«Ер адам» концептісінің ескерткіш тіліндегі көрінісі
«Ер адам» концептісі барша халыққа ортақ концепт болғанымен, əр халықтың менталитетіне, дүниетанымына, болмысына орай оның концептосферасы айқындалып отырады. Еркек атаулыны сипаттауда оның жас ерекшелігі, отбасындағы орны, əлеуметтік орны, туыстық байланысына қарай атаулары да əртүрлі лексемалармен беріледі.
Ескерткіш тіліндегі еркек атаулыны сипаттауда оның жас ерекшелігі, отбасындағы орны, əлеуметтік орны, туыстық байланысына қатысты атаулар əртүрлі лексемалармен берілген. Ескерткіш тіліндегі «ер адам» тезаурсын түзетін er «ер», yigit «жігіт», oɣlan «ұл бала», ata, dada «əке», beg «бек», alpagut «алпауыт, батыр»,küzegu «күйеу жігіт»,han «хан», сөздері «еркек – ұл»,«еркек – жігіт», «еркек – ер», «еркек – күйеу жігіт», «еркек–батыр», «еркек – ел билеуші», «еркек – әке», «еркек – ата», «еркек – баба» когнитивтік тілдік модельдерін құрайды.
Сөздікте еркек атаулысы жалпытүркілік er лексемасы арқылы көрініс тапқан [10, T.1, 64 б.]. Сөздің *ur моносиллабы арқылы жасалғанын ғалым М.Қ.Ескеева гомогенді түбірлердің архитипінде оппозициялық семалардың орныққандығын көрсете «er моносиллабы *u тұлғасы негізінде емес, оны біршама жетіліп, жаңаланған тұлғасы *ur моносиллабы арқылы жасалған. Бұл жерде u дыбысының е дыбысына тікелей ауыса алмайтынын есте ұстау қажет, көне түркі тіліндегі е дыбысы мен қысаң і дыбыстары өзара ауысуға бейім дыбыстар екенін негізге ала отырып, u ≈ e сəйкестігін u/ü ≈ o/ö ≈ ı/i ≈ e/ä/a тізбегінің аясында қарастырған жөн» деп, фоносемантикалық даму барысында жалпы «көбею, өсу, ұрпақ тарату» мəнінде қолданылған *ur моносиллабының бастапқы аналық негізі ұрғашы лексемасы ер/еркек лексемасына арқау болғанын айтады [102, 301 б.]. Э.В.Севортян жалпы түркілік erkek сөзінің мағыналарын талдай отырып, «Центральным среди приведенных значений следует считать самец/ особ мужского пола и названия конкретных разновидностей самцов в животном мире» деп көрсетеді [174, 298 б.]. Ер азаматтың бойындағы күш-қайрат сапасы «ер – батыр» сөзінің дифференциал семасын айқындайды.
Байырғы түркі қоғамында бес қаруды – атыспақ, шабыспақ, сайыспақ, салыспақ тəрізді əскери өнерді жете меңгерген, ат құлағында ойнайтын, дене тəрбиесінен өткен, сондай-ақ елдік мүддені жоғары қойған, ел намысын таптатпау тəрізді рухани тəрбие көрген қарулы жайсаң жігіттер ерекше əскери- əлеуметтік жік ретінде қалыптасқан. Елдікті қорғайтын, басқыншылыққа тойтарыс беретін мұндай жік халық тілінде ер деп аталған. Түркі халықтарында ер сөзінің білдіретін мағынасы «ерлік» ұғымымен ұштасып жатады. Жəдігерде батырлық пен мəрттік, қаһармандық пен жаужүректік erlik лексемасы арқылы көрініс тапқан [10, T.1, 135 б.]. Академик Ə.Марғұлан «Қорқыт ата» жырында оғыз бен қыпшақтарда т.б. түркі тайпаларында ұлан белгілі сыннан өткенше, бірінші ерлік ісін көрсетпейінше оған ат қойылмағанын 12-14 жасқа дейін шартты атпен жүргенін немесе көрсеткен ерлігі мен жау жүректігіне орай оның есіміне батыр, ер, қабылан т.б. түрлі эпитет қосылып айтылатынын сөз етеді
[184, 61 б.]. Ескерткіш тілінде кездесетін түркілердің билеушісі Alp er Toŋa жалқы есімі ғалым Ə.Марғұлан сөзін растай түседі [10, T.1, 70 б.]. Батырлардың жасаған ерлігіне байланысты ер сөзінің қоса айтылуы қазақ халық ауыз əдебиетінде Ер Төстік, Ер Тарғын, Ер Қосай, Ер Көкше т.б. көптеп кездеседі. Көне түркіден бастау алып, орта ғасырда дəстүрлі жалғасын тапқан er полисемантизмінің «жаужүрек, батыр» ұғымы дəстүрлі қазақ қоғамында ерекше танымдық мəнге ие. Оған тіліміздегі Ер болды (Батыр, күшті, қуатты болды); Еркелбетті (Сырт келбетіне көз тойғандай, кесек тұлғалы); Ер көкірек (Намысшыл, өр мінезді, айбатты); Ер көңілді (Батыр мінезді, көңілшек), Ер мінезді (Өжет батыр) т.б. тұрақты тіркесетер дəлел бола алады. Сонымен қатар ер сөзі ұйытқы болған «Еркек – ер азамат, ел қорғаны» жалпытүркілік тілдік моделіне қазақ тіліндегі «Ер елімен жақсы, жер кенімен жақсы», «Ер атағын ел сақтар, ел үмітін ер ақтар», «Ер қаруы – бес қару», «Дау мен жау – ерге сын, көшіп қонбақ – елге сын», «Алыс жол атты сынайды, ауыр жол ерді сынайды» т.б. мақал-мəтелдерін жатқыза аламыз.
Сөздікте жау жүрек батырларға alpagut лексемасы қолданғандығын көруге болады. Жырда: Buzraš yeme kudurdı; Alpagutın özürdi; Süsin yana kadırdı; Kelgelimet irkešür «Бұзраш тағы құтырды; Алпауытын таңдады; Қосынын қайта қайырды; Келмек үшін топтанып» (Йабақы тайпасының бегі Бұзраш тағы құтырды, алпауыт батырларын таңдап іріктеді, топтанып алып келмек үшін, əскерін қайта қайырып алды.) деп берілген [10, T.1, 174 б.]. Лексеманың шығу төркіні «герой, смелый, великан» мағынасындағы жалпытүркілік alp тұлғасынан пайда болғанын көреміз [174, 139 б.]. Қазақ тілінде алғашында адамның сыртқы түр сипатына байланысты үлкен, зор денелі, ірі тұлғалы батыр адамдар үшін қолданылған алпауыт лексемасы кейін келе дəстүрлі ортада қолында мыңғырған малы мен билігі бар, атақты бай адамдар үшін, ірі жер иесі феодалдар мен саяси жəне экономикалық билікке ықпалы бар, қолында ірі капитал шоғырланған аса меншік иелері үшін де қолданылды. Қиын қыстау заманда елдің, халықтың күші тəуелсіздігі ер жүрек батырларына байланысты болғандықтан, орта ғасыр түрктері олардың ерлігін дəріптеп, лақап аттармен атаған. Мəселен ескерткіш тілінде батырларға қойылатын лақап аттың бірі sökmen деп беріліп, М. Қашқари жаудың сапын, қатарын бұзушы деген мағынада екенін сөз етеді [10, T.1, 503 б.]. Батыр жігіттерді құстың атауымен де яғни lašın деп те атайтын болған [10, T.1, 469 б.]. Лашын құсының өте шапшаң ұшатын, ұшып жүріп торғай, қарға, кептер, шіл, кекілік, бұлдырық алатын жыртқыш құс екені белгілі. Соған сəйкес lašınлақап аты батырларды құстың ұшқырлығына, шал қимылына, қиып түсер қияғының өткірлігіне ұқсас іс- əрекеттерге теңеуден туындаған. Одан бөлек сөздікте соқтығатын, «соғысатын зұлымадам»yavlaktokušganerдеп берілсе, «саптыжарыпөтетінадам»šerik topulgan er [10, T.1, 578 б.], bileklig er «білекті күшті ер» деп көрсетілген [10, T.1, 569 б.].