Зерттеу жұмысының нысаны: 5-11-сыныптардың әдебиет оқулықтары
Зерттеудің әдіс-тәсілдері: Дипломдық жұмыста сипаттау, салыстыру, стилистикалық талдау, жинақтау, топтау, баяндау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеудің дереккөздері: Р.Сыздық, Д.Әлкебаева, С. Рахметова, Ә. Исабаев, Қ. Бітібаева, Ф. Оразбаевалардың еңбектері әдістемелік талдау және ғылыми тұжырымдар жасауға негіз болды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы: Зерттеу барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдар әдістеме саласының ерекшелігімен жақынырақ танысуға, әдебиеттану ғылымының теориялық тұрғыдан толыға түсуіне үлес қосады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы: Зерттеу жұмысында алынған нәтижелер мен қорытындылар филология және журналистика факультеттерінде «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «Әдебиеттану», «Стилистика», «Тіл мәдениеті», «Журналистік шеберлік» сынды пәндер мен арнаулы курстарда қосымша материал ретінде пайдалануға, сондай-ақ дипломдық жұмыста талданған практикалық тұжырымдарды халыққа ұсынушы мамандар мен шығармашылық топтарға кәсіби сын немесе орынды кеңес ретінде ұсынуға болады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Мектеп оқушыларына әдебиетті тұңғыш қашықтықтан оқытудың және бағалаудың заманауи әдістемелік кешенін жүйелеу – зерттеу жұмысымыздың жаңалығы.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ
1.1 Қашықтықтан оқыту технологиясының білім мазмұнына ену алғышарттары
Адамзат тарихында ХХІ ғасыр «төртінші өнеркәсіптік революцияның», ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Цифрлық тенденция дамыған елдерде қоғамның барлық салаларында бірдей қолға алынуда. Бұл дегеніміз – жеке тұлғаның білім-бәсекесін, қажеттілігін, құндылығын, мақсатқа бағытталған іс-әрекетін заманауи, әрі тиімді басқаратын жаңа кешенді құрылым. Қазақстан да аталмыш тенденцияға озық үлес қоспаса, қалып кеткен емес. Осы орайда тұңғыш президентіміз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында Қазақстанның 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылудың негізгі тірегін цифрлық технология деп атап көрсетті [1]. Жолдауды жүзеге асыру барысында елімізде «Цифрлы Қазақстан» атауымен жаңа бағдарлама құрылды. Бағдарлама мемлекеттің ғана емес, адамның прагматикалық тұрғыдан дамуына атсалысады.
Аз уақыт ішінде бізді қоршаған ортаның барлығы цифрлық технологияға ауысқан. Айталық, электронды банк қызметі, электронды кітаптар, онлайн инфроқұрылым қызметтері, «e-gov» халыққа қызмет көрсету орталығы, ақпарат алмасуға арналға түрлі әлеуметтік желілер, қашықтықтан оқыту платформалары, т.б.
«Цифрландыру» саясатын жүзеге асыруда АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Ұлыбритания, Канада, Оңтүстік Корея, Германия секілді әлемнің алпауыт елдері көш бастайды. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Қазіргі таңда қазақстандықтардың «цифрлық технология» бойынша білім деңгейі 70 пайызды құрайды. 2021 жылдың аяғына дейін 80 пайызға, 2030 жылға дейін 95 пайызға дейін жетілдіру үкімет тарапынан жоспарланған [3, 35 б.].
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуды көздейді: 1) шет аймақтарға интернет желісін тарату; 2) барлық салаларды цифрлық технологияға көшіру; 3) мемлекеттік ұйымдарды цифрландыру; 4) IT мамандарын даярлау. Аталмыш бағыттардың сәтті икемделуі білім берудің жаңа жүйеде реформалануымен тікелей байланысты.
Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақты тәрбиелеп өсіруде оқу үдерісінде цифрлық технологияны қолданудың маңызы зор. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында «Біз «білім-ғылым-инновациялар» [2] үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз» деп бүгінгі білім индустриясының басты ерекшелігін атап өтті. Расында, технологиялар күн санап дамуда, соған сәйкесінше оқу үдерісінің мазмұнына қойылатын талаптар да өзгеруде. Қазіргі уақытта мұғалімнің басты қызметі – білімді түбегейлі үйрету емес, оқушыны өз бетінше үйренуге, іздеуге дағдыландыру, сыни ойлау тұрғысынан тәрбиелеу, жаңа ақпаратты игеруге бағыттау. Осы қағидалар негізінде ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетіп қана қоймай, білім беру жүйесін жаңаша құруға мүмкіндік беретін заманға сай білім берудің жаңа моделіне қажеттілік туындады.
Қоғам дамуының қазіргі кезеңі бүкіл адамзат қызметінің барлық салаларына енетін, дүниежүзілік ақпараттық кеңістікті қалыптастыра отырып, қоғамда ақпараттық ағындардың таралуын қамтамасыз ететін цифрлық технологиялардың күшті әсер етуімен сипатталады. Бұл процестердің ажырамас және маңызды бөлігі білім беруді цифрландыру болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда әлемдік ақпараттық-білім беру кеңістігіне енуге бағытталған жаңа білім беру жүйесі қалыптасуда. Бұл үдеріс қазіргі заманғы техникалық мүмкіндіктерге сәйкес оқушының ақпараттық қоғамға үйлесімді енуіне ықпал етуі керек. Оқыту технологияларының мазмұнындағы түзетулер білім беру процесінің педагогикалық теориясы мен практикасындағы елеулі өзгерістермен қатар жүреді. Білім саласындағы осындай оң өзгерістер оқытудың тиімділігін едәуір арттыратын интегралды білім беру процесінің ажырамас бөлігі – қашықтықтан оқыту технологиясының пайда болуына ықпал етті. Қашықтықтан оқыту технологиясының оқу үдерісіне ену алғышарттарын 1-сызбада көрсеттік
Қашықтықтан оқыту – оқытушы мен оқушының жанама қатысымына негізделген сандық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын оқытудың жаңа технологиясы.
Қашықтықтан оқытудың алғашқы қадамдары ХІХ ғасырдың басында Англиядан бастау алды. Стенография мұғалімі оқу бағдарламаларын және үй тапсырмаларын электронды пошта арқылы жүзеге асырған, яғни оқытушы жаңа тақырыптың материалдарын алдын ала жібереді, белгілі бір уақыт ішінде оқушылар кері байланыс береді. Осылайша бұл үрдіс оқытуды жеңілдетті, әрі оқушының өз бетінше білім алуына, ынталануына ықпал етті. Кейін бұл әдіс Америка мен Еуропаның біртқатар елдерінде тәжірибеден өткізіле бастады. Электронды пошта арқылы оқытуды жүзеге асыру идеясы бірнеше мемлекеттерде танымал болып, әртүрлі дін, ұлт, әлеуметтік жағдайдағы адамдарға білім алуға жол ашты.
ХХ ғасырда әлемдік оқыту үдерісінде электронды поштаның бәсекелестері пайда болды. Радио және теледидар көмегімен оқу мазмұнына қатысты түрлі пікірталастарды, лекцияларды тыңдап, бейнематериалдарды, деректі фильмдерді көруге мүмкіндік туды.
Қашықтықтан оқыту технологиясы цифрлық технологияның дамуы себепті қоғамның барлық салаларына бірдей енді. Дегенмен алғашқы баспалдағы білім саласында қаланды. Кешегі пандемия кезінде қоғамдық жиналыстар, маңызды кездесулер, түлектердің аттестациясы, медициналық көмек, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдары, барлығы дерлік онлайн режимге ауысты.
Оқу бағдарламасына қашықтықтан оқыту технологиясын енгізудің алғышарттары
Білім беру жүйесіндегі өзгерістер
Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы
Қоғамдағы саяси-экономикалық реформалар
Көрнекілік құралдар
Білім беру мазмұнын реттейтін құжаттар
Оқу ресурстары
Интерактивті тақта;
Интерактивті қалам
Аудио;
Видео;
Электронды ойындар
Электронды күнделік
Қашықтықтан оқыту технологиясы Қазақстанда екі мыңыншы жылдардың басында қолданысқа ене бастады. Қашықтықтан оқыту технологиясы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылғы бекітілген № 169 «Оқу үдерісін қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде ұйымдастыру» бұйрығы [4, 41] арқылы жүзеге асырылады. Қашықтықтан оқыту технологиясы ЖОО, кәсіптік білім беру мекемелерінде белгілі бір құрметті себеп негізінде ұйымдастырылып жүрді де, мектептің білім жүйесінде пандемияға дейін ешбір белгілері болмады. Яғни оқушы сабақтан ауырып қалса, бүгінгідей синхронды немесе асинхронды форматта білімді уақытылы қолдана алмайды.
Қашықтықтан оқыту технологиясының концепциясын толық түсіндіру үшін әуелі дәстүрлі оқыту технологиясымен салыстырып көрейік. Оның нәтижесі 1-кестеде берілген.
Кесте 1
Қашықтан оқыту және дәстүрлі оқыту технологиясының салыстырмалы кестесі
Достарыңызбен бөлісу: |