Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ


Қазақ тіліндегі көптік форма туралы



бет19/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   47
1.4 Қазақ тіліндегі көптік форма туралы

Көптік категориясы жайлы тіл білімі жөніндегі оқулықтарда арнайы баяндалады. Түркі тілдерін зерттеген ірі ғалымдарымыз Малов, А.В.Баскаков, А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев еңбектерінде көптік категориясы жайлы пікірлер айтылған. Ал қазақ тілінде бұл мәселеге алғаш арнайы тоқталған ғалым – профессор М.Балақаев болды. Ғалым көптік категориясын жеке дара граммматикалық категория емес, жалғау тұрғысынан қарастырады: «Көптік жалғау түркі тілдерінің бәрінде бар болғанымен, жұмсалуы бірдей емес. Өзбек, ұйғыр, түрік, татар тілдерінде олар есімдерден кейін де, етістіктерден кейін де жалғанып, өте жиі кезеседі. Қазақ тілінде олай емес, біріншіден, көптік мағынасында жұмсалатын есімдердің бәріне жалғана бермейді, сөздерге ішінара жалғанады; екіншіден, етістіктің түбіріне еш уақытта тікелей жалғанбайды. Тек ІІ жақтық жіктік жалғаудағы баяндауыш болған етістіктен кейін баяндалатын көптік жалғаудағы бастауышпен қиысу үшін жалғанады: сіздер келіңіз-дер, сендер айтың-дар».


Түрік системасындағы кейбір тілдерде көптік жалғаудың ІІІ жақта етістіктің түбіріне көптік мағынасында бірде жалғанып, бірде жалғанбайтынына қарап, о баста тек есімдердің, оның ішінде зат есімнің ғана жалғауы болып, кейін етістікке де жалғанған болу керек деп пайымдайды. Қазақ тілінде ескі фольклорда көптік жалғау жалғанған сөзінің көптігін көрсету үшін емес, сол сөздің ерекше мағынасы барлығына байланысты екенін көрсету үшін де жалғанады деп көрсетеді [82, 44-45].
Көптік категориясына байланысты тұжырымды пікір айтқан ғалымдарымыздың бірі – Н.Оралбаева “Зат есімнің көптік категориясы” атты мақаласында қазақ тіліндегі зат есімнің мағынасын беруінің негізгі 3 тәсіліне – морфологиялық, лексикалық, синтаксистік – тоқталады. Зат есімнің көптік мағынасын морфологиялық тәсіл арқылы, яғни, қосымшалар арқылы білдіру – түркі туыстас тілдердің барлығында негізгі тәсіл деп қарайды да, көптік жалғауының төмендегідей мағыналық ерекшеліктерін көрсетеді:
1) көптік жалғау зат есімге жалғанғанда көптік мағынасын береді;
2) көптік жалғауы жинақтау мағынасын білдіреді;
3) көптік жалғау зат есімнен болған бірыңғай мүшелердің тек соңғысына немесе әрбір мүшеге жалғанып келе береді. Осыған орай көптік жалғаудың беретін мағынасында да айырмашылықтар болады;
4) зат есімнің мезгілдік мағынасын беретін сөздеріне жалғанғанда, болжал мағынаны білдіреді;
5) көптік жалғауы зат есімге тәуелдік жалғауының екінші, үшінші жақ көпше түрімен байланысты да қолданылады. Тәуелдік жалғауының ІІ-ІІІ жақ көпше түрінің өз алдына ерекше жалғауы жоқ. Сондықтан екінші, үшінші жақтың көпше түрі жекешенің алдынан көптік жалғауы тіркесіп келуі арқылы жасалады (-лар + ың, -лар + ыңыз, -лар + ы);
6) көптік жалғауы жіктік жалғауының құрамында да қолданылады. Бұл кезде жіктік жалғауының тек қана екінші жақтағы көпшесінің анайы, сыпайы түрімен байланысты қолданылады (-ың + дар, -ің + дер, -ң +дер, -ыңыз + дар, -іңіз + дер, -ңыз + дар, -ңіз + дер). Көптік жалғауы жіктік жалғаудың көпше түрінде қолданылғанда, қимыл иесінің (субъектінің) көп екенін көрсету үшін және бастауышпен қиыстыру үшін жұмсалады;
7) көптік жалғауы сын есіммен немесе етістікпен қолданылғанда оған заттық мағына береді;
8) үстеумен қолданылғанда да заттық мағына береді; кейде болжалдық мағына береді;
9) сан есімге жалғанғанда да болжалдық мағына береді;
10) зат есімнің орнына қолданылып тұрған есімдікке көптік жалғауы жалғанғанда, көптік мағынасын береді.
Сөйтіп, көптік жалғауы одағай мен шылаудан басқа сөз таптарының бәріне де жалғанады. Солардың ішінде зат есімге және есімдікке жалғанғанда ғана, өзінің толық көптік мағынасында қолданылады. Басқа сөз таптарымен келгенде, көбіне басқа мағына береді.
Ғалым бұдан басқа көптік мағына беру жіктік жалғаудың көпше түрінің бірінші жағына (-мыз, -міз…), бұйрық райдың бірінші жақ көпше түріне қатысты екенін айтады. Көптік мағына беру ортақ етіске де қатысты деп көрсетеді. Көптік мағына беретін негізгі морфологиялық тәсілдерге жоғарыда келтіргендерді айтады да, көптік мағынаның лексикалық тәсіл арқылы берілуіне сөздердің ешбір қосымшасыз және басқа сөздермен тіркесінсіз көптік мағынаны білдіруін жатқызады. Лексикалық мағынасы көптік мағынаны білдіретін сөздерді мынадай топтарға бөледі:
а) адам мүшелерінің аттары (қол, көз, бүйрек…);
ә) адаммен, жан-жануармен байланысты сөздер (сақал, шаш, жүн…);
б) өсімдік аттары (шөп, жусан, көде…);
в) бақша өсімдіктері (қарбыз, қауын,қияр…);
г) жеміс аттары (жүзім, алма, алмұрт…);
д) масса болып келетін қою және сұйық заттар (батпақ, балшық, бензин, май…);
ж) санауға келмейтін дәнді дақылдың аттары (бидай, арпа…);
з) кен аттары (мыс, жез, күміс, алтын);
и) жәндік, мал, аң аттары (құмырсқа, сиыр, құс);
е) ұлт, ру аттары (қазақ, қырғыз, керей);
к) абстракциялы мағыналы сөздер (намыс, арман, ой, ыза);
л) түрлі көптік мағыналы сөздер (жеті ай, жыл, ғасыр, орман, халық, ел, жұрт).
Көптік мағынасының синтаксистік тәсіл арқылы берілуіне сөздердің қосақталуы, сандық ұғымы бар сөздердің зат есімнің алдынан келіп тіркесуі арқылы, үстеулердің зат есіммен тіркесі, зат есім, сын есім, етістіктің екінші бір сөзбен тіркесуі де көптік мағына береді деп аяқтайды [83, 55-62].
Қазіргі қазақ тілінде көптік категориясының берілу жолдарын А.Д.Данияров өз мақаласында морфологиялық және синтаксистік тәсіл арқылы жасалады деп көрсетеді. Морфологиялық тәсіл бойынша жалғау және жұрнақ – көптік категориясының көрсеткіші деп қарайды. Көптік категориясының жалғау арқылы екі жолмен (біріншісі – -лар, -лер…, екіншісі – тәуелік, жіктік жалғауларының І жақ көпше түрі, бұйрық райға жалғанатын -йық, -йік жалғаулары) берілуін, ал жұрнақ арқылы жасалуына ортақ етіс, туынды зат есім жасайтын -лық, -лік, -шылық, -шілік, және -лы, -лі (ағашты жер) морфемасын келтірген. Синтаксистік тәсіл бойынша сөз тіркесінің қатысы арқылы сөзге көптік мағынаның үстелуінің үш жолын – сан есім тіркескен есім сөздер, қос сөздер, бейтарап сөздер мен белгісіздік есімдіктері арқылы – көрсетеді де, көптік категориясы тек қана зат есімге тән категория емес, барлық сөз табына тән категория деп аяқтайды [84, 38-46].
А.Д.Данияров кейінгі мақаласында көптік мағынаның лексикалық жолмен берілуін мынадай топтарға бөліп көрсетеді:
1) анатомиялық атаулар: шаш, кірпік, жал, аяқ, шынтақ т.б. Бұлардың өзін семантикасындағы жинақтық мағынасына қарай үш топқа бөліп қарастырады (бір-бірлеп санауға келмейтін анатомиялық атаулар; санауға келетін анатомиялық атаулар мен қосарлы анатомиялық атаулар; жалқы анатомиялық атаулардың синекдохалық құбылыста келуі);
2) түрлі өсімдік, дақыл атаулары (егін, бидай, сұлы, бұршақ);
3) бір-бірлеп санауға келмейтін түрлі тағам аттары мен санауға келгенмен де, көбіне жалпылай аталатын дүние-мүлік аттары да өз семантикасындағы жинақтық мағынасы арқылы көптік мағына береді (қант, май, ұн, жент, қымыз, сүт т.б.);
4) жаратылыс, табиғат көріністерін білдіретін сөздер де семантикалық мағынасы арқылы жекелік және көптік мағынаға ие болады (тұман, қар, жаңбыр, жел, су);
5) жан-жануар, төрт түлік мал атаулары да өзіндік семантикалық мағынасында көптік мәнге ие (сиыр, қой, жылқы);
6) көп, аз, біраз, мол, бүкіл, өңкей, бар, барлық, қос, бірқыдыру т.б. семантикасында белгісіз көптік мағынасы бар сөздер үнемі көптік мағынаға ие;
7) сан есімдер лексикалық мағынасы арқылы белгілі заттың, нәрсенің дәл санын көрсетіп, көптік мағына білдіреді, сондықтан оларға көптік жалғау жалғанбайды (Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді (мақал));
8) есеп, сан, мөлшер деген сандық мәнді сөздерге -сыз, -сіз аффикстері жалғанып келіп, есепсіз, мөлшерсіз деген туынды түбір сөздер үнемі көптік мағынасында қолданылатындықтан, олар көптік жалғауын қабылдамайды (сансыз мал, есіпсіз халық, мөлшерсіз дүние т.б.) [85, 52-55].
Осы мақалаларында айтылған ойларын А.Д.Данияров диссертациялық еңбегінде де көрсеткен [86].
Н.Демесінова өз мақаласында баспасөз тілінде көптік жалғауын қолдану ерекшеліктеріне тоқталып, әдеби тілдің қалыптасқан нормаларын сөз етеді. “Қазақ тілінің ежелден келе жатқан ерекше тілдік ерекшелігінің бірі – тілдік амалдарды пайдаланудағы үнемділік. Басқа тілдермен, әсіресе, орыс тілімен салыстырғанда байқалатын осы бір ерекшеліктің айқын бой көрсететін тұсы зат есімнің көптік категориясының берілуінде. Әдетте, зат есім көптік мағынасында қолданылса, оған осы мағынаны үстейтін -лар, -лер жалғауы жалғанады” дей келе, тілдік амалдарды үнемдеп пайдалану қасиетін сөз тіркестерінің құрылысынан көрсетеді (тіркестегі зат есімнің алдында сан есім болатын анықтауыш тұрса, зат есімге көптік жалғауы жалғанбайды, зат есім көптік мағына білдіретін бірнеше, бірсыпыра, бірталай, көп, қыруар т.б. сөздермен тіркескенде көптік жалғауын жалғамайды).
Қазақ тілінде көптік мағынада қолданылатын зат есімнің біразының -лар жалғауынсыз-ақ айтыла беретініне жоғарыда аталған ғалымдар еңбегіндегі мысалдарды келтіреді (жалпы есімдер, жеміс атаулары, дақыл атаулары, санауға келмейтін заттар атауы, абстракт мағыналы сөздер, қос сөздер) [87, 80-86 б.].
А.Ысқақов қазақ тіліндегі көптік жалғауды көптік категориясымен байланыста алады. Бірақ осы екеуін бір де емес, бірдей де категориялар емес деп есептей тұрғанмен, көптік категориясы лексикалық тәсіл, морфологиялық тәсіл, синтаксистік тәсіл арқылы жасалады деп, қазақ тілінде көптік ұғымды білдіру үшін жалғанатын үш түрлі морфологиялық форманы (-ыз, -із, -з; -қ, -к; -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер) көрсетеді. Бұлардың ішінен негізгі морфологиялық форма -лар заңды түрде көптік жалғауы деп түсіндіреді [11, 39-47 б.].
Көптік категориясы үш түрлі жолмен жасалса, соның бірі – қосымша (көптік жалғауы) қосылу арқылы көптік мағына туғызатын морфологиялық тәсіл. Осы тәсіл бойынша Ә.Төлеуов еңбегінде көптік жалғаудың жалғанатын немесе жалғанбайтын орындары, сондай-ақ басқа қызметтерде келуі де сөз болады. Айталық, сіздер келіңіздер, сіздер өздеріңізге міндеттелген жұмысты орындаңыздар; ауылдарға көмектесіңіздер деген сөйлемдердегі көптік жалғаулары сөзді байланыстыру, қиыстыру үшін тұр.
Басқа да еңбектерде көрсетілгендей, көптік жалғауы жалғанған кездердегі түрлі мағыналық ерекшеліктерін де атап көрсеткен [33, 21-26 б.].
С.Исаев көптік жалғауды сан-мөлшер категориясы құрамында қарастырып, оның категориялық сипатын ашып көрсетеді. Ғалым тілде айтылып жүрген көптік жалғау категориясы деген терминнің дұрыс қолданылмай жүргендігін айта келе, “сан-мөлшер категориясын (кейбір еңбектерде көптік категориясы деп аталып жүр) тек көптік жалғау шеңберінде қарастырсақ, одан көптік жалғау ұғымының сыр-сипаттары, қызметі, стильдік ерекшеліктері т.б. айқындалғанмен, грамматикалық категориялық сипаты ашылмай қалар еді, тек жекелік (даралық) ұғыммен сәйкесті, қатысты қарағанда ғана, оның категориялық сипаты айқындалады. Сондықтан да әңгіме көптік жалғау немесе көптік ұғым жайында болса да, ол жерде грамматикалық тұрғыдан оған қарама-қайшы мәндегі жекелік (даралық) ұғым есте болатындығын ұмытпаған жөн” – деп жазады [28, 65 б.]. С.Исаев көптік жалғаудың категориялық сипатын оның жекеше формасымен қатысты алып қарастырған. Ғалымның пікірінше, грамматикалық категория өзара біртектес, әрі ішінара қарама-қайшы мағыналары бар кемінде екі грамматикалық форманың жиынтығы. Яғни, көптік категориясы жекеше және көпше формалардың жиынтығынан тұрып қана грамматикалық категория құрай алады.
Ғалым көптік жалғаудың негізгі грамматикалық мағынасы – заттың көптігін білдірумен қоса оның мынадай мағыналық реңктерде қолданылу мүмкіндігін көрсетеді:
1) сан есімге, үстеуге жалғанып, сол сөз білдіретін ұғымның жалпы мөлшерін, болжамын білдіреді (жасы қырықтарда);
2) абстракты зат есімдерге жалғанып, оның көптігін емес, әртүрлілігін немесе салмақ, мөлшер, көлем өлшемін білдіреді (ойлар, ойындар, күлкілер);
3) даралық мәндегі зат атауларына, жалқы есімдерге жалғанғанда, олардың өзінің көптігін емес, көпке ортақ екенін және онымен бірге топтау ұғымын білдіреді (әкелер, Абайлар, шешелер);
4) заттың өзінің көптігін емес, көпке ортақтығын да білдіреді (астарыңды ішіңдер, күлкілері жарасқан);
Ғалым көптік жалғаудың әр жақты мағыналық реңкте жұмсалатындықтан, әр түрлі стильдік қызмет атқарады. Сонымен қатар ол зат есімнен басқа да сөз таптарына (сын есім, сан есім, есімше) жалғанып, оларды субстантивтендіреді, – деп көрсетеді [28, 68 б.].
С.Исаевтың көптік жалғау туралы тағы бір тың жаңалығы – көптік жалғаудың сөз байланыстырушылық сипатымен байланысты. “Көптік жалғау қазақ тілінде жалғау деп аталғанмен, тікелей көптік мағынаны білдіргенде, басқа жалғаулар сияқты қосымшаның жалғау деп аталатын түріне тән сөз байланыстырушылық қызмет атқара алмайды. Көптік жалғау бұл жағынан, сөз байланыстырушылық сипатының болмауы жағынан, қосымшаның жалғау түрінен гөрі форма тудыратын жұрнақтар қатарына өте жақын. Мысалы, Гүл билеп жайқалып, бұлбұлдар сайраған (Шәкәрім) дегендегі бұлбұлдар сөзіндегі -дар көптік жалғауы ешбір сөзді байланыстырып тұрған жоқ, тек бұлбұлдың көп екендігін білдіріп тұр. Осы сөйлемді Гүл билеп жайқалып, бұлбұл сайраған деп қайта құрсақ, сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен байланысына, сөйлем білдіретін ойға ешбір нұқсан келмейді., сөйлемдегі сөздердің байланысы бұзылмайды, өйткені -дар қосымшасының бұл жерде сөздер байланысына ешбір қатысы жоқ” – деп көрсетеді. Алайда ғалым көптік жалғаудың сөз байланыстырушылық қызметінің де бар екендігін атап айтқан: “Қазақ тілінде көптік жалғау 2-жақта жіктік жалғаумен қабаттасып келгенде ғана сөз байланыстыруға қатысады: сендер баласыңдар, сендердің барғыларың келмейді… Бұнда алдыңғы сөз (жіктеу есімдігі) көптік тұлғада тұрса, екінші жіктелген сөз (есім я етістік) де көптік формада ғана қолданылады. Сондай-ақ бірінші жақта көптік тұлғадағы жіктік жалғаулар
-мыз, -міз…1-жақтағы көптік мағына білдіретін жіктеу есімдігімен, яғни біз сөзімен әрі жақтық, әрі көптік мәнде қиысып жұмсалады. Осы мысалдардан көрінетіндей, көптік жалғау қазақ тілінде заттың көптігін білдіргенде (зат есімге жалғанғанда), сол затқа көптік мән үстейді де, сөз байланыстыру қызметін атқармайды. Көптік жалғаудың сөз байланыстырушылық қызметі бірінші және екінші жақта предикаттық қатынасқа түскен сөздерде ғана байқалады. Бұл жағынан келгенде көптік жалғау тәуелдік, септік, жіктік жалғаулармен бір қатарда тұра алмайды, жалғау болып аталуы шартты деп ұғу керек, шындығында, бұл жағынан форма тудыратын жұрнақ қатарына қосуға болады» [28, 70 б.].
С.Исаевтың қазақ тіліндегі көптік жалғаудың жұрнақтық функциясы жайлы айтқан пікірі шын мәнінде тілдік жүйеге, оның тілдік заңдылықтарына сүйеніліп жасалғандығы анық. Көптік жалғаудың жалғаудың басқа түрлерінен ерекшеленетін осы белгісі – қосымшаларды жіктеу мәселесінде ескерілуі қажет.
Ы.Маманов «Қазіргі қазақ тілі» (лекциялардың текстері) еңбегінде көптік форманы мағыналық қырынан алып қарайды. Яғни, контекске және түбір сөздің семантикасына байланысты көптік форма өзінің негізгі мағынасымен бірге топтық, ортақтық, болжалдық тағы да басқа мағыналық қырларда қолданылады.
Қазақ тілі және басқа түркі тілдері грамматикаларында бір грамматикалық форманың әртүрлі мағыналық қырларын әр жеке грамматикалық құбылыс деп қарауға (болжалдық сан есім, топтау сан есім) қосылмайды. Кезінде «есептік» және «реттік» сан есімдерді тең праволы семантикалық топтар деген пікірді теріске шығарып, сан есімнің реттік формасын етістіктің есімше, көсемше формалары, сын есімнің шырай формалары тәрізді грамматикалық форма ретінде таныған.
Сонымен, көлемдік-мекендік септіктер мен көптік форманың контекске және түбір сөздің семантикасына сәйкес әртүрлі мағыналарын әр жеке грамматикалық құбылыс емес, сол форманың мағыналық қырлары деген тұжырым жасайды [3, 81-84]. Ал көптік формаға байланысты мақаласында көптік категорияны лексикалық және синтаксистік тәсіл арқылы жасалады деген пікірімен келіспейді. Қазақ тілінде жалпы есімдер сөйлемде контекске байланысты көптік ұғымды білдіруі және зат есімдерге алдынан сан есім келгенде, көптік жалғауы жалғанбай айтылуы осы тілдің стильдік ерекшелігі. Сондай-ақ, бала-шаға, ыдыс-аяқ, құрт-құмырсқа сияқты сөздері жинақылық ұғым білдіреді. Көп, мол, талай, бірсыпыра сөздері көптік ұғым білдіреді. Бұлардың білдіріп тұрған жинақылық және көптік ұғымы – сол сөздердің ішкі семантикасы. Ғалымның айтуынша, бұлар сондықтан грамматикалық көптік форма бола алмайды және көптік категорияға да жатпайды. Сол сияқты жіктік формадағы сөздер де (студентпіз, келдік, отырмыз) көптік мағына білдіргенмен, көптік формада емес. Бұлардың білдіріп тұрған көптік мағынасы жіктік форманың қосымша жанама мағынасы ғана. Ы.Мамановтың көптік форма туралы бұл пікірі ғалымның қосымшалардың функционалдылық сипатын тани білгендігінің дәлелі. Яғни қандай да бір грамматикалық форма өзіне тиесілі негізгі мағына білдірумен қатар контекске қарай басқа да мағыналық реңктерді білдіре алады. Бұл сол грамматикалық формалардың жанама мағынасы ретінде танылады. Қандай да бір грамматикалық форманың жанама мағынада қолданылу мүмкіндігіне қарап, оның сол жанама мағынаны білдіретін тілдік тұлға деп тану дұрыс емес.
Ы.Мамановтың дәлелдеуінше, көптік форма негізгі сөздің семантикасына, контекске байланысты, негізгі мағынасынан басқа, бірнеше жанама қосалқы мағына (мағыналық қырлар) білдіреді. Мысалы, адам атын білдіретін жалқы есімдерге және тәуелдік формадағы туыс атауларын білдіретін сөздерге көптік жалғауы жалғанғанда, бір адамның тобын білдіреді (әжемдер, Жарқындар); санауға көнбейтін заттарға көптік жалғауы жалғанғанда сол заттың өзінің көптігін емес, солардың иесінің, орнының ыдысының көптігін білдіреді (шаштарыңды тараңдар; бидайларың бар ма?); көптік форма контекске байланысты ортақтық та (офистерің үлкен екен; басшыларың кім?) мағына білдіреді. Сол сияқты, есептік сан есімнің көптік формасы көбінесе біреудің жас мөлшерін және уақыттың, мезгілдің мөлшерін білдіру үшін қолданылады (Жәния қырықтарда; ол алтыларда келеді). Бұл да көптік форманың мағыналық қырларының бірі. Сондықтан болжалды сан есім емес. Яғни, бір грамматикалық форманың білдіретін әр түрлі мағыналық қырларын әр жеке мағыналық топтарға бөліп қарау морфологиялық құбылыстарды шешудің дұрыс жолы емес.
Сонымен Ы.Маманов көптік формаға байланысты мынадай тұжырым жасаған: «Қазақ тілінде грамматикалық көптік форма біреу-ақ. Ол -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер қосымшалары арқылы жасалады. Әрбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық формалардың бірнеше мағыналық қырлары болуы мүмкін [88, 31-36 б.].
Жоғарыда көрсетілген авторлардың пікірімен салыстырғанда, Ы.Маманов көптік категорияның лексикалық және синтаксистік тәсілдерін жоққа шығарады. Бірақ басқа жағдайларда көптік ұғымы мүлде жоқ деп айтпайды. Өзге де сөз таптарына, сан есім, үстеу, есімдік т.б. жалғанып қосымша жанама мағына береді деп есептейді. Сондай-ақ, етістікте де көптік ұғымы болады, зат есім жіктелгенде де көптік ұғым бар. Бірақ бұлардың көптік мағынасы қосымша жанама мағына ғана. Зат есімдердегі жинақылық, кейбір үстеулердегі көптік ұғым – сол сөздердің ішкі семантикасы. Сондықтан бұлар грамматикалық көптік форма бола алмайды және көптік категорияға да жатпайды дейді. Ғалым осылай дәлелдегеннің өзінде, көптік ұғымы өзге де сөз таптарына қатысты екенін немесе сөздердің ішкі семантикасына байланысты екендігімен келіседі. Біздің ойымызша, сөздердің ішкі семантикасы дегеніміз де сөздердің лексикалық мағынасымен байланысты. Олай болса, өзге ғалымдар айтқандай, Ы.Маманов та лексикалық тәсіл дегенді білген деп есептейміз. Ғалым бұл тәсілді сөздердің ішкі семантикасыда болатын тілдік құбылыс деп түсіндіреді. Синтаксистік тәсілді де басқаша қарастырады. Мысалы, бес жылқы, үш кісі, елу дәптер сияқты синтаксистік тіркестер морфологиялық тіркес болмағандықтан, мұны грамматикалық форманың аналитикалық түрі деп тануға болмайды. Яғни, бұлардың әрқайсысы өз алдына жеке сөз, жеке сөйлем мүшесі. Ғалымның пайымдауынша, грамматикалық форма ол синтаксистік түрі болсын, не аналитикалық түрі болсын жеке тұрып сұраққа жауап бере алмайды, жеке сөйлем мүшесі бола алмайды. Ол өзі жалғанған не тіркескен сөзінің құрамында ғана қаралады. Ал жоғарыдағы мысалдарда қанша, неше сұрағына жауап беріп, сөйлемде анықтауыш мүше қызметін атқарады. Сөйтіп, Ы.Е.Маманов бұл жағдайға да морфология тұрғысынан қарайды.
Қазіргі функционалды грамматикада бір ойдың әр түрлі жолдармен берілу тәсілі бар. Яғни, «функция әр түрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін және бір құралдың өзі әр түрлі функция атқара алады» [89, 417].
Ы.Е.Маманов көптік ұғымның түрлі берілу жолдарын танып, оларды әр басқа категория деу ағаттық екенін дәлелдейді. Функционалды грамматика тұрғысынан келгенде, ғалымның болжамын біз дұрыс шешім деп қабылдаймыз.
Лексикалық мағынаға ие жеке сөздердің көп мағына білдіре алу мүмкіндігі сияқты, грамматикалық формалар да көпмағыналық қызмет атқара алады. Грамматикалық форманың өзіне телулі негізгі грамматикалық функциясы болады. Сонымен қатар ол жанама қызметте де жұмсалады. Жанама қызмет атқару кезінде ол грамматикалық форма басқа грамматикалық не семантикалық категориялардың тілдік құралы ретінде қолданыла береді. Алайда мұндай жағдайда олар сол жанама қызмет атқарған категорияларға мүлдем ауысып, соның құрамына еніп кетпейді. Ы.Маманов осындай грамматикалық құралдардың функционалды қолданысын дәл таныған. Мысалы, көптік жалғауы сан есімге жалғанып, болжалдық мағынаны білдіреді, бірақ бұлар кейбір зерттеулерде, грамматикаларда көрсетіліп жүргендей сан есімнің айрықша лексика-семантикалық тобын жасайды деу дұрыстыққа жатпайтынын атап көрсетеді. Өйткені, ғалымның көрсетуінше, бұл қосымшаларда сөзжасам қосымшаларына тән талғампаздық жоқ. Сондықтан бұларды сан есімнің лексика-семантикалық тобы ретінде қарастыру тілдік ақиқатпен үйлесімді көрінбейді. Сондай-ақ олар сан есімнің грамматикалық категориясының көрсеткіші де бола алмайды. Өйткені қазақ тілінде көптік қосымшасының білдіретін негізгі грамматикалық мағынасы және оған қоса бұл форманың әртүрлі мағыналық қырлары мен реңктері бар. Ал олардың бәрінен грамматикалық категория шығара беру тіл ақиқатымен үйлеспейді. Мысалы, барыс септігі бағытты білдірсе (үйге кетті), белгілі бір сөздермен тіркесе келіп, шектеу тәрізді басқа бір мағыналық реңкте жұмсалуы мүмкін (сөзге тоқтады). Алты-алтыдан, он-оннан тәрізді шығыс септігіндегі сөз лексикалық бүтін, я болмаса қосарлы түбір емес, шығыс септігінің мағыналық қырларының бірі.
Қосымшалардың мұндай мағыналық қырларын бас-басына лексика-семантикалық я болмаса грамматикалық категория деп тану тілдің морфологиялық табиғатымен үйлеспейді.

Он бестер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет