«Ветеринарлық гигиена және санитария» пәнінен
6В09101 – «Ветеринариялық медицина» білім беру бағдарламасының студенттеріне
Зертханалық сабақтарды
орындауға арналған әдістемелік нұсқау
Алматы, 2021
№ 1-2 Зертханалық сабақ Тақырыбы: Ауа температурасын және қозғалыс жылдамдығын анықтау
1.1Ауа температурасын анықтау Сабақтың мақсаты: Ауылшаруашылық малдарына арналған қора-жайлардың ауа температурасын анықтау әдiстерiн игеру.
Құралдар мен қондырғылар: спирттi және сынапты термометрлер, термографтар, ЭТП-М, ТЭМП-60 типтi электротермометрлер, барографтар, барометр-анероид
Сабақтың мазмұны.Ауа температурасы ауаның физикалық факторлары ретінде үнемі өзгеріп отыратындықтан, қора-жай микроклиматында температураның маңызы зор.
Мал организмінде жылу – азықтану барысында азықтың қоректік заттарының ыдыруынан бөлінген энергиядан және күн қызуын сіңіріуі есебінен құралады.
Малдың дене температурасы сыртқы ортаның температурасының жоғары не төмендігіне қарамастан тұрақты. Себебі, жылу- орталық жүйке жүйесі арқылы, тері және тыныс алу мүшелері арқылы реттеліп отырады.
Егер малға жоғарғы немесе төменгі температура ұзақ уақыт әсер етсе, олардың жылу реттеу механизмі бұзылады да жалпы және жеке органдарға әсер етеді. Мысалы, ауа температурасының шектен тыс төмендеуі зат алмасуын мен жылудың артуына әкеп соғады да, жылудың орнын толтыру үшін, қосымша азықты қажет етеді, бұл эканомикалық жағынан тиімсіз. Сонымен қатар малдың өнімділігі төмендеп, түрлі жұқпайтын және жұғатын ауруларға шалдығады. Ал жоғарғы температура организмге жылудың жиналуына, соңынан ыстық ұруға әкеп соғады. Ыстық ұру (гипертермия) – жазды күні малды жабық қорада ұстағанда, қора дұрыс желдетілмегенде, шамадан тыс азықтандырғанда және дымқыл қорада ұстағанда, мал тығыз орналасқанда байқалады.
Ыстық өту кезінде мал денесінің қызуы көтеріліп, әлсірейді, тамыр соғысы жиілеп, зат алмасуы бұзылады, тотығу процессі төмендеп, оттегі жетіспегендіктен тотықпаған өнімдер жинақталады. Малды өлімге ұшыратуы мүмкін.
Ал жас төлдердің дене температурасы көбіне сыртқы орта температурасына тәуелді, себебі олардың тіршілігінің алғашқы күндері дене температурасын тұрақты ұстау механизмін жоқ болғандықтан, дене температурасы тұрақты емес. Сол себепті жас төлдер ауруға шалдыққыш және өлім-жітімге көп ұшырайды. Сондықтан мал қорасында қолайлы температураның маңызы зор.
Қолайлы температура дегеніміз- малдың азықты аз жұмасап, жоғарғы өнімділік көрсетуіне, органдардың физиологиялық қызметіне және мал организмі жүйелеріне онша күш түсірмейтін температураны айтамыз.
Ауа температурасын көбіне сынапты немесе спиртті термометрдің көмегімен өлшейді.
Сынапты - максимальді термометрлер. Бұл термометрлер байқау барысында белгілі бір уақыт аралығындағы ауаның ең жоғарғы температурасын көрсетеді. Бұдан кейін ауа температурасы төмендесе де сол көрсеткіш өзгермейді. Мұндай термометрлерді қолданардың алдында сынапты орнына келтіру үшін оны бірнеше рет сілку керек
Сынапты термометрлер үлкен дәлділігімен және -35° +375° аралығында кең көлемде пайдалану мүмкіндігімен ерекшелінеді.
Спиртті-минимальді термометрлер.Термометрдің түтікшесінде ұштары жалпақтау жуандатылған жылжымалы шыны штифт бар. Бақылау алдында термометрдің резервуар жағын жоғары көтеріп штифті спирт деңгейіне дейін түсіреді. Бұдан соң термометрді ауа температурасын өлшейтін жерге көлденең /горизонтальді/ орналастырады Температура көтерілген кезде спирт ұлғайып, штифті қозғамастан капиллярдың бойымен еркін өтеді. Температура төмендегенде спирт штифті резервуарға жетелеп, төмендей береді, минимальді температураны штифтің жоғарғы ұшы орналасқан деңгейімен анықтайды.
Спиртті термометрлерді аса дәлме-дәл дей алмаймыз, өйткені спирт көлемі 0°-тан жоғары қыздырғанда біркелкі ұлғаймайды, бұдан басқа, оның қайнау нүктесі төменде /78,3°/ жатыр, бірақ спиртті термометрмен өте төменгі, яғни - 70-тен +130° дейінгі температураны өлшеуге болады. Ал бұған сынапты термометр /сынап - 37,4° С қатып қалады/ жарамайды.
Термометрлер Цельсия градусымен бөліктенеді. Бұл термометрлерде тұрақты шкала нүктелерінің қашықтығы - мұздың еру нүктесі мен судың қайнау нуктесі /0 және 100°/ аралығындағы бөліктерге бөлінген.
Шет елдерде Реомюра /R/ (0° - +80°) және Фарангейт /F/ (+32° пен +212°) градустарымен бөліктелген термометрлер қолданылады.
Термометрлер өзінің қолдану мақсатына қарай лабораториялық, тұрмыстық, медициналық, малдәрігерлік, суға арналған, қабырғаға ілінетін, химиялық, топыраққа арналған, тағы сол сияқты болып бөлінеді.
Бұл аты аталған термометрлермен ауа температурасына қарай қай мезгілде болса да өлшеуге болады.
Уақыттың белгілі бір бөлігіндегі (тәуліктік, апталық және т.с.с) максимальды /ең жоғарғы/ немесе минимальді /ең төменгі/ температураны анықтау үшін арнаулы термометрлер бар.
Ауа температурасын анықтағанда максимальді және минимальді термометрлер көлденең орналастырылады.
Ұзақ мерзімде /тәулік және апта бойы/ температураны жүйелі қадағалап отыру үшін өздігінен жазатын қүралдарды - термографтарды /тәуліктік немесе апталық/ пайдаланады. Оның қабылдаушы бөлшегі - дәнекерленген екі металдан тұратын, ұлғаюдың әртүрлі температуралық коэффиценті бар биметалл пластинка болып табылады. Ауаның температурасы өзгерген мезгілде пластинканың формасы да өзгереді. Пластинканың формасының өзгерісі рычагтар арқылы стрелкаға беріліп таспаға жазылады. Таспалар көлденеңінен аптаға, күндерге және сағаттарға бөлінген, ал тікесінен градустарға бөлінген.