Шапан
– қазақ үшін өте сыйлы киім.
Оны
қалың матадан қазақтың ою-
өрнегін салып, астарлап сырып тігеді.
Қазақтар оны «жағалы киім» ретінде
бағалайды. Адамға «шапан кигізу»,
«иығына шапан жабу» – үлкен құрмет.
Бұрындары хандар батыр, би, жақсы –
жайсаңдарына дәреже бергенде соның
белгісі ретінде арнайы тіктірткен
шапанды олардың иығына жапқан,
түрлі мемлекеттік қатынастарды бекіту
белгісі ретінде де шапан жіберетін
болған. Қазақта ат мінгізіп, шапан
жабу дәстүрі қазірде бар.
Гиннеске кірген қазақ батырының тоны
Тарихи деректерге қарағанда, Қуандық батыр Алтай өңірінде
1727-1816 жылдар аралығында
өмір сүрген. 1745-1746
жылдары моңғол батырын жекпе-жекте өлтіріп, басын кесіп
алған.Аумалы-төкпелі нәубет заманда батырдың елін-жерін
қорғау жолында көрсеткен ерлігіне дән риза болған 12 Абақ
керей елі оның иығына осы оқалы тонды жауыпты. Қасиетті
мұраны қазақтың қолынан өнер тамған 13 шебер әйел 90 күн
ішінде тігіп шыққан екен. Оқалы тон бұғы маралының иленіп,
өңделген 68 парша бөлек терісінен ойыстырылып тігіліпті.
Оны қарағайдың қанық бояулы кері қызыл қабығымен бояп,
екі өңірінің алдына құндыздан жорын ұсталыпты.
Бұл 300 жылдық тарихы бар қазақтың асыл тоны Қытайдың
мемлекеттік 1-дәрежелі мәдени мұрасы ретінде Шынжаңның
Буыршын аудандық мұражайында сақталулы тұрған, қазір
Гиннесс рекордтар кітабына енген.