Јділет Ќабылов


УДК 821. 512. 122. 0  ББК 83.3 Қаз



Pdf көрінісі
бет2/21
Дата22.12.2023
өлшемі1,4 Mb.
#142807
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
 
УДК 821. 512. 122. 0 
ББК 83.3 Қаз 
 
 
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және 
инжиниринг университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылған 
(Хаттама № 4, 20 желтоқсан, 2018 жыл). 
 
ISBN 978-601-7349-27-1 

Қабылов Ә. Д. 

Ш.Есенов атындағы КМТжИУ 
 
 



 
КІРІСПЕ 
 
 
Күлкі – шабуын білмесең,
өз тірсегіңді өзің қиып түсіретін 
наркескен қылыш сияқты қатерлі қару. 
 
 

Ә.Кекілбаев 
 
 
 
Көрнекті сөз зергері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның 
халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик-жазушы Әбіш 
Кекілбаевтың өмір жолы, қоғамдық қызметі мен шығармашылық еңбегі – 
адамзаттық құндылықтарды зерделеу, ұлттық сөз өнерін дамыту мен халыққа 
қызмет етудің жарқын үлгісі болып келеді. Жазушының қазақ әдебиеті мен 
рухани көркем ой кеңістігіндегі бедерлеген айшығы бөлек, алатын орны 
ерекше. 
Жазушылық қадамын «Алтын шуақ» (1962) атты жыр жинағымен 
бастаған суреткер «Бір шөкім бұлт» (1965), «Дала балладалары» (1967), 
«Тырау-тырау тырналар» (1974), «Бір уыс топырақ» (1974), «Құс қанаты» 
(1978), «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984), «Шыңырау» (1982) прозалық 
кітаптарымен оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп, көрнекті 
жазушы ретінде танылды. «Ұйқыдағы арудың оянуы» (1979), «Дәуірмен 
бетпе-бет» (1972), «Заманмен сұхбат» (1996), «Әдебиет әлемі, өнер өрісі» 
(1999) танымдық-публицистикалық еңбектерінде ел мен жер тағдыры, 
әдебиет пен өнер дамуы жайында тереңнен ой толғады. Кейін «Абылай хан» 
(1996) тарихи-драмалық дастанын, «Ғапыл дүние» (1999) өлеңдер мен драма 
кітабын, «Үш белес» (2001), «Талайлы Тараз» (2002), «Шандоз» (2003), т.б. 
танымдық еңбектерін жариялады. Жазушының «Екі томдық таңдамалы 
шығармалары» (1989), «Он екі томдық шығармалар жинағы» (1999), «Сыр 
десте» публицистикалық еңбектерінің бес томдық жинағы (2009) жарық 
көрді. Жазушы туындылары бірнеше әлем тілдеріне (орыс, неміс, болгар, 
поляк, чех, венгер) аударылған. 
Ә.Кекілбаев – өмірді терең зерттеген, қоғам шындығы мен адам 
болмысының сан қатпар қалтарыстарын қаламгер һәм қайраткер ретінде жете 
зерделеген тұлға. Тумысынан бойға біткен сирек дарын туған халқының 
тарихы мен салт-дәстүріне, рухани ділімен жан дүниесіне терең үңіліп, оны 
әлемдік мәдениет пен жаһандық тарих тұрғысынан пайымдаудың арқасында 
адам тіршілігінің түрлі ньюанстарын өзіндік көркем өрнекпен, 
философиялық пайыммен, азаматтық зердемен суреттеп келеді. Жазушының 
парасатты прозасының көркемдік-идеялық бітіміндегі ойшылдық пен 
сыршылдық, асқақтық пен сыншылдық, қарапайымдылық пен тереңдік, 
турашылдық пен астарлылық секілді кең арналы тоғыстар ордалы ойлардың 
асыл қорытпасындай жарқырап көзге түседі. 



Кекілбаев феномені тарих пен бүгінгі заманды сәтімен сабақтастырып, 
тіршіліктің күрделі мәселелерін философиялық тұрғыдан терең талдауымен, 
өзіндік көркемдікпен суреттеп, өткеннің сабағын алға тарта отырып 
пайымдауымен ерекшеленеді. Жазушы өткен дәуір жаңғырығы мен қазіргі 
заман тынысын көркемдік қисынмен үйлестіріп,суреткерлік қуатпен 
тіршіліктің терең философиясына үңілтеді. Оның шығармаларында уақыт 
сырын, адамдар тіршілігін суреттеудегі талдаушылық, зерттеушілік пафос 
өзіндік поэтикалық өрнекпен келісті шырай алып отырады. Қаламгер адам 
өмірінің қайсыбір жақтарын жалаң көрсетіп қана қоймай, оның ішкі 
механизмдеріне барлау жасайды, жақсылық пен жамандықтың тылсым 
сырларын бейнелей отырып, оқырманды олардың туу себептерін, тамыр 
тартар бастаулары мен даму өрісін анықтауға ұмтылдырады.
Қазақ 
әдебиеттану 
ғылымы 
мен 
сынында 
Ә.Кекілбаев 
шығармашылығы хақында пікір айтпаған ғалымдар мен қаламгерлер кемде-
кем. Жазушы шығармашылығы туралы жүздеген мақалалар жазылды, 
ғылыми еңбектер жарық көріп, диссертациялар қорғалуда. Оларда 
жазушының шығармалары әр қырынан зерделеніп, ғылыми-теориялық, сыни-
сараптамалық тұрғыдан талданып келеді.
Әбіш әлемі күрделі де сан қырлы. Өмір-тіршілікті сөз өнерінің 
құдыретімен бейнелеудегі суреткер шеберлігінің бір қыры –оның сатирасы 
мен юморы деп білеміз. Жазушы шығармаларындағы күлкі құбылыстары, 
сатирасы мен юморының табиғаты, оның поэтикалық өрнектері мен 
мазмұндық-идеялық маңызы туралы кейбір еңбектерде сөз орайында аз-кем 
аталып өтілетіні болмаса, арнайы зерттеу нысаны болған емес. Сондықтан, 
біз «өмірдің арғы-бергісін түгел сүзіп, адам мінезіндегі шарпысқан жақсылық 
пен жамандықтың арғы жігін ажыратып, кісі санасындағы көзге көрінбейтін, 
сыртқа сезілмейтін сезім шырғалаңдарын рентген сәулесі секілді тап басып 
тани білетін жазушы дарынының» [1] бір ғана қырын – шығармаларындағы 
күлкі құбылыстарын – сатира, юмормен ирония элементтерін идеялық-
мазмұндық, стильдік-көркемдік тұрғыдан зерделеуді мақсұт тұттық. 
«Күлкі – адамның өмірлік қажеті болып бағаланатын психологиялық 
ахуал. Жалпы күлкі элементтері өмір шежіресі болып табылатын әдебиеттің 
барша жанрларында кездесіп, әдеби-көркем туындының әрі мен нәрі болып 
отыратын қасиетке ие», – дейді сатиратанушы ғалым А.Мұсаев [2]. 
Шынында да, сатира мен юмор–көркем әдебиеттің өзегіне қан жүгіртетіндей, 
шығарманың жан-жүйесін аралап өтіп, адамгершілік ой, эстетикалық өрнек, 
көркемдік қуат қосатын ерекше жүйе. Әдебиеттегі күлкі – көркемдік 
дүниетанымның көп қатпарлы политрасындағы шындықты бейнелеудің 
көркемдік-эстетикалық табиғатына сай өзіндік ерекшелігімен көрінетін 
сюжеттік, тілдік, стильдік, поэтикалық болмыс-бітімнің жиынтығы. 
Шығарма бітімі сан алуан құрауыштардан тұратынын ескерсек, олардың 
қызметі мен мән-маңызын саралау белгілі бір суреткерлік тәжірибе мен 
көркемдік танымның нәтижесіне сүйенетіні анық. Сондықтан сатира мен 
юмор көркем шығарманың болмыс-бітімін анықтайтын категориялардың 
жиынтығы ғана емес, ол адамды зерттеудің құралы мен тәсілі, характер 



белгілерін даралайтын өлшем-пішімдердің жиынтығы деуге әбден лайық. 
Зерттеуші ғалымдардың сатира мен юморды әдеби тек, түр, амал-тәсіл 
ретінде сан алуан тұрғыда қарастырып келе жатқаны да оның осындай сан 
қырлы көрініс-қуатын аңғартса керек.
Ілкідегі ауыз әдебиетінен желі тартып келе жатқан күлкінің ұлттық 
дәстүрі жазба әдебиетімізде де тамыр жіберіп, бой көтергені баршаға аян. 
«Сатира – әдебиеттің барлық тегінде қолданылатын және лирика, эпос пен 
драмадағы құрылымдық элементтердің деформациясы нәтижесінде шыққан 
түрлі жанрға бейім шындықты бейнелеудің ерекше тұжырымы», – дейді 
И.Эвентов [3,123]. 
Сатира мен юмор – қоғамдық болмысқа эстетикалық қатынастың 
ерекше типі, көркемдік ойды білдірудің өзгеше түрі, өмірлік құбылыстарды 
зерттеу, бағалау, тілдік-көркемдік тұрғыдан көрсетудің өзіндік амалы. Әзіл 
пародия түрінде көрінгенде, әдетте бір нәрсені, құбылысты басқаша қайта 
бағалау болып шығады, ол құбылыстың ішкі мәніне үңілтіп, өмір 
шындығының белгілі бір жақтарын күлкілі, әзіл-әжуалы түрде бағалау әдісі 
болып табылады. Әдебиеттегі әзіл-сықақтың шындықты бейнелеудегі өзіндік 
сыр-сипаты мен әдіс-тәсілдері жазушылық мақсатқа бағынып отырады. Әзіл-
сықақ сөздің сипаты ішкі мағыналық астары мен тұспалдау немесе ашық 
мінеу, бетке айту секілді белгілеріне қарай да ажыратылады. 
Әдебиеттегі әзілдің мәні өмірде болуы мүмкін, сирек болса да кездесіп 
қалатын, тіпті әркімнің басында болатын жайлардың өзгеше өрнекпен, соны 
сипатпен, көркемдік қуатпен жеткізуінде. Ең бастысы, әзіл өзінің нәрімен 
оқырманына қуаныш сыйлайды. Шындық күйінде, салмақты да байыпты 
түрде жүрекке жеткізілуі қиын нәрсені әзілге жығып, күлкімен көмкеріп 
адамның жанына жақын қылуға болады,алайда сол әзіліңнің өзі ойлы да 
астарлы, түйсікті оқырман үшін қалжың қалтарысындағы ойды түсініп, 
ойлантатын, тәрбие беретін құрал болуы шарт. Бұл жерде жазушының 
шеберлігі мен юморлық сезімі бағыт беріп отырады. Әзілдің шындыққа 
ниеттестігі ғана емес, шындыққа ықпалдастығы оны белгілі бір биікке 
көтеріп, шығармадағы күлкінің тағдырын белгілейді. Шындықтың көзіне тіке 
қарау үнемі оңай бола бермейді, сондықтан көбінесе оны әзіл-қалжыңның 
жетегімен алып жүру тиімдірек. Әзілдің жұртшылыққа ұнауының, әзілге 
өрілген шығарманың оқырманның сүйіктісіне айналуының себебі де осында.
Әдебиет – сөз өнері, адамды тәрбиелеу құралы, ол өмір шындығын 
бейнелеу арқылы жақсы мен жаманды парықтауға жетелейді. Әзіл сөз 
көбінесе шындықты астармен орап әкетіп, оған жол көрсетіп отыратын 
жолбасшы 
ролін 
де 
атқара 
алады. 
Әдебиеттегі 
әзіл-сықақтың 
интеллектуальдық деңгейінің жоғары болуы, терең ойшылдық пен кемел 
парасатқа негізделуі шарт. 
Кешегі кеңестік кезеңде социалистік идеологияның қатаң құрсауы 
әдебиетті де өз бағдарына салып, оны қатал шеңберде ұстап отырғаны мәлім. 
Социалистік реализмнің принциптерін саналы түрде ұстана отырып, кеңес 
әдебиетінің әлемге танылған таңдаулы шығармалары дүниеге келгені де рас. 
Сонымен қатар, тоталитарлық жүйе қатаң қадағалаған «бірден-бір сенімді 



көркемдік әдіс» ретіндегі социалистік реализм әдебиет пен өнерді саясаттың 
шеңберінде ұстап,партиялық принцип пен догмалықпен ұғынылғанхалықтық 
сипат салтанат құрды. Осындай жағдайда кеңес жазушылары да түрлі амал-
тәсілдерді қолданып, ара-тұра шындықты айтуға, астарлап болса да ақиқат 
болмыс суреттерін көрсетуге қол жеткізіп отырды. Мұндай көркемдік құрал, 
амал-тәсілдердің ішінде астарлы әзіл мен сыншыл да шыншыл сықақтың, 
астарына ащы шындық бүгіп, мақтамен бауыздайтын иронияның да өз орны 
болғаны анық. Өйткені, әдебиеттегі әзіл – көркем шығармадағы көкейтесті 
тақырып, өзекті идеяның ішкі мәнін тура тәпсірлеуден гөрі, түрлі 
ситуациялар мен құбылыстардың сыртқы қалыбын нобайлатып, көзге ұрар 
күлкіліліктің көрінісін пайымдату арқылы күрделі құбылысты жеңіл 
қабылдауға, етене сезінуге ықпал ететін көркемдік тәсіл. М.М.Бахтин 
айтқандай, «сатиралық жағдай кез келген жанрға заманәуи шындықтың, 
жанды өзектіліктің, саяси және идеологиялық қажеттіліктің түзетуін енгізеді. 
Сатиралық элемент, әдетте пародиялаумен және қалжыңға айналдырумен 
тығыз байланыста болып, жанрды өлі шарттылықтан арылтады» [4,10-13]. 
Әзіл-қалжыңның бәрі бірдей уытты сықақ бола бермейді. Юмор 
әлеуметтік маңызды эстетикалық идеалдармен рухтанса, адам болмысы мен 
қоғамдық құбылыстардың бірін терістеп, екіншісін бекіте түсетін жарқын 
күлкі туғызады. Әзілдік элементтерді пайдалана отырып, ой-идея айту
образдың әсерлілігін арттыру мақсаты да жатады. Ойлы күлкі мен салмақты 
сын түзудегі суреткерлік комбинациялар қаламгер қаламының юморлық 
нәшін аша түседі. Оқырманын күлдіруді ғана мақсат етпей, күлкіні өмірді 
таныту құралы ретінде пайдалану – жазушы стихиясының бір қыры болып 
табылады. Бұл орайда орыстың белгілі жазушысы С.Довлатовтың мына пікірі 
орынды көрінеді: «Юмор – мақсат емес, құрал, оның үстіне – өмірді тану 
құралы: егер сен қандай да бір құбылысты зерттейтін болсаң, онда оның 
күлкілі жағын тап, сонда құбылыс саған толығымен ашылады. Мұның бәрі 
оқырман көпшілікті қызықтырсам деген тілекпен ешқандай қатысы жоқ» [5]. 
Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап өзіндік болмыс-бітімімен 
көрініп, әлемді мойындатқан қазақтың әдебиеттегі күлкісі бірыңғай 
сатиралық туындылармен қатар, байыпты прозаның идеялық-мазмұндық, 
көркемдік-стильдік болмысындағы астарлы әзіл, сыншыл сықақ түрінде 
қанатын кең жая түсті. Осы үрдіс барған сайын жаңа сапада дамып, замана 
мен дәуірдің рухани талаптарына лайық, өнердің көркемдік-эстетикалық 
жаңғыру сипатына сай дамып келеді. Қазақтың көркем прозасындағы 
Ж.Аймауытов, 
Б.Майлин, 
М.Әуезов, 
С.Мұқанов, 
Ғ.Мүсірепов 
шығармаларында көрініс тапқан сатира мен юмор кейінӘ.Нұрпейісов, 
Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, А.Сүлейменов, Т.Нұрмағамбетов, Ә.Кекілбаев, 
М.Мағауин, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, О.Сәрсенбаев, Д.Исабеков, 
Е.Домбаев, 
М.Қаназов 
секілді 
көптеген 
жазушыларымыздың 
шығармашылығында тұрақты сипат алып, көркемдік тәсіл ретінде жан-жақты 
қызметімен айшықтала түсті. Мәселен, көрнекті ғалым Қ.Әбдезұлы Тәкен 
Әлімқұлов шығармашылығы жөніндегі зерттеу еңбегінде жазушының тіл 
шеберлігі, суреттеу тәсілінің бір қыры ретінде «юмор, сатира, сарказм 



элементтеріне жазушының көп иек артатынын, кейіпкер мінезін даралаудағы 
оның қызметін орнымен ұтымды, ұтқыр пайдаланатындығын» атап өтеді 
[6,169]. 
Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаев шығармаларында да 
сатира мен юмор, ирония мен сарказм элементтері мол әрі концептуальдық 
қуатымен де, көркемдік-эстетикалық байлығымен де ерекшеленеді. Сараптап 
талдап, саралай зерттесек, Кекілбаев күлкісінің ауқымы мен астарынан мол 
қазынаға кенелеріміз хақ. Бұл жағдай жазушының идеялық ұстанымының, 
стильдік өрнегі мен поэтикалық репертуарының табиғатына бойлататын әрі 
жалпы әдебиетіміздегі күлкі құбылыстарының тылсым сырларын 
пайымдауға мүмкіндік беретін көркемдік арналардың бірі деп түсінеміз. 
Бұл еңбекте жазушының сатиралық-юморлық бейнелер жасаудағы 
шеберлігі, әзіл әңгімелерінің идеялық-көркемдік болмысы, жазушы 
қолданысындағы ирония сипаттары, әдебиеттегі ойын мен күлкінің 
арақатынасы, әзіл сөздегі ойшылдық пен пайымдаушылық астарлар, 
поэзиялық шығармаларындағы кейбір күлкі элементтерінің қолданысы 
туралы ой-пайымдарымызды жеке тарауларда көрсетуге тырыстық.
Үлкен таланттың шығармашылығы – жан-жақты зерттеуді қажет 
қылатын күрделі құбылыс, әр тамшысынан тұшынып, әрі мен нәрін бойға 
сіңіру үшін қыруар еңбек, талмай ізденіс талап ететін телегей-теңіз дүние. 
Оны әр оқыған сайын өзіңе рухани азық олжалатып, жаңа бір қырымен 
таңғалдыра, тамсанта түсуі заңды. Көзі қарақты әр оқырман – оның тереңінен 
ой теретін зерттеушісі де. Жазушы шеберлігінің бір қыры – оның 
шығармаларындағы күлкі құбылыстары туралы зерттеуіміз де – суреткер 
шығармашылығы туралы сөзіміздің басы болады ғой деп ойлаймыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет