Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: филология



бет16/39
Дата10.12.2023
өлшемі219,8 Kb.
#136567
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   39
Байланысты:
Диссертационная работа Косыбаева М.М.

«Ұмай текті анам қатынның құтына (бағына) інім Күлтегін ер атанды» [182, 31 б.] деген сөйлемнен түркілердің ананы, дүниеге ақылды да айбынды ұл алып келген хан əйелдерін ұмайға теңегенін көруге болады. Ал біздің зерттеу нысанымыз «Диуани лұғат-ит-түрікте» umay лексемасысы «ана босанғанда құрсағынан шығатын нәрсе» деп беріліп, Umayga tapınsa оγul bolur « Ұмайға табынса ұл болар» деп, əйелдердің мұны жақсылыққа жоритыны сөз болған [10, T.1, 153 б.]. Бұдан XI ғасырдағы «Əйел-Ана» тілдік моделі көне түркілік дүниетанымының негізі «Ұмай - Анадан» бастау алғанына көз жеткіземіз. Қазақ тіліндегі Ұмай анаға сыйынып, əйелдің толғағы жеңіл болып, өмірге сəби аман- есен келсін деген ниетпен «Ұмай ана жар болсын!», ауырған жас баланы емдерде «Ұмай ана шипа берсін!» , ұлын сапарға аттандырған ана оң сапар тілеп «Ұмай анаға тапсырдым» деген сынды тілдік бірліктер Ұмай ана феноменінің қазақ халқының дəстүрінде де жалғасын тапқанына дəлел. Ескерткіш тілінде ана мағынасында uma лексемасы көрініс тапқан. Бірақ М.Қашқари аталған лексеманы түбіт тілінде екенін атап көрсетеді [10, T.1, 121 б.]. М.Қ. Ескеева ұмай мифониміне негіз болған архитүбірді анықтау барысында «Жалпы түркі тілдеріндегі «үлкею», «көбею», «өсу», «ұрпақ тарату», «жалғасу» т.б. семаларын сақтаған сөздердің тұлғасында сəйкестіктердің болуы *ur/*ür≈*uɣ≈*üg≈*um/üm≈*ul/*ül моносиллабтарын гомогенді тұлғалар ретінде қарастырып, ортақ ілкі түбірі «ұрпақ əкелу, көбею, жалғасу, өсу т.б.» мазмұнын сақтаған u/ü тұлғасы екенін ажыратуға мүмкіндік береді» деген пікір айтады [102, 288 б.]. Яғни М.Қашқари атап өткен түбіт тіліндегі ана мағынасындағы «uma» лексемасы жəне қазіргі араб тілінде «ана» сөзі um деп көрініс табуы ортақ ілкі түбірі «ұрпақ əкелу, көбею, жалғасу, өсу т.б.» мазмұнын сақтаған түркілік u/ü тұлғасының басқа тілдердегі көрінісі деп болжауға болады.
Жəдігерде əйел баласына қатысты ең көп кездесетін лексема uragut. uragut bošandı «әйел ажырасты» [52, T.2,142 б.], uragut beglendi «әйел үйленді» [52, T.2,239 б.], uragut bezendi «әйел сәнденді»[52, T.2,142 б.] деген нұсқаларда кездесетін аталмыш лексема жоғарыда атап өткен көне түркіден келе жатқан *u тұлғасынан туындаған *ur моносиллабынан жасалып «жалпы тіршілік иесінің дүниеге келуі, өсіп өркендеуі» семасын көрсетеді.
Кез келген əйел-ананың өмірлік талпынысы ретінде отбасының татулығы мен адамдығы жалпы алғанда қоғам ұмтылысына сай келеді. XI ғасырдағы əйел-ана қандай да бір тіршілік саласына белсене араласа отырып, қоғамның рухани-имандылық тұрғыдан дамуына жəне қоғамдық қатынастарды жарасымды ету үрдісіне зор үлес қосуға қабілетті болған.
Көне түркілерде жоғары өкімет құқығына тек қаған емес, сонымен бірге оның əйелі де ие болғанын, сондай-ақ олардың руларының қағандық жəне катундық болып бөлінуіне алып келгенін түркітанушы Ю.А.Зуев атап өтеді [183, 81 б.]. Көне түркі ескерткіштерінде katun түрінде кездесетін лексема,
«Диуни лұғат-ит-түрік» тілінде де katun деп ешбір семантикалық өзгеріске ұшырамай «Афрасиабтың қыздарына лайықталған атау» деп берілген [10, I
,470 б.]. Оған қоса сөздіктен шахзадалар мен Афрасиаб əулетінен болған ханымдарға, олардың ұлық-кішік балаларына қатысты айтылатын tarım лексемасын көруге болады. Жəдігерде «Хақан хандарының ұлдарынан басқаларға қаншалықты жоғары мәртебелі болса да бұл сөз қолданылмайды, лайық емес. Хан әулетінен болған әйел затына лақап ретінде аltun tarım
«алтын тарым» деген сөз қолданылады» деп берілген [10, T.1, 454 б.]. Байқағанымыздай аltun tarım лексемасы хан əулетінен болған ханшайымдарға қолданылған. М.Қашқари išler лексемасы «ханымдар» дегенді білдіретін жалпы атау дегенмен, жалқы мəнде де қолдана беретінін айтады. Мұның аталуының ұзақ хикаясы бар деп бірақ түсіндірмейді [10, I ,147 б.]. Балалар аnakı «анашым
» [10, T.3, 153 б.;]дейтін болса, өгей ана үшін де жоғарыда атап өткеніміздей ögey ata, kaŋsık ata сияқты ögey ana, kaŋsık ana тіркестері қолданылады [10, T.3, 383, 11 б.].
М.Қашқари заманында бой жеткен əйтсе де тұрмысқа шықпаған қыз үшін жалпы түркілік kız лексемасы қолданылғанын ескерткіш тіліндегі meniŋ kızım
«менің қызым», ev kızı «үй қызы, үйде отырған қыз» тіркестерінен көруге болады [10, T.1, 385 б.]. Байырғы қазақ қоғамында қыз бала бір ғана шаңырақтың қызы ғана емес, түгелдей бір əулеттің, ауылдың қызы болып есептелген. Сол себепті қыз бір ғана шаңырақ шеңберінде емес, əулеттің тəрбиесін көріп өсіп əулеттің көркі болған. Ал ата анасының қолынан шығып, ата-енесінің босағасын аттаған қалыңдық ескерткіш тілінде жалпы түркілік kelin лексемасы арқылы берілген [10, T.1, 464 б.]. Дж. Клосон kelin сөзін отбасыға бір адамның келіп қосылуына байланысты kel- етістігінен туындағанын сөз етеді [68, 719 б.]. М.Қашқари Kizlenčü kelinde «Жасырылған келінде» деген мақал беріп, оны «жасырылыған нәрсе келінде болады, өйткені ол жақсы нәрсені жасырып, еріне сақтап қояды» деп түсіндіреді [10, T.3, 326 б.]. Қазақ халқы келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, оны əулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп таныған.
XI ғасырда құқықсыз əлеуметтік топқа кіретін, басында еркі жоқ əйел заттарының яғни күңдердің болғаны белгілі. Күңдер қыз баласы болғандықтан cөздіктен kız жəне көпше түрде яғни күңдер мағынасында kız-kırkın лексемаларын көруге болады [10, T.1, 384 б.]. М. Қашқари Оғыз, Қыпшақ, Суварлар күң мағынасында yalŋuk лексемасының қолданғанын [10, T.3, 513 б.] жəне бұдан басқа иабақу, қой, жұмұл, басмыл, оғыз, иемек жəне қыпшақ тілдерінде «күң» мағынасында kırnak cөзінің кездесетінін айтады [10, T.3, 533 б.]. Жалпы бұл лексемалардан бөлек тілімізге ешбір өзгеріссіз жеткен küŋ сөзінің қолданыста болғанындығын байқаймыз [10, T.3, 482 б.]. Э.В. Севортян küŋ лексемасын барлық жазбаларда «рабыня, невольница» мағыналарын беретінін сөз етіп, түркімен тілінде «гүң» сөзі «туркмен мать которого персиянка», өзбек тіліне парсы тілінен енген «гунг» лексемасы «немой, глухонемой; безгласная рабыня» мағыналарын беретінін атап көрсетеді [177, 142 б.]. Оларға Шын жібегінің бір түрінің атауымен еркелетіп kačač [10, T.2, 412 б.] деп немесе yinčü «інжу», yinčke kız «жіңішке қыз» деп ат бергенін сөздіктен кездестіруге болады [10, T.3, 43 б.]. Қазақ қоғамында күңдер
байлардың шаруашылықтарында кездескен. Қазақтар құлдар мен күңдерді көбінесе өзге ұлт өкілдерінен сатып алған. Бұл жайында А.Хорошкин:
«Қызылқұмдағы қазақ байлары түркімен байларынан ауғандық құлдар мен күңдер сатып алып отырған», – деп көрсетеді [184, 295 б.]. Сонымен қатар, рулық тұрмыс кешкен қазақ қоғамындағы ауқаттылар қол астындағы күңдердің ішіндегі сұлу, əрі бала табуға қабілетті жастарымен көңіл қосып, жеке отау етіп шығарған кездері де кездескен. Мұндай сирек ұшырасатын көңіл қосу жосыны байдың некелі əйелі ұзақ уақыт бала көтермей жүрген жағдайда кездесіп, «Аяқ салу» деп аталған. Бай күңнен бала сүйсе, əйелдің күң аты жойылып, əлеуметтік мəртебесі басқа əйелдермен теңестірілген.
Орта ғасырда түркі халқының əйелге байланысты ұғым-түсініктері, қалыптасқан көзқарасы ғасырлар бойғы өмір тəжірибесінде түйінделіп, елеп- екшеліп, сұрыпталудан өткен халық даналығының мəйегі – ескерткіш тіліндегі мақал-мəтелдерде сақталған. Ескерткіште Ersek erge tegmes, evek evge tegmes
«Ерсіреген ерге тимес, асып-әбдіреген (ұшқалақ) үйге жетпес» [10, T.1, 135 б.] деген мақал беріліп, М.Қашқари «Ерге шықсам деп алып-ұшқан бұзылған қатын ерге тие алмайды, өйткені ұшқалақтықтан қажетті шарттарды, жағдайларды есепке алмайды» деп ой қорытады. Бұл қазақ түсінігіндегі қыз баланың жүріс-тұрысынан бастап дауыс ырғағына дейін мəн беріп биязылыққа, инабаттылыққа тəрбиелейтін «қызды қырық үйден тыю» концепциясына сай келеді. Əйел баласының негізгі сұлулығы жүзде емес, жүректе екенін көрсететін, ердің жар таңдауда бет жүзіне, шырайына қарамай, қадір қасиетіне, ақыл-парасатына көңіл бөлу керектігі сөздікте Yüzge körme erzem tile «Жүзге қарама , қасиет тіле» деп берілген [10, T.2, 18 б.]. Сонымен қатар ескерткіш тіліндегі «Əйел» концептісінің көрінісін мына мақал-мəтелдер аңғартады: Ötlüg yinšü yerde kalmas «Тесік інжу жерде қалмас» [10, T.3, 43 б.]; Emiklig uragut kösekši bolur «Емізікті әйел тәбетті болар » сондықтан оған қалаған тамағы беріледі [10, T.1, 184 б.]; Tünle bulıt örtense ewlük un keldürmišše bolur, Taŋda bulıt örtense evge yagı kirmimišše bolur «Түнде бұлыт өртенсе, қатыны ұл туғандай болар, Таңда бұлыт өртенсе, үйге жауы кіргендей болар» [10, T.1, 297 б.]; Kılnu bilse kızıl kizer, yaranu bilse yašıl kizer «Қылынайын десе қызыл киер, жарасайын десе жасыл киер».Əйелдердің еріне əдемі, қылықты көрініп, жақын сұхбаттасқысы келсе қызыл қырмызы жібектен киім киетінін, ал қошеметтеп назданып, жарасайын десе жасыл жібектен киім киетінін сөз етеді [10, T.1, 453 б.]; Kız birle kürešme, kısrak birle yarıšma «Қызбен күреспе, қысрақпен жарыспа» бұл хақандықтардың қыздарының бірі неке түні Сұлтан Масғұтты аяғымен шалып жыққаннан кейін, хақандықтардың Сұлтан Масхұд туралы шығарған мақалы [10, T.1, 534 б.].
«Диуани лұғат-ит-түрік» тіліндегі əйел концептісіне қатысты тілдік бірліктердің этлингвомəдени мазмұны орта ғасырлық түркілер танымындағы əйел баласының орны ерекше болғандығын айғақтай түседі.


    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет