«ТӨРТ ТҮЛІК» КОНЦЕПТІСІНІҢ ЭТНОЛИНГВОМӘДЕНИ МАЗМҰНЫ
Бір халық екінші бір халықтан мекен-тұрағы, тілі жағынан ғана емес, сонымен бірге дүниеге деген көзқарасы мен ұғым-түсініктері, салт-дəстүрлері жағынан да ерекшеленеді. Жеке халық болған соң, əр елдің өзіне тəн өмір салты, мəдениеті, рухани болмысы, моральдық-этникалық қарым- қатынастарының əртүрлі болуы заңды. Жалпы алғанда байырғы таным-түсінік бойынша Адам, Қоғам, Табиғат біртұтас құбылыс. Сондықтан адам бар жерде белгілі бір территориялық аймақта, белгілі бір табиғат аясында өмір сүретін қоғам болатыны анық. Жер, күн, ай, жұлдыздар, аспан, ауа, су, топырақ, жан- жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, құстар, балықтар, жəндіктерден тұратын тылсым құбылысы сан түрлі Табиғат əлемі – түркі дүниетанымының бастау бұлағы, қайнар көзі. Түріктер табиғатты өздеріне бейімдеу арқылы емес, керісінше, өздері табиғатқа бейімделу арқылы табиғаттың құбылысын, оның ритімін өзгертпестен философиялық ой-тұжырымының, дүниетанымының арқауы еткен. Табиғаттың адамға ешқандай бейімделмейтіндігін ертеден білген ата-бабаларымыз өздерін қоршаған ортамен санасып, біте қайнасып бірге өскен. «Жаз жайлау, қыс қыстау, күз күзеу» сияқты ұғымдардың табиғат бесігі даланың мал аяғынан тозып кетуін сақтау екенін түсіну қиын емес. Ал əр малдың киесі ұғымы көшпелілердің тіршілігінің қайнар көзі болған шаруашылығының ұлықталуы болса, жер-судың киесі ұғымдары тіршілік көзі тал-бесік табиғаттың аялануы. Осы табиғатты жаратушыны «тəңірі» деп танып, оның туындысы табиғатты аялау арқылы оған құрмет көрсетілген. Ана тіліміздегі «аңды атпа», «құстың ұясын бұзба» , «ағашты кеспе», «шөпті жұлма», «суға түкірме» деп келетін тыйым сөздер, халқымыздың қазірге дейін дəстүрлі үрдістен ауытқымай өскелең ұрпаққа табиғатты сақтауды тағылым ететінін көреміз.
Сөздер тарихы адамзаттың тарихымен байланысты дамып, əлеуметтік өзгерістерге ілесе отырып, өзгеріп отырады. Тілдің даму заңдылығы қоғамның даму заңдылығымен сəйкес келеді де, олардың дамуына жағдай жасап, тілге болған мұқтаждық тілдің дамуына түрткі болары сөзсіз. Демек, қоғамдағы жаңа ұғым, түсінік өзінің өмір сүруі мен қалыптасу барысында қолданысқа енуге түрткі болған тілге де қозғау салады. Бұл процесс өмірдің барлық салаларын қамтиды. Соның бір саласы – төрт түлік мал атаулары. Төрт түлік ерте кезден- ақ түркі халықтарының жесе тамағы, ішсе сусыны, кисе киімі, мінсе көлігі, ауырса емі болғаны белгілі. Сондықтан XI ғасырдағы түркі халықтырының материалдық жəне рухани мəдениетін малдың қатысынсыз көзге елестету мүмкін емес. Қазақ тіл білімінде этнолингвистиканың негізін қалаушы академик Ə.Қайдар соңғы жылдардағы зерттеу нысанын «Адам», «Қоғам»,
«Табиғат» деген үш салаға жіктей келіп, оларға енетін макротоптар, микротоптар бар екендігін жəне макротоптар өзара «жүйелі қатысты принцип» негізінде, ал микротоптар «сатылы қатысты принцип» бойынша топтастырылатындығын айтқан болатын [199, 3 б.]. Осылай астасып жатқан
төрт түлікке байланысты атаулар көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдеріне ортақ келетін, күрделі парадигматикалық жəне синтагматикалық байланысты білдіретін жүйелі тақырыптық топ болып табылады.
Түркі тілдеріндегі мал атаулары туралы XX ғасыр ғалымдары С.П.Толстой, А.Н.Бернштам, С.Е.Малов, В.В.Радлов, Е.Убрятова, А.К.Боровков, Э.В.Севортян, Н.А.Баскаков, А.М.Щербак, Г.Ф. Благовалар зерттеу еңбектерінде құнды пікірлер айтып біршама толық мəліметтер берді. Өткен ғасырдың ортасынан бастап төрт түлік атаулары ғылыми түрде зерттеле бастады десек, ол атаулардың түркі, монғол, тұңғыс-манчжұр тілдерінің лексикалық қабатындағы орнын, өзара байланысын аша отырып, этимологиялық талдау жасаған А.М.Щербак болды [200, 460 б.].
Этнос болмысын қамтитын сан алуан заттар мен құбылыстарға көз салсақ, алғашқыда оларға берілген атау жүйесіз, шашыраңқы дүниедей көрінгенмен, зер сала қарағанда бірімен-бірі жүйемен, таным-болмысымен, мəн- мағынасымен астасып жатқан тұтас, ретке келтірілген жүйе екендігіне көз жеткіземіз. Мəселен, ескерткіш тілінде түліклексемасы малдың түсіне қатысты қолданылып bu at ne tülüg «бұл ат қандай түсті» деп берілген [10, T.1, 466 б.]. Бұл сөздің шығу төркінін М.Қашқари «түк» мағынасындағы tü лексемасынан екенін атап өтіп tüdeş neŋ «түстес нәрсе» деген мысал келтіреді [10, T.1, 466 б.]. Қазіргі қазақ тілінде түліклексемасы өте жиі қолданылмағанымен «төрт түлік»жəне «азық-түлік» лексемаларында көрініс тауып, «малдың төрт түрінің жиынтық аты» жəне «ішіп жейтін əр алуан тамақ өнімдері» мағынасында көрсетілген [192, 36 б.]. Қырғыз тілінде де ана тіліміздегідей «домашний скот», tört tülügü şay «он живет в доставке, зажиточно», azık-tülük «продовольствие» мағыналары сақталған. Бір ерекшелігі қырғыз тілінде қой мен ешкі бөлек саналып, beş tülük түрінде де кездеседі [201, 281 б.]. Дегенмен түркілік дүниетаным негізінде төрт түлік ұғымы тек малдың төрт түрінің жиынтық атауы ғана емес меншік пен мүліктің, байлық пен берекенің көрсеткіші іспеттес. Себебі түркі халықтарының өмір болмысында төрт түліктің алар орны ерекше. Əсіресе «түйе – салтанат, жылқы – мақтан, сиыр – қанағат, қой – қазына» деген қазақ халқы тұрмыс-тіршілігі мен мəдениетін осы төрт түлікке сəйкес жасаған. Ата бабаларымыз төр түлікті сүйіншіге, құн төлеуге, айып- пұлға, қалың малға, тасаттыққа, қалжаға, бата оқырға, өлікті жерлеуге, той өткізуге, ауруды көшіруге, спорттық ойындарға, құдай садақаға (құрбандыққа), сыйлыққа, асқа, емдеуге, ауа райын болжауға, бəсіреге, көшіп-қонуға, жүк тасымалдауға, күш-көлік ретінде, бал ашуға, уақыт пен кеңістікті өлшеуге, нысандарды салыстыруға, кеңістікті игеруге, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға, жас ұрпаққа тəрбие беруге т.б. жағдайларға пайдаланылған. Тұрмыс-тіршілігі тікелей мал шаруашылығына байланысты болған қазақ халқы төрт түліктің сыр-сипатын, қадір-қаcиетін жете біліп, ерекше құрмет тұтқан, малды былапыт сөздер айтып балағаттамаған, теппеген, сылап сипап баққан. Жаман ырымға балап малды санамай, түйені келеге, жылқына үйірге, сиырды табынға, қой мен ешкіні отарға топтастырып, малдың жалпы санын содан шығарған. Түркі халықтары шаруашылығының негізі болған төрт түліктің өзіндік сақтаушы иесі
бар деп ұғынып, оларды түйенің пірі «Ойсылқара» (қырғыз тілінде «Oysulata»), жылқының пірі «Қамбарата»(ұйғыр тілінде «Kemberveli»), сиырдың пірі