Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайын



Pdf көрінісі
бет3/11
Дата06.03.2017
өлшемі13,88 Mb.
#8010
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Ғарифолла ЕСім,
Сенат депутаты,
академик
¥АЗА¥ РЕНЕССАНСЫ
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

17
ғасырлары”  болған,  яғни  тарихи-мәдени, 
саяси  құндылықтары  болған.  Соның  ең 
бастысы 1546 жылы қазақтардың мемлекеті 
болған, оны тарихта “Қазақ Ордасы”, “Қазақ 
хандығы” – деп атаған. Ол мәлімет Мұхаммед 
Хайдар Дулатидің “Тарих-и Рашиди” еңбегінде 
нақтылы айтылған. Халқымыз үш ғасырдан 
аса дербес мемлекет болып өмір сүрген, 1822 
жылға  дейін,  ол  қазақ  халқының  хандық 
дәуірі.  Қазақтардың  саяси  топтасуының 
ұлттық идеясы болған, ол Асан-Қайғы есіміне 
байланысты  айтылатын  Жер-Ұйық.  Бұл 
ұлттық идеяның тарихи алғашқы формасы
Қазақтар мемлекеті осы идеядан өріс алды. 
Халық бұдан бес ғасыр бұрын айтылған Жер-
Ұйық идеясын ешқашан ұмытпай, сақтап осы 
заманға жеткізіп қана қоймай, оған өріс ашты. 
Ұлттық  идеяның  келесі  тарихи  формасы 
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар 
бастаған зиялылар тобының көтерген “Алаш” 
ұраны болатын.
Демек,  бүгінгі  Қазақстан  Республикасы 
жаңғырған  Ренессанстық  мемлекет
оның  Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаев 
Ренессанстық  Тұлға.  Ренессанс  заманы 
алыптарды  туғызатыны  рас  болса,  сондай 
айрықша  тұлға  –    Президент  Нұрсұлтан 
Назарбаев.  Ол  деген  сөз  халық  бойындағы 
асыл  мұраттардың  өркениеттердің  тоғысу 
дәуірінде, информациялық қоғам заманында 
тарихи тұлғаға қажеттіліктен туған құбылыс. 
Сондықтан мен бүгінгі егеменді Қазақстанның 
жағдайын  нағыз  Ренессанс  заманы  деп 
ойлаймын.  Ренессанс  дәуірдің  ақыры, 
кемелденудің шарықтау шегі емес, ол заманның 
жаңа сатыға өтуінің жаңа кезеңі. Ренессанс 
заманы ойлану, толғану, бар болған нәрсені 
қорыту, келешек туралы талдау жасау және 
халықтың бойындағы қасиеттерді мейлінше 
ашу және оларды өзге елдерге көрсету заманы. 
Ренессанс  заманы  бұл  философия  заманы, 
түсініктер заманы. Ренессанс заманы тұлғалар 
тудырады. Ренессанс тобырлар заманы емес, 
бұл  тұлғалар  заманы,  ол  көсемдер  заманы, 
ол  қазақша  айтсақ,  шешендер,  зиялылар, 
ойлылар,  іскерлігін  нақты  көрсете  білетін, 
адамның  бойындағы  асыл  ізгі  қасиеттерді 
аша  білетіндер  заманы.  Ренессанс  заманы 
–    мүмкіндік  заманы.  Мүмкіндікті  іске 
асыру заманы. Ренессанс заманы қоғамның 
әрбір  азаматынан  жауапкершілікті,  ізгі 
істерді талап ететін заман, сондықтан  да біз 
өркениетті елдер кеңістігі үрдісіне енгеннен 
кейін,  өзіміздің  кім  екенімізді  танып  біліп, 
өзгелерге  әңгіме  айтатын  халде  болуымыз 
керек.  Ренессанс  –  мәдени  сұхбат  кезеңі, 
өркениеттердің    адамдардың  дініне,  діліне, 
саяси  бағытына  қарамастан,  бір  мәселеге 
топтасуы  қажет,  себебі  жер  бетіндегі  ең 
басты құндылық, керемет – адам және оның 
өмірі.  Адамдар  бір-бірін  түсінуге  ынталы 
болғаны  өркениеттік  саналықтың  белгісі, 
осы  мақсатта  өткен  жылдары  Президент 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

18
Назарбаев  әлем  діндер  өкілдерінің  басын 
қосып,  Астанада  съезд  өткізді,  сөйтіп 
қазақстандық Ренессанстың мазмұнын, оның 
философиясын түсінуде үлгі көрсетті. Адамзат 
баласы өзінің арман мүддесін пирамидалық 
жүйе арқылы көрсетуге ұмтылған: оның куәсі 
Египеттегі алып Хеопс пирамидасы. Осындай 
пирамидалық ойлау тәсілі Қазақстан өңірінде 
де кең өріс алған. Мысалы, мәңгілік махаббат 
символына айналған Қозы мен Баян мазары 
пирамидалық  формада.  Жезқазғандағы 
аты  аңызға  айналған  Домбауыл  мазары  да 
пирамидалық  сипатта.  Осы  пирамидалық 
ойлау тәсілін Президент Нұрсұлтан Назарбаев 
Астанадағы салынған ғимаратқа негіз еткен. 
Ол пирамидалық ғимарат әлем халықтарының 
әр түрлі діни өкілдерінің бас қосу орталығына 
айналып отыр.  
***
Қазақ  Ренессансы  дәл  1991  жылдан 
басталған  жоқ,  ол  идея  Қазақ  хандығы 
тарқаса да, халық саяси бас еркінен айрылса 
да,  өшпеген,  оның  айғақты  көріністері 
Исатай-Махамбет  бастаған  ұлт-азаттық 
көтеріліс, хан Кенесары Қасымовтың елдікті 
сақтау мақсатындағы жорығы, 1916 жылғы 
Амангелді, Бекболат сынды батырлардың саяси 
харекеттерінен көрінді. Қазақ даласында ұлт-
азаттық мазмұнда көптеген көтеріліс ошақтары 
болды,  ол  туралы:  Жанұзақ  Қасымбаев, 
Талас  Омарбек  тағы  басқа  тарихшылар 
арнайы  еңбектер  жазды,  сондықтан  белгілі 
жайларды  қайталап  жатпайын.  Айтпағым, 
сол  замандарда  болған  құрбандықтардың, 
азаттық,  елдік  үшін  қантөгістердің  бәрі 
тегін,  еш  кетпеді,  олар  қазақтың  түптің 
түбінде  жаңғырып,  түлеп  түсер  заманына 
қосылған айрықша жағдайлар, оқиғалар еді. 
Соның  бәрі  ХХ  ғасырдың  соңында  қазақ 
болмысының  жаңа  заманын  ашты,  ол  1986 
жылғы желтоқсан көтерілісі болатын. Бұл 
оқиға  туралы,  бүгінде  қоғамда  әңгіме  көп, 
себебі біз сол ересен тарихи жағдайдан әлі 
алыстап кеткеміз жоқ. Оқиғаға жақын тұрмыз, 
ол жөнінде болашақта әлі де салиқалы сөздер 
айтылар, бағалар берілер. Менің айтпағым, 
Желтоқсан көтерілісінен қазақ халқы үш сабақ 
алды-ау деп ойлаймын. 
Бірінші  сабақ.  Бізді  дұшпандарымыз 
нақтылы таныды. Олар біздің кім екенімізді, 
өзімізге айтып берді. Кім екеніңді достан гөрі 
дұшпанның жете білетіні ертеден келе жатқан 
қағида.  Сол  қағида  расталды.  Коммунистік 
режим,  оның    идеологтері  қазақтарды 
«ұлтшылдар»  деді.  Бұл  шындық  болатын. 
1986 жылдың желтоқсан оқиғасы, көтерілісі, 
қазақ ұлтшылдығының бас көтеруі еді. Бұл 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

19
жерде  ұлтшылдықты  теориялық  түсінуден, 
оны  сезіну  басым  еді,  мұндай  әлеуметтік 
қозғалысты,  кезінде  Ленин  стихиялық 
деп  атаған.  Бірақ  көтеріліс  стихиялық 
болғанымен, оның негізінде Ұлттық жаңару 
идеясы жатқан.  Алаңға жиналған жұрттың 
бүгінгі    таңда  гимнге  (әнұранға)  айналған 
“Менің  Қазақстанымды”  айтып  келуі  тегін 
бе  еді.  Ән  айтқылары  келсе,  басқа  әндер 
болмады  ма,  жоқ!  Сол  кезге  рух  беретін 
“Менің  Қазақстаным”  болды,  себебі  бұл 
әнде,  өлеңде  ұлттық  жаңару,  бір  сөзбен 
айтқанда, Ренессанстық идея болмысы жатқан 
болатын. Ол кезде қазақ ұлтшылдығы дегенге 
қызарақтап, «жоқ, біз ұлтшыл емеспіз»  деп, 
өзімізді  ақтауға  тырыстық.  Әрине,  ол  сол 
замандағы  шындыққа  сыйымды  әрекет  еді. 
Істің шынын қусақ, біз қазақтарды ұлтшыл 
дегенге, дән разы болуымыз керек-ті. Ұлтшыл 
халықтың  болашағы  бар,  ол  анау-мынау 
тарихи  кезеңдерде  қар  суындай  жойылып 
кетпейді,  ол  ұлттық  ынтымақтастықтың 
жолын  іздейді,  ұлтшылдық  корпоративтік 
сана.  Осы  “пернені”  алпысыншы  жылдары 
ақын Жұбан Молдағалиев  “Мен қазақпын” 
деген  поэмасында  дөп  басты,  халық  бір 
желпініп  қалды.  “Мен  қазақпын  мың  өліп, 
мың  тірілген”  –  бұл  тек  метафора  емес, 
халқымыздың қилы-қилы тарихының көркем 
сөздегі бейнесі еді. Тарихта өзін қазақпын деп 
атағанның бірі Асан Қайғының «қилы-қилы 
заман болар, судағы ақ шортан қарағай басын 
шалар» деп хан Жәнібекке ескерту жасағаны 
келді,  халқымыз  азды,  тозды,  қырылды, 
тарыдай шашырады, оны Абай “Қалың елім 
қазағым, қайран жұртым”– дей келе өзіңнен 
ырық кетті, енді не болмақсың деп толғады. 
Таң қалам, сөйтіп отырып, өзінің ырығы яғни 
саяси билігі жоқ, елдігінен айрылған бодан 
халқына  хакім  Абай  сөз  қадірін  үйретумен 
болды.  Сонда  данышпан  не  ойлады  екен, 
сөзі  өлмесе,  халықтың  өзі  де  өлмейді  деді 
ме  екен?!  Осы  ой  үстіне,  бүгінгі  күндегі 
атышулы  қазақтардың  Абай  заманындай 
емес, Егеменді ел болған заманында қазақтың 
сөзіне,  тіліне  күдікпен  қарап,  халыққа  өзге 
өлшемдер  ұсынатынына  не  дерсің?  Орта 
жастағы  біздерге  кезінде  ұлттық  жаңғыру, 
ояну  ісіне  әсер  еткен  қаламгерлерді  және 
ұстаздарды  атап  өтуді  парызым  санаймын, 
олар  Салық  Зиманов,  Зейнолла  Қабдолов, 
Серік Қирабаев, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали 
Мақатаев,  Әбдіжәміл  Нұрпейісов,  Қадыр 
Мырзалиев,  Мұхтар  Мағауин,  Тұманбай 
Молдағалиев,  Саин  Мұратбеков,  Мұхтар 
Шаханов  т.б.  Қазақ  жастарына  Қадырдың 
өлеңдері, ұлттың ояну халына дәлме-дәл келді. 
Жетпісінші жылдардағы отаршылдық біткенге 
наразылықты оятқан Олжас Сүлейменовтың 
“Азия”-сы  болды.  Мен  теріп-теріп  айтып 
отырмын,  әйтпегенде,  сол  жолдары  дүйім 
қазақ,  сөз  білетін  қазақ  бірін-бірі  оятумен 
болды. Ұлт дегенде селт етпейтіндер болмады, 
осының бәрі 1986 жылғы көтеріліске әкелді. 
Сонымен  бірге  ұлт  десе,  түсі  қашатын 
коммунистік  режимнің  сенімді  өкілдері  де 
болды. Мен олардың біразын білемін, көрдім, 
естідім,  тыңдадым,  жағдайға  байланысты 
бірге  жүрдім.  Олар  ұлттық  жаңғырудың 
дұшпандары еді, олар қазақтар еді, сөйте тұра 
нағыз дінсіздер еді. Дінсіздік ол да мәдениеттің 
бір  түрі.  Дінсіздер  сауатты  адамдар,  ол 
көбінесе  ғылымға  сүйенеді,  олары  дұрыс. 
Таза  ғылым  негізінен  дінге  қарсы  болды, 
Кеңес заманындағы ғылымдар жүйесі солай 
болды. Дінсіздердің иманы – мораль болатын. 
Мораль жаратушы  идеясын теріске шығарған 
адамгершілік қағидалар жиынтығы болатын. 
Адамгершілік  идеясына  кім  қарсы  болсын, 
бірақ  дінсіздердің  адамгершілігінде  иман 
болмайтын. Дінсіздер – үшін екі дүние жоқ. 
Ол үшін бірақ дүние бар, ол осы – өмір. Өлген 
соң әңгіме аяқталды, қайтадан тірілу, жалған 
ғұмыры үшін о дүниеде жауап беру деген жоқ, 
бұл мәңгілік айтыс, соғыс, сұхбат – тақырыбы. 
Дін үшін де миллиондаған адамдар құрбан 
болды, дінсіздер де жаһандық соғыс ашып, 
ол  жағдайда  миллиондар  құрбан  болды. 
Бүгінгі ХХІ ғасырдағы Жер үстіндегі халіміз 
де аумалы-төкпелі.
Ұлттық жаңғыру идеясына қайта оралсам, 
айтарым,  қазақ  халқының  қазіргі  жағдайы 
ешбір  заманда  болып  көрмеген.  Мен  бұл 
заманды қазақтар үшін “Алтын ғасыр” деп 
нық сеніммен айта аламын. Оған дәлелдерім 
көп. Осы сөздерді оқыған кей ағайын маған 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

20
өкпе  айтып,  күбірлеуі  де  мүмкін.  “Бұл 
қайдағы Алтын ғасыр”, – деп. Рас, елімізде 
шешімін  таппаған  ауыр-ауыр  мәселелер 
бар, басты-бастысын айтсам: экология, дін, 
тіл,  жер  мәселелері,  коррупция,  елге  енгісі 
келген  оралмандар  жағдайы,  статистика 
мекемесінің  есебіне  қарағанда  отыз  пайыз 
еліміздегі  кедейлер  –  мұның  бәрі  бар.  Бәрі 
елге белгілі, олардың дені жуық арада шешімі 
табылмаса,  ел  ішіндегі  әлеуметтік  келісім 
бұзылып, қоғамдық тұрақсыздық орнауы да 
мүмкін,  бірақ  мен  осы  мақалада  кемшілік 
емес, халықты өрге, алға бастайтын идеяға 
тоқталуды  қажет  деп  таптым.  Күні 
кеше  ғана  атыс-шабыстан  көз  ашпаған 
Америка Құрама Штаттары бірігіп, іргелі ел 
болуы  үшін,  қансырап  жатқанына  қарамай 
“Американдық Арман” деген идея ұсынып еді, 
бүгінде АҚШ әлемдегі ең қуатты державаға 
айналды. Сонда елді ел еткен – идея. Ертеде 
патша Филипп Македонский Афинаға көз тіге 
бастаған баласы Александр Македонскийге:
Афина ел емес, қала емес, ол Идея. Егер 

Афинаны  алсаң  дүниені  билегенің  деген 
екен.
Расында  Александр  Македонскийдің 
атағын  әлемге  Афина  шығарды,  себебі  ол 
әке  өсиетін  орындап,  Афинаны  идея  деп 
қабылдады. 
Қазақ  Ренессансы  ұлттық  идеяның 
көрінісі, тіптен формуласы десек те болғандай. 
Қазір әр қазаққа өз мүмкіндігін іске асыруға 
мүмкіндік  туған  заман.  Әрине,  жер-жерде 
кедергілер  де  бар,  айталық  парақорлық, 
коррупция,  жершілдік,  рушылдық  сияқты 
өркениет  арбасына  салынбайтын  жүктер 
баршылық.  Әйтсе  де,  іске  араласам  деген 
қазаққа,  қазақстандыққа  жағдай  бар.  Оған 
басты  бөгет  адамның  өзі,  әлі  де  бойынан 
шықпаған  социализм  дерті,  немесе  жеке 
басының кезінде Абай санап берген кеселді 
қылықтары.  Кейде  маған  күдік  ой  келеді, 
осы  біздер,  қазақтар  және  қазақстандық 
азаматтар, Егемендіктің нағыз мәнін түсіне 
алып  жүрміз  бе,  жоқ  па!  Күдік  бар.  Менің 
түсінігімде  егемендік  дегеніміз  –  өзімізше 
күн  көру,  өзімізше  өмір  сүру,  сөйте  тұра 
бұл дүниеде өзге де халықтар, елдер барын 
ойлап, танып, білуге тырысып, солардан үлгі, 
өнеге алу, олармен бой жарыстырып теңдесу. 
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев кезекті 
Халыққа Жолдауында жақын арада әлемдегі 
бәсекелестікке қабілетті 50 елдің ішіне ену 
керектігін айтып берді. Керемет идея. Бұл Қазақ 
Ренессансының алтын өзегі. Болам дегендер 
болашағын  болжайды.  Ғасырлар  бойы  құл 
болып  көргенбіз,  енді  жағдай  басқа,  неден 
қысылып, неден қаймығып, жасқаншақтана 
бермекпіз.  Басылым  беттерінде  қазақтың 
ұл  мен  қыздары  әлем  деңгейінде  айтулы 
табыстарға жетіп-ақ жатыр. Осы үрдіс, құдай 
қолдаса, сірә тоқталмас деймін. Ол үшін не 
керек,  жетекші  идея  керек.  Ол  идея  Қазақ 
Ренессансы. 
Бұл – ұлттық идея. 
Ұлттық идея туралы біршама жазылып жүр. 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

21
Ол мақала авторларының дені мемлекет пен 
қоғамды ажыратпайды. Ұлттық идея қоғамның 
болмысынан шықпақ. Мемлекеттің атқарып 
жатқан  істерін  ұлттық  идеяға  жатқызуға 
болмайды.  Ұлттық  идея  қоғамда  туады, 
қоғамды  қозғайды,  оны  сапалық  өзгеріске 
түсуге  бастайды.  Ұлттық  идеяны  мемлекет 
жүргізсе,  ол  идеологияға  айналып  кетпек, 
ондай  әлеуметтік  тәжірибені  біз  кеңестік 
заманда басымыздан өткізгенбіз. 
Қазақ Ренессансы – өркениеттік рефлексия. 
Ұлттық  өркениет  үрдісі  –  ренессанстық 
идеяға  сөзсіз  келеді.  Бұл  серпіліс  көрші 
Ресей елінде аңғарылып отыр, оның мәнісі 
державалық ынта арқылы байқалады. Өйткені 
Ресей  үшін  одан  өзге  ренессанстық  идея 
жоққа ұқсайды... Ресейдің “Алтын Ғасыры” 
–  оның  державалығында  болатын.  Ол  бұл 
идеяны Кеңестік Заманда жойып алған жоқ, 
тіптен қуаттандырды. ХХ ғасырда Ресей мен 
социализм  деген  тең  ұғымдарға  айналған 
болатын.  Сталин  Ресейдің  державалық 
идеясын  өзінің  биліктегі  негізгі  тәсіліне 
айналдырған еді. 
Ұлттық  идея  әр  ел  үшін  әр  түрлі.  АҚШ 
үшін ұлттық идея – супердержава болып қала 
беру. Егер бұл идея күн тәртібінен түссе-ақ 
болғаны, АҚШ басын  бұлт торламақ.
Сонымен  1986  жылдың  бірінші  сабағы 
ұлттық  идея  қуатымен  көрінген  қазақ 
ұлтшылдығы,  ол  Қазақ  Ренессансының 
алғашқы рефлексиясы.
Екінші сабақ. Қазақ қыздарының тарихи 
белсенділігі.  Әлия  Молдағұлова,  Мәншүк 
Мәметова рухтары жойылмаған екен. Брежнев 
алаңында  ерлік  те  көрсеткен,  жандары  да 
жараланған қазақ қыздары болғаны ұлттық  
тәрбиенің  өзекті  бір  арнасы  болуы  керек. 
Қазақ  қызының  бойында  мұншама  қуат, 
жігер, намыс барына сол күндері таңданбаған, 
сірә  да  жан  болмаған  шығар.  Қазақ  қызы 
өнерде,  тұрмыста  қазына  екені  белгілі,  ол 
саяси  майданға  араласуы  тың  мәселе  еді. 
Әйел  заты  ұлттың  тәрбиешісі  деген  қағида 
ел аузында бар сөз, әйелдеріне қарап халқын 
таны  деген  де  түсінік  бар.  Осы  тұрғыдан 
келсек, 1986 жылдың желтоқсанында қазақ 
қыздары  халқымыздың  бойындағы  өр 
сананың  барлығын  айқын  дәлелдеді,  демек 
халқымыздың  болашақтан  дәмесі  де,  оған 
ынтасы да зор деуімізге жағдай бар. 
Үшінші  сабақ.  1986  жылғы  желтоқсан 
көтерілісі – демократия сабағы болды. Оқиға 
тегіс жұртқа ой салды. Нені мақсат етіп, нені 
мансұқ  етіп  ойланса  да,  бұл  оқиға  ешкімді 
бей-жай  қалдырмады.  Ойға  салмақ  түсті. 
Қызыл империя әлі күшінде болатын. Әрине, 
сексенінші жылдары басталған “қайта құру” 
саясатының “Желтоқсан көтерілісіне” сөзсіз 
әсері болды. Халық “социалистік ұйқыдан” 
ояна  бастаған  еді,  айтылып  жатқан  сөздер, 
жазылып жатқан оқиғалар көп болатын. Осы 
кезде  ұлттық-демократиялық  қозғалыс  та 
жандана  бастады,  біз  сондай  қозғалыстың 
ішінде  жүрдік.  Біз  кеңестік  империяның 
ыдырауын  тосып,  әртүрлі  болжамдар 
айтатынбыз. Шынында “Желтоқсан көтерілісі” 
СССР-дың  ыдырауының  басы  болатын. 
Осы оқиғадан кейін Вильнюс, Тбилиси т.б. 
оқиғалар бола бастады. Өкінішке орай осы 
демократия  сабағы  не    таза  саяси  бағытта, 
не  ұлттық-демократиялық  бағытта  өріс 
алып кете алмады. Келе-келе орыс тілділер 
қоғамдық үрдіс көшін бастап кетті де, ұлттық-
либералдар саяси алаңға шыға алмай қалды. 
Мұның  себептері  көп,  ойлаймын,  бастысы 
кадрға және мүмкіндікке қатысты болды. Қазақ 
қоғамының кедейлігі осы істе де аңғарылды. 
Содан барып ұлттық мәселе көлеңкеде қала 
берді,  негізгі  тақырып  нарыққа  айналды 
да, ренессандық идея  әлсіреді, бірақ оның 
объективтік  жағдайы  да  бар  еді,  Қазақстан 
жағдайында ұлт мәселесін ұшықтыру қаупі 
болатын,  сондықтан  негізгі  стратегиялық 
мән ел тыныштығы философиясына ауысты.  
Бүгінгі күнгі қоғамдағы байыптылық соның 
нәтижесі. 
Қазақстан Республикасы әлемдік ойында, 
өз орнын бірте-бірте, құдайға шүкір, анықтап 
келеді. Бұл істе қадамдарымыз жаман емес, 
бірақ болашақ та айқын емес. Жер бетіндегі 
ірі-ірі  саяси  ойыншылар  бір  шешімге  келе 
алмауда. Жақын арада барлық мемлекеттерге 
тиімді  ортақ  шешім  қабылданады  дегенге, 
менің сенімім жоқ, керісінше, әлемдік саяси 
ойында шайтандық көп. Осы жағдайда біз, 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

22
қазақ елі, бүгінгі жағдайымызды өте тиімді 
пайдаланып  қалуға  бар  күш-жігерімізді 
салуымыз қажет. Күні ертең, Жер қыртысының 
қозғалысы сияқты, әлемдік саясатта “сілкініс” 
болмайды деп кім кепілдік бере алады. Олай 
болса, бүгінгі халімізді құндылық деп бағалап, 
өзімізге қатысты істерді, өзіміз айтқанымыз 
қажет деп ойлаймын.
Баяғыда  бір  саяси  басшы  домбырамен 
коммунизмге  баруға  болмайды  деп  келте 
пікір  айтса,  біз  бүгін  домбыраға  қобызды 
қосып,  Қорқыт  философиясын  шындыққа 
айналдырып,  телегей-теңіз  мол  мұрамызды 
заманымыздың  өркениет  көшіне  қосып 
отырмыз. Тіптен кеңестік заманның өзін-ақ, 
қазақтығымызға керемет жарнама жасаған екі 
тұлғаны қалайша атамасқа, бірі “Ленинградтық 
өрендерім” деген толғауымен қазақ жырын 
әлемге паш еткен жырау Жамбыл, екіншісі 
бір  өзі  “ғылым  академиясы”  болған  ғалым 
Қаныш  Сәтбаев.  Шындық  қандай  ілімнен 
болмасын – биік. Нақтылы өзі ғұмыр кешкен 
шындықты  кемеңгер  Мұхтар  Әуезов  те 
“Өскен  өркен”  романында  толық  баяндап 
еді.  Бұл  роман  социализм  емес,  сол  заман 
шындығының көркем шежіресі, ол сонымен 
құнды.  Сонымен  бірге  бұл  роман  қазақы 
болмысты сырт көзбен (кейіпкер Карповты 
айтып отырмын) қараудың әрі талқыға салып, 
салмақтаудың  үздік  үлгісі.  Оның  мәнісін 
романмен  таныс  адам  білмек.  Бұл  жайлар 
қилы-қилы  замандарда  қазақтығымызды 
жойып,  жоғалтып  алмағанымыздың  куәсі. 
Қауіп сырттан да, іштен де бар. Қазақ болғысы 
келмей  жатқан  туыстар  бар.  Оларға  өзге 
жұрттың діні де, тілі де, өмірі де қызық. Әрине, 
демократиялық үрдіс дәуірінде әркімнің еркі 
өзінде. Өмір сүруге үйрету қиынның қиыны, 
бірақ  Қазақ  Ренессансы  дегеніміз  әлемнің 
кереметін,  ғажабын,  көркін  қазақ  болып 
қабылдау, бойға сіңдіру деп ойлаймын. Бұл 
ыстық қайратты, жылы жүректі, нұрлы ақылды 
әрбір қазақтың бүгінгі және болашағындағы 
тұрған биік мақсаты болса керек. 
***
Ренессанс деген де қазақтығымызға сын. 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

23
Әрине,  өз  мінін  өзі  білмейтін  халықтың 
келешегі жоқ. Біз қазақтығымызды сынаудан 
кенде емеспіз, өткен ғасырда қазақты хакім 
Абайдан асып сынаған адам жоқ шығар. Сын 
мәнісі бойдағы  мінді не азайту, не мүлдем 
жою.  Мысалы,  А.И.Левшин  «Описание 
киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и 
степей» (Алматы «Санат», 1996) былай деген: 
“Видя  хоть  немного  достаточного  киргиза, 
лежащего в совершенном бездействии близ 
турсука  (кожаного  мешка),  наполненного 
кумысом, нельзя не вспомнить гомеровых ци-
клопов, которые не пахали, не сажали и не сея-
ли, а жили на счет богов. Таковая праздность 
рождает в киргизе беспечность, сластолюбие 
и болтливость. Она же делает его до чрезмер-
ности любопытным и даже жадным ко всяким 
новым слухам” (Там же, С.322). Бұл автордың 
қазақтарды  ұнатып,  оларды  қадір  тұтқысы 
келіп тұрмағаны көрініп тұр, алайда сөзінде 
шындық та жоқ емес. Ол қазақтар үшін сырт 
көз, өзіміз байқап, мән бермейтін істерімізді 
бірден  аңғарған.  Иә,  Левшин  ХІХ  ғасырда 
осылай  деп  еді,  бүгінде  не  өзгерді.  Сөзсіз 
одан  беріде  қазақ  тұрмысында  орасан  көп 
өзгерістер болды. Заман өзгерді, бірақ қазақы 
болмыс  келер  заманға  төтеп  беріп,  кейбір 
жағымсыз  пиғыл-қылықтарын  да  сақтап 
қалды. Мен бүгін де кейбір ағайынның аузы-
нан “құдай өзі сақтайды” – деген жайбарақат 
сөздерін  тыңдап,  жайма  шуақ  халдерін 
көргенде, Левшиннің “нельзя не вспомнить 
гомеровых  циклопов,  которые  не  пахали, 
не сажали и не сеяли, а жили за счет богов” 
–  дегені  есіме  орала  береді.  Осы  құдай  өзі 
береді деушілік еріншектіктің, жалқаулықтың 
бір антұрған жағымсыз философиясы. Өзінің 
дәрменсіздігін, инфантилдігін Құдай атымен 
бүркемелеу мүсәпірлік халін одан әрі күшейту, 
сөйтіп өзінің дәрменсіздігін тылсым күшке 
айналдыруға тырысушылық.  Бұл қазақ бойы-
нан  шықпай келе жатқан жат қылық. Мұны 
Левшин  сияқты,  қазіргі  Қазақстанға  келіп-
кетіп жүрген шетелдіктер де айтуда. Қазаққа 
әлі іске шеберлік жетіспейді. Қазіргі дөңгелетіп 
байлық жасап алғандардың дені, оған әртүрлі 
жағдайлармен  жеткендер,  маңдай  терімен, 
прагматизммен  жеткендері  шағын.  Нағыз 
кәсіпкерлік  әлі  өз  күшіне  ене  қойған  жоқ, 
баяғы  кеңестік  замандағы  жалпыхалықтық 
меншік көп жағдайда қолында билігі бар, бас-
шы қызметтегілердің қанжығасында кетті де, 
осы қазіргі дуылдап тұрған коррупцияға негіз 
болды. Байлықтың кәсіпкерлік арқылы емес, 
қызмет  мүмкіндігі  нәтижесінде  жасалғаны 
Қазақстан  халқының  басым  көпшілігін 
алаңдатып  қана  отырған  жоқ,  олардың  ар-
намысына тиіп отыр. Өзіңіз ойлаңыз, он-он 
бес  жылдың  ішінде  ұшан-теңіз  байлыққа, 
күні-түні  дерлік  өкімет  жұмысында  жүріп, 
кесімді  жалақымен  күнелткен  шенеуніктер 
қалай  жетті.  Мұны  бүкіл  халық  айнадан 
көргендей біліп отыр. Бұл да қазақ бойындағы 
еріншектік  пен  дәрменсіздіктің  анайы  бір 
түрі, қолдағы мемлекеттік қызметті баюдың 
көзіне  айналдыру,  әрине,  ауыр  қылмыс. 
Бұл  қазақ  Ренессансының  көлеңкелі  жағы, 
мұның шешімі туралы президент Нұрсұлтан 
Назарбаев  әлденеше  рет  қайталап  айтып 
жүр,  олар  заңдылықты  бұлжытпай  орын-
дау,  мемлекеттік  шенеуніктердің  кодексін 
сақтау, әділ сот жүйесін жетілдіру, әлеуметтік 
мемлекетті нығайту, саяси модернизацияны 
қарқынды жүргізу, сапалы білім беру жүйесін 
тұрақтандыру, тұралап қалған ауылдар жүйесін 
жедел  көтеру,  жеңіл  өнеркәсіпті  жетілдіру, 
соның нәтижесінде жұртшылықтың іскерлігін 
өсіру,  технологиялық  жаңа  әдет,  мінез, 
дәстүрлер қалыптастыру, биік лауазымдарды 
ант беру рәсімдері арқылы халыққа, Прези-
дентке адал, кіршіксіз қызмет етуіне шақыру, 
бала, әйел, мүгедектер, қарттарға мемлекеттік, 
қоғамдық көмек-жағдайлар жасау мүмкіндігін 
кеңейту, шетелдік озық технология, білімді 
енгізу,  сол  үшін  шетелдік  мамандармен 
бірлескен ғылыми кешендік мекемелер құру, 
мұнай  саласынан  түсіп  жатқан  қаржыны 
елдің болашағына жұмсаудың бағдарламасын 
анықтау, ел ішінде ұлттық, діни келісімдерді 
өркениеттік  негізде  жүргізу,  мемлекеттік 
шекараны нығайту, кеден ісінде заңдылықты 
қатал  талап  ету,  мемлекеттік  қауіпсіздіктің 
сыртқы және ішкі мәселелері туралы айқын 
талдау  мен  болжаудың  болуы  және  нарық 
заманына  сай  әрбір  Қазақстан  азаматына 
өз  мүмкіндігіне  сай  іскерлігін  жетілдіруіне 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

24
мейлінше жағдай жасау, нарықтың қарқынды 
жүруі үшін аса қажетті күш – халық өсіміне 
мүмкіндіктер жасап, кезінде тарыдай шашы-
лып  кеткен  әлем  елдеріндегі  қазақтардың 
туған  еліне  оралуына  қолайлы  жағдайлар 
туғызу, геополитикалық істе көршілес Ресей-
мен, Қытаймен және діні, тарихы бір Ортаазия 
елдерімен  одақ  құру  ісі.  Осы  мәселелердің 
бәрі күн тәртібінде, Президентіміз осыларды 
әр  жағдайға  байланысты  нақтылап  айтуда, 
мәселе олардың сапалы іске асуында.
Осы  тұста  айтарым,  қазақтың  мүддесі 
қазақтың өз қолында. Сырттан келіп, біздің 
жағдайымызды  ешкім  дұрыстап  бермейді, 
ондай мақсат бізбен араластығы бар бірде-
бір елдің міндетінде жоқ. Мұны анық және 
түпкілікті түсінуіміз керек. Сондықтан про-
блемаларымызды  шетелдік,  халықаралық 
әртүрлі  ұйымдарға  ала  жүгіргенімізбен  іс 
бітпейді.  Әрине,  бұдан  ондай  ұйымдармен 
бірігіп жұмыс істемейміз деген қорытынды 
тумауы  керек.  Әлемдік  қоғамдық  ұйымдар 
көп,  олармен  бірге  жұмыс  істеу  тәжірибесі  
бізге өте қажет. Бұл – өркениеттік жол. Менің 
айтпағым, өзімізді өзіміз  түсініп, танымасақ, 
зерттемесек,  бізді  теріс    түсіну  бола  бер-
мек.  Осы  мәселеге  орай,  қазақтың  мүддесі 
қазақтардың ырқынан кеткен заман туралы 
профессор  Сағындық  Жүнісов  мынандай 
естелік айтады: “1960 жылы Мәскеуде арнайы 
бюро құрылды. Ол бюроның аты “Бюро ЦК 
Казахстана по северным областям республи-
ки” деп аталады. Оған еліміздің жеті облысы 
кірді. Мен осы бюро төрағасының орынба-
сары болып тағайындалдым. Бюро төрағасы 
Соколов  болды.  Ал  бұл  бюроның  құрылу 
мақсаты, аты айтып тұрғандай, Қазақстанның 
теріскей  облыстарын  бірте-бірте  Ресейге 
қосу  еді.  Кейде  ойлаймын,  егер  Н.Хрущев 
1964 жылы орнынан босамаса, бұл облыстар 
Ресейге қосылып кетер ме еді деп,– дей келе 
автор “солтүстік облыстарды Ресейге қайтару 
жөніндегі шовинистік, империялық идея әлі 
тірі.  Осы  ретте  айтарым,  Ресеймен  біздің 
қазіргі басшыларымыздың шекара жөніндегі 
келісімнің  тарихи  мәні  өте  зор”  (“Алматы 
ақшамы” газеті, 25.02.06. №22. 6-7 б.) – деген 
пікір білдірген.
Осы мәселеге қатысты, шекараны анықтау 
мәселесінде  Президенттің  қызметі  туралы 
басылым  беттерінде  бір  орынсыз  сөздер 
орын алды, ол «шекара бұрын да болған, ше-
кара болмаған деген не сөз» деген пікірлер. 
Әрине, шекара болған, солай болғандықтан 
бүгінде осы кең байтақ жерге ие болып от-
ырмыз,  ол  үшін  талай  боздақтар  қанын  да, 
жанын да төккен, қиған, ол жайлар тарихтан 
белгілі, бірақ қашан сол шекара халықаралық 
заңдылық негізінде рәсімделіп еді?! Әрине, 
жоқ,  себебі  Егемен  Қазақстан  Тәуелсіз    ел 
ретінде 1991 жылы мойындалды, демек оның 
жаңа шекарасы енді заң түрінде бекітілуі керек 
еді, осы жұмыс атқарылды, бұл Елбасының 
тарихи ерлігі. 
Қазақ  мүддесі  дегенде  оның  аяқ  асты 
болған  кездері  болған:  “1954  жылы  ақпан 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

25
айында  Қазақстан  Компартиясы  Орталық 
комитетінің  бірінші  хатшысы  Жұмабай 
Шаяхметовті орнынан босатып, оның орнына 
бірінші хатшы болып П.Пономаренко және 
екінші  хатшы  қызметіне  Л.Брежнев  отыр-
ды.  Екеуі  Н.Хрущевтың  жіберген  арнаулы 
өкілі болатын, себебі Қазақстанда тың және 
тыңайған  жерлерді  игеруге  Шаяхметов,  не 
болмаса  басқа  қазақ  басшылары  басқара 
алмайды  деп  екеуін  арнайы  жіберді.  Олар 
келген уақыттан бастап 1960 жылдарға дейін 
Қазақстанда  тың  және  тыңайған  жерлерді 
игеру қарқыны күшейді” (Ол да сонда).
Сондықтан  да,  кейінірек,  1964  жылы 
Никита  Хрущев  орнынан  түсіп,  республи-
ка  басшылығына  Дінмұхаммед  Ахметұлы 
Қонаевтың келуін, сөзсіз кеңес заманындағы 
қазақ Ренессансының алғашқы нышаны деп 
мойындауымыз  қажет.  Қазақ  елін  қазақтың 
басқаруы  жақсылықтың  басы  еді.  Осы  игі 
дәстүр  бұзылып,  басшылыққа  Г.Колбиннің 
келгеніне  ұйымдасқан  саяси  наразылық, 
яғни  1986  жылғы  жалпыұлттық  көтеріліс 
қазақ Ренессансының нышаннан идеяға ай-
нала бастағанының дәлелі еді, оның тарихи 
сабақтарын жоғарыда айттым. Содан беріде 
Қазақ Ренессансы  шындыққа, егемендіктің 
қуатына айнала бастады.
***
Еврей халқының тарихы өркениет үрдісінде 
боламын деген халыққа - сабақ. Ол халық өз 
тарихында  не  көрмеді,  енді  өзге  халықтар 
тарихында  билігін  жүргізіп  отыр.  Неге 
десеңіз, ол халықтың өздері үшін жазылмаған 
заңдары бар, оны әрбір еврей қатаң сақтайды, 
өздері біледі, өзгелер сезеді, бірақ білдірмейді, 
сондықтан олар әлемдік саясатта, бизнесте, 
ғылымда,  өнерде  жетекші  ұлттардың  бірі. 
Ол  үшін  жоғарыда  Левшиннің  біз  туралы 
айтқандарынан  құтылуымыз  керек,  одан 
құтылу үшін, болашақты арман етіп, ұрпақтар 
қамын ойласақ аса маңызды екі мәселені, әрбір 
қазақ өзі үшін шешіп алуы керек. Біріншісі
әрбір  қазақ  үшін,  оның  руы  отбасының 
архивіне  айналып,  жария  болудан  қалғаны 
жөн.  Жария  болатын  мақтанышы  –  оның 
қазақтығы. Қазақ деген азаматтық туыстық, 
бауырластық, ол мемлекетік – сана. Қазақпыз 
дегенде біз, мемлекетіміздің азаматтылығын 
айтамыз.  Қазақ  деген  азаматтықтың  аты. 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

26
Қазақ  болу  –  азамат  болу.  Ру,  рушылдық 
идеологиясын өрбіту азаматтылыққа нұқсан. 
Осы  былай  қарағанда,  қарапайым  түсінікті 
санаға  салудың,  бүгінгі  қазақ  қоғамында 
ауыр  болып  тұрғанын,  өкінішпен  айтамын. 
Біздер, қазақтар рушылдық деңгейден саяси, 
рухани мәнде өттік, оның дәлелі Қазақстан 
Республикасы деген мемлекетіміз бар, оның 
рәміздері рулық емес, ұлттық мазмұнда. Қазақ 
мәдениеті, ислам діні бар. Ру, рулық құрылым 
ғылым  объектісі  және  отбасының  архивтік 
материалдары ғана болумен шектелгені жөн, 
оған өзге өлшемнің қажеті шамалы. Мектепте, 
жоғары оқу орындарында біз ру, рулар тарихы 
емес, қазақ тарихын оқытамыз. 
Әрине, рулық тарих, ру боп өмір сүрудің 
әлеуметтік  тәжірибесі,  соған  сай,  көршілес 
рулар  туралы  қағытпа,  жел  сөздер,  рулық 
этноцентризмдер баршылық. Мәселе сонда, 
осындай  жайлар  зиялы  қауым  аузымен 
айтылмағаны  жоқ.  Кейде  әжептәуір 
азаматтардың біреуді мұқатқысы келсе, «ол 
анау  рудың  адамы  ғой»  деп,  рулар  туралы, 
қазақтың  жұмыссыз,  қолы  бос  кезінде 
шығып,  дағды,  әдетке  айналып  кеткен, 
желбуаз  сөздеріне  өріс  беріп  аламыз.  Бұл 
санадағы – дерт. Одан тез арада құтыла да 
қоймаспыз, бірақ арылу жолына түсу – тарихи 
қажеттілік,  ұлттық  кемелденудің  осы 
мәселеге  тікелей  қатысты  болып  тұрғанын 
айтпасқа  болмас.  Ата-бабаңды  қадірле,  бек 
тұт, бірақ нағыз мақтаныш сенің осы заманға 
сай  азаматтығыңда,  мемлекетшіл  санаңда, 
өркениеттік ынтаңда. Осы бір этноцентризмнің 
келеңсіз  көріністерін  Ғабит  Мүсірепов 
“Этнографиялық әңгімесінде” тамаша ашып 
беріп еді. Одан бергіде осы дәстүр әдебиетте,  
өкінішке  орай,  жалғасын  таппады.  Бізде 
ұлттық  сынның  үлгісін,    жоғарыда  айттық 
(яғни  қазақтылықты  сынауды),  Абай  жасап 
берген, енді рулық сын қажет болып тұр. Руға 
бөлінушілік қазақтар сияқты шағын халықтың 
ауыр тағдыры. Осы сөзді мен көптен айтып 
жүрмін,  сонда  маған  қарсы  сын  айтушы 
адамдар да шығып жатыр, кейбірі тіпті өкпелі. 
Жеті  атаны  білмеген  жетім  дейді  дегендей 
жеті атаңды біл, бірақ ол да отбасылық архив, 
мемлекеттік, азаматтық іс емес. Алла деген 
сөз жеңіл деп Абай айтқандай, бұл мәселені, 
сірә  айту  оңай,  нақтылы  тұрмыста  жағдай 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

27
–  қиын.  Көпшілік  алдында  бәрі  құптайтын 
бұл сөзге ешкім қарсы емес, иә бәріміз бір 
қазақпыз  деп,  үйді-үйге  таралғанда  күңкіл 
басталады.  Бұдан  шығудың  жолы  қандай, 
әрине  нарықтық  заманда  құндылық  пайда 
табу, кәсіпкерлік, кәсіби біліктілік болғанда 
рушылдық тұншығуы керек-ті, бірақ біздің 
қазақ нарыққа да рушылдығын тастамай еніп 
бара  ма деген қаупім бар. Немесе, мүмкін 
демократиялық  құндылықтар  доминанттық 
мазмұнға ие бола бастағанда грипп сияқты 
жойылар ма екен?! Кім білсін, оны да ескеріп 
көрелік!
Бір  сөзбен  айтсам  өркениеттік  жолда 
рушылдыққа  орын  жоқ,  ал  өткен  тарихтың 
қоржынын (онда не болса да) тастамаймын 
дегендерге не айтуға болады. Мен қазақпын 
деген ұлттық идея екендігін түсінсек, сірә соны 
жұртшылық  түсініп  келеді  деп  ойлаймын, 
олай болса, үмітсіз шайтан демекпін.
Еврей халқынан үйренетін екінші мәселе 
–  жерге  қатысты.  Президент  Нұрсұлтан 
Назарбаевтың астананы Алматыдан Ақмолаға 
(қазіргі  аты  Астана)  көшіргені  –  саяси 
стратегиялық  бірден-бір  дұрыс  шешім. 
Жоғарыда  айттық,  Никита  Хрущевтің 
Қазақстанның  солтүстік  облыстарын 
Ресейге қосу арманы болған. Сол мақсатта, 
Ақмоланы Целиноград деп атап, осы өлкені 
“Тың  өлкесі”  –  деп,  оны  тікелей  Москваға 
бағындырғандағы түлкі ниеті Қазақстанның 
солтүстік облыстарын Ресейге қосу еді. Осы 
мәселеде  Президент  кемеңгерлік  танытып, 
сол  Целинноградты  Егеменді  Қазақстан 
Республикасының  астанасы  етті.  Енді 
Қазақстанның Солтүстік облыстары, оның 
шет аймақтары емес, орталығына айналды, 
сөйтіп, ертеден келе жатқан күрделі мәселе 
шешімін тапты. Енді осы мәселеге қатысты 
геосаяси, әсіресе, болашақ үшін аса маңызды 
аймақ бар, ол “жер жаннаты - Жетісу”
Егер  жердің  мәйегі  Жетісу  болса,  осы 
аймақ,  оның  келешегі  туралы  бағдарлама 
керек.  Астана  туралы  бағдарламалар  тез 
арада  қолға  алынатын  бағдарлама  болуы 
керек.  Еврей  халқы  әлемнің  көптеген 
елдерінде шашылып өмір сүріп жатқанымен, 
жүрегіндегі  жылы  орын,  қазіргі  Израиль 
елі,  оның  жері.  Сол  сияқты  қазақ  қай 
жерде, қай елде өмір сүрмесін (шет елдерді 
айтамын), оның жүрегінің түкпірінде Асан 
Қайғы  айтқан  жер  жәннаты  Жетісу  болуы 
керек.  Бұл  100,  500,  1000  жылдан  кейінгі 
ұрпақтарымыздың  өсіп  өркендейтін  жер 
ұйығы.  Сол  мақсатты  бүгіннен  бастап 
ойластырып  қолға  алмасақ,  кеш  қаламыз. 
Жәннат  жерден  айырылмау  мүмкіндігінің 
іргетасын  мықтап  бүгін  қалауымыз  қажет. 
Бұл тарихи іс. Бұл мәселені мен неге айтып 
отырмын. Жетісу тарихы өте бай, бұл өлке 
үшін  күрес  замандарында  қатты  болған, 
болашақта  сондай  күрес  болмайды  дегенге 
кім бүгін кепілдік бере алмақ? 
Жетісу  –  Қазақстанның    жүрегі,  сірә, 
осы  теңеу  көп  мәселенің  басын  ашатын 
сияқты,  демек  әрбір  қазақ  Қазақстанның 
жүрегін сақтауға міндетті, ол оның азаматтық 
борышы. 
ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

28
Біз бүгін Әлем қазақтарының төртінші құрылтайына 
шақырту  алдық.  Біз  деп  отырғаным  Моңғолиядағы 
150 мың қазақтың басын қосып отырған Қазақ мәдени 
орталығы.  Қолыма  шақырту  тигесін  ойды  ой  қуалай 
жөнелді. Біз кім едік, қазір кім болдық? 
Бізге 1991 жылға дейін Қазақстанға барып келу оңай 
бола қойған жоқ. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан 
өз  тәуелсіздігін  жариялағанда  қуанғанымнан  жүрегім 
жарыла  жаздады.  Елге  қарап  елеңдеп  отырғанда  1992 
жылы Әлем қазақтарының бірінші құрылтайына шақырту 
алдық.
50 шақты адамнан тұратын делегация құрылып, өзі 
жаңадан ел болып жатқан мемлекетке өзіміздің көмегіміз 
ретінде қазақ үйімізді жасауымен алып барып, Алматының 
төріне тіктік. Бұл қадам біз үшін – Қазақ халқы іргелі ел 
бола  алатынын,  тірегінің  бар  екенін  және  қазақтықты 
сезінудің  басы  болды.  Ақсарбас  сойып,  еліміздің  Туы 
мен  Елтаңбасын  көрдік.  Құрылтайға  жиналғандардың 
барлығының  тілегі  Қазақ  елі  аяғына  нық  тұрып  кетсе 
деген тілек болды. Алғашқы құрылтайдың қазақ халқына 
бергені көп болды. Атап айтар болсам 1991 жылға дейін 
Моңғолиядан  Қазақстанға  97  адам  ғана  көшіп  келген 
болатын. Біз Моңғолияға барып көрген-білгенімізді айтып, 
өзіміздің атажұртымыздың шақыруын жеткіздік. Содан 
Моңғолиядағы қазақтар «Атажұрт қайдасын» деп көштің 
басын бұрды. 2-3 жылдың ішінде 50-60 мың адам көшіп 
кетті. Біз сол кіндік кескен жерді қимай әлі отырмыз. 
Содан  сынап  уақыт  зымырап  2002  жыл  келді.  Бес 
жылда бір рет Әлем қазақтарының құрылтайы өтеді деп 
бірінші құрылтайда уәделескенбіз. Бірақ та социалистік 
экономикадан  нарықтық  экономикаға  өтіп,  халықтың 
жағдайы  күрт  нашарлауынан    Құрылтай  уақытынан 
кешірек шақырылды. Десек те, әлем қазақтарының екінші 
құрылтайы Қазақстан – дербес мемлекет, тәуелсіздігін 
көрсеткен,  елдігін  танытқан  құрылтай  болды.  Шеттен 
ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ IV ҚҰРЫЛТАЙЫ

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет