Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайын



Pdf көрінісі
бет1/11
Дата06.03.2017
өлшемі13,88 Mb.
#8010
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ТУҒАН ТІЛ / №1 (14), 2011

МАЗМҰНЫ

Дүниежүзі  қазақтарының  ІV  құрылтайын 
өткізу  туралы  Үкімет  қаулысы  шыққан  соң, 
«Туған  тіл»  альманағы  шеттегі  ағайынға 
арналған  басылым  болғандықтан,  бұл  ша-
радан  тыс  қалуы  мүмкін  емес.  Осыған  орай 
альманахтың  Құрылтайға  арналған    арнайы 
санын шығаруды жоспарладық. Әрине әр түрлі 
ұсыныстар  мен  тілектер  айтылып  та,  жазы-
лып  та  жатыр.  Бірақ  соңғы  кезде  бұқаралық 
ақпарат  құралдары  беттерінен  оралмандар 
мәселесі түспейтін болды. Біреуі сынап жазса, 
біреуі жаны ашып жазады, әртүрлі пікір. Әрине 
ешкімнің аузына қақпақ бола алмайтынымыз 
тағы да белгілі. Әрине «бес саусақ бірдей емес», 
десекте осы 20 жыл ішінде 1 милилонға жуық 
қазақ атажұртқа көшіп келді. Олар бүгінгі күнде 
әр  салада  қызмет  атқарып  жүр.  Мысалға  тек 
Иран қазақтарын ғана алайық, олар 1995 жылдан 
бастап Қазақстанға көшіп келе бастады. Осы 16 
жыл ішінде олар өздерін оралманбыз, шеттен 
келдік деп алақан жаймай, елмен бірге еңбек 
етіп,  жастарын  Қазақстандағы  жоғарғы  оқу 
орындарында оқытуда. Сөзіміз құрғақ болмау 
үшін, олар тек саудамен айналысады, білімді 
азаматтары жоқ дегенге мысал келтіре кетейін, 
Талғат МАМАШЕВ,
"Туған тіл" альманағының 
Бас редакторы
3
Иранның астанасы Теһран қаласында «Тәржіма 
жоғары оқу» орнын ағылшын тілі мен әдебиеті 
бойынша оқып аудармашы қызметін атқарған 
Нияз Тобыш қазіргі уақытта Маңғыстаудағы Ш. 
Есенов  атындағы  мемлекеттік  университетте 
ұстаздық қызметте. Ал Алматыда тұратын сол 
елден келген бауырымыз Ақәли Нұрғожаұлының 
төрт баласы да мемлекеттік грантпен оқуға түсті. 
Оқуларын бітірген соң екі баласы қазіргі уақытта 
Президенттің  «Болашақ»  бағдарламасымен 
Америкада білімін жалғастыруда. Ал, сол Иран-
нан келген Шығыстанушы ғалым, филология 
ғылымдарының  докторы,  профессор  Ислам 
Жеменейді  білмейтін  қазақ  жоқ  бұл  күнде. 
Қытайдан,  Моңғолиядан,  Өзбекстаннан  кел-
ген ағайындар арасынан мұндай мысалдарды 
көптеп айтуға болады.   
Мен  мұны  неге  жазып  отырмын,  алыстан 
келсе де елге сіңісіп, қазақпын деп көшіп келген 
ағайынға  неге  теріс  бұрылуымыз  керек.  Бұл 
көшке тек тәуелсіздігіміздің арқасында қолымыз 
жетіп отыр.
Осыған орай Дүниежүзі қазақтарының 
ІV  құрылтайына  арналған  санымызға  ше-
телде  тұрып  жатқан,  өз  елінде  қадірі  мен 
өнері  асқан  жігіттеріміз  бен  қыздарымыздың 
өмірлері  мен  қызметтері  туралы  «Қазақтың 
нарқасқа жігіттері» және «Қазақтың қыздарына 
қайран қалам» деген айдармен арнайы топта-
ма  мақалалар  дайындадық.  Өйткені,  шетелде 
тұратын  5  миллионға  жуық  қандастарымыз 
қанша жыл шетелде, жырақта жүрсе де тілін, 
дінін, ар-намысын сақтап, қазақ деген атқа кір 
келтірмей келе жатыр. Бұған барша қазақ қуануы 
және қолдауы керек. Әрине, біз альманахтың 
бір санында шетелдегі барлық қазақты қамти 
алмаймыз, бірақ та, қолымыздан келгенше өз 
қандастарымыздың  жетістіктерін  көрсетуге 
тырыстық. 
Ана  тіліміз,  салт-дәстүріміз,  тарихымыз 
біздің басты назарымыздағы тақырыптар. Со-
нымен қатар Еуропадағы қазақтар үшін латын, 
Қытайдағы  қандастарымызға  төте  жазумен, 
Ресейлік қазақтар үшін өздеріне түсінікті орыс 
тілінде берілген мақалаларымыз да бар. 
Ағайын,  қолдарыңызға  тиіп  отырған 
«Туған тіл» альманағы арқылы Сіздерді барша 
қазақтың мерекесі Дүниежүзі қазақтарының ІV 
құрылтайымен құттықтай отырып, еліміз аман, 
жұртымыз тыныш болсын демекпіз.  

4
АНА ТІЛІМ - АЙБАРЫМ
Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымдарының 
докторы, профессор
 А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының директоры
Ел тәуЕлсіздігі 
жәнЕ тіл тәуЕлсіздігі 
Биыл еліміздің тәуелсіздігін жариялағанына 20 жыл 
толғалы отыр. Ел тәуелсіз болмай, тіл қалай тәуелсіз бол-
сын?! Егемен ел болып, тәуелсіздігімізді жариялауымыздың 
арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленіп, 
оның осы биік мәртебесі Ата заңымыздан көрініс тап-
ты. Тәуелсіз елдің іргетасын нығайтып, оның терезесін 
өзгелермен тең ету бүкіл ел азаматтары тарапынан қандай 
қажыр-қайратты  қажет  етсе,  мемлекеттік  тілдің  қоғам 
өмірінің  барлық  саласындағы  қызметін  қамтамасыз 
ету  де  сондай  күш-жігерді,  табанды  да  жүйелі  түрде 
жүргізілген жұмыстарды талап ететінін өткен жиырма 
жыл уақыт анық көрсетіп отыр. Тәуелсіздіктің жиырма 
жылы ел өміріндегі елеулі белес. Қазақ тіліне заң жүзінде 
мемлекеттік тіл мәртебесі берілгенімен, осы жиырма жыл 
ішінде  оны  шын  мәніндегі  мемлекеттік  тіл  деңгейіне 
көтере алдық па? Бұл бағыттағы атқарған істеріміздің 
нәтижесі қандай? Не бітірдік, неге қол жеткізе алмадық? 
деген сұрақтар жауабын күтіп тұр. Осы сұрақтарға жау-
ап бере отырып, біз алда атқарылуға тиісті істерімізді 
қай бағытта жүргізуіміз, қай мәселеге баса назар ауда-
ру керектігін де анықтау мүмкіндігіне ие бола аламыз. 
Әрине,  бұл  сұрақтардың  жауабы  нақты  мәліметтерге 
негізделген,  елдегі  тілдік  жағдаятты  кешенді  түрде 
талдаған  әлеуметтік-лингвистикалық  зерттеу  негізінде 
ғана берілмек. Ондай кешенді зерттеу нәтижелері болмай 
отырғандықтан, біз өз мақаламызда қолда бар мәліметтер 
негізінде ғана пайымдау жасамақпыз. 
Мемлекеттік  тілдің  негізін  берік  қалау  балабақша 
мен  мектептен  басталады.  Балабақша  мен  мектепте 
қазақ  тілін  жақсы  оқытып,  еркін  меңгертіп  шықпай, 
мемлекеттік тілдің әлеуметтік-лингвистикалық іргетасын 
нығайту  мүмкін  болмайды.  Бұл  бағыттағы  атқарылып 
жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай десек, төмендегі 
мәліметтерге назар аударуға тура келеді. Қазір Республи-
камызда барлығы 2261 балабақша болса, соның – 1178-і 
қазақ тілінде тәрбие мен білім береді екен. 2001 жылмен 
салыстырғанда қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар 

5
АНА ТІЛІМ - АЙБАРЫМ
саны  876-ға  артқан.  Елімізде  2001  жылы  – 
302, 2002 жылы – 315, 2003 жылы – 323, 2004 
жылы – 335, 2005 жылы – 395, 2006 жылы 
– 420, 2007 жылы – 487, 2008 жылы – 703, 
2009 жылы – 831, 2010 жылы – 1178 қазақ 
балабақшасы жұмыс істей бастаған. Соңғы он 
жыл көлемінде қазақ балабақшалары санының 
өсу үрдісі анық байқалады. Әсіресе, кейінгі 
бес  жыл  көлемінде  қазақ  тілінде  тәрбие 
беретін балабақшалар саны біршама қарқынды 
түрде арта бастаған. Енді осы үрдісті үздіксіз 
жалғастыра беру өте маңызды. Егер алдағы 
әр  жылда  осы  қарқын  бәсеңдемей,  қазақ 
тілінде тәрбие беретін мектеп жасына дейінгі 
балалар  мекемелері  соңғы  үш  жылдағыдай 
жылдан-жылға  өсіп  отыратын  болса,  онда 
алдағы  он  жылда  олардың  саны  4  мыңның 
ар жақ бер жағында болады екен. Бұл қазақ 
балабақшаларының  саны  шамамен  қазіргі 
елдегі барлық балабақшалардың санынан екі 
есе көп болады деген сөз. Жалпы бұл іс стихи-
ялы түрде жүргізілмей, Қазақстан Үкіметінің 
қатаң қадағалауында болып, еліміздегі мектеп 
жасына  дейінгі  балалар  санына  сәйкес  жо-
спарлы түрде жүзеге асуы тиісті мемлекеттік 
маңызы  зор  мәселе  деп  білеміз.  Қазақстан 
азаматтары балаларының қазақ тілінде тәрбие 
мен білім беретін балабақшаларға беруі – бұл 
мемлекеттік тіл саясатын жүргізудің бірінші 
әрі негізгі баспалдағы екендігін есімізден еш 
шығаруға болмайды. 
Біздің қолымызда 1990 жылдарға дейінгі 
және 1991-2001 жылдар аралығындағы елі-
міздегі  балабақшалар  саны  жөнінде  нақты 
мәлі меттер болмай отырғандықтан, ол кезеңмен 
салыстыру  мүмкіндігіне  ие  бола  алмадық. 
Ондай  нақты  мәліметтерді  ҚР  Білім  және 
ғылым  министрлігінің  тиісті  департаменті 
бере алса керек. Қазақ қыздар педагогикалық 
университетінің  ректоры  Ш.Беркімбаева 
2009 жылы «Білім жүйесіндегі мемлекеттік 
тілдің  рөлі»  деп  аталатын  баяндамасында 
еліміздегі  барлық  балабақшалардың  саны 
1991 жылмен салыстырғанда  6  есе  аз  деген 
мәлімет келтіреді. Осыдан бірер жыл бұрын 
М.Шаханов балабақша мәселесін көтергенде, 
бірқатар салыстырмалы деректер келтіргені 
есімізде.  Аталған  кезеңге  қатысты  кейбір 
мәліметтерді тіл жанашырының мәлімдемелері 
мен мақалаларынан да қарауға болады.
Мемлекеттік тіл мерейінің өсуі балбақшадан 
кейін орта білім беретін мектептерге тікелей 
байланысты.  Өз  елінің  мемлекеттік  тілін 
еркін меңгерген отаншыл азаматтар дәл осы 
орта мектепте тәрбиеленіп, қалыптасуға тиіс. 
Біздегі мектеп оқулықтарының мазмұны мен 
қазақ тілін оқытудың сапасы арнайы зерттеп, 
мұқият талдауды қажет ететін өте маңызды 
мәселенің  бірі.  Он  бір  жыл  Қазақстанның 
мектебінде оқып, қазақ тілі пәнінен емтихан 
тапсыратын бітірушілердің арасында қазақша 
өз  өмірбаянын  айта  алмай  жататындардың 
аз  кездеспейтіндігі  алаңдатарлық  жайт 
екендігі  айтпасқа  болмайды.  Әрине,  «сан 
болмай,  сапа  болмайды»  дейтін  қағидат 
тұрғысынан  келсек,  тәуелсіздік  кезеңінде 
қазақ  мектептері  санының  едәуір  артуын 
да  елеулі  жетістік  деп  таныған  абзал.  Тіл 
саясатын  жүргізуге  құзыретті  мемлекеттік 
мекемелердің мәліметтеріне сүйенсек, жалпы 
білім  беру  жүйесінде  республика  бойынша 
білім беретін 7516 мектептің ішіндегі қазіргі 
таңда қазақ тілінде білім беретін мектептер 
саны  –  3821  екен.  Олар  бұл  көрсеткіштің 
2001 жылмен салыстырғанда 173-ке артқанын 
айтады. Кеңестік кезеңде Алматы мен облыс 
орталықтарындағы,  көптеген  аудандардағы 
қазақ мектептерінің саны саусақпен санарлық 
еді. Онымен салыстырғанда қазіргі жағдайдың 
әлдеқайда жақсарғанын жоғарыдағы мектеп-
тер санынан-ақ аңғаруға болады. Бірақ алда 
әлі қазақша білім беретін мектеп санын да, 
соған сәйкес онда оқитын оқушылар санын да 
едәуір арттыру керек екендігі дау тудырмайды. 
Жалпы, қазақ баласы жаппай қазақ тілінде, 
қазақ  мектептерінде  оқитын  күнге  жетпей, 
қазақтың  болашағы  үшін,  қазақ  тілінің 
болашағы үшін бар мүмкіндігімізді пайдала-
нып отырмыз деп айтуға болмайды. Қазірдің 
өзінде қазақ мектептерінде оқып жатқан өзге 
ұлт өкілдерінің ұл-қыздары да бар. Олардың 
санының  да  ерікті  түрде  жылдан-жылға 
арта  беруі  –  біздің  елдігімізді  көрсететін, 
отандастарымыздың  өз  еліне,  мемлекет 
құраушы ұлтқа деген құрмет сезімі мен осы 
елдің болашағына деген сенімін айғақтайтын 
фактор. Өз мемлекетінде мемлекеттік тілінде 
сөйлеп, қызмет ету қай ұлттың өкілі екендігіне 
қарамастан  әр  азаматтың  міндеті  саналуы 
керек.  Ал  мұндай  тәрбие  мен  білімнің 

6
негізін қалайтын орта мектеп екендігі сөзсіз. 
Сондықтан  да  бұл  бағыттағы  атқарылатын 
шаруамыз  қыруар  екендігін  бағамдау  қиын 
болмас. 
 Арнаулы орта білім беру мен жоғары оқу 
орындарының да мемлекеттік тілдің дамуына, 
оның  қоғам  өмірінің  барлық  саласындағы 
қолданысының  қамтамасыз  етілуіне  қосар 
үлесі  өте  үлкен.  Тәуелсіздік  жылдарын-
да  Қазақстанда  көптеген  колледждер  мен 
жаңа университеттер, институттар ашылды. 
Олардың қазақ бөлімдерінде мыңдаған студент 
білім алып шықты, бүгін де білім алып жатыр. 
90-жылдарға дейін жоғары оқу орындарының 
көпшілігінде, әсіресе, техникалық, әскери оқу 
орындарының көпшілігінде қазақ бөлімдері 
болмайтын. Бұл жағдай 90-жылдардан кейін 
күрт өзгерді. Қазір жоғары оқу орындарының 
барлығында  дерлік  қазақ  бөлімдері  бар. 
Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Қазір елімізде 
түрлі  мамандықтар  бойынша  мыңдаған 
қазақтілді  мамандар  дайындалып  жатыр. 
Осындай мамандар көптеп дайындалған сай-
ын болашақтағы сан түрлі салалардағы қазақ 
тілінің қолданысын қамтамасыз етудің негізі 
де қалана береді деген сөз. 
Қазақ  тілінің  ғылым  саласындағы  қол-
данысының жай-күйі қандай деңгейде екен-
дігіне де ерекше мән бермей болмайды. Тәуел-
сіздігіміздің 20 жылында қазақ тілінің ғылым 
саласындағы  қолданысында  да  бірқатар 
ілгерілеушіліктер болғаны белгілі. Десек те, 
әлі шешімін таппаған мәселелер аз емес. Қазақ 
тілінің  ғылым  саласындағы  қолданысының 
жекелеген  қырларына  ғана  тоқталғанның 
өзінде бұл бағытта атқарылатын істердің өте 
ауқымды екендігін аңғаруға болады.
Ғылымның қазақша сөйлеуі бұл білім беру 
ісіндегі  қазақ  тілі  қызметінің  орнығуымен 
тығыз байланысты шешімін табатын мәселе. 
Жоғары білім алып, қазақ тілін жетік меңгерген 
мамандар ғылымды да қазақ тілін де игеріп, 
қазақша сөйлетіп, ұлттық ғылым тілін дамыта 
алады. Қазақша білім алмаған маманның қазақ 
тілінде ғылыми мақала, монография жазып, 
ғылыми конференциялар мен семинарларда 
баяндама жасап тілдің ғылым саласындағы 
өрісін кеңейте алмасы анық. 
Тілдің ғылым мен білім беру салаларындағы 
қолданысын қалыптастырудың аса маңызды 
мәселесі – оның ғылыми ақпарат алу құралына 
айналуы.  Ол  үшін  алдымен  қазақ  тілінде 
жинақталған мол ғылыми ақпарат болуы қажет. 
Ондай ғылыми ақпараттар түрлі ғылым сала-
лары бойынша монографиялар мен ғылыми 
мақалалар, ғылыми жинақтар, ғылыми жур-
налдар шығарылып, олар қазіргі заман талабы-
на сай жабдықталған ғылыми кітапханаларда 
шоғырландырылса,  қазақ  тіліндегі  ғылыми 
ақпараттар қоры жасалады. Осы қорды бүгінгі 
технологиялар, интернет желісі, электронды 
жеткізгіштер арқылы пайдалануға мүмкіндік 
туғызу  арқылы  біз  қазақ  тіліндегі  отандық 
ғылыми  кеңістікті  қалыптастырып,  оның 
көкжиегінің  кеңеюіне  де  жол  аша  аламыз. 
Өкінішке  қарай,  гуманитарлық  ғылымдар 
саласы бойынша болмаса, нақты ғылымдар 
мен жаратылыстану ғылымдарының бірқатар 
салалары бойынша ғылыми монографиялар, 
салалық  ғылыми  және  ғылыми-танымдық 
журналдар жағы бізде әлі кемшін. 
Екінші  бір  мәселе  қазақ  тілінің  ғылыми 
коммуникация  құралы  ретінде  қызмет  етуі. 
Қазақ  тілі  ғалымдардың  ғылыми  қарым-
қатынас жасайтын, ғылыми ақпарат алмаса-
тын тіліне, кәсіби тілдесім құралына айналуы 
үшін жоғарыда айтқан ғылыми ақпарат қоры 
болуымен  қатар,  сол  ақпараттарды  бірі-
біріне жеткізе алуға қабілетті, ғылым тілін, 
оның  терминдер  қорын  меңгерген  ғылыми 
қауымның  өзі  қалыптасуы  шарт.  Ғылыми 
коммуникацияның жүзеге асуына қызмет ет-
кен тіл қоғамның ғылыми санасын көтеретін, 
тіл иесі болып табылатын халықтың және сол 
тілді тұтынушылардың да интеллектуалдық 
деңгейін көтеретін, қуатты қатынас құралына 
да  айналады.  Қоғамдық  сананы  көтеруде, 
ұлттың  бәсекеге  қабілеттілігін  арттыруда 
ғылыми сананың атқаратын рөлі айрықша. 
SCIENCE  (Ғылым)  арнасы  сияқты  теле-
арна  ашу  біраз  дайындықты  қажет  ететін 
болашақтың ісі болар, ал, қазақ тіліндегі сапа-
лы, мазмұнды арнаулы бағдарламалар ашуға 
қазірдің  өзінде-ақ  қажеттілік  те,  мүмкіндік 
те бар. Соған қарамастан, қажеттілікті өтеуге 
бағытталған нақты істер көңіл көншітерліктей 
емес. 
Біздің  бүгінгі  ғылыми  қауым  арасы-
нан  «қазақ  тілі  ғылымды  игеруге  қауқары 
жетпейтін, күрделі ғылыми ұғымдарды бере 
АНА ТІЛІМ - АЙБАРЫМ

7
алмайтын,  ғылыми  терминдерді  жасауға 
бейімі  жоқ  тіл»  дейтін  кейбір  ғалымдар 
ұшырасып қалады. Енді біреулері пікірлерін 
ашық айтпағанмен, солай ойлайтынын сезіп 
тұрасың.  Осының  бәрі  тілдік  тұлғаның  са-
насында  өзге  тілдің  моделі  орныққанын 
көрсетеді.  Ғылыми  шығармашылығында 
қазақ тілін пайдаланбағандықтан ол туралы 
жаңсақ, үстірт немесе тіпті оған үстемдікпен, 
жат  мәдениет  өкілінің  көзімен  қарайтын 
ғалымның  ұлттық  ғылым  тілінің  дамуы-
на  үлес  қоса  қоюы  қиын.  Ал  қазақ  тілінде 
күрделі ғылыми ұғымдардың атауын жасау 
қиын  немесе  ол  ондай  ұғым  бұрын  бізде 
болмағандықтан, олардың атауларын да өзге 
тілдерден алған орынды деген пікірдің негізі 
жоқ. Бұл мәселенің мәнісін түсінбей, тілдің 
міндетін білмей айтылған үстірт пікір. 
  Қазақ  тілін  жетік  білетін  ғылыми  кад-
рларды даярлау аса маңызды мәселе.
 
Соңғы 
15 жылдай мерзім ішінде қазақша қорғалған 
кандидаттық, докторлық диссертациялардың 
саны біршама өскен. Ғылыми кадр дайындау-
да ілгерілеушілік бар. Мәселен, 1997 жылы 
қорғалған барлық диссертацияның 4 пайызын 
қазақша  жазылған  диссертациялар  құраса, 
2001  жылы  –  15,  2007  жылы  –  24  %,  2008 
жылы – 25 %-ды, ал, өткен 2009 жылы – 26,2 
пайызды құраған. Қазақ тілді ғылыми кадрлар-
ды даярлауда алға басушылық бар дегенмен, 
филология, педагогика, ветеринария сияқты 
жекелеген салаларда болмаса, жалпы алғанда 
тәуелсіздіктің  20  жылдығында  қазақша 
жазылған диссертациялар 50 пайызға да жете 
алмай отыр. Олардың ішінде гуманитарлық 
ғылымдар бойынша қорғалған диссертация-
лар басымдық танытып, 73 %-ды құрайды. 
Медицина және техника ғылымдары бойынша 
қазақ тіліндегі диссертациялар ең аз қорғалған. 
Олар 7, 8 пайыздан аспай отыр. Яғни, техника 
мен  медицина  салалары  қазақша  сөйлеуге, 
саланың кәсіби тілін дамытуға асықпай отыр 
деген сөз. 2006-2008 жылдары қазақ тілінде 
физика-математика  ғылымдары  бойынша 
бірде-бір диссертация қорғалмаған. Ғылымды 
қазақша  сөйлетеміз,  қазақтың  ғылым  тілін 
жетілдіреміз десек, ғылымның барлық сала-
сында қазақтілді ғылыми кадрларды даярлауға 
көңіл бөлу керек. Әсіресе, нақты ғылымдар мен 
жаратылыстану салаларындағы қазақ тілінің 
жағдайы мәз емес. Сондықтын алдағы уақытта 
бұл бағытта мақсатты, жоспарлы жұмыстар 
жүргізілуге тиіс.
Қазақ  тілінің  мемлекетті  басқару,  заң 
шығару,  сот  ісін  жүргізу  салаларындағы 
қолданысы  осы  тілге  мемлекеттік  мәртебе 
берген  елдің  бет-бейнесін  көрсетеді.  Бұл 
салаларда  да  біршама  жетістіктерге  қол 
жеткізгенімізбен,  әлі  де  шешімін  таппаған 
мәселелер жеткілікті. 
Өткен  жиырма  жылда  мемлекеттік  ор-
гандарда  іс  қағаздарын  мемлекеттік  тілге 
көшіру  жұмыстары  кезең-кезеңмен  іске 
асырылды. 2010 жылы барлық мемлекеттік 
органдар  іс  қағаздарын  мемлекеттік  тілде 
жүргізуге  көшті.  Құзырлы  органның  бер-
ген  ресми  мәліметтеріне  сүйенсек,  2006 
жылы мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлес 
салмағы 32,7%-ды құраса, 2007 жылы – 51,8%; 
2008  жылы  –  54,3  %;  2009  жылы  –  67,2%; 
2010  жылы  –  80%  болған.  Цифрларға  сен-
сек, жетістігіміз жаман емес. Ал іс жүзінде 
мемлекеттік органдардағы қазақ тілінің шы-
найы қолданысы дәл осы цифрларға сәйкес 
келіп тұрмағаны кез келген сауатты азаматқа 
белгілі болса керек. Лауазымды басшылардың, 
министрлер мен әкімдердің көпшілігі өз сала-
сын, өз облысын мемлекеттік тілде басқарып, 
депутаттар  мәжілістерін  мемлекеттік  тілде 
өткізіп, соттар мемлекеттік тілде іс жүргізіп 
жатыр десек, бүгінгі өмір шындығынан едәуір 
алшақтап  кеткен  болар  едік.  Тәуелсіздік 
тұсында атқарылған істерімізді айта отырып, 
алдағы уақытта бұл салаларда өз мемлекетіне 
мемлекеттік тілде қызмет ететін қызметшілер 
қауымын  қалыптастыру  міндеті  тұрғанын 
айту керек. 
Бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдениет 
саласындағы  тілдің  қолданысы  да  ерекше 
маңызды.  Тілдерді  дамытудың  мемлекеттік 
бағдарламаларын іске асыру барысында қазақ 
тілінде  жарық  көретін  бұқаралық  ақпарат 
құралдарының  саны  едәуір  артты.  2010 
жылдың көрсеткіші бойынша 2 685 мерзімді 
басылымның ішінде 66%-ы мемлекетік тілде 
және  жартылай  мемлекеттік  тілде  жарық 
көреді: 523 – қазақ тілінде, 916 – қазақ және 
орыс  тілдерінде,  340  –  қазақ,  орыс  және 
басқа  тілдерде.  Ал  орыс  тілінде  жарыққа 
шығатын  басылымдар  саны  –  906.  Соны-
АНА ТІЛІМ - АЙБАРЫМ

8
мен  қатар  электронды  бұқаралық  ақпарат 
құралдарында  хабарлардың  мемлекеттік 
тілдегі таралымдарының көлемі де заңнама 
шеңберінде реттеліп келеді. 
Мәдени кеңістіктегі қазақ тілінің қолданыс 
өрісінің кеңеюі де маңызды. Республикамызда 
барлығы 22 қазақ театры, 14 орыс, 1 корей, 1 
неміс, 1 өзбек және 1 ұйғыр театры жұмыс 
жасайды. 2001 жылмен салыстырғанда қазақ 
театрларының саны 10-ға артқан. 
Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне 
Қытай, Моңғолия, Өзбекстан сияқты елдерден 
оралған қандастарымыздың да қосқан үлесі 
бар. 2009-2011 жылдарға арналған этникалық 
қазақтардың  көші-қоны  мен  «Нұрлы  көш» 
бағдарламасына  қатысу  жағдайы  туралы 
жадынама  мәліметі  бойынша  Қазақстанға 
келген оралмандар саны –700 мыңнан астам 
адамды  құраған.  Астана  қаласы  бойынша 
2011  жылдың  1  қаңтарынан  бастап  қазіргі 
уақытқа  дейін  136  отбасы,  барлығы  –  364 
адам  келген.  Әрине,  бұл  көштің  қарқыны 
туралы айтылып жүрген пікірлерді саралау 
өз  алдына  жеке  әңгіме  арқауы  боларлық 
мәселе. Бір анығы, өзге елдерде тұрып жатқан 
қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы 
мен демографиямызға мемлекеттік тұрғыдан 
мән беру де елдіктің, Тәуелсіздіктің арқасында 
жүзеге асып жатқанын көрмеу мүмкін емес. 
Соңғы жиырма жылда мемлекеттік тілді 
оқытуға  да  ерекше  көңіл  бөлініп  келеді. 
Осы мерзімде қазақ тілін оқытуға арналған 
оқулықтар мен оқу құралдарының, сөздіктер 
мен  тілдескіштердің  сан  түрі  жарық  көрді. 
Бұрын  мұндай  әдебиеттер  тапшы  болса, 
қазір  тіл  үйренем  деушілер  қажет  құралын 
таба  алады.  Кейінгі  онжылдықта  Тілдерді 
қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға 
арналған  мемлекеттік  бағдарламасын  іске 
асыру барысында мемлекеттік тілді оқытудың 
бірыңғай  инфрақұрылымы  негізін  қалай 
бастады.  Соңғы  5  жыл  ішінде  тіл  оқыту 
орталықтарының саны 8-ден 101-ге дейін жет-
кен. Осы 101 орталықтың 67-сі мемлекеттік 
тілді оқытумен айналысып отыр. 2005 жылы 
елімізде тіл оқыту орталықтарының саны – 8 
болса, 2006 жылы – 12, 2007 жылы – 36, 2008 
жылы – 45, 2009 жылы – 93, 2010 жылы – 101 
орталыққа жетіпті. Қазіргі таңда 1 540 топ-
та  37  мыңнан  астам  тыңдаушы  сабақ  алып 
жатса, оның 12 мыңнан астамы мемлекеттік 
қызметші.  Ашылған  орталықтардың  тіл 
үйретуге құзыреттілігі, жұмысының тиімділігі 
мен жарық көрген оқулық, оқу құралдарының 
сапасы бірдей дей алмасымыз анық. Аты бар 
да заты жоқ орталықтар да, қағаз бен қаржы 
босқа  шығын  болған  құралдар  да  аз  емес. 
Осыған  жауапты  құрылымдар  мен  мекеме-
лер  алдында  үлкен  жауапкершілік  тұрғаны 
анық. 
Қазақстанның ономастикалық кеңістігінде 
болған  өзгерістерді  де  айтпай  кетуге  бол-
майды.  Отарлау  саясаты,  КСРО-ның  тіл 
саясаты  еліміздің  ономастикалық  келбетін 
айтарлықтай өзгеріске ұшыратты. Еліміздің 
үлкен  қалалары  Гурьев,  Целиноград,  Шев-
ченко, Петропавловск, Павлодар, Актюбинск, 
Уральск, Усть-Каменогорск, Семипалатинск 
деп аталса, одан гөрі шағынырақ қалалар Ле-
нинск, Ермак, Степногорск, Рудный сияқты 
атауларға ие болды. Ал қазақша аталмайтын 
қала типтес кенттер мен колхоз, совхоздардың, 
олардың көшелерінің атаулары тіпті қисапсыз 
еді.  Ванновка,  Сергеевка,  Ивановка,  Дми-
триевка, Алексеевка, Андреевка, Антоновка, 
Серафимовка, Николаевка, Казталовка сияқты 
елдімекен атауларына көз сүрінетін еді. 
Еліміздің 70 жылдай астанасы болған, қазақ 
мәдениеті мен ғылымының, білімің орталығы 
болған  әсем  Алматының  бас  көшелері 
К.Маркс, В.Ленин, С.М.Киров, М.И.Калинин, 
Ф.Э.Дзержинский,  А.К.Виноградов,  Крас-
ногвардейский  тракт,  Советская,  Октябр-
ская, Правда, Чапаев, Пастер, Космонавтов, 
Комсомольская  болып  жалғаса  беретін. 
Бұл  біздің  еліміз  бен  жеріміздің  ғасырлар 
бойы  қалыптасқан  тарихи  атауларының 
жарамсыздығынан  немесе  қалаларымыз 
бен  елдімекендерімізге,  көшелеріміз  бен 
алаңдарымызға  есімін  беруге  лайық  ұл-
қыздарымыздың  болмағандығынан  емес. 
Осының  барлығы  отаршылдықтың,  үстем 
тілдің  ел  ономастикасында  да  үстемдік 
орнатуының айқын көрінісі екендігі еш дау 
туғызбайды. Бодандықтан босаған кез келген 
ел  алдымен  ата-бабаларының  бұрмаланған 
жер-су атауларын қалпына келтіруге ерекше 
мән береді. Көптеген жаулаушылар иелігіне 
көшкен  жұрттың  жер-су  атауларын  жаппай 
өзгертуді отарлау саясатының өзегі етіп алса, 
АНА ТІЛІМ - АЙБАРЫМ

9
керісінше, еркіндікке қолы жеткен халықтардың 
өзінің бұрмаланған, өзгертілген тарихи атаула-
рын қалпына келтіруі де отарсызданудың басты 
белгілерінің бірі болып саналады. 
 Тәуелсіздігімізді жариялаған 90-жылдардан 
кейін бізде де осы үдеріс басталғаны белгілі. 
Әкімшіл-әміршіл жүйенің жүргізген солақай 
саясатының салдарынан бұрмаланған тарихи 
атауларымызды  қалпына  келтіру  еліміздің 
тіл  саясатының  негізгі  мәселелерінің  бірі 
болып  белгіленді.  ҚР  Үкіметі  жанындағы 
ономастика комиссиясы бұл бағытта біршама 
пәрменді жұмыс жүргізді. Қазір қаларымыз 
Атырау,  Ақтау,  Ақмола,  Астана,  Ақтөбе, 
Орал,  Өскемен,  Семей,  Тараз  болып  атала-
ды.  Тарихи  атаулары  қалпына  келтірілген 
кенттер  мен  елдімекендердің  саны  жүздеп 
саналады.  Қайта  ақталған  қазақтың 
даңқты  ұл-қыздарының,  хандары  мен 
билерінің,  ақындары  мен  батырларының, 
ғалымдары  мен  жазушыларының  есімдері 
берілген  көшелеріміз  одан  бірнеше  есе 
көп.  Алматының  бас  көшелері  бүгінде 
Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Қарасай 
батыр, Наурызбай батыр, Төле би, Қазыбек 
би,  Әйтеке  би,  Ы.Алтынсарин,  Сүйінбай, 
Д.Қонаев, М.Мақатаев, Желтоқсан деп ата-
лады.  Кеңестік  кезеңде  көше  бермек  түгілі 
атын атауға болмайтын Шәкәрім, Ә.Бөкейхан, 
А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, 
М.Дулатов,  Х.Досмұхамедұлы,  Ж.Күдерин 
сынды  алаш  арыстарының  есімдері  бүгін 
елдігімізді  паш  етіп,  Алматыға  асқақ  рух 
беріп тұр. Аста на да Сығанақ, Отырар, Тұран, 
Сарайшық, Сарыарқа, Тәуелсіздік сынды көше 
атауларының пайда болуы елдімекендеріміз 
бен көшелерімізге кісі есімдерін бере бермей, 
жер-суға ат қоюдың ұлттық дәстүрін сақтау 
тұрғысынан  да,  тарихи  атауларымызды 
жаңғырту тұрғысынан да жарасымды болды 
деп білеміз. 
Әлі де мемлекеттік тілдің шешімін таппаған 
мәселелері аз емес екені баршамызға белгілі. 
Кемшіліктерді  мақсатты,  жоспарлы  түрде 
жұмыс жүргізу жолымен ғана шешу қажет. 
Бұл іс сөзбұйдалықты, ұзын арқан, кең тұсауға 
салушылықты көтермейді. Ел тәуелсіздігінің 
басты белгілерінің бірі – мемлекеттік тілдің 
мәртебесіне  сәйкес  қызмет  етуі.  Салиқалы 
да  сауатты  тіл  саясатын  жүргізу  арқылы 
қазақ  тілінің  ел  аумағындағы  қолданысын 
оның ресми мәртебесіне сәйкес қамтамасыз 
ету – мемлекеттік маңызы аса зор мәселе бо-
лып тұр. Ал тіл мәселесіндегі бүгінге дейін 
қол  жеткізген  жетістіктеріміз  де,  алдағы 
атқарылатын  істеріміз  де  Тәуелсіздігімізге 
тікелей  тәуелді  екенін  естен  шығаруға  еш 
қақымыз жоқ.
АНА ТІЛІМ - АЙБАРЫМ

10
КӨШі-ҚОн сАЯсАтЫ –
ҰлттЫҚ сАЯсАттЫҢ 
нЕгізгі БАҒЫтЫ


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет