Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет27/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   48
Жиырма жетінші тарау
Мартиннің да бақыт күні туды. Руфь келіп кеткен күннің ертеңіне Нью-
Йорктің бір тоғышар журналсымағынан үш триолеті үшін үш доллардың
чегі келді. Тағы екі күн өткеннен кейін Чикагоның бір газеті «Қазына
іздеушілерін» қабылдапты. Ол да басылып шығысымен он доллар жіберуге
уағда еткен. Бағасы қымбат емес, бірақ əңгіменің өзі де қаламалдысы-ды.—
Ой толқуын қағазға түсірудегі алғашқы талабы болатын. Ақырында
жастарға арналған қызық оқиғалы елітпе повесін «Жастық һəм балиғат»
есімді айлық журнал қабылдады. Рас, бұл повесі жиырма бір мың сөзден
тұратын, соған он алты доллар төлемек болған. Демек, мың сөзіне жетпіс
бес центтен келеді. Оның өзін де басылса ғана төлейміз депті. Ал бұл
қаламынан шыққан екінші əдеби еңбегі-тін. Қазір оның кемшілігін өзі де
айқын сезеді.
Асылы, оның ең ерте жазған шығармаларын да орта қол дүние деп
бағалауға болмас еді. Қайта зеңбіректен торғайға доп атқызатын онда
албырт, арда күш мол-ды. Мартин тырнақ алдысының осылай арзан да
болса өтіп кеткеніне қуанды. Атының сыры иесіне мəлім деген. Ал оның
үміт артатыны соңғы жазғандары. Мақсаты журналдарға əңгіме, повесть
жазып жүрген авторлардан жоғары болу, шын суреткердің барша өнері мен
шеберлігіне жетілу. Бірақ өзінің қабілетіне дарыған күшін де құбыжық
көрмейді. Қайта шығармаларының күшті жазылуын қалар еді. Əлбетте,
асыра сілтемеуі керек. Реализмге деген жақсы ықылас оның тағы бір
талабы. Өзінің барлық туындыларында реализмді ол қиялмен жəне қиялдан
туған сұлулықпен шебер ұластырып отырады. Ол реализмнің шабытты
болуын, адамға жəне адамның арманына сенім келтіруге себепкер болуын
қалайды. Оның ниеті өмір бейнесін өзгертпей беру, өрмінез, ізденгіш
саналы жанның бұ дүниедегі рухани азабын бұлжытпай баян ету.
Кітап оқи жүре Мартин екі түрлі əдеби мектеп барын байқады. Біреуі
адамды құдірет тұтады да, оның дүнияуи табиғатын елемейді. Екіншісі,
керісінше, адамды айуанға есептейді де, оның рухани мұраты мен ұлы
мүмкіншіліктерін мансұқ етеді. Мұның екеуін де Мартин сыңаржақ,
ұшқары пікір деп қостаған жоқ. Оның ойынша шындық осы екеуінің орта


шенінде «құдірет» мектебі ақиқаттан əлдеқайда алшақ жатса, дөрекі
«айуан» мектебі де ақиқатқа онан жақын емес.
Руфь қостамайтын «Оқиға» əңгімесінде Мартин осы көркем шындық
хақындағы өзінің арманын айтқан еді. Ал «Құдай мен хайуан» деген
мақаласында бұған байланысты теориялық көзқарасын баяндады.
Бірақ өзі жақсы деп санайтын «Оқиға» жəне басқа əңгімелері əлі күнге
бір редакциядан бір редакцияға көшіп, еш жерге тұрақтай алмай жүр. Ал
ерте жазылған шығармаларына Мартин мəн бермейді; тек ол үшін алып
отырған қаламақысына ғана мəзір. Жуырда журналдар екеуін қабылдаған
«үрейлі» деген əңгімелерін де ол жоғары бағалап жүрген жоқ. Бұл
əңгімелері əншейін шындыққа ұқсатып, ойдан шығара салған нəрселер еді.
Олардың бар қасиеті шындыққа ұқсастығында ғана. Болмағанды болды
қылып көрсету Мартин үшін жай трюк. Мұндайларды үлкен шығарма
санатына қосуға болмайды. Олардың көркемдік мəнері əсем болуы да
ықтимал. Бірақ Мартин үшін өмір шындығына жанаспайтын құр мəнерде
қасиет жоқ. Трюктің мақсаты ойдан шығарған оқиғаны жанды өмір
бейнесіне келтіру ғой. Мартин «үрейлі» деген бес-алты əңгімесін жазғанда
осы əдісті қолданған. Бірақ ол «Оқиға», «Қуаныш», «Құмыра» жəне «Өмір
шарабының» дəрежесіне өзі көтеріле алмай тұрғанда жазғандары-ды.
Триолеттеріне алған үш долларына «Ақ тышқаннан» чек келгенше
күнелте тұруға болатын еді. Мартин кісіге сенбейтін қытымыр португалға
барып, үш долларлық чегін ақшаға айырбастады да,— бір долларын
берешегі үшін португалдың өзіне қалдырып, қалған екі долларын
наубайшы мен овощ сатушыға бөліп берді. Ет алатын ол əлі бай емес, бар-
жоқты талшық етіп, ашты-тоқты жүре береді. Бір күні асыға күткен «Ақ
тышқанның» чегі де келіп жетті-ау. Мартин қапелімде не қыларын білмеді.
Ақша алуға өмірінде банкіге барып көрмеген ғой. Енді балалығы ұстап,
Оклендтің ең үлкен банкісіне барып, менсінбеген адамдай шіреніп тұрып,
қырық доллардың чегін терезесіне тастай бергісі келген. Ал, дұрысында,
чегін бақалшыға айыртып алуы керек, несиеге тағы да азық алатын күн
туса, бедел деген де керек қой. Амал жоқ, ақыры сол бақалшыға баруға
тура келді, чегін айырбастатып, борышынан түгел құтылды. Онан
шыққанда қойны-қонышы толы ақша еді, жол-жөнекей наубайшы мен
қасапшыға соғып, оларға да қарызын қайтарды, Марияға өткен ай мен
келесі айдың пəтер ақысын түгел төледі. Велосипедін кері алды, жазу
машинасының ақысын өтеді. Сонымен қалтасында небəрі үш доллар


қалды.
Осы аз ақшаның өзі көп дүние көрінді оған. Костюмін зақылеттен
қайтарып алып, дереу Руфьтің үйіне жөнелді. Жол бойы қалтасындағы бір
уыс күміс ақшаны қызық көріп, қайта-қайта шылдырлатып қояды. Аш
адамның жұтынып, тамақтан көзін ала алмайтыны сияқты көптен бері
қалтасына бір цент түспеген Мартин ақшаны уысынан шығарғысы
келмейді. Ол дүниеқұмар, ашкөз адам емес, ақшаға доллар мен центтің
белгілі бір сомасы деп те қарайды. Ақша, оның ойынша, адамды баққа
жеткізуге тиіс. Мартин үшін күміске соғылған самұрық жеңісінің қанатты
хабаршылары тəрізді.
Бұл дүние тамаша қызық деген сенім Мартиннің көңіліне тағы да
елеусіз орныға бастады. Дүние оған бұрынғысынан да қызық көрініп кетті.
Талай-талай сарылумен өткен ұзақты күндері əрі қайғылы, əрі қараңғы
сияқты еді. Бірақ қазір, борышының бəрінен құтылып, қалтасындағы үш
доллар күмісі сылдыр-сылдыр етіп, баққа қолым жетесің-ау деген үміті
артқан шақта күн нұры да жадырап, жылыта түскендей еді. Тіпті,
ойламаған жерде нөсерлеп өткен өткіншіге де рахаттанып, күліп жіберді ол.
Аштық азабын шегіп жүргенде дүниедегі сан мың арыған-ашқандар жайлы
үнемі ойланып жүретұғын. Қазір, өзі тойынып алғасын, олар ұмытыла
бастады, ой-сезімін ғашықтық билеген Мартин жер бетіндегі сансыз көп
ғашықтар жайлы қиялға берілді. Көмейіне ғашық жыры құйылып, ақындық
аруағы қозып кеткен жігіт трамвайдың екі квартал асып кеткенін
байқамапты.
Морздардың үйі толы қонақ екен. Сан-Рафаэльден Руфьтің екі немере
сіңлісі ере келіпті. Қонақтың көңілін аулау сылтауымен миссис Морз
Руфьтің маңайына жастарды жинау ниетін жүзеге асыра бастағанға ұсайды.
Мартиннің келе алмай жүргенін пайдаланып, ол кісі жау-жарағын сайлаған.
Мартин соғыс қимылының тап қызып жатқан кезінде келді. Миссис Морз
үйіне «осы адам болады» деген жастарды немесе санатқа кірген кісілерді
ғана шақырған ғой. Сондықтан мұнда жаңағы апалы-сіңлілі Дороти мен
Флоренстей өзге екі университет оқытушысы болды: бірі латинист, бірі
ағылшын филологиясының маманы. Олардан басқа — бала кезінде
Руфьпен бір мектепте оқыған, Филиппин аралдарынан жаңада ғана оралған
əскери жас офицер; Сан-Францискодағы қаражат қоғамының басшысы
Джюзеф Перкинстің өз хатшысы Мелвилл деген жігіт; банктің бас
бухгалтері Чарльз Хэпгуд деген азаматтар болды. Хэпгуд жасы отыз бестер


шамасындағы, кербез киінген, сыпайы кісі екен, Стэнфорд университетінен
тəрбие алған, Ниль жəне Құрама клубтарының мүшесі, республикалық
партияның сайлау науқаны кезінде сөз сөйлейтін қолтума шешені —
қысқасы, қай жағынан да үміт ақтарлық нағыз «адам болатындардың» өзі
болып шықты. Ал əйелдерден: кескін суретшісі жəне бір музыканы кəсіп
еткен кербез сылқым, Сан-Францисконың түкпір-түкпірінде тұратын кедей-
кепшікке садақа жинаумен аты шыққан əлеумет ғылымының докторы —
тағы бір əйел болды. Асылы, миссис Морздың жоспары бойынша
əйелдердің ролі əншейін қосалқылық. Олар тек сəн үшін, қонақ алдау үшін
ғана отыруға тиісті. Үміт артқан еркектерге ермек те керек қой.
— Кісілермен аптықпай, қызараңдамай сөйлесіңіз,— деді сыбырлап
Руфь Мартинге оны қонақтармен таныстырар алдында.
Алғашында Мартин өз-өзінен қолапайсызданып отырды: мебельдің
немесе əшекейлерінің біреуін қағып кетем бе деген қауып тағы үрейін
алды. Бір жағынан кісілерден де ұялады. Бұрын мұншалық айтулы
адамдармен бір жолы кездесіп көрмеген ғой. Əсіресе, оған күшті əсер еткен
бас бухгалтер Хэпгуд. Мартин реті келгенде сонымен жақын таныспақ.
Сырттай жасқаншақ Мартиннің «менмендігі» де жоқ емес-ті. Қазір ол
қонақта отырған ер-əйелдермен күш сынасып, олардың кітап пен өмірден
өзі əлі аңғармаған нендей жаңалығы барын білмек ниетінде.
Мартинді көзінен əсте қағыс қалдырмаған Руфь оның немере
сіңлілерімен емін-еркін əзілдесіп отырғанын көріп, аса таңырқады да,
қуанды да. Мартин, шынында да қысылмай, еркін отырған. Себебі, тек
жайғасып отырған жағдайда ғана ол бір нəрсені қағып кетіп, қиратам деп
именбейді. Руфь немере сіңлісінің екеуі де ақылды, кісімен əңгімелесуге
ұста екенін білетұғын. Түнде жатарда олардың Мартинді мақтағанын естіп,
таң қалды. Мартин бұрын өзі теңдес адамдар арасында қу тілді, барлық
ойын-жиынның базары болып əдеттенген адам еді. Мұнда да ол ара-тұра
орынды əзіл сөз тастап, көңілді отыруға болатынын сезген. Əлгі
қиялындағы болашақ бақ-дəулеті демеу болды ма қалай, əйтеуір,
қымтырыла бермей, қамшыны басқан, өзі де күліп, елдің де езуін
жидырмаған.
Кеш аяқтала келе Руфь қорыққан бəленің нышаны көрінгендей болды.
Мартин бұл кезде профессор Колдуэллмен əңгімелесіп отырған. Əлі
қолдарын сермей қоймағанымен, көздері шатынап, дауысы шаңқылдап,


қызараңдай бастағанын байқады Руфь. Өзін-өзі, албырт күшін билей
алмайтын Мартин ұстамды жас профессор алдында жеңілтектеу көрінді.
Мартин сырттай əдеп сақтауды ойлаған да жоқ! Көп нəрседен хабары
бар, аса білімді адамға кезіккенін бірден сезді. Профессор Колдуэлл
ағылшын филологиясының оқытушылары туралы өзінің дерексіз өлшеміне
үйлеспеді. Мартин оған қалай да өз мамандығын сөз еттірмекке тырысты.
Профессор алғашында тайсақтағанымен, ақыры қақпайына көнді де.
Алайда осы көп адам бас қосқан жерде мамандық жайлы сөз қозғау не
себепті ерсі саналатынын Мартин түсінбейді.
— Бұл бір жөнсіз қылық,— деген еді ол Руфьке мұнан көп уақыт бұрын,
— кəсіби тақырыпты неге сөз етпеске? Əркім өзінің ең көп, ең жақсы
білетін мамандығын сөз етпейтін болса, көп жұрттың бір жерге бас қосып,
пікір алысуынан не пайда. Адам баласы не нəрсенің соңына түссе, нені
өзінің негізгі кəсібі етсе, нендей кəсіпке өмірін бағыштаса, не туралы
күндіз-түні ойланып, арман етсе,— соны жақсы білешек. Ойлап
қараңызшы, егер игі қауымның дəстүріне бағып мистер Бэтлер Поль
Верлэн туралы, неміс драмасы жайында немесе д’Аннунционың
романдары хақында пікір айта бастаса не болар еді. Жұрт мүлде зерігер еді.
Маған салса, мистер Бэтлердің заң ғылымын сөз еткенін артық көрер ем.
Өйткені, заңды онан артық кім біледі. Ал өміріміз тым қысқа. Сол аз өмірде
əркімнің ең асылын біліп қалғым келеді.
— Дегенмен жұрттың бəрі бірдей елтифатқа алатын сөз де бар емес пе,
— деген Руфь. Сонда Мартин:
— Жоқ, қателесесіз,— деді,— əрбір адам, қоғамның əрбір тобы өзінен
дəрежесі жоғарыларға ғана еліктейді. Қоғамда кімнің дəрежесі жоғары?
Еңбек етпейтін қарекетсіз байлардың дəрежесі жоғары. Олар белгілі бір
тиянақты жұмыспен айналысып жүрген адамның білетінін біле алмайды.
Сондықтан ондай нақты сөзді тыңдаудан зерігеді, жерінеді, тіпті оны кəсіби
əңгіме деп, ұят деп айттырмайды. Əңгіме тақырыбын бағыттайтын да
солар. Олардың ойынша: жаңа опера туралы, жаңа романдар, карта һəм
бильярд ойыны, коктейль, автомобиль, желқайық, ат көрмесі, аңшылық пен
саятшылық, форель аулау жайлы ғана сөз болуға тиіс,— яғни, байқайсыз
ба,— еңбексіз өмір кешкен, еріншек адамға ғана жақсы таныс нəрселер сөз
болмақ керек. Ең қызығы бұл арада ақылды кісілер немесе өзін ақылдымын
деп санайтындар сандалбайлар мен ақылсыздардың пікіріне мойын


ұсынады. Маған салса, əркімнің бойындағы ең асыл қазынасын өзіме
жаратқан болар едім. Мұны кəсіби əңгіме дей ме, тұрпайы сөз дей ме
немесе тағы не дейді, бəрібір маған.
Бірақ Руфь Мартиннің бұл пікірін ұқпады. Жұрт ұнатқан дəстүрге
киліге беру қыңырлығынан, дарақылығынан деп түйді.
Қысқасы, Мартин салуалы қалып көрсетіп, профессор Қолдуэллді
еліктіріп алды да өзіне керек пікірін, ойындағысын айтқызды. Руфь жақын
келіп қалған бір шақта, Мартин:
— Алайда, Калифорния университетінде бұл тəрізді күпірлі сөз айтуға
бата алмаған болар едіңіз,— деп қалды.
Профессор Колдуэлл иығын қақты.
— Əрбір адал ниетті салық төлеуші азаматтың аздап саясатшыл болуы
да лазым. Қаражат беретін Сакраменто (Сакраменто — Калифорния
штатының астанасы.) ғой, Сакраментомен санасуға тура келеді.
Университет басқарушыларымен де, партия баспасөзімен де, дəлірек
айтсақ, екі партияның баспасөзімен де санаспай болмайды.
— Оныңыз рас, бірақ өзіңізге обал емес пе!—деді дауыстап Мартин.—
Мөлдір судан жағаның топырағына шығарып тастаған балық сияқты
болмайсыз ба!
— Университет бөгетінде маған ұсағандар көп емес. Оқта-текте өзімді
құрғаққа шығарып тастаған балық тəрізді көретінім де рас, сол уақта
Париж 
сынды 
үлкен 
шаһарда 
болсам, 
ондағы 
жол 
санаған
жазушысымақтардың арасында жүрсем немесе Латин орамы бойындағы
тентек қыдырмалардың думанына аралассам жақсы болар ма еді, бəлкім,
солардың ортасында өзімді еркін сезер ме едім деп те ойлаймын. Арзан
рестораннан ас ішіп, шарап жұтып, күллі əлем құрылысы хақында тым-ақ
батыл пікір айтқан болар ма едім деймін. Кей-кейде өзіме-өзім радикал
іспетті көрінем. Бірақ амал бар ма, əлі күнге анық білмейтін жайттер
баршылық! Күрделі мəселенің, əсіресе өмірдің келелі мəселелерінің
шеңберін толық қамтуға адамшылық өрісімнің жетпей қалатынын сезгенде
жүрексінемін де.
Мұны естігенде «Пассат жырындағы»


Күндіз-түні бар желкенді
Көтеремін, түремін.
деген жолдар Мартиннің есіне еріксіз түсе кетті.
Бұл сөздер аузынан шығып та кете жаздаған. Профессорды ол
солтүстік-шығыстан үзбей үретін салқын, күшті, қарыспа қара желге
ұсатты. Бұл да бір тұрақты, айнымайтын адам тəрізді, өзінде кісі
сескенгендей сес те бар. Күшін сарқа жұмсамай, екпінін ішіне тарта
соғатын, бойындағы қуатын ешуақытта сыртына шығармайтыи пассат
секілді бұл да ойындағысын ақтара салмайтын адам болу керек. Мартин
бейнелі образ түрінде ойланатын адам. Оның миы есте қалғандары мен
ойдан шығарылған көріністердің есігі үнемі ашық тұратын қоймасы
сықылды. Нендей оқиғаға душар болмасын, ол қоймасынан соған ұқсас
немесе оған қарама-қарсы бір кепті ала салып, қолма-қол айқын образ
жасай қояды. Бұл еріксіз, өздігінен болып жататын жағдайлар. Нақты өмір
шындығының əрбір оқиғасына осылай оның қиялынан туған сурет ере
жүреді. Əне бір күні Руфьтің көзінен жарқ еткен қызғаныш оты айлы түнгі
дауылды есіне түсіргені сықылды бүгін де профессор Колдуэлл батып бара
жатқан күн шұғыласы түсіп, қызыл күрең тартқан теңізді, оның бетіндегі
солтүстік-шығыс пассаты қуалаған бұйра-бұйра толқындарды көз алдына
келтірген. Осылайша минут сайын оның көз алдынан алуан түрлі елес өтіп
жатады, бірақ ол елестер ой шырқын бұзбайды, қайта ажарландыра түседі.
Елестер Мартиннің басынан кешкен оқиғалардың көлеңкесі, көзімен көріп,
не кітаптан оқып білген көп дүниенің бейнесі. Сол елестер ояу жүрсе де,
ұйықтап жатса да қиялында сыңсып тұрады.
Міне, қазір де ақылды, білімді профессор Колдуэллдің көмейінен
қайырған құлаққа жағымды сөздерін тыңдап отырғанда Мартиннің ойына
өткен өмірі түсті. Жаңа ғана жігіт бола бастаған өзінің бозбала шағы
елестеді. Ол кезде Мартин стетсон қалпағын, қаусырма курткасын киіп
алып, қынтиып, ойын-жиыннан қалмайтын, аяғын əдейі алшаң басып, қай
жерде полиция тыймайтын сотқарлық, бұзақылық болса соны жағалайтын.
Мартин есіне түскен осы оқиғаның ешбір жерін не бүгіп, не ажарлаған жоқ.
Иə, өмірінің белгілі кезеңінде кəдімгі ұрыншақ, əулекі тобырдың,
шайканың бастығы болғаны рас, полициямен жауласып, жұмысшы
орамында тұратын, ешкімге залалы тимеген адал момындарға күн
көрсетпеуші еді. Бірақ, бұл күнде ол өмірдегі мұратын өзгерткен. Міне, ол


айналасына, əсем киінген сыпайы ер-əйелдерге көз салды, мəдениеттің
биязы, жұмсақ лебін сезді, осылай отырған шағында етегі далиған үлкен
қалпақ, қаусырма куртка киген бозбала елес берді, ол қонақ үйге төсеген
қызылды-жасылды кілем үстінде ырғала басып келе жатқандай көрінді. Е,
дəл өзі, бір кездегі көше кезген тентек тобырдың бұзақы басшысымағы, бұл
күнде жұмсақ креслода шіреніп отырып институт профессорымен əңгіме
шертетін Мартин Иден бола қалыпты.
Асылы, əлі күнге Мартин өмірден орнын тапқан жоқ. Қайда жүрсе де
елмен он-оңай үйлесе кететін ол жұртқа жағымды-ақ. Жұмыста да, ойында
да ешкімнен олқы түспейді, ешкімнің қорлығына көнбейді, елдің
ықыласын өзіне аударып ала қояды. Дегенмен ешуақытта, еш жерде табан
тіреп, тамырын жайған емес. Жолдас-жорасы қылығын ұнатқанымен
өміріне өзі риза емес. Көңілі үнемі алағызып, алып ұшып, əлдеқайда
шақырған, əлденені сағындырған бір үн естіледі де тұрады. Соған елеңдеп,
ол дүниені көп аралады, қашан кітапқа, көркем өнерге, ғашығына
ұшырасқанша тыным тапқан жоқ. Бүгін ол өз ортасынан үздік шығып,
қадірмендер қауымында отыр, қазір ол Морз сықылды кісілердің де төріне
шыға алатын болған.
Осы ойлар Мартиннің сөз тыңдауына бөгет болған жоқ, əріптесінің
білімі шалқыған кісі екенін де, ал өзінің, Спенсерден алған тағылымына
қарамастан, олқы жері барын да байқап отыр. Сол олқысының орнын
толтыруға уақыт қана керек сияқты. «Əлі күш сынасармыз!» деп қойды ол
ішінен. Əзірше профессордың аузына қарап, айтқанын ықыласпен құптап,
алдында отыр. Профессордың əлсіз жағын да абайлай бастағандай,
əңгіменің бағыты өзгерген сайын ол айқынырақ сезіле түседі, бірақ
олқылығының қай мəселе жөнінде екенін анықтау əлі оңай емес. Ақыры
оның осал жерін тапқан кезде барып, профессордың алдында өзін
қорашсынғанын қойды.
Руфь қастарына екінші рет жақындағанда, Мартин жаңа ғана сөз
бастаған еді.
— Сіздің қатеңізді, яғни пікіріңіздің əлсіз жерін айтайын ба,— деді ол.
— Сіз биологияға мəн бермейді екенсіз. Ешбір тұжырымыңыздан оны əлі
ести алмай отырмын. Яғни бұл арада менің айтайын дегенім —
биоорганикалық заттарға лабораторияларда жан бітіру тəжірибесінен
бастап, əлеуметтік жəне эстетикалық жалпы қорытынды жасауға дейінгі


нағыз кең шеңберді қамтитын, əмменің арқауы болған шын мəнісіндегі
ғылыми биология.
Руфь оның сөзіне таңырқап қалды. Профессор Колдуэллден екі жылдай
лекция тыңдаған еді, оны даналықтың тірі көзі деп білетұғын.
— Лəкин, сөзіңізге түсіне алмадым,— деді профессор күмілжіп.
— Түсіндіріп көрейін,— деді Мартин.— Ұмытпасам, Мысыр елінің
тарихынан оқыдым ғой деймін, əуелі Мысырдың ерекшелігін мұқият
зерттемейінше, өнерін түсіну мүмкін емес, деген сөз бар.
— Əбден дұрыс,— деді профессор.
— Ендеше, менің ойымша, деді Мартин сөзін жалғастырып,— ең
алдымен, өмірдің қалай жасалғанын, неден құралғанын білмесек, елдің
ерекшелігін де біле алмайсыз. Əуелі ойлап шығарушы адамдарды, сол
адамдардың табиғатын білмей тұрып, біз олардың заңдарын, мекемелерін,
əдет-ғұрпын, дінін түсіне алмаймыз. Мысыр елінің храмдары мен сымбат
өнері сықылды əдебиеті де адамның ақылы мен қолынан туған.
Дүниежүзілік эволюция заңына бағынбайтын бүкіл əлемде бірде-бір зат
жоқ. Кейбір жеке өнер эволюциясының тарихы зерттелуі рас, бірақ,
меніңше, соның өзі түсінбей жазылған. Адам шет қалған. Арфа, скрипка
сияқты аспаптар эволюциясы, музыка, би, əн эволюциясы тамаша терең
зерттелген. Бiрақ адамның өз эволюциясы туралы, бірінші аспапты
жасағанға дейін, бірінші əн салу дəрежесіне жеткенге дейін бірте-бірте
дами келген, оның мүшелері туралы біз қазір не айта аламыз? Міне, осы
жайларды сіз естен шығарғансыз. Мен мұны биология деп атаймын. Бұл
нағыз кең мағынадағы биология. Пікірімді ойланбай, аузыма түскен сөзбен
айта салдым, түсіндіре алдым ба, жоқ па — білмеймін. Бұл ой маған сіз
сөйлеп отырғанда келген еді, қолма-қол түсінікті етіп жауап қайтару қиын
болды. Сіз келелі мəселенің егжей-тегжейін, алуан түрлі факторды түгел
қамтуға адамның кейде өресі жетпей қалады дедіңіз. Меніңше, мұның
себебі — сіз биологиялық факторды естен шығарғансыз, яғни өнер
атаулының негізі болған, тіпті адам баласының барша іс-əрекетінің түп
негізі болған осы факторды ұмытқансыз.
Профессор Кодуэллдің Мартинді табан астында сөзден жығып, аузын
ашырмай тастау орнына айтқанын елтифатпен тыңдағанына Руфь тағы да


таң қалды, тегі, жастығын ескерген болар деп ойлады. Сағатының алтын
шынжырымен ойнап, сəл үндемей отырып қалған профессор аздан кейін
былай деді:
— Бір кезде бір ұлы адам, Жозеф Леконт деген оқымысты
эволюционист осы мəселеге байланысты мені азарлаған. Ол кісі опат
болды. Енді менің олқылығымды айтатын адам жоқ қой деп жүруші едім.
Олай емес екен, өзіңіз сынды айыптаушыға тағы кезіктім. Бəлки, сіздің
маған таққан кінəңізда бір шындық, тіпті, мол шындық барын
мойындауыма тура келер. Мен бірыңғай классиктермен шұғылданып,
жаратылыс ғылымының дамуына ілесе алмай қалуым мүмкін. Бұл —
жігерім мен еждаһатымның жетіспеуінен болар. Менің күні бүгінге дейін
ешбір физикалық не химиялық лабораторияда болмағанымды айтсам,
бəлкім, таң қаларсыз да. Бірақ бұл ақиқат нəрсе. Сіздің айтқандарыңыз
тəрізді, мистер Иден, Леконттың сөздері де орынды еді, лəкин соның
қаншалықты рас екенін анық біле алмаймын.
Руфь бұл тұста бір сылтаумен Мартинді оңаша шығарып алып:
— Профессор Колдуэллді əбден өңгеріп алдыңыз ғой. Мүмкін, ол
кісімен біреу-міреудің сөйлескісі келіп отырған шығар,— деп сыбыр етті.
— Ғафу етіңіз,— деді ұялып қалған Мартин,— қайта-қайта мен сөз
тартып қоймағасын, профессор енді ғана шешіліп сөйлесе бастаған еді.
Əңгімесі өте қызықты, соған елігемін деп, өзге жұртты ұмытып кетіппін.
Бұған дейін мұнан ақылды, білімді адам көрмегенімнен де болар.
Шынымды айтайын ба сізге? Бұрын мен университет бітірген немесе зор
дəрежеге қолы жеткен адамның бəрі бірдей осындай ақылды, білімді
келетін шығар деп ойлаушы едім...
— Ол ерекше үздік адам ғой,— деді Руфь.
— Болса болар. Тағы кіммен сөйлес дейсіз? Хэпгудке апарыңызшы
мені.
Мартин бас бухгалтермен он бес минуттай сөйлесті, бұл жолы Руфь
ғашығына қатты разы боп қалды. Өйткені Мартин көзін алартып,
қызараңдаған жоқ, өте сабырлы қалып көрсетті. Руфь бұған таңырқады да.
Ал Мартиннің алдында банк қызметкерлерінің беделі əбден түсті, ақыр
соңында банк қайраткері мен пасық деген ұғымның арасында айырма аз


екен ғой деп қалды. Ал əскери офицер ақкөңіл, салмақты, өз тағдырына өзі
мəз, дені-қарны таза, тығыршықтай адам екен. Оның да екі жыл
университетте оқығанын естіп, Мартин білімнен қалайша құр алақан
қалғанын түсіне алмады. Бірақ Чарльз Хэпгудтен гөрі офицер өзіне
ұнаңқырады.
— Мен оның пасықтығына кейімеймін,— деді кейін Мартин Руфьке,—
жексұрын сөздерін өзінше қамқоршы адамсып, қоқиланып, əлдеқандай
болып айтатынына кейимін. Кісіні əуре етіп, қаншама уақытты босқа
кетіреді десеңізші. Сол іскерсінген неме маған жұмысшы партиясы мен
демократтар партиясы қосылып кетті деген бір ауыз сөзді түсіндіру үшін
көп уақытымды алды. Сол уақыттың ішінде мен Реформацияның күллі
тарихын баяндап берер едім. Сабаз сөзді қара судай сапырады екен.
— Əттеген-ай, ұнамаған екен ғой сізге,— деді Руфь.— Мистер
Бэтлердің жақсы көретін адамы еді. Мистер Бэтлер оны ең адал, сенімді
кісі дейді; банк мекемесінің тіреуі боларлық берік шың тəрізді деп
мақтайды.
— Рас болар, көп сөйлесіп сынамасам да, солай екеніне күмəнім жоқ.
Бірақ бүгіннен бастап, банк атаулыдан көңілім қайтты. Қымбаттым,
ойымдағыны тура айтқаныма ренжімейсіз бе?
— Жоқ! Қайта бұл бір қызық жайт екен.
— Иə,— деді Мартин,— мəдениеттен жаңа ғана нəр ала бастаған анайы,
надан адаммын ғой мен. Əлбетте, мəдениетті кісіге менің бұл қылығым
қызық көрінуі мүмкін.
— Ал менің немере сіңлілерім туралы не айтасыз?—деді Руфь.
— Маған өзге əйелдерден гөрі солар көбірек ұнады. Екеуі де өте
көңілді, менмендігі жоқ, мінезі жақсы, жайдары адамдар екен.
— Олай болса, өзге əйелдер де ұнаған екен ғой?
Мартин басын шайқады.
— Əнебір қоғам қайраткері əлеумет мəселелері туралы елден естігенін
айтып, тоты құстай сайраған езбе екен. Оллаһи, егер сол кісінің миын ашып


қарасақ, ішінен өзіндік ешбір идея таппас едік. Ал суретшіңіз кісіні тез
зеріктіретін көңілсіз адам, Хэпгудке таптырмайтын қосақ. Пай-пай,
музыкантша-ай! Шапшаңдығы, орындау өнері, қағу мəнері керемет, бірақ
соныңыздың музыкадан хабары жоқ.
— Неге, тамаша ойнайды ғой.
— Иə, өте шебер ойнайтын сияқты, бірақ музыканың қасиетін
түсінбейді, мұрнына иісі де бармайды. Мен музыканың ішкі мəні туралы не
білесіз дегенімде,— бұл мəселеге үнемі үңіле қарайтыным өзіңізге мəлім,
— ол маған музыканы жаным сүйеді, музыка — көркем өнердің көкесі,
музыканы өзімнің өмірімнен де артық санаймын дегеннен өзге ештеме айта
алмады.
— Сіз жұрттың бəрін кəсіби əңгімеге қарай қақпайлай бердіңіз.
— Ол шын. Ойлап қараңызшы, егер əркім өз мамандығы туралы
мардымды ештеме айта алмаса, жалпы тақырып жөнінде ол не айтып
жарытпақ? Мен бұрын мəдениеттің ен ортасында жүрген мұндағы абзал
адамдар...— Осы жерде Мартин басына стетсон қалпағын, үстіне қаусырма
курткасын киген əлгі бір жігіт ырғаң-ырғаң басып, бөлмеге кіріп келгенін
көріп, сəл кідіріп қалды.— Иə, мен бұрын мұндағыларды ақылы мен білімі
шалқыған кісілер ғой деп ойлаушы едім. Бүгін аз ғана араласқаннан кейін
көпшілігінің надан екенін, қалғанының тоқсан проценті кісіні безіндіріп
жіберетін көңілсіз жандар екенін көрдім. Профессор Колдуэллдің жөні
басқа. Ол — адамгершілігі өте мол кісі.
Руфь гүл-гүл жайнады.
— Профессор туралы пікіріңізді толығырақ айтыңызшы маған, – деді
Руфь, – жақсы жағын емес, оны өзім де білем, сізге қай жағы ұнамады —
соны айтыңызшы.
— Ши шығарып алаламын ба деп қорқамын, əуелі өзіңіз айтыңызшы.
Əлде жаманын жасырып, жақсысын асырып кетем бе деп сескенесіз бе?
— Мен ол кісінің екі курс лекциясын тыңдадым, өзін екі жылдан бері
білемін, сондықтан əуелі сіздің алған əсеріңізді білгім келіп отыр.
— Əсіресе, кемшілігін айтыңқыраңыз дейсіз ғой? Жарайды, тыңдаңыз


олай болса! Меніңше, ол сіздің таңырқауыңызға да, қадір тұтуыңызға да
тұрарлық адам. Бұрын-соңды кездестіріп жүрген кісілерімнің ішінде онан
ақылды, онан жетік адам көргенім жоқ. Бірақ ожданында бір кəдік бар. О,
жаманатқа жори көрмеңіз!—деді Мартин.— Менің айтпағым: бір кезде ол
кісі дүние ғаламатының терең сырын көзі шалып қалып, шошып кеткенге
ұсайды. Енді түк көргенім жоқ деп өзін-өзі сендірмек. Ойымдағы пікірімді
сізге түсіндіре алмадым-ау деймін. Басқаша баяндап көрейін. Бір адам
сыңсыған орман ішіндегі храмға апаратын жалғыз аяқ жолға тап болған
екен, бірақ сол жолға түспеген екен делік. Мүмкін храмның өзін де көріп
қалған болар. Ол көргенін елеске жорыды да өзін-өзі алдап кете барды.
Немесе. Бір адамның айтарлықтай ерлік іс жасауға мүмкіншілігі бар еді,
кезінде сол ерлік іс жасаудан бой тартты, қажет деп таппады. Артынан
қатты өкінді. Егер ерлік істі жасай қалса, құрмет-қошеметке жететінін
білді. Ал соның өзін іштей əлденеге құбыжық көрді. Бірақ жүрегінің терең
түкпірінде: əттеген-ай, сонан неге қаштым, адамдық қарызымды неге
өтемедім деген өкініш кетті.
— Мен ол кісіні ондай адам деп ойламаймын,— деді Руфь. – шынымды
айтсам, не айтқыңыз келіп отырғанын жете түсінгенім жоқ.
— Өзім де əлі ұғынып болғаным жоқ,— деді Мартин кінəсін
мойындаған адамша,— ешбір логикаға сыйдыра алмай отырмын. Бұл ой
емес, сезім ғой деймін. Сезім деген алдамшы келеді. Бəлки, сіз профессор
Колдуэллді менен артық білетін шығарсыз, тегі, сіздікі жөн болар.
Морздардың үйінде өткізген осы кештен кейін Мартинге бір-біріне
қайшы, ғажап ойлар келді, əлденеден көңілі қайтып, үміті ақталмаған
адамдайын ол дəрежесіне жетсем бе дейтін кісілерден түңіле бастағандай
еді. Əрі өзіне-өзі риза. Өйткені, бұрын жүрексіне беретін биікке көтерілу
енді қиын емес сияқты көрінді оған. Мартин қиын да болса биікке көтеріле
алыпты (мұны ынжық, жасық, кішіпейілдікке бағып, өзінен жасырған жоқ).
Əлбетте, профессор Колдуэллді қоспағанда, осының дəрежесіне жетсем-ау
дейтін өзге кісілерден өзі жоғары тұрған сияқты. Өмірді де, кітапты да
солардың бəрінен жақсы білетін болып шықты. Япыр-ау осылардың
университеттен алған білімі қайда кеткен деп таң қалды. Ол өзінің ерекше
ақылды адам екенін жəне нағыз терең ойлы данышпандарды Морздардың
қонақ үйінен іздемеуі керек екенін əлі ұқпай жүр. Нағыз дана ойшылдар
күнделікті күйкі тұрмыстың əбігерінен аулақ, сонау көгілдір аспанның
күмбезінде қырандай қалықтап жүретінін қайдан білсін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет