Јділет Ќабылов



Pdf көрінісі
бет4/21
Дата22.12.2023
өлшемі1,4 Mb.
#142807
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
«Жаман тұғырмен ит бүлікке салып келе жатқан жалба тымақ 
Итжеместің» 
ойымен (жасырын кейіпкер сөзі) жалғасады. Сосын 
кейіпкердің көз алдына елестеп, ішкі ойына негіз болған жәйт(тірі 
құландардың дайын тағамға айналу процесі) қайтадан авторлық ашық 
баяндауға ұласып, Итжеместің ойы мен ісінің арасындағы қайшылықтың 
сипатын ашады 
(«Бірақ айдалада жалғыз жортқан Итжеместің қолынан 
оның бірі де келмейтін еді»).
Құба жонда жөңкіліп ығып жүрген құландарды 
«ит бүлікке салып келе жатқан жалба тымақ Итжеместі келеке қылғандай» 


12 
етіп көрсетуінің өзі автордың кейіпкердің ұнамсыз ұсқыны мен оның 
болымсыз болмысын аңғартатын әуелгі ишара, персонажды танудың 
«бастапқы баспалдағы» іспетті.
Бұл үзінділерден оқырман «қазан-қазан қуырдақ, тегеш-тегеш етті» 
армандағаннан басқа қолынан ештеңе келмейтінИтжеместің «өмірлік 
арманы» туралы мәлімет алса, автор одан әрі кейіпкердің кенеттен келген 
қауіпке амал таппас шарасыздығын көрсетіп, қорқынышын бейнелейді. 
Кенеттен шыққан дүбірден әлемтапырақ боп кеткен айналада не болып 
жатқанын түсінбеген Итжемес қатты сасады: Мына көрінген тегін шаң 
болмас. Жау шапты ма? Әлде башқұрт, әлде жоңғар? «Итжемес жағасын 
ұстады. Кәлимасын қайырды. Үш рет қайталаудың орнына отыз рет 
қайталаған шығар. Әйтеуір тозған кебістің жұлдығындай жайын 
ауызыәлдене деп күбірлеумен болды».«...Кәлиманы қайталап айта берсе, 
жаны жай табатындай, Итжеместің жалақ ерні жалпылдап бір тыным тапқан 
емес». Кейіпкердің басындағы халді ашып көрсету үшін оның кейбір 
қылықтарына қайта айналып соғып, қайталау арқылы өткірлей түседі. 
Итжеместің бойындағы қорқынышты оның жалғыз-ақ қолынан келер кәлима 
қайтара беруімен аңғартады. Жазушы стилінде кейіпкердің мінез-құлқы мен 
жай-күйін кеңірек ашу үшін баса назар аударылатын жәйтті қайталап көрсету 
көркемдік тәсілдің бірі болып табылады. Мысалы, «Жөңкіліп бара жатқан 
тағы үйірге ызасы келгенде көз алдына қазан-қазан қуырдақ, тегеш-тегеш ет 
елестеп кетеді», «Көз алдына тағы да тай қазан ет пен мөлтеңдеген сірке 
сорпаның тұра қалғаны» немесе «Кәлимасын қайырды. Үш рет қайталаудың 
орнына отыз рет қайталаған шығар», «Кәлиманы қайталап айта берсе, жаны 
жай табатындай, Итжеместің жалақ ерні жалпылдап бір тыным тапқан емес» 
деген қайталаулар кейіпкер характерін ашуға әрі комизмді күшейтуге қызмет 
етіп тұр. 
Итжеместің құба жонда құланды оқ шығармай жайратуға арналған 
аранға тап болуы қызық. Құландар өретін оңтайлы жерден ор қазылып, әбден 
кепкен нар қамыстың басын үшкірлеп, ордың өне бойына істік қып 
шаншитын болған. Сосын қайтармашы жігіттер жайылып қаннен-қаперсіз 
жүрген құландарды қиқу салып қайырады. Жан-жағынан қапталдаса шауып 
отырып, құландарды әлгі аран орға секіруге мәжбүрлейді. Сөйтіп құландар 
орға опыр-топыр секіріп, істіктерге шаншылып өледі. Мұндайдан хабарсыз 
Итжемес қайда барып бас сауғаларын білмеген далбасалықпен алдынан тап 
болған аран орға өзі күмп береді. «Қарғуын қарғығанмен көзі атыздай болды. 
Ордың түбі андыздап тұрған көп істік найза. Қазір-ақ біреуі мұның талай-
талай тоқты-торымның обалына қалған құзғын құрсағын жайратып жарып 
түсетіндей». 
Ордағы андыздап тұрған істіктердің бірде-біріне шаншылып қалмай, 
дене-басының аман-сау қалуын айтсаңшы! Бұған Итжеместің өзі де 
масаттанады: «... Сол самсаған сансыз істіктің ортасына топ етіп домалап 
түссе де, тікен кіргендей зақым көрмегеніне масаттанып Итжемес отыр. 
«Бүйтпесем, Итжемес болам ба!» – деп қояды ішінен». Кейіпкердің тар 
кезеңде де өзіне көңілі толып, мақтанышқа бой алдыруының өзі оның 


13 
мінездемесін толықтыра түседі. Бір ғана штрихтің өзі қорқыныштың 
арасында да мақтаншақтық аралас жүретін адам табиғатына үңілтіп, күлкі 
туғызады. 
Жазушының осы бір тапқыр ситуациясы комизмді бейнелеуімен қатар, 
образ табиғатын юморлық тұрғыда тәпсірлеудің әлеуметтік-психологиялық 
бағытын да айқындайды. Итжеместің орға секіріп түсуі мен ондағы сансыз 
көп істіктерге ілінбей дін аман қалу көрінісі – шығармадағы Итжеместің 
тұтас тағдырына қатысты концепциялық шешімді ишаралайтын сәтті деталь. 
Ал ауқымды тұрғыдан қарастырғанда, «Аранға түсіп қырылған құландар 
трагедиясы – халқымыздың сол тұстағы ауыр трагедиясы» [13,163], – деген 
сыншы С.Жұмабектің пікірі де орынды көрінеді. 
Бұл жерде автор кейіпкер болмысын ашатын тағы бір детальды орынды 
пайдаланады. Жан қысылар шақтағы кейіпкердің ойы арқылы оның ішкі 
табиғатын, ақылының өресін анық танытады: «Енді, міне, ол өзінің қалай 
аман қалғанына емес, осынша көп істікті ерінбей-жалықпай кім шаншыпты 
екен деп басын шайқап қояды. Бірақ соның бәрі қандай мақсатпен істелді 
деген сауал ойына кіріп те шыққан жоқ». Әуелі қаптаған сансыз істіктерге 
қарналып қалмай, аман құтылғанына таң қалып, тәубе етудің орнына, бұл 
істіктерді көріп таңғалады. Және олардың не үшін, қандай мақсатта 
шаншылғаны емес, кімнің шаншып қойғаны қызықтырады. Осының өзі 
кейіпкердіңжағдайға баға беріп, жете талдамайтын, шолақ қайырып, жете 
ойланып жатпайтын таяздығын танытады.
Автор кейіпкер туралы тура мінездеме беруден гөрі оның іс үстіндегі 
стихиясын танытып, болмыс қырларын бірте-бірте ашып отыруға бейіл. 
Яғни, кейіпкер образы нақты іс үстінде, атап айтсақ ситуациялық жағдайда 
көрінеді. Авторлық баяндау оның бойындағы сипаттарды арагідік бірер 
деталь, штрихтармен үстемелеп отырады: «Итжеместей олпы-солпы 
адамдардың дүниедегі сухандары сүймейтін екі нәрсесінің бірі – көз де, 
екіншісі – сөз...». Көз бен сөзден тайсақтау да – өзіне сенімсіздіктің белгісі, 
айтар ойы мен сөз таластырар уәжі жоқ, көзге басар көркі мен көпшілікке 
ұсынар өнері жоқ бейшаралықтың көрінісі. Алайда, өз кемшілігін мойындау 
– тоғышарлыққа жат болса керек. Итжеместер де мақтанатын жерін біледі. 
Әбілқайырдың етке тойып, кеңк-кеңк күліп отырған жігіттері: «Қандай 
өнеріңіз бар?» –деп сұрағанда: «Бір қазақтың қолынан келетін нәрсе біздің де 
қолымыздан келетін шығар», – деп жауап береді. Одан әрі диалог былайша 
өрбиді: 
« – Итекесі, сонда өнеріңіз ауызыңызда ма, қолыңызда ма? 
Итжеместің қызыл көзі тағы бір бағжаң етеді. 
– Аузымда. 
– Ән саласыз ба? 
– Жоқ. 
– Билік айтасыз ба? 
– Жоқ. 
– Сонда ол қандай өнер болғаны? 
– Анау бүтін құланды бері әкелші...» 


14 
«Тай тауысар» мешкейлігінен басқа, қолынан ештеңе келмейтін 
Итжеместің басқаға керегі болмаса да, бәтуасыз қызық қуған ортада оған да 
лайық орын болады екен. Қазақтағы ас пен тойға желмен жарысқан жүйрігін 
жетелеп, күреске салар палуанын, бәске түсер әнші-күйші, мешкейін ертіп 
бақталастыратын, соның даңқымен атын шығарып, айбынын асыратын 
қоғамда Итжеместей мешкейдің де орны табылмағанда қайтеді! Сөйтіп 
Итжемес хан ордасының маңына біржола тұрақтап, Әбілқайыр елінің 
адамына айналады. 
Итжемес образын сомдауда автор зілсіз иронияға жүгініп отырады. 
Автор кекесіні кейіпкердің ішкі ойымен орайласып жатады: «Кейде жүрек 
жұтқан батыр тәуекелінен таппайтын қайырды қорқақ үрейінен табады екен. 
Өкшесі күнге шағылысып зытып бермесе, Итжемеске қазір мынандай 
ылжырап піскен тәтті тамақ бұйырар ма еді, бұйырмас па еді», «Хан ордадаға 
қанқасапқа тап болып жатқан қазақ көп қой дейсің бе? Ондай нәпақа да 
бұйыратын кісісіне бұйыратын шығар. Итжемеске құдай берудей-ақ берген 
екен».
Қарынның ғана қамын күйттеп, ел аралап күн көрген, уайымсыз, ойсыз, 
құзғын тірлікті сынауды автор көбінесе кейіпкердің ішкі ойы арқылы жүзеге 
асырады.Уылжып піскен құланның семіз мол етіне тап болған Итжемес 
нағашыларының тайлақ жетектетіп жібергенінен бастап, осы жағдайға тап 
келуіне себепші болған өткен оқиғаларды тізе келіп, соларды бәріне шүкірлік 
қылып, айналып-толғанады. Яғни авторлық ирония кейіпкердің ішкі ойы 
арқылы беріледі.
Бұл жерде автордың сол жайлардың бәрін түгел рет-ретімен тізбелеп 
көрсетуі, бір жағынан, Итжеместің өткен тұрмысынан хабар беретін шегініс 
есебінде болса, екінші жағынан, кейіпкердің ойы арқылы оның мінез-
болмысының күлкілілік сипатын (өзіне-өзі риза болушылықты) ашуға қызмет 
ететін юморлық-ирониялық сипатымен анықталады. Үзіндіні толығырақ 
келтірелік: «...бұрнағы жылы көрісе барғанда екі өркеші баладай тайлақ 
жетектеткен нағашыларынан, арасына жыл түспей жатып жоғалып кеткен 
сары тайлағынан, тайлағыңды іздеп кел деп астындағы байталын түсіп беріп, 
жөн сілтеп жіберген жамағайынан, содан бері тақымында салпақтап келіп, 
бүгін айдалада бетіне лағып жүрген есірік тағылармен бірге қанды ауыз 
араннан бір-ақ шыққан бурыл байталынан, жыл он екі ай бойы қоналқыға 
түнделетіп келгенінде тартынбай табақтас қылған мынау ұлы түздің 
қарақалпағы мен қазақтарынан, жер түбінде жатып ап, жеткізбей қойған 
башқұрттар елінен, мына ойда жоқта зәресін ұшырып тап бола кеткен қою 
шаңнан, соншама бір беткей боп қыңыр жаратылған әрі аңқау, әрі ақылсыз 
түз тағыларынан, оларды осылай оп-оңай жем етудің жолын біліп алған 
мынау шақша бас екі аяқтылардан, шырқ айналып келгенде, осының бәрінің 
орайын келтіру үшін жыл жарым уақыт бойына бір хабарын шығартпай 
қойған тағы да сол баяғы сары тайлағы мен бірер ауылды айналып, еліне 
қайтып кетпей, не де болса күдерін үзбей, қазаннан қазан сағалап, қазақты 
қойып башқұрт асып кете жаздаған өзінен жүз айналып, жүз рет садаға кетсе 
де болмас па!» – деп масаттанды Итжемес» [12,18].


15 
Осыншама ұзақ сөйлемнің синтаксистік құрылымының өзі кейіпкердің 
психологиялық ішкі «тебіренісін» паш етуімен қатар, шығыс септікті 
баяндауыштармен келетін бірыңғай үйірлі мүшелі конструкциялар арқылы 
авторлық интонациямен ирониялық астар үстеп тұр. 
Жалпы, Ә.Кекілбаевтың көркем прозасында да, публицистикасында да 
талқыланып отырған мәселеге, талданып отырған фактіге, суреттеліп 
отырған көрініске, пайымдалатын құбылысқа қатысты жекелеген жайларды 
бір сөйлемде бұлайша кең қамтып, кемел пікір білдіру жиі кездеседі. Ол 
жазушы шығармашылығындағы ой жүйесі мен сөз желісін бір ырғақпен, 
бірегей 
бітіммен 
қамтып, 
қоғамдық-әлеуметтік, 
философиялық-
психологиялық байсалды тұжырымдар түзуге, қоғамдық құбылыстар мен 
өмірлік өзекті мәселелерді қисынды дәлел-дәйектермен бекітуге қызмет 
ететін әдеби-публицистикалық, философиялық ұтымды әдіс ретінде 
орнықты. Бұл Кекілбаев-суреткердің өзіндік стилінің бір қыры болып 
табылады.
Ал жоғарыдағы үзіндідегі осындай «алыстан орағытып, ауқымды 
толғау» юморлық колоритімен ерекшеленеді. Шынында да, жанды мен 
жансыз нәрселерді бір қатарда алып, жаппай «айналып-толғану» алогизм 
тудырып тұр. Адамдардың өзін түрлі атаулармен алуы (нағашы, жамағайын, 
қарақалпақтар мен қазақтар, башқұрт елі, шақша бас екі аяқтылар), олар мен 
жан-жануарлардың (тайлақ, байтал, түз тағылары) қатарында айдаладағы түз 
тағыларының тұяғынан көтерілген қою шаңды атап, оларды да мият тұтып 
сөйлеу мәтіннің комикалық әсерін күшейтіп, күлкі туғызады. Алайда, бұл 
мәтіннің эффектісі тек күлкілілігінде ғана емес. Күлкі өмірмен байланыссыз, 
сана-сезімнен алшақ, танымдық-тәрбиелік әсерден ада болса, көркем 
шығарма үшін құнды болмайды. Күлкінің өзінде эстетикалық талғам, 
тәрбиелік нәр, танымдық қуат сияқты әлеуметтік қажеттілікті өтейтін қыруар 
құндылықтар үндесіп, көркем сөздің құдыретімен үйлессе, соның бәрі 
мәтіндегі ерекше «мен мұндалап» тұрмағанмен, парасатты оқырманның 
жүрегімен жылы қабылданатын негізгі арқауға тоғысса ғана әдебиеттегі 
әзілдің жүгі салмақты, бағдары бекем болмақ.
Осы бір шағын үзіндінің өзі халықтың салт-дәстүрі мен өмір салтынан 
да (нағашының жиенге тайлақ атауы, жамағайынның қамқорлығы, қоналқыға 
келгенге асын ұсынатын қырдың қонақжайлылығы), күнкөріс кәсібінен де 
(түз тағыларын қағу тәсілі), дала көрінісі мен түз тағысының болмысынан да 
(қою шаң, әрі аңқау, әрі ақылсыз түз тағылары), ұлттық мінез ерекшелігінен 
де («бірер ауылды айналып, еліне қайтып кетпей, не де болса күдерін үзбей, 
қазаннан қазан сағалап, қазақты қойып башқұрт асып кете жаздаған» 
Итжемес) хабар береді. Мұның баршасы соның бәрін жинақтап келіп өзіне 
телитін, «өзінен жүз айналып, жүз рет садаға кетсе болмас па» дейтін 
кейіпкердің мақтангөйлік болмысымен тоғысады.
Мұндай ілкімді сипаттау одан әрі кейіпкер болмысындағы 
қайшылықты ашатын көрініске жалғасады. Қазақтың бойындағы басқаны 
білмесе де, жеті атасының тарихын жаттап өскен, ру тармағын індете 
таратып беретін ұлттық қасиет қонбаған Итжемес өз руын жете білмеуімен 


16 
тағы сүрінеді. Әйтсе де ондайға оңай жығыла қоятын Итжемес пе, «Сары ала 
таңнан тұрып ап, тірсегіңді суға кестіріп кетпен шапсаң, руың түгілі 
қатыныңның атын ұмытып қаларсың», – деп өзін ақтамақ боп, жұртты 
күлкіге көмеді.
Итжемес бейнесі шығарманың әр тұсында қылаң беріп, жаңа сипатпен 
толығып отырады. Алайда, алғашқыда соның көпшілігінде оның тамақсау, 
мешкейлігі әйгіленіп, бар ойы мен ынтасы «сары ала астауларға» ауып 
тұрады: «Итжемеске айтқызсаңыз, шіркін, қазақтың шаншыла толған сары 
ала табағынан асқан әдемі нәрсені екі дүниеден таба алмайсыз. Бірақ сол 
әдемі нәрсе Итжемеске сол әдемі қалпында бұйырмай тұр ғой?» [12,128]. 
Итжемес образын сомдауда автор халықтық дәстүрлер мен ұлттық 
мінез, психологияға табан тірей отырып, қызықты аналогиялар жасау арқылы 
авторлық баяндауды кейіпкердің ішкі ойымен сабақтасатын тұрақты 
ирониямен өріп отырады: «Ата дәстүрі ақсақалдардан қайтқан табақты сәлем 
етіп келіндер алуы керек дейді. Хан ауылының келіндері жұрттың малшылап 
тастаған табағын қайтсын, ошақ басындағыларға асырады. Ошақ 
басындағылар ең малшынды табақты мұның аузына тосады. Сонда бұл 
ауылдың ең жаңа түскен кенже келіні Итжемес боп шыға келеді. Игі 
жақсылар жас келінге табағын сарқытымды жеп мендей бақытты болсын деп 
беретін көрінеді. Ханның да, сұлтанның да, бидің де, байдың да сарқытын 
жегенмен хан болып, сұлтан болып, би болып, бай болып жатқан Итжемес 
жоқ. Бірақ кейде түн ортасында іш құрғырының су ішпеген жылқыдай 
шұрқырап қоя беретінінен құтылады. Келін табақ жесін, кепшік табақ жесін – 
қарны тойса болмай ма! Алдына келгенді көкесіне көрістіріп қақшып 
бағады» [12,129]. Сосын қоңыр үйдің оң жағында шалқасынан түсіп жатып 
алып, қиялға шомады. Енді тоқ басатын бірер сапты аяқ қымызды аңсайды. 
Тіпті түсінде де сол қиялы шындыққа айналып, ылғи игі жақсылар тізе 
қосқан мәслихаттарға қатысып жүреді. Алдына шаншыла толған үйме табақ 
келгенде: «Қазір ет жеп отырғанда қамқа шапанымның жеңіне май тигізіп 
алмасам жарар еді», – деп уайымдап жүреді. «Құдай берді ғой!» – деп қояды 
ұйықтап жатып та» [12,130]. 
Дилогиядағы Итжемеске қатысты «жарқын сәттер» Итжемес – Мәриям 
арақатынасына байланысты өрбиді. «Сүйікті» кейіпкерінен біраз уақыт көз 
жазып қалған оқырман Итжемеспен бірінші кітаптың соңына қарай қайта 
жүздеседі және оның тұрмысындағы өзгеріске қанығады. «...Қырықтық 
басына иірілген жұрт кеш құрым аттарына мініп ауылдарына қайтады да, 
тау-тау боп үйілген жүннің қасындағы қоңыр үйде Итжемес пен орыс қызы 
Мәриям ғана қалады. «Құдайдың бергені ғой!» – деп қояды Итжемес, 
қырықтықшылар жал-жалдың тасасына сіңіп, қараларын батырып, тағы да 
екеуден-екеу оңаша қалғанда. Оның мына сөзін естігенде Мәриям да ыржың 
етіп бір күліп қояды» [12,494]. Содан кейін автор шегініс жасап, бұдан екі ай 
бұрын болған, Итжеместің өміріне өзгеріс әкелген оқиғаны баяндайды.
Романның Итжемес-Мәриям тарихына байланысты беттері нанымды да 
көркем жазылған. Мұндағы екі мұңлықтың тағдырының тоғысу талайын 
бейнелеуде езу тарттырар әзіл мен мысқыл да, қорғанышсыз жетім қыздың 


17 
тағдырына қатысты алаң мен мұң да кездеседі. Екі ұдай сезім алмаса келіп, 
оқырманның оқиға шешіміне тілеулестігін тудырады. Екеуін қара түлейдегі 
ну жыныстың арасына апарып тастағаннан кейін, қасындағы «үстіне әлем-
жәлем бірдеңе киген» кісінің кім екенін білу үшін бір күн, ал онымен тіл 
қатысып сөйлесу үшін екі апта, қызбен жақындасуға батылы барғанынша бір 
айдан астам уақыттың керек болуы да Итжеместің характеріне лайық, 
кейіпкер болмысын ашатын штрихтар. Осы беттерде Итжемес пен 
Мәриямның психологиялық өзгерістері, адами ішкі сезім толқыныстары 
ашылады. Кейіпкердің ішкі болмысын беруде автор ішкі монологпен қатар 
кейіпкердің «сана ағымын» бейнелеуді де сәтті пайдаланады. Мысалы, 
қасындағы серігінің әйел екенін білгеннен кейін Итжеместің алғашқыда 
сезімді ақылға жеңдіріп, сабаға түсуін: «...бұның көкірегіне бір сұр көжек 
кіріп кеткендей жүрек тұсы лүпілдей ала жөнелді. «Апырай, менде де ес жоқ 
екен, – деп ойлады, – Сендей көн тулағы бұтына қатқан жаман жалшыны ол 
қайтсын! Найсаптың көк демесең, көзі қандай жайнап тұр! Салып ұрып 
қасына жетіп барса, не болар еді? Әй, бірақ сырын білмеген аттың сыртынан 
жүрме деген бар емес пе!? Жанынан пышақ суырып алып, қарнап алса, 
текелік құрам деп жүріп, текке көмусіз қалар... Одан да басының 
амандығына, қарнының тоқтығына тәубе деп тыныш жүргені тәуір шығар?» 
[12,500], – деген сөзімен сипаттайды. Ал Итжеместің ұйықтай алмай, 
дөңбекшіп жатқандағы жағдайын не түсі, не өңі екенін білместей шым-
шытырық елес-суреттер арқылы көрсетеді: «Біресе, сары сайтан қыз алмас 
кездік суырып ап кезеніп жүреді. Біресе, бас төлеңгіт сегіз өрме қамшысын 
сумаңдатып ауыл айналдырып сабап жүреді. Біресе басы дағарадай молла 
сәлдесі селкілдеп теріс бата беріп қарғап жатады» [12,501].
Осы жолдардың бәрінде күлкі бар. Ол күлкі Итжеместің жан 
дүниесіндегі психологиялық ағыстарды, аласапыран толқыныстар мен 
алмағайын қорқыныштарды бірде кейіпкер сөзімен, бірде көңіл-күй, ішкі 
ойымен, бірде елес-суреттермен алмастыра отырып берудегі жазушының 
жылы юморы туғызып отырады. 
Мәриямның жапан түзде «хан ордасының төңірегі сыртынан шек-
сілелері қатып жүретін осы бір күлкілі адаммен» табысуы психологиялық 
жағынан да, нақты әлеуметтік-тарихи тұрғыдан да сенімді уәжделеді. «Осы 
кезге дейін талай қысталаңнан құтқарып келген құдай бұл жолы да қол ұшын 
бермес дейсің бе?», – дейтін Итжеместің тәубешілдігі әзіл-мысқылдық 
тұрғыдан айтылса да, жалпы шығарманың бойындағы образдың қалыптасу, 
даму тарихымен тығыз сабақтасып, кейіпкердің рухани әлеміндегі бос 
кеңістікті тобашылдықпен толықтырып отыратындай. Жалпы Итжеместің 
«А, құдай, бергеніңе шүкір!» деп жиі қайталайтыны романның өне 
бойындағы юморлық образдың дәрменсіз рухани дімкестігін де, қиянаттан 
ада адамдық пейілін де аңғартады. Итжемес-Мәриям табысуының салдарына 
баға беретін Ұзынтұраның: «...Әй, бәсе, ауызың әуелден де итаяқтай еді-ау. 
Сөйтсе, ырысың мол пақыр екенсің ғой. Тек қапы қалып жүрме! Мына 
пәлеңнің қайыс қажауы жаман. Талғақ шығар. Енді бірер айда ішін бұлтитып 
шығарсаң, сенің мұртыңды балта шаппайды, – деуінде Итжемеске 


18 
жанашырлықпен қарап, жаңа тұрмысына тілеулестік білдіру де, алдағы 
тағдырына алаңдаушылық танытуы да жатыр және бұл бір ғана 
Ұзынтұраның сөзі емес, сол арқылы берілетін «жалпының» жанашырлығы 
ретінде ұғынылады.
«Үркер», «Елең-алаң» секілді халық тарихының елеулі тұсын 
бейнелеген, ұлт тағдырының алмағайын кезеңіндегі Әбілқайыр секілді 
тұлғаның ақылмен де, айламен де әрекет етіп, қол астындағы халқын, ұлан-
ғайыр атамекенін жан-жақтан анталаған ашкөздердің қомағай құлқынынан 
аман алып қалуының жолдарын терең философиялық-психологиялық 
тұрғыда талдап суреттеген шығармаларда Итжемес секілді қарапайым, 
«кішкентай» кейіпкерлерге де орын берілуі заңды. Бүл орайда, кезінде 
Итжемес образына наразылық айтқан сыншылардың уәжімен келісу қиын. 
Халық тағдырын шешуге тікелей атсалысатын ұлылы-кішілі хан-сұлтандар, 
батыр-билер, бай-бағландармен қатар, сол ұлыстың бұқаралық негізгі 
діңгегін құрайтын мыңдаған қарапайым халық өкілдерінің ішіндегі ең 
мүжәлсіз, елеусіз, аты айтып тұрғандай ешкімге керексіз Итжемес 
секілділердің де өз орны болмақ керек. Халық өкілдерінің еркек кіндігі 
жасанып жауға шабуға не атойлап барымтаға аттануға мұқым болуы, ең 
болмағанда мал бағуға, жылқы қайыруға жарамақ керек.Итжеместе мұның 
бірі де жоқ, «...қай ауылға келсе де, тап бұны қолды қылғысы кеп сұқтанған 
ешкімді көре алмады. Өйтіп, бұны қайбір жаубасар қып барымтаға 
аттандырам десін, қайбір қысы-жазы елдің шетіне, желдің өтіне қойып 
жылқымды қайыртам десін. Ол үшін, ең құрығанда, сойыл көтерер білек 
керек. Итжеместе қой түгіл тай тауысар аран құрсақтан басқа ештеңе жоқ еді. 
Ал аран құрсақ пен апандай ауыз, құдайға шүкір, кез келген қазақтың өзінен 
де табылады... Енді, міне, бағы жанайын десе, қиын ба?» [14,20].
Мұндай кейіпкерді автор шығарманы күлкілі жайттармен байыту үшін 
жай әншейін ала салмағаны анық. Жазушы «кішкентай» кейіпкерге де өзіндік 
салмақ жүктеп отыр, оның шығарманың көркемдік-идеялық политрасында 
жалпы әлеуметтік те, жеке тұлғалық та өз оны бар. Біріншіден, қазақ 
қоғамының сан қатпарлы әлеуметтік ортасындағы Итжемес секілді қаналушы 
таптың іздеушісі жоқ, қаңғыған қарапайым өкілінің алғашқыда «ошақ басын 
күзеткен сімсік көз көп төбетпен» бірге сүйек-саяқты олжалайтынқұнсыз 
тірлігі суреттелсе, екіншіден, хан ордасының маңынан өз орнын тауып, бірте-
бірте барып кел-шауып кел болса да, әйтеуір пайдалы бір іске (өз орнына 
қарай) араласауы көрінеді, үшіншіден, осындай өз ортасына зияны болмаса 
да, пәтуасы жоқ пендені қажет жерінде пайдалы іске тартудағы 
Әбілқайырдың сұңғыла саясатының қарапайым бір қырын танытады, 
төртіншіден, Итжемес-Мәрия арақатынасы арқылы «екі жоқтан бір бар 
болған» («екі жарты бір бүтін» деу бұл жерде асыра айтқандық болар еді) 
отбасылық, балалы-шағалы тірліктің даму диалектикасы нанымды 
баяндалады, бесіншіден, хан ойлаған саясат жүзеге асып, Итжеместің орысқа 
күйеу болып, жиендерін өсіріп отырған жағдайы кейбіреулердің 
қызғанышын тудырып, тіпті кісі қызығарлық үлгіге дейін көтеріледі. Осының 


19 
бәрі сатиралық сарынмен басталған Итжемес образының келе-келе юморлық 
бояуы қалыңдап, шығармаға өзіндік өрнек қосатыны шындық.
Итжемес – юморлық образ, жеңіл әзіл-әжуамен іліп-шалынатын күлкілі 
кейіпкер. Итжемес образында сатирадан гөрі юмор басым жатады. Суреткер 
романның басында кейіпкердің кісі қызықпайтын көңілсіз тірлігін 
мысқылмен бейнелесе, шығармадағы түрлі оқиғалар, шиіленістер тұсында 
жанама түрде қосалқы арқаумен Итжеместің «эволюциясын» да бірте-бірте 
диалектикалық сатымен бірде ирония, бірде жеңіл, зілсіз әжуамен ширатып 
отырады. Оқырман классикалық әдебиеттегі немесе қазақтың жаңа 
прозасындағы сатиралық кейіпкерлер секілді Итжеместің «тірлігіне» - іс-
әрекеті мен амал-айласына, ниет-пиғылына лағнет айтпайды, одан 
жеккөрініштілікпен сырт айналмайды, қайта оның күлкілі қылықтары мен 
талайсыз тағдырына жанашырлықпен қарары сөзсіз, ал қайыптан тайып, 
«тасы өрге домалайтындай» болса, оған тілеулес болары анық. Кейде 
сатиралық құралдар, көбіне ирония мен юмор арқылы кескінделетін Итжемес 
бейнесіне деген авторлық позиция да осы айтылған межеден алшақ кетпейді.
Қоғамдағы кемшіліктер мен адам бойындағы міндерді мансұқтауды 
мақсұт тұтатын сатира мен юмор өзара тығыз байланысты, ағайындас 
болғанымен, екеуінің елеулі ерекшеліктері болады. Екеуі де сыни күлкі, 
әйтсе де авторлық позиция тұрғысынан, көркемдік өткірлігі, сын нысанасына 
шүйлігу, әсер ету мақсаты жағынан сатира мен юмордың шалымдылығы әр 
түрлі. Сатира қоғамдық болмыстағы, өмір-тұрмыстағы кесірлі, аса зиянды, 
дамуға кедергі жасайтын, төзуге болмайтын құбылыстарды ащы күлкімен, 
ызалы түрде өткір сынайды. Мұндай құбылыстардың үзілді-кесілді 
жойылуын, түбіріне балта шабылуын мақсат етеді. Сатирада аяушылық 
болмайды. Ол жексұрындықтың барлық көріністерін семсер сөздің түрлі 
амалдарымен, гипербола, гротеск, ирония, сарказм, карикатура, шарж секілді 
небір өткір құралдармен сүмірейте соғады, аяусыз мінейді. Онда күлкіден 
гөрі ашу, зіл, жиіркеніш басым жатады. Сатирада көрінетін күлкі көбінесе 
ондағы юмордың үлесі болады. “Юморсыз сатира болмайды, ең өткір, ең 
ызалы, ең қайғылы сатираның өзінде әзіл нышаны жүруге тиіс, әйтпесе, ол 
сатира болудан қалады” [15,135]. Абайша айтсақ, «ызалы жүрек, долы қол» 
«ащы сия, улы тілмен» сын нысанасының жер-жебіріне жетеді. 
Ал юмор айналадағы, өз ортамыздағы аса зиянды болмағанмен, 
құптауға келмейтін, адамдық болмысымыздың кемелдене түсуіне, қоғамның 
түзелуіне кері әсерін тигізетін жағымсыз жайларды, ұнамсыз мінез-
құлықтарды зілсіз күлкімен мысқылдап сынайды. Мұндағы автордың 
мақсаты – сын нысанасын жер қылу емес, оның кемшілігін көзге түртіп, одан 
арылуына жөн сілтеу, зілсіз әзіл, кексіз кекесін, жанға тимейтін мысқыл, 
жарқылы басым бояулар арқылы ниеттестікпен, достық рәуіште сынау, 
риясыз тәлкек ету. 
Сатира құбылысты түгелімен, түп тамырымен жоқ қылуға бағытталса, 
юмор оның жекелеген сипаттарын, бірлі-жарым кемшілігін күлкімен іліп-
шалып, түзетуге тырысады. Алайда, сатира мен юмордың арасының қатаң 
шекарасын белгілеу қиын, яғни таза сатира, таза юмор түрінде үнемі кездесе 


20 
бермейді, ол екеуі бір-бірін толықтырып, күлкінің бір сипатынан екіншісіне 
ауысып та отырады. Юморлық әңгіменің кей тұстарында сатиралық 
құралдардың пайдаланылуы немесе бірлі-жарым ащы айтылып қалуы 
болатыны сияқты, сатира да, жоғарыда айтып өткеніміздей, юморсыз өмір 
сүре алмайды. Белгілі сатира зерттеуші Д.Николаев, Я.Эльсберг, В.Озмитель, 
Л.Ершов секілді ғалымдар сатира мен юмордың бір-бірінсіз түсініксіз 
болатынын, жеке-дара өмір сүре алмайтынын айтады. Орыстың классикалық 
әдебиетінің мысалында қарастырсақ, мұны Н.В.Гоголь, М.Е.Салтыков-
Щедрин, А.П.Чехов шығармашылығынан айқын танимыз. Яғни, көбінесе 
шығармаларда сатира мен юмор элементтері аралас келіп отырады: бірінен 
екіншісіне алмасып отыру, әшкерелей отырып әзіл-қалжыңмен іліп-шалып 
өту немесе керісінше, юмордың өзімен терең әлеуметтік мәселелерге барып, 
кемшіліктің түп тамырын аршып, қоясын ақтару да болады. Мәтіндегі сатира 
мен юмордың салмақтық арақатынасына, комизм құралдары мен күлкі ету 
әдістерінің пайдаланылуына, күлкінің сипатына қарай, авторлық позиция 
тұрғысынан сатира мен юмордың сипатын парықтаймыз.
Сатиралық образдың маңызды бір ерекшелігі туралы «Қысқаша әдеби 
энциклопедияда» былай делінеді: «...Сатирический образ – это результат 
направленного искажения, которое обнаруживает в предмете дотоле скрытый 
комический аспект и тем самым возврашает ему неприглядный сушностный 
вид» [16.673]. Демек, сатиралық образдың бейнелеу тәсілінің басты 
ерекшелігі шындық болмыстың жан-жақты табиғатының ішіндегі тек
жағымсыз-комикалық жақтарының алынатындығы екені анық. Юморлық 
бейне – жеңіл әзіл-әжуаға негізделген күлкілі кейіпкер болса, сатиралық 
образ – ұнамсыз тип, сатирамен суреттелген құбылыс – кесірлі, керексіз 
құбылыс иесі (З.Қабдолов). 
Итжемес образының юморлық сипатына Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен 
тер» романындағы Судыр Ахмет пен Қарақатын, С.Адамбековтың «Атылған 
қыз туралы аңызындағы» Жаманқара образдарымен салыстыра отырып көз 
жеткізуге болады. Әсіресе, ұлттық әдебиетімізде толыққанды сомдалған 
сатиралық типтік образ ретінде Судыр Ахмет бейнесі өзінің өткірлігімен, 
жан-жақты кестеленуімен ерекшеленеді. Ә.Нұрпейісов Судыр Ахметтің 
бойына адам мінезіндегі сасық ойлар мен жүрек айнытар небір сұмдық 
әрекеттерді жинақтап, сол қоғамдағы қарапайым қаналушы тап ортасынан 
шыққан кейіпкерге небір қисық-қыңыр мінездерді жинақтап береді. Образды 
типтендіре отырып, оның даралық ерекшеліктерін де айнытпай қалыптайды. 
Тоғышарлықтың мұндай тоңмойын өкілінің табиғатын парықтай келе, 
жазушы Ә.Нұрпейісовтің өзі Судыр Ахмет туралы: «...Бұның тұңғыш рет 
дүниеге келген түпкі атасы қай дәуірде тірлік кешкенін кім біліпті. Қалайда, 
біздің бір анық білетін нәрсеміз – әрбір қылығы кісі көңілін қытықтап күлкі 
шақырып тұратын осы бір тұрмысынан берекесіз трагикомедиялық тоғышар 
жандардың ұрпағы қай кездерде де өмір сүре алатынына көзіміз анық жететін 
сияқты», – дейді [17]. 
Ә.Нұрпейісов трилогиясындағы Судыр Ахмет – сатиралық кейіпкер. 
Оның барлық іс-әрекет, ой-ниетінен тек жаманшылық пен жағымсыздық қана 


21 
көрінеді. Оның бәрі өз пайдасы жолында нені болса да құрбандыққа шалудан 
тайынбайтын өзімшіл психологиясымен ашылып отырады. Өзінің ештеңеге 
икемі жоқ, есепсіз ешкімге де жақсылық жасағысы келмейді. Шаруаға қыры 
болмаса, отбасында да берекесіз, бірмен бірді шағыстырып, арадан пайда 
табуға бейіл, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен оңай тіршілік етуді 
ғұмырлық мақсат еткен жан. Өзінің қара құлқыны үшін, қандай жаманшылық 
істеуге де дайын. Сөйте тұра өзін еш уақытта кіналап көрмейді, барлық 
қателіктер мен сәтсіздіктерді әйеліне не басқаға жабады. Оның әрекеттері 
күлкілі болғанмен, ол – нағыз уытты сатираның күлкісі. Автор мұндай 
кейіпкер арқылы адам бойындағы азғындықты, қолынан іс келмесе де тілімен 
қара суды теріс ағызатын судырақтықты, істегі олақтық пен сөздегі 
пәтуасыздықты, сайып келгенде қоғамдағы, адам бойында орын алған қасірет 
пен қасиетсіздікті жинақтайды. Адам қолынан шығатын небір сұмдықтар мен 
зұлымдықтың тамыр тартар көзі осы қасиетсіздікте жатыр. Трилогияның 
соңында Судыр Ахметтің із-түзсіз жоғалып кетуінде де символдық мән бар. 
Онысымен автор Судыр Ахметтей кесірлі, қасиетсіз типтің қоғамның алға 
басуына, жаңа қоғам құру жолындағы күресте кедергі болатынын 
ишаралайтын сияқты. Алайда, Судыр Ахметтердің бір-ақ күнде, ізім-қайым 
жоғалып тынуы неғайбыл. Ол бүгін бұл жерден жоғалса, ертең басқа тұстан 
бас көтеруі ықтимал. Мұндай жандар қашан да ауырдың астын, жеңілдің 
үстін іздеп, өздері өмір сүруге ыңғайлы ұрымтал тұстарда қайта түлеп 
отырады. 
Ә.Кекілбаев ертеректе жазған «Қан мен тер» романы туралы 
мақаласында Судыр Ахмет туралы: «Сырт көзге күлкілі көрінгенмен, Судыр 
Ахмет – сатиралық образ. Олай болуы заңды да. Тоғышарлық – әншейін 
әзілдің нысанасы емес, жер-жебіріне жете сынайтын қоғамдық күрескер 
күлкінің нысанасы. Демек, Судыр Ахметтің юморлық образ болуға қақысы 
жоқ. Осыны ұққан автор оны сатиралық өреге жеткізген», – деп жазады [18]. 
Демек, Судыр Ахмет образы – сатираның сын тоқпағына алынған, 
жазушының шебер қаламымен жан-жақты сомдалған жағымсыз бейне, күні 
біткен, азып-тозған тоғашарлықтың жиынтық бейнесі. Мұндай бейнені 
романға енгізіп, зәрлі күлкінің нысаны етудегі жазушының мақсаты – ондай 
тоғышарлықтың түбіріне балта шабу, бұл секілді жаман әдет, ой-пиғыл, 
арамдық-арамзалықтан оқырманды сақтандыру. 
Ал Ә.Кекілбаев романдарындағы Итжемес образының табиғаты бұдан 
мүлдем бөлек. Итжемес пен Судыр Ахметті көркемдік сомдалуы, күлкілі 
түрде бейнеленуі тұрғысынан туыстас деуге әсте болмайды – екеуінің арасы 
жер мен көктей. Бұған екі кейіпкердің автор тарапынан суреттелу сипаты да, 
шығармадағы образ ретінде көтерер жүгі де, оқырмандар тарапынан екеуіне 
берілер баға да айқындай алады.
Итжемес – қазақ қоғамындағы кері кеткен рухани болмыстың кенжелеп 
қалған төл баласы. Пайдалы іске икемі жоқ, алға мақсат қойып, соған жетуге 
талпынбайтын, тек аш құрсағының қамын ойлап, құрғақ қиял қуғаннан басқа 
ойға алғаны болмаса да, Итжеместің басқаға бәлендей зияны жоқ, өзімен-өзі 
жүрген бір пенде. Ешкімге жақсылық жасамаса да, қиянат ойламайтын, ниет-


22 
пиғылы таза демеске шараң жоқ. Романда оның тарапынан зиян көрген, 
қиянат тартқан ешкім көрінбейді. Оның барлық «іші-тысын» автор айнаға 
түсіргендей ашып берсе, ол – Итжеместің барып тұрған болмысы. Ондай 
жандардан күдер үзуге болмайды. Өзгеге қиянаты жоқ, «тойғанына тоба 
қылатын» жандарға тағдырдың ұсынар «тосын сыйы» да болмай қалмайды. 
Келе-келе Итжемес Бәйбек төлеңгіттің қосшысына айналып, орыс арасына 
жұмсауларға барып жүреді. Тамақтарының тойғаны мен шаруаларының 
тынғанын біліп, қалған жағына қапа боп жатпайтын екеуінің тірлігіне 
автордың іштей симпатиясы да аңғарылады. Жұрттың пыш-пыш өсек-
әңгімесін «елеп жатса, Итжеместің аты Итжемес болар ма еді? Қашан көрсең, 
қаперінде ештеңе жоқ, ыржия күліп жүргені...». Сөйтіп, «Елең-алаң» 
романында Әбілқайырдың «іш есебі бір кезде аяқ жастанып жүрген 
Итжеместі де кісі қатарына қосады». Хан «әлі сыр мінез бола қоймаған бір 
ені ішінде орыс арасына ондай-ондайды ойына ала бермейтін жаттекі Бәйбек 
пен жабытекі Итжеместі жүгіртеді»: «Итжемес те нағыз іздегенге сұраған. 
Оған да тап пәлендей бап пен сыйдың қажеті шамалы. Ауылда да қайбір 
жабағының шекесін, бағыланның басын ұстап қарық болып жүр! Қайта сол 
бозасы мен ботқасы мол қаласының өзі дұрыс» [14,145].
Бұл екеуінің ауылда жүргендегі әңгімелерінде де юморлық сипат 
басым, қазақтың дәстүрлі қалжыңы, бірде тауып сөйлесе, бірде «қауып» 
сөйлейтін, қалай айтса да ойындағысын бірде ашық, бірде астарлы оймен 
аңдататын зілсіз күлкі жүреді: 
« – Байеке, құмалақ ашпадың ба? Жол түсіп тұрған жоқ па? Ертелі-кеш 
айран-шалаптан басқа нәр көрмей, ішім қатып қап, ауылдың ық жағының 
шөбін бір өзім түбірімен жұлып тықырлап бітуге айналдым, – деп бас 
төлеңгітті жағалайды. 
Ал Бәйбек:
– Апырай, мына сығыр жыл он екі айда үйіне ең көп дегенде екі рет 
түнейді. Соның өзінде сар қатыны бұдан аумайтын жайдақ ауыз бір томар 
басты атып салып отырады. Осы екеуінің не сиқыры бар?! – деп күледі» 
[14,145]. 
«Отағасы болып қалыптасса» да, үш баланың әкесі болғанша инабат 
біте қоймаған Итжемес жер түбінен ит қуған ешкідей тілі салақтап, жетіп 
кеп, төлеңгіттің бір сөзін өзгертпей сол қалпында қайталап айтып беріп, 
Бопай бәйбіше енді не сұрар екен деп, аузына қарайды. Ақыл-ойының өресі 
сол қалпында қалған, әйтсе де тапсырылған жұмысты сол күйінде орындауға 
бейім Итжеместерден ендігі жерде одан артықты күту де орынсыз сияқты. 
Дегенмен, өмір өзгерткен, тұрмыс шыңдаған, тағдырдан өз аласын алған 
Итжемес енді ел көзіне түзелген қалпымен түседі, кейбір көре алмайтын 
қылжақбас ағайынның қызғанышын да қоздырып қояды: «Не 
де 
болса 
баяғыдай емес. Ылғи ит жұлған торғайдай боп жүретін үсті-басы түзеліп 
қапты. Ылғи жалақ-жалақ, айғыз-айғыз боп жүретін бет-ауызына шырай 
жүгіріпті. Өзіне әлгі бір сары қатын құт болып жолыққан. Жұрт: «Салпы 
ауыздың сары қатыны итше күшіктеп, ауылымызды өңшең бір жарғақ құлақ 
жалқан сарыға толтырып жіберетін түрі бар. Оған бір тыйырым табылмаса, 


23 
көп ұзамай, бір рулы елге айналады», – деп шуласады. Қай ұрғашының да іші 
бұлтиғанына қуанбаса, ренжімейтін қыр салтында сары қатынға тыйырым 
қайдан табылсын! Қазір Мәриям тағы да ішін теңдеп алып, ырс-ырс етіп әзер 
жүр. Бір кездегі жұлма тұлым жұпыны қыз қазір сауырына бір үйір жылқы 
иірсең де сыйып кететіндей жайқалған жалпақ жон сары бәйбіше. 
Жайнақтаған көзінің өзі-ақ талайдың көкірегіне құрт боп түсіп, 
қылжақбастар: «Патшадан елші шақыртам деп, Әбілқайырдың не тапқанын 
өзі білсін! Шын олжалы осы Итжемес. Екі жыл бойы хан ордада қаңтарылып 
елші жатып алмағанда, мұндай салпы ауыз немеге тап мынадай қатын қайда? 
Қызылын қызыққан көріп, қолды болып кетпес пе еді!» – деп пыш-
пыштайды деседі» [14,144]. 
Жазушы Итжемес бейнесін сомдағанда, гипербола, гротеск, шарж, 
карикатура секілді құралдарды қоюлатып, жағымсыз кейіпкерді «сүмірейтіп» 
көрсететін әдіске бара бермейді. Итжемеске қатысты әр тұста «жалақ ерні 
жалпылдап», «ит қуған ешкідей тілі салақтап», «ит жұлған торғайдай боп 
жүретінүсті-басы», «жалақ-жалақ, айғыз-айғыз боп жүретін бет-ауызы» 
секілді теңеулер мен эпиттеттер арқылы күлкілі көрініс жасайды. Сондай-ақ 
кейіпкердің далаңдаған қалпын бейнелеуде «қарай-қарай көзі де бұлдырап 
кетіпті. Итеңдей-итеңдей белі де талып қапты» деген сөйлемдермен зиянсыз 
күлкі үстейді. 
Итжемес образын «Үркер», «Елең-алаң» секілді кең тынысты 
романдардағы саяси-әлеуметтік, тарихи-философиялық сипаттағы қым-
қиғаш оқиғалар, шиеленісті тартыстар, психологиялық коллизиялар, үлкенді-
кішілі 
сандаған 
кейіпкерлер 
арасында 
елеусіздеу, 
шығарманың 
композициялық ширығуына маңыз үстемейтін, ол болса да, болмаса да орны 
ортаймайтын, басы артық көрінетін кейіпкер деп қарауға бола ма? Біздіңше, 
мүлдем олай емес. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, диалогияның кең 
тұрпатты полотносындағы Итжеместің өз орны бар деп ойлаймыз. Ол 
шығарманың негізгі арқауынан аулақ тұрған жоқ. «Үркер», «Елең-алаң» 
романдарында Әбілқайырдың тұлғасымен ширығып, соның ақыл-парасаты, 
айла-амалы, іс-әрекеті, күресі мен күйініші арқылы өтетін композициялық 
арқауға параллель өрілетін, соны өз хал-қадырынша толықтырып отыратын, 
азды-көпті сәуле түсіріп, айқындап тұратын қосымша екі арна бар десек, 
соның бірі – Мәті бидің даналық арнасы да, екіншісі – Итжеместің 
«шалалық» арнасы дер едік (Шығармада оқиғаның дамуына үлес қосатын, 
негізгі кейіпкерлерді толықтырып отыратын, түрлі суреткерлік мақсатта 
алынған бірнеше тіндер болуы мүмкін. Біз өзіміздің мақсатамызға орай тек 
осы екі арнаны атап өтуді жөн көрдік). Мәті – көпті көрген көреген, алаштың 
арын ту еткен ақылман, ханның абыройы мен халықтың қамын қатар ойлаған 
дана болса, Итжемес қарапайым қарашаның ортасынан шыққан бейшара, 
бәтуәлі сөз айтпақ түгіл шыққан тегін жөнді білмейтін шөре, бір тойғанына 
тәубә ғып, қарын қамын күйттеген адам санатындағы мақұлық іспетті. Ел 
ішінде дана да бар, шала да бар. Бірақ соның бәрі қоғам дейтін бір үлкен 
ағзаның клеткалары, әрқайсысының атқаратын қызметі, қоғам мүшесі ретінде 
алар орны, биологиялық тірлігі мен рухани саулығы әр түрлі. Бұл екі 


24 
параллель рухани болмыс тұрғысынан бір-біріне кереғар болса да, бірақ 
көркемдік-идеялық тұрғыдан қайшылықты емес. Мәті (Тайлан, Тұяқ, т.б.) 
арнасы мен Итжемес (Мариям, т.б.) арнасының екеуі екі түрлі сипат-
сыбағамен бұқара халық өкілдері ретінде екі жақтан Әбілқайыр образының 
эволюциялық арқауын ширатып отыратындай көрінеді. Әрине, қосалқы екі 
арнаның көтерер жүгі мен көркемдік-идеялық салмағын барабар деуге 
келмес, бірақ әрқайсысының өз қадырынша бас кейіпкердің рухани болмысы 
мен іс-әрекет динамикасына, жалпы шығармадағы тартыс, күрес 
эволюциясына қосар үлестері барлығы даусыз. Жазушы бір сұхбатында бұл 
кейіпкерлердің барлығының тарихи деректері жоғын, яғни ойдан қосылған, 
жазушы қиялы тудырған кейіпкерлер екенін және олардың «бұқара 
өкілдерінің айтылмыш оқиғаларға қатысын көрсету үшін алынғандығын» 
айтады [19]. Демек, «Романдағы кішкене тағдырлар үлкен тартыстарға қалай 
тартылғанын өздері де аңғармайды. Өз руының атын да білмейтін, туғалы 
қорлықпен күн кешкен Итжемес мешкей де саясат ойынына қатысуға тиіс 
бопты. Және ол бұл ойыннан олжалы шықты. Көкірегіндегі мүлдем 
тұншыққан сезімдері оянып, орыс қызы Мәриямның алдында кісілігін 
аңғартты. Екеуі де күң, ұлты басқа болғанымен, тірлігі бір, тағдырлас еді, 
бір-бірін адамшылық биігінен таныды», – деп жазған жазушы А.Жақсыбаев 
тұжырымына қосылмасқа болмайды [20,185-186].
Итжемес – күйкі тірлікті талғажу қылып, тағдырдың толқынымен 
ығып, жағаға жаңқаша соқтыға беретін жай пенде болса, Мәті – тірліктің 
мән-жайын парықтаған, ақыл-парасатты ту етіп, адамшылықты жоғары 
ұстаған адам. Бұл екі кейіпкердің адами кереғар болмысы туралы әңгімемізді 
Т.Әлімқұловтың «Сейтек сарыны» кітабы туралы жазған мақаласындағы 
Ә.Кекілбаевтың адам мен пенденің айырмашылығын ашып көрсететінмына 
пікірімен тұжырымдаған жөн ғой дейміз: «Пенде – қоғамдық ортаның 
қалыбында соғылып, қоғамдық ортаның ықпалында кетіп, ығына жығыла 
беретін, өз ырқы, өз еркі жоқ жан иесі. Адам –қоғамдық ортаның құлқын 
тану үстінде оны жақсартып, жаңғыртуды көздейтін күрескер рухтың иесі. 
Қоғамдық болмыстың бірден-бір саналы өзгертуші күші. Пенде не істесе де 
дәуірге, уақытқа арқа сүйейді; қылмыс екеш қылмысын да уақытқа, дәуірге 
артып ақталады. Олар еш уақытта өзінің азаматтық орнын, өз өмірінің 
азаматтық мән-маңызын ойлап басы қатпайды. Ал адам үшін өмірдің мән-
маңызы азаматтық жауапкершілік. Азаматтық жауапкершілік адамнан қандай 
қиын жағдайда да, қандай қиын кезеңде де әділеттің басынан аттамауды, 
қиянаттың аяғына жығылмауды талап етеді» [21]. 
* * * 
«Бір шөкім бұлт» – бас-аяғы жинақы, сюжеті шымыр, шап-шағын 
хикаят. Классикалық әдебиеттің игі дәстүрлерін бойына жинаған осы хикаят 
Кекілбаевтың кемел талантын танытқан алғашқы шығармаларының бірі 
болды. Соғыс қасіретін: жеке бір адамның – қосылмаған қос мұңлықтың – 
жұбы жазылмайтын қос шаңырақтың – шағын ауылдың тағдыры мысалында 
байыппен бейнелеген «Бір шөкім бұлт» – аты айтып тұрғандай, соғыс салған 


25 
қасіреттің бұлты, Аққаймақ секілді жас ғұмыр, балғын жастығын соғыс 
жалмаған жанның қайғы-қасіреті, мұң-наласы. Хикаяттағы Аққаймақ пен 
Қаржау махаббаты – шығарманың негізгі арқауы болмаса да, аса бір 
тебіреніспен ұғынылатын, қыз жүрегінің жұмбақ сезім иірімдері мен жан 
арпалысы нәзік сезімталдықпенсәтті өрнектелген құбылыс.
Ә.Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясына тереңірек үңіліп, 
жазушы шығармаларындағы өмірбаяндық деректерді (автобиографизмдер 
мен географизмдерді) пайымдап, тамаша кітап жазған жазушы Ә.Спан 
мұндағы кейіпкерлердің дені туралы: «...Өңшең бір мейірімнің, 
мейірбандықтың қайнар көзі. Жазушының ойдан қосып, қиялмен 
жөргемдеген ешқайсысы жоқ. Кейбірінің аты-жөні сәл өзгергенмен, затында 
өзгеріс жоқ. Бәрі кешегі Ондының жандары. «Бір шөкім бұлт» шыққанда 
ауыл адамдары бәрін дөп басып тани кетті [22,42], – деп жазады. Хикаяның 
басында берілетін автордың арнау сөзі де мұндай тұжырымды бекіте түседі. 
Шығармада автордың рухани-өмірбаяндық тәжірибесінен қорытылған 
жайлардың (оқиғалардың) нобайы суреткерлік көркемдікпен кестеленгенде, 
авторлық экзистенция алдыңғы планға шықпаса да, «айрықша аяулы балалық 
шақ» суреттері әдемі өрнек тауып, ерекше сүйіспеншілікпен бейнеленетінін 
аңғару қиын емес. 
Хикаяттағы орталық кейіпкерлер – қайсар да қажымас қазақ 
әйелдерінің өкілдері – Аққаймақ пен Шайзаданың бейнелері қандай жарқын 
бейнеленсе, олармен қатар мейірімді ана Жаңылсын, бітімі бөлек кесек тұлға 
Ожан, қайырымды басшы Шынжырбек, еңбекқор қарт Досан мен Ержан шал 
бейнелері де оқырманның көңілінен лайықты орын табады. Сондай-ақ, Теңге 
кемпір, Ораз нағашы, Тайбағар бейнелері сараң сомдалса да өз орындарында 
ойсырап тұрған жоқ, өзіндік бітімімен бөлек. Бұлардың арасында әлеуметтік 
сатираның жүгін көтеріп тұрған бейнелер – Түсіп пен Күлдәрі. 
Жазушы Түсіптің образын жан-жақты көрсетіп, психологиясының 
астарларын терең ашып көрсетуді мақсат тұтпаған, нақты ситуациялар мен 
әрекет үстінде бірде тура, енді бірде жанамалай шолып өтеді. Алайда оны 
толыққанды бейне емес деп әсте айта алмаймыз. Оның шығармадағы орнын 
айқындап, адамдық ұсқынын танытуға осы да жетіп жатыр. Жазушы 
шеберлігі кейіпкердің барша болмысын мінез-құлқы, ой-өрісі, ниет-пиғылы, 
портреті, сөзі мен ісі арқылы қажетті детальдар мен үнемді штрихтар арқылы 
шыншыл да шымыр етіп бере білген. Шығармадағы Түсіптің образына 
байланысты негізгі сәттерге назар аударалық: 
1) «Өзінен боқтығы бұрын жүретін» пошташы Түсіпті алғаш рет 
соғыстың басталған хабарын әкелетінінде көреміз. Соғыстың суық 
хабарының Түсіппен ере жүретіні кездейсоқтық па? Және осы жайдың 
табиғаттың да жайсыздық көрсете бастаған, «құйқалы жердің биттеп-құрттап 
кеткен» кезімен тұспа-тұс келуі де тегін емес. Осындай беймаза күндердің 
бірінде келетін Түсіптің үйге енуінің өзі күлкі тудырады: «Бірдеңе үй 
сыртына кеп топ ете қалды. Артынша-ақ ауыздықтың сылдырағаны естілді. 
Ши есік желпілдей берген соң, жел жағына шылапшын байланған-ды. 
Даңғырай жөнелді. Етегін топырақ көміп, белуарын аспа тас басқан ауыр 


26 
есікті аша алмай біреу мысықша тырналап жүр. Бір кезде ық жақ етегі 
көтеріле беріп еді, қырық құйқылжып тұрған ұйытқыма жел, есіктің етегі 
түрілгенін пайдаланып жалпылдата бастады. Шаң топырақ басқан зіл есік 
сықырлауықтан енді ұстай берген қолды сарт-сарт соғып-соғып қалды. 
– Алда қызыңды ұрайын-ай! Бұны осынша қоңыраулатып... 
Өзінен боқтығы бұрын аттаған адам басын енді сұға бергенде, қаскөй 
есік бөксесін басып қап, зорға босатты» [23,255]. 
Түсіптің келуі қалай тез болса, кетуі де сондай тез. Жаманат хабарды 
тоқ еткізіп айта салып, міндетінен құтылғанына көңілі тоқ. Өзінің көңілі
жай, қарны тоқ болса, Түсіпекеңнің басқаның қайғысына басы ауырып несі 
бар!? (Оған әлі көз жеткізе түсеміз). Тіпті, қашан, кіммен соғыс басталғанын 
сұрағанда да: «Қызыңды ұрайын, әйтеуір біреумен де. Ертең байыңа 
оянкоматтан пәбескі әкелемін. Сонда білерсіңдер кіммен екенін», – деп бар-
ақ қайырады.
2) «Ұртын бұлтаңдатып, ылғи кезеріп жүретін жарық-жарық көк сұр 
ернін шүйіріп шырт-шырт түкірген болады. Шын мәнінде мінезсіз қоспақ 
түйедей маңайына көк ала қоймалжың жын шашып тұрады. Сөйтіп бір шай 
ішім уақыт малжаңдайды», – деп Түсіптің насыбай атқаны суреттелетін жері 
оқырманның жиіркенішін туғызса, одан әрмен кейіпкер мінездемесін 
Түсіптің насыбайын өтірік мақтауымен дамытады: 
« – Бұл шіркін мына Шетпедегі Қожағұл, Шолақты түгел тамсантқан 
атақты Қартбай ақсақал баптаған насыбай. Ондыда менен басқа ешкімде жоқ. 
Кеңсірігіңді тіліп түсетін көк бұйраның нағыз өзі, – деп бас бармағының 
тырнағына үйіп, екі танауына кезек тосқан» кездегі «оның тышқақ лақтың 
шанашындай әр жағынан күн көрінген, жер тістеп жатқан қағанақ кеңсірігі 
қылп етпейтінін» де автор шалып өтеді. Одан әрі қарай осы мақтап отырған 
насыбайының «әнеу күні Шетпенің дүкенінен сатып алған су тиіп шіріп 
кеткен махоркаға пештен шыққан қидың күлін қосып жасай салғаны» 
әшкереленеді. 
Теңге кемпірге: «Әй тоқал, ішің күйсе, тұз жала. Колхозға 
Шынжырбекжан үкімет болып тұрғанда, қызыңды ұрайын, Түсіп дәуренді 
сүріп қалады», – дейтін сөзінде Түсіптің пенделік өресі, тірлігінің позициясы, 
кері кеткен «кісілігінің кредосы» жатыр.
3)
Түсіптің адамдық болмысының ең бір ашылатын жері, кісіні 
түңілдіретін тұсы – «Жалақ келіннің қолына телміріп қалған Түсіп қолына 
қара қағаз түссе қойқаңдап үйден бір шығып, бір кіріп отыра алмайтыны». 
Осы арада автор кейіпкердің арам ой, сасық пиғылын ащы сарказммен 
сипаттайды: «Поштадан келе жатып, Шетпеден Қызылтамға жеткенше 
ойлайтыны: «Үйге барып, тағы да келінге жаутаңдағанша, Ержанды ертіп ап 
естіртуге баратын қара қағазы құрғыр бар ма екен?» Соны ойлағанда көз 
алдына балбырап піскен жылы жұмсақ пен әр дәні баданадай-баданадай 
жүгері бөртпек елестеп кетеді. Артынан бір нән зерең күңірсіген ақ сорпаны 
қағып салып, өне бойың шып-шып жіпсіп жылы төсекке құлай кетсе, 
шіркін...». Осы бір шағын детальдің өзінде кейіпкер болмысының сұмдық 
драматизмі жатыр. Адамның өмірі, кісі қайғысы, пенденің көз жасы дегенді 


27 
сезінбейтін, адамшылыққа жат пиғылдың мұнан сорақысы болар ма!? Бір 
тойғанының құнына арыстай азаматтың өмірінің қиылуын тілеуден өткен 
жиренішті не бар!? Оның артында қалған бала-шағасы, ағайын-туыс, ауыл-
аймағының қайғы-қасіретін түсіне алмау адам болып жаратылған жұмыр 
бастыға қалайша сыйымды!?
Осындай жандардың да жер басып, адам санатында жүретінін әшкере 
қылуға суреткер көркем әдебиеттегі сатира құралдарының көмегімен қол 
жеткізбек. Әрине, шығармада автор Түсіптің жат мінез, жағымсыз 
қылықтарын сын нысанасына алуда сатиралық тосын тәсілдер іздеп, 
әсірелеулерге жүгініп әуреленіп жатпайды, өмірдің өз суретін шынайы 
бейнелеу арқылы анықтық пен танықтық таныта отырып-ақ, салмақты 
прозаның фонында қасиетсіздікті келекеге ұшыратады. Кейіпкердің 
сатиралық болмысы оның сөзі мен іс-әрекетінің түрінен де, өзгелердің берген 
бағасынан да, баяндалу интонациясынан да, авторлық интенциядан да 
аңғарылады.
Соғыстың өзі «Түсіптің киіз дорбасына ілесіп, осы ауылға жетіп 
келеді». Бүкіл ауыл адамдарына Түсіптің жеккөрініштілігін Теңге кемпірдің: 
«Мына шелтеңбайдың құтыруын-ай!», – дейтін репликасы, Жаңылсынның: 
«Мына ит кез келген жерде жүре береді екен», – деп күбірлейтіні, ауылдағы 
үй-үйдің бәрінің де: «сол кәпір есігімізден аттамаса екен», – деп тілейтіні 
бекіте түседі. Ал соның бәрінің жиынтығы әрі ең зоры тағы да Теңге 
кемпірдің: «Бұл күнде бұл ауылдың Китлері Түсіп болды ғой», – дейтін 
тұжырымында жатыр. Ауыр, ауыр да болса шындық, Түсіптің тұлғасына 
лайық ащы метафора!
4) Түсіптің сөздері. Алғашқыда соғыстың басталуын хабарлай келгенін 
көрсек, енді бірде Ожанның қазасын естіртуге Ержан шалды ертіп 
келетіндегі әр сөзді бір шалып, жоқты-барды бір шатып отырып: «Келін 
шырақ, Ожанның қара қағазы келді. Соғыс болған соң өлім-жітімсіз жүре 
ме?» – деп төбеден түскендей қойып қалатын парықсыздығын танимыз. 
Жоқты-барды әңгіме қып, қиюластыра алмай отырған қалпы оқушының 
күлкісін келтірсе, мына парықсыздығы ызасын тудырады. Түйсіксіз Түсіптей 
да адамдар бар-ау деп жағаңды ұстайсың. 
Ал соғыстың хабарын сұраған Ержан шалға ғұлама кісідей білгішсініп 
айтатын әңгімесі тіпті күлкі келтіреді: «Бүкіл жерді билеген ақ патша 
Мекелайды жеңгенде, суды билеп, күні кеше түкірігі жерге түспей тұрған 
Зәкірді жеңгенде, одан қала берді Мәскуадан шыққан банды Троскей мен 
мына біздің Ондыдан шыққан, атқан оғы айырпланды құлатқан банды 
Құрмашты жеңгенде есірік Китлерді жеңбес деп отырсың ба? Әй, 
қараңғылық-ай?».Кейіпкердің бұл сөзінде, Ресей патшасы Николай мен 
Қарашекпеннің атақты көпесі Захарды, Троцкий мен осы Ондыдан шыққан 
Тоқабай Құрмашты бір деңгейде қарастырып, оны Гитлермен салыстыра 
қарауында терең алогизм жатыр.
Автор Түсіпті бір көрген жерде таныстырып, оның бет-бейнесі мен 
мінез-құлқын әп дегеннен ашып салмайды. Оны оқиға ортасында, іс үстінде 
жекелеген деталь, штрихтарды үстемелей отырып толықтыра түседі. 


28 
Шығарманың әр тұсында Түсіпке қатысты айтылатын «тұла бойында жалғыз 
тал қылшығы жоқ жарғақ басы», «ылғи кезеріп жүретін жарық-жарық көк 
сұр ерні», «тышқақ лақтың шанашындай әр жағынан күн көрінген, жер тістеп 
жатқан қағанақ кеңсірігі», «ылғи індетіп із бағып жүретін жылтың көзі» 
деген жолай сөйлемдер жинақтала келе, кейіпкердің портретін түзеді. Ал 
мінез-құлқы хикаяттағы ірілі-кішілі оқиғалар үстінде ашыла береді. 
«Дүкеннің қасында пошташы Түсіп пен майданда ефрейтор болған Еліктің 
билік таластырып тұрып төбелесіп қалғаны» секілді гәптің өзі оның 
мінездемесін толықтырып тұр.
Алайда, солардың бәрінен бұрын, Түсіпке байланысты екі жерде 
нысананы дәл көздейтін, жеріне жеткізе түйрейтін екі тілдік оралым бар. 
Олар – «табыннан қалып шама шайнап семірген үй күшік бұзаудай жаман 
Түсіп» деген теңеу менТеңге кемпірдің аузынан шығатын: «Бұл күнде бұл 
ауылдың Китлері Түсіп болды ғой» деген метафора. Бұлар – Түсіптің бүкіл 
болмысын терең ашатын, тұспалды ой, тура соққымен кейіпкер бейнесін 
жинақтайтын керемет айшықтар.
«Бір шөкім бұлттағы» Түсіптердің сойынан өрбитін тағы бір бейне –
оның келіні, Шынжырбектің әйелі Күлдәрі. Күлдәрі – басқарма күйеуі 
Шынжырбектің «нанының желіне» семірген, шығармада өзінің одағай іс-
әрекетімен, зәрлі сөздерімен, қарғысымен көрінетін кейіпкер. Оның 
эпизодтық көріністердегі «пештің түбіне сызданып отырып алатыны», 
«ернінің ұшын зорға қыбырлатып әзер амандасатыны», «екі қолын тарақтап, 
оң тізесін құшақтап алғанының» өзі олқы ой-пиғылы мен таңқы таным өресін 
айғақтайды. Автор оның Жаңылсындікіне кірген кездегі түрін: «Жирен 
бетінің ояң-ояң жолағына дейін жоғалтып, көгеріп тұр. Шағырмақ ашу 
тұнған ала көзі әпірейіп кеткен. Құдай әу баста-ақ кежегесін кейін тартқан 
кертік мұрын тіптен шығынып әуелеп қалған» [23,258], – деп сипаттаса, шап 
етіп беттен алып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан долы қалпы мен оның 
сөздерінің Жаңылсынға найзадай қадалған әсерін былайша бейнелейді: 
«Кәпірің ділмар екен. Ерні қайқиып, жөнеп берді дерсің. Әр сөзі миыңды 
шаққандай. Жүрегінің күлпаршасын шығарған зәр сөздерді қанша естімейін 
деп, құлағын басса да, көкірегін тіле берді, тіле берді» [23,259]. 
Шығармада Күлдәріге қатысты «ерні түрік сары қатын», «жалақ 
қатын», «жалақ ерін сары қатын», «жырым балақ, жаман сары келін», «сары 
тоқал»секілді эпитеттер қолданылады. Күлдәріден басқа да, повестегі 
«Боқыштың қоңқақ мұрын, дудар қатыны Әлиса», Зибаш пен Әділдің әлгі 
Шағадамда қалатын нағашы жеңгесі – сұрша қатын, бастықтың үйінің 
төрінде отырып ап өсек соғатын бес қатын – «тәмпіш мұрын сары қатын», 
«бұжыр қатын», «кебіс ауыз шабдар қатын», «опырық кемпір», «самай шашы 
қобыраған қара қатын» – бұлардың бәрі тұтас бір «қатындар галереясын» 
құрайды. Осылардың қай-қайсысы да шығарманың әр тұсында бірер 
штрихтармен сюжет дамуына өзіндік өрнек қосып отырады. Мұндай образ-
портрет, образ-штрихтарды жазушы көбінесе олардың өздерінің іс-әрекетіне, 
көбінесе сөздеріне орай шолып өтеді. Мысалы, бес қатынның Күлдәрінің 
төрінде отырып айтатын бір-екі ауыз сөздері олардың ішкі психологиясын 


29 
ашумен қатар, қырдағы ауыл әйелдеріне тән келеңсіз мінез-құлықты жайып 
салады әрі Күлдәрі характерін аша түсуге қызмет етеді: «Бұл бес қатын 
келгелі екі сағаттай болған. Бірақ бұл үйдің шайы әлі қайнамаған. 
Шидемдері, жадағайлары саудыр-саудыр етіп, бесеуі бірдей кіріп келгенде 
жылы пештің түбіндегі жалақ ерін сары қатын іштерінде үлкен бар-ау деп 
айылын жимай, емшегін салақтатып бала емізіп отыра берген-ді. Сондағы 
шытынай қалған екі елі маңдайы қатындардың мына сөзінен кейін жазылып 
кетті» [23, 245]. 
Тайбағарға еріп келетін балалары Зибаш пен Әділдің нағашы жеңгесі 
туралы бір ғана эпизодтық суреттемемен: «Нағашы жеңгенің жұдырығы өтіп 
кеткен ғой. Сызданған біреу еді. Күйеуі де аузынан сөзі түскен бозым. Екі 
жиені кетіп бара жатқанда мұрны дымданып, балқылдаңқырап қалып еді, 
сұрша қатын көз алартқанда жым болды. Күллі Небит-Даг жағасын ұстап 
отырған...» [23,232], – деп шолып өтеді. 
Хикаядағы Шайзаданың Күлдәріні сабайтыны, Оңайтқан милисаның 
Шайзаданы Шикаловқа айдатпақ болғанда, Шынжырбектің ара түсіп, он сом 
айып төлеп құтыларында Шайзаданың: «Милисе шырағым, бір қатын 
сабағанға он сом төлесең, ештеңе емес екен. Қалтамда әлде де бір он сомым 
бар еді. Сары тоқалды тағы бір сабап, ел-жұрттың сауабын алсам қайтеді?» – 
деп күлкі қылуы оқырманның айызын қандырады.
* * * 
Әдебиетте сатиралық, юморлық кейіпкер бар да, кез келген кейіпкердің 
образын сомдауда сатира мен юмор элементтерін пайдалану бар. Әзіл-
қалжың, жеңіл іліп-шалу, достық рәуішті күлкімен көмкеру шығарманың кез-
келген жерінде, түрлі көркемдік-стильдік ракурста, идеялық мақсатта 
пайдаланыла береді. Мұның өзі негізінен жазушы стилінің ерекшелігіне, 
суреткерлік мақсатына орай, образ табиғатына лайық жасалады. Романдағы 
Мәтінің портретіне қатысты осыны айтуға болады. Мұндайда М.Горькийдің: 
«Мен кімді жазсам да, мейлі дәуірдің ұлы адамын жазсам да, міндетті түрде 
оның ерекше, тіпті бір қарағанда таң қаларлық, әдет-дағдысын табуға 
тиістімін. Соны сығалап көру арқылы мен оқырманды іштей жымиюға 
мәжбүр етемін», – деп жазғаны еске түседі. 
Ә.Кекілбаев – портрет жасауға шебер жазушы. Суреткер тілінің 
көркемдігі қай тұста да, суреттеу, сипаттау, мінездеу, пайымдау 
сипаттарында кейіпкер бойындағы елеулі-елеусіз ньюанстарды жіті көзбен 
іліп әкетіп, келісті сөзбен өрнектеп отырады. Әбілқайыр алғаш көрген кездегі 
Мәтінің портретін жасағанда оның алпамсадай денесі мен бет пішінін 
былайша суреттейді: «Алпамсадай кісі бұтындағы жарғақ шалбардың
тізесінен жоғары шиыршықтап түріп қойыпты. Малдасын құрып отырғанда, 
екі жіліншігінің дәл қыр арқасына біткен қалың түк құлынның жалындай 
жалбырап көрінеді. Еңгезердей денесі буылтық-буылтық. Екі емшегі апай 
төсті қақ бөліп, екі жерден салбырай құлапты. Еңгезердей дене жұдырықтай 
өндіршек арқылы ересен үлкен басқа барып жалғасқан. Қалған бас сүйектен 
дөңкиіп бөлініп шыққан ай маңдай. Қалақтай ат жақ. Шықшыттығы да 


30 
мынау бет деп аталатын ұлан-асыр кеңістікте жымпиып жатып қалғылары 
келмегендей екі жақтан ереуілдей бой көтеріп, соқиып-соқиып шығып тұр.
Дегенмен мырза құдай осынау мол пішілген кісіге де есебін тауып 
қытыңқылық жасап бағыпты. Шықшыт сүйектің тасасында бұғып жатқан 
шұнақ құлақты ешкім көре қоймастай. Дәл мынау шарадай бетке анау келте 
танаудың да тап онша жарасып тұрғаны шамалы. Бірақ, осы бір ұлан-асыр 
мол дүниені бет-бетіне шашыратып жібермей, бас-аяғын жиып ұстап тұрған 
әлде бір сиқыр күш бар. Ол алақандай ала көзі сияқты. Қарсы алдынан 
келгенде, кірпігін қақпай тіке қарайтын үлкен көз қапталынан қарасаң, бір 
қиығынан сағалай қарайтын санампаз саңылауға айналып кетеді екен. Сол 
бір екі санампаз саңылаудың манадан бері мұның үсті-басын түгел тінткілеп 
шыққан түрі байқалады» [12,51].
Шебер сомдалған бұл портрет Әбілқайырдың сыншыл көзімен 
қабылданып, жақсы әсер қалдырады. Жазушы жаугершілік замандағы 
қазақтың хас батырының тұлғасын ұлттық сипатымен қапысыз бейнелегенде 
аз-кем әзіл араластырып, оқырманының езуін тарттырып отырады. Юмор 
элементінің жағымды кейіпкер, Мәті секілді нағыз халықтық тұлғаның 
портретінен орын алуы, бір жағынан, қазақтың ұлттық ұғымына етене жақын 
теңеулер, эпитеттер арқылы оқырманға нанымды қабылдануына, екіншіден, 
баяндаушының 
(бұл 
жерде 
қабылдаушы-баға 
беруші 
кейіпкер 
Әбілқайырдың) көзі тойып сүйсінуін, іш тарта ұнатуын көрсетеді. Шынында 
да мұндағы күлкі – сүйсінуден туған күлкі, жайма шуақ юмор. Мұндай күлкі 
туралы З.Қабдолов: «...ой көзеу, бой сергіту құралы ғана емес, автордың 
оқырманға өзі суреттеп отырған өмір шындығын жинақтау, адам мінезін ашу, 
әдеби образды даралау тәсіліне де айналады. Сонымен қатар, мұндай 
жағдайда күлкі оқырманға айрықша әдемі әсер етеді, көркем шығармаға 
өзгеше эмоциялық жылылық әкеледі, жарқын, жайдары шырай береді. Бұл 
тұста өнердегі юморлық тәсіл (эстетикалық категория) мен өмірдегі 
юморлық сезім (мәдени фактор) ұштасып кетеді», – дейді [24,135]. 
Сондай-ақ, автор «Бір шөкім бұлт» хикаясында Қаржауды оқуға алып 
кетпек болып келген нағашысы Оразды былайша суреттейді: «Қақ ортадан 
көсілте жайған кең дастарханның арғы басында, шаршы төрде, шиедей 
қызыл мықыр білекті қайта-қайта созып, ши барқыт қара шалбарының кең 
балағының аузынан шымшып ұстап, желпіп-желпіп қойып бір қасқа бас сары 
кісі жатыр. Ересен қарнының бір бүйірі астына төсеген күрең көрпешені 
мыж-мыж қып тастапты. Тығыншықтай құс жастықтан да ес кеткен. Жүк 
үстінде құлағын қамшылап едірейіп тұрушы еді. Қазір солып қалыпты. Семіз 
сары кісінің қысыңқы күлгін көздерінің астында екі білем ет көлбепті. Сол 
екі айғыр жалдың ортасынан сызаттана басталған мұрынның сұлбасы сұлқ 
басын шарадай беттің орта тұсына келгенде сәл еріне көтеріп, тұмсықтың 
ырымын жасапты. Көлдей-көлдей екі тесікке кептеле шуылдаған дем 
дыбысына жайын ауыздан жанталасып шыққан ырсыл қосылып, бір 
шылапшын тобыршықтың қызыл күрең шоғына бөксесін тығып көңілдене 
әндеткен кебеже бүйір қара шәйнектің үнін әрең естіртеді. Қонақтың 
тұмсығы мен қара шәйнектің шүмегінен басқаның бәрі тыйылып қалған...». 


31 
* * * 
Орыстың 
сатира 
теоретигі 
И.Эвентов: 
«...Художественное 
произведение – всегда система образов, гамма тонов, сочетание красок. 
Сатира в произведениях сложной структуры – одно из средств решения 
общих задач. Но это средство не пассивное, а активное... Сатира является 
подчиненным элементом, ее-то выделить труднее всего. Она как бы 
растекается по многим каналом, вторгается во многие области и не поддается 
отциясению от их изобразительных средств», – деп жазады [25,132-133]. 
Шынында да, көркем шығармадағы күлкі элементтерінің көріну сипаты 
қаншалықты көп болса, оның күші мен әсері деәр алуан, атқаратын қызметі 
де сан салалы, мәтіннің ішкі құрылымына кірігуі мен кейіпкер бейнесін 
жинақтау мен даралауға ықпалы да әр қилы. 
Көркем шығарма өмірлік құбылыстарға эстетикалық қатынастардың 
мәтіндік жинақталуы болатындықтан, оның көркемдік-эстетикалық 
сипаттамасы да жан-жақты әрі сан қырлы көрініс табады. Қаһармандық, 
трагизм, комизм, идиллиялық, т.б. секілді «эстетикалық сана модальдылығы» 
[26,241] көркем мазмұнның пафосынан, идеялық-эмоциональдық бағалаудан, 
авторлық көзқарастан айқындалмақ. Көркемдік модуста сатира, юмор, 
ирония, сарказм, пародияның да өз орны болады. Қаламгер суреткерлік 
мақсатына орай кейіпкердің белгілі бір мінез сапасын айқынырақ таныту 
үшін сатира мен юмор элементтерін тиімді пайдалана алады. Сатира 
элементтерінің образдың мінез-құлық сипаттарын типтендірудегі маңызы да 
айрықша. Б.М.Храпченко: «Реалистическая литература включает в себя и 
гиперболу, и гротеск, и аллегорию, которые используются здесь в целях 
глубокого обобщения, реальной жизни», – дейді [27]. 
«Үркер», «Елең-алаң» романдарындағы жазушының сатиралық-
юморлық 
бояумен 
қанықтырып, 
күлкілі 
жақтарымен 
танытатын 
кейіпкерлердің бірі – Әбілқайыр ханның немере ағасы Нияз сұлтан. Нияз 
сұлтанның өзінің ақсүйектік шыққан тегіне сәйкес келмейтін болмысын 
автор роман-дилогияның әр тұсындағы оқиғаға қатысты бірте-бірте ашып 
отырады. Ең әуелі оқырманға сұлтанның болмыс-бітімін қысқаша 
таныстырып өтеді: «Хандай емес, ойқы-шойқылау қара кісі. Атқа отырғанда 
екі тізесі аттың алдыңғы екі тірсегін қағып келе жатады. Ерге отырысы да 
қолқ-қолқ. Сөйлегенде де қоңқылдап сөйлейді. Сонысынан ба, жұрт оны төре 
тұқымынан екендігіне қарамастан басынып, қомсынып бағады. «Әй, сол 
Ниязды қойшы... Соның қолында не тұр дейсің. Оның айтқаны не, менің 
айтқаным не?» – дейді. Ел ішінде елеусіз осы сұлтан аяғы салақтап ауыл 
аралайды да жүреді» [12,369]. Үзіндідегі «хандай емес, ойқы-шойқылау кісі» 
деп оның Әбілқайырдан өзгеше және хан сипатына кереғар екендігінен хабар 
берсе («ойқы-шойқылау» деген эпитеттің өзі көп нәрсені аңғартады), әрі 
қарай бірер сөйлеммен жүріс-тұрысы мен «қоңқылдап» сөйлейтінін айтып, 
жұрттың ол туралы бағасын білдіреді. Комикалық реңктегі осы портреттік-
мінездемелік штрихтарды келесі беттердегі сұлтанның нақты характерін 
айқындайтын авторлық баяндау толықтыра түседі: «Ақыр заманды орнатып 


32 
Нияз да жөніне тайып тұрды. Пәтшағар, осынша сұмдықты айтып отырғанда 
бет-ауызы бір бүлк еткен жоқ. Ертегі айтып отырған кісідей екі көзі жылт-
жылт етеді» [12,374].
Тегінде, кейіпкердің бүкіл болмысының немесе мінез-құлқының бірер 
қырының ғана ашылуы оның шығармадағы алар орнына байланысты болмақ. 
Автордың суреткерлік мақсаты кейіпкерге қандай міндет жүктейді, 
қоғамдық-әлеуметтік немесе жеке тұлғалық болмыстың қайсы жағына сәуле 
түсіріп, көркемдік талдаудың нысанасы қылмақ – мәселе осыған байланысты. 
Роман-дилогиядағы Нияз сұлтан – қосалқы кейіпкер ғана, ол шығарманың 
кейбір тұстарында ғана көрінеді. Нияз сұлтан – қазақтың сөзуарлығының, 
даңғой бөспелігінің, оспадар мақтангөйлігінің үлгісі. Автор бұл бейне 
арқылы осындай мінездерді көрсетуді мақсұт тұтқан. Сондықтан ол ханның 
інісі бола тұра, билік-бітімге араласуымен емес, өз жаратылысына сай ел 
аралап, әрнені айтып мақтанатын бөспелігімен әйгіленеді. Оған көз жеткізу 
үшін автор Ниязға бірер сөзбен қысқаша мінездеме берумен қатар, оның 
мақтаншақтық қасиетін қайталаулар арқылы үстемеліп, оған мысал ретінде 
өткен уақыттың бірер оқиғасын ретроспективті тұрғыдан еске салады: «Нияз 
ағасы қауқылдаған ақкөңіл адам болғанмен оспадарсыз. Қайдағыны қайдан 
шығарып, тұнық суды лайлауға келгенде одан шебер кісі жоқ. Ауызы қарап 
отырмайды. Ит жылғы сүйегі қурап қалған бабаларды айтып мақтанады. 
Қазіргі гүрлеп тұрған інісі бұны айтып мақтанады. Нұралыжанның салиқалы 
сұлтан боп өсіп қалғанын айтып мақтанады. Орыстың қолындағы 
Ералыжанның аптасына неше рет іш киім ауыстыратынын айтып мақтанады. 
Тіпті мақтанатын ештеңе таба алмаса, Тұрсын хан баласының ауылы қонған 
жердің жан-жағының жылмағай тегістігін айтып тиіседі: «Пақырлар-ау, 
көсенің иегіндей қып мына жазықты қайдан тапқансыңдар? Ойламайсыңдар 
ма, түге... Әйел пақырлар шапан бүркенсе де бір айласын табар. Ал 
бөкселеріңді шөккен түйенің ту сыртындай бұлтитып өздерің қалай түзге 
отырасыңдар?! Бұл жағынан біздің орданың қонған жері рахат. Ауылдың 
желкесі терең сай. Түзге отырмақ түгілі кісі өлтірсең де ешкім көрмейді». 
Былтыр керей мен уақтың біреуінің аулына барғанда: «Жарықтық, осы 
шалғынды жердің малы-ай. Қаңқайған сүйегі болмаса, етінің нәрі жоқ. 
Жесең, аузың су татиды. Қоғаның басындай үлпілдеген неменің кенеуі 
қайдан болсын! Жарықтық ет деп әне бұйрығын мен изенге жайылған біздің 
елдің малын айт. Аузыңа салсаң болды, жүрегіңнің басына шық етіп жетіп 
барады», – деп айтам деп таяқ жеп қала жаздапты» [14,290].
Нияздың мінездемесіндегі комикалық эффект автордың «мақтанады» 
сөзін қайталауымен (бабаларымен мақтану, хан інісін айтып мақтану, 
Нұралы мен Ералыны айтып мақтану) берілетін Ниязға тән мінездеменің 
бірте-бірте өткірлене түсуі мен одан әрі кейіпкердің «тіпті мақтанатын 
ештеңе таба алмағанда» өз жері мен басқа жерді, өз елінің малы мен басқа 
жердің малын салыстырып, пайданы (артықшылықты) өз пайдасына шешіп 
бөсу «тәжірибесінде» жатыр. Және мұның нақты оқиғаға негізделіп 
көрсетілуі оқырманның күлкісін туғызып, қазаққа тән мінездің бір қырын 
алдына жайып салады. Тегінде, бұл романдарда, жазушының жалпы 


33 
шығармашылығындағы сияқты, уақыт пен кеңістіктің көркемдік ұйымдасуы 
осындай кейіпкер мінездемесіне немесе оқиғаның тарихи-әлеуметтік 
маңызына орайласып отырады. Жоғарыда келтірілген мәтін ішіндегі 
мәтіндердің (интекст) көркемдік қызметі кейіпкер бейнесін ашуға 
жұмыстанып тұр. Атап айтқанда, Нияз сұлтанның мінездемесіндегі басты 
сипат – сөзуар-мақтаншақтығын дәлелдеу үшін автор екі бірдей оқиғаны 
фрагменттік түрде мәтінге енгізеді: мұнда Нияздың мақтаншақтығы әуелгіде 
дерексіз түрде – үнемі болып тұратын, тұрақты сипат түрінде алынып, оны 
«Тұрсын хан баласының ауылындағы» оқиға фрагментімен жалғастырады 
(бірақ бұл фрагменттің уақыты нақтыланбайды, тек өткен шақтық сипаты 
ғана белгілі). Ал одан әрі баяндалатын «керей мен уақтың біреуінің 
аулындағы» уақиғаның уақыты «былтыр» үстеуі арқылы нақтыланады. 
Кеңістіктік тұрғыдан да оқиғаның орны ілкіде нақты дерексіз (жалпылай), 
яғни ұдайы орын алып тұратын тұрақты сипат ретінде көрсетіліп, бұл 
мінездемелік сипаттар белгілі бір рулардың аталуымен («Тұрсын хан 
баласының ауылындағы», «керей мен уақтың біреуінің аулындағы») біршама 
нақты дәлелдене түседі. Мәтіннің хронотоптық ұйымдасуындағы мұндай 
уақыт пен кеңістіктің шұғыл ауысып отыруы кейіпкер стихиясын ашудың бір 
көркемдік амалы қызметіне жұмыстанып тұр. 
Жазушы романның өн бойында Нияз сұлтанның мінездемесіндегі 
сөзуарлық-бөспелік, мақтаншақтық қасиеттерді нақты іс үстінде, өтіп жатқан 
нақты оқиғаларға орай толықтырып отырады және бұл жағдай кейіпкердің 
романда көрсетілетін осы бір негізгі мінез қырын өткірлей түсу үшін 
жасалады. Автор кейде кейіпкер сөзін пайдалану арқылы оған пародиялық 
мінездеме беріп те отырады. Мына үзіндіден кейіпкердің «тұмсығын шүйіре 
қарайтын» «паңдық» қалпын айшықтау «Біз баяғыда патшаға барғанда» 
тіркесін бірнеше қайталаумен және әр қайталауға «мұндайдың көкесін 
(көргенбіз)», 
«мұндайдың 
әкесіндейін 
(жегенбіз)», 
«мұндайдың 
бабасындайды (естігенбіз)» күшейткіш мәндегі тіркестерді бірінен-бірін 
асыра түйдектете қолданумен градациялық эффект үстеу арқылы жүзеге 
асатынын көреміз: «Мынау Нияз сұлтан ана жылғы Петерборға барып 
келгелі дүниедегінің бәріне тұмсығын шүйіре қараушы еді... «Біз баяғыда 
патшаға барғанда мұндайдың көкесін көргенбіз».., «Біз баяғыда патшаға 
барғанда мұндайдың әкесіндейін жегенбіз».., «Біз баяғыда патшаға барғанда 
мұндайдың бабасындайды естігенбіз»... «тәйірі бәрі біздің баяғы патшаға 
барғандағымыздың қасында не дейсің!»... Аузын ашты-ақ айтатыны әлгі. 
Жұмақтың есігінен басын бір сұғып алып, қайта шығып кеткен адамша өз 
әңгімесіне өзі таңдай қата болатын да жүретін...» [14,391]. 
Жазушы Нияз сұлтан бейнесін авторлық баяндау, портреттік 
мінездеме, кейіпкер сөзі арқылы көрсетуімен қатар, бас кейіпкер Әбілқайыр 
ханның ішкі ойымен де шегелей түседі, бұл орайда кейіпкер болмысы аусар 
даңғойлық, құр сөзді желдей есетін желбуаздық мінездердің фонында 
алынып, оны сол көптің бірі, типтік мінездің өкілі ретінде көрсетеді. 
Суреткер Нияздың осы қасиетін Әбілқайырдың өз орнына пайдалану 
ниетімен уәждейді. Жәнібек пен Бараққа жұмсайтын шабарман іздестіргенде 


34 
хан таңдауының Нияз ағасы мен Мырзатай балдызына түсетіні осыны 
аңғартады. Сондағы Әбілқайырдың ой-есебі былайша өріледі: «Құдайға 
шүкір, дақпырта сөйлемесе басы ауыратын даңғойларға, түймедейді түйедей 
қып көкитін желбуаздарға қазақ арасы қашан да кенде болып көрген емес. 
Ондайлар мұның төңірегінде де жыртылып айырылады. Ал Нияз ағасының 
қай төренің үйінде де: «Бір көрген біліс, екі көрген таныс деген осы ғой. Ақ 
патшаның өзі Әбілқайыржанға жұмсаған адамдарына: «Нияз сұлтан, Ералы 
ханзадаларға да арнайы сәлем айтыңдар» деп арнайы тапсырып жатады. 
Құдайға шүкір, нұр сипатын көзімізбен көріп, қолынан дәм таттық қой. Бізді 
қайдан ұмытсын. Осы жолға да алдияр падишаның сол көңілін қимай шығып 
кеттім. Әйтпесе, басымның сақинасы бар. Шәйі қою емес ауылдарға барсам, 
өліп қала жаздаймын. Сусынның көкесі шәй ғой. Құдай, әлгі қымыз дегенің 
мал соңындағы жалақ еріндердің ғана таңдайына татиды ғой!», – деп бөсіп 
берері кәміл» [14,291].
Мына жолдар да Әбілқайырдың ішкі есебінің туралығын дәлелдей 
түседі: «Торғай бойындағы Барақ Әбілқайыр шаңырағының астынан өретін 
екі адамды көргенде әйелінің теріс қылығының үстенен шыққан еркектей 
шарта түйіліп шамырқанып бағыпты. Бірақ оған бола айылын жиған Нияз 
бен Мырзатай бола қоймаса керек. «Осы сенің баяғы әулиеден әулие қоймай 
түнетіп жүретін үлкен балаң қайда? Жазылып кетті ме? Жақсы болса, болсын 
пақыр. Сойыл ұстайтын еркектің есінің дұрыс-терісін кім байқап жатыр! 
Дегенмен ертең қатын-баласының обалына қалмағаны дұрыс қой! – деп 
қайдағыны қайдан айтып, көкжал барақты қашан апарған қағаздарына қолын 
қойып, атқа қондырғанша асығуға мәжбүр қылыпты» [14,291].
Бұл сөздерде аңқаусыраған аңғалдықпен қабаттаса өрілетін сайқымазақ 
кекесін жатқан жоқ па?! Әбілқайыр ойының дұрыстығында шүбә жоқ, демек 
Нияз сұлтанға жүктелген бұл миссияда кейіпкердің мақтанғойшылығы мен 
сөзуар-бөспелігі жарнамалық әрі «жалғамалық» қызмет атқарып, ханның 
пайдасына шешілмек. 
* * * 
Сатиралық мінездемеде психологиялық деталь да маңызды роль 
атқарады. Көркем бейнелеу құралдары комикалық тәсілдерге негізделіп 
отырады. Жазушының «Аңыздың ақыры» романындағы эпизодтық 
кейіпкер,Жаппар шебердің жатқан үйінің қожасы Ахмет байдың қызын ұзату 
тойы алдындағы сәнденіп жасануын автор былайша суреттейді: «Тамаша 
десе ішкен асын жерге қоятын саудагер тойға бір апта қалғанда-ақ
сандықтың түбінде жатқан тойға киетін киімнің бәрін алдырды. Сосын 
айнаның алдына барып ұлы сәскеге дейін отырады да қояды. Әуелі басына 
сәлде орайды. Былай орайды, айнаға қарайды – келмей тұрған тәрізді, олай 
орайды, айнаға қарайды – келмей тұрған тәрізді...» [28,71]. Адам мінезінің 
сырттай қарағанда күлкілі көрінетін бір қыры осылайша той қарсаңындағы 
қарбаластағы байдың сәнденуін, тойшылдығын суреттесе, одан кейін бойын 
кернеген қуанышын сыртқа шығарып, жұртқа естірте мақтануымен әйгілейді: 
«...тіпті күллі дүниеге түгел естілсін, Ахмет байдың бүгін базарданне бітіріп 


35 
қайтқанын бәрі де түгел білсін дегендей даусы саңқылдап, қай саудагердің 
дүкеніне кіріп, киімін көрсеткенін, кіммен балағаттасып, кіммен 
тәжікелескенін, кімге тіл тигізгенін, шайханада неше құман шай ішкенін, 
әскияда кімнің шамына тигенін, кімнің бөденесіне бәс тіккенін – бәрін-бәрін 
түк қалдырмай тәптіштеп түгел айтып береді...» [28,73].
Көзі қарақты қазақ оқырманына бұрыннан таныс мінез. Бұл жолдарды 
оқығанда оқырманның есіне С.Көбеевтің «Қалың мал» романындағы 
Итбайдың қылығы түсері анық. Немесе Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері – 
Ақтақты» драмасындағы Қоңқай көңіл-күйі де осыған жақын келеді. Әйтсе 
де мұндай ортақ мінезді бір қалыптан шыққан дей алмаймыз. Осы үш 
кейіпкердің адами болмысының өзіндік айырмашылықтары да бар. Итбайдың 
сөзі мен есер қылығынан Тұрлығұлмен құда болғанына жаны семіріп, 
құдайын ұмытқан әумесерлігі түрлі ситуацияларда айқындалса, Қоңқай 
монологынан кешегісі мен бүгінгі жайын салыстыра пайымдап, қазіретті пір 
тұтып, осы күніне жеткізген тағдырына шүкірлік еткен тәубашылдығы басым 
көрінеді. Ал Ахмет байдың басындағы жағдай үйреншікті мінезінің осындай 
қуаныш үстіндегі сыртқа тепкен бір көрінісі дерлік. Әр жазушының кейіпкер 
бейнесін сомдау қалыбының әр қилы болуы да – кейіпкер типін саралау 
шеберлігіне тән қасиет. Мінез тұрғысынан тектес кейіпкерлердің 
ұқсастықтары мен айырмашылықтарын осындай реминисценциялық 
сипаттардан анық аңғарамыз. 
Көркем бейнелеудің фонында алынатын бірер детальдың юморлық, 
ирониялық баяндау діңгегіне айналуының мысалына «Елең-алаң» 
романындағы Кириловтың көзімен берілетін императрицаның портретін 
атауға болады: «...Салтанат залында бар асылды үсті-басына үйіп-төгіп 
жарқ-жұрқ кіріп келгенде жұрттың көзі ең алдымен императрицаның 
қолапайсыз үлкен мұрнына түсетін. Шексіз билік иесі монархтарға тән астам 
мінезбен айналасына көзі түспей шекелей қарайтын. Сонда қолақпандай 
үлкен мұрын көкке шапшыған шу асаудың алдыңғы тұяғындай шодырайып 
аспанға ілініп тұра қалушы еді. Соның өзі-ақ мәрмәр залдың, хрусталь 
шамдардың, асыл таж, алтын тақтың, жақұт пен меруертке малынып келіп 
отырған зиялы қауымның барлық сән-салтанатын бірден тәрк етіп 
мәнсіздендіріп жібергендей көрінетін. Ал енді, міне қасына отырып 
қарағанда тап ондай ерсі ештеңе байқалмайды екен. Рас, қорасан талап 
тастаған күлгін қызыл құж-құж бетті әдемі деп айта алмайсыз. Мынадай 
қылдырық аяқ қыл белдікті қымбат диванның мынадай батпан денені сынып 
кетпей қалай көтеріп отырғанына қайран қалмауың мүмкін емес. Алайда, 
осыншалық сұрықсыздықтың бәрін бір басына соншама үйіп-төгіп берсе де, 
тап мына әйел тап анау айтқандай адам шошырлық құбыжыққа айнала 
қоймапты. Ол әлде, қанша дегенмен, таж иесі патшалығынан ба екен?.. 
[14,33]. 
Бұл үзіндіде императрицаның қолапайсыз үлкен мұрыны күлкі 
нысанына алынып тұр. Автор «көкке шапшыған шу асаудың алдыңғы 
тұяғына» теңейтін қолақпандай үлкен мұрын мен «қорасан талап тастаған 
күлгін қызыл құж-құж бет» – қыр халқының тұрмысына етене таныс 


36 
суреттер. Мұндай ұсқынсыздықты салыстыру, шендестіру арқылы 
суреттеулермен көркем тәпсірлеп шығу портреттік мінездемеге коллизиялық 
сипат берген. Императрицаның сұрықсыз бейнесін сән-салтанатты, қымбат 
жасауға толған әсем зал мен асыл қиімдерге малынып келген зиялы қауым 
ортасының фонында алып, кереғарлықты бір шалып өтсе, қасына отырып 
қарағанда оның әлгіндей ерсі болып көрінбеуін «таж иесі патшалығына» 
меңзеп, ирониямен түйіндеп жібереді. Үлкен билік иесі патша әйелдің 
сиықсыздығының «жанынан қарағанда» ерсі көрінбеуінің ішкі астары да жоқ 
емес секілді. Биліктегі кейбір «сұрықсыздықты» сырттай сынап, одан 
тазалық пен әділдік, әсемдік пен үйлесім талап ететін сыншы пенденің сол 
биліктегіге өзі «жақындап», көзі үйреніскесін, бәрі де орынды көрініп, мидай 
араласып кететінін меңзей ме екен?!
Ә.Кекілбаевтың қарымды қаламы даланың жөргегінде тербеліп өскен 
қазақтың олпы-солпы тірлігін де, небір мінез қырлары мен дарқан табиғатын 
да сол қазақтың өз көңіліне жақын суреттермен, айшықты теңеулермен 
сипаттап, езу тартқызар ақжарқын күлкімен әдіптеп отырады. Жарқын 
құбылыс, жағымды кейіпкерлерге қатысты мұндай юморлық нышандар 
өмірдің өзінен туындап, баяндаушы субъектілік интенцияны да, авторлық 
симпатияны да көріктеп отырады. Мысалы, «Шыңырау» повесіндегі 
Еңсептің ағасы Дәржанның портретін былайша береді: «Қаба қара сақалды 
қалай болса солай қағусыз бетімен жіберген. Үлкен басына тым құрдым 
көрінетін шұнақ құлағы уда-дуда самай жүнінен атымен көрінбей қалады. 
Таңқақ танаудан шыққан дем шиыршық атқан бұйра мұртқа малтығып 
жатқандай. Әр талы сояудай қатты сақал жұдырықтай-жұдырықтай екі 
емшектің ортасын тырнай құлаған. Осынша қалың қара жыныстың үстінде 
қақ төбесіне дейін ай қасқа дөң маңдай жылтырайды. Қос иығы қанталаған 
алақан көз айналасына алақ-жұлақ қарағанмен, ештеңеге тоқтамайды; ылғи 
айдалаға лағып жүреді.» [28,366-367]. Кейіпкердің түр-тұлғасы оның мінез-
құлқын сипаттаудың бірер штрихымен толығып отырады: «...Сөз дегенді 
атымен білмейді. Үйінің ішінің де, сырт жұртқа да не тәтті, не қатты тілі жоқ. 
Қатарларынан біреу-міреу көңілінен шықпаса: «Көріңді ұрайын!» деп бір 
дүңк еткізеді де, сосын қайтып жақ ашпайды.» [28,367]. 
«Бір шоқ жиде» повесіндегі Тілеудің үйіне түсетін адай қонақты 
суреттегенде кейіпкер портретін гиперболамен әсірелей сомдайды: 
«...Жаратылыс мына мейманды жаратқанда я мынау Тілеуге ұқсап іштей 
масаттанып, я мынау Күдеріге ұқсап қырыстанып отырған түрі бар. Не де 
болса, ол онша қырнап, жонып, егеп, безеп әлек болмаған, олақ қатын иірген 
домалақтай домбалдай, доғалдай салған. Кеспектей-кеспектей екі аяғы жер-
көкке сияр емес. Бүкіл оң жақты бір өзі толтырыпты. Денесі де сол қос 
кеспектің үстіне қонжита салған зілбатпан қанар сияқты. Ал енді домбал 
денеге қондырылған домбал баста да дұрыстап мүсінделген ештеңе жоқ. 
Атшаптырым ай жазық маңдайды қиған жомарт табиғат мұрынға келгенде 
сараңдығы ұстапты. Келте мұрынға тап анадай кең танаудың керегі қанша 
еді?! Таңырайып қапты. Алақандай екі көзі өңменіңнен өтіп барады» 
[29,141]. 


37 
Жазушы шығармаларында кейіпкердің өзін-өзі сипаттауы да кездеседі. 
«Бәсеке» повесіндегі Балпан байдың портреті кейіпкердің өзі туралы ойымен 
өріліп, өзін-өзі сипаттау деңгейінде танылады, мұнда өзіндік сипат әуелі 
өзгелер туралы ой-пайымдаудан өрбіп, өз бейнесіне ауысады және бірте-
бірте оның адамгершілік қасиетін қамтып, нақты бір детальмен отбасына 
орнықтылығын, махаббатқа адалдығын дәлелдеп шығады: «Жұрты құрғыр 
сайтанмен табақтас болып қалғандай, осындай ылдым-жылдым ұры қулықты 
қайдан үйреніп ала қояды. Анада бір мұртын қағып отырып, айнаға көзі түсіп 
кетіп еді, тұсында бұ да тап жұрт үркетіндей жігіт болмапты. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет