Туыстық, некелік немесе ата-аналық қарым-қатынастардың негізі болып табылатын «Отбасы» феномені көпқырлы жəне күрделі құбылыс болып табылады. Бұл сөзімізге оның əлеуметтану, əлеуметтік психология, психология, əлеуметтік антропология, лингвистика сынды сан түрлі гуманитарлық ғылым салаларының зерттеу нысанына айналғандығы дəлел. «Отбасы» - қоғамның құрылуындағы ең бірінші əлеуметтік институт болып табылады.
Əртүлі аталатын социумдарда қалыптасқан отбасы үлгісінің өзгеше идиоэтникалық (гректің идио– «өзіндік», «ерекше» жəне этнос– «тайпа»,
«халық» сөздерінің бірігуінен жасалған, «ұлттық ерекшелік» дегенді айқындайды) сипаттамалары барын атап өткен жөн, біржағынан тарихы жəне экономикалық өзгерістер əсеріне түскіш (В.И. Добреньков, А.И. Кравченко), бір шетінен жанама болса да өзі мемлекет саясатына ықпал ете алады (Е. Todd) [165, 6 б.].
Адам баласы басынан кешірген сан-алуан қоғамдық-экономикалық формациялардың қай-қайсысы болмасын əр қилы отбасы түрлерімен тығыз байланысты болды. Тарихи деректерге жүгінсек, отбасы тəрбиесінің қалыптасуы мен дамуы алғашқы қоғамдық құрылыстан бастау алғанды. Ондағы некелер тобы рулар ішіндегі бірімен-бірі туыстар ұрпақтар жігімен бөлінетін бола тұра некелес болды [166, 14 б.]. Отбасы тарихының бұдан кейінгі даму сатысы топтық некенің ішінде жұп отбасының қалыптаса бастауымен, яғни қандас туысқандар арасындағы некелесу ғұрпына тыйым салынуына байланысты қалыптасты. Осының нəтижесінде алғашқы қауым ішінде туыстардың бірімен бірі некелеспейтін жұп отбасы дүниеге келді. Алғашқы қауымдық қоғамда өндіруші күштердің дамып, еңбек бөлінісінің шығуына байланысты қауымдық ортақ меншік орнына жеке меншіктің пайда болуы моногамиялық отбасының шығуына əкеліп соқты. Моногамияның тарихи формасы болып табылатын патриархалдық отбасының негізгі функциясы ұрпақ жалғастыру болды [167, 73 б.]. Осындай даму тарихын басынан кешірген Отбасын қоғамнан бөліп жарып қарастыра алмаймыз, себебі қоғамды құрайтын отбасы. Мысалы, «Отбасы» ұғымына Р.Н.Нұрғалиев өзінің философиялық сөздігінде «Отбасы – əлеуметтік қауымдастықтың түрі, яғни ерлі зайыпты одаққа жəне ері мен əйелінің, ата-аналар мен апа-қарындастардың, бірге тұрып, ортақ шаруашылық жүргізетін туыстардың арасында сан-алуан қатынастарға негізделген жеке тұрмысты ұйымдастырудың формасы», – деп сипаттама берсе, Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаевтар «Отбасы – ол бірге тұратын некеге негізделген қандас туыстар тобы»,- деп анықтама берді [168, 188 б.].
М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» шығармасы тілінен орта ғасыр түркілерінің отбасы жəне туыстық қатынастар жүйесі туралы таным-түсінігін сипаттайтын тілдік бірліктер жиі кездеседі.