-Ша, -ше қосымшасын әрі сөз тудырушы, әрі форма тудырушы - екі функциялы қосымша деп танушы ғалымдар бұл тұлғаның үстеу тудырушы функциясын мойындаумен бірге, оның сөз байланыстырушы қызмет те атқаратынын айтады. Айталық, Г.Гулямов оның көптік, тәуелдік формаларынан кейін жалғанғанда сөз тудырмайтынын айтады. В.М.Насилов «аффиксы включения» деп атаған қосымшалар тобында көрсетеді. Ғалым: «По нашему мнению, многие из тюркских аффиксов приобретают свойство факультативности и занимают промежуточное положение между системой словообразования и словоизменения. Они становятся аффиксами, определяющими грамматическую форму слов и в те же время назначение слова в синтаксической связи с другими компанентами словосочетания, независимо от того, является ли они аффиксами словоизменения или словообразования. Такие аффиксы мы назавем аффиксами включения» [29, 31 с.].
Қазақ тіл білімінде Қ.Шаяхметов -ша, -ше қосымшасын да екі функциялы деп анықтап, зат есімнің жекеше түрдегі атау тұлғалы қалпына қосылып, сөзжасаушылық қызмет атқарады дейді. Соның нәтижесінде үстеу категориясына жататын жаңа сөздер жасайды. Мысалы: ескі бише, ақынша, қазақша т.б. Ғалым -ша, -ше қосымшасының форма тудырушылық қызметін он түрлі жағдайда көрсетеді. Олар: етістіктің есімше негіздеріне жалғанып (келгенше, барғанша); болымсыз түрдегі көсемше формалы етістік негізіне қосылып (көрсетпейінше, бермейінше); -у тұлғалы қимыл есімдеріне қосылып (көрсетуінше, айтуынша); көпше формадағы зат есім негіздеріне қосылып (шеберлерше, қыздарынша); модальдық сөздерге қосылып (мүмкіндігінше, керегінше, қажетінше); сын есім негіздеріне қосылып (үлкендерше, басқаларша); үстеу сөздерге қосылып (бүгінше, қазірше, биылша); сан есімдерге жалғанып (тоғызынша), жалқы есімдерге қосылып (Оразбайларша, Жібектің Төлегенінше); есімдіктерге қосылып (сендерше, қалайша, барша) форма тудырушы қызмет атқарады [32].
А.Жаңабекова диссертациялық жұмысында Қ.Шаяхметовтің -ша, -ше қосымшасын екі функциялы деп анықтаған тұжырымына қосылмайтынын айтады. Зерттеуші: “Қазақ тіл білімінде Қ.Шаяхметовтің диссертациялық жұмысында оның атау тұлғалы жекеше, зат есім түбірлеріне жалғануында үстеу тудырушы, ал қалған жағдайларында форма тудырушы болып анықталған еді. Біз, -ша, -ше қосымшасының атау тұлғалы зат есімнің жекеше формасына жалғануында да сөз тудырушы бола алмайды дегенді қосамыз. Сөйтіп, -ша, -ше қосымшасының қызметін толығымен форма тудырушы деп танып, осы тұлғаның қатысуымен жасалған сөздерді сөзжасамның синтетикалық тәсілінен емес, яғни сөзжасаушылық қабілетінен тумаған, сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілінің қатысуымен жасалған деп тұжырымдаймыз. Мұндай сөздер: айырықша, керісінше, мейлінше, жаңаша, ескіше т.б. Бұл сөздерді Ы.Маманов көрсеткендей, -ша, -ше қосымшасының ұдайы жалғануынан тұрақталып, сементикалық тәсілмен біртіндеп бүтін болып қалыптасқан сөздер деп тануымыз қажет”, – деп Ы.Маманов пікірлеріне сүйеніп, бұл тұлғаны зат есімнің салыстыру формасы деп анықтайды [44]. Ы.Маманов -ша, -ше аффиксінің сөздерге жалғану өресі кеңірек, жалғанған сөздеріне үстейтін мағыналары да әр алуан болатынын тілге тиек етіп, бұл тұлғаны үш түрлі сипатта көрсетеді. Біріншісі – субъективтік рең білдіреді де, екпінмен айтылады: құрақша, өгізше. Екіншісі – зат есімдерге жалғанып, екінші бір заттың қимылымен, іс-әрекетімен салыстыру мағынасын білдіреді: құсша ұшу, өгізше өкіру, балаша жылау т.б. Бұл екпінсіз айтылады. Үшіншісі – есімше формасынан кейін жалғанатын – -ша, -ше қосымшасы: қайтқанша, келгенше, естігенше т.б Бұл бір істің аяқталу шегін білдіреді. Ғалым көсемшенің болымсыз түріне жалғанатын –ынша, -інше қосымшасын “әшейін” сөзінен ауысқан деп болжайды (білмейінше сөйлеу – білмей әшейін сөйлеу; шақырмайынша келу – шақырмай әшейін келу т.б.) да, сөз құрамынан -ынша, -інше қосымшасын да, әшейін сөзін де түсіріп айтса, одан сөздің мағынасы ешқандай өзгермейтініне мысал келтіреді (көрмейінше айту – көрмей (әшейін) айту т.б.) [3, 33 б.].
