Жарықтылықты өлшеу ережесі. Құралды зерттелетін бетке көлденең орналастырады. Фотоэлементті гальванометрмен қосып, жарық сәулелерінің артық әсерінен бұзылуын болдырмау үшін қысқа мерзімге ашады. Гальванометр тілінің шкаладан асып кетуі жағдайында жарық сүзгілерін қолданады немесе өлшеу шегін ауыстырғыштың қалпын өзгертеді. Тілдің ауытқу бұрышы және шкала бөлінулері бойынша жарықтану қарқынын люкспен анықтайды. Жарық сүзгілерін қолданған жағдайда, люкспен өрнектелген сандық шаманы жарық сүзгісінің сәйкес көрсеткішіне көбейтеді (10-1000). Өлшеуді аяқтағаннан кейін, фотоэлементті гальванометрден ажыратып, жарық өткізбейтін тақташамен қалқалайды.
Жарықтануды өлшеуді тәулігіне үш рет (10, 13 және 16 сағатта) далада және қорада жануарлар орналасқан жерде (мал тұратын орынның немесе станоктардың әрбір қатарында және қора ортасында), еденде және еденнен 1 және 1,6 м биіктікте жүргізеді. Құсты торда ұстағанда – азық астауларында батареялардың сыртқы, ортаңғы және жоғарғы қабаттары деңгейінде өлшейді. Ал терезеден 1,2 м қашықтықта өлшену тиіс.
Табиғи жарықтылықтың өлшем бірлігі %. Мал қорасында жарықтандыру көлденең болған кезде ТЖКмин минимальды мәні анықталады, ал жоғарғы және аралас жарықтандыруда ТЖКорт орташа мәні алынады. Бірінші жағдайда ең аз жарықтандырылу нүктесі алынады, ал екінші жағдайда бірдей қашықтықта орналасқан әртүрлі нүктелерден анықталады.
ТЖК-нің минимальды мәні жоғарыда көрсетілген формуламен (1) есептеледі, бірақ жарықтандырылуы төмен нүктеде анықталады.
ТЖК-нің орташа мәнін мына формуламен анықтайды:
ТЖКорт= О1+О2+О3…+Оn / n (2)
Мұндағы:
О1+О2+О3…+Оn – бір-бірінен бірдей қашықтықта орналасқан әртүрлі нүктелерден алынған ТЖК мәні;
n - ТЖК анықталатын нүктелер саны (5-тен кем емес)
Егер О1=0,8%; О2=1,2%; О3=0,9%; О4=1,3% және О5=1,1%, онда ТЖКорт=0,8+1,2+0,9+1,3+1,1/5 = 1,06 %
Достарыңызбен бөлісу: |