Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет39/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   48
Отыз сегізінші тарау
Социалистердің клубына барайық!—деді бір күні Бриссенден. Ол соңғы
үш күн ішінде екінші рет қан түкіріп, жарты сағат бұрын ғана есін əрең
жиғанымен бір стакан вискиін қалт-құлт етіп, қолынан əлі шығармай отыр
еді.
— Онда барып не бітірмекпін?—деді Мартин.
— Көлденең кісілерге де бес минут сөз сөйлеуге рұқсат етеді, мүмкін
сөйлерсіз. Социализмге не себепті қарсы болып кеткеніңізді айтыңыз.
Олардың өзі туралы, пақыршылық этикасы жайлы сөйлеңіз. Ницше
хақында ортасына бір домалақ пікір тастаңызшы — апалаң-топалаң болып
жатсын. Оларға һəм өзіңізге де пікір таластыру пайдалы! Көзім тірісінде
социалист болғаныңызды көрсем деп ем. Өйткені, бұл хал тіршілігіңізге
ерекше мəн берер еді. Өмірден түңілген шақта тарыққан көңіліңізге демеу
болар еді.
— Сіздің қалайша социалист болғаныңызға таңым бар, қара тобырды
жек көресіз,— деді Мартин.— Расында да өзіңіз сынды эстеттің қаймана
халықтың мүддесі мен мұқтажында не шаруасы бар?—Мартин вискиді
азарлай нұсқап:—сізді социализм мынадан арашалай алмапты ғой,— деді.
— Мен қазір қатты ауырып жүрмін. Сіздің жөніңіз басқа. Жассыз.
Деніңіз сау, тілеуіңіз алда, болашағыңыз бар, сізге алдыңызға белгілі
мақсат қою абзал. Маған қалайша социалист болып кеттіңіз деп таң
қаласыз. Айтайын себебін. Социализм сөзсіз орнайды. Өйткені, қазіргі
қоғам құрылысы шіріген, тозған, күні санаулы. Ал өзіңіз айтқан ат
ойнатқан ерлердің дəурені өтіп кетті. Құлдар қазір ондайлардың соңына
ермейді. Құл деген қара-құрым. Еріңіз аяғын үзеңгіге сала бергенде-ақ
қағып түсіреді. Амалсыз құлдардың мораліне мойын ұсынуға тура келешек.
Əрине, оңай емес. Бірақ өзге ылаж бар ма. Ницшенің идеясын жақтаушы
мына сіздер үңгір мекендеген тағыларсыңдар, Мартин. Болар іс болған,
өткен дүние енді қайтып оралмайды. Тарих қайта оралады деу жалған
пікір. Сіз дұрыс айттыңыз, мен тобырды жек көремін, өйтпегенде ше? Ат
ойнататын азаматтан үміт жоқ. Ал қоян жүрек буржуазиялық доңыздардың


билеуіне бас кессе де көне алмаймын. Қой, кеттік. Енді сəл кідірсек, мен
көп ішіп, қатты мас болам! Доктордың не айтқанын білесіз бе? Əй, докторы
құрсыншы! Солардың былшылын бекерге шығарып, тотитып кете алсам
жарар еді.
Күн жексенбі. Социалистердің Оклендтегі ықшам клубы ығы-жығы лық
толы. Көпшілігі жұмысшылар. Мартин сөз сөйлеп тұрған ақылды еврейдің
айтқандарына салған жерден іштей қарсы болса да, өзін ұнатты. Шешеннің
екі иығы солбырайып, еңсесі түсіп кетуіне қарағанда, гетто перзенті болу
керек. Соған қарап, Мартин көз алдына адам аяғандай əлсіз құлдар мен ел-
жұртқа əмірін жүргізуші ат төбеліндей алпауыттардың арасындағы мəңгі
арпалысын елестетті. Иə, деп ойлады ол, ежелден құл билеп қалған
шонжарлар өмір бақи билеп-төстей берешек. Мына алдымда тұрған сүлде
соның символы. Ол сорлы бұлжымайтын биологияның заңына бағынып,
азабы мол өмір сапарынан өлімін таппай қоймайтын өзі сықылды өңшең
тіршілікке бейімсіз аш-арықтар бұқарасының жиынтық бейнесі іспетті.
Олардың бəрі құруға мəжбүр. Айлалы да əккі философиясы мен
құмырсқадай ұжымшыл болуына қарамастан, олардан табиғат өңшең əлді
мен күштінің несібесі болсын деп, теріс айналған. Əлбетте, өлер алдында
социалистер секілді жан таласып, тыпыршуы ықтимал, жиналысып,
шуылдасып, өмір тарыншылығын қалай жеңілдетеміз, қалайша əлемді
алдаймыз деп əурешікіре болуы да мүмкін.
Бриссенден сіз сөз алып сөйлеңіз, мына жиналған жұртты қыспаққа бір
алыңызшы деп қояр да қоймай көндіргеннен кейін Мартин осы ойларын
ортаға салған еді. Əуелі ол мінберге шығып, дəстүр бойынша
председательге қарап тұрып, сөз бастады. Жай бастап, еврей сөзінен туған
қалың ойын рет-ретімсп ағытып айтып бере алмай, тұтыға сөйледі. Мұндай
митингіде əр шешенге бес минуттан сөз берілетін. Тиісті уақыты біткен
кезде Мартин жаңа-жаңа қызып, социалистердің қисынын мінеуге енді ғана
кіріскен. Сөзін қызыға тыңдаған жұрт тағы берілсіп деп бір ауыздан өтіл
айтты. Халайық көлденеңнен келген көк аттының тегін жау емес екенін
сезгендей əрбір сөзін елти тыңдап отырған. Мартин де арқаланып,
құлдардың моралін тілдеді, құлдар деп осындағы жиынды атайтынын
тұспалдамай тура айтып салды. Спенсер мен Мальтустың сөздерін мысал
етіп, дүние дамуының биологиялық заңын дəріптеді.
— Сонымен,— деді ол сөзін қорыта келе,— бірыңғай құлдардан
құралған мемлекет баянды болмайды! Эволюцияның негізгі заңының


құдіретін, міне, осыдан аңғаратын болсақ керек! Өмір сүру үшін сұрапыл
күресте, менің жоғарыда сіздерге дəлелдеп бергенімдей, күші ғана,
күштінің ұрпағы ғана жан сақтан қалады, өмір сүреді. Əлсіз бен əлсіздің
ұрпағы тоз-тоз болып құрып бітеді. Ал осынан кейін əлдінің үрім-
бұтағының əрбір буыны əлдене берешек. Эволюция дегеніміз осы! Сіздер,
құлдарсыздар, əрине, құл екеніңді мойындау оңай емес,— сіздер
эволюцияның осы ұлы заңына бағынбайтын қоғам армандайсыздар. Өмірге
бейімсіз, берекесіз, өңшең аш-арық құрымаса екен дейсіздер. Əлсіздер де
əлділер секілді семья құрып, үбірлі-шүбірлі болса екен дейсіздер. Сонда
ақыры не болмақ! Ақыры адам баласының өмірге деген жігері мен күш-
қуаты буыннан буынға өспей, өркендемей, кеми бермек, жасымақ,
əлсіремек, кері кетпек. Міне, бұл «құлдар философиясының» зауалы.
Қоғамыңыз, яки құлдар орнатқан, құлдар үшін орнатылған, құлдар есімінен
орнатылған қоғам, бірте-бірте күйзеліп, шөгіп, ақыры бір заманда құрып
бітпек. Естеріңізде болсын, мен мұны жаным ашығандықтан, өсиет ретінде
емес, биология заңына сүйеніп айтып тұрмын. Құлдар мемлекеті өмір сүре
алмайды.
— Құрама штаттар ше?—деді біреу айғайлап.
— Құрама Штаттар дейсіз бе?—деді Мартин.— Он үш отар ел бір
заманда арасынан билеушілерін аластап, республика дегенді құрыпты.
Құлдар өзіне-өзі қожа болыпты. Елде найзаның ұшымен, білектің күшімен
билеуші күштілер қалмапты. Бірақ құлдар қожайынсыз отыра ала ма, жаңа
билеуші тағы пайда болады, баяғы білегі жуан, адамгершілігі бар ерлер
емес, өрбіген өрмекшідей өңшең саудагер, өсімқор дегендер шықты!
Сөйтіп, олар мына сіздерді тағы да құл етті, күш көрсетіп, ақырып, айтып
келген жоқ, бүкшеңдеп, бұғып келді, айла-амалымен, қулық-сұмдығымен,
өтірік-өсегімен қол-аяғыңды матады. Судьяларыңды сатып алды, заң-
жобаны бұрмалатып, өңін айналдырып жіберді, ұл-қыздарыңды езгісіне
салды. Мұның қасында бұрынғы заңды түрде құл иеленушіліктің сұмдығы
ойыншық болып кетті. Бүгін таңда əлі буыны бекімеген екі миллион бала
дірдек қағып, Құрама Штаттардың өнеркəсіп олигархиясына еңбек етіп
жүр. Он миллион құл ешбір баспанасыз, нансыз отыр. Жоқ, құлдар
мемлекеті өмір сүре алмайды, бұл эволюцияның биологиялық заңына
қайшы. Құлдар қоғамы орнаған күні кері кетушілік, азғындық пайда
болашақ. Сіздер эволюция заңын мансұқ етесіздер ме? Жақсы! Олай болса
арқа сүйерлік өзге, жаңа заң тапқан боларсыздар? Кəне, айтыңызшы, ол
қандай заң? Тыңдайық.


Мартин орнына барып отырды. Жұрт азан-қазан. Жиырма шақты кісі
сөз сұрап, орнынан өре түрегелді. Бірінен соң бірі шығып сөйлеп, қолдарын
оңды-солды сермеп, бəрі де Мартинге бас салды. Залдағылар бұған қол
шапалақтады. Нағыз қырғын ұрыс, идеялар шайқасы басталды.
Шешендердің біразы жалпылама сөйлегенімен, көпшілігі Мартинге
шүйлікті. Көптеген жаңа, соны пікір айтылып қалды. Ескі биология заңын
жаңаша қолдануға жағдай туды. Əбден қызынып алған шешендер, əдеп
сақтау дегенді ұмытып, председательдің əлденеше араласуына да тура
келді.
Жиналыста газет хабаршысы да бар-ды. Ол бір ел құлағын қайтсем
елеңдетемін деп, ізденіп жүрген жас талап болар ма. Ақылы мен тəжірибесі
аздау жігіт-ті. Газет қызметкері ғой, ұяттан да үш күн бұрын туған еді. Өте
надан болуынан айтылған пікірді ол аңдамай қалыпты. Сөйте тұра, мынау
жұмысшы табынан шыққан, оның ойынша өршеленген өңшең мылжыңнан
өзін артық санап, шікірейіп кеткен түрі бар. Оның үстіне ел-жұртқа əмірін
жүргізуші, газеттер мен ұлт саясатына бағыт сілтейтін сонау үлкен орында
отырған дөкейлерді ол керемет сыйлайтұғын да. Арманы — жоқты бардай,
барды дардай қылатын айтулы хабаршы болмақ.
Ол сөйлеушілердің не айтып, не қойғанын ұқпай қалды. Айта берсеңіз,
оған түсінудің қажеті де жоқ. Оған керегі «революция» деген сияқты жеке
сөздер ғана. Бір сүйек тапса, соған қарап отырып, бүтін бір мақұлықтың
қаңқасын жасап беретін палеонтолог сияқты бұл хабаршымыз да, мысалы,
«революция» деген есінде қалған жалғыз ауыз сөзге сүйеніп, сөйлеушінің
күллі сөзін сол айтты қылып, өзінше заулата жөнелер еді. Оның бүгінгі
кəсібі де осы. Тіпті, тігісін білдірмей жылмитып жібергені де рас. Əйтеуір,
елдің көбі Мартин туралы шуылдасқандықтан, жазғандарының бəрін «сол
айтты» қылып, оның өзін анархист етіп шығарды да, кертартпа дарашыл
пиғылын нағыз əсіре қызыл солақай социализм деп түсіндірді. Жас
хабаршының əдеби дарыны жоқ емес-ті. Сондықтан ың-жың, азан-қазан
болып жатқан ашулы тобырдың ортасында екі қолын кезек-кезек сермеп,
ызғарлы, ащы дауысымен құлақты тесе жаздайтын, шашы жалбыраған
кілең бір қаһар жандарды, өңшең күйгелек, шəңгірлеген азғындарды жақсы
суреттеп берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет