Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет18/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   48
Он сегізінші тарау
Дүйсенбі күні таңертең Джо бұрқылдап жүріп машинаға бір құшақ кір
салды.
— Мен айтсам бар ғой...— дей бастап еді ол, Мартин ызғарланып:
— Мазамды алмай əрі жүрші өзің!— деп бетінен қауып тастады.
Кейін екеуі түстікке отырғанда Мартин:
— Ғафу ет, Джо,— деп кешірім өтінген.
Джо көзінен жасын іркіп:
— Жарайды, жарайды, достым, біз тамұқта жүрген жандармыз ғой, кей-
кейде аяқ астынап арс ете түссек—əжеп емес. Мен жақсы көріп кетіппін
сені, құдай біледі. Сондықтан, айтқан сөзің азғана көңіліме келгені рас еді.
Саған үйір болып кетіппін, тіптен,— деді.
Мартин қолын қысты оның.
— Жау алғырдың бəрін тастап, кезбе болып кетсек қайтеді осы,— деді
Джо.— Мен ешуақытта ел ақтап көрген емеспін, тегі, кезбелік тамаша болу
керек. Ойлап қарашы өзің — қолың бос, – түк істемейсің! Бір кезде сүзек
болып, ауруханада жатқаным бар еді. Сондағы көрген рақатым əлі күнге
есімнен кетпейді. Сондай тағы бір ауру тап болмады-ау маған!
Арада жиырма шақты күн өтті. Қонақ жайдағы кісілер де, жуатын жұқа
киім де көбейді. Екеуі ересен ерлік көрсетіп, электр жарығымен ел бір
ұйықтағанша жұмыс істеді, ас ішетін уақытына дейін үндемеді, таңертеңгі
тамағын ішпестен, іске кірісетін болды. Мартин бұрынғыдай ваннаға түсіп,
салқын суға шомылуын қойды: қолы тиер емес. Ал Джоның бар уайымы
уақытының əрбір минутын есептеу, алтын санаған сараңдай бір минутын
шашау шығармайды, жұмыс десе машинадай зіркіл қағады, өзі тəрізді тағы
бір жанды машинамен, бір кезде Мартин Иден деп аталған біреумен үнсіз-


түнсіз жалғасады.
Мартин қазір өте сирек ойланады. Оның ой тұрағы бекітулі, терезелері
шегелеулі, ал өзі болса сол тұрақтың қақпасын күзеткен елес қана. Иə, ол
тірі аруақ қазір. Джоның айтқаны рас. Екеуі де ұлан-базар еңбек дүниесінің
ебелек қаққан елесі. Əлде, тіпті, осының бəрі ұйқыда көрген түс пе? Оқта-
текте, ауыр үтікпен ақ киімнің қыртыс-тыртысын жазып, бұрқыраған
ыстық буға малынып тұрған шақта, Мартин осының бəрі түс қой деп өзін-
өзі алдарқатады. Мүмкін, тіпті, көп ұзамай, болмаса мың жыл өткесін бе,
əйтеуір, қауашақтай бөлмесінде ұйқысынан ояна кетіп, сия-сия столына
отырып, кеше ғана қалдырған жұмысын қайта бастап кетер əлі. Əлде жазу
жаздым дегені де түсі ме? Мүмкін, оянғасын жазу жазбас, вахтасына барар,
төсегінен атып тұрып, палубаға көтеріліп, аспанда сан мың жұлдызы
жымың қаққан тропиктің түнінде штурвалға тұрар, пассаттың күбірлеген
салқын самалы денесіне жібектей жұмсақ тиіп, əлі-ақ сергітетін шығар.
Бүгін күн тағы сенбі, сағат үште жұмыс тоқтады.
— Бір стакан салқын сыра жұтпаймыз ба?— деді Джо селқос, өйткені
сенбі сайын ұстайтын құрысы бүгін тағы ұстап отыр еді.
Бірақ, Мартин ұйқысынан оянған адамдай сергек. Велосипедін жөндеді,
тегермешін майлады, рүлін байқады, бəрін сүртіп тазалады. Сонсоң
велосипедтің руліне құмырсқадай иіліп, қос педальға кезек-кезек ырғала
басып жетпіс миль сапар шегуге тиісті сонау тозаңды жолға кірбие көз
тігіп, зырлап бара жатқанын салунда отырған Джо сыртынан көріп қалған.
Сол күні Мартин Оклендте қонды, жексенбіде қайтып оралып, дүйсенбі
күні іске кірісті, жол соғып шаршағанымен, арақ ішіп, мас болмағанына
қуанды!
Арада бесінші апта өтті, іле алтыншы апта да өте шықты. Мартин
бұрынғысынша зіркіл қағып, машина сияқты істеп жүр. Тек жан жүйесінің
терең түкпірінде лыпылдаған болмашы бір жарық сөнбей қалыпты. Əрбір
жетінің аяғында велосипедпен жүз қырық миль жол жүргізетін сол. Бұл да
тек қара күштің қимылы. Күндердің күнінде Мартиннің өткен өмірінен
қалған осы жалғыз шырағы да сөнді. Жетінші жұманың аяғында өзін-өзі
тоқтатуға дəрмені жетпеген Мартии Джомен бірге деревняға барып,
аңсаған өмір тынысын тағы бір сезген, соның буымен көңілі де сергігендей
болған.


Келесі сенбіде Мартин шаршағанын онан да зор күшке жеңдірейін
дегендей тағы жетпіс миль жол жүрді. Тек үш ай өткесін, үшінші рет Джоға
еріп, деревняға тағы бір барған. Онда еңсесін басқан ауыртпалықтың бəрін
аз уақытқа ұмытып, қайта тірілген, қайта тіріліп, найзағайдың отындай
жарқ еткен жасылдың жарығымен қазіргі халін, бұл күнде арақ ішуден
емес, ауыр бейнеттен хайуанның кейпіне келгенін анық көрген. Мастық бұл
күйдің себебі емес, сылтауы. Таң атса, артынан көп ұзамай, белгілі
мерзімінде күннің бататыны сияқты ауыр мехнаттан кейін арақ ішіп, мас
болу табиғи заң екен ғой. Жүк артатын салпаң құлақ хайуанға бір айналып
кеткеннен кейін жарқын биікке қайта көтеріле алмайды екенсің: вискидің
ақылына салған бір ақиқаты осы; Мартин бұған мойын ұсынды. Вискидің
даналығын қараңыз: ол осылай аса бір маңызды шындықтың кенет бетін
ашып берді.
Мартин қағаз, қарындаш сұрап алып, компаниеде отырған кісілердің
бəріне виски бұйырып, олар денсаулық үшін тост көтеріп жатқанда, өзі
қағазға бірдеме жазды.
— Телеграмма ғой, Джо, оқып қарашы,— деді ол.
Mac болған Джо ыржалақтап, оқи бастады. Бірақ, кенет айығып кеткен
адамдай Мартинге жазғыра қарады да, мұңайып, көзінен жас алып:
— Мені тастап шынымен-ақ кетесің бе, Март?—деді.
Мартин басын изеді, бейсауат бір баланы шақырып алып, телеграфқа
жұмсады.
— Тұра тұр! Мен сəл ойланайын,— деді Джо тілі күрмеліп.
Тəлтіректеп барып, сөреге сүйенді, сол кезде Мартин сүйемелдеп,
иығынан қапсыра құшақтай алды.
— Екі қызметкердің екеуі де кетеді деп жаз,— деді кенет Джо.— Жаз
солай.
— Саған жол болсын?
— Саған ше?


— Мен теңізге кетем. Сен жарамайсың ғой оған.
— Оның рас. Бірақ, мен кезбе болам. Ең абзалы сол.
Мартин бip минуттей сынай қарап тұрды да:
— Оллаһи, осының дұрыс!—деді.— Жүк теңдейтін жануар болғаннан
да, кезбе болғаның артық. Əйтеуір, адам сияқты өмір сүресің. Сен сорлы
бүгінгіше өмір көрген жоқсың.
— Көрдім,— деді Джо,— бір кезде ауруханада жатқаным бар. Сүзек
болып ауырғам, айттым ғой деймін саған. Эх, рахат деп соны айт, шіркін.
Мартин телеграммадағы «екінші жұмысшы» деген сөздің орнына «екі
жұмысшының екеуі де» деп түзетіп жатқанда, Джо:
— Ауруханада жатқанда араққа зауқым соққан жоқ еді. Бұл бір тамаша
емес пе, ə? Ал жеті бойы жегінді сияқты жұмыс істеген адамға арақ ішпей
болмайды. Аспазшылардың өлгенше ішетінін кім білмейді... Наубайшылар
да солай. Өйткені жұмысы ауыр олардың. Тоқта! Телеграмманың жарым
ақысын мен төлеймін.
— Жарар, кейін есеп айырармыз,— деді Мартин.
— Əй, бері келіңдер бəрің де, енді мен қонақ етем!—деді Джо айғайлап,
ақшасын сөреге салып жатып.
Дүйсенбі күні таңертең Джо елегізіп, не қыларын білмеді. Басының
ауырғанымен де, жұмыспен де кəбі болған жоқ. Терезенің алдында отырып,
күнге, ағаштарға қараумен талай-талай қымбатты минуттарын босқа
өткізді.
— Miнe, қарашы! — деді ол өз-өзінен өрепкіп.— Мынаның бəpi менікі
ғой. Бостандық, еркіпшілік деген осы! Сонау ағаштың түбіне жантая кетіп,
мың жыл ұйықтасам да өз еркім. Кеттік, Март. Жау алсын жау алғырдың
бəрін, пысқырып та қарамаймын! Не күтеміз осынан, кетейік, əйда.
Алдымызда бейнетсіз кең дүние жатыр. Түзедім соған бетімді. Енді қайтып
оралман.
Бірнеше минуттен кейін машинаға кір салып жатқанда, Джоның көзі


қожайынның көйлегіне түсіп, белгісінен тани кетті. Жаңа ғана қолы жеткен
бостандықтың қызуымен көйлекті еденге атып ұрып, аяғымен тепкілей
бастады.
— Мынау сенің тұмсығың болсайшы, Голландияның доңызы! – деді ол
айғайлап.— Мə, саған! Керегі осы ғой! Мə! Мə, саған! Кəне, кім тоқтатар
екен мені! Тоқтатып көрсінші, көрістірейін əкесіне.
Мартин күліп, араша түскенсіді. Сейсенбінің кешіне екі жаңа қызметші
келді, Мартин мен Джо оларға алдағы жексенбіге шекте жұмыстың
жайымен таныстырды. Джо түк істеген жоқ, тек олай істе, бұлай ет деп
қана отырды.
— Қой, шырағым, болмайды енді! Саусағымды қимылдатсам көр. Көп
болса, мерзімінен бұрын босататыны ғой, мейлі. Мен бір паруайсыз
жанмын. Жұмыс істеуді қойғанмын. Енді жүк вагонына отырып алып,
дүние 
кеземін, 
ағаштың 
көлеңкесінде 
жатып 
ұйықтаймын. 
Эй,
қызметшісымақтарым! 
Қимылдаңдар! 
Тездетіңдер! 
Терлеңдер!
Терлесеңдерші, шайтан алғырлар, түге! Ертең ит өлімімен өлген күні,
сендер де мен сияқты жидіп кетесіңдер,— бұл дүниеде кімнің қалай
тұрғаны көп емес, бəрі бір! Ақыры бір. Солай емес пе? Кəне өздерің
айтыңдаршы, бəрі бір емес пе? Ə?
Сенбі күні қожайынмен есеп айырысып, екеуі жол айырыққа дейін бірге
барды.
— Сен, əрине, менімен бірге жүрмейсің ғой, өтініп те керегі жоқ
шығар?— деді Джо үмітсіз кескінмен.
Мартин басын шайқады. Велосипедіне отыруға ыңғайланды. Екеуі қол
алысты, Джо Мартиннің қолынан ұстап тұрып:
— Біз екеуіміз бұл дүниеде əлі кездесеміз, Март. Жүрегім сезеді. Қош
бол, Март, бақытты бол. Мен жақсы көрем сені, құдай біледі, шын жақсы
көремін!—деді.
Мартин бұрылысқа жетіп, көзден таса болғанша, Джо үйірінен
айырылған қаздай жалғыз өзі жол ортасында артынан қарап тұрды.
— Жақсы жігіт еді,— деді ол күбірлеп,— өте бір жақсы адам еді.


Сонан кейін ілбіп, жол жиегімен су тартатын бұлқынға қарай жүрді, сол
арада шойын жолда тіркеу күтіп, жүк тиейтін үш-төрт бос вагон тұрған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет