2.5. Некелесу мен тойлау дәстүрінің тілдегі көрінісі
«Диуани лұғат-ит-түрік» ескерткішін зерделей отырып, XI ғасырда түркі халықтарында некелесудің ең негізгі түрі – қалыңдықты қалыңмал төлеп сатып алуға негізделген құдалық арқылы неке құру болғанын байқауға болады. Ескерткіш тілінде күйеу əкесінің қалыңдық үшін қыз əкесіне берілетін малы ешбір өзгеріссіз kalıŋ деп берілген [10, T.3, 498 б.]. Қазақ халқы «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегенде, келешек ұрпағының тағдырын келіннің жақсы-жаман қасиеттерімен өлшеп, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, ізетті, өнерлі ибалы, текті, көргенді келін түсіруді қалаған. Текті жерден келін түсіру үшін ата-бабаларымыз малын да жанын да аямағанын жəне əрдайым ер жігіттің қалыңмал беруге дайын болу керектігін М. Қашқари Kalıŋbersekız alır, kerek bolsa kız alır«Қалың берсе қыз алар, қажет болса қымбатқа алар» деп жеткізеді [10, T.3, 498 б.]. Көріп тұрғанымыздай орта ғасыр түркі тілінде kız лексемасының қазіргі жалпытүркілік қыз мағынасынан бөлек «қымбат, құнды» мағынасы да болған. Жырда күйеу баласының қайын атасына айтқан сөзі төмендегідей көрініс тапқан:
Berdim saŋa kalıŋ Emdi munı alıŋ Emgekmeniŋbiliŋ «Бердімсағанқалың, Енді мұны алғын. Еңбегімді білгін» [10, T.3, 498 б.]. Дж. Клосон kalıŋ лексемасының мағынасын «bride price» (выкуп за невесту) деп беріп, орыс тіліндегі «kalım» сөзі түрк тілінен кіргенін сөз етеді [68, 622 б.]. Kalıŋ сөзінің шығу төркінін кalıŋ «көп», «мол», яғни «көп мал беріп əйел алу» дəстүрімен байланыстырса болады. Қазақ дəстүрінде қалыңмалдың құдаласу салтында ел ішінде орныққан үш мөлшері болған. Біріншісі – 47 байтал, екіншісі 37 байтал, үшіншісі 27 байтал. Байтал шартты мөлшер болған. Байталдың орнына түйе немесе құлынды бие болса, бір түйе 4-5 байтал, ал құлынды бие екі-үш байталдың құнына, жүз қой берсе он қой бір атқа есептелуі мүмкін болған. Дегенмен түптеп келгенде қалыңның өзегі қара мал (жылқы) болғандықтан, қалыңның құны байталмен есептелген. Н.Гродековтың материалында қара малдың мөлшері бір жиырмадан бес жиырмаға дейін жеткен деген дерек бар. Қалыңға қырық қара, жүз қой берсе, өзегі екі жиырма – қырық қара болып есептелген [193, 406 б.]. Ал орта ғасыр ескерткіш тілінен XI ғасырда қыздың қалыңы ретінде ақша немесе малдан басқа құлдың да берілгенін көруге болады. Жырда:
Tünğürkadhınbuluštı Kırkın takı koluštı Emdi tıšım kamaštı Altı Turumtayımnı –
«Қарсықұдаболысты, Күңін дағы қаласты; Енді тісім қамалды, Алды Тұрымтайымды», – деп, уəдесінде тұрмаған адам жайлы, айтқан сөзін орындамай, Тұрымтай атты құлын алып кеткені жайлы айтылады [10, T.2, 148 б.].
Қалың малды берместен бұрын əуелде жігіт əкесінің қыз əкесінен қарсы емес екенін, қалыңмалдың мөлшері мен құда түсетін уақыт жөнінде хабар алып келетін, сенім білдірген адамдары – жаушылары болған. Сөздікте екі жастың көңіл жарастырып, бас қосып кетуіне себепкер болатын -čı жалпытүркілік адамзат есімін тудырушы жұрнағы арқылы жасалған yorıgčı, sawčı, yazıgčı, arkučı лексемаларын кездестіруге болады.
Yorıgčı- құдалардың арасындағы құда түсіп барып-келіп жүрген адам [10, T.2, 68 б.]. Э.В.Севортян аталмыш лексеманың «идти, ходить» мағынасындағы yor- етістігінен туындағанын көрсетеді [178, 225 б.]. Аталмыш лексема қазіргі тілімізде жорыққа, сапарға аттанушы мағынасын беретін жорықшы формасында сақталған [192, 521 б.]. Sawčı – қыз-күйеулер, құдалар арасындағы келіп-кетіп, хат-хабар жеткізіп, елшілік жасайтын адам, елші [10, T.3, 214 б.]. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде sawčı лексемасын қазіргі қазақ тілінде жаушы түрінде сақталғанын «cөз басындағы с дыбысы кейбір түркі тілдерінде (телеуіт) д дыбысымен айтылса (d’ušı) кейбір тілдерде (башқұрт, алтай) й дыбысымен айтылады (yausı, yučı) ал ендігі бір тілдерде (қазақ, қырғыз) ж дыбысымен айтылады (жаушы, жуушы, жоошы)» деп түсіндірілген [194, 83 б.]. Құдалар арасында хат-хабар, хабар-ошар жүргізіп жүретін адам, yaz- етістігінен туындаған хатшы, жазбашы мағынасын беретін yazıgčı лексемасы арқылы көрініс тапқан [10, T.3, 78 б.]. Arkučı – екі кісі арасында жүретін адам, делдал. Тойда қыз жақ пен күйеу жақтың ортасында жүрген адамға да қатысты қолданылады [10, T.1, 171 б.]. Ескерткіш тілінен адамның өзіне тапсырылған қызметтің бабына сай yorıgčı, sawčı, yazıgčı, arkučı деп аталғанын жəне бұл лексемалардың семантикалық өрісі «сөз жеткізуші, барып айтып келуші» екенін көруге болады.