Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ


Профессор Ы.Маманов қазақ тіліндегі шырай категориясы туралы



бет18/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   47
Байланысты:
?îæ 811. 512. 122’366 ?îëæàçáà ???ûíäà Ø?ð³ïæàíîâà ?àëèÿ ?àáäîëë

1.3 Профессор Ы.Маманов қазақ тіліндегі шырай категориясы туралы.

Қазақ тілінде сөз таптарының грамматикалық категориялары айқындалып, олардың түрлену жүйесі тұрақталған деуге болады. Грамматикалық категория (морфологиялық категория) сөз таптарының барлығында бірдей кездесе бермейді. Зат есім мен етістік - грамматикалық категорияға бай сөз табы. Мысалы, зат есімнің – септік, тәуелдік, көптік категориялары болса, сол сияқты заттық мәндегі сөздермен қатар сындық мағынаны білдіретін сөздер де түрлену жүйесіне ие. Сын есімнің шырай категориясының грамматикалық мағыналары мен грамматикалық формалары анықталған. Осы грамматикалық мағыналар мен грамматикалық формалар жиынтығынан тұратындықтан грамматикалық категория құрайды.


Қазақ тілінде сын есімнің шырай категориясының зерттелуіне біраз ғалымдарымыздың үлес қосқандығы белгілі. Алайда шырайдың грамматикалық топтарына қарай бөлуде бірізділіктің жоқтығы байқалады. Мектеп оқулықтары мен жоғарғы оқу орындарына арналған қазақ тілі оқулықтарында, сондай-ақ осы мәселеге байланысты ғылыми еңбектерде шырай түрлері әртүрлі көрсетілген. Мәселен, кейбір оқулықтарда -қыл, -ғыл, -қылт, -тым, -шыл, -шіл, -ғыш, -гіш жұрнақтары салыстырмалы шырай құрамында беріледі. Яғни шырай түрлерін анықтауда қандай принципке сүйенеміз деген мәселенің басы ашық емес екендігін байқауға болады. Бұл тек шырай категориясына ғана қатысты емес, жалпы грамматикалық категория ұғымына қатысты мәселе, нақтырақ айтқанда, грамматикалық категория құрау критерийлері, оларды бөлу принциптері нақты анықталмаған деуге болады. Ы.Маманов шырай мәселесінде екі түрлі жағдайға баса назар аударған. Оның бірі – жоғарыда аталған сынның белгісін білдіретін жұрнақтарды сөзжасам жұрнақтарына жатқызу керек пе, әлде шырай категориясында қарала ма деген сұрақ болса, екіншісі – жай шырайдың шырай парадигмасының құрамына ене ме, яғни шырайдың бір түрі ретінде грамматикалық қатарға (граммема) жата ма деген мәселе.
Қазақ тіл білімінде шырай категориясының грамматикалық сипатына А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, М.Томанов, Ы.Маманов, С.Исаев т.б ғалымдар арнайы тоқталған.
А.Байтұрсынов сын есімді “тек сыны” және “сыр сыны” деп екіге бөледі. Тек сыны нәрсенің тегін көрсетеді де (ағаш аяқ, күміс қасық, алтын жүзік т.б.) сыр сыны нәрсенің ішкі, тысқы сырын, реңін, яғни түрін, түсін, тұлғасын, жайын, күйін білдіреді (арық, аласа, жуан, шебер, аш, ақ, қара т.б.). Сыр сынында үш шырай: жай шырай, талғаулы шырай, таңдаулы шырай бар дей келіп, жай шырай нәрсенің сиқын (қасиетін) жай көрсететінін (жақсы атан, тентек бала, биік ағаш), талғаулы шырай нәрсе сиқының бірінен-бірі артық-кемдігін (зерек-зерегірек, семіз-семізірек), таңдаулы шырай нәрсенің сиқы өте артық екенін көрсетеді (тым қорқақа, ең жақсы, бек нәзік, қас батыр, нақ шешен) деп түйіндейді [19, 217 б.].
Қ.Жұбанов «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» еңбегінде шырайға төмендегідей сипаттама береді: «Есімнің бірқатары заттың өзін емес, заттың не істің тұрғылықты белгісін көрсетеді. Мұның өзі екі түрлі – сан белгі, сыпат белгі. Осыған қарай бірін сан есім, бірін сын есім дейміз. Сын морфологияда -рақ, -рек, -лау, -леу қосымшалары, қосақты қосар буынды өзіне ерте алады: қызыл – қызылырақ, қызылдау, қып-қызыл»...
Шырай түрлерін бірнеше топқа бөледі: жай шырай, кесімді араластырмалы шырай (бірі тура күйде, бірі шығыс жалғаулы күйде болады), салыстырмалы шағын шырай (-рақ, -рек, -лау, -леу үстеулері қосылатындар), жалаң шағын шырай (қызғылт, қаралтым, көтеріңкі, созылыңқы) таңдаулы шырай, дәйек қосылыңқы (өте қысқа), қосақты (қып-қысқа), үстеулі (ұзын-ақ), орта шырай (бір қос, бірсыпыра, бірқатар, бір жөн, бір дәуір, едәуір сөздері қосылады)...[20].
Қазіргі қазақ тілінде шырай түрлері ықшамдалған, оның екі, үш, төртке жіктеу үлгілері бар. Әйтсе де Қ.Жұбановтың бұл топшылауы негізсіз емес. Ғалымның бұл еңбегіне А.Есенғұлов өз мақаласында тоқталып, дұрыс баға берген [73, 167 б.].
Бұдан кейін шырай категориясын зерттеп, арнаулы еңбек жазған ғалым – Ғ.Ғ.Мұсабаев осы категорияның зерттелу дәрежесіне байланысты пікір айтып, ондағы жаңалықтар мен өзгерістерге тоқталып өтеді. Қазақ тілі грамматикасын жазған орыс ғалымдары П.М.Мелиоранский, М.Терентьев, И.Лаптевтер қырғыз тілінің грамматикасын жазған В.В.Катаринскийдің көлемінен аса алмағандығын, сол еңбектегі айтылғаннан басқа жаңа еш нәрсе кездеспейтінін айтады. Оның себебі, біріншіден, қазақ тілінің зерттелу дәрежесінің жетімсіздігінен болса, екіншіден, логикалық категорияға жататын шырай категориясының сырын ашу ол күнде оңай да болмайды. Шырай категориясы туралы құнды пікірді Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеушілерден күтуге де болмайтын еді дейді. Осы еңбекте ғалым түркологтардан шырайға Н.К.Дмитриев ғана «Грамматика башкирского языка» деген еңбегінде мынадай анықтама бергенін келтіреді: «Степени сравнения показывают различие в потенциале одного и того же качества, конкретно выражающегося в различных предметах» [74].
Әр заттың сапасы, сыны арқылы айырмашылық белгілері болады. Біз оларды осындай белгілері арқылы ажыратамыз, танимыз. Ғалымның да айтуынша, затты тану жолының ең бастысы – екі заттың біркелкі белгісін біріне-бірін салыстырып барып тану. Салыстырудың бәрі шырай емес. Егер әртүрлі сапаның бірін екіншісіне қарсы қойсақ, қызылды биікпен салыстырсақ, шырай категориясы тумайды. Бұл, әрине, өте орынды дәлел. Ендеше, салыстырудың бәрі шырай емес. Сондықтан жай шырайды негізгі норма қылып алудың өзі де дұрыс болып шықпайды [74, 15-19 б.б.]. Сөйтіп Ғ.Мұсабаев мағынасы мен тұлғасына қарай шырайдың бес түрін көрсетеді:
1) Салыстырмалы шырай (-рақ, -рек);
2) Бәсең шырай (-дау, -деу);
3) Шағын шырай (-шыл, -шіл, -ғыл, -ғылт, -ғыш, -ілдір);
4) Күшейтпелі шырай (күшейту буыны арқылы);
5) Үдетпелі шырай (аса, тым, өте).
Ғ.Мұсабаев -рақ, -рек пен -лау, -леу формаларын екіге ажыратып көрсеткенмен, кейінгі еңбектерде олар біріктіріліп қарастырылады. Ал -шыл, -шіл, -ғыл, -ғылт тұлғалы сын есімдерді Қ.Жұбанов ізімен шағын шырайға жатқызған. Ғалым осы еңбегінде шағын шырай формаларының ертерек кездегі халық әдебиетінде кездеспейтіндігін, Абай өлеңдерінде, содан кейін совет әдебиетінде өте жиі ұшырайтындығына дәлелдер келтіреді.
Ғалымның жоғарыдағы пікірімен орайлас, жай шырайды шырай категориясына жатқызудың шартты екенін Ы.Маманов та айтқан.
Ы.Маманов нөлдік форма теориясын сөз ете отырып, жай шырай, негізгі етіс деп аталып жүрген шырай, етіс түрлерінің жоқ екеніне мынадай дәлел айтады: «Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде, кейбір грамматикалық формалар сөйлемде грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нольдік формада қолданыла береді. Қазақ тілінде нольдік форма, көбінесе, түбір сөздермен тұлғалас болып келеді. Соның салдарынан қазақ тілі грамматикаларында түбір сөздер мен нольдік форманың аражігін айыруда ғылыми-теориялық анықтамалар жеткіліксіз. Қазақ тіл білім жөнінде жазылған еңбектерде зат есімнің жекеше түрі, атау септік, жай шырай, негізгі етіс деген терминдер грамматикалық формалардың атауы (термин) ретінде қолданылады. Бірақ бұлардың ешқайсысының өзіне тән арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ. Олай болса, бұлар нольдік форма да емес... Қазақ тілінде әрбір грамматикалық форма сөзге арнайы форма тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалады. Былайша айтқанда, түбір сөз грамматикалық форма емес, ол грамматикалық формаларға негіз болып жұмсалады. Зат есімнің жекеше түрі, жай шырай, негізгі етіс делініп жүргендер де көптік, шырай және етіс формаларына негіз болып қолданылатын түбір сөздер. Өйткені бұлардың арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ» [3, 76-77 б.].
Жай шырай түрінің шырайға жатпайтына жайлы 1967 жылы жарық көрген академиялық грамматикада да көрсетілген: «Мектеп грамматикаларында жай шырай сын есімнің басқа шырай формаларын жасаудағы негіз, таяныш тұлға болатынын көрсету үшін беріледі. Бірақ бұл атау формада еш салыстыру жоқ, ендеше шырай емес, ақ, қызыл, сары дегендерде бұл күйінде шырай мағынасы жоқ [27, 85 б.]. Жоғарыда аталған ғалымдар пікірлерінде жай шырай түрінің жоқ екендігі айтылғанмен, ол жоғарғы оқу орындарына арналған А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында шырай түрі ретінде көрсетіліп, мынадай анықтама берілген: «Заттың белгісін, түсін (түрін), сапасын, көлемін, салмағын, аумағын, тағы басқа сондай негізгі сын-сипаттарын білдіретін сапалық сын есім шырай болып есептеледі [9, 196 б.]. Мектеп оқулықтарында да жай шырай шырайдың бір түрі ретінде көрсетіліп келеді.
С.Исаев жай шырай мәселесінде Ы.Мамановтың пікірлерін толық қолдаған. Ғалым жай шырайдың грамматикалық сипатына қатысты төмендегідей пікір айтады: «Солай бола тұрса да, шырай қосымшалары сияқты оның түрлері туралы да қазақ тіл білімінде бірыңғай пікір жоқ. Ең алдымен, бірден көзге түсетін ерекшелік – грамматикалар мен оқу құралдарында шырай түрлерін жасауға негіз болатын тұлға деп көрсетілетін жай шырай түрін жеке шырай деп бөліп көрсетеді. Тек шырай түрлеріне негіз болатын, ал өзі шырай түрлеріне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да оппозициялық қатар құрай алмайтын, сөйтіп, басқа түрлермен тепе-тең парадигмалық жүйе жасай алмайтын тұлға ол категорияның ішіне, шеңберіне кіре алмайды. Дәл осындай жағдай етіс категориясындағы негізгі етіс деген ұғымға да қатысты. Сөйтіп, бұл жерде жай шырай деген ұғым сапалық сын есім деген ұғыммен барабар... Сонда сапалық сын есім тұлғасы мен жай шырай деген ұғым бір болса, ол бір ұғымды, біріншіден, екі түрлі атағаннан не ұтамыз? Екіншіден, категориялық түрлену тұлғаларына негіз болатын тұлға (сапалық сын есім деген ұғым да, тұлға да ол категорияға (шырай түріне) енбейді. Мысалы, тәуелдік категориясына негіз болатын тұлға – зат есімнің түбірі. Бірақ зат есімнің түбірі тәуелдіктің ішінде бір түрі болып саналмайды [28, 140 б.].
Ә.Төлеуов те шырай түрлерінің жасалуына туынды сөздер мен сөз таптарына қатысты еңбектерінде тоқталып өткен. Ғалым жай шырай түрін көрсете отырып, оны шырай категориясының жасалуына негіз болады деп көрсетеді. Өйткені олар заттың сапа-белгісін басқа бір нәрсенің түр-түсімен салыстырмай-ақ көрсетеді. Ал бір не көп нәрсенің біркелкі сапа дәрежесінің не артық, не кемдігін салыстыра көрсетуді салыстырмалы шырай деп, оның -ғыл, -ғылт, -ғылтым, -шыл, -шіл, -аң, -ғыш, -қай сияқты морфологиялық көрсеткіштермен жасалып, бірінің үстіне бірі жалғана беретіндігіне (үлкен-ірек-теу, көк-шіл-деу) мысал келтіреді [75, 33 б.]. Ал -ғыш жұрнағына екі түрлі сипаттама береді. Біріншіден, «кейбір зат есімге қосылып, бір заттың артық, кемдігін көрсететін салыстырмалы мәнді сын есім тудырады: сұрғыш, қызғыш, сарғыш». Бірақ бұл сөздердің түбірі - сары, қызыл, сұр сөздері зат есім емес, сын есімдер. Ғалым -ғыш жұрнағын бірде шырай жұрнағы десе, бірде сын есім тудырады деп қайшы пікір айтады. Екіншіден, етістікке -ғыш қосылып (айтқыш оқушы – айтқыш келді; білгіш бала – білгіш айтты) сын есім мен зат есімге ыңғайлас келеді деп дұрыс топшылау жасаған.
Ә.Төлеуов -шыл, -шіл жұрнағының термин жасаудағы мәніне тоқтала келе, сапалық сын есімге қосылып, салыстырмалы мағыналы туынды сын есім жасайды деп көрсетсе (көкшіл, ақшыл), кейінгі еңбектерінде ақшыл, көкшіл сөздеріндегі -шыл, -шіл морфемалары түстің бәсеңдігін білдіретіндіктен, сөз тудыратын жұрнақтардан гөрі, сөз түрлендіруші жұрнаққа жатады деп жазады. Біздіңше, ғалым -шыл, -шіл жұрнағын сөз түрлендіруші деп анықтауда оның мағыналық ерекшелігіне ғана сүйенген де, ал оның талғап жалғану сипатына назар аудармаған сияқты. Ал «Сөз таптары» деп аталатын монографиялық еңбегінде -шыл, -шіл жұрнағы туынды түбірлі сын есім жасайды деп көрсетеді. Салыстырмалы шырай жұрнақтарының барлық сөз таптарына (зат есімдерге – шалдау, баларақ; кейбір модаль сөздерге – көбірек; үстеу сөздерге – ілгерірек, кейіндеу; туынды қатыстық сын есімдерге – күштірек, ойлырақ) дерлік жалғанатынына мысалдар келтіреді. Ғалым осы жерде ойлы, күшті сын есімдерін қатыстық сын есім деп көрсеткен. Ал, бірақ, кешкі қатыстық сын есіміне шырай жұрнағы жалғанбайтынын негізге алып, сапалық мәнді түбірлі сын есімдерге ғана шырай жұрнақтары жалғанады деп, өз пікіріне қайшы келеді.
Ж.Шакенов те, негізінен, шырай түрлерін Ғ.Мұсабаев сияқты топтаған. Тек Ғ.Мұсабаевтың үдетпелі шырай терминін таңдаулы шырай деп берген де, ал шағын шырайды өз алдына топтап, бөлек шырай жасайтын тұлға деп қарайды. Ж.Шакенов шырай жұрнақтарына тән мынадай белгілерді атап көрсетеді: «Шырайдың білдіретіні бірен-саран ғана сөздердің басына тән жеке қасиеттер емес, көптеген сөздерге қатысты жалпылық мәні бар қасиеттер болады. Мәселен, -рақ, -рек, -лау, -леу сапа сындарының барлығынан шырай тудырады, күшейткіш буындар да, өте, тым, аса сияқты күшейткіш үстеулер де солай. Ал -ғыш, -ғылт тәріздес жұрнақтарға келсек, олар құнарсыз, көпшілігі заттың түсін білдіретін сөзге ғана жалғанады. Соның өзінде де барлығына емес, екі-үш түске ғана» [76, 28 б.]. «Бұлар жалғанған сөздер әдеттегі сапа сындары тәрізді белгілі жұрнақтар арқылы етістікке айналып кетеді. Мысалы: көгілдірленіп, сұрғылттанып, қуаңдана т.б. бұдан кейін сұрғылт, ақшыл тәрізді сындар күрделі сындардың құрамына енеді. Мысалы, Бір сәт қызғылт сары аш бүркіт осы тастарға қарай бездіріп қоян қуады (М.Әуезов). Ақшыл сарғылт жүзіне енді қайтадан қызғылт қан жүгіре бастады (М.Әуезов). Ал шырай жұрнақтары қосылған сөздерден бұл кездеспейді. Олай болса, -ғыл, -ғылт, -ғыш, -аң, -қай, -ілдір, -шыл, -шіл тәріздес жұрнақтар шырайлық емес, сапаның толымсыздығын білдіретін формалар болады» [76, 30 б.]. Ғалым аталған аффикстердің шырай жұрнақтарына жатқызбағанымен, оларды бөлек шырай жасайтын тұлға деп атайды. Демек автор бұл тұлғалардың шырай жұрнақтары екендігін не сөз тудырушы формалар екендігін толық ажыратып көрсетпеген.
Бұл жұрнақтар басқа да еңбектерде шырай формалары ретінде көрсетілген. Мысалы, «Данная степень образуется посредством специфических только для качественных прилагательных, называющих цвет, суффиксов: -ғылт, -ғылтым, -ғыш, -ілдір, -ілжім. Эти суффиксы, присоединяясь к качественным прилагательным обозначающим цвета, выражают преуменшительное, приблизительное значение, т. е. Неполноту качества: сары (желтый), сарғылт (чуть пожелтевший), ақ (белый), ақшыл (чуть побелевший) т.е. имеет цвет чуть белый, но не совсем белый)» [77, 207 б.]. Бұл еңбекте де бұлардың бірлі-жарлым сөздерге жалғанатын сирек форма екендігі аталып қана өтіледі.
«Қазақ тілінің грамматикасында» (1967) шырайдың төрт түрі көрсетіледі: 1) салыстырмалы шырай; 2) бәсең я шағын шырай; 3) күшейтпелі шырай; 4) асырмалы-үдетпелі шырай. -Ғылт, -ғылтым, -ғыш, -ілдір, -ілжім қосымшалары шағын шырай формалары ретінде беріліп, олардың тек түсті білдіретін сапалық сын есімдерге жалғанып, солғындығын білдіретіні мен олардың сирек қолданылатын форма екендігі айтылады. Еңбекте бірде бұл жұрнақтар форма тудыратын қосымшалер ретінде көрсетілсе, бірде олардан жасалған сөздер туынды сөздерге жатқызылып, екі жақты беріледі [27, 86-87 б.].
А.Ысқақов шырай түрлерін төртке (жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шарай) бөледі де, -ғыл (-қыл), (-қылт), -ғылт, -ғылтым (-қылтым), -ғыш... қосымшаларын заттың сындық белгілерінің бәсеңдік, солғындық реңдері мен мәндерін білдіретін формаларға жатқызады. Бұл қосымшалардың туынды формалар жасау қабілеттерінің мардымды емес екенін, кейбіреулерінің бес-он сөздің аясында ғана қолданылатынын атап өтеді де, өнімсіз жұрнақтар қатарына қосады. Сонымен қатар, шырай жұрнақтары бірінің үстіне бірі үстеліп жұмсалады деген пікір айтады. Мысалы, Ақшылдау келген жүзіндегі кішкене мұң ерекше өң беріп, безентіп тұр (Ғ.Мұстафин) [11, 184-189]. Ғалымның бұл пікірі бір категорияға жататын қосымшалардың бірінің үстіне бірі жалғанбайды деген қағидасына қайшы келеді. Мысалы, септік жалғаулары ешқашан бірінің үстіне бірі жалғанбайды. (Алайда, етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана береді. Етіс жұрнақтары сөз тудырушы ма, әлде форма тудырушы ма деген мәселені шешуде осы ерекшелігін критерий ретінде ұстануға болатын сияқты).
М.Томанов «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасында аталған қосымшалар «сындық қасиеттің белсендігін білдіретін қосымшалар» ретінде танылады. Түркі тілдерінің материалдарын салыстыруға негізделген аталған еңбекте бұл қосымшалар шырай формалары болып анықталған [78, 122 б.]. Осы пікірге «Қазіргі қазақ әдеби тілі» еңбегінің авторлары да қосылады [79, 37 б.].
Жоғарыда аталған ғалымдардан басқа қазақ тіл білімінде шырайды С.К.Кеңесбаев “Грамматика казахского языка” (1947, 1951) еңбегінде талғаулы шырай және таңдаулы шырай деп екіге бөледі. Н.Т.Сауранбаев пен С.Бегалиев “Грамматика казахского языка” (1944) еңбегінде шырайдың үш түрін (салыстырамлы, таңдаулы, шағын) көрсетеді. 1948 жылы жарық көрген “Грамматикада” шырай жәй шырай, талғаулы шырай, шағын шырай болып бөлінеді. А.Искаков (1952) жәй шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай деп, С.А.Аманжолов шырайдың төрт түрін көрсетеді: жәй шырай, шағын шырай, салыстырмалы шырай, таңдаулы шырай. Жоғарғы метептерге арналған “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында да төрт түрі берілген: жәй шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай.
Шырай категориясы туралы жазған мақаласында М.А.Сүндетов қазақ тіліндегі күшейтпелі шырай (қып-қызыл) мен асырмалы шырайды (өте, тым) екі басқа категория деп қарау негізсіз деген пікір айтады [80, 76 с.].
Қазақ тілінде бір категорияның қосымшасы бірінің үстіне бірі жалғанбайтыны белгілі. Төмендегі пікірге назар аударсақ, тағы бір қайшылықты байқаймыз: «Сонымен бірге бір типтік мағына кейде говорлардың әртүрлі деңгейіне қатысты болып келеді. Мысалы, әдеби тілде кездеспейтін -сымал жұрнағының бәсеңдікті, солғындықты білдіретін типтік мағынасы әртүрлі негізден бірнеше говорда туған: шығыс говорлары тобына кіретін Байөлгей говорында түсті білдіретін сын есімдерге қосылу арқылы борансымал (борандау), көкшілсымал (көкшілдеу) жасалған [81, 7 б.]. Демек, бұл жерде -сымал жұрнағы арқылы жасалған көкшілсымал сөзі көкшілдеу деген мағынаны білдіріп, осындағы көкшілдің өзі жеке түсті білдіріп тұр. Жоғарыда аталған -ғыш, -ғылт... қосымшаларын «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде» сөз тудырушы жұрнақ болып анықталады. Онда мынадай тұжырым жасалған: «Сын есім шырайларын жасайтын: көк-көкшіл-көгілдір, ащы-ашқылтым, қызыл-қызғылт т.б. келгенде, форма тудырушыларға қосылып, танылып жүрген бұл аффикстерді сөзжасамдар тобына қосуға әбден болатын сияқты. Өйткені көк түске жеткенше бояйтын ақ мата алғаш көкшіл, одан соң көгілдір өңге еніп, ең соңында ғана көк болып шығуы сөзсіз. Әрине, біз бұл жерде жасыл дегенмен синоним: егін көктеді, айнала көкпеңбек, көк-те-м, сондай-ақ көк тәңірісі дегендердегі көк емес, түстің түрлі реңкте көкшіл, көгілдір, көк, көкпеңбек тәрізді сипаттары жөнінде айтып отырмыз [53, 78 б.].
Ы.Маманов жоғарыда бірде сөз тудырушы, бірде форма тудырушы делініп түрліше анықталып жүрген -ғыш, -ғылт, -ғылтым... қосымшаларын сөзжасам қосымшалары ретінде қарайды. Ғалым аталған қосымшалардың жалғанған сөзіне үстеген мағынасын ғана критерий етіп алмай, сөз тудырушы қосымшаларға қойылатын екінші талап – сөзге талғап жалғану шартын да ұстанады. Бұл қосымшалар жөнінде автор мынадай пікір білдірген: «Сөз тудырушы қосымшалар дерексіз ұғымды білдіретін сын есім, етістік тәрізді сөздерге жалғанып, сол сөз таптарын екінші сөз табына өзгертпесе, олардың лексикалық бүтінге жататын жаңа туынды түбір сөз тудырып тұрғандығын немесе жалғанған сөзіне грамматикалық мағына үстеп тұрғандығын айыру қиын. Мысалы, қазақ тілі грамматикаларында сарғыш – сарырақ, ақшыл-ағырақ, қоңырқай- қоңырлау сөздерінің құрамындағы -ғыш, -шыл, -қай және -рақ, -лау қосымшаларын бір рамкада қарап, сөз түрлендіруші қосымшаға жатқызады. Сырт қарағанда, -ғыш, -шыл, -қай қосымшалары жалғанған сөзінің ішкі мазмұнын өзгертпей, тек грамматикалық мағына үстеп тұрған тәрізді көрінеді. Шын мәнінде бұлар сөз тудырушы қосымшаға жатады да, сарғыш, ақшыл, қоңырқай сөздері лексикалық бүтінге жататын туынды түбір сөздер. Олай дейтініміз, біріншіден, -ғыш, -шыл, -қай қосымшалары бірді-екілі сөздің ғана құрамында кездеседі. Ал грамматикалық форма тудырушы қосымшаның басты бір белгісі – ол аз ғана сөзбен шектелмейді, бір сөз табын немесе сөз табының белгілі бір тобын түгел қамтып, грамматикалық абстракция жасайды. Мысалы, -рақ, -лай қосымшалары – сапалық сын есімдерді түгел қамтитын шырай формасының грамматикалық көрсеткіштері. Яғни, шырай формалары – грамматикалық абстракция. Екіншіден, жалпы тіл білімі қағидасы бойынша, бір категорияға жататын грамматикалық формалардың қосымшалары да бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Мысалы, септік формаларының қосымшалары бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Жіктік, тәуелдік, көсемше, есімше категорияларына жататын жеке грамматикалық формалардың қосымшалары да бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Ал сарғыш, ақшыл, қоңырқай сөздерін сарғыштау, ақшылырақ, қоңырқайлау деп шырай формаларымен түрлендіруге болады. Олай болса, -ғыш, -шыл, -қай қосымшаларын форма тудырушы қосымша деп тану дұрыс емес. Бұлар – сөз тудырушы қосымшалар», - деп, аталған жұрнақтарды сөзжасам қосымшаларына жатқызады [3, 19 б.]. М.А.Сүндетов шырай туралы жазған ғылыми мақаласында Ы.Мамановтың пікірімен үндес пікір айтады: “В “Қазіргі қазақ тілі” все аффиксы -ғыш, -ғылт, - шіл, -ілдір отнесены (вместе с -рақ, -лау) к суффиксам сравнительной степени. Однако конкретные наблюдения говорят о том, что прилагательное с суффиксам -ғыш, -ғылт, -шіл, -ілдір в казахском языке показывают то или иное качество предметов без всякого сравнения его с таким же качеством в других предметах. Когда мы говорим сарғыш – желтоватый, көкшіл – синеватый, то мы не сравниваем данный предмет с другим по степени наличия того или иного качества, а подчеркиваем неполноту проявления это качества (признака) в данном предмете. Эти суффиксы показывает не полноту качества, оттенок смягчения. Они не могут причислены к суффиксам сравнения, а должны быть отнесены к суффиксам субъективной оценки. Таким образом, мы считаем, что в казахском языке необходимо выделить три степени сравнения: 1) жәй шырай; 2) салыстырмалы шырай; 3) таңдаулы шырай [80].
Ы.Маманов сөз тудырушы қосымша болу үшін мынадай шарттарды көрсетеді. «Біріншіден, жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа мағыналы туынды түбір сөзге айналдырады. Екіншіден, сөз тудырушы қосымшалар туынды түбір сөзге ұйытқы болатын сөздерге талғап жалғанады. Олар кез келген сөзге және грамматикалық формаларға, жалқы есімдерге, жіктеу есімдіктеріне жалғанбайды. Үшіншіден, сөз тудырушы қосымша жалғанған туынды түбір сөз белгілі бір сөз табына тән лексикалық бүтін болып сөздік құрамға енеді де, сол күйінде түсіндірмелі және екі тілдік сөздіктерде қолданылады» [3, 21 б.].
Ы.Маманов шырай категориясына байланысты екі мәселенің басын ашып берді: бірі – шырай категориясындағы жай шырай деп аталатын түрінің шырай формасы бола алмайтындығы, оның басқа шырай формаларына негіз болатын түбір сөз екендігі, екіншісі – -ғыш, -шыл, -қай т.б. жұрнақтарының шырай жұрнақтарына жатпайтындығы, оларды грамматикалық абстракция жасамайтындықтан сөзжасам қосымшаларына жатқызу қажеттігі.
Сонымен Ы.Маманов сын есімнің шырай категориясына қатысты айтылып жүрген әралуан пікірлерді саралай келе, оларды сөзжасам қосымшаларына қойылатын критерийлер тұрғысынан, яғни тілдік заңдылық, қағида бойынша ажыратып көрсетті. Ғалымның пікірінше, қандай да бір тілдік құбылыс сол тілдің тілдік заңдылығына бағынуы керек. Олай болса, шырай жұрнақтарын сөзжасам қосымшалары мен форма тудырушы қосымшаларға қойылатын талаптар бойынша саралаған ғалым пікірлерінің құндылығы дау тудырмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет