Кимат. Модарҷон!
Ең соңында ойыма орала берген сөз: бәрі сенің кесірің, Мақсұт. Бәрі сен бізді тастап кеткеніңнен.
Қыс. Донада. Күш қалмады. Соңғы майшам лып етіп, біржолата өшті. Мынау қар да, улеген жел де, өңменіңнен өтетін қара суық та, Донадамен мәңгілік қалады. Кеннет. Же.
Киматшох. Бұл не?
Кеннет. Жұмыртқа.
Киматшох. Мен қуырылған жұмыртқаны жегенді жақсы көремін.
Кеннет. Бұл кәдімгі жұмыртқа. Мен ағын ғана жеймін.
Киматшох. Мен бәрін жей беремін.
Кеннет. Жегің келе ме?
Киматшох. Иә.
Кеннет. Мен сарысын жемеймін.
Киматшох. Онда маған берші.
Кеннет. Мамам әкем өліп қалған дейді.
Киматшох. Енді не істейсің?
Кеннет. Өмір сүремін.
Киматшох. Немен?
Кеннет. Құстар қайтіп өмір сүрсе, солай да. Әкемді – сатқын дейді.
Киматшох. Сатқын деген не?
Кеннет. Өз сөзінде тұрмайтын адам.
Киматшох. Сөзінде тұрмайтынның бәрі сатқын бола ма?
Кеннет. Иә, бәрі.
Киматшох. Әкемнің өлгені рас болса, мамам жылар еді.
Кеннет. Ол жылаған жоқ.
Киматшох. Демек тірі ғой иә?
Кеннет. Демек жақында менде жаңа әке пайда болады.
Донада. Бәрі күйеуімнің қашып кеткенін сөз қыла бастады. Бірге жүрген, жақтастарын сатып кетті, сол үшін де іздеу салып жатыр дейді. Жаңа патшаны құлату үшін бұрынғы патшаның баласымен бірігіпті деседі.
Олай болуы мүмкін емес. Қазіргі патшамен ешқашан қастасқан емес ол. Керісінше. Жайдан-жай сатып кетуі мүмкін емес. Егер сатып кеткені рас болса, демек ол бізді де сатып кетті деген сөз. Бізді тастап, өзі қашып кетті. Хайуан да олай істемейді ғой. Өз үйірін тастап кетпейді. Енді өзіміз өмір сүреміз. Бұрын қалай күн көрдік, солай бірдеңе қыламыз.
Бейтаныс біреулер келетін болды. Бір күні үйге бейтаныс біреу кіріп келді де, тезірек қашуың керек деді. Үйде қалсаң, өміріңе қауіп төнеді деді. Қорқып кеттім, бірақ қаша алмайтынымды түсіндім. Қайда, не үшін қашатынымды білмедім. Жаман ештеңе жасағаным жоқ. Ешкімге зияным тиген жоқ.
Күйеуім жасаған шығар. Сатқын болса, сатқын шығар. Оған мына бейуаз біздің не қатысымыз бар? Әрине, егер күйеуімді өлтірмек болса, біздің де көзімізді құртуы мүмкін екенін түсіндім. Ешкімге зиянымды тигізбей, тек жақсылық жасауға ұмтылатын ақ пейілім менің отбасымды бәле-жаладан, жамандықтан сақтайды дегенге соңына дейін сендім. Сақтамады. Бұл әлемде тек жауыздық қана бар екен және үнемі жақсылықты жаншып отырады екен.
Олар екеу еді. Күйеуімнің қайда екенін сұрады. Мен қайдан білемін? Қаншама уақыттан бері оның түрін де көрмедім ғой. Күйеуімді сыртынан боқтап жатыр, айыптап жатыр. Күйеуіме өзімнің де өкпем бар ғой, бірақ әлгі екеуі артық кетті. Сосын маған тіл тигізе бастады. Соның бәрін Кеннет естіп қойып, әкесі мен шешесінің ар-намысы үшін екеуіне бас салып еді, екеудің біреуі оның ішіне пышақ сұғып алды.
Орнымнан атып тұрғаным сол еді, менің тамағымды тіліп жіберді. Тура қойды бауыздағандай. Тамағымды ұстасам, ыстық қан атқылап, мойнымнан төмен қарай ағып жатыр екен. Кеннеттің «мама, мама!» дегенін ғана естідім...
Кимат. Màthair!
Ең соңында ойыма орала берген сөз: бәрі сенің кесірің, Макдуф. Бәрі сен бізді тастап кеткеніңнен.
Кез келген, тіптен ұзаққа созылса да, қыстан соң, әйтеуір көктем келеді. Бадам міндетті түрде гүлдейді. Күндердің күнінде Дилфизо сені әйтеуір кешіреді, Мақсұт.
Кез келген, тіптен ұзаққа созылса да, қыстан соң, әйтеуір көктем келеді. Жаңғақтал міндетті түрде гүлдейді. Күндердің күнінде Донада сені әйтеуір кешіреді, Макдуф.