-Ша, -ше жұрнағы қазіргі тіл тұрғысынан алғанда омоним қосымшалар болып табылады. Оның сөзге жалғану реті әртүрлі. Ы.Маманов көрсеткендей, ол ең алдымен зат есімнің рең мәнін тудыратын қосымша, зат есім сөздерге жалғанып кішірейту мағынасын үстейді. Мысалы: кітапша, бөлімше, кілемше, өгізше т.б. Бұл тұлғаның сөзжасамдық және форма жасаушылық қызметі жайлы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде” былай деп жазылған: “Бұл жұрнақ қазақ тілінде сөз жасамдық та, сөз өзгертімдік те қызмет атқарады. Сөзжасамдық қызметі оның шу бастағы негізгі тұлға өзгертімдік қызметінің негізінде кейін пайда болғанға ұқсайды. Әуелде ол кішірейту, еркелету, сый-құрмет ұғымын білдірген. Яғни -ша, -ше тұлғалығы жалғанған көп түбірлердің мағынасы сәл жаңғырғаны болмаса, жаңармайды, ол бастапқы түп мәнінен ажырамайды. Мысалы, кілем мен кілемше сөздерінің арасындағы мағыналық ара-қашықтықтың шамалылығы әсіресе маңдай мен маңдайша сөздерінің арасындағы мағыналық ара-қашықтық тұрғысынан айқын сезіледі. Демек, “маңдайша” туылымындағы -ша тұлғалығы түбірге кішірейту мәнінен гөрі, мүлдем жаңа мағына үстеп тұр. Дәлірек айтсақ, “кілемше” сөзіндегі -ше – тұлға өзгертімдік жұрнақ та, ал “маңдайша” туынды зат есіміндегі -ша – сөзжасамдық жұрнақ. Сол сияқты “жауырынша, көкірекше, кеудеше, белдемше” дегендегі -ша, -ше тұлғалығын да дәл осылай танып талдауға болады” [53, 126 б.].
Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде “арқанша” сөзіне мынадай түсініктеме берілген: “Арқанша. зат. Арқаннан кішіректеу жіп”. Мұндағы -ша, -ше тұлғасы кішірейту мағынасын береді. Сөздікте осы сөзге омоним екінші бір “арқанша” сөзі жаңа сөз – термин ретінде көрсетіледі: Арқанша. зат. биол. Жұмыртқаның қабыршақ қабығынан ақуызының ортасынан сарыуызына қарай тығыз ширатылған жіп тәрізді созылып жататын бөлігі. Бұл жерден байқайтынымыз, -ша, -ше қосымшасы о баста кішірейту мағынасын үстеу үшін зат есімдерге жалғанып қолданылған. Кейін келе олар тұрақталып, кейбір жағдайда терминдік сипат алып жаңа сөз ретінде қалыптаса бастаған.
Сонымен қатар, кішірейту мағынасын үстейтін -ша, -ше қосымшасы жалғанған сөздердің өз ішінде семантикалық деңгейлері бірдей емес. Олардың кейбірі таза кішірейту мағынасын үстеу үшін ғана қолданылатын болса, бірсыпырасы жаңа сөздік деңгейге жеткен. Мысалы, “кеудеше, белдемше” сөздерін алайық. Олардың түбір күйіндегі мағынасы мен -ша,-ше жалғанғаннан кейінгі мағынасы мүлдем екі басқа. “Кеуде” адам ағзасы да, “кеудеше” кеудеге киетін киім.
Кішірейту мағынасын үстейтін -ша, -ше қосымшасы форма тудырушы қосымшаларға қойылатын критерийлердің барлығына жауап бере алмайды. Бұл тұлға жалғанған сөзінің мағынасын мүлдем өзгертіп жібермей, кішірейту мағынасын үстегенмен, форма тудыратын қосымшаларға қойылатын екінші критерий – барлық зат есім сөздерге, немесе зат есімнің бір тобына түгелдей жалғанбайды. Мысалы, “аяқша, қолша, басша, суша, нанша, маташа” сияқты кез келген зат есім сөздерге жалғанбайды. Бұл жағынан алғанда ол сөзжасамдық қосымшалармен ұқсас. Осымен байланысты зат есімнің рең мәнін тудыратын -ша, -ше қосымшасының о бастағы қызметі форма тудыру болғанымен, біртіндеп жаңа сөз жасауға ауыса бастаған. Екіншіден, кішірейту мағынасын үстейтін -ша, -ше қосымшасы жалғанып жасалған сөздер түсіндірме сөздіктерде реестр сөз ретінде беріліп отырады. Ал ол сөздердің мағыналары сөзжасамдық дәрежелеріне қарай әртүрлі ашылып отырады. Бірсыпырасы таза кішірейту мағынасымен ғана берілсе, енді бірлерінің жаңа атаулық мағынасы, кейде терминдік мағыналары да бар. Бұл жағынан -ша, -ше қосымшасының кішірейту мағынасын үстейтін мағынасы оны форма тудырушы қосымшаларға жақындатады. Ал “маңдайша, белдемше, кеудеше” сөздері бұл тұлғаның сөзжасамдық қосымша екендігін көрсетеді. Ы.Маманов -ша, -ше қосымшасының осы түріне (кішірейту), оның сөзжасамдық, форма тудырушылық қызметін ажыратуға көп тоқталмаған. Бірақ ғалым осы сияқты, осындай ерекшелігі бар тұлғалардың сөзжасамдық қызметін сөзжасамның синтетикалық тәсілінен емес, олар сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі арқылы жасалған сөздер дегенді айтады.
Ы.Маманов үстеу тудырушы -ша, -ше қосымшасының тілдік сипатына ерекше тоқталған. Оны зат есімнің функциялық формасын тудыратын грамматикалық көрсеткіш деп анықтайды. Ғалым -ша, -ше тұлғасы жалғанып жасалған үстеу сөздер мен зат есімнің салыстыру формасын ғана тудыратын сөздерді салыстырып, оған мынадай мысалдар келтіреді: Жаумен Амангелдіше соғысыңдар. Жиналыста Бәйтеневше сөйлеңдер. Нәзкен біздің құдағиымызша шіренеді. Автордың пікірінше, осы сөйлемдердегі Амангелдіше, Бәйтеневше, құдағиымызша сөздері туынды сөз бола алмайды. “Ойша, қысқаша, түрліше, өзгеше сөздері мен Жақаевша, ағаларыңша, тойғандарыңша тәрізді зат есімнің анықтауыш формасын бір рамкада туынды түбір үстеу деп қарау да дұрыс шешім болып табылмайды. Ал туынды үстеудің құрамына енген өзгеше, түрліше т.б. сөздерді -ша, -ше қосымшасының сөз тудырушылық қызметінен пайда болған деп түсінуге болмайды. Оларды осы қосымшалар арқылы жасалған грамматикалық формалардан семантикалық тәсілмен біртіндеп лексикалық бүтін болып қалыптасқан деп танумыз керек” – деп жазады [3].
Сөйтіп, Ы.Маманов -ша, -ше қосымшасының сөзжасамдық, форма жасаушылық қызметін ажыратып көрсетеді. Ғалымның көзқарасы бойынша, қимыл-әрекеттің субъектісі болатын кез келген зат есім сөзге -ша, -ше тұлғалығын жалғап (менше, Оспанша, құсша, адамша, оқушыша, шешенше т.б.), сонымен қатар олардың көптік (Оспандарша, адамдарша), тәуелдік (әкесінше, достарынша) формаларынан кейін жалғап салыстыру мағынасын беруге болады. Ал сөзжасам қосымшаларына қойылатын критерий бойынша, ол қосымша сөз талғап жалғану керек еді. Екіншіден, түбір сөзге де, сөздің грамматикалық формасына да жалғанады. Сонда -ша, ше тұлғалығы адам аттарына, тәуелдік, көптік формада тұрған сөздерге жалғанғанда сөз жасамайды да, түбір сөзге жалғанғанда үнемі сөз жасай ала ма деген мәселені алға тартады. Ғалым үстеу сөзжасамының көрсеткіші ретінде танылып жүрген -ша, -ше қосымшасының сөзжасамдық сипатын қай тұрғыдан алу керек деген мәселені қояды. Ы.Мамановтың бұл ойлары тіл білімінде әбден орныққан сөзжасам қосымшаларына қойылатын талаптар тұрғысынан яғни тілдік заңдылықтар тұрғысынан алғанда әлі де ойлануды, жете зерттеуді қажет ететін мәселелер екендігі дау тудырмайды.
Ы.Маманов -сыз, -сіз қосымшасының да табиғаты туралы да пікір білдірген. Ғалым бұл тұлғаны зат есімнің функциялық формасын тудыратын көрсеткіш деп анықтайды. Бұл пікірді айтуда ғалым -сыз, -сіз қосымшасының форма тудырушы қызметтері мен түрліше қаралып жүрген ғылыми пікірлерге сүйенеді.
Бұл аффикс көптеген түркі тілдеріне тән қосымша. Туыстас түркі тілдерінде -сыз, -сіз, ал якут, чуваш тілдерінде р/з сәйкестігі бойынша -сар, -сер түрінде кездеседі. -Сыз, -сіз аффиксі түркологиялық зерттеулерде өзі жалғанған сөздерден туынды сын есім жасайтын сөз тудырушы қосымша ретінде қаралады. Э.В.Севортянның айтуынша, кейбір шетел түркологтары -сыз, -сіз аффиксін септік жалғауы ретінде қарағаны болмаса, бұл аффикс жайлы жалпы түркологиялық еңбектерде пікір алалығы жоқ.
Қазақ тілі грамматикаларында -сыз, -сіз қосымшасы негізінен қатыстық сын есім тудырушы жұрнақ болып анықталған. Ал кейбір ғылыми зерттеу жұмыстарында бұл жұрнақтың форма жасаушы қызметі жайлы да сөз етіледі. Осымен байланысты түркологияда бұл қосымша «жартылай функционалды», «синкретті», «аралық», «кірістіруші», «синкретті», «екі функциялы» деген терминдермен аталған.
Бұл қосымшаны түркологияда А.Н.Кононов, В.Н.Хангелдин, Ф.Исхакова, Е.А.Поцелуевский т.б., қазақ ғалымдары І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, С.Жиенбаев, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, К.Аханов т.б. ғалымдар сын есім тудырушы жұрнақ деп анықтаған.
М.Терентьев, Н.Созантов еңбектерінде бұл қосымша септеулік шылау деп көрсетіледі.
Түркологияда бұл тұлға септік жалғауы деп те анықталған. Айталық, И.А.Андреев чуваш тілі грамматикасында -сар, -сер формасында жоқтық септік жалғауы десе, татар ғалымдары М.З.Закиев пен Ф.А.Ганиев септік парадигмасында береді. М.З.Закиев бұл тұлғаны «лишительный падеж» деп атаған. Ғалым -сыз, -сіз аффиксінің септік жалғау болу себебін мына пікір арқылы дәлелдеген: «Бұл тұлға біріншіден, өзі жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертпейді, екіншіден, жалғанған сөзіне жоқтық, болымсыздық грамматикалық мағына ғана үстейді, үшіншіден, кез келген зат есімге жалғанады, төртіншіден, ол сөйлеу процесінде қолданылады» [39, 88б.]. Ф.А.Ганиев те осы сипаттас пікір айтып, «лишительный падеж» деп көрсетеді [40, 82].
В.Н.Насилов «аффиксы включения» деп атаған қосымшалар қатарында көрсетеді. А.М.Щербак «промежуточные аффиксы» деп атаған аффикстерге жатқызады.
Түркологияда бұл қосымшаны «жоқтық не болымсыздық форма» деп танушы көзқарас бар. Н.А.Баскаков -сыз, -сіз қосымшасын зат есімнің атрибут-анықтауыш формасы десе, М.А.Хабичев барлық сөз таптарына ортақ жоқтық форманың көрсеткіші деп анықтайды. Мысалы: -сыз, -сіз формалы зат есімдер (бассыз, жерсіз, жолсыз); сын есімдер (ақсыз, сарысыз), сан есімдер (үшсіз, бессіз); есімдіктер (сенсіз бізсіз, сенсіз). Ғалым бұл қосымшаның сөзжасамдық қызметін де жоққа шығармаған. Бірақ оның о бастағы қызметі форма тудыру болған, ал сөзжасамдық қызметі кейін қалыптасқан деп, оны синкретті аффикс деп анықтайды [31, 159 б.].
Бұл тұлғаны екі функциялы деп танушы ғалым В.А.Гордлевский былай деп жазады: «Сиз часто и в соединении с существительными не образует имени прилагательного, а просто указывает на отсутствие данного предмета или лица, соответствуя предлогу «без» [60, 49 б.]. С.Гуджиков: «Аффикс -сыз, -сіз, прибавляясь к именам существительным, образует от них имена прилагательные. Но присоединяясь к собственным именам, личным и некоторым указательным местоимениям не принимают участия в образовании прилагательного», - деп тұжырымдаған [61, 7 с.].
Ф.А.Ганиев септіктер туралы мақаласында бұл тұлғаны септік жалғауы деп көрсеткенімен, енді бір зерттеу жұмысында оны грамматикалық омонимия құбылысы деп тауып, «-лы, -лі, -сыз, -сіз в одних случаях он выступает как словообразовательное средство, в других – как грамматический суффикс» деп, «жартылай функционалды» аффикс деп көрсетеді [30, 52с.].
Қазақ тіл білімінде Қ.Шаяхметов -сыз, -сіз қосымшасы жекеше түрдегі, атау тұлғалы зат есім түбірлеріне қосылып қатыстық сын есім тудырады, бұл оның ең басты, негізгі функциясы деп, бұл тұлғаның форма тудурушы қызметін он бір түрлі жағдайда көрсетеді. Олар: зат есімдердің көптік, тәуелдік жалғаулы негіздеріне қосылып (министрінсіз, штабтарсыз); мезгіл, уақыт, шама, өлшем мәнді есімдер тіркесіне қосылып (бір-екі айсыз, он жылсыз); сан есімдерге қосылып (біреуінсіз); модаль сөздерге қосылып (керексіз, қажетсіз); негізгі үстеулерге қосылып (бүгінсіз); заттанған синтаксистік формаларға қосылып (Ойбауырымсыз); жалқы есімдерге қосылып (Абайсыз); есімдіктерге қосылып (менсіз); у тұлғалы қимыл есімдеріне қосылып (тартусыз); есімше негіздеріне қосылып (келушілерсіз) форма тудырушы қызмет атқарады [32].
Осы қосымшаның тілдік табиғатын анықтауда А.Жаңабекова Қ.Шаяхметовтің жоғарыдағы -сыз, -сіз қосымшасының сөзжасамдық қызметі жайлы айтқан пікіріне Ы.Маманов тұжырымдарын негізге ала отырып, мынадай қайшы пікір айтады. «Қ.Шаяхметов көрсеткендей, -сыз, -сіз қосымшасының атау тұлғалы зат есім түбірлеріне жалғанғанда туған барлық сөздерді сын есім сөздер деп барлығын бір қатарда қарауға болмайды. Мысалы, үйсіз, кітапсыз, түймесіз, көйлексіз, баласыз, пердесіз, столсыз, дастархансыз, қаламсыз т.б. толып жатқан сөздер мен мейірімсіз, әдепсіз, сауатсыз, қанағатсыз т.б. сөздерді бір қатарда бәрін сын есім сөздер, бәрі де заттың сапасын білдіреді деп айта алмаймыз. Алдыңғы мысалдарда -сыз, -сіз қосымшасы жалғанған сөздеріне тек жоқтық мән ғана үстеп тұр, ал кейінгілерінде -сыз, -сіз қосымшасының жоқтық грамматикалық мағынасының негізінде тұрақты қолданылу барысында бүтінге айналып, лексикаланған. Бұл жердегі -сыз, -сіз қосымшасының сөз тудырушы қызметін мағына дамуы негізінде, яғни лексика-семантикалық тәсілмен жүзеге асқан құбылыс деп түсінуіміз керек» [44]. Зерттеуші мұндай пікірге келуде -сыз, -сіз қосымшалы сөздерді шырай категориясымен түрлендіруді критерий етіп алады. «Сын есім сөз табы жайлы сөз болғанда оның грамматикалық категория құрай алатын түрлену жүйесі – шырай категориясын критерий етіп, тілге тиек еткеніміз абзал. С.Исаев шырай категориясы тек сапалық сын есімдердің ғана түрлену жүйесі деп көрсеткен болатын. -Сыз, -сіз қосымшасы қатыстық сын есім тудырушы жұрнақ екендігі белгілі. Осы қосымша арқылы жасалған сөздердің бірсыпырасы шырай жұрнақтарын қабылдай алады. Мысалы: мейірімсіз-мейірімсіздеу-мейірімсізірек-өте мейірімсіз; әдепсіз-әдепсіздеу-әдепсізірек-өте әдепсіз. Демек мейірімсіз, әдепсіз сөздері қатыстық сынды білдірмей, сапалық сынға көшкен. Ал пердесіз, қаламсыз т.б сөздерді шырай жұрнақтарымен түрлендіре алмаймыз. Мысалы: пердесіз-пердесіздеу-пердесізірек-өте пердесіз; кітапсыз-кітапсыздау-кітапсызырақ-өте кітапсыз» [44]. Сонымен қатар, автор бұл тұлғаны форма тудырушы қызметін анықтауда оның грамматикалық абстракция жасау сипатына сүйенеді. «-Сыз, -сіз қосымшасы барлық сөз табына дерлік (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу, етістік формаларына) түгелдей жалғана алады. Ал бір немесе бірнеше сөз табын қамту форма тудырушы қосымшаларға тән қасиет. Олай болса, -сыз, -сіз қосымшасының о бастағы негізгі қызметі форма тудырушылық. Ал осы қосымша жалғанып жасалған сын есім сөздер немесе үстеулер (амалсыз, еріксіз) сөзжасамның синтетикалық тәсілінің қатысуымен емес, мағына дамуының нәтижесінде, яғни лексика-семантикалық тәсілдің қатысуымен жасалған» [44].
Ы.Маманов -сыз, -сіз қосымшасын зат есімнің функциялық формасын тудыратын грамматикалық көрсеткіш деп анықтайды. «Тәртіпсіз бала, арсыз жігіт, есепсіз ақша деген тіркестердегі тәртіпсіз, арсыз, есепсіз сөздері мен Оспансыз, сендерсіз, нансыз сөздерін сыртқы тұлғаларының бірлігіне қарап, барлығын да туынды сын есім деп қарау дұрыс емес. Бұл сөздерді зат есімнің жоқтық мағынасын білдіретін атрибут формасы деп таныған жөн [3, 33 б.].
Ғалым бұл тұжырымды тілдегі сөзжасам қосымшаларына қойылатын критерийлер тұрғысынан қарастырған. Бұл орайда оның әрқашан жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа мағына үстемейтінін, екіншіден, кез келген сөзге жалғанып грамматикалық абстракция жасайтынын, үшіншіден, тілде дайын күйінде емес, сөйлеу процесінде қолданылатын сөйлеу бірлігі болып табылатынын т.б. сипаттарын негізге алған. Олай болса, ғалымның бұл тұжырымы тілдік қағидаға негізделіп, тілдік заңдылықтар бойынша жасалған. Сондықтан сөзжасам, морфология мәселелерін зерттеуде теориялық бағыт ретінде қалыптасатыны даусыз.