Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет42/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   48
Қырық бірінші тарау
Түні бойы азапты ауыр ұйқыда жатқан Мартинді таңертең есік қағып,
почтаның хат тасушысы оятып жіберді. Өлегзіген сүлесоқ Мартин əкелген
хаттарды ашып оқыды. Аты шулы «қарақшы» журналдың штампысы
басылған бір хаттың ішінен жиырма бес доллардың чегі шықты. Осы
ақшаны Мартин жыл жарымдай ізденген еді. Енді міне қолына тигенде
қуанған жоқ. Қазір баспа чегін көрсе, бұрынғыдай жүрегі алып ұшпайды.
Сонау бір күндері ақшаны болашағының кепілі сияқты көретұғын. Қазір
оған азық сатып алатын жиырма бес доллардың қағазы деп қана қарады.
Осы почтамен тағы он долларлық чек келді. Оны ертеде қабылдаған
күлдіргі өлеңдері үшін Нью-Йорктың бір журналы жіберіпті. Мартинге ой
түсті. Соны салмақтап, ақыл таразысына салып, біраз отырды. Мұнан
былай не істеп, не қоярын білмеді. Ешнəрсеге құлқы соққан жоқ. Əйтсе де,
тірі жанға тіршілік етпек керек. Борыштарын да өтегені жөн. Олай болса,
мына он долларды маркаға жұмсап, стол астында үйіліп жатқан
қолжазбаларды тағы бір сапарға жөнелткенім пайдалы шығар,— деп
ойлады. Бір-екеуін, мүмкін, алатын адам табылып қалар. Əйтеуір күн көру
керек қой. Мартин осы ақылға тоқтады. Чегіне Окленд банкісінен ақша
алып, түгел маркаға жұмсады. Сонан кейін тар бөлмесіне қайта баруға,
тағы да азаптанып, ас пісіруге мойны жар бермей қойды. Бірінші рет
борышын өтеуді де ескерген жоқ. Үйінде өзі пісірсе тоя жейтін тамағына он
бес — жиырма центтен артық ақша кетпес еді. Бірақ ол «Форум» кафесіне
барды, екі долларға түрлі тамақ алдырды. Шайына ғана жиырма бес цент,
мысыр папиросына елу цент жұмсады. Руфь ұрысқаннан бері темекіні
тастаған еді ғой. Енді ол рақаттан тыйылатын не сылтауым қалды, мейлі
темекіге құмартып тұрғанда, шерімді бір тарқатайын,— деп ойлады.—
Ақшаны үнемдеп қайтем? Əрине, бес центке жай темекі мен қырық
шылымға жететін қағаз алуға болар еді. Онан не мағына? Ақшаның бүгін,
қазір бір дүниелік алудан өзге не сəні қалды?! Жалғыз өзі бағдарсыз
қаңғырып қалғанда, ғазиз басын тауға да, тасқа да соғудың керегі бар ма?
Ағыстың ағынымен жылжи берсе, өмір тақсіретін тартпақ емес қой. Ал
өмір тақсіреті дегеніміз тіршіліктің, бұл дүниенің азабы.


Күндердің толассыз тізбегі үздіксіз өтіп жатты. Бір күні бір күніне
ұсайды. Күн тəулігіне сегіз сағат ұйықтауға да əдеттеніп алды. Тағы чек
келер деп дəметіп, жапон ресторандарынан он центке ғана ас ішіп жүрсе
де, əжептəуір оңалды. Бұрынғыдай күндіз-түні сарылып отырмауынан
омсырайған ұрты қалпына келіп, екі беті бүйректей болды. Ештеңе жазған
жоқ, қол тимеген кітаптары иесіз дүниедей сөреде тұр. Жиі-жиі ол қала
шетіндегі төбешіктерді аралайды. Ұзақ уақыт дем алып, паркте отырады.
Не досы, не бір танысы жоқ, кісімен танысуға құлқы да жоқ. Керегі не? Ол
тоқтап қалған өмір тынысын қозғап жіберетін сырттан тосын дүмпу күтіп
отыра берді. Қазіргі тіршілігі адамды зеріктіретін, мағынасыз, бірыңғай
əурешілік, бір бос қуыс.
Бірде ол Сан-Францискоға барып, түнеугі «нағыз адамдарды» көрмек
болды. Бірақ сол үйдің есігіне таяна бергенде сабындай бұзылып, жалт
бұрылған, аяғын асыға басып, геттоның у-шу көшесімен кетіп қалған.
Себебі, кіріп барсам философия туралы айтыс сөзге килігемін деп жүрегі
дауаламаған еді. Көшеде «нағыз адамдардың» біреуі кездесіп қала ма деп,
ол қаттырақ жүріп кетті.
Жұрттың «Фани дүние» туралы не жазып жатқанын білу үшін Мартин
оқтын-оқтын газет-журнал қарайды. Поэма төңірегінде шу көтеріліпті.
Жəне шу болғанда қандай. Елдің бəрі поэманы оқыған, бəрі де бұл поэзия
ма, жоқ па деп таласып жатқан көрінеді. Жергілікті газеттер ғылыми
мақалаға, кекесін рецензияға, оқырмандар хатына толы екен — бəрі сол
поэма туралы. Элен Делла Дельмар (Құрама Штаттардың асқан ұлы ақыны
деп жуырда айдар тағылған аты шулы бикеш) Бриссенденді өзімен бірге
Пегасқа отырғызғысы келмеулі, оны тіпті ақын емес деп əр жерге хат
жазыпты.
«Парфенон» кезекті санында өзі көтерген айғай-шуды пайдаланып, сэр
Джон Вэльюді жүндей түткен, Бриссенденнің өлімін өзіне реклама еткен.
Жарты миллион оқушымыз бар деп мақтана беретін бір газет Элен Делла
Дельмардың Бриссенденді əжуалаған поэмасын жариялапты. Мисс
Дельмар онымен қоймай «Фани дүниеге» пародия жазған.
Досының өмірі дəл осы сағатқа жетпегеніне Мартин талай қуанды.
Себебі, Бриссенден тобырды жек көрумен кеткен еді, ал бүгін таңда оның
ең асыл ой қазынасы сол тобырдың мазағына беріліп отыр. Оның
поэмасындай шын сұлулық күн сайын солардың сілікпесіне салынып отыр.


Тəштіреңдеген өңшең сұмырай енді Бриссенденнің нұрына бөленіп, жұртқа
«мені көрдің бе» деп жүр. Бір газет былай деп жазыпты: «Белгісіз
джентльменнен хат алдық, ол кісі: мұнан бірнеше жыл бұрын дəл осындай
поэма жазған едім, менің поэмам мына Бриссендендікінен тəуір еді», депті.
Тағы бір газет Элен Делла Дельмардың пародия жазғанына реніш білдіре
келіп, былай деген: «Мисс Дельмар пародиясын жазғанда, ұлы ақын ұлы
ақынды, айта берсе дəрежесі өзінен биік тұрған ақынды сыйлауға тиіс
деген қағиданы ұмытқан болса керек. Мисс Дельмар «Фани дүниенің»
даңқы жайылуына қызғаныш білдіргенімен, поэманың өзіне үлкен əсер
еткені көрініп тұр, сондықтан күндердің күнінде осындай поэма жазуға
өзінің де талаптануы ғажап емес».
Уағыз айтушылар «Фани дүниені» уағызына қоса бастаған, поэманы
жақтап сөйлеген біреуді олар дін бұзған деп айыптапты. Ұлы поэма
құрметті қауымның көңіл көтеретін ермегіне айналып кетулі. Сықақ өлең
жазушылар мен карикатурашылар-ақ жұртты күлдіреміз деп əлек көрінеді,
фельетон жазушылар да қалыспаған. Олардың айтуынша Чарли Френшэм
деген біреу Арчи Дженнигске: «Фани дүниенің» бес жолын оқыған адам
еліріп, үйге сүйкенеді, он жолын оқыса өзен-суға секіріп, суға кетіп өледі
деп сыбырлапты-мыс.
Мартин бұған күлген жоқ, күйінген де жоқ, тек жабыңқы көңілі
жабырқай түсті. Өзінің ғашықтық дүниесі күйрегеннен кейін баспасөз бен
халайықтан бейілі қайтуы сондай бір сұрапыл емес сияқты. Иə,
Бриссенденнің журналдар жайлы пікірі дұрыс екен, бұған өзінің көзі
жеткенше көп уақыты өтіпті. Журналдар Бриссенденнің айтқанын ақтау
түгіл асырып жіберген. Мейлі, жеткен жеріміз осы болса амал қанша, деп
Мартин өзін-өзі жұбатқандай болды. Бұлттан асып, аспанда шығандармын
деуші еді, былш етіп батпаққа құлаған екен.
Көз алдында тағы да сонау алыстағы Таитидің тамаша, жарқын
суреттері сеңдей толқыды! Міне, Паумоту жазығы, əне таулы Маркиз
аралдары. Мартиннің өзі сауда кемесінде немесе кішкене əлсіз катерде
тұрғандай, ол Папеэта рифтерін төңіректеп немесе Тайохаэ қойнауына
барар жолдағы Нукухива меруерт қайраңын жиектеп жүзіп барады. Тамари
қонағының құрметіне қабан соятынын ол жақсы біледі. Тамаридің қыздары
майда қоңыр əн салып, сылқ-сылқ күліп, мойнына тізген гүл асып,
сəндейді. Тынық мұхит осылайша тыным бермей шақырады, аңсатады.
Мартин ерте ме, кеш пе — мұхитқа барашағын сезді. Қазір ол ұлы білім


патшалығына ұзақ уақыт саяхат жасап шаршағандықтан, ағысқа ілесіп, дем
алу жабдығында.
«Парфеноннан» үш жүз елу долларлық чек алысымен Мартин оны
Бриссенденнің өсиетін орындаушыға табыс етіп, қолтаңба алды да, өзі жүз
долларға борышты екендігіне қағаз берді.
Ал Мартиннің кішкене жапон ресторанынан ас ішетін күндері өткен
тəрізді. Күресті қойдым деген мезгілде басына бақыт құсы да қона кеткен.
Тым кеш қонғаны рас. Бір күні «Миллениумның» конвертін аша бергенде
ішінен судыр етіп үш жүз доллардың чегі шыға келді. «Оқиғаның»
гонорары. Барлық борышы, процентімен қоса есептегене, жүз долларға
жетпейтұғын. Онысын өтеп, жүз долларын Бриссенденнің өсиетін
орындаушыға жібергеннің өзінде де жүз доллардай мол байлық бір өзіне
тиді. Енді ол жақсы костюм тіктіріп, қаланың ең тəуір деген кафесінен ас
ішетін болды. Өзі баяғы Марияның тар бөлмесінде тұра берді. Бірақ
жарасымды жаңа костюмінің көршілеріне əсері сонша, балалар
бұрынғыдай үй төбесіне, дуалға шығып алып: арам тамақ, кезбе, жалқау
деп айғайламайтын болды.
Мартиннің «Вики-Вики» деп аталатын «гавайя» əңгімесін осы тұста
«Уоррен апталығы» екі жүз елу долларға сатып алды. «Солтүстік
барлаушысы» «Сұлулық бесігін» басып шығарды, ал «Макинтош»
журналы Мэриенге арнаған Балашарын» қабылдапты. Редакторлар мен
рецензенттердің жазғы демалысынан қайтуы себепті қолжазбалар тым тез
айналатын болды. Екі жыл ұдайымен ешкім керек қылмаған дүниесін енді
елдің бəрі саудаласпай ала бастағанына Мартин аң-таң. Өйткені,
жазғандарының ешқайсысы жарық көрген жоқ-ты. Оклендтен өзге жерге
атағы да шықпаған. Ал Оклендтің өзін білетін азын-аулақ адамдары
Мартинді «қызылдардың» арасынан шыққан нағыз ойық құлақ социалист
деп санайды. Аяқ астынан қалайша қауырт өзгеріс туғанына түсіну қиын
еді. Тағдырдың тəлкегі болар, деп түйді Мартин.
«Күн масқара болдыны» бірнеше журнал қайтарып жібергесін, Мартин
оны марқұм досының кеңесіне құлақ асып, кітап баспасына ұсынған. Біраз
созбаққа салғанымен «Синглтри, Дарнлей һəм К
0
» деп аталатын аса ірі
фирма ақыры оны басып шығармақ болды. Мартин аванс сұраған еді,
баспашы біз күн бұрын ақша төлемейміз, себебі бұл тəрізді кітап əдетте
шығынын ақтамайды, бір мың данадан артығы өте қояр ма екен, деп жауап


қайтарыпты. Мартин егер кітап бір доллардан сатылып кетсе, он бес
процент үлесіне жүз елу доллар тиеді екен деп есептеді де, қолыңа қалам
алсаң беллетристика жазу керек екен ғой деп ойлады.
«Оқиға» көлемі жағынан «Күн масқара болдыға» қарағанда төрт есе аз,
ал олжасы екі есе артық болды. Бақса, жазушы гонорары туралы баяғыда
газеттен оқығандары рас екен. Бірінші дəрежелі журналдар расында да
қолжазбаны 
қабылдасымен 
қаламақы 
төлейді 
жəне 
көп 
қояды.
«Миллениум» əр сөзіне екі центтен емес, төрт центтен қойыпты. Ол ол ма,
нағыз шығарма жерде қалмайды екен — шығармаларын шетінен алып
жатыр. Осы бір ой түскенде Мартин көңілсіз күлді.
Ол «Синглтри, Дарнлей һəм К°-ге» хат жазып, «Күн масқара болдыны»
жүз долларға басыбайлы сатқысы келетінін білдірген еді, баспа тəуекелге
бара алмапты. Бірақ Мартин ақшаға зəру емес. Соңғы кезде бес-алты
əңгімесі өткен, ақшасын алып та қойған. Мартин тіпті, бірнеше жүз
долларын банкіге салып, счет ашып қойды. «Кешіккен» көп жерді аралап,
«Мередит-Лоуэл» баспасынан орын тепті. Гертрудаға бір кезде бес доллар
қарызыңды үш есе артығымен қайтарам деген уағдасы есіне түсіп. Мартин
баспаға бес жүз доллар аванс сұрап хат жазды. Көп ұзамай сұраған
сомасына чек келгенде Мартин таң қалды. Чекті түгелімен алтын теңгеге
айырбастап, Гертрудаға: жолығып кет, деп телефон соқты.
Ентігіп, асығып-үсігіп, Гертруда да келіп жетті. Бір сұмдық болды ғой
деп, бар ақшасын сумкасына сала келген екен. Мартиннің шақыруын
тегінге жорымаған ол көрген жерде көрісе жылап, бар ақшасын тықпалай
бастады.
— Өзім барайын деп едім,— деді Мартин,— мистер Хиггинботаммен
сөзге келіп қалармын, деп бармадым. Барсам, сөзсіз шекісіп қалар едік!
— Кəп емес, ашуы басылады ғой,— деп апасы Мартиннің не бəлеге
ұшырағанын тезірек білгісі келді.— Өзің бір жерге қызметке кірсейші.
Бернард адал еңбек еткен адамды жек көрмейді. Газетте шыққан сонау
мақала бəле болды ғой. Мен Бернардтың сондағыдай қатты ашуланғанын
көргенім жоқ.
— Қызметке кіргім келмейді,— деді күліп Мартин,— осыны менің
атымнан Бернардыңа айта бар. Ешқандай қызметтің қажеті жоқ. Соның


дəлелі мінеки.
Мартин апасының тізесіне бір уыс бес долларлық алтын теңгелерді
жалтылдатып, сыңғырлатып төге бастады.
— Есіңде ме, трамвайға отыруға ақшам болмай тұрғанда бес доллар
беріп едің ғой маған? Мынау сол бес долларың жəне соның үлкенді-кішілі
ұяластарының тағы тоқсан тоғызы.
Гертруда Мартинге əлдене боп қалды деп абыржып келген еді, енді
жүрегі тас төбесінен шықты. Ешқандай күмəн қалған жоқ. Күдіктенбестен
сорақы масқараға жори салды да үрейлі кескінмен Мартинге қарады,
дөңгелек теңгелер дозақ отындай денесін күйдіріп бара жатқан адамша
қалш-қалш етті.
— Осының бəрі сенікі!—деді Мартин ыржиып.
Гертруда өкіріп жылап жіберді.
— Сорлы бала! Сорлы болған бала!
Мартин қапелімде сасып қалған. Бірақ апасының ойын лезде түсіне
қойды да, кітап баспасынан келген қағазды көрсетті. Гертруда оны ежіктеп
оқып шығып, көз жасын сүртіп, бітегенеден кейін əлде де сенбегендей:
— Осыншама ақшаны адал еңбекпен тапқаның рас па? — деді.
— Енді қалай! Тіпті, ұтыс ақша да емес, ақы-адал еңбегім.
Апасының көзі сəл ажарланайын деді, хатты жақсылап тағы бір оқып
шықты. Мартин мұнша көп ақшаны қалай тапқанын, не үшін алғанын əрең
түсіндірді. Ал осы ақшаның бəрі енді сенікі, мен ақшаға мұқтаж емеспін
деген сөзіне апасын сендіру онан да қиын болды.
— Мен бұл ақшаны банкіге апарып, сенің атыңа салып қояйын,— деді
ақыры Гертруда.
— Жоқ! Сен алмасаң Марияға беремін. Ол бір кəдесіне жаратар. Өзің
қызметші əйел жалдап, жақсылап тынықсайшы.


— Қой, Бернардқа барып айтайын,— деп Гертруда орнынан тұрды.
Мартин əуелі қабағын сəл шытқан еді, артынан қарқылдап тұрып күлді.
— Айт, айта ғой. Мүмкін мені қонаққа шақырар.
— Əрине, шақырады! Не дегенің, сөз жоқ шақырады,— деп апасы
мойнынан құшақтады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет