-Ша, -ше қосымшасы туралы. Қазақ тілінде -ша, -ше қосымшасы үстеу тудырушы өнімді жұрнақ ретінде танылады. Осы сөз табының сөз тудырушы жұрнақтарының негізгісі болып саналады.
Ы.Е.Маманов бұл тұлғаны таза сөзжасамдық жұрнақ бола алмайтынын, оның о баста форма тудырушы қосымша болғандығын тілдік фактілер арқылы дәлелдеп көрсетеді. Ы.Маманов -ша, -ше қосымшасының тілдік табиғатын кеңірек ашуға тырысқан. Ғалымның пікірінше, түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің материалдары -сыз, -сіз, -дай, -дей, -ша, ше қосымшалары зат есімнің функциялық формаларын тудыратын грамматикалық көрсеткіш екендігін аңғартады. Бұлардың басқа қосымшалардан ерекшелігі – барлық зат есім түбірлеріне, туынды түбір сөздерге ұйтқы бола алмайтын жалқы есімдерге, жіктеу, сілтеу есімдіктеріне, көптік, тәуелдік, және есімше формаларына (есімшеге -сыз, -сіз формасы жалғанбайды) түгелдей жалғанып, жалғанған сөздеріне болымсыздық, жоқтық, салыстыру, ұқсату мағыналарын үстейді», – деп жазады. Осындай тілдік ерекшеліктеріне байланысты қазақ тіл білімінде, түркологияда бұл қосымша туралы әртүрлі пікірлер қалыптасты.
Қ.Жұбанов бұл жұрнақты «меңзес септік жалғауы» деп көрсетеді [20, 379].
Ә.Төлеуов бұл қосымшаның көптік жалғауынан бұрын да, кейін де жалғана беретінін айта келе (балаларша, сендерше, үлкендерше, білетіндерше), көптік жалғаудан бұрын түбірмен тетелес жұрнақ жалғанса, онда жалғанып тұрған сөздің көптігін, ал егер жұрнақтан кейін көптік жалғауы жалғанса, онда сол затқа ұқсас, қасындағы басқа заттардың көптігін білдіреді [33].
Көптеген ғылыми еңбектерде -ша, -ше қосымшасы үстеу тудырушы жұрнақ деп беріледі. Айталық, алғашқы грамматикаларды жазған М.Казем-Бек [45], Г.В.Архангельский [46] еңбектерінде, түркологияда Н.К.Дмитриев [47], [48], В.Н.Хангелдин [49, 289 б.], қазақ тіл білімінде С.Аманжолов [50], Н.Сауранбаев [6], үстеу сөз табын арнайы зерттеген А.Искаков [51] зерттеулерінде үстеу жасаушы өнімді қосымша ретінде қарастырылады.
Жоғарғы оқу орындарына арналған А.Ысқақовтың оқулығында: “-Ша, -ше жұрнағы үстеу тудыратын әрі ең негізгі, әрі аса өнімді жұрнақ болып қызмет атқарады. Осы жұрнақ арқылы жасалған үстеу мағына жағынан негізінде амалдың қалай я қалайша істелгендігінің бейнесін білдіреді. Бұл жұрнақ жалқы зат есімдерге де, жалпы зат есімдерге де (Бәтеневше, Амангелдіше, құсша, адамша) олардың жекеше түріне де, көпше түріне де (батырша, батырларша, комсомолша, комсомолдарша) және де тәуелді түріне де (көзімше, көзіңше, көзінше) жалғанып үстеу тудырады” – делінеді [11, 338 б.].
“Қазақ тілінің академиялық грамматикаларында” [27], [52], “Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде” [53], үстеу тудырушы тұлға ретінде көрсетіледі. Түсіндірме сөздіктерде де -ша, -ше тұлғалы зат есімдер үстеу сөз табы ретінде көрсетіліп, реестрге еніп отырды. Алайда бұл тұлғаны септік жалғауы деп санайтын көзқарастар да бар. Мысалы, Н.П.Дыренкова оны бағыттық мағына білдіруіне қарай “направительно-продальный падеж”, шектілік мағына білдіруіне орай “сравнительно-предельный падеж”, салыстыру мағынасына қарай “падеж сравнения” деп атайды [54,]. Басқа да ғалымдар, атап айтқанда Е.А.Поцелуевский [55], Ф.Г.Исхаков, А.А.Пальмбах [56], Г.Алпаров [57], В.И.Рассадин [58, 47 с.] т.б. септік жалғауы деп көрсетеді. Татар ғалымы М.З.Закиев “уподобительный падеж” деген атаумен септік парадигмасына қосады: “Этот аффикс безударный, как и аффикс -дай. Он никогда не изменяет лексического значения слова, а выражает различные отношения между словами, (татарча сөйлеу – говорит так, как выражать или сравнение или предел чего-нибудь. Аффикс -ча присоединяется к словам в процессе речи, поэтому слова с этим аффиксом не является сомостоятельной лексической единицей и не даются в татарско-русских словарях. Следовательно, аффикс -ча имеет все особенности средств связи слов. …Которые способны присоединятся ко всему именным основам и которые осущестляют связь имени с другими словами должны быть признаны падеже-подобными аффиксами” [39, 91 с.].
Кейбір ғалымдар бұл тұлғаны септік жалғауы деп көрсеткен көзқарасқа қарсы. “Подобную форму нельзя считать падежом, как это делали авторы некоторых грамматик тюркских языков” [59].
Татар ғалым Ф.А.Ганиев болса, септік жалғауы деп анықтаған -ша, -ше аффиксі туралы М.З.Закиевтің пікіріне қосылмайтындығын айтып, бұл тұлғаны сөзжасам қосымшасы деп көрсетеді. Ғалым: “Соглашаясь в отношении всех других падежных аффиксов с М.З.Закиевым, мы аффикс ча/че расматриваем как словообразовательный аффикс и слова, полученные при помощи данного аффикса, относим к разряду наречии. Ибо данный аффикс в отличие от всех других падежных аффиксов присоединяется только к определенным типам слов (например, к названию народностей или национальности и некоторым местоимением), как это и имеет место у словообразовательных аффиксов. В результате этого, слова, образованные при помощи аффикса -ча/чә, в татарском языке немногочисленны [40, 79 с.].
Бұл қосымшаны Н.А.Баскаков зат есімнің атрибут-пысықтауыш формасы деп көрсетсе, куман тілінің зерттеушісі М.А.Хабичев барлық сөз таптарына ортақ салыстыру формасын тудыратын көрсеткіш деп анықтайды. Мысалы, салыстыру формасындағы зат есімдер (тауча, сууча); салыстыру формасындағы сын есімдер (акьча, көкча); салыстыру формасындағы сан есімдер (экича, юшча, төртча) [31,78 с.].