«Күндес – күнде өш», «Күндестің күні құрысын» деген сынды мақал-мəтелдер сақталған.
Қазіргі қазақ тіліндегі ұзатылған қыздың туған-туысқаны, ел-жұрты мағығасындағы törkin лексемасы М.Қашқари тілінде «ұрық-шәріп, туған туыстардың іргесін бұзбай мекендеген жері; ата-баба үйі» деп беріліп , Kız törkinige keldi «Қыз төркініне; ата анасының үйіне келді» деген мысал келтірілген [10, T.1, 500 б.]. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде төркін лексемасының негізгі «туу, өсу, өмір сүру, жаратылу, тіршілік ету, дүниеге келу» мағынасында қолданылатын төре-/төрә-/төрі-дербес етістік түбірінен жəне –кін етістіктен зат есім тудырушы жұрнақтан жасалғаны көрсетілген [194, 189 б.]. Қазақтың дəстүрлі түсінігінде ұзатылған қыз төркіндеп келсе, төркін жағы қалаған затын беруге міндетті деп есептелінген. Мұндай жағдайда қыздың барлық туған-туыстары оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, риза етіп аттандыруға тиіс болған. Төркіндеу – əр қыздың парызы жəне оның бір-ақ рет төркіндеп баруға қақысы бар. Төркіндеудің халықтық, дəстүрлік маңызы зор жəне ол əйелдерге ғана тəн ғұрып. Қазақ дəстүрінде қыз төркіндеп, күйеу қайындап, жиен нағашылап баратын болған. Ескерткіште ер жігіттің əйелінің төркініне (туыстарына) қатысты kadzın қайын лексемасы қолданылған болса, ал kadznagunқайын жұрт мағынасында көрініс
тапқан. М.Қашқари бұл лексемалар көбінесе қосарланып яғни kadzın kadznagun түрінде қолданылатынын сөз етеді [10, T.1, 587 б.]. XI ғасырда қайын жұрт ерекше құрметке ие болғанын төмендегі мақалдан көруге болады. Мақалда: Kadaš temiš kaymaduk, kazın temiš kaymıš «Қарындас (ағайын) десе қарамадық, қайын десе қарадық» деп берілген. (Бұл мақал туған қарындас, ағайындар арасында құдаларға, қайын ата-аналарға ерекше құрмет көрсетілетінін білдіреді) [10, T.1, 463 б.].
Еркек кіндікті мен əйел баласының отау құрып, үй болғандықтан кейін белгілі себептер негізінде дəм-тұзы жараспай некенің бұзылып отбасылық қатынастың тоқталуы сөздікте uragut bošandı «әйел босанды; әйел ерінен босанды, ерден шықты» деп берілген [10, T.2, 198 б.]. Одан бөлек uragut bašın yoldı «қатын басын босатты» деген нұсқаларда көрсетілген [10, T.3, 89 б.]. Жалпы байырғы қазақ қоғамында ажырасуға жол бермеуге тырысқан.
«босағаның берік, керегенің кең, шаңырақтың биік» болуын өсіп-өнген жуан ауыл, табаны жалпақ, құрығы ұзын тайпа іргелі елдіктің негізі деп ұққан. Негізінде, ажырасу əйелдің төркіні тарапынан жасалған талаптарға байланысты немесе əйелдің өзінің ауыл ақсақалдары мен ықпалды адамдарға немесе билерге шағымдануы негізінде қаралған. Егер, ажырасу туралы шағымына əйелдің мінезі арқау болса, ол шағым қабылданбай ажырасуға жол берілмеген. Бір қызығы, жəдігерде yolundı «айырылды, қатын ақы-пұл төлеп ерінен айырылды» деп келеді [10, T.3, 121 б.]. Бұл мысалдан М.Қашқари заманында ер мен əйелдің ажырасу үдерісінде тараптардың бір жағы яғни еркек не əйел өз келісімін бермесе, ақша беру арқылы келісімін алып ажырасқандығын немесе еркек мүддесінің басымдылығын яғни еркек ажырасуды қаламаса əйел белгілі бір дəрежеде ақы-пұл беріп айырылғанын көруге болады. Ерден шыққан келіншек ескерткіш тілінде kuzuz жəне tul uragut деп берілген [10, T.1, 422 б.]. Мақалда былай деп көрсетілген Yavlak tıllığ begden kerü yalŋus tul yeg «Жаман тілді бектен гөрі жалғыз тұл игі» (Зұлым жаман тілді ерің болғаннан гөрі, тұл отырған жақсы) [10, T.3, 189 б.]. Көне түркі тілінен бастау алған жалпы түркілік tul лексемасы əзірбайжан, түрік, гагауз тілдерінде dul, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдерінде tul түрлерінде қолданылады [194, 193 б.]. Бұл сөздің кең тарауына қарағанда, оның шығу тарихы ертедегі кейбір түркі халықтарының өмірінде болған əдеттермен байланыстыруға болады. Мəселен, қырғыздарда мынадай бір ырым болыпты: бір үйдің иесі өлсе, оның жесір əйелі сол өлген күйеуіне ұқсатып шүберектен қуыршақ тігеді екен де, оны тұл деп атайды екен. Осы əдет бойынша, қырғыз əйелдері сол қуыршақты, яғни тұлды, бір жыл ішінде, үйінде сақтап, оны өлген күйеуінің төсегі тұсына іліп, соған қарап күйеуін жоқтайтын болған [190, 517 б.]. Орыс ғалымы Г.Н. Потанин ертеде Іле жағалауында тұрған қазақ жəне моңғол, бурят, алтай т.б. халықтарда да осы тəрізді əдет болғанын сөз етеді [197, 699 б.]. Ненец, осетин халықтарында да бұрынғы кезде күйеуі өлген жесір əйел өзіне қуыршақ тігіп, онымен сөйлесіп, төсегіне алып, оның алдында жоқтау айтып, қайғысын білдіруге тырысқан [198, 7 б.]. Кейін бұл сөз қуыршақ атауына ауысып, жалпы «күйеусіз қалған жесір əйел» деген мағынаны білдіретін болған. Жоғарыда көрсетілгендей ескерткіш
тілінде аталмыш лексеманың мағынасы кеңейіп, ерге шықпай отырып қалған əйелдерді де tul uragut дейтін болған. Қазіргі қазақ тілінде ауыспалы мағынада қолданылады. Мысалы: «Қайратсызашу–тұл,шәкіртсізғалым – тұл» (Абай).
Жалпы алғанда ескерткіш тіліндегі орта ғасырлық түркілердің жалпытүркілік сипатта берілген некелесу мен тойлау дəстүріне қатысты тілдік бірліктерді этнолингвомəдени тұрғыдан саралау, сол кездегі жасалатын жол- жоралғылар қазіргі түркі халықтарының дəстүрінен орын алғандығын көрсетті.