Киматшох. Же.
Кеннет. Бұл не?
Киматшох. Жұмыртқа.
Кеннет. Бұл жұмыртқа емес. Жұмыртқа деген домалақ, сосын ақ болады. Мен тек ағын жеймін.
Киматшох. Бұл қуырылған.
Кеннет. Мен ағын ғана жеймін.
Киматшох. Өзің біл.
Кеннет. Жегім кеп тұр.
Киматшох. Жемейсің бе?
Кеннет. Жоқ.
Киматшох. Онда маған берші.
Кеннет. Жоқ, өзіме.
Киматшох. Мамам әкем өліп қалған дейді.
Кеннет. Енді не істейсің?
Киматшох. Өмір сүремін.
Кеннет. Немен?
Киматшох. Құстар қайтіп өмір сүрсе, солай да. Әкемді – сатқын дейді.
Кеннет. Сатқын деген не?
Киматшох. Өз сөзінде тұрмайтын адам.
Кеннет. Сөзінде тұрмайтынның бәрі сатқын бола ма?
Киматшох. Иә, бәрі.
Кеннет. Әкемнің өлгені рас болса, мамам жылар еді.
Киматшох. Ол жылаған жоқ.
Кеннет. Демек тірі ғой иә?
Киматшох. Демек жақында менде жаңа әке пайда болады.
Дилфизо. Енді оны жақында кеп қалады-ау деген алдамшы үмітімді үзгелі, бәрібір жеті жылдан ерте келмейтінін білгелі, кішкене тынышталып қалдым. Түрмеден тірі шыға, жоқ па, ол да белгісіз. Аман болып, босап жатса, үйге немен, қайтіп келеді? Түрмеде отырғаны үшін жұмысқа да алмайды, ал менде оның жолына беретін ақша жоқ. Өзіміз күнімізді көреміз енді. Бұрын ілініп-салынып күн көрдік, сөйтіп ары қарай да бірдеңесін қыламыз.
Күйеуімнің бауыры ерсі қылық шығара бастады. Жынды болып қалған ба? Күнде кеп алады да, отырады, кетпей. Қуып шыға алмаймын.
Бір ретте маған «әйел болсаң да, бәрін өзің істеп жүрсің, олай болмайды» деп қалғаны бар. Біреулер, «күйеуі түрмеде жатқанда, басқа еркектермен сөйлесіп жүр» дегенді шығарыпты. Қайдағы еркектер? Балаларымды бағып-қағудың ғана қамымен жүрген жоқпын ба? Бәлкім, біреу көмектесейін десе, жәрдемін қабыл алар ма едім, бірақ өйтетін кісі болса ше?
Мен туралы неше түрлі өсек жүрді, жұрт аузында. Не демеді дейсің. Күйеуімнің бауыры кеп алып, мен үшін ұялатынын, әулеттің атына кір келтіріп жүргенімді айғайлап айтып, дуалдың есігін тарсылдататын. Үйде ешкім жоқ секілді, үндемей, есікті ашпай қоямын. Бірақ, менің үйде екенімді, тығылып отырғанымды біледі.
Сол күні ол тағы келді. Мас деп ойладым да, есікті ашпадым. Дымымды шығармай отырдым. «Тағы қайда қаңғып жүрсің? Өлтіремін!» деп айғайлап жатыр, есіктің артында. Есікті сындырды да, мені ұра бастады. Еденге құлап түстім. Қорғанамын деп, біресе қолыммен бетімді жабам, біресе ішімді. «Мен туралы жұрттың айтқаны өтірік. Мен ештеңеге кінәлі емеспін! Ұрма!» деп жалынып жатырмын. Кимат естіп қойып, жүгіріп кеп, оған тап берді. Күйеуімнің бауыры қолына пышақ алып, ішіне ұрып кеп жіберді.
Орнымнан атып тұрғаным сол еді, менің тамағымды тіліп жіберді. Тура қойды бауыздағандай. Тамағымды ұстап едім, ыстық қан атқылап, мойнымнан төмен қарай ағып жатыр екен. Киматтың «мама, мама!» дегенін ғана естідім...