Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ



бет14/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47
Байланысты:
?îæ 811. 512. 122’366 ?îëæàçáà ???ûíäà Ø?ð³ïæàíîâà ?àëèÿ ?àáäîëë

«-Лы, -лі формалы сөздердің қайсысының сөз, қайсысының сөздің грамматикалық формасы екенін олардың мағынасына қарап қана айқындауға болады. Олардың формалық жағында айырма жоқ» [44, 92 б.].
Қазіргі кезде сөзжасамдық тәсілдер үшке бөлініп көрсетіліп жүр: синтетикалық, аналитикалық, лексика-семантикалық. -Лы, -лі қосымшасы жалғанып жасалған сын есім сөздер сөзжасамның қай тәсілі арқылы жасалды деген мәселеде пікір қайшылығы байқалады. -Лы, -лі қосымшасы сөзжасамдық жұрнақ па, әлде осы тұлға жалғанып жасалған сын есім сөздер сөзжасамның синтетикалық тәсілімен жасалған сөздер емес, сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі арқылы жасалған ба? Демек бұл жерде осы тұлға жалғанып жасалған сын есім сөздер сөзжасамның қай тәсілі арқылы жасалды деген сұрақ туады. Түркологияда осы сияқты құбылыстарды грамматикалық омонимия деушілер де бар. Алда -лы, -лі тұлғасының тілдік табиғатын сөзжасамдық, грамматикалық қырлары бойынша арнайы қарастыру қажеттігі тұр.
Қазақ тілінде жоғарыда сөз болған қос қызметті деп аталып жүрген қосымшалар қатарына -лық, -лік қосымшасы да жатады. Қазақ тілі оқулықтарында бұл қосымша зат есім мен сын есім тудырушы қосымшалар қатарында қарастырылады. Ғалымдардың бір тобы бұл қосымшаны зет есім құрамында қараса, енді бір тобы сын есім тудырушы жұрнақ деп көрсетеді. Үшінші бір тобы оны екі сөз табының да құрамында қарастырады. Ғалымдардың -лық, -лік қосымшасы туралы айтқан пікірлерін саралай келе, біз оның зат есім құрамында қарастырылуы жиі кездесетінін анықтадық.
Сонымен қатар бұл қосымша зат есім мен сын есімнің құрамында ғана көрсетіліп қойған жоқ, оның форма тудырушы қызмет атқаратын ерекшеліктері де ғалымдар еңбектерінде сөз болады. Түркологияда біраз ғалымдар осы тұлғаның екі қызметін, яғни сөз тудырушы және форма тудырушы қызметін танып, екі функциялы аффикс ретінде қарастырған. Айталық, татар ғалымы В.Н.Насилов оны аралық тұлға ретінде «аффиксы включения» деп аталатын қосымшалар құрамында көрсетсе, Ф.А.Ганиев «жартылай функционалды», М.А.Хабичев «синкретті» аффикс деп көрсетеді.
М.А.Хабичев бұл тұлғаны «синкретті» деп атауына байланысты мынадай уәж айтады: «К синкретическим продуктивным аффиксом относится аффикс -лыкь. Паралельное употребление в карачаево-балкарском языке бурундукъ и бурунлукъ «намордник», сандыкъ и санлыкъ «ящик». С другой стороны в карачаево-балкарском языке аффикс -лык, -лик, -лук, -люк может присоединиться ко всем существительным, прилагательным, наречием, числительным, и придают им значение «материал такого же размера, столько сколько будет соответствовать предмету (понятию, признаку, количеству). Например: бычаклыкь «столько, сколько нужно для изготовление ножа» и др» [31, 137 с].
Қазақ тіл білімінде -лық, -лік қосымшасын екі функциялы аффикс деп анықтаған Қ.Шаяхметов оның зат есім мен сын есім тудырушы функциясын негізгі функциясы деп көрсетеді. Форма тудырушы функциясын мынадай сипатта анықтайды: жалқы есмдерге қосылып форма тудырушы функция орындайды; есімдіктерге жалғанып форма тудырады; модаль сөздерге қосылып стильдік мақсаттағы дәлдеуші, нақтылаушы рөл атқарады; түрік изафетіндегі тіркестердің соңғы сыңарына қосылып, форма жасайды (Ат теріндік бірдеме ауларсыздар); етістіктің есімше негіздеріне қосылып форма тудырушы қызметте болады (Одан бас тарт деуіңізді озбырлық, басынғандық, қорлағандық деп білемін) [32].
Ы.Маманов бұл тұлғаның форма жасаушылық қызметіне кеңінен тоқталған. Зат есімдерге, сын есімдерге, сан есімдерге, етістіктің есімше формалары, сонымен бірге жер-су, қала, адам, аттарын білдіретін жалқы есімдерге түгелдей жалғанады. Бірақ -лық, -лік қосымшасы жалғанған зат есімдердің барлығы түгелдей тілдің сөздік құрамына енбей, тек сөйлеу кезінде қолданылатын сөздік формаға енетінін атап көрсетеді [3, 27 б.]. Зат есімге -лық, -лік қосымшасы жалғанған сөздің лексикалық бүтін болып қалыптасқан туынды түбір сөз немесе тек сөйлеу ішінде қолданылатын уақытша сөз екендігін зат есімге тән септік, көптік, тәуелдік, иелік формалармен түрлендіру арқылы айырады.
Сонымен бірге -лық, -лік қосымшасы жалғанған сын есімдердің туынды түбір зат есім немесе сөйлемде уақытша қолданылатын сын есімнің субстантив формасы екендігін айырудың басты критерийі олардың септік, көптік формаларымен түрлену, түрленбеуінде болатындығына көрсете келе, былай деп жазады: «Егер туынды түбір зат есім болса, онда септік, көптік формаларымен тікелей түрленеді. Сын есімнен зат есім болып қалыптаспаған субстантив форма сөйлемнен тыс дербес қолданылмайды және септік, көптік формаларымен түрленбейді. Олар тек ілік септігімен матаса байланысқан сөз тіркесінің құрамында тәуелді формада қолданылады (үйдің аласалығы, ағаштың түзулігі, баланың жылауықтығы) [3, 29 б.].
Ы.Маманов есептік сан есімдерге -лық, -лік жалғанғанда олар субстантивтеніп, зат есім мағынасында жұмсалғанмен, зат есім деп саналмайды деп көрсетеді. Ғалымның пікірінше, бұл қосымша есептік сан есімдерге түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Сөйтіп, оқу үлгеріміне қойылатын баға атаулары ғана болмаса, басқалары сан есімнің субстантив формасы күйінде танылады.
Етістіктің есімше формалары сөйлемде сын есім қызметін атқаратыны белгілі. Есімше формалы етістікке -лық, -лік қосымшасы жалғанғанда, сын есімдер тәрізді, зат есім мағынасында жұмсалатындығын (білгендік – білмегендік, тұратындығы – тұрмайтындығы) дәлелдейді.
-Лық, -лік қосымшасының форма жасаушылық қызметі туралы Ы.Маманов былай деп тұжырым жасайды: «-Лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік қосымшасы зат есім, сын есім, сан есім және өткен шақ формасына түгелдей жалғанады. Бір сөз табын немесе бірнеше сөз табын толық қамту грамматикалық форма тудырушы морфемаға тән қасиет. Олай болса, -лық, -лік қосымшасының о бастағы негізгі қызметі форма тудырушы екендігі, келе-келе бұл формадағы кейбір сөздердің белгілі бір ұғымда ұдай қолданылу нәтижесінде мағыналары нақтыланып, туынды түбір сөзге айналуы заңды құбылыс» [3, 30 б.].
Ы.Мамановтың жоғарыдағы тұжырымдарын басшылыққа ала отырып А.Жаңабекова -лық, -лік қосымшасы туралы мынадай пікір айтады: «-Лық, -лік қосымшасы барлық зат есім сөздерге жалғану мүмкіндігі бар жұрнақ. Бірақ бұл тұлға жалғанып жасалған сөздердің барлығы бірдей сөздік құрамға енетін дербес лексикалық единица бола алмайды. -Лық, -лік тұлғасы жалғанып жасалған сөздердің барлығы бірдей сөздік құрамға енетін дербес лексикалық единица бола алмайды. -Лық, -лік тұлғасы жалғанып жасалған нақты зат атаулары тілімізде көп емес. Мысалы: инелік, орындық, түндік, кездік, өсімдік, сыйлық, базарлық, қалыңдық т.б. Бұл аталған сөздер, әрине, -лық, лік қосымшасының қатысуымен жасалған туынды сөздер екендігі дау тудырмайды. Бірақ бұл сөздерді -лық, -лік қосымшасының сөз тудырушылық қабілетінен тумаған, сөзжасамның синтетикалық тәсілінен гөрі, семантикалық тәсілінің қатысуымен жасалған, яғни мағына дамуының нәтижесінде сөздік қалыпқа жеткен сөздер деп қарауымыз керек. Себебі, -лық, -лік қосымшасы жалғанған сөздердің барлығы бірдей дербес сөз бола алмайды, атрибут-анықтауыштық мәнде қалып қойған туылымдар көптеп кездеседі. Мысалы, үйлік, көйлектік, дәптерлік сияқты т.б. сөз формаларын жоғарыда берілген сөздермен бірқатарда алып қарауға болмайды. Бұл сөздердің алдыңғы сөздерден құрылымы жағынан еш айырмашылығы жоқ. Бұл сөздер алдыңғылардай сөздік қорға енетін туынды сөздер емес, сөйлеу процесінде қолданылатын сөз формалары ғана. Ы.Маманов оларды уақытша сөздер деп атаған. Осы тілдік фактілерден -лық, -лік қосымшасы бір зат есім сөздерге жалғанғанда сөз тудырады да, екінші бір зат есім сөздерге жалғанғанда сөз тудырмайды десек, қандай заңдылыққа сүйенеміз? Басқа сөз таптарын қатыстырмай-ақ, бір сөз табының құрамындағы осындай қайшылықты тұстары -лық, -лік қосымшасын басқаша тануға итермелейді» [44].
Ы.Маманов аталған қосымшаның қызметіне байланысты өзіндік көзқарасымен ерекшеленеді. Ғалым кез келген тілдік құбылысты тілдік заңдылық тұрғысынан анықтауға тырысады. Тілдік жүйені қатты сақтап, формасына қарап бірыңғай танылып жүрген тілдік құбылыстардың аражігін ашуды мақсат еткен. «-Лық, -лік қосымшасы жалғанған зат есімдердің барлығы түгелдей тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз бола бермейді. Олардың көпшілігі тек сөйлеу кезінде уақытша қолдланылатын сөздік формаға жатады. Мысалы, қазақ тілінде үйлік, дәптерлік, столдық, терезелік деген қалыпты даяр сөз жоқ, бірақ сөйлеу кезінде бір үйлік кірпіш, екі терезелік әйнек, столдық ағаш, дәптерлік қағаз деп, сөз тіркесінде уақытша қолданылады. Демек, -лық, -лік қосымшасы жалғанған зат есімдердің бір тобы туынды түбір сөз болып қалыптасқан лексикалық бүтінге жатса (тұздық, бастық, сулық, билік), екінші тобы сөйлем ішінде, сөз тіркестерінде уақытша қолданылатын сөздік формалар (едендік, үйлік, құрықтық т.б.) – бұлар тілдің сөздік құрамына енбейді» [3, 27 б.].
Ғалымның пікірінше, -лық, -лік қосымшасы субстантив форма. Ол зат есім, сын, есім, сан есім, тіпті етістіктің есімше формаларына, модаль сөздерге, жалқы есімдерге де жалғанады. Сол жалғанғанның барлығында ол үнемі сөздік қорға енетін лексикалық бүтін жасамайды. Осы форманың жалғануы арқылы көптеген сөз жасалған. Ғалым -лық, -лік қосымшалы туынды түбірлер (жақсылық, зорлық) о бастағы сын есімнің субстантив формасынан зат есімге айналған болу керек деп болжамдайды. Осы орайда, сын есімге -лық, -лік қосымшасы жалғанған сөздерді сын есімнің субстантив формасы деп атаған А.Н.Баскаковтың мынадай тұжырымына сүйенеді: «Для морфологическогообразования субстантивных форм используется такие специальные аффиксы, которые, присоединяясь к именам прилагательным и наречиям, придают им субстантивное значение, напр.: бийик – высокий, бийиклик – высота; бийиклиги бирдей адам» [3, 29 б.].
Сонымен Ы.Маманов сын есімнен -лық, -лік қосымшасы жалғанып лексикалық бүтінге айналған байлық, жақсылық, зорлық т.б. сөздер мен сын есімнің субстантив формасында қалып қойған қаралық (түсінің қаралығы), сопақтық (басының сопақтығы), жіңішкелік (белінің жіңішкелігі) сөздерінің аражігін бөліп қарауды ұсынады. Алайда ғалым атап көрсеткен тілдің әрбасқа қабатына жататын формасы бірдей сөздер түсіндірме сөздіктерде зат есім ретінде қаралып, олардың мағыналық қыры да бірдей дәрежеде ашылып көрсетіледі.
Шын мәнісінде, бұл тұлғаның қолданылу мүмкіндігі өте жоғары болғандықтан -лық, -лік тұлғалы сөздер мен сөз формалары молынан кездеседі. Мәселен,
1) -лық, -лік қосымшасы у тұлғалы қимыл есімдерінің барлығына жалғанады (барушылық, келішілік, айтушылық, көрушілік т.б.);
2) -лық, -лік есімше формаларына түгелдей жалғанып жұмсала алады (-ған, -ген: барғандығы, айтқандығы, бергендігі); -ар, -ер, -р (барарлық, айтарлық, берерлік, көрерлік т.б.); -атын, -етін (баратындығы, айтатындығы, келетіндігі);
3) сапалық сын есімдерге жалғанады (жіңішкелік, сарылық, сопақтық);
4) зат есімдерге жалғанып екі түрлі қызмет атқарады: біріншіден, зат есімнен зат есім тудырушы функция атқарады (адамдық, балалық, сулық, орындық т.б.); екіншіден, сөйлеу бірліктері ретінде қолданылып, форма тудырушы қызмет атқарады (көйлектік, кілемдік т.б). -Лық, -лік қосымшасының жұмсалу мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Сөйлеу процесінде оның жұмсалу мүмкіндігі жоғарылай береді.
Тілімізде зат есімнен зат есім тудырған жағдайда -лық, -лік қосымшасы бірде дерексіз зат есімдер (адамдық, қастық, жақсылық т.б.) жасаса, кейде нақты зат атауларын (сулық, тұздық т.б.) да тудырады. Сонымен қатар сөйлеу кезінде қолданылатын сөйлеу бірліктерін (көйлектік, терзелік т.б.) де жасайды. Сондықтан бұл тұлға тілдік жүйенің де, сөйлеудің де тілдік бірлігі болып табылады. Алайда оны сөз жасайтын, екінші жағынан форма жасайтын омоним қосымшалар ретінде тануға болмайды. Өйткені олардың екі жағдайда да білдіретін мағыналары бір-бірінен алшақ емес.
Ғалым пікірін ескерер болсақ, жоғарыда көрсетілгендей -лық, -лік қосымшасының тілдік табиғаты әлі де толығырақ зерттеуді қажет етеді. Бұл орайда мынадай мәселелердің басы ашылуы тиіс:
1) -лық, -лік қосымшасы сөзжасамдық қосымшаларға қойылатын талаптарға жауап бере ме? Яғни сөзді талғап жалғана ма, әлде талғамай жалғанып, грамматикалық абстракция жасай ма?
2) -лық, -лік жалғанған сөзіне қандай мағына үстейді? Жаңа мағына жасай ма, әлде грамматикалық мағына үстей ме?
3) -лық, -лік тұлғалы сөздер мен сөз формаларының түсіндірме сөздіктерде берілу дәрежесі қандай? Олардың сөз таптарына қатысы қалай көрсетілген? Олардың мағыналары қалай ашылған? Оларды салыстыра отырып, мағыналық ерекшеліктерін анықтау керек.
4) -лық, -лік қосымшасының негізгі функциясы қандай? Сөзжасамдық қызметі бірінші ме, әлде форма жасаушылық қызметі бірінші ме?
5) -лық, -лік қосымшасы жалғанып жасалған сөздер сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалған ба, әлде лексика-семантикалық тәсілдің қатысуымен жасалған ба?
-Лық, -лік қосымшасының тілдік табиғаты, оның сөзжасамдық ерекшеліктері мен функционалды-семантикалық мүмкіндіктері арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл орайда -лық, -лік қосымшасы туралы айтқан Ы.Маманов пікірлерінің маңызы зор және алда жазылатын зерттеу жұмыстарына теориялық бағыт беретіндігі анық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет