Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет28/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   48
Байланысты:
pdf Martin Iden Dzhek London

Жиырма сегізінші тарау
Бақыт құсы Мартин Иденнен тағы көз жазып қалғанға ұсайды. Соңғы
кездері есігін ешкім қаққан жоқ. Жиырма бес күн ұдайымен, жексенбі,
мейрам күндері де, табан аудармай ол «Күн масқара болды» атты отыз мың
шамалас сөзден тұратын үлкен мақала жазған. Бұл Метерлинк мектебінің
мистицизміне қарсы көп ойланып барып жазған дүниесі. Ол əлдебір
кереметтің күшімен игілік орнағай деп іштен тынып жүрген құрғақ
қиялшылдарға қарсы бағытталған, позитивті білімінің бекінісінен атылған
оқ-тын. Мақаланың өз рухы да кереметтен құр емес, фактыға қайшы жері
жоқ. Осы үлкен мақаласына Мартин көп ұзамай «Керемет абыздары» жəне
«Меніміздің өлшемі» деген кішігірім екі мақаласын қосты. Сонымен үш
мақала да Мартиннің ақшасына редакцияларды аралап, сапар шегуге
кеткен.
«Күн масқара болдыға» сарып қылған жиырма бес күн ішінде Мартин
«табыс үшін» жазған шығармаларын алты жарым долларға сатқан еді.
Біреуіне елу цент, күлдіргі-сықақ апталығына жіберген тағы біреуіне
бүтіндей бір доллар алған. Оның үстіне тағы екі сықақ өлеңін сатты,
біреуін екі долларға, екіншісін үш долларға. Құтаймаған дүние көпке
барсын ба,— ақыры бір күні тағы да несиеге азық ала алмай қалған Мартин
(бақалшы бес долларға дейін шыдаған) велосипеді мен костюмін зақылетке
берді. Бір жағынан жазу машинасының иесі де: келісім бойынша
машинкамды жалдағаныңыз үшін ақысын бір ай бұрын төлеп тұруға тиіс
едіңіз, уақыт өтіп барады деп, мазасын ала бастаған.
Ұсақ-түйегін өткізіп дəніккен Мартин тағы да «қара кəсіппен»
айналыспақ болды. Мүмкін осымен де күнелтуге болатын шығар деп
ойлады. Стол астында əдеби агенттіктер алмай қойған жиырма шақты
шағын əңгімесі жататын. Газет əңгімелерін қалай жазу керек екенін
анықтау үшін жəне өзіне белгілі бір үлгі жасап алу ниетімен Мартин сол
əңгімелерін қайтадан мұқият қарап шықты. Байқаса, газет əңгімесіне
қайғылы хал болмасқа керек екен, ақыры жақсы болғаны жөн екен жəне
сұлу сөз, соны пікір, нəзік сезім дегендердің қажеті жоқ екен. Бірақ сезім
жалпы сөзсіз болуы шарт секілді жəне неғұрлым молырақ болса,


солғұрлым тəуір көрінеді. Қандай сезім? Бір кезде өзі галеркада отырып,
қол шапалақтайтын, «кедей болсақ та, адалмыз» деген тақырыпқа
жазылған əсіре отаншыл мелодрамалар мен пьесаларда кездесе беретін ізгі
сезім ғана күшті болуы керек екен.
Осы бір жағдайды анықтап алғаннан кейін Мартин өзі пішкен үлгі
бойынша əңгіме жазуға кірісті. Үлгі үш мүшеден тұрады: 1) екі ғашық
ажырасып кетеді; 2) белгілі бір себеппен екеуі қайта қосылады; 3) ойын-
думан, той-томалақ. Үшіншісі тұрақты мүше, ал бірінші, екінші
мүшелерінің өзгеріп тұруы мүмкін. Мысалы, екі ғашықтың арасы
бұзылуына ойда-жоқта киліге кеткен қырсықтың, алуан қилы оқиғаның,
қызғаншақ көре алмаушының, қатыгез ата-ананың, зымиян қамқоршы —
опекуннің, тағысын-тағы, тағы сондайлардың себепкер болуы ықтимал; ал
қосылуына ғашық болған жігіттің не қыздың тамаша ерлік ісі, жаңағы
қамқоршының, ата-анасың немесе көре алмаушының амалсыз немесе өз
ықтиярымен көнуі, ойламаған жерде бір жасырын сұмдықтың əшкереленіп
қалуы, ғашықтың құрбандыққа баруы сияқты шексіз көп жайлардың себеп
болуы мүмкін. Міне, осы тақырыпты ойластырғанда Мартин, əсіресе,
ибалы қызға бірінші қадам жасатуды өте-мөте əсірелеген, мұнан өзге де
толып жатқан қызық оқиғалар мен трюктерді ойлап тапқан. Тек бір
жағдайға құзыры жүрмейді. Əрбір əңгіме, аспан айналып жерге түссе де,
сауық-сайранмен аяқталуы шарт. Мөлшері де мəлім: көп болса мың жарым,
аз дегенде — мың екі жүз сөз.
Бұл тəрізді əңгіме жазу өнеріне жетілу үшін Мартин əуелі бес-алты үлгі
пішіп алып, жазуын сол үлгісіне салыстырды. Мұнысы математиканың
кестесі сықылды, оны жоғарыдан төмен, төменнен жоғары, оңнан солға,
солдан оңға қарай оқи беруге болады жəне қалай оқысаң да, қай мезгілде
болса да үнемі дұрыс жауабы табыла кетеді. Осындай тамаша үлгі
бойынша Мартин жарты сағат ішінде он шақты сюжет құрып тастайды да
қолы босағанда оны өңдей қояды. Бұл кəсіппен əдетте күндізгі ауыр
жұмыстан кейін ұйықтар алдында айналысады. Кейін Руфьке ол мұндай
əңгімені ұйықтап жатып та жаза алар едім, ең əуелі үлгісін жасап алуым
керек, сонан кейінгінің бəрі ойланбайтын оңай дүние деген.
Мартин бұл формуласының өтімді екенін жақсы түсініп, алғашқы екі
əңгімесінен ақша күтті. Шынында да, он шақты күннен кейін əрқайсысы
төрт долларлық екі чек келді.


Осы тұста журналдардың да мысы шыға бастаған. «Трансконтиненталь
айлығы» «Қоңырау күмбірін» басқан екен, бірақ чек жібермей қойды.
Ақшаға өте зəру болып отырған Мартин редакцияға хат та жазды. Олардан
чек орнына сырғақсыған салқын жауап келді. Ол ол ма, ол-пұлыңызды бізге
жібере беріңіз деп жылмаңдапты. Екі күндей дым сызбаған Мартин
велосипедін зақылетке тағы берді. Жетісіне екі рет «Айлыққа» хат жазып,
алашақ бес долларын есіне сала берген еді, жауап келмеді. Тегі, алғашқы
алған жауабы қаңғалақтап əлдеқалай келіп қалған қағаз болу керек. Ал
«Айлықтың» өзі соңғы жылдары қалт-құлт етіп қана күн көріп жүргенін,
оны жаздырып алушы да, сатып алушы да жоқ екенін, тек жұрттың жəрдем
болсын деп аяп берген құлақтандыруын басып, соның ақшасына жан
сақтап жүргенін Мартин қайдан білсін. Баспашы мен редактордың бір ғана
табысы осы «Айлық», табыс дегенде де оның өзі авторлардың қалам
ақысын амалдап жырып қалу еді. Оны Мартин білген жоқ. Мартиннің бес
долларына баспашы Аламедедегі үйін қайта сырлатып алған. Кісі жалдауға
ақшасы жетпей өзі сырлаған, ал алғашқы жалдаған штрейкбрехері
əлдебіреу əдейі қағып кетіп, баспалдақтан құлап, аяғы сынып, ауруханаға
түскен — осының бəрін ол қайдан білсін?
Мартин Чикаго газетінен «Қазына іздеушілер» очеркіне тиесілі он
долларын да ала алған жоқ. Басылып шығуы анық еді, қалалық оқу үйіндегі
тігулі тұрған газеттен барып көрген. Бірақ өзіне жауап келмеді, жазған
хаттарына ешкім үн қатпады. Хатының баспашы қолына тиген-тимегенін
анықтау үшін заказной қылып та жазған. Ақыры бұл талан-тараж, тал түсте
кісі тонаушылық деп түйді ол, өзімнің арып-ашып жүргенім мынау, бір үзім
нан бола ма деген қолымдағы бар пұлымды жұрттың тонап жатқаны анау.
«Жастық һəм балиғат» атты апталық жиырма бір мың сөздік повесінің
үштен екісін басып, қалғанын жарияламай қойды. Сонымен, он алты
доллар алам деген үміті тағы зая кетті.
Бұл аздай өзінің жақсы деп жүрген əңгімесі «Құмыра» да қайырсыз
дүние болған. Көп журналды қолай көрмей, оны Сан-Францискоға,
«Толқын» журналына жіберген еді. Ондағысы, бұл редакция қол созым
жерде, шығанақтың арғы бетінде ғана деген ой болатын. Екі аптадан кейін
əңгімесі журналдың көрнекті жеріне басылғанын көріп қуанды, тіпті,
əшекейлеп, əр жеріне сурет беріпті. Жүрегі алып-ұшып, үйіне келе сала:
енді ең жақсы əңгімеме қанша төлер екен, деп өзінше түрлі саққа жүгіртіп,
болжал жасады. Əңгімені, əсіресе, тез қабылдап, қапыл жариялағанына


қуанды. Қолжазбаның қабылданғанын баспашының күні бұрын айтпағаны
рас. Оқасы жоқ. Ойда-жоқта осылай бір қуанған қандай жақсы! Бір жеті,
екі жеті, тағы бірнеше күн күткеннен кейін Мартин редакторға ұяла-ұяла
тағы бір хат жолдады, өзінің мардымсыз счеты, əлбетте, іс басқарушының
ұқыпсыздығынан бір жерде ұмыт қалды-ау деген күдігін сездірді.
Тым құрса бес доллар төлесе еді, сол ақшаға бұршақ-мұршақ сатып
алып, тағы осындай он шақты əңгіме жазып тастар едім, деп ойлады
Мартин.
Бір күні жауап келді, оның əдемі жазылған арсыз сөзіне Мартин тіпті
түшіркеніп қалды.
«Көркем əңгімеңізге көп рахмет,— депті олар.— Редакциядағы мына
біздер оны түгелімізбен қатты сүйсініп оқып шығып, мінеки, көріп
отырсыз, құрметті жерімізге басып шығардық. Біз берген суреттер сізге де
ұнаған шығар.
Хатыңызға қарағанда қаламақы дəмететін көрінесіз, ниетіңіз дұрыс-ақ,
бірақ сол қалай болар екен, біз əдейі заказ бермеген шығармаға қаламақы
төлемеуші едік, ал сіздің бұл əңгімеңізге заказ бергеніміз жоқ еді ғой. Оны
баспаға қабылдағанда бұл шарт өзіңізге мағлұм болар деп ойлап қалыппыз.
Ал енді осындай қолайсыз жағдай туғанына қатты қынжыламыз. Тағы да
бек көп рахмет сізге, ол-пұлыңызды ұмытпай жіберіп тұрғайсыз. Үшпу хат
жазушы»... т. т.
Хат соңында: «дағдыда «Толқынды» ешкімге тегін бермеуші едік, лəкин
редакция журналымыздың алдағы жылғы сандарына Мартин Иденді
алдырушы ретінде атап отыр. Ал біз үшін есіміңіз үлкен дəреже ғой»,—
депті.
Осынау ренішті оқиғадан кейін Мартин əрбір қолжазбаның бірінші
бетіне: «Өзіңіз тағайындаған дағдылы мөлшерге сай қаламақы төлеңіз» деп
жазып жіберетін болды.
«Күндердің күнінде олар менің өзім тағайындаған дағдылы мөлшерім
бойынша төлейді!»—деп көңілін жұбатқан болды.
Бұл кезде Мартин бұрын жазған шығармаларын түзеуге мықтап
кіріскен. Ол «Көңілді көше», «Өмір шарабы», «Қуаныш», «Теңіз


толғаулары» сияқты ертеректе пайда болған туындыларын үсті-үстіне
түзеп, тіпті, қайта жазумен болды. Күніне бұрынғыша он тоғыз сағат
жұмыс істесе де уақыт жетпейді. Əрі көп жылдан бері қанына сіңген
темекінің құмарын басу үшін де шылым шегу орнына тынымсыз жазумен,
оқумен шұғылданбақ керек. Руфь жіберген дəріні столының бір түпкіріне
тыға салған. Əсіресе, аш уақытында темекінің азабы қатты қинайды екен;
қаншама тырысқанымен бəлекеттің құмары тартпай тарқамайды екен. Бұл
шыдамдылығын өзі асқан ерлігім деп санаса, Руфь дұрыс жасап жүр деп
қана бағалады. Дəріні қыз түйреуішке деген ақшасына ала салған еді, көп
ұзамай оны ұмытып та кетті.
Мартин жобамен жазған əңгімелерін өзі жек көретін, күлетін-ді. Бірақ
бір ғажабы осылар өтімді болып шықты. Соның арқасында ғана
борышының бəрінен құтылып, тіпті, велосипедіне жаңа шин сатып алды.
Ішіп-жемін ақтап, байсалды жұмыспен айналысуына жағдай туғызып
отырған да осы əңгімелері. Бір жағынан, «Ақ тышқаннан» алған қырық
доллары көңіліне зор демеу. Кім білген, өзге үлкен журналдар да өзі секілді
белгісіз авторға осыншалық, тіпті, онан да көп қаламақы төлейтін шығар
деп үміттенеді. Əттең, сол үлкен журналдардың назары өзіне бір түспей-ақ
келеді. Əлі күнге ең тəуір деген əңгімесі мен өлеңінің бірде-бірін құптап
көрген емес, сөйте тұра номер сайын қайдағы бір дəмсіз, сүреңсіз
нəрселерді тоғытып баса беретінін қайтерсіз.
«Осынау мəртебелі баспашылардың біреуі,— деп ойлайды кейде
Мартин,— талабың жақсы екен деген бір ауыз сөз жазбайды екен! Əлде
менің жазғандарым елден ерек пе, болмаса түрлі себеппен оларға ұнамай
жүр ме. Япырау, соның ішінде ең болмаса жауап қайтаруға татитын
ештеменің болмағаны ма!»
Олай толғанып, бұлай толғанып, ақыры Мартин: осы баспашылардың
тіл қатпау себебін білейінші деп «Оқиғаны» немесе сол сияқты басқа
əңгімені алып, қайта-қайта үңіліп оқиды.
Калифорнияның жадыраған жылы көктемі келісімен Мартиннің рахат
күндері де өте бастағандай. Əлденеше апта бойы əдебиет агенттігінің үн
қатпауы тыншуын алып жүргенде, бір күні үлгі бойынша жазған он
əңгімесі қайтып келді. Агенттік жолдама хатында материалға шаш-
етегімізден батып отырмыз, бірнеше ай бойы ешбір қолжазба қабылдай
алмаймыз депті. Ал осы он əңгімесіне үміт артқан Мартин соңғы кездері


ақшасын тіпті ысырап жұмсаған еді. Агенттік бұрын əрбір əңгімесіне бес
доллардан төлеп келген ғой жəне бірде-бірін өзіне қайтарып көрмеген еді;
сондықтан ол елу доллары өзінің шотында жатқандай көретін. Сонымен,
ауыртпалық басына бір күнде орнады да қалды. Ол тағы да ескі əңгімелерін
басуын басса да, ақша төлемейтін ұсақ баспаларға, жаңаларын əрі
баспайтын, əрі ақша төлемейтін үлкен журналдарға жанталасып жіберіп
жатты. Зақылет дүкеніне баруын тағы жиілете бастады. Нью-Йорктің
апталықтары қабылдаған бірнеше əзіл-өлеңін біраз күн талшық етті. Осы
тұста ол тəуекелге бел байлап, ірі-ірі деген журналдарға шығармаларымды
неге баспайсыздар деп хат жазған. Олар жауабында: өз бетімен келіп түскен
қолжазбаны қарамаймыз да, ал жарияланып жүрген материалдың
көпшілігін атағы мен тəжірибесі бар авторлар журналдың заказы бойынша
ғана жазады депті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет