі бола алады. 


84 
Бұл әңгіме 1976 жылы жазылып, алғаш рет 1989 жылы «Жалын» 
журналында жарияланған. Жазылуы мен жарық көруінің арасындағы 
үзілістің өзі біраз жайды аңғартатындай. Шығарманың әлеуметтік астары 
оның жазыла сала жариялануына мүмкіндік бермеді ме екен!? Ол кез – 
жетпісінші жылдар – социалистік қоғам «кемелдене түскенімен», іс жүзінде 
қоғамның қайшылықтары тереңдеп, әлеуметтік дағдарыстың кең етек алған 
тұсы болатын. Сөз жүзінде М.Горькийдің «Шыңырауындағы» Сотиннің: 
«Адам деген – айбарлы үн» деген афоризмінің түрлі мінбелерден жиі 
айтылғанымен, В.И.Лениннің: «Тіл – адам қатынасының аса маңызды 
құралы» дейтін сөзінің ұран болып, әр мектептің тілдер кабинетінде жазылып 
тұрғанымен, шын мәнінде жеке адамның, қоғамның қарапайым мүшесінің 
Тұлға ретіндегі ролі ол кезде қандай болғаны, тек жоғарыдан айтылатын 
әсіре ұран мен даңғаза-дақпыртқа міндетті түрде үн қосушы болғаны, 
«социализмнің артықшылығын» дәріптейтін бос мақтанға күллі қоғам бой 
алдырғаны шындық.
Асылы, әңгімеде көтеріліп отырған мәселенің – қоғамдағы 
«мылқаулық» дертінің орын алуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, 
ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері өндірістік қатынастар мен 
қызметтердің 
барлық 
салаларындағы 
қызмет 
түрлерін 
негізінен 
автоматтандыру мен ақпараттандыру құралдарына жүктейді де, жеке 
адамның субъектілік ролі бірте-бірте төмендей береді. Олар тек белгілі бір 
тапсырылған операцияларды қатаң тәртіппен орындаушы ролін ғана 
атқарады. Екіншіден, тоталитарлық жүйедегі қоғамда шын мәніндегі 
демократиялық үдеріс дамымайтындықтан, қоғамның маңызды мәселелерін 
белгілі бір саяси элита ғана белгілеп отырады, соның ықпалымен әлеуметтік-
идеологиялық бағдар жасалынады, ал бұқара көпшілік бұл процесті 
қалыптастырудан тысқары қалады да, тек жоғарыдан берілген жалаң ұранды 
қолдаушы, қолпаштаушы тобырға айналады. Олардың алдында ешқандай 
таңдау қалмайтындықтан, «айтқанға көне сал, жұмсағанға бара сал, алдағанға 
көне сал» принципі жалпыға ортақ қағида ретінде орнығады. Үшіншіден, ең 
өкініштісі, қоғамның ең шағын бөлшегі – отбасындағы әке мен шеше, ата-ана 
мен бала арасындағы қарым-қатынас, шынайы ой-пікір алысу, емен-жарқын 
араласу, сырластық, өзара ықпал әлсіреген тұста отбасылық тәрбие, ұлттық 
дәстүрлер мен халықтық қалыптан тамыр тартқан ұлы тін селдірейді де, 
сыртқы күштердің әсері (көбінесе олардың жағымсыз, қауіпті жақтары) 
күшейе түседі. Тәрбиенің негізі сөз арқылы, сөзбен сомдалған көркем 
құндылықтар арқылы келетіндіктен, сол сөздің тиімді жүйесін таппауы, 
«мылқаулықтың» орын алуы ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз зиянын төндіреді. 
Бұл орайда бала тәрбиесіне тек балабақша мен мектеп қана жауапты деп, 
оған жете мән бермейтін сыңаржақ түсінік, бала тәрбиесіндегі пікірлесе 
отырып шындыққа жету, түсіндіре отырып көз жеткізудің орнына «олай 
қылуға болмайды», «бұлай етпе» деген секілді біржақты қақпайлау тәсілі, 
сондай-ақ, әңгімеде ишараланатын сол тұста белең алған эмансипацияның 
біржақты көрінісі жалпы бала тәрбиесіне кері әсерін тигізіп келе жатқанын 
айта кету лазым. Ең қауіптісі – әңгіменің финалдық тұжырымынан көрінетін, 


85 
«мылқаулық» дертінің өсер буын, келесі ұрпаққа ауысып бара 
жатқанындығы, оған тосқауыл қоюға енжарлық, болашақ ұрпақ алдындағы 
жауапсыздық.
«Ауыз» әңгімесі бұдан отыз жылдай бұрын жазылған дедік. Ал ондағы 
бейнеленетін жағдай, тұспалданған мәселе қазір қандай деңгейде? Қазіргі 
ғылыми-техникалық прогресс пен жаһандық ақпараттандыру жағдайындағы 
адамдардың күнделікті тұрмыста өзара пікірлесуі, ауызша сөйлесу мәдениеті, 
тілдің тұрмыстағы активті қолданысы туралы ойлансақ, не айта аламыз?! 
«Қалам алып, хат жазған» кездің келмеске кеткені қашан!? Күні-бойы 
жұмыста немесе базарда жүрген ата-анасы үйге келгесін баласымен 
сөйлесуге күніне қанша уақытын бөліп жүр!? Балаңызға немесе немереңізге 
соңғы рет қашан ертегі оқып бергеніңіз (егер оқыған болсаңыз) есіңізде ме!? 
Сол балаңыздың немесе немереңіздің мектебіне барып, ата-аналар 
жиналысына қатысып, сабағын біліп, ұстаздарымен пікірлесіп жүрсіз бе!? 
Соңғы рет есіктес көршіңізбен аман-есен алысып, хабар-ошар сұрасқаныңыз 
қашан!?
Осы бір шағын ғана әңгіме қарапайым қалпымен-ақ түйсініп оқыған 
адамға үлкен ой салады. Ана тілінің тағдырына алаңдайтын, адам тәрбиесіне 
немқұрайлы қарай алмайтын, адамның қоғамдағы орны туралы ойланатын 
әрбір көзі қарақты, көкірегі ояу оқырманды бұл шығарманың бейжай 
қалдырмайтыны хақ. Жазушының бүкіл шығармашылығының өзегінде 
жататын адам өмірін халық тағдырымен сабақтастықта алып, қоғамның 
көкейтесті мәселелерін философиялық, психологиялық тұрғыдан талдай 
отырып, өткеннің сабақтары мен бүгіннің проблемасын алға тартуда да бұл 
әңгіменің өзіндік орны бар. Алғаш рет жазушының «Күй» повесі арқылы 
әдебиетке келген, кейін Ш.Айтматов шығармасы арқылы дамытылып, 
әлемдік дүниетанымдағы рухани болмысты бағалаушы категорияға айналған 
«мәңгүрттік» синдромының алғашқы симптомдары осы шығарманың 
өзегінде жатыр. Шын мәнісінде, мәңгүрттік – қауіпті індет. Ол рухани 
кенжелеудің, ойсыздық пен санасыздықтың салдары, өзіңді өзгелерден қор 
санау мен өзіңді басқалардан артықпын деп әсіре мақтанға салынып, 
мардымсуға дейінгі аралықта мәңгүрттіктің мың сан симптомдары жатады. 
Бұл туралы бір сұхбатында жазушы былай дейді: «Мәңгүрттік – барлық 
ғасырда бар құбылыс. Аздың емес, көптің басында бар құбылыс. Мәңгүрттік 
– тек тіліңді ұмыту, тегіңді ұмыту емес. Тілің мен тегіңді ұмытқаныңды да 
байқамай қалатындай әлеуметтік жетесіздік. Өзіңді ғана ойлап, еліңді 
ұмытып кететін пасықтық. Бүгінгіні ойлап, өткенді ұмытып кететін 
парықсыздық. Бүгінгіні уайымдап, ертеңгіні уайымдамайтын тайыздық. 
Ондайлар қайда жоқ?! Тек ана тілін ұмытқандарды ғана жазғыру әділдік 
емес. Ана тілінде сайрап тұрған да талай мәңгүрт толып жүр. Ең басты 
мәңгүрттігіміз – өзімізді дұрыс бағалай алмайтындығымыз. Әр нәрсені бір 
сылтауратып, өзімізді өзіміз кеудеден итеретініміз. Басқаларға өкпелеудің 
жөні жоқ. Сыйлай білетінді сыйлай білмейтін кісі жоқ. Әңгүдіктікке ұрынсақ, 
өзімізді де, өзгені де сыйламаймыз. Өзімізге де, өзгеге де сыйлата алмаймыз. 
Жаңаның жақсылығын, ескінің қадірін білмеген адам бәрібір біле алмайды. 


86 
Таңсықтың соңынан жүгіре жөнелу бейтаныс жолаушының соңынан 
далақтап шаба жөнелетін әупілдектерді еске салады. Көбі саққұлақтықтан 
емес, әңгүдіктіктен әупілдейді. Қазіргідей заман өзгеріп жатқан тұста құдай 
сондай әлеуметтік әңгүдіктік пен әупілдектіктен сақтағай...» [64]. 
Әп дегеннен әңгіменің атауы назар аудартары хақ. Шығарманың атауы, 
әдетте, автор мен оқырманның «поэтикалық диалогын» үйлестіріп, көркем 
дүниені түйсіну типін қалыптастырады, біріншісінің шығарма арқылы айтпақ 
болған идеясын ишаралап, екіншісінің мәтінді қабылдауына бағыт беріп 
тұрады. Яғни, шығарма атауы мәтіннің тақырыптық-идеялық болмысына 
нұсқау беретіндіктен, өзіндік салмағы бар белгілі бір жүк көтеріп тұрмақ. 
Шығарма атауы «ақпараттық-коммуникативтік» қызметімен қатар, өзіне 
поэтикалық-концептуальдық та міндет алады. 
Шығарманың атауына «ауыз» сөзінің алынуында, негізінен, көркем 
мәтіннің сөз, сөйлеу мәдениеті мен әдебі, сөйлеудің маңызы секілді 
мәселелерге арналмағы хақ. Мысалы, қазақтың белгілі сатиригі 
О.Әубәкіровтің «Иесіз ауыз» және «Ауызбайдың ауызы» атты әңгімелерінде 
адам мінезіндегі оғаштықтар – сөйлеген сөзіне есеп бермейтін әумесерлік пен 
балағаттауға үйренген ауыздың абыройсыздыққа әкелетінін сатира-юмор 
тілімен бейнеленеді [65]. Сықақшы О.Әубәкіровтің әңгімелері – юморлық, 
сатиралық шығармалар. Мұндай «таза» сатиралық шығармаларда, сатириктер 
кейіпкерлердің көбінесе қалыптасқан нормаларды бұзуына құрса, сатиралық 
емес шығармаларда суреткер көпшілікке ортақ ақымақтықтарды, 
кемшіліктерді аз-кем әсірелеу, елеулі-елеусіз «бұзу», жағымсыздықтың 
қатарын түзу арқылы қалыпты «норманың» өзіндегі комизмді көрсетуге 
тырысады. Ә.Кекілбаев «Ауыз» әңгімесінде байыпты прозаның ауқымында 
қоғамдық шындықтың көрінісіне әзіл-сықақ, әжуа-мысқыл өрнектерімен өң 
берсе, шығарманың өн бойында негізінен ирониялық баяндау тәсілі тұрақты 
желі тартып отырады.
Әлем әдебиетінде адамның жеке бір дене мүшесі атауы болып келетін 
шығармалар аз емес. Олардың ішіндегі әлемге танылғандарынан бір атаумен 
аталатын Н.В.Гогольдің «Мұрын» повесі мен Акутагава Рюноскэнің 
«Мұрын» әңгімесін айтсақ та жеткілікті. Бұларда коллеж асессоры 
Ковалевтің мұрнының жоғалып кетуі мен монах Дзентидің «шұжықтай 
салбыраған» ебедейсіз ұзын мұрнын қысқартамын деп ыңғайсыздыққа тап 
болатыны 
айтылатынымен, 
қоғамдық-әлеуметтік 
мәселелер, 
адам 
болмысының қызғылықты сырлары астарланатыны бар. Осы шығармалардың 
қай-қайсысында да авторлар шындық болмысты, өмір суреттерін қиялмен 
байытып, шығармаға фантастикалық өң беріп баяндайды. 
Гогольдің «Мұрынына» бастапқы кезде көпшілік оқырман, тіпті әдеби 
орта тосырқай қарап, бірден қабылдай қоймағанда, А.С.Пушкиннің мұндай 
көркемдік тәсілді қуаттап, онда «көптеген адам күтпеген, фантастикалық, 
көңілділік, бірегейлік» бар екенін айтып, лайықты бағалайтыны бар. Ал 
Р.Акутагаваның алғашқы әңгімелерінің бірі «Ауызды» оқығанда Нацумэ 
Сосэки автор туралы «бұдан басқа ештеңе жазбаса да, жапон әдебиетінің 
тарихында қалады» деген екен. Демек, реалистік әдебиеттегі орынды 


87 
оралыммен бейнеленетін кейбір тосын жайлар, қиял мен фантастика 
элементтері оны өмір-тұрмыстың реалды жағдайынан алыстатпайды, қайта 
шындықты қиялмен байытатын жоғары дәрежедегі «поэтикалық шындық» 
болып табылады. 
Әңгіменің сатиралық шарттылыққа құрылу бағдары қаламгердің 
қоғамдық шындық көріністерін субъективті қабылдауы және түрлі көркемдік 
құралдар мен тұспалды меңзеу амалдарын қолдануы арқылы көрініс табады. 
Бұл орайда ХХ ғасыр әдебиетіндегі көркем ойдан шығару (вымысел) 
мәселелері туралы еңбегіндеғі орыс ғалымы Е.Н.Ковтунның мына пікірі 
дәйекті көрінеді: «Искусство осмысляет мир, накладывая на реальность 
отпечаток субъективного восприятия художника, да еще пропуская 
реальность через эмоциальную сферу сознания и ползуясь не понятиями, а 
образами, т.е. метафорами и иносказаниями. Итогом становится
возникновение бесконечного множества подчас совсем непохожих 
изображений реальности, в совокупности дающих более и менее адекватное 
представление о сложности и многомерности бытия» [66,38]. 
«Ауыз» әңгімесінде де шындық болмыстың көріністерін кей жағдайда 
гротескілік суреттермен, фантастика элементтерімен дамыту, сюжетті 
шарттылыққа құру секілді сатираның кейбір көркемдік құралдары 
пайдаланылған. Әңгімеде кейіпкердің «мылқаулық» дертке бой ұруын 
әсірелеу, сыни талдауды өткірлей түсу үшін автор арагідік нақты өмір 
көріністерін қиял элементтерімен толықтыра түсуге (персонаждың «ауыз» 
сөзінің мағынасын түсінбеуі, адам дегеннің не екенін ұмытып қалуы секілді) 
құрады. Мұндай қиялмен шарықтау шығарма мазмұнының шындығына 
титтей де нұсқан келтірмейді, қайта көрсетіліп отырған жағдайдың 
қаншалықты өзекті екендігіне назар аудартып, мәселенің маңыздылығына 
ерекше екпін түсіреді. Мұндайда көңілге мұң жамайтын жағдайдың 
күлкілілікпен, трагедиялық халдің фарспен астасып бейнеленуі болады. 
Нақты байқағыштық пен көркемдік қиялдың сабақтасуы, жеке-дара 
жағдаяттың типтендіріліп, жан-жақты көркемдік жинақталуы орны алғанмен, 
ол шындыққа ұқсастығына (правдоподобие) күмән келтіртпейді. Өйткені, 
автор ақиқат детальдардың көмегімен, айналамызда болып жатқан 
шындықтың қиялмен байытылған реалистік суретін жасайды. 
Қазіргі прозадағы юмор мен ирония – күнделікті тіршіліктің 
күйбеңінен бір сәт қол үзіп, тұрмыстың іш пыстырар сірескен қатаң 
қағидаларынан бөлекше ойланып, жаңаша пайымдауға жетелейтін 
амалдардың бірі. Осы шағын ғана әңгіменің астарындағы «тілсіздік», 
«мылқаулық» секілді қоғамдық сырқатпен астаса ишараланатын бірнеше 
мәселе жатыр, оларда отбасы, бала тәрбиесі, қоғамдық қатынастар 
тұрғысындағы кейбір көңілсіз құбылыстардың сұлбасы көрініс береді. 
Жазушы шығармасында оқиғаның бір ғана жағына мән беріп қоймайды, 
соған қатысты өмір-тіршіліктің мұң мен күлкі астасып жататын барлық 
комикалық және драмалық жақтарына сәуле түсіреді. Оларды келісті 
үйлесіммен көркем мәтінде кестелеуде жазушы суреткерлік байқампаздық 
пен көркем қиялды ұштастыру арқылы оқырманға өзгеше бір идея ұсынуды 


88 
міндетіне алады. Мұндай көркем жинақтауға талпыныс нақты жағдайларды 
типтендіру жолымен іске асырылған. Шығармаға фантастикалық өң бере 
тұра автор шындықтан алшақ кетпейді, қайта нақты детальдар мен штрихтар 
арқылы өмірде болған, болып жатқан нақты көріністерді жасайды. 
Тіршіліктің кейбір мәнсіз, түйткілді тұстарын бейнелеуді кекесін, әжуа-
мысқыл, гротеск арқылы береді. Жазушы мәнерінің ең маңызды сипатын 
өмірден байқағандарын көркемдік қиялмен байыта отырып, кемел 
суреткерлік талғаммен пайдалануы құрайды. 
* * * 
Ә.Кекілбаевтың ирониясы туралы айтқанда ескермей кетуге болмайтын 
тағы бір мәселе, біздіңше, жазушының кекесін, әжуа, мысқылдың тілдік 
қуатына жүгініп, оларды түрлі аспектіде шеберлікпен қолдануымен қатар, 
персонаждың ашу, ыза, кек, нала, сенімсіздік, тағдырға мойынсұнбай, 
дұшпанына қарсы тұру секілді ішкі жан дүниесіндегі түрлі өзгерістерді, 
психологиясындағы динамикалық халдің өрістеуі мен олардың бет-жүз 
құбылысындағы стихиясын бейнелеудегі өзіндік шеберлігі ме дейміз. Мұны 
айтып 
отырған 
себебіміз, 
персонаждың 
ирониялық 
көзқарасы, 
психологиялық қарсылығы тек тілдік құралдар арқылы ғана емес, тілсіз де, 
адамның қимыл-әрекеті мен әсіресе бет-жүз құбылысының психикалық 
ахуалының аса көркемдік дәлдікпен, көзбен көріп тұрғандай ерекше 
суреткерлікпен де жеткізілетіндігі. Мұндай «тілсіз иронияның», әрине, 
ділмәрлық-стильдік әдіспен эстетикалық категориядан гөрі психологиялық 
жай-күйге қатысты екені түсінікті. Әйтсе де, адам табиғатының көркем 
бейнеленуі, образ жасаудағы тілдік құралдарға қоса, сөзбен сомдалған сурет 
шынайылығы тұрғысынан қарағанда, «тілсіз иронияның» да маңызды орын 
алатынын терістеу бекер болар еді.
Мәселен, «Елең-алаң» романындағы башқұрт бүлікшілерінің басшысы 
Қылмақ Абыздың ең сенімді серіктерінің бірі, үндемес мылқау шал туралы 
авторлық баяндау мен Кириловтың ойша қабылдауы кезектесе, жымдаса 
отырып, былайша сипатталады (психикалық үдеріс көрінісі түсінікті болуы 
үшін үзіндіні толығырақ келтірелік): «Бұның назарынан ызғарлы ыза, 
өшпенділік сезсе керек, әлгіндей ғана жайбарақат бос белбеу шал бірте-бірте 
жемтік көрген қаршығадай тас түйінделе түсті. Екі иығының, ұнжырғасының 
бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп шыға келді. Көзіндегі маздаған оттың ұшқыны 
бет-ауызына түгел жайылып, сол жақ езуіне кекесін боп салбырай ілініп 
тұрып алды». «...Жаңағы қарасында ит етінен жек көрген ыза мен 
жиреніштен басқа ештеңе жоқ қой. Сонда да өзін бұдан артық санап тұрғаны 
ма?! «Қарғылы төбет, саған мені түсінетіндей өрені кім беріпті», – дегендей 
кекесін бар ғой. Басты жауы деп емес, жәй әншейін жексұрын көп 
мақұлықтардың бірі деп тыжырына қарады да қойды ғой» [2,252]. «...Тілінің 
жоқтығына қорланып емес, мақтанып тұрғандай. «Әуелден маған ештеңе 
айтқызбау үшін тілімді кесіп тастаған өздерің емес пе едіңдер. Ал 
іштегілерімді айтқызбай білетін қасиетті керемет болсаңдар, бұның бәрін 
менен несіне сұрайсыңдар!» – дегендей, көзіне көктемдегі найзағайдай жарқ-


89 
жұрқ жалт ойнап мошқай қарады. Қорқудың орнына мазақтайды. Ұялудың 
орнына табалайды. Мойындаудың орнына айыптайды. Әлгі шалдың кекете 
қараған көзі өңменінен өтіп барады. Табалап емес, кекетіп қарады. Көзінде 
кекесін ғана емес, мүсіркеушілік те тұрды» [14,253].
Осы жолдарды оқығанда, адамның тағдыры қыл үстінде тұрса да 
мойымайтын жанкештілігін, биік мақсат жолында құрбандыққа бас тіккен 
азаматтық ұлылықты көреміз. Бүкіл халықтың азаттығын ту етіп, ұлы 
арманын арқалаған жандардың осындай болатынына шүбәсіз сенесіз. Бір 
сәттік психологиялық стихиялар тартысы арқылы ашылатын мылқау шалдың 
характерінен әлеуметтік-философиялық иірімдердің коллизиясын қапысыз 
ұғасыз. Тілсіз мылқау болса да, көкейіндегіні сөзсіз-ақ, ашу-ызымен жауына 
жеткізіп тұрған кекесіннің көкесін танисыз. Соның бәрін жазушының көркем 
сөзбен қапысыз хаттап, кезең шындығын, зары мен запыранын нақты 
эпизодтар мен адам тағдырын ашу жолымен шынайы бейнелегеніне тәнті 
боласыз. 
Ұлт азаттығы аңсары, тәуелсіздіктің қымбаттығы шығарманың өне 
бойында түрлі амал-тәсіл, қым-қуыт қитұрқы саясат арнасындаөзгеше 
өріммен өрілсе, азаттық жолындағы әрекеттердің бір көрінісі башқұрт 
халқының мысалында осы бір тұста өзгеше бой көтеріп, ашық аренаға 
шығады. Тілі кесілген мылқау шал бейнесі башқұрт тағдырының, жалпы 
бодандық қасіретінің метафорасы деңгейіне көтеріледі.
Бұл эпизод жайдан-жай алынып тұр ма? Эпикалық кең тынысты, 
халықтың тағдыр-талайын, оның азаттық, еркіндік жолындағы амал-
әрекеттерін 
баяндайтын, 
күрескер 
кесек 
тұлғаларын 
бейнелейтін 
шығармаларды талдаудың, оның жеке элементтерін, эпизодтарын 
интерпретациялаудың түрлі жолдары бар. Әрбір оқырманның оны өзінше 
жоруы, өзіндік қабылдауы заңды. «Үркер», «Елең-алаң» романдары кезінде 
кеңестік идеологияның ықпалымен Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» 
қосылуының 250 жылдығына арналған делінсе де, оның концептуалдың 
өзегінде тәуелсіздік идеясы жатқаны ақиқат. Тәуелсіздік идеясы романдарда 
суреттелетін қазақ халқының тарихындағы күрес-тартыстар арнасында 
шынайы бейнеленсе, башқұрт халқының азаттық арманы мен сол жолдағы 
аянбас күрес формаларының бір орайы осы эпизодтардан көрініс береді.
Башқұрттардың қарсылық көтерілістері, жалпы естек халқының 
тағдыры жайлы жазылған еңбектер жетерлік. Көркем прозадағы баршамызға 
таныс А.С.Пушкиннің «Капитан қызында» 1773 жылдың аяғындағы 
(Ә.Кекілбаев романдарында суреттелетін оқиғадан 35-40 жылдан кейінгі, 
Е.Пугачев көтерілісі кезіндегі) оқиғалар суреттеледі. Салыстыра қарау үшін 
айта кетелік, аталмыш шығармада тұтқын башқұрт былай сипатталады: 
«Башқұрт табалдырықтан әрең аттап өтті (аяғы кісендеулі еді), басындағы 
биік бөркін алып, есік аузында тұрды. Бетіне көзім түскеннен тітіркеніп 
кеттім. Өмірде ұмытпаспын бұл адамды. Жасы жетпістер шамасында тәрізді. 
Құлақ-мұрыннан түк жоқ. Шашын да сыпырып алдырып тастаған; сақал 
орнында бір-екі тал ағарған қыл көрінеді; аласа бойлы, арық денелі, белі 
бүкшең тартқан; ал қысық көздері әлі күнге отша маздап тұр». 


90 
«...Жарымжандардың бірі шешінген башқұрттың екі қолынан алып арқалай 
көтерді; сол уақытта Юлай қамшысын сілтей бергенде: башқұрт әлсіз, 
жалбарынған үнмен ыңыранып басын шайқап, аузын ашты, оның аузында тіл 
орнына түбінен кесілген, шолтаңдаған бірдеңе көрінді».
Осы көрініс суреттелгеннен кейін, оқиғаны баяндаушы кейіпкер Петр 
Гриневтің көңіл-күйіне қатысты мынадай жолдарды оқимыз: «Осы 
оқиғалардың менің ғасырымда болғаны ойыма түссе, қазірде император 
Александрдың момын патшалық құрған күндеріне жетіп отырғанымда, 
ағарту жұмысының осыншалық ілгері кетіп, адамды сүю қадесінің недәуір 
қанат жайғанына таңданбасыма мүмкін емес. Жас жігіт! Егер менің осы 
жазғандарым қолыңа түсе қалса, ең жақсы, ең берік өзгеріс деп, зорлық-
зомбылықсыз, адамның құлық-мінезін жақсарту арқылы болатын өзгерісті 
тануды ұмытпағайсың» [67,58]. 
«Капитан қызының» авторы бұл үзіндіде тұтқын башқұрттың бейшара 
халін байыпты сипаттайды, кейіпкер атынан баяндаудың финалы гуманизмді 
жақтайтын көңіл-күйге негізделген дидактикалық сарындағы аманатқа 
ұласады. Классикалық прозадағы мұндай сыншылдық-дидактикалық назар 
біздің ғасырымызда интеллектуальдық, психологиялық, ирониялық-
философиялық сатыға көтерілді. 
Сөйтіп, көркем прозадағы ирония тек сәттік күлкі, кекесінде ғана емес, 
адамдық болмысқа сіңісті болатын, жалпы тіршілікке, тұрмыс тауқыметіне 
көзқарастың да көрінісі болмақ. «Бір шөкім бұлттағы» Тайбағарға еріп 
келетін қызы Зибаштың алғашқы кездегі мінез-құлқына байланысты мынадай 
жолдарды еске түсірелік: «Осы бала сызданып өсіп келеді. Қаршадайынан 
қабағы қатыңқы. ...Селдірлеу қоңыр қасының жазылып жатқанын бір сәт 
көрген емес. Ылғи түйіледі де тұрады. Төменшіктей беретін жанарында да 
балаға жараспайтын байсалдылық бар. Ол тіптен серпілмейді. Балқытып 
құйған қорғасындай бүк түсіп жатып алған. Кісіге тіктеп қарамағанмен, 
күлтеленіп тұрған кірпіктердің ар жағында дүниені сынап-мінеп, ішіп-жеп 
бара жатқан жымысқы жанар тұр. Кейде біреудің әлдекімді жамандаған 
әңгімесін естігенде, ауыл-үйдің арасында бола беретін келіссіз оқиғаларға 
жолығып қалғанда, оның мөлиген көзі бір сәт маздап шыға келеді. Бүкіл 
бетті нұрға бөгіп, құлпыртып жіберетін қуаныш ұшқыны емес. Қайта тек 
көзде қап, қалған жақты сазартып жіберетін сап-салқын кекесін ұшқыны. 
Оның көзінен осы бір отты ұшқынды көргенде Аққаймақ шошып қалады. Ол 
бауырына тартқысы кеп басын жуса, шашын тараса, қаршадай қыздың 
жанарын әлгідей суық, сұсты ұшқын жайлайды. Сонысын көрген соң, 
маңына жолауға шошынып, өзінен-өзі пұшайман болады. Әртүрлі ойға 
батады. Сенбестік ұшқыны. Кекесін ұшқыны...» 
Жазушы адам болмысын психологиялық және әлеуметтік тұрғыда 
мейлінше кең қамтиды, эмоциональды жағынан терең бойлайды, кейде 
көтеріңкілік леп те болады. Алайда автор көбінесе әзілдің әрін, ирониялық 
сарынды, ниеттестік, жаны ашығыштық юморды тұрақты сақтап отырады. 
Оның нәзік ирониялары оқырманды еріксіз өзіне тартып тұрады. Мұндайда 
М.Әуезовтің А.П.Чехов кейіпкерлері туралы айта келіп: «Онда адамның жан 


91 
дүниесінің құбылыстары, өзара қарым-қатынастарының нәзік сырлары ылғи 
айқын, анық бола бермейді, бірақ солай бола тұра, онда жеңіл ирония да, 
жұмсақ юмор да, адамға деген жанашыр жақындық та әсіресе мол сезіліп 
тұрады», – дегені еске түседі. [68, 415]. 
Жинақтап айтқанда, Ә.Кекілбаев ирониясының бір ерекшелігі – онда 
шенеушіліктен гөрі талдаушылық, баға беруден гөрі ой жүгіртушілік мақсат 
басым жатады. Жазушы бейнелеп отырған өмір фактілері мен болмыс 
құбылыстарының мәніне, ішкі механизмдеріне оқырманның назарын 
аудартып отыруға бағдар жасайды. Іс-әрекет пен мінез-құлыққа негізделген 
оқиғалардың белгілі бір жағын іріктеп-сұрыптап ұсына отырып, оларды 
өзіндік өрнекпен көркем тәпсірлейді де, дүниетаным көзқарасымен 
таразылап алуды оқырманның өзіне қалдырады. Мұндайда күлкінің сан 
алуан философиялық, әлеуметтік-психологиялық аспектілері құрғақ 
дидиктиканың аулынан мүлде алыс жатқан интеллектуальдық пайымның 
нысанасын белгілейді. Бұл – өмір философиясын ұсынудың қарапайым да 
қарымды, ойлы да оңтайлы жолы болып танылады. Жазушының бүкіл 
шығармашылығының өзегіндегі парасат позициясы кейде осылайша сәулелі 
әзіл, пайымшыл ирония арқылы да жүректерге жол тауып жатады. Бұл 
жазушының: «Мен өз басым әдебиеттің негізгі міндеті әшкерелеу де, 
дәріптеу де, ақыл айту да, алдарқату да емес, адамдарды, адамдық тіршілікті 
әуелі өзің жете түсініп, сосын оқушыңды жете түсіндіріп, оның өзін-өзі 
рухани шыңдай білуіне түрткі болу деп ұғамын», – дейтін шығармашылық 
кредосының айқын дәлелі болып табылады [69,58-59]. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет