10.3 Дезодорация – органикалық заттардың шіріп-ыдырау нәтижесінде пайда болатын өткір, жағымсыз иісті газдарды жою. Дезодораторлар екіге бөлінеді: шірудің алдын алатын және жағымсыз иістерді жоятын. Мынадай дезодораторлар қолданылады: темір купоросы, хлорлы әк, формалин, марганец қышқылды натрий, 3 % хлорлы цинк, 2 % сутегінің асқын тотығы, сонымен қатар газдарды сіңіріп алатын әр түрлі сорбенттер, мысалы ағаш көмірі, торф, эфир майлары, төсеніштер, ағаш жапырақтары және т.б. Қазіргі кезде мал қораларын дезодорациялау үшін озон жиі қолданылып жүр.
Дезодорация екі сатыдан тұрады: 1) жағымсыз иіс көзін құрту. 2) ластанған территорияны, жерлерді дезодорациялық препараттармен өңдеу.
Мал қорасында ауада жағымсыз иістің жиналу көзі- ол малдың қиы мен зәрі. Осы қи мен зәр органикалық заттар бөліп, жағымсыз иіс береді.
Дезодорацияның мынадай әдістері бар:физикалық (адсорбциялық, абсорбциялық, термиялық, термокатализаторлық, озондық ), химиялық, биологиялық, Физикалық әдіс. Адсорбциялық әдісте жағымсыз иісті сіңіру үшін әр түрлі адсорбенттер (сіңіргіш заттар)қолданылады: төсеніштер (сабан, торф, ағаштың жапырақтары, ағаш ұнтақтары, т.б.) және ультракүлгін сәулелер. Осы заттар қора ішіндегі жағымсыз иісітерді өз бойына сіңіріп алады.
Термиялық әдіс – ауадағы әр түрлі қауіпті заттарды термиялық қышқылдандыру жолымен зиянды газдарды зарарсызданыдру.
Термокатализаторлық әдіс – каталитикалық тәсілмен ауадағы зиянды заттарды зияндылығы төмен, кейде пайдалы заттарға айналдыру.катализаторлар ретінде минералдар, металдар пайдаланылады. Озондық әдіс – озонды( күшті табиғи қышқылдандырғыш) қолдану мал қора ауа ортасының дезодорациясында өте тиімді. Зерттеулер бойынша тазаланатын ауаның 1 м3 көлеміне 0,01 м3 озондалған ауаны жібергенде, ауадағы аммиак, күкіртсутек, көмірқышқыл газы және т.б. өткір иісті газдар мөлшері айтарлықтай азайған. Озондауға “Озон-5П”, “Озон-60П” озонаторлары қолданады.
Химиялық әдіс. Мал шаруашылығында қорадағы жағымсыз иістерді жою үшін көптеген химиялық заттар қолданылады: 2% сутегінің асқын тотығы (1 л/м2), 3 % жоғары молекулалы сірке қышқылы ерітіндісі (150-200 мл/м2), 0,3-0,5 % глутар альдегиді (150-200 мл/м2), фенолды заттар, аммоний хлориді, ферменттер. Едендер мен қора өткелдерін өңдеу үшін 2% калий перманганатының ерітіндісі (150-200 мл/м2) қолданылады.
Бұл ерітніділерді қора жақтауларын күніне 1 рет шашқыштар, бүріккіштер көмегімен шашап шықса жетеді.
Биологиялық әдіс. Бұл әдіс микроорганизмдердің әр түрлі қосылыстарды бұзып, пайда болдыру қабілетіне негізделген. Биологиялық тазалауды биосүзгі немес биоскрубберлер көмегімен жүргізеді.