-Дай, -дей қосымшасының тілдік табиғаты өте күрделі екендігін жоғарыда айтылған әр алуан көзқарастардан байқауға болады. Бұл қосымша жалғанып жасалған сөз формалардың білдіретін мағыналарын салыстырғанда оның жалғанған сөзіне тек салыстыру мағынасын үстеумен қатар, әртүрлі ауыс мағыналарды да білдіре алатындығына көз жеткіземіз. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде берілген -дай, -дей тұлғалы сөздердің мағыналық сипаттарына назар аударалық. Мысалы, “Арландай” сөзіне мынадай мағына беріледі: Арлан тәрізді, арлан сияқты. Алты ұлы бар арландай, Жалғыз қызы ардақты (Қамбар батыр). Қасқырдың арланындай екі төбет құйрық бұлғап, басқа секіріп, Ғалибекке еркелеп жатыр (Ж.Тілеков, Жоңғар). Берілген екі мысалдағы -дай, -дей тұлғалы “арлан” сөзінің мағыналарын салыстырсақ, оларды екі мағынаға ажыратып көрсетуге болатынын байқаймыз. Екінші мысалдағы “арландай” сөзінің мағынасы “қасқырдың арланы сияқты, қасқырдың арланына ұқсайтын екі төбет” деген мағынада қолданылған. Мұнда таза қасқырдың арланына ұқсату, салыстыру мағынасы бар. Бұл -дай, -дей аффиксінің тура мағынасы. Бұл аффикстің бірінші мысалдағы мағынасы (арландай ұлы бар) ұқсату, салыстыру мәнінен гөрі арланға тән мінез-құлық, сыр-сипаттан шыққан “дырдай, арыстай, ортан қолдай” ден мағыналарды білдіреді. Бұл “арландай” сөзінің ауыс мағынасы болып табылады. Олай болса, бұл сөзге түсіндірме сөздікте екі мағынасы көрсетілуі тиіс. Алайда, бұл сөздің бірінші таза салыстыру мағынасын білдіретін бірінші қолданысы таза сөзжасамдық емес. Өйткені, мысалдағы, біріншіден, -дай, -дей қосымшасы арлан сөзіне тәуелдік формадан кейін жалғанып тұр. Яғни мұндайда ол грамматикалық формалардан кейін жалғана береді де, жалғанған сөзге салыстыру мағынасын үстейді. Мұндай салыстыру кез келген екі затты не құбылысты, не қимылды т.б салыстыру кезінде бола беретін жағдай. Ол жалқы есімдерге жалғанғанда да, есімдіктерге жалғанғанда, сан есімдерге жалғанып та салыстыру мағынасын үстейді. Бұл жағынан ол, Ы.Маманов көрсеткендей, грамматикалық абстракция жасап, сөз жасам қосымшаларына тән талғап жалғану шартына сәйкес келмейді. Ал ауыс мағынада қолданылғанда бұл қосымша жалғанған сөзді сөзжасамдық бірлік ретінде қарауға болады. Арлан сөзінің екінші ауыс мағынасы болғанмен, оның қолданыста тура мағынасы (арлан сияқты) да сақталған. Ал кейбір осы қосымша жалғанған сөздерде тура мағыналары сақталмаған жағдайлар да кездеседі. Олардың түбіріне -дай, -дей қосымшасы кірігіп кеткен. Мысалы, Ы.Мамановтың сөзжасамдық бірліктерге жатқызған “титтей, дардай, алпамсадай” сөздерін бөліп жарып қолдануға келмейді. Ал кейбірі сөйлеу кезінде тура мағыналарында қолданыла береді. “Түймедей сөзін алайық. Сындық мағынасы – кішкентай, сонымен қатар “Үлкендігі түймедей ғана затты көрсетті” (Ауызекі) деген сөйлемде “үлкендігі түйме сияқты, түйменің үлкендігіндей деген мағынаны білдіреді.
“Арудай” сөзінің мағыналық реңктері бірнеше. Мысалы, “Кең дала жатыр беріліп, Ұйқыдан тұрған а р у д а й. Сағыммен таңғы тербеліп, Толқиды қалқып ауыл жәй (Ш.Мұхамеджанов, Қошалақ). Сөйлемде кең дала ұйқыдан тұрған ару бейнесіне теңеледі. Ал мына мысалда “А р у д а й жүзі ақжарқын, Байкал жатыр бір мырза, Қиялымның қанатын Тасқа соқтым, боп ыза” (Қ.Аманжолов, Таңд.). Бұл сөйлемдегі “арудай” сөзі ару сияқты деген мағынадан гөрі “сымбатты”, “әдемі” деген мағыналарға жақын (Әдемі жүзі ақжарқын деп ауыстыруға болады). Бұған қарап -дай, -дей қосымшасыныңо баста сөйлеу бірлігі ретінде салыстыру мағынасында қолданылып, кейін келе, мағыналық даму барысында тұрақталып сөзжасамдық түрлері пайда бола бастаған, кейбірі түбірден ажырамастай бірігіп кеткен деген қорытынды шығарамыз.
Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде -дай, -дей тұлғалы сын есімдер негізінен беріліп отырады. Бұл қосымша сын есім тудырушы жұрнақ саналғандықтан осы формамен келген сөздердің біразы сөздікке енгізілген. Бірақ оның берілуі мен мағыналық сипатында бірізділік жоқ. Айталық, кейбір зат есімдермен қолданысы берілген де, қайсібірінде бұл тұлғамен түрленісі берілмеген. Яғни -дай, -дей тұлғалы зат есімдер жаппай берілген дей алмаймыз. Бұл айтылғандардан -дай, -дей қосымшасының тілдік табиғаты аса күрделі екендігін байқаймыз. Қазақ тіл білімінде бұл аффикс туралы әртүрлі пікірлер болғанмен, оның барлық қолданысына таратылып талдау жасалмаған. Сол себепті бұл қосымшаның тілдік табиғатын мысалдар мен сөздіктегі мағыналарын салыстыра отырып, мол тілдік фактілер жинақтап әлі де зерттеу қажет.
Ы.Маманов -дай, -дей қосымшасы сияқты әржақты, әр бағытта зерттеліп жүрген тілдік тұлғалардың табиғатын ашуға ұмтылған. Бұл қосымшаның сөзжасамдық және формажасамдық сипатын анықтауға тырысқан. Ғалым бұл орайда сөзжасам қосымшаларына тән критерийлерді ұстанып, -дай, -дей тұлғасын форма тудырушы қосымша, ал осы қосымша жалғанып жасалған жаңа сөздер -дай, -дей қосымшасының сөзжасамдық қызметінің негізінде жасалмаған, ол сөздер о баста форма тудыру, яғни салыстыру, ұқсату мағыналарын үстеу үшін қолданылып, бірте-бірте үнемі қолданыла келе, тұрақталып, сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі арқылы бүтін сөзге айналған деген қорытынды шығарып, бұл тұлғаны зат есімнің функциялық формасын тудыратын грамматикалық көрсеткіш деп көрсетеді.
Ы.Мамановтың -дай, -дей қосымшасын форма тудырушы деп тануына бұл тұлғаның мынадай тілдік сипаты негіз болған. Біріншіден, -дай, -дей жұрнағы өзі жалғанған түбір сөздің лексикалық мағынасын өзгертпейді, оған салыстыру мағынасын үстейді. Екіншіден, бұл тұлға сөзжасам қосымшаларының талғап жалғану шартына толық сәйкес келмейді. Ол сөзді талғамай жалғанады. Бұл критерийді Ы.Е.Маманов форма тудырушы қосымшаларға тән екінші сипат, яғни форма тудырушы қосымшалар грамматикалық абстракция жасайды деп көрсетеді. -Дай, -дей қосымшасының мұндай ерекшеліктері кейін Қ.Шаяхметов, С.Исаев, А.Жаңабекова зерттеулерінде жалғасын табады. Алайда С.Исаев бұл аффиксті функциялық қосымшалар деген атаумен қосымшалар классификациясында көрсеткенмен, терең тоқталмаған. Екі функциялы аффикстердің тілдік табиғатын зерттеген Қ.Шаяхметов -дай,-дей – дің форма тудырушы қызметін көрсетумен қатар, оның зат есім түбірлеріне жалғануы кезіндегі қызметін сөзжасамдық деп көрсетеді. Бұл теория бойынша, -дай, -дей қосымшасы барлық зат есімдерге жалғанғанда сөзжасаушы қызмет атқарады деген сөз. Алайда, бұл тұжырымның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін біршама зат есім түбірлерініне -дай, -дей тұлғасын жалғап көрейік. Мысалы: баладай, түймедей, таудай, аюдай, кітаптай, қаламдай, үстелдей, кілемдей т.б. Осы мысалдардағы -дай, -дей қосымшасының қызметі бірдей емес, бірінде сөзжасамдық бірлік жасаса, енді бірінде сөйлеу бірлігі болып салыстыру формасындағы зат есім болып тұр. Үстелдей, кілемдей, қаламдай, баладай сияқты сөздерде тек салыстыру мағынасы ғана бар да, ал түймедей сөзі – кішкентай, таудай – үлкен, аюдай – ірі, дәу деген мағыналарды білдіреді. Бірақ бұл соңғы мысалдарда салыстыру мағынасы мүлдем жоқ деуге болмайды. Сөйлеу жағдаятына қарай ол сөздер таза салыстыру мағынасында да қолданылуы мүмкін. Мысалы: Үлкендігі осы т ү й м е д е й бар-ау (Ауызекі). Бағанағы аюдай үлкен емес екен (Ауызекі). Осындағы түймедей, аюдай сөздері зат есімнің салыстыру формасында тұр. Бұл -дай, -дейқосымшасының негізгі қызметі, яғни форма тудырушы қызметі. Ал олардың кішкентай, ірі, дәу мағыналары - екіншілік сөзжасамдық мағыналар.
Ы.Маманов -дай, -дей қосымшасының осындай тілдік сипатын анық аңғара білген. Сондықтан біз Қ.Шаяхметовтің -дай, -дей қосымшасы зат есім түбірлеріне жалғанғанда сөз тудырады деген пікірін біршама шартты түрде алынған тұжырым деп санаймыз. Ы.Мамановтың -дай, -дей қосымшасының негізгі қызметі – форма тудыру, ал осы тұлға жалғанып жасалған сөздер бұл қосымшаның сөзжасамдық қызметінен емес, яғни сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалмаған, олар үнемі қолданыла келе тұрақталып, лексикаланып, яғни сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі арқылы, конверсия жолымен жасалған деген пікірін дұрыс деп санаймыз. А.Ә.Жаңабекова да өз зерттеуінде Ы.Мамановтың осы пікірін басшылыққа алып, бұл тұлғаны зат есімнің салыстыру формасы деп анықтайды.